ӨРЕНДЕР ӨНЕРІНІҢ ӨЛШЕМІ - ХАКІМНІҢ АСЫЛ СӨЗДЕРІ

ХVІ республикалық Абай оқулары

 

ӨРЕНДЕР ӨНЕРІНІҢ ӨЛШЕМІ - ХАКІМНІҢ АСЫЛ СӨЗДЕРІ

 

Биылғы өткен Абай оқулары жылдағыдан өзгеше. Оған себепте жоқ емес. Атаулы жыл ұлы хакімнің мерейтойлы жылы. Сол себепті, қазақтың бас ақынына деген құрметтің бір көрінісі болса керек, бұл өткен дәстүрлі байқаудың ерекшеліктері мол әрі біршама айшықты болды.

 

Бірінші күн

                                                 Қатысушыларды құшақ жая қарсы алды

Дәстүрлі ХVІ республикалық Абай оқулары жылдағы үрдіспен жаңа оқу жылының басы қыркүйек айының 10-ы мен 11-і күндері аралығына жоспарланған еді. Еліміздің түпкір - түпкірінен Абайдай алыпты дүниеге әкелген ұлы мекенге жол тартқан жыр жүйріктері әуелі Семей шаһарында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған І республикалық «Туады ерлер ел үшін» атты жыршылар байқауын тамашалап, Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Семей ядролық полигон құрбандарына арналған ескерткішіне тағзым жасаған болатын. Балғын меймандар тек келесі күні Ұлылар өлкесін бетке алды.

Қонақтардың біздің ауданымыздағы ең алдымен аялдаған жері Бөрілідегі М.Әуезов мұражайы болды. Ондағы тарихи һәм мәдени жәдігерлердің сырына қаныққан оқушылар театрландырылған көрініске де куә болды.

Абай жолымен жол тартқан меймандар ақынның кіндік қаны тамған туған жері Сырт Қасқабұлақ өлкесіне, соңынан Еңлік – Кебек ескерткішінің басына тоқтап, қос ғашықтың мүсінін тамашалап, жырын кітаптан ғана оқитын балғындар Үй тастағы театрландырылған көрініске де көз сүйсінтті. Шілікті кезеңдегі Абайдың жары Шүкіманның (Әйгерім бұлағының) басында да ат шалдырды. Меймандар осыдан соң Жидебайдағы Абай мұражайын аралап, кесенелерге кіріп, тағзым жасады.

Аудан орталығында орналасқан Қарауыл ауылындағы Мәдениет үйін бетке алған қонақтар осымен қатарынан 16-шы рет өткізіліп отырған ауқымы зор Абай оқуларының ашылу салтанатына куә болысты. Меймандарды Мәдениет үйінің алдында күтіп алған өнерпаздар жырмен өрнектеп, биден шашу шашып, өнерлерін паш етті. Әсіресе, Абай, Шәкәрім, Мұхтар болып ұрпағына асыл сөздерін арнаған театрланған көрініс ерекше тәнті етті. Осыдан соң Мәдениет үйінің залында жалғасқан ашылу салтанаты жыр додасына қатысушы сайыскерлер мен жүйріктерге сәттілік тілеген құттықтау лебіздерге берілді. Сөз алған аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков сайыскерлерге сәттілік тілеп: - Абай оқуларының басты мақсаты – ұлы ақын шығармаларын насихаттау, мектеп оқушыларының ұлтымызды, салт – дәстүрімізді, рухани құндылықтарымызды қастерлеуге тәрбиелеу. Бүгінгі ұрпақ үшін рухани ұстаз, ақыл, білім, өнеге беретін бастау бұлақ Ұлы Абай мұрасы, - деді өз баяндамасында аудан басшысы.

Абай оқулары - осы күнге дейін дәстүрлі түрде өткізіліп, өзіндік жолын бір ізге түсірген бірегей байқау. Бұл шара бір есептен ұйымдастырушылардың ерекше белсенділігімен жүзеге асуда десек болар. Осыған орай байқау тізгінін қолға алған ҚР Білім және Ғылым министрлігі, ШҚО-ның білім басқармасы, ШҚ өңірлік ғылыми – практикалық «Дарын» орталығы, Семей қаласы мен Абай ауданының білім бөлімдерінің тікелей араласуымен ұйымдастырылып отырған игі шара ақын мұраларын насихаттауда зор мәнге ие. Осы ретте ҚР Білім және Ғылым министрлігінің Бас сарапшысы, Абай ауданының «Құрметті азаматы», абайшыл тұлға Роза Батталдың еңбегі де айрықша. Ашылу салтанатында Р.Мұхаметжанқызы баяндама жасап, қатысушыларға ақ жол тіледі.

– Ардақты Абай оқуларына қатысушы жас өрен! «Арттағыға сөзің мен ісің қалсын» деген өз өсиетіне өзі сай өмір сүрген, артына өлшеусіз, қымбат асыл ой, айшықты сөз қалдырып, адамзат тудырған алыптар қатарындағы дара тұлға, данышпан ойшыл ұлы Абайдың туғанына 170 жыл толған мерейлі жылда ҚР Білім және ғылым министрлігінің арнайы бұйрығымен мектеп оқушылары үшін кезекті ХVІ республикалық Абай оқулары басталуда. Ең алғаш 2000 жылы кемеңгер ақынның 155 жылдығында ұйымдастырылған Абай оқулары содан бері жыл сайын өткізілетін дәстүрлі білім сайысына айналды. Осы жылдар ішінде қасиетті Қарауылға, киелі Жидебайға көкірегі сезімді, көңілінің көзі ашық мыңдаған жас дарындар қадам басып, жарқын болашаққа қанаттасып ұшты.

Абай әлемі жеті түнде адастырмас темірқазық іспетті. Соған қарап тірлігіміздің дұрыс, бұрыстығын сараптай аламыз. Баршаңызды ХVІ республикалық Абай оқуларының ашылу салтанатымен құттықтап, бүгінгі жасқа кемеңгер ойшылдың асыл сөзін жеткізуді мұрат тұтқан ұлық поэзиямен ұрпақ жүрегіне жалғайтын алтын көпірге айналған осынау ізгі шараға сәттілік тілейміз, - деді өз сөзінде Роза Мұхаметжанқызы.

ШҚО-ның Білім басқармасының атынан құттықтау сөз арнаған басқарма бастығының орынбасары Искакова Сайран өз кезегінде сәттілік сайыскерлерге серік болуын тіледі. Кеште көрермендерге арналып Абай өлеңдері әр тілде оқылса, «Айгөлек» ән-би ансамблінің әдемі биі көпшілікті тәнті етті. Осылайша ашылу салтанаты соңына таяп, ал сайыскерлерді ертеңгі жыр бәйгесінің жауапты сәті күтіп тұрды.

 

Екінші күн

Жидебайдағы жыр бәйгесі

Келесі күні Жидебайдағы амфитеатр алаңында жыр аламанының нағыз қызған сәті, сайыскерлердің бірінен – бірі оза шауып, бәйге еншілеген мезеті көрініс тапты. Бұл республикалық жыр бәйгесіне аймақтық, облыстық байқаулардың кіл мықтылары сараланып келген болатын. Мұндайда ақтық бәсекеде жеңіс тұғырынан көріну оңайға түспесі анық. Оның үстіне қатал талапты қазылар алқасы биыл да толық құраммен өрендер өнерін қадағалауға алды. Алқа мүшелері құрамында ақын, республикалық «Абай» журналының бас редакторы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, бірнеше республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері, ҚР-ның мәдениет қайраткері, Абай ауданының «Құрметті азаматы», қазылар алқасының төрағасы Мұратбек Оспанов, ҚР Білім және ғылым министрлігінің бас сарапшысы, Абай ауданының «Құрметті азаматы» Роза Баттал, Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Саржан Такиров, еңбек ардагері, әдіскер – ұстаз, «Абайтану» оқу – әдістемелік құралдарының авторы Шолпан Әбуева, ақын, Семей қалалық «Халық» ақындар орталығының жетекшісі, ҚР-ның мәдениет қайраткері, республикалық айтыстардың лауреаты, «Бірлік» медалінің иегері Дәметкен Омарбаева, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР-ның мәдениет қайраткері, Абайға, Жамбылға, Астанаға арналған жыр мүшәйраларының бас жүлдегері, Ы.Алтынсарин медалінің иегері, Абай ауданының «Құрметті азаматы» Төлеген Жанғалиев, әдебиетші – ғалым, Республикалық Абай қорық мұражайының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Жандос Әубәкір, ҚР-на еңбегі сіңген қайраткер, Абай ауданының «Құрметті азаматы», Бүкілодақтық, халықаралық фестивальдарының лауреаты, «Қаламқас» халық ән-би ансамбілінің әншісі, Абайдың ұрпағы Бақыт Шағатаева, сазгер, Қазақстан республикасының мәдениет қайраткері Елдар Оразалин төрелік етті.

Қатысушылар ортаға шақырылып, Абай оқуларының туы көтерілісімен, қазылар төрағасы Мұратбек Қабиденұлы байқауды алғысөзімен ашып, сайыскерлерге сәттілік тіледі.

Бірден бірінші бөлімнің шымылдығы түріліп, «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы» атты алғашқы кезеңнің кіл жүйріктері ақын мұраларын жатқа оқудан сайысқа түсті. Еліміздің әр өңірінен барлығы 22 үміткер бақ сынаған бұл бөлім өреннің өрелігін танытар байқау еді. Себебі, сайыскерлер үшін ең ауыр бөлім де осы кезең болмақ. Әсіресе, дауыс дикциясын, оқу мәнерін, ең бастысы жатқа оқу қабілеті мен өлең санына көп назар тігетін қазылар алқасының сынынан сүрінбей өту маңызды. Олай болса алғашқы болып жарыс жолын бастаған Астана қаласы №68 орта мектебінің 6-шы сынып оқушысы Әдетхан Ринат Абайдың 146 өлеңін, 5 қара сөзін, 1 поэмасын және Шәкәрімнің 45 өлеңін, барлығы 197 шығарманы жаттап келген екен. Бірінші болып қазылардың сынына іліккен Ринаттың өзге өлеңдерден тосылмағанымен «Жаз» өлеңінен жаңылысып кетуі көңілдерді құлазытқаны анық. Ал, ұшқыр ойы мен таудай талабы талай жанды тәнті етпей қоймаған Нұрсұлтан есімді өжет те алғыр қатысушыны жоғары бағаламау мүмкін емес еді. Жарыс жолына екінші болып шыққан Алматы қаласы, Түрксіб ауданы, №48 орта мектебінің 6 – сынып оқушысы Қожағұл Нұрсұлтан Абайдың 115 өлеңін, 3 қара сөзін, 1 поэмасын, 19 аудармасын, Шәкірәм бабаның 25 өлеңін, жиыны 163 шығармасын жатқа біледі екен. Қай өлеңінен сұраса да тосылмаған өреннің өлең оқудағы дауыс мәнері де көрерменін сүйсінтті. Нұрсұлтандай ұланына көпшілік зор қошеметін толассыз жаудырып жатты. Біз де кішкентай қатысушымызды сайыс соңынан сөзге тарттық.

- Абайдың жыр маржандарын теріп, тұнығына бойлаған сайын тереңдей түсетін жауһардай асыл сөздерін өзіме өмірлік азық ете отырып, Абай әлемін тану мен үшін бақыт, - дейді Нұрсұлтандай өреніміз. Баласының бәйгеге түскен сәтінде тақымын қыса келген анасы Алмагүл Нұралиева да баласының бір бума болған марапаттарын, жетістіктерін бізге де жайып салып, ағынан жарылды. Жүлделі марапаттарына қарап еріксіз сүйсінесің. Анасының айтуынша бұл байқауға 1 жыл бұрын дайындық бастаған көрінеді. Ал, нәтиже тіптен тамаша.

Сондай-ақ, Ақмола облысы, Көкшетау қаласы М.Ғабдуллин атындағы №3 орта мектептің 7 – сынып оқушысы Рашитов Ермектің жатқа оқудағы қабілеті жоғары болғанымен қазылар тарапынан қысқа өлеңдерінің көптігі сынға алынды. Дегенмен өжет өрен ұзақ өлеңдерден де сұрауларын өтініп, толықтай жатқа білетіндігін жасырмады.

Кезек қасиетті жеті санына келгенде ШҚО Зайсан ауданы Шекарашы орта мектебінің намысын қорғап келген 10 – сынып оқушысы Дүйсенбекова Еркеназ есімді назды қызымыз ортаға шақырылып, өнерімен көптің көңілін өсірді. Өлең қоржыны да қомақты Еркежан Абайдың 205 өлеңін, 25 қара сөзін, 5 поэмасын, 40 аудармасын, Шәкәрімнің 100 өлеңін, жиыны 375 шығарманы жатқа білетін өреннің өзге қатысушылардан өлең саны да оқ бойы озық тұрды. Қазылардың да әр жерінен сұраған өлеңдерінен тосылмай жатқа оқуы дүйім жұртты тәнті етті. Мұнан соң іле шала Абай ауданының намысын қорғай шыққан Шәкәрім орта мектебінің 11 – сынып оқушысы Дінслямова Аружанның өнері тамашаланды. Ол Абайдың 175, Шәкәрімнің 90 өлеңін, 2 поэмасын, барлығы 267 шығармасын жаттап келген екен. Роза Мұхаметжанқызы тарапынан хакімнің бірде бір қара сөздерінің болмауы сынға алынса, артынша қара сөздері бола тұра тізімге кірістірілмей қалғандығы анықталды. Дегенмен абайлық өреннің қанжығасына төмен бағалар еншіленді. Осылайша кезекпе – кезек қатысушылардың өнерлері ортаға салынып, қазылар тарапынан сын ескертпелер де айтылып жатты. Мәселен, көп өрен Абай өлеңдерінің сөздерін өзгеше қылып айуы жиі көрініс тапты. Ең көп қатысушы топтасқан бірінші бөлімнің жалғасы түскі үзілістен соң қайта өрілді. Бұл кезеңде әскери мектеп ұландары мен мамандандырылған мектеп - интернатының оқушылары өнерлерін ортаға салды. Дегенмен қабілет – қарымдарының жеткені болар өлең қоржындары таяздау сезіліп жатты.

Алғашқы бөлім тәмамдалысымен, лезде ІІ – бөлім сайыскерлері «Көңілім әнді ұғады» бөлімі бойынша бақтарын сынады. Бұл бөлімде құлақтан кіріп бойды алған тамаша әндер шырқалып, байқаушылар талабы бағамдалды. Жарыс шымылдығын Абайдың «Көзімнің қарасы» атты әнімен түрген Астана қаласы №51 орта мектебінің 8 – сынып оқушысы Жортуыл Ерасылғалидің өнерін жалғаған Ақмола облысы, Көкшетау қаласы №21 орта мектебінің 6 – сынып оқушысы Мукашева Инара Шәкәрім бабаның «Бұл ән, бұрынғы әннен өзгерек» әнін орындады. Осылайша жарыс жолын өзіндік мақам, зор дауысымен, ән орындау стилімен көпті сүйсінткен әуендер жарыса шырқалды. Атырау облысы №36 орта мектебінің 9 – сынып оқушысы Темірғали Жанғалидың орындауындағы Абайдың «Сегіз аяқ» әні зор әрі асқақ үнмен шырқалса, «Айттым, сәлем, Қаламқас» әнін опералық стильде орындаған ШҚО Семей қаласы №47 орта мектебінің 11 – сынып оқушысы Оразов Айдостың өнері қазылар тарапынан жоғары бағаланды. Одан соң абайлықтар сенімін үкілеп шыққан Абай мектеп лицейінің 11 – сынып оқушысы Орынжанова Ақберен «Ем таба алмай» әнімен тыңдарманын еліте білді. Қатарынан бірнеше сайыскерлер БҚО Асхатқызы Перизат, Жамбыл облысы Шухратова Алина, Қарағанды облысы Жанділда Жасмин Шәкәрім бабаның «Бұл ән, бұрынғы әннен өзгерек» әнін шырқап, жоғары ұпайлар еншілеп, тыңдармандарын да тамсантып, зор қошеметке бөленді. Бұл бөлімде әннен бөлек күйдің де майталмандары өнерлерін ортаға салды. Олар, Құрманай Әлибек пен Сатыбалды Наурыз күйлерді құйқылжыта шертіп, домбыра құлағында шебер ойнады.

Кезек ІІІ – бөлімге ойысқанда жыр дәптерлерін қойындарына қысқан жас ақындарға сахна төрі ұсынылды. Бұл бөлімде Мұратбек Оспанов, Дәметкен Омарбаева, Төлеген Жанғалиев сынды адуынды ақындардың сынына шыдас беру тек кесек ойлы, шабытты ақындардың ғана қолынан келері сөзсіз еді.

«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» атты бөлім бойынша 20 сайыскер бақтарын сынап, жыр маржандарын төгілтті. Ақындар бөлімінің шымылдығын алғаш болып түрген Астаналық Қанафин Әділет Абай заманының әлеміне киім үлгісімен бойлағанымен, ақындық қыры жағынан осалдық танытты. Ақтөбе қаласынан келген Қабасов Нұрдәулеттің «Бала қиял», Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған арнау жырлары тамаша өрілді. Абайдың ақындық бұлағынан сусындап келе жатқан жас өрен Қарауыл гимназиясының оқушысы Оралқызы Зарина «Күзгі бақ», «Абайға арнау» өлеңдері тыңдаушысын тауып, зор қошеметке бөленіп, қазылар тарапынан да жоғары ұпайларды қанжығалады. Маңғыстау облысынан жасын жырларын арқалай келген Қуанышұлы Асыланның «Бойы ұзын қыз» атты әзіл өлеңі тыңдарманын бір серпілтсе, кесек–кесек ойлы туындыларымен талабының ұшқырлығын танытты. Айта кетейік, өлең қорларындағы үздік деген 1-2 өлеңдерін оқыған өрендердің әлі де жұтаңдау тұстары көп-ақ екен. Оның үстіне лирикалық өлеңдерінің жоқтығы қазылар алқасын қынжылтты. Осылайша ІІІ – бөлім де соңына таяп, қазылар алқасы қорытындысын шығарғанша өрендер өнерлерін тамашалатты.

Осы тұста ІІ – бөлім бойынша өнері асқақ шыққан Шухратова Алинаның ішкі тебіренісімен бөліскен едік. -Киелі мекен Абай еліне бірінші рет келуім. Жол бойы тарихи өлкелер таныстырылып, хакім Абай жайлы көп мағлұматтар алдық. Бұл күндер мен үшін қайталанбас ерекше сәттермен есте қалмақ,- дейді бірнеше халықаралық байқаулардың жеңімпазы ішкі тебіренісін жасыра алмай.

Осылайша ең шешуші сәт те соңына таяған болатын. Жеңімпаздар есімдері көпшілік алдында құрметпен таныстырылды. Бас жүлдені «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы» бөлімінде бағын сынаған зайсандық Дүйсенбекова Еркеназ жеңіп алды. Ал, І – орынды жамбылдық Қанат Дастан (І- бөлім), қарағандылық Жанділдә Жасмин (ІІ - бөлім), абайлық Оралқызы Зарина (ІІІ - бөлім) иеленсе, ІІ – орынға Мәсек Назерке мен Қожағұл Нұрсұлтан (І - бөлім), семейлік Оразов Айдос пен жамбылдық Шухратова Алина (ІІ - бөлім), маңғыстаулық Қуанышұлы Асылан мен БҚО-нан келген Құбашев Ақеділ (ІІІ - бөлім) тұрақтады. Сондай-ақ ІІІ – орынға Маңғыстау облысынан Мешітбаева Мадина, Ақмола облысынан Рашитов Ермек, Астана қаласынан Әдетхан Ринат (І - бөлім) ие болса, ІІ – бөлім бойынша Сатыбалды Наурыз, БҚО-нан Асхатқызы Перизат, абайлық Акберен Орынжанова, ІІІ – бөлімнен ОҚО – нан Шарап Ізет, ақтөбелік Нұрдәулет Қабасов, астаналық Әділет Қанафин иеленді.

 

Түйін: Биылғы Абай оқуларынан түйгеніміз көп болды. Ұйымдастырылу деңгейі де, оқушылардың талап үдесінен табыла білуі де жыл өткен сайын жаңаланып, соны қырынан көрініс тауып келеді. Ақынның асыл сөздерін бойына тоқыған саналы ұрпақтың саны да уақыт сайын өсе түсуде. Бұл ретте әлбетте, қазақ әдебиеті пәні мұғалімдерінің ізденісі, педагогикалық тұрғыдағы еңбектері жемісті екені анық.

Қазіргі жаңа технология дендеген жаһандану заманында ұлттық болмысымызды өзгертпей сақтап, Абайдың сөзімен айтқанда адамшылық қасиеттерімізді ұштай түсуде Абай мен Шәкәрім шығармашылығы адастырмас шамшырақ. Ендеше Абай өсиеттерін келешегіне бағдар еткен жас өрендердің бұл талпынысына біз де зор қуаныш білдіреміз.

 

Нұржан Байтөс,

Тоғжан Нұғыбаева,

Самал Серікқазиева,

«Абай елі»

 

 

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!