АБАЙ РУХЫ АСҚАҚТАҒАН КҮН

 

Хакімнің туғанына 171 жыл                             

АБАЙ РУХЫ АСҚАҚТАҒАН КҮН

      Абай – әлемдік деңгейдегі тұлға, дана ақын, композитор, аудармашы, философ һәм  қоғам қайраткері. Қазақ поэзиясын, Абай тұңғыш рет терең философиялық қуатты, көркемдік деңгейі аса құнарлы оймен суарды. Алаш даласына жаңа поэзия қамалын соғып, ой мен суреткерлік тоғысқан кенен бұлақтың тұнық көзін алғаш ашты. Абай есімімен қазақ топырағына философиялық және стилистикалық бағыттағы жаңа поэзия келді. Қазақ ортасында идеялық жаңа тыныстың қанаттануына Абайдай жан салған ойшыл кемде-кем, идеялық өрістің отын жағу үшін, шоқтанып қалған халықтық сезім мен ұлттық дәстүрді жедел дамыту керек болды. Абай жыры ХХ ғасырдағы реалистік поэзияның биік шыңына айналды. Абай - қашанда халық жағында, ақынның ой алаңында халық - өнердің алтын діңгегі, әлемдегі рухани байлықтың жалғыз қазынасы болып ерекшеленді.

Қашанда Ұлыларын ұлықтап, тағзым етуден, тағылым мен даналығынан нәр алып  дара жолдарынан айнымайтын өскелең ұрпақ Ұлылар елінің ұрпақтары екендіктерін ұмытпай, сол атқа лайықты қызмет етуде. Олай дейтініміз, дана Абайдың туған күнін аудан жұртшылығы бұл жолы да  ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйым айрықша атап өтті. Шежірелі Шыңғыстау өңірінде халқымыз үшін ерекше саналған бұл күні аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлы және аудан әкімінің орынбасарлары  Марат Сейітжағпарұлы мен Бауыржан Болатұлы, мәслихат хатшысы Ерлан Арнаұлы, Ұлы Абайдың ұрпағы  Қарауыл ауылының әкімі Құсман Берлешов, Ұлылар елінің қазыналы қариялары Манатай Толғанбаев пен  Байбота  Орынбаев және ел ақсақалдары мен ауданның әр мекеме қызметкерлері қатысқан елеулі шара  қазақтың бас ақыны  Абай бабамыздың  ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен бастау алды. 

Осынау ерекше күні Абай елінің мақтан тұтар тұлғасы, бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан  Қазақстан Журналистер Одағының, Қазақстан музыка қайраткерлері Одағы, Қазақстан Ертіс өңірі композиторлар Одағы, Қазақстан авторлары Одағының мүшесі, абайтанушы, шәкәрімтанушы, халық композиторы Арғынбек Ахметжановтың келуі мерекелік шараны тіптен маңыздандыра түскен-ді. Олай дейтініміз, Абай әндерін насихаттаушы: Ұлы Абайдың 45-тен астам өлеңіне ән-романс, Шәкәрімнің 2 өлеңіне ән шығарған, басқа ақындар мен өз өлеңдеріне әндер жазып, сол әндері  бірнеше дүркін ән байқауларының жүлдегері атанған, ел ішіне танымал болған Арғынбек ағамыз болатын. Абай ескерткішіне салтанатпен гүл дестелері қойылған соң, Ұлы Абайдың ұрпағы Қарауыл ауылының әкімі Құсман Берлешов сөз алды. Тектінің ұрпағы өз сөзінде: «Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Абай әлемі бізді жеті түнде адастырмайтын темірқазық. Соған қарап тірлігіміздің, дұрыс-бұрысын сараптай аламыз» деп айрықша баға берген. Уақыт өткен сайын бүгінгі ұрпақ «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деп өткен Абайдың даралығын, даналығын терең сезініп келеді. Бүгін ол қалың елі қазағына ғана емес, барша әлемге қадірлі әр сөзі ақыл мен нақылға толы Адамзаттың Абайына айналды!, - дей келе, Абай мұрасы –келешегі кемел ел үшін тағылым аларлық рухани күш, қайрат берер асыл қазына екендігін тілге тиек етті.   

Ал,  ел ардақтысы,еңбек ардагері, облыстық дәрежедегі дербес зейнеткер, Абай атамыздың туысы  Манатай Толғанбаев ақсақал «Ұлы Абай атамыз туралы қанша айтылса да оның тұңғиығына, даналығына  еш адам жетіп көрген емес, - дей келе,  - Ұлы,  дана, данышпан адамдарды айтып тауыса алмайсың, содан тек керегіңді ғана  алып, көкейіңе тоқып соның өсиетіне бой ұсынасың, соны орындау керек, бүкіл қазақ халқының болашағына жол салып кеткен адастырмас темірқазығы,  Абай ұлы ақын, ойшыл, ғұлама тұлға, -  деп баға берді. 

Осылайша,  Абайдың ақындығы, әншілігі, данышпандығы, аудармашылығы сөз болып, даналығына, рухына  бас иілді.

Иә, бүгінде хакім Абайдың әндері де еліміздің  дархан даласында кеңінен қанат ж, ұстаз, ақын, журналист, сазгер, қолөнер шебері, Абай мұраларын насихаттаушы, «Рухани жол» кітаптарының авторы  Арғынбек Ахметжанов атамызға берілді.

-  Құрметті туыстар, құрметті жерлестер, құрметті ел азаматтары! Ұлы Абайдың қанатының астында Абай елі қанаттанып, соның рухымен нұрланып келе жатқаны шындық. Ерекше жаратылған тұлға ғой. Менің азғантай жасаған еңбегімді елеп-ескеріп, бағалап, Ұлы Абайдың туған күніне орай арнайы шақырып, сый-сияпат жасап жатқандарыңызға көптен-көп рахмет, - дей келе, «Рухани жол» атты кітаптардың мзмұнына тоқталды.  

-Бірінші кітап «Абайдың ән мұрасы» ғылыми зерттеу туындысы. Абайдың отыз әні,  оларды алғаш нотаға түсірген кімдер, алғашқы орындаушысы кім, қазір кім, Әбдірахман баласына арнаған әні,  осының барлығы ән мұрасына жинақталып берілген. Өзімнің шамам келгенше Абайдың ән мұрасын жинаққа кіргіздім. Екінші кітап «Абай: ән: мұра» және «Шәкәрім ән: дастан мұралары» деп аталады. Бұл кітапта Абай мен Шәкәрім әндерінің кәсіби түрде орындалуы, ноталарымен берілген. Абайды зерттемес бұрын Шәкәрімді зерттеуімнің  себебі Ахат Шәкерімұлы ағаның аманаты бар еді. Ол кісі менің нотаға сауаттылығымды біліп менен айырылмады, мен де 25 жыл айырылып көргенім жоқ. Аллаға шүкір, тәубә, бүгін сол аманатты орындадым. Үшінші кітап орысша, «Абай тәлімі», «Уроки Абай» деп аталады. Менің өмір мен өнер туралы толғаныстарым «Сазды сапар» деген кітабым шыққан болатын. Сонда да бәрі айтылған. Ал төртінші кітабым «Абай тәлімінің туындылары» деп аталады. Онда алпыс  ән-романс жазылған. Абайдың 45 тен астам өлеңіне жазылған әндері болса, қалған 20-сы  өзім жақсы көретін  басқа ақындардың сөзіне жазылған әндері келтірілген, - деген жергілікті композитор жерлестерін бір қуантып тастады.     

    Иә, ақынның ұлылығынан жаратылып, сомдалған суреткерлік әлем қазақ даласының тылсым қуатын танытады. Оның шығармашылығы тірліктің терең тамырынан үздіксіз нәр алған. Ақын жаны, әлем әдебиетімен терең суарылғаны сонша, араб, парсы, орыс ақындарының мыңдаған жолдарын жатқа айтып отыратын болған.

Абай ұлы ақын ретінде, әлем тынысын өз жүрегінен өткізді, сонымен бірге, өз жан әлемін өз ішінен қорытып шығара алады. Сонан да оның шығармашылығы сыртқы әшекей мен жалған бояудан мүлде ада. Ақын шығармашылығының басты бағыты - адам мен ғарыштың, жан мен тіршіліктің тынымсыз бірлікте екенін ұғындыру болды. Абай өлендерінде рухани һәм тарихи құбылыстардың ажары терең бейнелене түскен. Шығыстың ақылы мен Батыстың озық ойлы идеясын Абайдай зерделеп өз өнеріне мұрат еткен, өз ұлтына лайықтап жеткізе білген қазақ ақыны болған емес. Сайып келгенде, Абай бабамызды ұлықтау,  ұрпаққа қалдырған ұлағатын ұмытпау- біз үшін қасиетті парыз екендігі хақ.  

Даланың дана ақыны Абайға арналған шара М. Әуезов атындағы аудандық орталықтандырылған кітапханада Абай мұрасын насихаттаушы Арғынбек Ахметжановтың «Рухани жол»  топтамасының  тұсаукесерімен жалғасын тапты.  

 

Рухани  мұра                  

АБАЙ ӘЛЕМІН ӘНМЕН АЙШЫҚТАҒАН

Арғынбек Ахметжанов 80 жаста

Қазақтың бас ақыны Абайдың атымен аталатын аудан болатындықтан Ұлы Абай бабамыздың туған күнін биік дәрежеде өткізбеуіміз елдігімізге сын. Әсіресе, баршамызға ортақ мерекеде абайтанушы, шәкәрімтанушы, әнші-сазгер, ақын-қаламгер, ұстаз-филолог, қолөнер шебері Арғынбек Ахметжановтың  арнайы келуі, сондай-ақ автордың «Рухани жол» топтамасының  тұсауының  кесілуі ұлы бабамызға деген ұлы құрмет, тағылымды тағзым екені хақ. Әрі  бүгінде  80-жасқа толып отырған  жерлес композиторға деген зор  құрмет екені даусыз.

Қысқаша тоқтала кетсек, Арғынбек аға өз шығармаларын шәкірттеріне, әншілерге үйретіп, телерадио хабарлар мен шығармашылық кездесулер ұйымдастырып, ұлы Абайдың рухани мұрасын үзбей насихаттап келеді. 1999 жылы баспадан «Сазды сапар» атты өмірбаяндық кітабы басылып шықты. 2008 жылы Өскемен қаласында сазгердің «Рухани жол» атты 2-кітабы шықса, 2015 жылы Абай бабамыздың туғанына  170 жыл толуына орай 1-ші, 3-ші және 4-ші кітабы жарыққа шықты. Кітаптарда Абай мен Шәкәрімнің ән, дастан мұрасы, автордың ән-романстарын қамтылған.   

  Кітапханада ұйымдастырылған әдеби-сазды кешті ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт  бөлімі басшысының орынбасары, тектінің ұрпағы, мәдениет жанашыры  Елдар Кәменұлы  Оразалы кіріспе сөзбен ашты. Абай атамыздың туған күнімен астасып жатқан осынау кеште Қазақ Ұлттық Өнер университетінің түлегі, өнертанушы, «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің көркемдік жетекшісі Нұрбек Өмірбеков  А.Ахметжановтың өмірі мен шығармашылығы, «Рухани жол» атты кітабы жөнінде баяндама жасады.

Ал жергілікті атқарушы билік атынан лебіз білдірген аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Тәттібеков мерейтой иесін туған күнімен құттықтай келе,  «Рухани жол» топтамасының болашақ ұрпаққа мұра, өскелең ұрпаққа баға жетпес байлық болып қалатынын, сарқылмас қазына екендігін баса айтып, аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбековтың сый-сияпатын табыстады.

Иә, Абай әндері біз үшін рухани мұра. Жиыны 60 ән-романсы бар жерлес композитордың  «Шыңғыстау», «Абай ұрпақтарының үні», Абай өлеңіне жазған «Тоты құс түсті көбелек» әндерін бүгінде қала, республика сахналарында өнер жұлдыздары орындап жүр.  Құлаққа жағымды, көңілге түрлі ой салар әндері «Әнің болып төгілемін», «Құлақтан кіріп, бойды алар», «Сағыныш», «Сазды сапар» жинақтарына еніп, баспа беттеріне жарияланып, республикалық Қазақ радиосының «Алтын қорына» қабылданған.

Келесі кезекте Абай бабамыздың ұрпағы, Қарауыл ауылының әкімі Құсман Берлешов, ауданымыздың қазыналы қариялары, «Абай ауданының құрметті азаматтары»  Манатай Толғанбаев пен Байбота Орынбаев, Абай елінің үні, дауысы, жыры бола білген дарынды ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, «Абай ауданының құрметті азаматы» Төлеген Жанғалиев  «Рухани жол» атты топтама кітаптардың лентасын қию  құрметіне ие болды.

Мұнымен қатар, ұлы Абайдың ұрпағы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Абай ауданының құрметті азаматы», бұлбұл  әнші  Бақыт Шағатаева қазақы дәстүрмен шашу шашып, кеш шырайын аша түсті.

Әлемдік деңгейдегі дана саясаткер, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, Ұлы Абай ұлттың ұраны болуы керек! Абайдың сөзі - қазақтың бойтұмары.   

Осыдан соң әдеби-сазды кеш хакімнің әндерімен әрлене түсті. Сахна төрінде «Өзгеге көңілім тоярсың» әнін нақышына келтіре орындаған Тамара Көзбаева тыңдармандарын  тамсандырғаны анық.

Ән шашуға ұласқан кеште ақжарма құттықтаулар легі де  толастамады. Манатай мен  Боташ атамыз, Базарбай Бейсенбаев, ұлы ақынның ұрпағы Құсман Берлешов, ақын Төлеген Жанғалиев, аудандық мұрағат және құжаттама мекемесінің директоры, байырғы  журналист Совет Махметовтер Арғынбек ағамыздың ақындығы, сазгерлігі, әншілігі, қолөнер шеберлігі жөнінде тамаша естеліктерін төгілтіп, арнау жыр арнап, сый-сияпаттарын жасап, кеш иесін ерекше құрметке бөледі.

Абай әлеміне саяхат жасағандай әсер қалдырған осынау тартымды кеште  А.Ахметжановтың шәкірті, дәстүрлі әнші, ҚР «Мәдениет саласының үздігі» Амангелді Жікенов те өнерін ортаға салды. Абайдың аудармасы «Қанжар» әнін шебер түрде ұлттық аспаппен шырқаған ол  баянмен кезінде марш болған «Шыңғыстау» әнін де құбылтып, құйқылжытып жіберді.

Ал, Арғынбек Ахметжановтың Абайдың сөзіне жазылған «Ем таба алмай» әні жас әнші, бүгінде студент атанған Мөлдір Байбуринованың орындауында тыңдалды. Сондай-ақ,   әнші-ұстаз, сазгердің туысы Шәрбат Бекбатырова да «Ойға түстім толғандым», «Құдай-ау қайда сол жылдар?» әндерін орындап құлақ құрышын қандырды.

Ал «Қаламқас» ән-би ансамблінің дәстүрлі әншілері ғажап дауыс иелері Қайрат Қабышев «Тотықұс түсті көбелек»,  Қонысбек Байдашев «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек»  әндерін тарту етті.  Абайдың «Татьянаның хаты» әнін шырқау көкке биіктеткен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ұлы Абайдың ұрпағы  Бақыт Шағатаеваға разы болған сазгер атамыз ақ батасын, жылы лебізін арнады.

Кеш соңында А.Ахметжанов атамыз осынау әсерлі басқосуды ұйымдастырушы мәдениет бөліміне және өзін құрметтеп, осынау шараға келіп отырған барша жерлестеріне алғысын жаудырып, «Рухани жол» кітабының мазмұнынына кеңінен шолу жасап өтті.

Алып келген төрт кітабын аудандық кітапханаға табыстаған жерлес сазгер атамыз оқырмандар үшін таптырмас асыл қазына екендігін баса айтып, өз қолтаңбасын да қалдырды. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің атындағы аудандық кітапхана ұжымына ризашылығын білдірген тамаша талант иесі «Алғыс-тілек, арнаулар» деп аталған ауданымыздағы сол кездегі ҰОС-ның ардагерлері, ұлағатты ұстаздар және бірқатар еңбек майталмандарының  таспаға жазылған дауыстарын ескерткіш ретінде сыйға қалдырды. Осы кештің өтуіне ұйытқы болған ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының орынбасары Е.Кәменұлы әдеби-сазды кешті қорытындылап, ҚР «Мәдениет саласының үздігі», «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің әншісі Еркін Жолжігітовтің орындауында  қазақ халқының Әнұранына айналған Абайдың әні «Айттым сәлем қаламқас»  әнімен асқақтата және кешке қатысушы қауымның қосыла шырқауымен әсем сипатта өз шымылдығын түсірген-ді.

Осылайша,  хакімнің туған күні  қарсаңында Абай атамыз туып-өскен топырақта Абай әндері қалықтады, дана бабамыз қайта тіріліп келгендей күй кештік.

Абай мұрасы осындай өлмес мұрасы барда, өшірмес ұрпағы барда мәңгілік жасай берері хақ. 

Анар ҚАБДУӘЛИҚЫЗЫ,

«Абай елі»

Соңғы өзгеріс 22/08/2016

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!