Өнер

Бәрекелді!

СЫР ЕЛІНЕН ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

 

Осыдан біраз бұрын Қызылорда қаласының төрінде қазақтың дәстүрлі ән өнерінде саз сырнаймен ән салу мектебін қалыптастырған Нартай Бекежановтың 125 жылдығына арналған «Өздерің білер Нартаймын» атты республикалық әншілер байқауы өткен-ді. Аталмыш байқауға Абай елінің өнерлі қос жұбы қатысып қайтқан еді. Еліміздің ең таңдаулы деген күміскөмей, жезтаңдай жыршылары, дәстүрлі әннің дүлдүлдері бас қосқан додада өнері озық Қайрат Қабышев пен оның өмірдегі де, өнердегі де серігі Ақмарал Мыңбаева ұлы өлкенің ұлылығын таныта білді. Дәстүрлі жыр мектебі қалыптасқан Сыр елінің дүйім жұртын өнерлеріне тәнті етіп, жеңіспен оралған жұпты жеңістерімен құттықтап, жетістіктерін жария етуге асықтық.

Ауданымыздың өнерін өрістету, мәдениетін жаңғырту мақсатында аудан басшысы Тұрсынғазы Мүсәпірбековтың қолдауымен сала мамандарының біліктілігін шыңдау ісі бүгінде жүйелі қолға алынған. Осы жолда еңбегін туған ауылында түлетуде еңбектері ерен Арқаның жыр мектебінің түлегі Қайрат Қабышев пен Ақмарал Мыңбаева осылайша алғашқы жеңістеріне де қол жеткізді. 22 сайыскер қатысқан Сыр еліндегі жыр додасынан Ақмарал Мыңбаева жүлделі ІІІ - орынды иеленсе, Қайрат Қабышев дипломант атанып қайтыпты. Жерлестеріміз жеңістерімен ортақтасып, алған әсерлерімен бөлісті.

Байқау шартына негізделгендей, алғашқы айналымда Нартай әндерін әуелеткен сайыскерлер ІІ - кезеңде өз мектептерінің жырларынан ән орындаған екен. Қатысушылардың өнерін бағалар қазылар алқасы да осал емес. Оның үстіне Нартай ақынның 120 жылдық торқалы тойына қатысқан тіс қаққан жыршылар бұл бәсекеге де бағын сынауға келген екен.

Бірінші айналымда Қайрат Қабышев Нартайдың «Қоштасу» әнін шырқаса, Ақмарал Мыңбаева «Игигай» әнін әуелете салған. Ал, ІІ-ші кезеңде қос жұп «Әсет пен Кемпірбайдың амандасуы» мен Мұхиттің «Айнамкөзін» жарыс жолына алып шығыпты.

-Ең қызығы, бала кезімнен айтып үйренген Нартайдың «Қоштасу» әнін бабына келтіріп шырқай бастағанда айтар жолдары ауызға түспей тосылып қалдым, - дейді әнші Қайрат. - Бұл көрерменнің қамшылаған қошеметінің әсерінен де болса керек. Қатты толқыдым. Себебі, Сыр елі, жыр елі - ән десе дегбірі қашып, делебесі қозатыны тағы бар емес пе? Қалың қауымның мысы басты. Оның үстіне шамалы сырқатым да себепкер болды-ау деймін.

Қайраттың өнер жолы жайлы Ақмарал да шамалы сөз қозғап өтті.

- Жолдасымның өнердегі жетістіктері аз емес. Талай сахнаны көрген ол, сайысқа дайындық барысында көбіне менің дайындығыма көңіл бөліп жүрді. Себебі, бұл менің алғашқы жетістіктерімнің бірі. Барлық қатысушылардың өнері сайыс шеңберінен шыға алмаса, Қайраттың әнді иірімге салып, шебер орындаушылығы дүйім жұртты нағыз өнерге табындырғандай әсерде қалдырды. Артынан Қайраттың өнеріне келіп, үлкендер жағы ақ батасын беріп, тәнті болғандарын жасыра алмай жатты. Мұның өзі Қайрат үшін жеңіспен пара-пар, - дейді жолдасы. Осылайша Сыр еліндегі сайыстан тамаша әсер алып қайтқан өнерлі қос жұптың қуанышы еселі.

Иә, дәуірінде Абай Құнанбайұлының 100 жылдығына орай өткен жыр бәйгесінен қанжығасына ат байлаған Нартай ақынның да кезінде киелі топыраққа келіп қайтуы көп жайтты ұғындырса керек. Осындайда ойға оралады, талай талантты тудырған ұлы мекенде де дүбірге толы жыршылар додасы республикалық деңгейде өтсе нұр үстіне нұр болар еді. Оның үстіне, кешегі есімі елге әйгілі Шәкір Әбенов, Жәнібек Кәрменовтердей ұлы тұлғалары бар ел талантты перзенттерінен кенде емес қой! Дәстүрлі өнердің шоқтығын биіктетер шаралар шымылдығын түрсе, жастардың да талабы шыңдалар ма еді.

Кешегі Жәнібек Кәрменовтың шәкірті болған Қайрат Қабышевтың бүгінгі бір арманы осындай. «Ендігі аралықта шәкірт тәрбиелеуді мықтап қолға алсам» дейді өнер иесі алдағы жоспарларымен бөлісіп.

 

Тоғжан РАХЫМБЕКҚЫЗЫ,

«Абай елі»

Сәулелі сахна

    

Қуыршақ театры қауымға қуаныш тарту етті

Бүгінде Абай елі аймағымыздың өзге өңірлерімен ауданаралық мәдени қарым-қатынас жасау ісін жоғары деңгейге қойған. Жергілікті «қаламқастық» өнерпаздар әуезді ән, күмбірлі күйімен облысымыздың өзге де қалаларымен аудандарын жиі тәнті етіп жүрсе, өз кезектерінде сол өңірлердегі өнер иелері біздің ауданымызға да жиі ат шалдыруда.

               Жуырда Үржар аудандық «Балалар мен жасөспірімдер» театры Абай елінде қонақта болып, Қарауыл ауылындағы мәдениет үйінде өнер көрсетіп қайтты. Өнерпаздар балаларға арналған «Өткір мүйізді бұзау» атты қуыршақ спектаклін сахналады. Сонымен қатар Ө.Боранбаевтың «Жеті түнде желігіп» атты ересектерге арналған әзіл-сықақ қойылымын көрермендерге ұсынды.

Аталмыш театр жайында аз-кем тоқтала кетсек. Бұл өнер ұжымы 2012 жылы Тұңғыш Президент күніне орай құрылып, тұсаукесері өткен болатын. Бүгінде театр құрамында 11 актер қызмет атқаруда. «Керуен» халық театры және «Бота» қуыршақ театрының біріктірілуі негізінде құрылған шығармашылық тобының бүгінгі таңда жеке театр ғимараты да бар. Материалдық-техникалық базасы қазіргі заманға сай жабдықталған. Аудан орталығы Үржар ауылында орналасқан тамаша театрдың жандануына, жүйелі жұмыстар жасауына аудан әкімі Серік Зайнулдиннің және жергілікті мәдениет бөлімінің айрықша қамқорлығы зор екендігін атап өту керек.

           Бұл өнер құрамында прима-актер - Серік Шакенов, театрдың бас режиссері, осы жастар театрының іргетасын қалаушылардың бірі Дәрменқұлов Мейрамғали сынды білімді де білікті, өнерлі тұлғалар қызмет атқаратындығын да атап өткен жөн. Себебі, бүгінде көрермен көзайымына айналып жүрген бұл ұжымның әлі де берері мол екендігі сөзсіз. Айта кетейік, «Балалар мен жасөспірімдер» театры бүкіл Шығыс Қазақстан облысында біреу ғана.

Абайлық қауымды да тамаша театрлық қойылымдарымен тәнті еткен шығармашыл топқа қойылым соңында аудан халқы шексіз алғыстарын, зор қошеметтерін жаудырып жатты. Қазіргі таңда репертуарларында әлем классикасынан Ш.Айтматовтың «Ана, Жер ана» трагедиясы, қоғам қайртакері М.Жолдасбековтің «Бәйтерек» поэмасының негізінде жазылған музыкалық-поэтикалық қойылымы, Жан-Батист Маллердің «Ақымақ болған басым-ай» комедиясы, балаларға арналған «Үш апельсин», «Өжет қораз», «Қызыл телпек», «Алладиннің сиқырлы шамы», қуыршақ спектаклдерінен «Шалқан», «Өткір мүйізді бұзау», «Жол жүру ережелері» сынды спектакльдері бар.

           Сонымен қатар, үржарлық өнерпаздар біздің жерлесіміз Ө.Боранбаевтың «Жеті түнде желігіп» атты комедиялық шығармасын абайлық көрермендерге ұсынып, тамаша әсер сыйлай білді. Шағын камералық топ көркем түрде өнер көрсетті. Бұл сахналық туынды қазіргі заманның күйбең тірлігін шынайы суреттеп, адами құндылықтарды сақтауға шақыратын тың да берері мол қойылым. Аталмыш спектакль өткен жылы ІІ-ші облыстық «Халық театрлар» байқауында бас жүлдені жеңіп алған болатын.  

           Мәдени іс-тәжірибе алмасу мақсатында облыстың бірнеше аудандарында, айта кетсек Жарма, Аякөз аудандарында іс – сапарда болып, соңынан ұлылар мекеніне арнайы келген ұжым жергілікті тұрғындардың ризашылығына бөленді.

 

«Абай елі» ақпараты

Сәулелі сахна

 

                                         ОЛАР БЕС ЖЫЛДЫҢ БЕЛЕСІНДЕ

 

Шілденің 12-і күні аудандық Мәдениет үйінде жастар үшін ерекше шара өтті. Республикалық Жайдарман ойындарының жоғары лигасындағы үздіктердің бірі, қазақ елін күлкімен баурап, биімен тәнті етіп жүрген «Альянс» командасы Абай елінде шығармашылық кеш өткізді. Салтанатты шара команданың құрылғанына 5 жыл толуына орай ұйымдастырылыпты.

Өнерлі жастардың бұл жиыны шығармашылық кеш емес, көпшілікке мереке сыйлаған думан болды. Себебі көпшілік көзайымы болып үлгерген команда абайлық көрермендерін де кеш барысында жылдам баурап алды. Астарлы әзілдер, шынайы өмірден алынған әсерлі көріністер жас дарын иелерінің кәсіби шеберліктерін айғақтап тұрды.

Кеш бөлімнен түзілді. Бірінші бөлімде жайдарманшылар өздерінің үздік әзілдерімен бөліссе, екінші бөлімде көрермен қауыммен сұхбаттасып, қайым айтыс үлгісінде сұрақ-жауап өткізді. Үшінші бөлімде альянстықтар қызықты ойындар ұйымдастырып, көңілді миниатюраларын көрермен назарына ұсынды.

Кеш орайында команда капитаны Еркебұлан Еңкебаев арнайы пікір де білдірді:

- Команда құрамында жеті адамбыз. «Альянстың» 5 жылдығын облыс көлемінде атап өтсек деген жоспарымыз бар. Әуелі Курчатов қаласынан бастаған едік, міне Абай еліне де ат басын тіредік. Жолымыз түскен бұл сапарымыздың қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 170 жылдық мерейтойы қарсаңында өткізілгеніне қуаныштымыз. Бүгінгі кешімізді қолдап, қошеметтеп жатқан көрермен қауымға алғысымыз шексіз! Ендігі арада шілденің соңына дейін облысты толық қамтып, Қазақстанның басқа өңірлеріне іс сапармен жол тартпақпыз, - деп алдағы жоспарларымен де бөлісті.

            Өнерлі жастарға біз де сәттілік тіледік.

 

Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі»

6 шілде-Елордамыз Астананың туған күні

                     АСТАНА КҮНІ   асқан үнмен аталып өтті                                                                                                                                                                                

Елбасының көреген басшылығымен және көрсеткен бағытымен бой көтерген бір кездегі құрылыстар алаңы қазіргі күні Сарыарқаның сары белін қайыстырып, алып шаһарға айналды. Осындай жаңа қалаға, тәмам жұртты көркімен тамсандыратын Елордамызға да 17 жылдың жүзі болыпты.

Осылайша, небәрі 17 жылдың ішінде Астанамыз әлем жұртшылығы таныған айбыны асқақ, шырайлы шаһарлардың қатарына қосылды. Елорда еліміздің ең ірі саяси және экономикалық, һәм мәдени орталығына айналып отыр. Ғасыр ғажайыбы атанған бұл қала дүние жүзіне зиялылық нұрын төгетін, аталы сөз айтылатын орталыққа айналды. Сол себепті де тоғыз жолдың торабындағы Еуразияның сәулетті қаласы болып саналады.

6-шілде Қазақстан Республикасы астанасының туған күні. Астана күні - барша қазақтың тойы, көпке ортақ мереке! Бұл біздің еліміздің жаңа орда тігіп, ақ сарай салдырған күні, ұлы өзгеріспен әлемді таңдандырған күн, қазақ сахарасының даңқын шығарып, шамшырақ жандырған күн, жасампаз ел ретінде есімін мәңгі тарихта қалдырған күн! Сол үшін де бұл мерекенің мәні терең, айрықша қастерлі...

Атаулы күнді атап өтуден Абай елі де тыс қалып көрген жоқ. Қарауыл ауылының тұрғындары биылғы жылы да «Жарқырай бер мәңгі Астана!» тақырыбымен Астананың туған күнін «Құнанбай қажы» атындағы алаңда үлкен сән-салтанатпен бастады.  Аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлы, аудан әкімінің орынбасары Ерлан Арнаұлы және Қарауыл ауылдық округінің әкімі Құсман Ғимранұлы, мекеме басшылары осынау мерекелік кештің куәсі болды. Мұндай салтанатты сәттер көңілге қуанышты шуақ құйып, бұл күннің асқақ мереке екендігін ұқтыратын еді. Әсіресе, өскелең ұрпақ, жасөспірімдер үшін мұндай шараның Астана күнін жалпыұлттық мейрам ретінде сезінулері үшін берері мол. Бал-бұл жанған жүздер, шаттыққа толы күлкілер, жарқын құшақ, ыстық сәлемдесулер, бүлдіршіндердің Астана күніне арнап асфальтқа салған айшықты суреттері, Астана жайлы асқақ айтылған әндер қабат қосылған шақта алаңдағы көпшіліктің расында да мерекелік көңіл күйде екенін аңғаруға болатын еді. Думанды кеш Абай елінің орталығында осылайша басталып кетті.  

Бірінші кезекте Қарауыл ауылдық округінің әкімі Құсман Берлешов аудан жұртшылығын осынау мерекелерімен құттықтап, ақжарма лебізін жеткізді. Бұдан соң Астана тақырыбында асфальт бетіне өздерінің ой-танымдарын қарындаш арқылы жеткізген шебер суретшілер марапатталды. Жүлделі І-орынды Құмаров Байсиық қанжығасына байласа, ІІ- орынды Кәкітаева Аяжан, ІІІ- орынды Ернар Имаханов еншіледі. Мерекеге орай әр ауылдық округтерден өнерпаздар ән шашуларын ала келіпті. «Қаламқас» ән-би ансамблінің жас әншілері Еркін Жолжігітов, Дәулет Сағатов және Азамат Елужанның орындауындағы «Өз елім» әні, тоқтамыстық Нұрбек Әмірғалының орындауындағы «Жерім менің», құндыздылық Еркін Зейтінұлының «Көк тудың желбірегені»   әндері де патриоттық рухқа толы еді.   Аталмыш шара барысында ауылдың алты ауызына да кезек берілгенін айта кеткен жөн. Абай елі дарынды ұл-қыздардан кенде емес қой. Мерекелік кеш барысында Кеңгірбай би ауылынан Болат Байтөсов, Құндызды ауылынан Ерғанат Төлендиев, Қасқабұлақ ауылынан Қонақаев Ормантай Елбасымыз бен Астанаға арналған жырларын оқып, төл туындыларынан шашу шашты.

Көптің алдында өтіп жатқан бұл мәдени шараның өн бойын әнмен әрлеп, күймен күптеп отырған «Қаламқас» ән-би ансамблінің өнері бір сәтке де тыным тапқан жоқ. Сонымен қатар саржалдық Әдікенов Әділеттің ұлттық аспабымызбен орындауындағы «Сарыбидай» әні, Би аталық жас өнерпаз Дидар Кеңесханованың «Қазақ елі», саржалдық Бейсенбай Сағындықтың домбырамен шырқаған «Ой жайлау», архаттық Манапова Әйгерімнің тамылжыта салған «Туған жер», Советбекова Дильяраның «Үнді биі»,   Қасқабұлақ ауылының өнерпазы Толғанай Слямжанованың «Қазақстан, алға!», медеулік Қарлығаш Абухасованың орындауындағы «Жібектің елі», медеулік Жаннұр Төлеубаева мен Көркем Оразалинаның орындауындағы «Астана», Нұржан Оразалиннің «Мерекем»,   құндыздылық Майгүл Әсенованың шырқауындағы «Қазақтың ерке қызымын», Жандос Тәубектің орындауындағы «Белгісіз бағым», Думан Болаттың «Ай мүсін» әндері көңілдерге шуақ шашып, әсем әсерге бөледі. Концерттік бағдарлама аясында алаңға жиналған қауым «Ойлы болсаң-озып көр» айдарымен Астана қаласына қатысты викториналық сұрақтарға жауап беріп, тапқырлар бағалы сыйлықтармене мапаратталды.

Кеш шымылдығы «қаламқастық» әнші жігіттерден құралған трионың «Қазақтай ел қайда!» әнімен түсірілді. Мерекелік думанды кеш жастардың би кешіне ұласты.

Астана болашақтың қаласы. Оның алдағы уақытта одан әрі гүлденіп, көріктеніп, асқақтай түсеріне еш күмән жоқ. Қазақстан елінің басты ордасы әлемнің назарын өзіне аударып, талай ізгілікті шаралардың негізгі бастамашысы, ұйытқысы бола беретіні анық. Тек Астананы арқау еткен бүгінгі ел ол арқылы Тәуелсіздігіміздің туын тік ұстайды. Ендеше Астананың туған күнін көпшілік болып атап өту, ел ретінде іргемізді нықтауда, ұлт ретінде ұйысуда берері мол игілікті шаралар болып табылмақ.                                      

                                                                                   Анар СӘРСЕНБИНА,

                                                                                                «Абай елі»

 

 

 

 

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУДА ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ

 

Жақында Семей қаласында ІІ – ші республикалық Латиф Хамиди атындағы байқау болып өтті. Қандай өнер бәйгелері мен байқаулар болмасын қатысудан қалыс қалмайтын ауданымыздағы өнерлі ұжым - Ж.Кәрменов атындағы саз мектебінің өрендері бұл жолы да бақтарын сынап, жоғары талап деңгейінен көрініп, атаулы орындарды иеленіп қайтты.

Бұл байқауға аталмыш мектеп директоры Зағипа Айтқазықызы мен оқушылардың жетекші ұстаздары да шәкірттерін баптап апарған еді. Балғындар байқауына республикамыздың барлық аймағынан 540 бала қатысып, өзара шеберлік байқасты. Атап айтсақ, мектебіміздің домбыра аспабының оқушысы Оразқызы Толқын мен Жұмаханова Дарина ерекше қабілеттерінің арқасында жүлделі ІІ – орынды иеленсе, Маденова Мадина ІІІ – ші орынға табан тіреген болатын.

Өнердің қыл – қобыз аспабынан сынға түскен Қайсаханова Мадина мен Бірлікқалиева Асыл ІІ – ші орынды жеңіп алса, фортепиано аспабынан Төлеубекова Мөлдір ІІІ – ші орын, баян аспабынан Ғылыммедден Еркебұлан ІІІ – орынды иеленді. Сондай-ақ, Серікқызы Айгерім үздік өнер көрсеткені үшін арнайы марапатқа лайық деп танылды. Мектеп дәрежесін асқақтатқан Ж.Кәрменов мектебінің ұстаздарына да сертификат пен грамоталар табысталды.

Алдағы уақытта аталмыш мектеп ұстаздары мен оқушыларына сәттілік тілейміз.

Іңкәр БЕРІКҚАНҚЫЗЫ,

Ж.Кәрменов атындағы саз мектебінің

баян аспабының мұғалімі.

 

                                                                                                                                                  

«Қаламқастың» өнер сапары

 

           Үстіміздегі жыл - ұлылар мекені атанған Абай елі үшін ерекше есте қалмақ.Олай дейтініміз, биыл қазақ халқының кемеңгері Абай Құнанбайұлының 170 жылдық мерейтойы. Аталған мерейтой қарсаңында ауданда бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстар мен игілікті істер баршылық. Оның ішінде мәдениет саласы бойынша Республикаға танымал, Абай елінің мақтанышына айналған «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің облысымыздың аудан, қалаларына гастрольдік сапары ұйымдастырылуда.  

Атап айтсақ, аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбековтің қолдауымен 22-23 мамыр күндері «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің ұжымы Үржар ауданына өнер сапарымен барып, Таскескен, Үржар, Мақаншы ауылдарына өз өнерлерін көрсетіп қайтты.

Аудан әкімінің орынбасары Ерлан Лдибаев бастап апарған ансамбль мүшелерін Үржар ауданының шекарасынан қарсы алған аудан басшылығы концерттің жоғары деңгейде өтуіне ерекше қолдау көрсетті.

Таскескен, Үржар, Мақаншы ауылдарындағы концертті тамашалауға келген көрермендер «Қаламқастың» ардагер әншілері Б.Шағатаева, Т.Көзбаева және К.Төлеухан, Н.Демесінова, Ж.Хайсиналардың, дәстүрлі әншілер Қ.Байдашев, Қ.Қабышев, А.Мыңбаевалардың шырқата салған әндеріне ризашылықпен қол соқса, жас әншілер - Н.Кәрібаев, Д.Сағатов, Е.Жолжігітов, А.Елужанұлы өз өнерлерімен жиналған қауымды тәнті етті.

       Сондай-ақ, ансамбль құрамындағы «Саз сырнай», «Ғасыр» топтарының орындауындағы «Дедімай-ау», «Домбыра» шығармалары тыңдаушылар үшін тың дүние болды. Жиналған жұртшылықтың ыстық ықыласын пайымдасақ,  «Тұяқ дүбірі», «Ой жайлау» сияқты қазақ билерін қоюда А.Айтбаева мен З.Кәріпжанованың еңбегі еш кетпегендігі байқалды.

Сапар соңында Үржар ауданы әкімінің орынбасары С.Садуақасов аудан әкімі Серік Зинабекұлының атынан Абайлық өнерпаздарға арнайы сый-сияпат жасап, ансамбль мүшелеріне шығармашылық шабыт тіледі.

Өз кезегінде «Қаламқасты» ұзақ сапарға бастап апарған аудан әкімінің орынбасары Ерлан Арнаұлы да ерекше ілтипатпен қарсы алып, концерттің жоғары деңгейде ұйымдастырылуына ұйытқы болған Үржар ауданының басшылығына, Таскескен, Мақаншы ауылдарының әкімдеріне зор алғыс айтып, екі ауданның мәдениет саласында «алтын көпір» орнағанына ризашылығын білдірді.

Сонымен қатар, ансамбльдің осы сапарындағы тағы бір игілікті ісі –қайтар жолда «Науалы» балалар үйіне арнайы ат басын бұрып, балаларға арнап концерт берді. «Қаламқастықтардың» өнері қамкөңіл балаларды бір қуантып тастады.Тәрбиешілер мен балалар ізгі тілектерін білдіріп, ансамбль мүшелеріне сәт-сапар тілеп, естелік фотосуретке түсті.

         Маусым айының 4-7 күндері Тарбағатай, Зайсан, Көкпекті аудандарында өз өнерлерін көрсетуге сапарға жиналған «Қаламқастықтарға» сапарларыңыз сәтті болсын дейміз!

Толқын Берікбекова

Ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру

және спорт бөлімінің жетекші маманы

 

Абай оқулары

АУДАНДЫҚ КЕЗЕҢНІҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

           

Абайдың 170 жылдық мерейтойы биылғы жылдың айшықты мерекесіне айналары анық. Айтулы шаралар тізбегі қазіргі күннің өзінде қызу басталып кетті. Ал олардың қатарында мектеп оқушылары арасында өтетін XVI республикалық Абай, Шәкәрім оқуларының алар мәртебесі қашан да биік. Жуырда Жидебайдағы жыр бәйгесіне жолдама алған ұлылар елінің өрендері де іріктеуден өтіп, аудан намысын қорғайтын дарын иелерінің есімдері анықталды.

            Әуелі аймақтық кезеңде бақ сынап, одан кейін аудандық кезеңде шеберлік сынасқан оқушылар биылғы Абай, Шәкәрім оқуларына үлкен дайындықпен келгендерін көрсетті. Әсіресе, хакім жырларын мәнерлеп оқу бөлімі бойынша, бастауыш сынып оқушыларының белсенділік танытқаны дәстүрлі шараның маңызын тіптен айшықтай түсті. Айтар болсақ, өз тобында үздік өнер көрсетіп, ІІІ орын иегері атанған Мамай негізгі орта мектебінің 3-ші сынып оқушысы Карчалова Маржан жас ерекшелігіне қарамай 70-тен аса өлеңді жаттап келсе, ІІ орын иегері Көкбай орта мектебінің 3-ші сынып оқушысы Нұртасұлы Заңғар хакімнің «Ескендір» поэмасын мүдірместен оқып шығып, көрермен көзаймына айналды. ІІ орын иеленген Әуезов орта мектебінен келген қатысушы Амангелдинова Аружан өлеңді оқу мәнерімен дараланды. Ал, І орын иегері атанған Шәкәрім орта мектебінің 10 сынып оқушысы Дінслиямова Аружан 200-ден астам өлең жаттап келіп, мерейі үстем болды. Республикалық бәсекеде өнер көрсететін Аружан ендігі аралықта аудан үмітін арқаламақ.

            «Көңілім әнді ұғады» деп аталатын екінші бөлім бойынша, ордалық Қабылқақова Еркемай «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» әнін орындап ІІІ орынға табан тіресе, ІІ орын тұғырынан Қасқабұлақ ауылдық округінен келген Болатқазы Мұхит пен Әділбекова Жанерке көрінді. Айта кететін бір жайт, Әуезов орта мектебінің 7 сынып оқушысы күміс көмей әнші Ж.Елебековтің нұсқасындағы «Көзімнің қарасы» әнін нақышына келтіре орындап, жоғарғы ұпайға ие болды. Ол І-ші орынға пара-пар өнер көрсетті. Десекте, әділ-қазылар шешімі бойынша, республикалық додаға Абай мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Орынжанова Ақберен лайық деп танылды.

            «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» аталатын үшінші бөлімде оқушылардың жеке шығармашылығы сараланды. Аудандық кезеңге дайындалып келген жас ақындар биылғы жылдың айтулы даталары - Жеңістің 70 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы сияқты тақырыптарды кеңінен қамтығандарын көрсете алды. Заманының заңғар ақыны Қадыр Мырзалиев:

«Кей жырдың айғайлаған күші басым,

Кей жырдың сырты Абай, іші Қасым.

Өлеңнің көптігіне қуанасың,

Ақынның аздығына қысыласың»

- деп жырлағанындай, поэзия кеші барысында лирикалық тақырыптар да, оқушылардың ой-толғамдары да, элегия жанрындағы өлеңдер де көптеп оқылды. Мәселен, медеулік Ақтайлақ Наргиздің кеше ғана дүниеден озған жас ақын Дулат Аюбаевқа арнаған жыр жолдары көрермен көпшілікті тебірентпей қоймады.

            Бөлім қорытындысы бойынша, Әуезов орта мектебінің 7 сынып оқушысы, өткір мінезді жас ақын Айтмұхаметов Әділет пен Қарауыл гимназиясының 8 сынып оқушысы, сыршыл лирика иесі Садырбекова Диана жүлделі ІІІ орынды иеленіп, Абай мектеп лицейінің 9 сынып оқушысы, кесек ойды өлеңіне арқау еткен жас ақын Саметова Хамидаға ІІ орын бұйырды. Ал, Қарауыл гимназиясының 10 сынып оқушысы Оралқызы Зарина жыр кешінің жүйрігі болып, І орын иегері атанды. Зарина алдағы уақытта республикалық додаға ауданның үкілеген үміті болып қатыспақ.

            Талаптарын ұштап, қанаттарын қомдап, «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» сынды хакімнің өзі өсиет еткен қасиеттерді бойларына қалыптастырып келе жатқан жас дарындарға алдағы күзде болатын Абай, Шәкәрім оқуларында сәттілік тілейміз! Ақ жол болсын!

 

Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі»

Жас жүрек жайып саусағын...

 

АҚБӨПЕНІҢ ӘНІ АЛМАТЫЛЫҚТАРДЫ ТӘНТІ ЕТТІ

 

Өнер әлеміне енді ғана бойлап келе жатқан абайлық жас өрен Ағдариева Ақбөпенің алғашқы аяқ алысы үлкен сахнадағы тілекші аға буынды да қуантуда. Талапты өреннің бүгінгі жетістігі оның ертеңгі жарқын болашағын аңдататындай.

 

Ақбөпенің ән әлеміндегі қазіргі аяқ алысы көңіл қуантады. Осыдан біраз бұрын ғана Түркия мемлекетіндегі халықаралық ән байқауына барып топ жарып қайтқан болатын. Республикалық, облыстық фестивальдардан еншілеген жүлделері бір төбе. «Тіл көз тасқа» Ақбөпенің бағындырған биіктері еріксіз тамсандырады. Жақында Алматы қаласында өткен «Самға жұлдыз» республикалық балалар және жасөспірімдер байқауында да өрісті өнерімен тыңдармандарын тәнті етіпті. Бұл өнер сынында бағы мен бабы қатар астасқан Ақбөпе Қуатбекқызы 210 қатысушының арасынан суырылып шығып, «эстрада вокал» номинациясы бойынша ІІ - орын жүлдегері атанды.

Кішкентай ғана өнер иесінің талантына тәнті болған белгілі әнші, Қазақстанның халық әртісі Майра Ілиясова абайлық өренге ерекше ықылас тынытып, «сәулелі сахна жолындағы өнерімнің жолын берсін» деген ізгі ниетпен, мойнындағы моншағы мен білезігін, сырғасын Ақбөпеге тарту ретінде ұсыныпты. Әрине, бұл сыйды елі құрметтеген өнер иесінің өрімдей қыздың талабына тәнті болғандығы, ақ жол тілегендігі деп түйдік. Ақбөпенің бойындағы қабілетін танып, әншілік қырын ұштауда ұстазы Фариза Сахариеваның да еңбегі еселі.

Өреннің байқауға қатысуына қолдау танытқан аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков пен өнер жанашыры Әсет Мырзақасымға Ақбөпенің ата-анасының айтар алғысы зор. Ал, біз өз кезегімізде дарын иесін жүлделі жеңісімен құттықтай отырып, алар асуы, бағындырар белесі көп болсын демекпіз!

 

«Абай елі» ақпараты

Page 3 of 4

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!