«АБАЙ ЕЛІНІҢ» АБЫРОЙЫ АРТТЫ

«АБАЙ ЕЛІНІҢ» АБЫРОЙЫ АРТТЫ

Бәрекелді

«АБАЙ ЕЛІНІҢ» АБЫРОЙЫ АРТТЫ

 

            Осыдан небары 4 ай бұрын ғана «Абай елі» апталық басылымының ғаламтор желісіндегі электронды нұсқасы ашылған еді. Ол жайында газет бетінде оқырман үшін сүйінші хабар да жазылған болатын. Айтарлығы сол, аудан тынысынан мол хабар беретін жаңа сайт танымдық сұхбат, тұщымды мақала, аудио деректер, арнайы айдарларымен виртуалды оқырманның да көңілінен шыққанына куә болып отырмыз. Оған себеп 9 - қазан күні Астана қаласында Қазақстан Республикасы Инвестиция және даму министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және Ақпарат комитетінің «Қазконтент» АҚ-ы «Абай елі» аудандық қоғамдық - саяси газетінің жеке сайтын салтанатты түрде марапаттады.

            Бүгінде ақпаратты нақты әрі жедел түрде жеткізу ісі - БАҚ-тың онлайн редакцияларының қарқынды дамуына себепкер болуда. Осы тұрғыда ҚР Инвестиция және даму министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің «Қазконтент» АҚ-ның қолдауымен Астана қаласындағы «Дипломат» қонақ үйінің «Бәйтерек» конференц-залында «Баспа БАҚ-тардың онлайн редакциялары: өзекті мәселелер мен даму перспективалары» тақырыбында республикалық конференция өткен болатын. Жылдағы дәстүрге айналған іргелі басқосуға еліміздің барлық өңірлерінен БАҚ өкілдері қатысты. Айта кетерлік жайт, «Қазконтент» АҚ «баспа түріндегі бұқаралық ақпарат құралдарын интернетке шығару» жобасын мемлекеттік қолдау негізінде қолға алынған бастама. Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен «Ақпараттық Қазақстан - 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан жобаның басты мақсаты – отандық ақпараттық кеңістікті дамытуға, сондай-ақ баспа БАҚ-ты интернетке шығару үшін интернет – ресурстарды жасау және мазмұн – редакциялау дағдыларын тегін оқыту екен. Соның аясында 2012 жылдан бері 1000-нан аса газет-журналдар ғаламторға көшіп, онлайн-нұсқаға ие болу мүмкіндігін алыпты.

Осы жоба аясында «Абай елі» қоғамдық-саяси газеті де мамыр айында өз сайтын ашуға мүмкіндік алған болатын. Төрт ай ішінде бағытын түзеп, жұмысын жандандырған сайт редакциясы өзінің онлайн-нұсқасында тартымды сұхбаттар мен тұщымды мақалаларды, тарихи деректерді оқырманға ұсынумен келеді. Сондай-ақ, Елбасы Н.Назарбаевтың саясаты мен түрлі мемлекеттік бағдарламалардың Абай елінде жүзеге асу барысын да шынайы көрсетуде. Түйіндей айтқанда, аудан көлемінде атқарылып жатқан іс-шараларды оқырман назарына жинақы, әрі көркем түрде жеткізе білді. Мәселен, Абайдың 170 жылдық мерейтойы барысындағы іс-шараларды ақпараттандыру аудан тынысы «Абай елінің» ағымдағы жылы қолға алған негізгі бағыттарының бірі болатын. Мұндай мазмұндағы мақалалар «онлайн оқырмандардың» да жоғары бағасына ие болып отыр.

Жаһанданудың бір сипаты - ақпараттың оқырман үшін қол жетімділігі. Сол себепті де, ақпарат бәсекелестігі бүгінгі күні өте жоғары деңгейге жеткен. Конференцияда талқыланған негізгі тақырып та осы төңіректен өрбіді. Айтар болсақ, белгілі бір ақпаратты жылдам өңдеп, көркемдеп, медиа түрінде оқырманға ұсыну тәсілдері конференцияға қатысушыларды қызықтырған тақырыптың бірі болды.

Бас қосудың негізгі бөлігін белгілі журналист, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының медиадиректоры Қанат Әуесбай ашып, «Қазконтент»АҚ интернет жобалар бойынша басқарма директоры Жандос Өтемісұлы қатысушыларға зор алғысын білдірді. Сондай-ақ, жиында «BAQ.KZ» ақпараттық агенттігінің бас редакторы Серғали Балажан, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспа және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Сұлтанбаева, Л.Гумилев атындағы ЕНУ журналистика және саясаттану факультетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Асима Ишанова, «Today.kz» ақпараттық сайтының бас редакторы Дана Саудагерова және «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының жетекшісі Асхат Еркімбай мерзімді баспасөздегі контентті онлайнға бейімдеу жолдары тақырыбында кезегімен сөз алды.

Конференцияның екінші бөлімі практикалық тренингтерге ұласып, орыс тілді және қазақ тілді редакция өкілдері екі топқа бөлініп, мамандардың кеңесіне құлақ түрді. Тренингте фотосуретті дұрыс жасау, ақпаратты белгілі және нақты түрде беру сияқты кәсіби сабақ өткізілді.

Астана төрінде өткен жиынның жалғасы марапат тапсыруға ұласты. Арнайы құрылған сарапшылар алқасының қорытындысы бойынша ШҚО, Абай ауданының «Абай елі» редакциясы «Ұлы Абайға – 170 жыл» айдары үшін «Ең үздік арнайы жоба» номнациясын иеленсе, Қостанай облысының Қамысты ауданының «Камыстинские новости» газеті, Ақмола облысы Ақкөл ауданының «Ақкөл өмірі» газеті аудандық газеттер арасында ең белсенді онлайн-редакция номинациясымен марапатталды. Ал спорт тақырыбы бойынша белсенділігі үшін кезекті аталым Жамбыл облысының «Жамбыл спорты» редакциясына бұйырса, балаларға арналған ең үздік онлайн-редакция аталымы Астана қаласындағы «Түгел» пресс клубының «Құлыным» журналы редакциясына тапсырылды. Сондай-ақ, «ҚР Ұлттық Ғылым Академиясы хабаршылары» журналы «Ең үздік ғылыми-танымдық онлайн редакция» деп марапатталса, Алматы облысының «Мектеп ұстаздарының әлемі» журналы ең үздік сервис және Ақмола облысының Жақсы ауданының «Жаксынский вестник» басылымы әлеуметтік желідегі ең белсенді онлайн редакция аталымына ие болып, Басқарма төрағасы Айдос Арғынбайұлының дипломымен марапатталды.

Сонымен қатар, конференция барысында мақала жариялап, ғаламтор желісінде талқылануға орай ұйымдастырылған конкурста «Абай елі» газетінің бас редакторына арнайы ескерткіш сыйлық табыс етілді.

Құрметті оқырман, аудан айнасына айналған басылымның бұл жеңісіне сіздің де үлесіңіз бар! Ақпараттық демеушіңіз, абайлықтар өмірінің жаңалық жаршысы бола білген «Абай елі» апталық газетінің жеке сайтын ғаламтордағы www.abayeli.kz мекенжайынан сіз де қарай жүріңіз.

 

Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі»,

Қарауыл-Астана-Қарауыл

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар