Видео

}     

БАЙЛАНЫС САЛАСЫ БАЙЫПТЫ ДАМУДА

БАЙЛАНЫС САЛАСЫ БАЙЫПТЫ ДАМУДА

Мерекеге орай

Серік Ғылыммедденұлы:

БАЙЛАНЫС САЛАСЫ БАЙЫПТЫ ДАМУДА

 

Елбасы Н.Назарбаевтың жарлығымен 2012 жылы маусым айының соңғы аптасында аталып өтілетін Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні маусым айының 28 жұлдызына бекітілген болатын. Төл мерекелерінде ауданымыздағы байланыс саласының бүгінгі ахуалы жайында Абай аудандық өндірістік телекоммуникация торабының басшысы Серік Ғылыммедденұлымен арнайы сұхбаттасқан едік. Бүгінде қарқын алып дамып келе жатқан байланыс секторы жайлы әңгімеге тартып, сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап қайттық.

 

— Серік Ғылыммедденұлы, сөз басында «Қазақтелеком» АҚ филиалы ШҚО телекоммуникациялар дирекциясы Абай аудандық өндірістік телекоммуникация торабының өткен тарихына аз-кем шолу жасап өтсеңіз?

— Сауалыңыз орынды. Себебі, Абай еліндегі байланыс саласының өзіндік қалыптасу, даму тарихын көпшілік біле бермейді. Тоқталар болсақ, аудандық байланыс ғимараты 1929-1932 жылдары қазіргі белгісіз солдат ескерткіші тұрған алаңда, яғни заготскот конторы маңайында саман кірпіштен қаланған үш бөлмелі тар үйде орналасыпты. Ол кездері хат – хабар, газеттер Семейден атпен әкелінеді екен. Қыста шанамен тасымалданып, почталар арқылы колхоздарға да таратылып отырған. 1940-50 жылдары соғыс салқынына орай байланыс қызметі, оның материалдық базасы өте нашар болған. 1946 жылдары ауданымызда небәрі 30-дай ғана телефон байланысы болған екен. Ал, 1975 жылы аудан байланыс мекемесінің материалдық базасы техникалық құралдар жағынан едәуір дамып, байланыстың ең жаңа түрлері келе бастаған. Бұл мекемеде осы жылдар аралығында қаншама білікті басшылар мен байланыс операторлары еселі еңбек етіп, қызмет жасады. Бүгінде аудандық филиалдың қаншама жылдық тарихы, өзіндік шежіресі де қалыптасқан. Осы жолды біз де үзбей жалғастырып, басшылық қызметімізді ойдағыдай атқарудамыз.

-Басшылық тізгінін ұстағаныңызға екі жылдай уақыт өтіпті. Жалпы байланыс саласында жүргеніңізге қанша жыл болады?

-Байланыс саласындағы ең бірінші еңбек жолымды 1998 жылы Жарма аудандық өндірістік телекоммуникация торабының желілі аппарат залының электромеханигі болып бастап 2007 жылға дейін инженер лауазымында, артынша желілі техникалық цехының бастығы болдым және 2009 жылы Аягөз аудандық өндірістік телекоммуникация торабының бас инженері қызметтерін атқардым. 2013 жылдың қараша айынан бастап Абай еліне келіп, басшылық қызметке орналастым. Байланыс саласында қызмет атқарғаныма 17 жылдан асыпты. Бүгін ғана істеп жатқан жұмыс емес, сондықтан қыр-сырын меңгеріп алдық десек артық айтқандық болмас.

-Әдетте жаңа басшыдан жаңашылдықтар тосатыны белгілі ғой. Сіз келгелі филиалда қандай өзгерістер орын алды?

-Біз жыл сайын жоспарлы түрде жұмыс жасаймыз. Мәселен, 2014 жыл бойынша атқарылған ең үлкен жұмыс - ауданымызға интернет желісінің келуі. Ғаламторға қосылу бұдан да бұрын болған, тек шектеулі абоненттерге ғана қызмет көрсетілген еді. Мысалы, аудан бойынша кезінде 96 абонент қана болса, бүгінде интернет желісіне «Кең жолақты қатынау» қызметіне 500 ден астам абонент қосылып отыр. Сондай-ақ, Кенгірбай-би, Қасқабұлақ ауылдарының абонентті аталмыш қызмет арқылы интернет желісімен қамтылған. Ал, жаһандық желі жылдамдығы төленетін ақысына байланысты жоғарылай береді. Жалпы, «Қазақтелеком» АҚ ұсынатын қызметтердің сапасын, жеке және заңды тұлғаларды телефонмен, интернетпен қамту деңгейін арттыруда ауданымыздағы байланыс торабы ауқымды жұмыстар атқаруда.

- Бүгінгі күнде ұжымдарыңызда қанша қызметкер жұмыс жасайды? Маман мәселесі қалай шешілген? Біліктіліктеріне де тоқталып өтсеңіз?

-Бізде негізінен әкімшілік бөлім, ұйымдастыру бөлімі, сату учаскесі, стансалық учаске, желілік техникалық учаске қызмет жасайды. Атап өтер болсам, өндіріс бастығы Қожақов Болат, сату учаскесі бастығы Нұғымбаев Нұрбек, желілі аппарат залының инженері Мұсабекова Мағира, АТС инеженері Куликенов Қуанышбек, желілі техникалық учаске бастығы Актанов Руслан бөлімдер бойынша басшылық қызмет жасаса, жалпы мекеме бойынша 33 адам еңбек етуде. Әрбір ауылда бір-бір монтерларымыз да жұмыс жасайды. Біздің қызмет күн санап түрленіп, заманауи технологиялармен толығып отыратындықтан қызметкерлердің кәсіби білімдері де үнемі жетілдіріліп отырады. Себебі кешегі білім бүгін жарамай қалуы да мүмкін.

— Ауылдардың алдағы уақыттағы интернет желісімен қамтылу деңгейіне тоқталсаңыз. Келер жылға қойылар жоспар қандай?

— Ағымдағы жылы Семей қаласынан бастап Қарауылға дейін талшықты оптикалық байланыс желісін жүргізуді жоспарлап отырмыз. Егер ауданымызға ТОБЖ құрылса, қазіргі таңда интернеттің ауқымды түрі 4G-ны да қосуға мүмкіндік аламыз. Негізінен 4 этап бойынша жоспар құрған болатынбыз. Оның алғашқысы 3 ауылға белгіленіп, олар интернет абоненттерімен қамтылып отыр. Ал, биыл Көкбай мен Медеу ауылдарын интернет желісіне қосу жұмыстары аудандық телекоммуникация торабының өз күшімен жасалады. Сондай-ақ, 2016 жылы Құндызды, Архат және 2017 жылға Саржал ауылы жоспарға енгізіліп отыр. Өкінішке орай Тоқтамыс ауылына интернет желісін тарту бүгінгі таңда мүмкін болмай отыр. Басты себеп, ауылдың таулы жерде орналасуынан болып отыр.

— Байланыс саласы бойынша халыққа қандай қызмет түрлерін ұсына аласыздар?

— Мәселен, «Сенің Қазақстаның» топтамасы абоненттерге Қазақстан Республикасы бойынша қалааралық байланысқа шектеусіз сөйлесу түрін ұсынады. Онда небәрі 621,82 теңгеге шектеусіз байланысқа қол жеткізесіз. Ал, «Ата – ана бақылауы» балаларыңызға арналған жаңа қауіпсіз интернет қызметінің бір түрі. Үстеме қосымшаларды орнатпай-ақ, cabinet.idport.kz. жеке кабинетінен оңай қосыла аласыз. Сондай-ақ, ай сайын жалдау ақысын төлей отырып, өзге де қызметтер мен бағдарламаларды пайдалануға болады. Вирусқа қарсы бағдарламалар, қаржы және бухгалтерия, дыбыс, бейнередакторлар, графикалық және мәтін редакторлары, сөздіктер, утилиттер. Бұл қызмет түрін қосымша үстеме орнатпай-ақ, http://arendapo.idport.kz порталы арқылы сілтеме бойынша іске қоса аласыз. Және тағы да «Жылы қарым - қатынас» акциясы бар. Ол халықаралық байланыс пен ұтқыр желіге төменгі тарифпен қоңырау шалу. «0 теңгеге қоңырау шал» акциясында біз сізге ауылдық телефон номерін тегін орнатуды ұсынамыз. Телефон нүктесін тегін қоса отырып, сіз қалааралық байланысқа Қазақстан бойынша 2 ай тегін сойлесуге қол жеткізе аласыз.

— Сөз соңында ұжымның еңбектегі жетістіктеріне тоқталсаңыз. Кәсіби мерекені атап өту үрдісі қалыптасқан ба?

— Өткен жылы «Қазақтелеком» АҚ құрылғанына 20 жыл толып, кең көлемде атап өттік. Жылда мерекемізді атаусыз қалдырмаймыз. Озат қызметкерлерге Алғыс хаттар табыстап, мерейлерін үстем етуге тырысамыз. Бізде екі үлкен дәрежелі сыйлық бар. Бүгінде 6 қызметкер «Құрмет грамотасын» иеленсе, 2 қызметкеріміз «Үлгілі байланысшы» медальдарымен марапатталды. Мұның барлығы тек мерекелік марапаттар ғана емес, біздің филиалдың еңбектегі жетістіктерінің де көрсеткіші бола алады деп санаймын.

Уақыт бөліп әңгімелескеніңізге рахмет! Қазақтелеком» АҚ филиалы ШҚО телекоммуникациялар дирекциясы Абай аудандық өндірістік телекоммуникация торабында табанды қызмет етіп жүрген ұжымыңызды төл мерекелеріңізбен құттықтай отырып, еңбектеріңізге жеміс, толағай табыстар тілейміз.

 

Сұхбаттасқан: Тоғжан РАХЫМБЕКҚЫЗЫ,

«Абай елі»

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар