Хакім атындағы жыр додасы жүйріктерін анықтады  

 XVIII  РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АБАЙ ОҚУЛАРЫ

 Биылғы  Республикалық Абай оқулары әдебиеттің асқары, Абайтанудың іргесін қалап, шаңырағын көтерген, өмірі де, өзі де дара, мұхиттай терең  дарын иесі, шалқар шабытты жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың  120  жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.

 

Дара дәстүрге айналған қазақ көгінің күні мен айындай болған қос алыбы -Абай мен Шәкәрім оқулары биыл XVIII рет  өз жалауын көтерді.

Жүсіпбекше айтсақ:  «қазақтың әдебиетіне жан берген: сөздің сыртын сырлап, ішін түрлеген, өлеңнен өрнек шығарған» Ұлы Абайдың сөзі нәр, бұлақ, рухани қазына.   Сол себепті баба  атында өтетін байқаудың орны ерек.

Қазақстанның түкпір – түкпірінен жиналған өлең, сөзге әуес, жаны жырға жақын жандар ең алдыменАбай жолымен ақынның кіндік қаны тамған туған жері Сырт Қасқабұлақ өлкесіне, соңынан Еңлік – Кебек ескерткішінің басына тоқтап, қос ғашықтың мүсінін тамашалап, Үй тастағы театрландырылған көрініске куә болды. Сонымен қатар,  Шілікті кезеңдегі Абайдың жары Шүкіманның (Әйгерім бұлағының) басында аялдап Абай мен Әйгерімнің алғаш таныстығын сахналаған көрініске көз сүйсінтті.Осыдан соң Жидебайдағы Абай, Шәкәрім  мұражайын аралап, кесенелерге кіріп, тағзым жасады. Жол бойы тарихи мұраға тұнып тұрған киелі жерлермен танысқан соң, кеш бата аудан орталығына бет алды.  Жас өрендерді мәдениет үйінің алдында күтіп алған өнерпаздар жырмен өрнектеп, биден шашу шашып, өнерлерін паш етті. Әсіресе, жас өрендерді Абай, Шәкәрім, Мұхтар болып ұрпағына асыл сөздерін арнаған театрланған көрініс ерекше тәнті етті. Осыдан соң Мәдениет үйінің залында жалғасқан ашылу салтанаты жыр додасына қатысушы сайыскерлер мен жүйріктерге сәттілік тілеген құттықтау лебіздерге берілді. Ең алдымен байқау шымылдығын аудан әкімінің міндетін атқарушы, ақындар елінің басшысы  Тәттібеков  Бауыржан Болатұлы құттықтау сөзімен ашып, қатысушыларға сәттілік тілеп,жыр додасының мән-маңыздылығымен таныстырып өтті.

Ары қарай жалғастыра сөз алған мектепке дейінгі және орта білім департаменті білімның мазмұны және әдістемесі басқармасының басшысы Жакенов Талғат Жұмабекұлы: талапты жастарға сәттілік тілеп, болашақта  осы талантты жастардың  арасынан Абай, Шәкәрім сынды ғұламалардың шығатынына зор сеніммен қарайтынын жеткізді. 

 Абай оқулары жыр додасы Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің бұйрығымен ең алғаш ұлы ақынның 155 жылдығына орай ұйымдастырылған болатын. Сол уақыттан бері ақынның шығармашылығына терең бойлап, қанша қазсаң да, таусылмайтын асыл қазынасынан сусындап өскен талай жасқа қанат бітірді.

    Абай оқулары - осы күнге дейін дәстүрлі түрде өткізіліп, өзіндік жолын бір ізге түсірген бірегей байқау. Осыған орай байқау тізгінін қолға алған ҚР Білім және Ғылым министрлігі, ШҚО-ның білім басқармасы, ШҚ өңірлік ғылыми – практикалық «Дарын» орталығы, Семей қаласы мен Абай ауданының білім бөлімдерінің тікелей араласуымен ұйымдастырылып отырған игі шаралардың бірі ретінде аталып өтіп келеді.

Дәстүрлі түрде жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында өткізілетін республикалық Абай оқуларына Республикамыздың барлық облыстары мен қалаларынан атап айтсақ: Астана, Алматы қаласы, Алматы облысы,  Ақмола, Ақтөбе, Атырау облыстарынан,  Батыс Қазақстан,  Оңтүстік, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Шығыс Қазақстан ,Жамбыл,  Қарағанды, Қызылорда,  Маңғыстау, Павлодар сондай-ақ,  Назарбаев Зияткерлік мектебі мен Абай ауданының командасынан  барлығы 90-ға жуық оқушы қатысты. 

 Келесі күні меймандар Ұлылардың  ізі қалған қасиетті топыраққа, Еуразия кіндігі -Жидебайға ат басын бұрды.  Сайыстың ең қызған сәті осы мекенде басталды.  «Ұлылырдың мекені» деген асқаралы атты арқалап жүрген мекенге келіп, додаға қатысу «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлардың» ғана қолынан келетін іс. Әр облыстың аманатын арқалап келген жас өрендердің жеңіс тұғырынан көрінсек деген армандары бар. Десек те, Əр облыстан «сен тұр, мен атайын» дейтіндей кіл мықтылар жиылған. мұндай республикалық жыр додасына кім болса соның қатыса бермейтіні тағы бар. қатал талапты қазылар алқасы биыл да толық құраммен өрендер өнерін қадағалауға алды. Алқа мүшелері құрамында қазылар алқасының төрағасы.- Семей қаласының Шәкерім атындағы мемлекеттік университеті, қазақ

филологиясы факультетінің деканы,филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыров Айбар Қабыкенұлы  Сарекенова  Қарлығаш Құрамғалиқызы - Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ тілі кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты.Картаева Айжан Маратбековна -Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік Университеті, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы. Келгембаева Бақытжан Бекенқызы - Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік Университеті, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты.Кусманова Гүлжібек Аскенқызы - Серікбаев атындағыШығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің

доценті,педагогика ғылымдарының докторы. Жүнісбеков Болат Жүнісбекұлы - Семей қаласы, Абай музейінің директоры, жазушы.Сабырбаева Раушан

Койшанқызы - Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті,  қазақ филологиясы факультетінің доценті,  ғ.д.к.,Сериков Адлет Серикович-  Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті,  «Музыкалық білім»  кафедрасыӘбдікәкімұлы Тыныштықбек-  Қазақтың белгілі ақыны, ҚР Президентінің сыйлығының иегері.Ақберен Елгезек -  Алматы қаласы, ақын, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушылар одағының мүшесі және -  ҚР маслихаттарының Құрметті депутаты, ҚР-ның әлеуметтік еңбек саласының үздігі, Абай ауданының Құрметті азаматы, Абай аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы.Аманғазы Төлеубек Аманғазаұлы төрелік етті.

Қатысушылар ортаға шақырыллғаннан соң, байқаудың туы көтеріліп, қазылар алқасының төрағасы Айбар Қабыкенұлы қатысушыларға сәттілік тілеп, байқауды ашық деп жариялады.

    Биылғы жылғы байқау бұрынғы байқаулардан өзгеше деп айтуымызға болады.   

І бөлім: «Өлең сөздің патшасы-сөз  сарасы» Абай, Шәкерім өлеңдерін жатқа мәнерлеп оқу сайысы.

ІІ бөлім «Көңілім әнді ұғады»- Абай, Шәкерім әндері мен күйлерін орындаушылар сайысы.

ІІІ бөлім «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда»-жас дарынды ақындар сайысы. Жыл сайын үш бөлімді қамтитын байқаудың  биылғы жаңалығы  «Ұлылар әлемі» бөлімі қосылды. Бұл бөлімде қатысушылардың сөз саптау шеберлігі бағаланып,  эссе жазудан сынға түсті.

Осылайша  бірінші бөлімнің шымылдығы түріліп, «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы» атты алғашқы кезеңнің  жүйріктері Абай, Шәкәрім өлеңдерін жатқа оқудан сайысқа түсті. Негізгі сайыстың ішіндегі ең ауыры да осы кезең екені белгілі. Бұл сайыста кейбір қатысушыларымыз қазылардың қатал сынына шыдамай, сүрініп те жатты. Дегенмен араларынан нағыз кіл мықтылар та табылып жатты.  Көңілді құлазытқан бір жайт-Абай мен Шәкәрімнің поэмаларын жатқа оқимын деп шыққан қатысушыларымыздың поэманы  соңына  дейін жаттамағандықтары да көрініп жатты.

Ал ауданымыздың намысын қорғаған, жарыстың ең кішкентай қатысушысы Мамай атындағы негізгі орта мектебінің 3 сынып оқушысы Қанатова Ақбота  өзінің білімділігімен, өлең оқудағы шеберлігімен көпшілікті сүйсінтті.ол Абай атамыздың 100 өлеңі, 2 қарасөзі мен 1 поэмасын, Шәкәрімнің 21 өлеңін, барлығы 124 шығармасын жатқа біледі. Шынашақтай ғана Ақботаның талантына көпшілік қауым ризашылығын білдіріп, қошеметке бөледі.   Ал, Қызылорда өңірінен келген қатысушымыз  небәрі 6 сыныптың оқушысы Ақереке Жансанова Абай атамыздың 170 өлеңін, Шәкәрім бабамыздың  190 өлеңін, 2 поэма, барлығы  400 өлең жаттап келіпті.  Жас талаптың  өлең оқудағы дауыс мәнері де көрерменін сүйсінтіп, көшіліктің көңілінен шығып жатты. Сонымен қатар, бұл бөлімде қазылардың сынынан сүрінбей өтіп, өзінің ұшқыр ойлылығымен, дауыс ырғағымен көзге түскен Жамбыл облысының намысын қорғап келген Айдана Есбағамбетова Абайдың 211өлеңін,  9 қарасөзін, 3 поэмасын, Шәкәрім атаның 118 өлеңін, жиыны  341 шығармасын жатқа біледі екен. Қос ақынның қай шығармасын сұрсаң да ешбірінен тосылмаған Айдана қазылардың оң бағасын алып, көзіқарақты көрерменді тәнті етті.

Бірінші бөлім аяқталып, сайыстың екінші «Көңілім әнді ұғады» бөлімінде . қатысушылар Абай мен Шәкәрімнің құлақтан кіріп, бойды алған әсем әндерімен халықты сүйсінтті.  Бұл бөлімде де қос ақыннынң әндерін  бірі  эстрадаға салып айтып жатса, енді бірі қазақтың қара домбырасымен нақышына келтіре әуелетті.

Ал, «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» атты бөлім бойынша жас дарындар ортаға шақырылып өрнекті өлеңдерін халық алдында паш етті.  Бұл бөлімде жас ақындар өздеріне берілген тақырып бойынша бақ сынасқан болатын. Нәтижесінде кейбір қатысушыларымыз ұнамды ұйқастарымен көптің көңілінен шығып жатса, кейбірі керісінше әділ қазылар алқасының сынына ұшырап жатты.  Семей қаласының № 42 орта мектебінің 11 сынып оқушысы «Барар жерден адасып қалушы едік, Бабатай, қандай жақсы болғаныңыз!» -деп Абайды жырға қосқан Темірлан Кәмілжанов, «Ғарыш»  тақырыбын өлеңіне арқау еткен» Қостанайлық Сәтбай Айзат, жерлесіміз Қарауыл гимназиясының 11 сынып оқушысы Төлепбекова Еңліктің,  Алматы қаласынан келген  Тоқтар Думанның  жыр шумақтары тыңдаушының құлақ құрышын қандырып, қазылар тарапынан да жоғары ұпайларды қанжығалады.

Десек те сайыс болған соң жеңімпаздың болатындығы ақиқат. Өте тартысты өткен бұл доданың шешуші сәті де таяды. Көптен күткен уақыт та таяды.   Сонымен,  XVIII  РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АБАЙ ОҚУЛАРЫ байқауының «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы» номинациясы бойынша  Бас жүлдесі Жамбыл облысы, Меркі ауданынының намысын арқалап келген Айдана Есбағамбетоваға бұйырды. 

Осы орайда жеңімпаз қызды жеңісімен құттықтап, бір ауыз әңгімеге тартқан едік:

         «Мен Абай оқуларына 5 сыныптан бастап қатысып келемін.  Алдыма қойған мақсатым – Ұлылыар мекеніне келіп, Республикалық  байқауға қатысу болатын.  Әрине,  жарыс болған соң, жеңіс те, жеңіліс те болды.  Мен де сүріндім. Бірақ, мені сол кезде арман-мақсатым алдыға жетеледі. Дәл қазіргі әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес! Төбем көкке екі елі ғана жетпей тұр» деп өзінің ішкі сезімімен бөлісті.

Ал бірінші орын- Б.Ирасылова Семей қ,  екінші орын - О.Қасымбек ОҚО,  пен Атыраулық  Ә. Жолдасқалиқызы және үшінші орынды- Ақмоладан келген Ә. Алдажұманова, Ә. Балғабаева (ШҚО), Абайлық А. Кәріпбай иеленді.

«Көңілім әнді ұғады»  номинациясы бойынша: бірінші орын- Алматылық Н.Айтжан, екінші орын – Павлдар қаласынан келген Т.Сушенова, ақтөбелік А. Санбаевқа, ал үшінші орын - Б. Мұстафа Ақтау қ. А.Марат Алматы обл, Б. Құдайбергенова Семей қаласының талантты жастарына бұйырды.

 «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда»-номинациясы бойынша

 Семейлік Темірлан Кәрібжанов бірінші орынға ие болды. Айта кетейік, Темірлан өзінің даралығының арқасында  Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің арнайы грантына ие болды. Ал, екінші орынды Солтүстік Қазақстан облысынан келген Қ. Дәулет пен Өскемендік Б.Қалижан  бөліссе, үшінші орын-  Қостанайлық А.Сәтбай,  абайлық  Е.Төлепбекова және Алматы қаласынан келген Т.Думанға бұйырды.

«Ұлылар әлемі» бөлімі бойынша бірінші орын- М. Мұратханова (Өскемен қ), екінші орын -Н.Бөрібаева (Алматы қ), П. Нусупова (ШҚО)  үшінші орын - 

Э. Абдрахманова (Қостанай обл),  А. Құдайқұл (Жамбыл обл), Д. Мұратова (Ақтөбе обл)  келген өрендер  қанжығаларына байлады.

PS: Осылайша, Ұлылар мекені XVIII  РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АБАЙ ОҚУЛАРЫ байқауын абыроймен өткізді.

 «Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деген хакімнің өз сөзіне жүгінсек, Абай мәңгі тірі, оның  мұрасы халықпен бірге  мәңгілік жасай бермек.

Тоғжан Қалымова

«Абай елі»

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар