Руханият

  Үстіміздегі жылдың 20 қазанында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейіндегі «Латын тілі – уақыт талабы» дөңгелек үстел басында латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіне байланысты үлкен жиын болып өтті. Мұнда осы мәдени мекеменің жетекші ғылыми қызметкері М.Кенемолдин «Латын тілі – уақыт талабы» деген тақырыпта баяндама жасады. «Елбасы «Болашаққа бағдар:  рухани жаңғыру» атты мақаласында  айтқандай, - деді ол, - қазіргі уақытта қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесі жан-жақты талқыланып, 2025 жылға дейін толықтай жүзеге асыру қолға алынды».

Шынында латын графикасына көшу – уақыт талабы, мемлекеттік маңызды мәселе болып табылады. Бүгінде латын тілі – цифрлы технология, ақпарат, коммуникация тіліне айналып отыр. Бұл латын тілінің саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік және тағы басқадай әлеуеттік басымдықтарын көрсетеді. Сол себепті латын әліпбиіне негізделген жазу түрі жер жүзінде кең қолданысқа ие. Мысалы, әлем халықтарының 40 пайызы осы латын графикасына негізделген әліпби жүйесін пайдаланады. Мұның өзі латын тілі – әлемдік өркениет тілі екенін айғақтайды.

Сондықтан да әлемдік бәсекеге қабілетті болу үшін бізге латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін тезірек қолданысқа енгізуіміз қажет. Міне, мемлекеттік тілге байланысты өткізілген «Латын тілі – уақыт талабы» дөңгелек үстел басындағы әңгіме осындай мәселелер төңірегінде өрбіп, қызу талқыға түсті.

Шараға Абай музейінің ұжымы, Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің филология факультетінің студенттері мен оқытушылары, зиялы қауым өкілдері қатысты.

 

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік

қорық-музейінің баспасөз қызметі.     

Рухани жаңғыру: ұлттық код

Ұлттық болмысымызды айғақтайтын ұлы ұғымдардың бірі – ақ орамал! Жомарттық пен ақжарма пейілдің айқын нышаны саналатын, әр қазақ үшін қастерлі осынау атаудың өзіндік терең мән-мағынасы бар. Бағзыдан жеткен бұл ұғымның байыбын әсіресе ақ жаулықты әжелер қауымы жақсы түсінеді.

Ұлттық үрдістің тіні үзілмеген ұлылар елінде қазақы дәстүр мен салт-жоралғылар аясында түрлі шаралар жиі дүбірлеп өтіп жатады. Әсіресе, рухы өр, өресі биік, қаймағы бұзылмаған қазақы мінезі бар  осынау өлкеде аузы дуалы ақсақалдар мен ел берекесін ұйытқан ақ жаулықты әжелерінің тәрбие мектебінің үлесі зор. Бұл ретте, жас ұрпақ алдында сан алуан асыл қасиеттерді, ұлттық құндылықтарды насихаттап, салт- дәстүрімізді дәріптеуде ерен еңбек сіңіріп жүрген ауданымыздағы  «Нұр-Сана» салт-дәстүр орталығының әжелері осы үдеден табылуда.

Кешегі Айпара, Зере сынды рулы елдің арқа тұтары болған әжелеріміздің бүгінгі сарқыты арамызда жүр десек артық айтпағандығымыз. «Нұр-сана» салт-дәстүр орталығының кимешекті апалары туралы да осындай ізгі ой түюге болады. Аталмыш ұжым құрылған уақыттан бері аудан көлемінде ұланғайыр шараларға ұйытқы болды. Оған дәлел ретінде, биылғы жылы әжелеріміздің бастамасымен өткізілген «Қауышу», «Алғыс айту», «Ақ дастархан», «Ақ орамал» сынды игі дәстүрлеріміздің көптің көңілінен шығып, сыйластыққа, бауырмалдыққа, жалпы ізгі ниетке жол ашқанын айтсақ та болады. «Ананың тілегі ақ» деген осы-да.

Жуырда орталық жетекшісі Қаныша Нұрғалиева бастаған әжелеріміз жоспарлы күнге  орайластырып  тағы бір шараны жоғары деңгейде ұйымдастырып өткізді. Бұдан бұрын да сан мәрте «Ақ дастархан» шарасын жоғары деңгейде атқарған әжелер «Ақ орамал» атты шарамен  жалғастырып,  тәрбиелік, тәлімдік аясын кеңейте түскендей.

«Ақ орамал» іс-шарасы арқылы әулеттің қамқоршылары ақ жаулықты аналардың жас аналарға  деген аналық ақ тілегінің, ерекше ілтипатының куәсі болдық. Яғни, үлкен тағылымның бастауы -  ана мектебінен алар тәрбиенің алтын арқауын көрсетіп берді.

Бұл күні әжелер ақ дастархан жайды. Келелі басқосуда өрелі әңгімелер өрбіді. Әжелердің дәміне жас аналарға үлгі ретінде  бүгінде ұрпақ та өсіріп, аудан мәдениетінің өркендеуіне де үлес қосып, отбасында ғана емес еңбекте де бақытты ана атанған, еңбектері еселі, өзінің ақыл-парасатымен, білімділігімен бір мекеменің тұтқасын ұстап, ұйымдастыру мен басқару жолында өзгелерге үлгі боларлық іс атқарып жүрген Бозанбаева Бақыт Мұсабекқызы мен  Орынғожина Лаура Советқызы сынды басшы аналар, сондай-ақ  жанұя шаттығы мен жан жылуын үйлестіріп, ер –азаматты сыйлауда, ұрпақ тәрбиелеуде айшықты ісі бар Жәмилә Жанғалиева, Қарлыға Оразалина сынды аяулы аналарымыз арнайы шақырылыпты. Ауданымыздың  ел құрметтеген ақыны  Төлеген Жанғалиевтің жары Жәмилә анамыз жас аналарға ізгі лебізін арнап, ақ орамал жауып, тәбәрік тарту етті.  Тағылымды да тәрбиелік мәні зор басқосуды «Нұр-Сана» салт-дәстүр орталығының төрайымы Қаныша Нұрғалиқызы ұлағатты сөздерімен ашып, жас ұрпақты тәрбиелеуде атқарып жатқан айшықты еңбектеріне  тоқталып өтіп, жас аналарға ақыл-кеңестерін айта келе, бақытты жанұя болуларына  аналық ақ жүрегімен  тілектестігін білдірді. Қызметте табысты да іскер басшылар әзіз әжелердің тәрбие ошағы болған осынау салт –дәстүр орталығының ұмытылып бара жатқан дәстүрімізді жаңғырту мақсатында үлкен іс атқарып отырғандығын айта келе, бұл іс мәңгілік, ұрпақтан ұрпаққа мәңгі қалатындығын  жеткізді.  Жас аналарымыз үбірлі-шүбірлі болып, елге үлгі боларлықтай жанұя болсын деген тілектер ағытылды. Иә, ізгі дәстүрді ел есіне оралту қоғамның барлық мүшесі мен әр азаматтың бейбітшілік пен тұрақтылықтың сақталуы жолындағы жауапкершілігін арттыру көзделген.  

«Ақ орамал-ақ тілек» демекші, ауыл аналары жай басқосу жасамапты, дөңгелек үстел аясында жас келіннің міндеті, отбасының   маңызы мен құндылығы жөнінде де тағылымды әңгіме өрбітті. Осы орайда, жас аналарға көңілдері ақ болсын, бастарына бақыт құсы қонсын, тазалық пен ізгілік жандарына серік болсын деген ниетпен Қаныша апамыз да ақ орамал сыйлап, аналардың жолын берсін деген ақжарма тілегін төгілтіп, халық әндері  шырқалып, жиналғандарды әдемі әсерге бөледі.

Келелі әңгіме кестелі көрініс тапты. Атап айтсақ, жас аналарға  орамалдың қасиеті жайлы,  жас ананың сәбилі болғандағы жағдайы, сәби күтімі сынды тәрбиелік мәні бар әңгімелер айтылып, инабатты келін, ақ жаулықты ана болуға тілектестігін білдірді.  Өз кезегінде жас аналар да өздерінің жылы ілтипаттарын, ризашылықтарын білдіріп,  қазақтың салтына сай орамалды басынан тастамайтын үлгілі келін болуға уәде берді.   

  1. S Міне, әжелер өткізген бір ғана кештің мән-маңыздылығы осылайша тереңнен орын алды. Осынау сәтте жас отауға неке куәлігін салтанатты түрде тапсыратын аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Әйгерім Боранбайқызы мен бөлім маманы Айнұр Бакирова  да отбасы құндылығы, сыйластық, ауызбіршілік сынды құнды қасиеттер жайлы әсерлі әңгімелеп, жас аналарға  жанұя бақытын тілеп, жас ұрпаққа үлгі боларлықтай осындай игілікті шараларды тұрақты өткізіп келе жатқан әзиз әжелерге  зор алғысын жеткізді.   

Бүгінгі жас отау иелерін, жас аналарды  қазақы мәнер, ұлттық үрдіс негізінде сусындатудың маңызы зор. Бейбітшілік пен бірлікті, татулықты, қазақтың салт-дәстүрін дәріптейтін «Ақ орамал» шарасы алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.  Ақ дастархан басында сән-салтанат орнап, сыйластықпен сый-сыбаға тартылған, отбасы мен еңбекте де елге үлгі болған іскер басшы аналар мен көрген-түйгені мен  тағылымы мол ардақты аналардың ақыл-кеңесі мен жүректен жыр ағытылған бұл күн жас аналар  есінен мәңгілік кетпесі анық.

 Анар СӘРСЕНБИНА,

«Абай елі»

 

 

Құндызды

Қараша айының 7-і күні Құндызды ауылындағы Ш.Әбенов атындағы орта мектепте ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы Б.Сыдықова,  мектеп директорының тәрбие ісі  жөніндегі орынбасары С.Байшеров, қазақ тілі пәнінің оқытушысы, жастар мәслихатының депутаты А.Тәжмұхаметовалардың ұйытқы болуымен  мән-мағынасы зор ерекше жиын өтті. Басқосуға негізінен ұстаздар мен оқушылар қатысқан болатын.

Танымдық, тағылымдық дәріс барысында Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының негізгі басымдықтары түсіндіріліп, оның ішінде «Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілін халықаралық дәрежеге шығарады» атты тарау кең көлемде талқыланды.

Сонымен қатар, көпшілікке ел Президентінің ағымдағы жылғы 26 қазандағы №569 жарлығымен бекітілген латын графикасына негізделген қазақ тілінің жаңа әліпбиі таныстырылды. Оған дереккөз ретінде облыстық «Дидар» газетінің жуырдағы, 28 қазан күнгі №126 саны алыныпты.

Жалпы, жиын барысында ұстаздар тарапынан тарих пәнінің оқытушысы М.Еңсеханов өз ойын білдіре келе, латын қарпіне көшу заман талабы екендігін айтып өтті. Ел болашағы үшін, дамыған елдердің қатарына қосылу үшін, ағылшын тілін, ақпараттық технологиялар тілін меңгеру үшін латын қарпіне көшудің қажеттілігін дәйекті түрде жеткізді.

Дәріс барысында оқушылар да белсенділік танытып, туындаған сауалдарын қойып, тұшымды жауап ала алды. ты.

 Бақытжан СЫДЫҚОВА,

Құндызды ауылдық округі әкімі

аппаратының жастар ісі маманы

 

Кәсіби мереке

         15-ші қазан-кітапханашылар күні. Тарих пен таным, ұлағат пен қасиет, қала берді ұрпақ тәрбиесіне дейін асыл қазына кітапта көмкерілген. Ал, кітапханашы маманы болса сол даналықты үлестіруші, таратушы, һәм насихаттаушы. Әлем мұрасын ардақтаған асыл жандардың мерекесіне «Абай елі» редакциясы арнайы қатысып қайтқан болатын.

         Аудандық М.О.Әуезов атындағы орталық кітапхана ұжымы және округтердегі филиал меңгерушілерінің бас қосуына аудандық мәдениет үйінің директоры Сайлау Нұрпейісов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және денешынықтыру бөлімінің басшысының орынбасары Елдар Оразалы қатысты.

Жиынның ресми бөлімінде аудандық М.О.Әуезов атындағы кітапхана директоры Ырыс Молдаханова сөз алып, асыл қазына қорына сақшы болған аудан кітапханашыларының еңбектері мен жетістіктерін атап өтті. Сонымен қатар, Елдар Кәменұлы аудандық М.О.Әуезов атындағы кітапхана әдіскері Әсия Ахметқалиқызына, Архат ауылдық округінің кітапхана меңгерушісі Раушан Секенқызына, орталық кітапхананың онлайн орталығы жұмысының кітапханашысы Дина Жанабекқызына ШҚО Абай атындағы әмбебап кітапханасының алғыс хаттары мен марапаттарын табыстап, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және денешынықтыру бөлімінің басшысының атынан Саржал ауылдық округінің кітапхана меңгерушісі Қымбат Болатқызына, Кеңгірбай би ауылдық округінің кітапхана меңгерушісі Гүлғайша Қабидоллақызына, Медеу ауылдық округінің кітапхана меңгерушісі Назым Оралбайқызына, орталық кітапхананың кітап қорын толықтыру бөлімінің кітапханашысы Дәмелі Тоқтарбекқызына, оқырман қамту бөлімінің кітапханашысы Шынар Лизмқызына, балалар бөлімінің кітапханашысы Айман Шаймұратқызына кәсіби мерекеге орай алғыс хаттарын табыстады, сондай-ақ, аудандық кітапхана жүйесінің директоры Ырыс Молдаханова Тоқтамыс ауылдық округінің кітапхана меңгерушісі Шолпан Қабдрахманқызы, Құндызды ауылдық округінің кітапхана меңгерушісі Сәуле Төлеуханқызы, Қасқабұлақ ауылдық кітапханасының меңгерушісі Зәуреш Секенқызы, Көкбай ауылынан Гүлбаршын Серікханқызы, Орда елді-мекенінің кітапхана меңгерушісі Жанар Тілеубайқызы, ал аудандық кітапханадан балалар бөлімінің меңгерушісі Серікгүл Әбенайқызы, оқырман қамту бөлімінің кітапханашысы Мафура Сағынбайқызы, оқу залының кітапханашысы Сарқыт Атанбекқызы, ардагер кітапханашы Гүлбаршын Болатқызы, компьютерлік іс жүргізу маманы Гүлшат Сабырғалиқызы, техникалық қызметкерлер Жібек Түсіпқызы мен Айдос Серікұлына алғыс хаттар тапсырып, марапатқа кенелді. 

         Кеш барысында «асыл қазына сақшылары» кітапханашы мамандығының қыр-сыры, маңыздылығы туралы кеш жүргізушісі Серікгүл Оразова кеңінен таныстырып, биыл 120 жылдығы жер жерлерде аталып өтіп жатқан заңғар жазушы, белгілі тұлға Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылығынан викториналық сұрақтар қойды.

 

 

Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі»

 

 

 

            Міне, бүгін елімізде ақ түйенің қарны жарылды! Еліміздегі көптен бері шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелердің бірі - қазақ әрпін латын әліпбиіне көшіру мәселесіне мемлекет басшысы байыппен қарап, түрлі пікірлер мен ұсыныстарды саралай келе, өзінің салиқалы шешімін айтты.

            Бұл қадам дер кезінде, барлық жағдаяттар ескеріле отырып жасалды.Қазақ елінің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәде­ни, ғылыми-ағартушылық дамуын, халықаралық кеңістіктегі ор­нын, ішкі және сыртқы жағдайды жан-жақты ескерген мемлекет басшысы қазақ зиялыларының алдына үлкен міндет қойды.

            Латынға көшу ісі үлкен дайындықты қажет етті. Көптеген түсіндіру шаралары атқарылды. Қоғамның пікіріне баса назар аударылды. Қоғамымызда латынға көшуді қолдайтындардың үні басым түсті, өйткені латынға көшу уақыт талабы, замана сұранысы екенін халық терең түсіне білді.
            Бір қуантарлығы, биліктің халық талабымен санасып, алғашқы нұсқаны өзгерткені болды. Алғашқы нұсқадағы халыққа ұнамаған ең даулы мәселе – қазақтың дауысты  – ә, ө, ү төл дыбыстарының   қос әріпті болып келуі болатын. Жаңа нұсқада бұл талап толық шешімін тауып, енді олар бір әріппен, әріптің  үстіңгі оң жағына   ноқат қойылып, апокрифпен белгіленеді. Сөйтіп,  халық көңіліне қонымды латын қарпіндегі  жаңа әліпби жобасы дайын болды.

            Ел арасында  ерекше қолдау тапқан терең талдау мен қазақтың төл дыбыстарынбелгілеудегі ұтымды ұсыныстары жаңа жобада жақсы көрініс тапқанын көріп, қуана қолдап отырмыз.

              Ұсынылып отырған нұсқадағы  11 әріптің  9-ы  жаңа формада қабылданыпты. Бізді ол қатты қуантып отыр.

            , Бүкіләлемді шарпыған жаһандану үдерісі ағылшын тілі мен латын графикасының көк­жие­гін бұрынғыдан бетер кеңейтіп жіберді. Өйткені бүгінгі заманауи технологиялар мен инновациялық идеялардың басым көпшілігінің ағылшын тілді әлемнен бастау алып отырғаны жасырын емес.Латын әліпбиінің жаңа нұсқасы – бүкілхалықтық таңдаудың жарқын нәтижесі деп санаймыз, себебі қазақ тілін жаңғыртудың басты көрсеткіші – латын жазуына көшудеекеніне және бұл қадамның әлем қазақтарын біріктіретін маңызды факторекеніне  халықтың көзі жетті. Қоғамның  жаңа әліпбиді талқылауда көрсеткен белсенділігісоның тағы бір жарқын дәлелі деп санаймыз.


Сәния Акласова,

Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығы

Кәсіби мереке

 

 

Жуырда Би ата ауылындағы Шәкәрім орта мектебінің оқушылары «Ұстаздар күні» мерекесі аясында тағылымы мол әсерлі кеш ұйымдастырды. Салтанатты шараның ерекшелігі сол, тамашалаушы көрерменге телевизиялық бағдарлама ретінде ұсынылды. Нәтижесінде бұл креативті тың жоба мұғалімдер ризашылығына ие болды.

Жүргізушілер жұбы әсерлі өрбіткен «Жаңа арна» телебағдарламасында ең алдымен арнайы аңдатпа көрсетілді. Содан соң Кеңгірбай би ауылдық округінің әкімі Өмірбек Жанарбекұлы студия қонағы болды. Ауыл әкімі өз сөзінде аудандық спартакиада барысында үздік өнер көрсеткен денешынықтыру пәнінің ұстаздарына ризашылығын білдіріп, ресми түрде алғыс хаттармен марапаттады.

Сонымен қатар, мектеп директоры Бакизат Нұрмұхаметқызы да аталмыш бағдарламаға арнайы қатысып, ұстаздар күніне орай өз лебізін білдіріп өтті. Сондай-ақ, білім ордасының басшысы облыстық, аудандық деңгейде жетістікке жеткен, әдістемелік жұмыстар бойынша озат атанған бірқатар әріптестеріне, ұстаздар қауымына алғыс хаттар табыстады.

Телевизиялық жоба түрінде әзірленген ерекше кешке шәкірттер  тыңғылықты дайындалыпты. Осынау шара барысында Ұстаздар күнінің шығу тарихы туралы танымдық мазмұндағы қызықты репортаж дайындап, көрсетті. Әлбетте, білім мен спортты, өнерді тең ұстаған мектеп оқушылары мерекелік кешті ән-жырмен әрлейтіні анық. Бұл жолы төменгі сынып оқушылары жыр маржандарын төгілтіп, бал қылықты «Жалқаубек» биін көрермен назарына ұсынды.

Әсерлі кеште  ата-аналар ұйымының төрайымы Алуа Жетпісқызы мен аталмыш мектептің түлегі, қазіргі уақытта Шәкәрім университетінің 4 курс студенті Еңлік Егізғали барша ұстаздарды, құрмет иелерін бейне-чат арқылы арнайы құттықтады.

Бір бұл емес, көңіл өрбіген кеште ұстаздармен бірге интеллектуалдық ойындар да ойнатылды. Түйе айтқанда, жаңа жоба түрінде жүзеге асқан осынау салтанатты шара мұғалімдерге де, шәкірттер мен тамашалаушы көпшілікке де ерекше  жылылық, сыйласым шуағы мен қайталанбас сезімдерге толы сәттер сыйлады.

 

Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі»

 

  «Ауылыңның маңында төбе болса, ерттеулі тұрған атпен тең.Ауылыңда ақылгөй қария болса, жазып қойған хатпен тең»,- деген екен бабаларымыз. Иә, өткенімізді қарияларсыз елестету мүмкін емес. Бүгінгі бейбіт күнге жеткеніміз самайларын қырау шалып, жүздеріне уақыт әжімі торлаған данагөй қарияларымыз бен ақ жаулықты әжелеріміздің арқасы екені даусыз. Қазақ халқы қашан да қарттарын қазынаға теңеп, құрмет көрсеткен. Қазіргі кезде мемлекетімізде қарттарға үлкен мән беріп, көңіл аударып, жан- жақты үкімет тарапынан қамқорлық жасалуда.

      Осы орайда Ұлылардың мекені қарттарын төрге шығарып 1- қазан «Халықаралық қарттар күні» мен Республикалық ардагерлер қозғалысына 30 жыл толуына орай Аудандық мәдениет үйінде кең көлемде мерекелік іс-шараны атап өтті.

      Салтанатты мерекені бүгінде жоқ есіл ардагерлерімізді бір минут үнсіздікпен еске алумен бастау алып, сахна төріне Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Абай ауданының құрметті азаматы» Марат Түңлікбаев Халықаралық қарттар күні мерекесімен және Республикалық ардагерлер қозғалысына 30 жыл толуына орай баяндама жасап, жылы лебізін білдірді. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Тәттібеков Бауыржан Болатұлы қазыналы қарияларымызды 1 қазан- халықаралық қарттар күні мерекесімен және Республикалық ардагерлер қозғалысына 30 жыл толуына орай Манатай Толғанбаев, Байбота Орынбаев, Шыңғыс Несібай, Жанғалиев Төлеген сыңды ардагерлерді ел дамуына үлес қосып, белсене қатысқан бірқатар аға буын өкілдеріне құрмет көрсетіп, аудандық, облыстық және республикалық дәрежедегі марапаттарды табыстап, қарттарды мерекесімен құттықтады.

    Бүгінде ардагерлеріміз Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында жастарға патриоттық бағытта танымдық шаралар мен тәрбиелік мәні бар шаралар ұйымдастырып, атқарып жатқанына куә болып жүрміз.

     Сондай-ақ, «Ән – көңілдің ажары» демекші, қарттардың көңілін сергіткен «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің әншілері Қонысбек Байдашев, Тамара Көзбаева, Бақыт Шағатаева шырқаған туған жер, ана, әке, қарттар туралы әндерімен, өнерпаз ардагерлер: Ақылбек Нұрахметов, Серік Күсімханов, Дәкен Әлиасқаров, Нүргүл Құсайынов, Аманғали Мақаев, Әміре Жұқманұлы, Ақылбек Нұрахметов және «Нұр Сана» әжелер ансамблі, Абайдың «Көзімнің қарасы» әнімен ардагер ансаблі кеш ажарын аша түсті.Тәрбиелік мәні зор, әзілмен шындығын бейнелеген Көкбай ауылының көркемөнерпаздары «Қарттар үйі» скечін сахналады.

     Осыдан соң естелік фотосуретке түсіп, мерекелік жиын «Атамекен» тойханасында қарияларға арнайы жайылған ақ дастархан басында жалғасып,

өмірден көргені мен түйгені мол қариялар ізгі лебіздерін ортаға салып, салиқалы ойларымен бөлісіп, әсем ән тындап, бір сәт сергіп қалды.

    Келесі кезекте, Қарауыл ауылының әкімі Мейіржан Смағұлов абзал қариялар мен ақ жаулықты әжелерді ізгі тілегімен құттықтап, алғыс хаттармен марапаттады. Сонымен қатар Жастар орталығының директоры Сырым Жұмағали жастардың атынан ата-әжелерімізге алғыс хаты мен сыйлықтарын табыстады.

Осылайша көңілді өткен мерекелік шара соңы Манатай Толғанбаев қарияның көпшілікке бата беруімен тәмамдалып, қарттар қауымы ерекше қуанышпен тарасты.

Тоғжан НҮРИДЕНОВА

«Абай елі»

                                                          

                                                                                   Тарих-жыр,тарих –өлең,тарих-қайғы,

                                                                                   Өзінше әркім оны парықтайды.

                                                                                   Жас  ұрпақ ұмытпау керек бабаларын,

                                                                                   Ұмытқан ұрпақ болып жарытпайды.

                                                                                                               Қадыр Мырза Әли

 

Қарауыл гимназиясында заңғар жазушы М.Әуезовтің 120 жылдығына орай

 тағылымы мол,игі іс-шаралар өтті.

Төгілте жазатын көп қырлы қаламгер, ағылта сөйлейтін шешен қайраткер, қаламы қарымды майталман жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына биыл 120 жыл  толып отыр. «Елінен өсиет,жерінен қасиет кетпеген» ұлылар мекенінде заңғар жазушының тойын бүкіл ел болып тойлатты. Баба рухына тағзым ету шаралары білім ордасы Қарауыл гимназиясында да ауқымды көлемде  өткізілді.

«Мұхтар тойы-ел тойы» болып тойланып жатқанда,өскелең ұрпаққа тасын түртсең тарихтан сыр шертетін , қойны-қонышы шежіреге толы өлкеміздің кей жерлерін,нақтырақ айтсақ, Бөрілі мен Еңлік-Кебектің тығылған үңгір тасын  көрсету  мақсатымен 27 қыркүйек күні Қарауыл гимназиясының  қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Нұрғалиева Күлзия, Оразова Аяулым, Әбенова Динар жетекшілік етіп, 8,9,10,11-сынып оқушыларына  саяхат-сабақ өткізіп қайтты.

Ата-аналардың демеушілігімен,мектеп басшыларының қолдауымен 2 автобус толы  80-ге жуық оқушыларымызбен классик жазушының ата қонысына ат басын тіредік.Бөрілідегі мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының қор сақтаушысы Гүлзат Сәлемқызы бізді  жылы қарсы алды.Кемеңгер қаламгердің балалық шағы,жастық дәурені өткен осы  шаңырақпен таныстыра жүріп,Мұхтар атамыздың ата тегі,ұрпақтары жайлы,1897 жылдан бастап өмірден озған уақыт аралығын қамтып,«Абай жолы» бойынша өңіріміздегі тарихи елді-мекендер туралы да деректер келтіре кетті.
            10-сынып оқушылары «Абай жолы» роман-эпопеясының 1-томын  кезектесіп,негізгі оқиғаларына тоқтала отырып,мазмұндап берді. Мұражай қызметкері Гүлзат Сәлемқызы хакім Абайды әлемге паш еткен Мұхтар сынды дананың ұлы туындысын шемішкедей шағып тұрған оқушыларына риза болып, Күлзия Әзілбекқызына аталмыш романның аудиокітабын сыйға тартты.

Мұражайдан шыққан бетте,жазушының ата-анасының бейітіне барып,құран бағыштадық.

Ендігі бет алысымыз – сол дәуірдегі  қағазға түспесе де заңға бергісіз қатал үкімнің,салт-дәстүрден аттатпайтын дала заңының  құрбаны болған қос ғашық Еңлік пен Кебектің тығылған үңгір тасы.

Бұл жерде де әдебиетші  мұғалімдер  тарапынан  мағлұматтар беріліп,балалар үңгір  тасты  көздерімен  көріп,суретке түсті.

28 қыркүйек күні мектебіміздің жылдағы қалыптасқан дәстүрі  бойынша  мұғалімдер мен оқушылар Мұхтар атамыздың  ескерткішінің басына тағзым етіп,гүл шоқтарын апарып қойдық. Күннің  күрт бұзылып, қар араласқан жаңбырына қарамастан 8-сынып оқушылары белгілі қоғам қайраткерлерінің,әдебиет саңлақтарының  Мұхтар туралы айтқан сөздерін  оқыса,күні кеше ғана «Абай жолы» романының үзіндісін жатқа оқушылар бойынша аудандық сайысқа қатысып,жүлделі орындарға ие болып келген

11 «ә» сынып оқушысы Төлепбекова Еңлік  пен 9 «ә» сынып оқушысы  Сайлаубекова Балнұр да  романнан үзінді келтірді.Тағзым ету рәсімін мектебіміздің жас мұғалімі Ергінбаева Жадыра  ұлы Мұхтарға арнаған «Дара тұлға» атты өлеңімен түйіндеді.

Дәл осы күні  кітапханашы Жұматаева  Гүлнар апай мектебімізде «Әлем әдебиетінің алыбы» атты кітап көрмесін ұйымдастырды. Оқушылар   Әуезов шығармаларымен  және заңғар жазушыға  арналған  еңбектермен танысты.

Қыркүйектің  соңғы күндері өткізілген осы мәдени-әдеби  игі істерден әр шәкірт рухани  азық алғаны сөзсіз.

«Өз ерін,өз жақсысын ескермесе,

Ел шіркін ,қайдан алсын кемеңгерді?»-деп Ілияс Жансүгіров айтқандай , ұлылардың ізі қалған қасиетті топырақтың өрендерімен  ұлылыққа тағзым ету мақсатында  ұйымдастырылған  шарамыз сәтті аяқталды.

                      Қарауыл гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні

мұғалімі Әбенова Динар

 

 

 

 

Page 1 of 7

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар