Өнер

Өткен жылы жаз айларында Шыңғыстау өңірінде «Құнанбай» фильмі түсірілген болатын. Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлық иегері, көрнекті қайраткер, режиссер, продюсер, толықметражды көркем фильмнің бас кейіпкері Досхан Жолжақсынов және «Қазақфильм» АҚ вице-президенті Дидар Амантай «Құнанбай» фильмінің тұсаукесерін Қарауыл ауылында өткізуді жөн көріпті.

         12 мамыр күні Жастар үйінің кинозалында және Мәдениет үйінде өткен екі көрсетілімге де халық көптеп келді. Түсірілім барысында ат салысқан аудан тұрғындары экраннан өздерін тауып, танып маз болысқандарын да көрдік. «Жаушы» фильмінен кейін уақыт салып түсіріліп отырылған фильм өңіріміздің тарихының тағылымын тағы бір танытқандай болды.

         Премьерға қатысқан белгілі мәдениет қайраткері Д.Жолжақсынов, «Қазақфильм» АҚ вице-президенті Д.Амантай, аудан әкімі Т.Мүсәпірбеков, ауданның ардақты ақсақалы М.Толғанбаев республика бойынша Ұлылар мекенінде алғаш көрсетілген фильмнің тұсауын кесті.

         Досхан аға өз сөзінде: «Осы Құнекеңе келгенде, киноға келгенде бәлкім, қағыс айтсам басқа қазақ кешіре жатар. Басқа қазақ бір бөлек, сіздер бір бөлексіздер! Әрине, киноның бүгін тұсауы кесілгенмен,әлі талай жүретін жолы бар. Бірақ бір нәрсе хақ! Менің өнерім әуелі қазағым үшін!» деп атап өтті.

Кеште аудандық мәслихат хатшысы Т.Аманғазин фильмге қатысты қысқаша баяндама оқыды.

         Фильм 13 мамыр Семей, 16 мамыр Астана, 24 мамыр Алматы қалаларында талғампаз жұршылықтың назарына ұсынылмақ.

 Нұржан БАЙТӨС

«Абай елі»

 

Мәдени ықпалдастық

Абайдың 170 жылдық мерейтойы қарсаңында, театр күніне орай Семей қаласындағы ең үлкен өнер ұжымы - Абай атындағы музыкалық драма театры ауданымызға іссапармен келді. Аймағымыз бойынша іргелі өнер ордасының директоры Бауыржан Төлеков бастаған өнерпаздар аудан төрінде «Еңлік-Кебек» пьессасын сахналады.

 

         Шәкәрім Құдайбердіұлы мен Мағауия Ибраһимұлының поэмаларына арқау болған ғашықтар трагедиясын жазушы Мұхтар Әуезов тұңғыш рет осыдан жүз жылға тарта уақыт бұрын қазіргі Абай жеріндегі Ойқұдықта сахнаға шығарғаны белгілі. Сол замандағы қос ғашық Еңлік пен Кебек, Батыр Есет және қатал үкім кесуші билер бейнесін осы күнге дейін театр өнерінің төл туындысы етіп, тарихи оқиғаны келер ұрпаққа дәріптеп жүрген әйгілі өнер саңлақтарының көш басында аталмыш ұжым актерлері де бар. Алаштың рухани астанасы - Семей қаласы десек, құрылғанына биыл 80 жыл толған Абай театры М.Әуезов шығармаларын сахналауда көпке үлгі.

         Абай еліне іс-сапар ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған ұжым бұл жолы да жергілікті көрерменге тарту ретінде екі спектакль ала келген екен. Оның бірі жоғарыда аталған ғашықтар трагедиясы болса, екіншісі қоғамымыздың ең жас өкілдері мектеп оқушыларына арналған «Алдар Көсенің сиқырлы дүрбісі» атты ертегілік қойылым болды.

         «Еңлік-Кебек» трагедиясын тамашалауға келген қауымның қарасы мол болды. Осыдан-ақ, Абай елінің өнердің қай саласына болмасын жанашыр екендігін аңғаруға болатындай.

Кер заманның керағар оқиғасына тап келген қос жастың тағдыры мен рулар тартысы бейнеленген көріністерде көздеріне жас іркіп, Жапалдың қылықтарына күлмеген жан жоқ болар. Бәлкім осы себепті де, бұл туынды ғасырға таяу уақыт бұрын жазылса да, болашақ ұрпақ үшін тәрбиелік, эстетикалық құндылығын жоғалтпай келеді.

Спектакльдерді ойнаған әртістерге тоқталар болсақ, Нысан Абыз рөлінде жерлесіміз, Абай ауданының «Құрметті азаматы», ҚР Халық артисі Бекен Имаханов, Кеңгірбай би рөлінде ҚР Еңбек сіңірген қайраткері - Ноғайбаев Болат, Еңлік рөлінде артист, ҚР Мәдениет саласының үздігі - Бекбаева Сәндібала, Кебек рөлінде артист Бакимбаев Думан, Есен рөлінде Божанов Қайрат, Еспембет образында ҚР Мәдениет қайраткері Әшімбеков Сапарбек, Жапал рөлін сомдаған ҚР Мәдениет қайраткері Сыдықов Мырзахан, Қараменде би рөлін Омашев Бекзат, Көбей рөлін Нұрғамыс Азамат сомдады. Мұнымен қатар өзге рөлдерді ойнап шыққан ҚР Мәдениет қайраткері Тоймбаева Бақыт, әртістерден Кабышева Динара, Тураисов Тілекжан, Ташимбетов Айтбек,  Хасенов Нұржан, Ахметов Ерен, Рамазанова Альмира сынды өнер майталмандарына аудан халқының алғысы шексіз болды. Бұл спектакльде өнер көрсеткен әртістердің басым көпшілігі топырағы құтты Абай елінің тумалары екендігі көңіл марқайтты.

         Театр директоры Бауыржан Төлековты әңгімеге тартқанымызда өнер ұжымының алдағы уақыттағы жоспарымен таныстырып өтті. Репертуарында 30-ға тарта спектакль бар актерлер сәуір айының 18-19-ы күндері Абай театрының сахнасында режиссер Ербол Жуасбек сахналаған «Абай» трагедиясының премьерасын өткізбек екен.

- Театрымыздың тағы бір тың жаңалығы - жас буын әртістерді тарту арқылы  жұмыспен қамту да жолға қойылып келеді. Бұл шара өз кезегінде қойылымдардың сапалық деңгейін арттырып, театр өнері сынды байырғыдан келе жатқан рухани құндылығымызды мәнді етуде сүбелі үлес қосуда, - деп атап өтті бас режиссер.                                                                                                              Абай ұлағатын ұлықтау жолында мүдделері жиі тоғысатын ауданымыз бен семейлік іргелі өнер ұжымының мәдени-рухани байланысы әлі де арта береді деп сенеміз.

 

Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі»

 

Жұлдызды ән кешінде

Нұрбек Өмірбековтың шығармашылық концерті

Өткен апта абайлықтар үшін айшықты ән кешімен де есте қалды. Шыңғыстау жеріне астаналық бір топ эстрада әншілері арнайы ат басын бұрып келген болатын. Ауданымызға жұлдызды көшті бастап келген жерлесіміз, дарынды әнші Нұрбек Өмірбеков болды. «Туған жер» тақырыбында өткен әсерлі концерт аудандық Мәдениет үйінде өтті.

 Абай елінен үлкен сахнаға жол тартқан жастар қатары бүгінде көп-ақ. Солардың бірі - Нұрбек Өмірбеков. Бес жылдан аса ғана уақыт өтсе де республиканың үлкен сахналарын бағындырып үлгерген, «Х-FACTOR» жобасының финалисі, бірнеше республикалық байқаулардың жеңімпазы Нұрбек қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, танымал әнші, белгілі сазгер Құрмаш Маханмен бірлесіп, ауданымызда шығармашылық концерт өткізуді жөн санапты.

Нұрбекті әңгімеге тартқанымызда ол осы сапары жөнінде пікірімен бөлісті:

- Өзімнің туған мекенім Абай жерінен жырақта жүргеніме бес жылдай уақыт өтіпті. Бүгінде репертуарым 200-ге тарта әнмен толығыпты. Туған өлкеме тағзым ретінде шығармашылық концерт ұйымдастырып, өз бағдарламаммен таныстыруды жөн санадым. Алдағы үлкен өнер әлеміне аяқ басқан сәтте елімнің батасын алғым келді. Осынау мәдени шараға қазақ эстрадасының бүгінгі жұлдызы, өнердегі ағам Құрмаш Махан бастаған бірнеше әріптестерім серік болып келіп отыр, - деп атап өтті.

2011 жылдан кейін екінші рет Абай топырағына аяқ басқан Құрмаш Махан биылғы жылы жаз айларында мүмкіндігінше тағы да арнайы сапармен келетінін жеткізді.

Шығармашылық концерт бірнеше бөлімнен тұрады екен. Мәселен, алғашқы  бөлімде жерлесіміздің әндерін жекелеме орындауында ести алсақ, екінші бөлімде Құрмаш Махан елге танымал әндерін көрермен қауымға тарту етті. Үшінші бөлім Нұрбек Өмірбековтің және қасына ере келген өнер майталмандарының дуэтінен түзілсе, төртінші бөлімде Құрмаш Махан халыққа насихи әндерін, яғни дінімізді дәріптейтін рухани мағынаға толы шығармашылығымен сусындатты. Ал бесінші бөлімде әнші Нұрбек орыс, испан, итальян, украин сынды шет тілдеріндегі әуезді әндерді әуелетсе, алтыншы бөлімде Құрмаш Маханның жарыққа шыққан жаңа әндеріне кезек берілді.

Мәдени шараға жиналған жұртшылық кеш иелеріне зор қошемет білдіріп, жайдары көңіл-күймен тарасты.

 

«Абай елі» ақпараты

Сазгер  мерейтойы

«Бір бәйтерек, бір шынар», «Мен қазақпын», «Рахмет дала» әндерін білмейтін қазақ кемде кем. Осынау сиқырлы сазы бар әсем әуендердің авторы Кентау Назарбек ердің жасы елуге толған мерейтойына орай әуелі өзі туған Ұлылар елінде шығармашылық кеш өткізуді жөн санапты. Мерекелік кеш 27-ші наурыз күні ауданның мәдениет үйінде өтті.

         1993 жылы «Үкілі үміт» атты компазиторлар байқауының, Абайдың 150 жылдық мерейтойына арналған республикалық композиторлар байқауының жүлдегері, 2013-2014 жылдардағы республикалы патриоттық әндер байқауының жеңімпазы, Қазақ ұлттық өнер университетінің ғылыми қызметкері, Қазақ ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр академиясының профессоры, жерлесіміз, танымал сазгер Кентау Назарбек Абай еліне арнайы ат басын бұрып келді. Мақсаты - өзі туып-өскен өлкесіне Қазақ хандығының 550 жылдығына орай думанды кеш өткізіп, Шыңғыстау төрін әнге бөлеп, жерлестеріне мерекелік көңіл күй сыйлау екен.

         Бүгінде ән қоржынында 50-ден аса туындысы бар авторы 50-ге аяқ басып отыр. Бұл ретте абайлық өнерпаздар да мерейтой иесін құрметпен қарсы алып, әріптес ретіндегі көмектен аянып қалмады. Оған мысал ретінде «Қаламқас» ән-би ансамблінің әуезді ән шашуын айтуға болады. Атап айтсақ, алты Алашқа таралған «Мен қазақпын» әнін Қ.Байдашев орындап, «Ару қыз» әнімен Е.Жолжігітов жастар жанын тербесе, өнарпаз А.Мыңбаева мен Қ.Қабышев, Д.Сағатовтар да әннен сыбаға тартты. Ал, Б.Шағатаева «Семейім» әні мен Т.Көзбаева орындаған  «Рахмет дала» әні жұртшылық жүрегіне жылы ұяласа, «Абай өлеңін» орындаған К.Төлеухан автордың мерейін тасыта түсті.

         Сазгердің «шашбауын көтере» келген қадірменді меймандар қатары да көп екен. Семей қалалық мәдениет үйінің директоры, дәстүрлі әнші Н.Иманбаев, Архат өңірінің тумасы, бүгінде ел назарындағы елеулі әнші Ж.Мұсағали және халықаралық байқаулардың жеңімпазы, күміс көмей әнші, «Молдабайдың әнімен» танымал дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали бұл кештің құрметті қонақтары болды.

Сондай-ақ, мерейтойлық шараға Кентаудай сырлы сазгердің өнердегі орны ерекше бір ағасы қатысты. ҚР мәдениет қайраткері, Ж.Елебековтың шәкірті Амангелді Жікеновтей әнші аға «Ақмарал» әнімен тыңдарманды  баурап алды. Аудан тұрғындары сондай-ақ кеш иесінің апайы Бақыт Назарбекованың орындауындағы «Әнім туған еліме!» атты сазын тыңдап, Кентау Назарбековтың өнердегі болашақ ізбасары, қызы Тұмардың бал тілінен тамған балғын әніне де зор қошамет көрсетті.

         Жерлесіміздің әндері осылайша абайлық әнқұмар көпшіліктің құмарын бір қандырды. Одан бөлек мерейтой иесіне деген тартулар да кеш шырайын кіргізді. Шараға қатысушы, мәдениет саласының танымал өкілі, айтыскер ақын Әсем Ережеқызы Ұлылар еліне арнауын жолдап, өнердегі ағасына  ақжарма тілегін өлеңмен өрді.  Сондай-ақ, медеулік Жаннұр Төлебаеваның Кентау Назарбековтың ақындық қырын ашқан «Бәйтерегім-шынарым» өлеңін оқуы да дарын иесін мерейлендіре түсті.

         Кеш соңында сазгердің өз орындауындағы әнді де көрермен ілтипатпен тыңдады. Әсіресе, «Жұлдызды тағдырыңмын» әніне көпшілік ұзақ қол соқты. Артынша «Қаламқас» ән-би ансамблі орындаған ән сахналандырылған көрініске ұласып, әуен табиғаты көркемдік сипатқа ие болды.

         Мерейтой иесіне аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлы бастаған мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері, жалпы өнердегі ағалары мен  ауданымызда тұратын туыстары құрмет көрсетіп, арнайы әкелген сый-сияпаттарын тарту етті.

 

 Нұржан БАЙТӨС

 

Астана. 4 сәуір. Baq.kz - Астаналық өнер жұлдыздары мен кәсіби музыканттарға арналған «Zhandaus» атты алғашқы продюсерлік орталықтың ашылу салтанатында есімі ерекше, өзі тек қазақ халық әндерін орындайтын Қамарсұлудың танымал әнші Жазира Байырбекованың әпкесі екендігін біліп, өнерлі отбасынан шыққан аруды сөзге тартқан едік.

 

 - «Қамарсұлу» деген есім бұрыннан ұнайтын. Өзім халық әндерін орындайтын болғандықтан қазақ әндерін «Қамарсұлу» деген есіммен танытқым келді. Бір жағынан ән айтып тұрғанда менің дауысым, түрім сіңілім Жазираға ұқсап кетеді. Тіпті көп адамдар шатастырып та жатады. Сондықтан мен сахнаға Жазира Байырбекова, Ләззат Байырбекова деп қайталанбай өз әлеміммен, өз орныммен «Қамарсұлу» есімімен шыққаным дұрыс деп санадым, - деді ол.

Айта кетейік, «Zhandaus» продюсерлік орталығының негізгі мақсаты - өнер жолында бұрыннан жүргенімен, насихат жетіспейтін әншілер мен Елордалық жас орындаушыладың шығармашылығын елге кеңінен таныту. Аталған орталық құрамына қазіргі уақытта «Қамарсұлудан» өзге Сара Исак, Нина, «Сұлтаным», «Smoky Eyes», Ринат Малцаговтан құралған алты жоба кіреді.

Page 4 of 4

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!