Спорт

Облыстық спартакиада

 

 Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиясында атап өтілгендей, спорттың бұқаралығын арттыру күн талабынан түспей келеді. Аталмыш бағыт бойынша атқарылып жатқан ілкімді шаралар қатары аз емес. Жуырда аймағымыз бойынша қалалар мен аудандар, облыстық басқармалар мен аумақтық  департаменттер арасында ұйымдастырылған мемлекеттік қызметшілердің XVI облыстық спартакиадасы болып өтті.

Кілең мемлекеттік қызметкерлер ғана қатысқан бұл жолғы спартакиада спорттың 7 түрінен өткізілді. Атап айтсақ, волейбол, футзал, үстел теннисі, шахмат, суға жүзу, бильярд және шаңғы жарысы бойынша сайыстар ұйымдастырылды.

Қызу өрбіген жарысқа 14 ауданнан өкілдер қатысып, өзара 4 топқа бөлініп бақ сынасты. Атап айтсақ, І-ші топта  Тарбағатай,  Шемонайха,  Бородулиха аудандары өнер көрсетсе, ІІ-ші топта   Күршім, Үржар, Жарма аудандары сынға түсті. Ал, келесі ІІІ-ші топта Катон-Қарағай, Бесқарағай, Зайсан, Аягөз аудандары, келесі кезектегі ІV-ші топта  Көкпекті, Глубокое, Ұлан, Абай аудандары өзара қарымта байқасты. Біздің жерлестеріміз түскен топ осыған дейінгі спартакиадаларда топ жарып жүрген кіл мықтылар болатын.

Сайыс - қызу өрбіді. Топтық бәсекеде жеңістерге жету оңайға түскен жоқ. Әйтседе, Абай ауданының намысын қорғаған спартакиада қатысушылары өз тобында бірінші орынмен топ жарып, жартылай финалда Бородулиха ауданымен кездесіп, финалға жолдама алды. Ал, финалдық ойында ең азулы команда Күршім ауданымен кездесіп, тартысты түрде сынға түсті. Нәтижесінде жүлделі 2-ші орынға ие болды.

Абай елінің құрама командасы сапында аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Тәттібеков бастаған аудандық әкімдіктің бөлім басшылары мен мамандары - Еркебұлан Сағындықов, Ұлан Сағадиев, Нұрбек Тлеумбердин, Тілек Сағынбаев, Жандос Сайлаубеков, Данияр Алмасов, Дархан Сүлейменов, Алмат Балтабек сынды азаматтар сынға түскен болатын.

 «Абай елі» ақпараты

 

 

 

 

 

 

Елдің атын шығарған

Өмірден кеше ғана өткен Абай елінің қадірменді ақсақалы Қалмет Ысқақовтың немересі Қуаныш Ысқақов егемен елімізде қазақ күресінен тұңғыш рет ұйымдастырылған Әлем біріншілігінде өз салмақ дәрежесі бойынша «Әлем чемпионы» атанып, егемен еліміздің Әнұранын аспандатты. Жарысқа дүниежүзінің 80-нен астам мемлекетінің палуандары қатысты. Қуанышты осы жеңісімен құттықтап, абайлық ақын Төлеген Жанғалиевтың арнау өлеңін жариялап отырмыз.

 

Қалмет аға, қабіріңде бір ауна,

Немереңіз шықты міне, шығанға.

Құран ұстап өтіп едің өмірден,

Қуанышты қорғап жатыр бір Алла.

           Ысқақ атың кетті тарап Әлемге,

            Тектілікті міне, осылай дәлелде.

            Елдің атын Ер шығарып жатқанда,

             Ер қадірін танымаған Ел, ел ме?!

Хан Шыңғысым, қане, сен де түрегел,

Хан көтеріп ұрпағыңды сүйенер.

Бес құрлықты белге орап алар ек,

Он бес емес, жүз мың болсақ біз егер!

        

          Он бес-ақ мың халқымыздың бар саны,

           Сол халықпен бас шайқаттық баршаны.

           Еуразия кіндігінде тұрған соң,

           Елім менің көктен қуат тартады.

Қарауылым, қасиетті нар төбем,

Қай кезде де биік сенің мәртебең.

Ерге қуан, ел мерейін өсірген,

«Елім» деген Ер тумаса, қайтер ең...

        Ер шығарған айналайын, Ел сенен,

        Бұра тартып бұзылмайтын дертеден.

        Іші күйсе, тұз жаласын басқалар,

        Ішіп, жемін ақшаменен өлшеген!

Біздің елде Ерлік, Еңбек-тек қолда,

Терсіз келген мақтаныш та, мақтан ба?

Жеңіспенен желбіретіп Көк туды,

Әнұранды әуелетіп жатқанда.

        Құдай берген Қуанышым, батырым,

         Қуаныштан мен де шалқып, тасыдым.

         Алда да әлі арқар тұяқ сақадай,

         Жапыра бер жалпақ жұрттың асығын!

Ағаң, абайлық ақын Төлеген Жанғалиев

 

 

Қазан айының басында аудандық орталық стадионда жылдағы дәстүрге айналған спорт додасы тағы да өз жалауын көтерді. Абай ауданы әкімінің жүлдесі үшін ұйымдастырылған спартакиада ұлы жазушы, қазақ әдебиетінің классигі  Мұхтар Әуезовтің 120 жылдығына арналды.

Жыл сайын аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің ұйымдастыруымен өтетеін бұл шараға қатысушылар спорттың   7 түрінен, атап айтсақ, жеңіл атлетика, үстел теннисі, дойбы, тоғызқұмалақ, шахмат, гір көтеру, қол күресі сынды жарыс түрлеріне қатысып, бақ сынасты. Таңертеңнен бастау алған спорттық бәсекеге барлығы 9 ауылдық округтен «спорт десе, ішкен асын жерге қоятын» белсенділер бас қосып, сынға түсті.

Аудандық спартакиаданың ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің  міндетін атқарушы Бауыржан Болатұлы  сөз кезегінде спортшыларымызға  өз өнерлерімен ел мәртебесін көтере берсін деген ізгі лебізін білдіріп, жарысқа қатысушы спортшыларға сәттілік тілеп, спартакиаданы ашық деп жариялады. Бұдан кейін әуелете Әнұран шырқалып, спартакиаданың шымылдығы түрілді.

Әрбір спорттық ойын көрермендердің қызу қолдауы мен ризашылықтарына толы болған шараға барлық ауылдық округтерден белсенді жастар жиналыпты.

Логикалық және  математикалық ойлауды дамытатын Тоғызқұмалақ сайысында  І орын - Оралханов Б, Құралбекова А, Кеңеспекова А (Қарауыл) ІІ орын- Маратқызы.Ж, Айдынқызы.Л, Уалитов.Е  (Тоқтамыс)  ІІІ орын  Нұрсұлтанов А, Зарыққанұлы Ж, Ақшекина Г (Кеңгірбай би)

Жеңіл атлетика сайысында   (100 м қыздар арасында)  І орын -Дәкенова Әйгерім (Қарауыл),  ІІ орын -Қуандықова Анар (Медеу)  ІІІ орын -Мақсұнова Динара (Кеңгірбай би)   (100 м ұлдар арасында) І орын  - Мамажаев Сырым (Қарауыл)  ІІ орын-Санияров Табиғат (Тоқтамыс)ІІІ орын -Манарбекұлы Ж (Көкбай)     (2400 м қыздар арасында) І орын Бопабаева Карина (Құндызды),  ІІ орын- Асқарқызы Эльмира (Архат),  ІІІ орын Болатқазы Маздақ (Көкбай)   (2400 м ұлдар арасында) І орын -Ерланұлы Ерсін (Саржал),  ІІ орын- Нұрланов Ақжол (Құндызды), ІІІ орын-Құсманов Заңғар (Кеңгірбай би)

Ұзындыққа секіру қыздар арасында І орын -Қуандықова Анар  (Медеу), ІІ орын - Болатқазы Маздақ (Көкбай), ІІІ орын -Қалиасқарова Мейрамгүл (Қасқабұлақ)

Ұзындыққа секіру ұлдар арасында  І орын -Мамажаев Сырым (Қарауыл),ІІ орын -Санияров Табиғат (Тоқтамыс),ІІІ орын- Жумағалиев Мұрат (Саржал)

Аралас эстафета 4х100м бойынша

І орын Мамажаев С,  Жармұханбетов Е,  Дакенова А, Мағат  М  (Қарауыл ауылы)  ІІ орын Манарбекұлы Ж, Физулиев Ж, Бауыржанқызы А, Болатқазы М.  (Көкбай ауылы)    ІІІ орын - Советова М, Қуаныш Е,  Сайлаубекқызы М, Санияров Т (Тоқтамыс ауылы)

Үстел теннисі  І орын  -   Әкманов Ж, Ризанова З  (Қасқабұлақ ауылы)  ІІ орын -Жарасбаев Қ, Сайлаубекова Б  (Кеңгірбай би ауылы)   ІІІ орын - Есімханов Ж, Берікқанова Б   (Құндызды ауылы)

Дойбы сайысында

І орын   - Әзімжанов А,   Айдарханова А  (Архат ауылы),  ІІ орын - Саржанов Р, Жаукенова Б  (Құндызды ауылы),  ІІІ орын  - Үркімбай А,

Кәріпбаева Б  (Кеңгірбай би ауылы)

Шахмат сайысында   І орын -  Жолдасханов.М, Тұрсынханова.З  (Кеңгірбай би ауылы)  ІІ орын - Баймусин М,  Керибаева А  (Көкбай ауылы)   ІІІ орын -   Әкімбергенов.И, Кәкімова.Ж    (Қарауыл )   

Гір көтеру  (70 кг дейінгі салмақта)

І орын - Сембаев Е (Саржал ауылы),ІІ орын -Советқадыров А (Көкбай ауылы)  ІІІ орын -Хамитұлы Н (Кеңгірбай би ауылы)

(70 кг кейінгі салмақта)

І орын  Айтбаев Р  (Қасқабұлақ ауылы),  ІІ орын -Арқашев Ж (Кеңгірбай би ауылы),  ІІІ орын -Үркімбаев А (Құндызды ауылы)

Армрестлинг (қол күрес) бойынша

Ерлер арасында   (70 кг дейінгі салмақта)І орын -Қалиолин А (Тоқтамыс) ІІ орын - Ақбердинов М (Құндызды)  ІІІ орын  - Хамитұлы Н (Кеңгірбай би)

(70 кг кейінгі салмақта)

І орын-   Айтбаев Р (Қасқабұлақ)  ІІ орын -Асқарұлы Д (Құндызды) ІІІ орын -Үйсімбаев Р (Кеңгірбай би)

Әйелдер арасында

(65 кг дейінгі салмақта)

І орын -Қабидоллина Ә (Кеңгірбай би)  ІІ орын - Айтпенбетова Г (Құндызды)  ІІІ орын -Ермекбаева Н (Қасқабұлақ)

(65 кг кейінгі салмақта)

І орын-  Ризанова З (Қасқабұлақ)  ІІ орын - Ығылманова Қ  (Көкбай) ІІІ орын - Берікбекқызы А (Кеңгірбай би)

Сонымен, таңертеңнен бастау алған Мұхтар Әуезовтің 120 жылдығына арналған Абай ауданы әкімінің жүлдесі үшін өткен аудандық спартакиаданың жалпы қорытындысы бойынша спартакиаданың  І орын -Кеңгірбай би ауылы,  ІІ орын -Көкбай ауылы,  ІІІ орын-Қарауыл ауылы, Қасқабұлақ ауылы, IV орын-Архат ауылы, V орын- Құндызды ауылы, VI орын - Саржал ауылы, VII орын- Медеу ауылы, VIII орынға- Тоқтамыс ауылының спортшылары лайық деп танылды.

Жарыстың жабылу салтанаты аудандық спорт мектебінде өтіп, барлық жарыс түрлерінің жеңімпаздарына мадақтамалар мен медальдар табыс етілді. Бұл жеңістер спортшыларымыздың өзіне деген сенімін арттыратыны сөзсіз.

 Тоғжан Қалымова

"Абай елі"

Дзюдо күресі

Жуырда Үржар ауданына қарасты Қабанбай  ауылында дзюдо күресінен 1997-1999 жылы туған жастар және 2000-2001, 2001-2002 жылғы жасөспірімдер арасында  Республикалық турнир болып өтті.

Аталмыш біріншілікке еліміздің барлық аймақтарынан командалар келіп қатысты. Жарысқа Абай ауданының құрам командасы да арнайы барып бақ сынап қайтқан болатын.

Бірнеше  күнге созылған тартысты бәсекеде 42 кг салмақ  дәрежесінде сынға түскен Құмаров Байсиық ІІІ орын, 46 кг салмақ дәрежесінде Кәкітаев Алтынбек ІІ орын, 55 кг салмақ  бойынша Кеңесбеков Данияр ІІІ орын, 66 келілік салмақтағы Құмаров Сұңғат ІІІ орынды иеленіп, мадақтамалармен марапатталды. Өрендерімізге алдағы уақыттарда да жеңіс тілейміз.

 «Абай елі» ақпараты

 

 

ЕЛІ ЕРІН ЕСКЕ АЛДЫ

 

   Мамыр айының  жайма шуақ күндерінің бірінде, дәлірек айтсақ,12 мамыр күні  Шыңғыстаудың топырағынан өсіп-өніп шыққан, өр тұлғалы, даңқты ұлымыз, Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері Қазақстанның екі мәрте түйе палуаны, «самбо» күресінің майталманы, Абай ауданының «Құрметті азаматы»  Таутанов Манарбек Бекенұлы атындағы республикалық турнир VI- рет жалауын көтерді.

  Қашанда  ұлысын ұлықтап, асылын ардақтаған Абай жұртшылығы бұл жолы да дәстүрден жаңылмай Шыңғыстаудың нар ұлы Таутанов Манарбекті еске алуға арналған қазақ күресінен ересекер арасындағы Республикалық  турнирді жылдағыдай кең көлемде атап өтті.

    Шыңғыстудың қасиетті қойнауында дүние есігін ашқан Манарбек әкесі Бекеннің өтінішімен жас кезінен бастап Қарауыл ауылында ұйымдастырылған қазақша күрестен КСРО  спорт шебері Мағауия Оразбековтың тәрбиесін алған.

1978 жылы Алматы қаласында № 86 мектепте білім ала жүріп              ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Темірхан Досмағанбетов, Нұрлан Бейсенбаевтардың тәрбиесінде болады.
Мектеп бітірген соң  (1985-1989 жылдары  азаматтық борышын өтеп келіп) Қазақ дене шынықтыру институтын бітіріп  «самбо», «дзюдо» күрестерінен жаттықтырушы мамандығын алады.  1999-2001 жылдары Туран Университетін сырттай оқып бітірген заңгер Манарбек Алматының мал дәрігерлік институтының дене тәрбиесі кафедрасында оқытушы, жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы қызметін атқарған.

Дзюдо күресінен жастар арасында Дүниежүзілік Олимпиадада ең тұңғыш оқушысы Ерлан Слямбаев 1-ші орын алады. 
2001 жылдан бастап ҚР туризм және спорт агенттігінің ұлттық командасының бас жаттықтырушысы болып еңбек етеді. Өз ісіне адал, мол тәжірибелі ұстаз, талантты жаттықтырушы, білікті ұйымдастырушы болады.

Манарбек дзюдо күресінен республиканың жоғары көрсеткішке жетуіне  10-15 жылдай қажырлы еңбек еткен. Төрт Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жетпістен артық спорт шеберлерін дайындаған,

Манарбек Таутановқа 1996 жылы «самбо» күресі бойынша «ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы» атағы берілді. 1998 жылы «дзюдо» күресі бойынша «ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы» атағы тағы да берілді. Манарбек республика палуандарын үлкен Әлемдік биіктерден көрсетті. Халық алдындағы ерекше еңбегі үшін оған  ҚР бас бапкері, «Абай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

Манарбек Таутановты еске алуға арналған турнир қазақ күресінен талай палуандардың үлкен спортқа қадам жасауына септігін тигізген еліміздегі ең ірі жарыстардың бірі.

    Жасындай жарқылдаған батыр ұлды еске алуға еліміздің түкпір-түкпірінен 14 облыс, 2  қаладан  150-ге тарта балуандар жиналды.

Күннің ыстығына қарамастан  «Аға сұлтан» алаңына жиылған қауымның қарасы  да көп болды.

  Қазақ күресі – нағыз текті күрес түріне жатады. Балуандардың жауырыны толық жерге тисе ғана таза жеңіс болып есептелінетін, нағыз білек күші бұлқынған, қарсыласының жігерін құм қылған апайтөс алыптардың күресі.

Осындай дүбірлі доданың  демеушілерсіз өтпейтіні белгілі.Жыл сайынғы дәсүрден жаңылмай өткізіліп отыратын байрақты бәсекенің өтуіне мұрындық болған Астана қаласы мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықыру  және спорт бөлімі, Абай ауданының әкімшілігі, аудандық дене шынықтыру  және спорт бөлімі, аудандық спорт мектебі азаматтарының еңбегін атап өтпеске болмас.

  Осылайша жарыстың  ашылу салтанаты басталды. Еліміздің Әнұраны шырқалып, ортаға осы жарыстың бас төрешісі, Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері, Қазақ күресінен жоғарғы дәрежедегі төреші Қайрат Чармухаметов бастаған жарыс төрешілері мен жарысқа қатысушы палуандар шақырылып, салтанатпен халыққа таныстырылды. Жарысың ашылу салтанатында  Абай ауданының әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков сөз бастап Абай елінің абыройын асқақатып, артына өшпестей із қалдырған өр рухты ұлымыз Манарбек Таутанов атындағы Республикалық турнирге қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыстың шымылдығын ашып берді.

    Ары қарай сөз кезегі қазақ күресінің іргетасын қалап, аталмыш спорт түрінің шашбауын көтеріп жүрген Диханбай Дүржанұлы мен Марат Жақыт , Жеңіс Биткөзов сынды спорт ардагерлеріне берілді.  Қазақта «Саусақ бірікпей ине ілікпейді» деген жақсы сөз бар.  Осынау игілікті шараның жоғары деңгейде өтуіне Манарбек Таутановтың жары Гүлмира апай, сонымен   қатар Серік Қоржыкенов, Берік Канафин, Зекен Шаймарданов сынды спорттағы үзеңгілес достары мен шәкірттерінің ерен еңбегі екені белгілі.

   Боз кілемдегі байрақты бәсекені түсіруге телеарналар да қалыс қалмады. «Ертіс өңірі», «Каз спорт», «Қазақсан-Өскемен» арнасының  түсірілім тобы арнайы келіпті.

Үш күнге ұласқан байрақты бәсекенің бірінші күнінде балуандарымыз командалық белдесу бойынша жекпе-жекке шықты. Тартысты өткен жекпе-жекте өзіміздің жерлестеріміз,  тасқа салса жарып өтетін  қазақ елінің барыстары -Айбек Нұғымаров, Мұхит Тұрсынов бастаған команда  намысты қолдан бермей, қарсыластарының жауырындарын жерге тигізіп жеңісті жұлып әкетті. Осылайша Шығысымыздың абыройын тағы бір асқақтатып тастады. (300 мың теңге). 2-орынды Алматы қаласынан келген балуандар (150 мың теңге), 3-орынды Алматы мен Астана қаласынан келген апайтөс батырлар бөлісті. (80 мың теңге).

   Бәсекенің екінші күнінде палуандарымыз жекелей сынға түсті. 50 кг бойынша (1-орын) Н.Тұтқышев Қарағанды обл, (2-орын )Б.Жүніс Атырау обл,( 3-орын) Ә.Мұханбетжанов Қостанай обл, Д.Ниетбай Алматы қ.60 кг бойынша  (1-орын) Е.Еренқайып Алматы қ. (2-орын) А.Балмаш Қостанай қ,  (3-орын)  М.Берекетов ШҚО, А.Арыстанбеков Алматы қ   66 кг бойынша (1-орын)  Б.Гарипуллаев Жамбыл обл, Н. Тұрсынғазиев ШҚО, (3-орын) Р.Рантаев Қызылорда обл, О.Ілесбеков Алматы қ. 74 кг бойынша   (1-орын) Қ.Төленбай  Алматы қ, (2-орын)  Д.Темірханов Алматы қ, (3-орын )А.Ғалымов Қарағанды обл, Б. Манасбаев ШҚО  82 кг бойынша (1-орын) Ә. Сахан Алматы қ, (2-орын )Н.Сәлімжанов Қостанай обл, (3-орын) Д.Пахриденов Жамбыл обл, Е.Мағауинов Алматы Алматы қ. 90 кг бойынша (1-орын) Б.Ахметбеков Қарағанды обл,( 2-орын ) С.Шәмшиев Алматы қ,      (3-орын ) П.Жәмәділ  ОҚО, М.Жаңабай Маңғыстау обл  100 кг бойынша      (1-орын)  М.Тұрсынов ШҚО, (2-орын)  А.Қалиев Атырау обл, (3-орын)  С.Пак  Астана қ, Ә. Жұмахметов Алматы қ. 100 кг жоғары салмақпен (1 орын) Д.Нұралинов Алматы қ, (2-орын)  А. Сейтен  Астана қ, (3-орын)         О. Шынкеев Астана қ, Н. Аманжолұлы Алматы обл. 

 Жарыстың үшінші күні де жалғасын тапты. Ашық аспан астында төселген боз кілемнің үстінде белдескен ірі денелі батырлар  «түйе палуан» атағына таласы.  Жан алысып жан беріскен бәсекеде турнирдің түйе палуаны болып – Алматы қаласының мықтысы  Д.Нұралинов,  (200 мың теңге), 2-орын  М. Жаңабай Маңғыстау обл  (150 мың теңге)  3-орын О. Шынкеев Астана қ, А. Қалибеков ШҚО. (100 мың теңге) жеңіп алып,  ақшалай сыйақылармен марапатталды.    Осылайша, алысқанды алып ұратын апайтөс палуандар Абай елін ұлан-асыр дүбірге бөледі.

    Жарыстың жабылу салтанаты кешінде жеңіс туын  желбіреткен  барлық жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар тарту етілді.

   Еліміздің спорт тарихында, оның ішінде қазақ күресі мен дзюдоның дамуына айрықша еңбек сіңіріп, соңына ұрпақ жадына ұмытылмас жарқын із қалдырып өткен марқұм  Манарбек Таутанов  биыл тірі болса 50 жасқа толар еді.  

Мұқағали Мақатаев жырлағандай «фәни дүниедегі барша пенде бір сәттік қонақ ғана»   Иә, ажал жас таңдамай  біреуге ерте, біреуге кеш келеді. Дегенмен,  Шыңғыстаудың киелі топырағында Манарбек Таутановтың есімін ұлықтап, жолын жалғар әлі талай батыр ұлдардың дүниеге келері хақ.

 

 Тоғжан Қалымова

«Абай елі»

 

 

 

 

 

СПОРТ ЖАРШЫСЫ

Бокс

РИНГ ТӨРІН БАҒЫНДЫРДЫ

 

            Наурыз айының 13-17 күндері аралығында Алматы облысы Жамбыл ауданы Аққайнар ауылында 2003-2004 жылы туған жасөспірімдер арасында спорттың бокс түрінен Қазақстан Республикасының аймақтық чемпионаты өтті.

Бұл байқауда еліміздің әр түкпірінен балғын білекті былғары қолғап шеберлері жиналып, ринг төрінде өнер көрсеткен болатын. Осынау жарысқа Абай ауданының құрама командасы сапында барып, шаршы алаң төрінде жасындай жарқылдаған Шайкенов Еркебұлан (58 кг салмақта), Сайлаубеков Айдар (44 кг салмақта) ІІ орынды иеленіп, арнайы мадақтама, медаль, кубоктармен марапатталды.

Өрендеріміздің жатықтырушылары Жанболат Ұлан, Мадибеков Нұрбол шәкірттерінің жетістікті өнер көрсетулеріне зор ықпал етуде.

 

Самбо күресі

ӨРЕНДЕР ОБЛЫС ЧЕМПИОНЫ

 

            Өткен наурыз айы аймағымыз бойынша спорттық шаралар қатарына толы болды. Сәйкесінше, абайлық жастардың салауатты өмір салтын серік етудегі жетістіктері де толыға түсті.

Жуырда наурыздың 17-18 күндері  Семей қаласында самбо күресінен 1999-2000 жылы туған жасөспірімдер арасында Шығыс Қазақстан облысының ашық  Чемпионаты болып өтті. Аталмыш сайысқа аймағымыздың әр түкпірінен іріктелген балуандар қатысып, өзара бақ сынасты.

Сайыс Абай елінен барған балуандар үшін нәтижесіз болған жоқ. Атап айтсақ, 70 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Жұматаева Талшын (Әуезов орта мектебі) І орынды қанжығаға байлады. Сонымен қатар, 52 кг салмақ дәрежесіндегі Жұматайұлы Қуанышбек (Лицей), 65 кг салмақтағы Жақсыбеков Ералыбек (лицей) ІІ  орынды  бағындырды. Ал,   42 кг салмақ дәрежесінде шеберлік сынаған Құмаров Байсиық (лицей) ІІІ орын иеленді.

Барлық жеңімпаздарға алдағы өтетін сайыстарда да жеңіс тұғырынан табыла берулеріне тілектестік білдіреміз.

 

 

Қазақ күресі

ЗАЙСАННАН ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫ

         Осыдан біраз бұрын, наурыз айының 27-29 күндері аралығында Зайсан қаласындағы «Жекпе-жек» күрес залында қазақ күресінен «Ауған соғысы ардагерлерінің құрметіне» арналған жасөспірімдер арасында Зайсан ауданының ашық біріншілігі болып өтті.

 

Бұл жарысқаАбай ауданы, Аягөз, Көкпекті, Тарбағатай, Күршім, Зайсан аудандарынан және Семей қаласынан жалпы саны 135 палуан қатысты. Осынау сайыс қорытындысы бойынша 42 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Рахатұлы Қайсар (Абай лицей), 46 кг салмақ дәрежесіндегі Асланұлы Ислам (Тоқжігітов орта мектебі), 66 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Манарбекұлы Жоламан (Көкбай орта мектебі) І орынды жеңіп алды. Ал 38 кг салмақ дәрежесіндегі Несіптаев Ертілеу (Әуезов орта мектебі), 66 кг салмақ дәрежесінде Шалабаев Мақсат (Әуезов мектебі) жүлделі екінші орынға ие болды. Сонымен қатар, 55 кг салмақ дәрежесіндегі Қайыржанұлы Серікжан (лицей) үшінші орынды місе тұтты.

Жеңімпаз өрендеріміздің жаттықтырушылары Нұғыманов Айбек, Ахметжанов Азамат, Әкішев Медет, Шәкебай Думан, Кәкенов Мақсат, Ермекбаев Рауан, Сәрсенбаев Шалқар сынды бапкерлерге алғыс білдіреміз.

 

РУСЛАН – ЧЕМПИОН АТАНДЫ

 

         Ағымдағы жылдың 30 наурызы мен 2 сәуір күндері аралығында ел Батысы Ақтөбе қаласында  қазақ күресінен ересектер арасында Қазақстан Чемпионаты болып өтті.

 

Аталмыш байрақты бәсекеге еліміздің 14 облысынан және Алматы, Астана қалаларынан арнайы іріктелген балуандар қатысты. Республикалық чемипионат  облыс құрамасы сапында өнер көрсеткен абайлық балуандар үшін де айтарлықтай нәтижелі болды. Атап айтсақ, үш күнге созылған тартысты жарыста 81 кг салмақ дәрежесінде белдесуге түскен жерлесіміз Жарқынбаев Руслан Қазақстан Республикасының Чемпионы атағына ие болды. Жеңімпаз өреніміздің жаттықтырушысы Нұғыманов Айбектің еңбегін де айта кеткен орынды. Русланды осынау жеңісімен құттықтай отырып, әлі де биіктерден көріне беруіне тілектестік білдіреміз.

 

Тоғызқұмалақ

 

АЙМАҚ НАМЫСЫН ҚОРҒАДЫ

 

        Тоғызқұмалақ ойыны бабаларымыздың ұрпағына қалдырған баға жетпес сыйы, рухани құндылығы, аманаты екендігі хақ. Жасөспірімдерді дене шынықтыру тәрбиесіне баулу арқылы ақыл-ойын дамыту ісінде аталмыш ұлттық ойынның берері мол. Бүгінгі таңда республика бойынша қазақтың төл ойыны - тоғызқұмалақпен айналысатындардың саны жүз мыңға жетіпті. Бұл үлкен көрсеткіш.

 

     Қазіргі күні осынау ұлттық ойынымыз халықаралық зияткерлік олимпиадалар мен фестивальдар бағдарламасына еніп, әлем және құрлық чемпионаттары ұйымдастырылып, жаһандық деңгейде таралуда.

      Тоғызқұмалақ ойыны Абай елінде де жоғары деңгейде дамып келеді. Оған келтірер дәлеліміз мол.

Ағымдағы жылдың 24-31 наурыз күндері аралығында Семей қаласында тоғызқұмалақтан жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында Қазақстан Республикасының жекелей чемпионаты болып өткен-ді. Аталмыш біріншілікке ауданымыздан Әлемқызы Әмина, Кеңесбекова Ақбота, Оралқанов Бағнұр, Назымқызы Айзада, Оразалин Нұрсұлтан сынды ойыншылар қатысып, жоғары деңгейдегі жетістіктерімен қуантты.

       Атап айтсақ, 10 жастағы ұлдар тобында Оралқанов Бағнұр жүлделі екінші орын алып, Қазақстан Республикасының күміс медальіне ие болып, Шығыс Қазақстан облысының және Абай елінің мерейін үстем етті. Сонымен қатар Бағнұр спорт шеберлігіне үміткер нормативін орындады.

     Алдағы уақытта білікті бапкер Күзембай Назым жаттықтыратын абайлық жас тоғызқұмалақшылар биік белестерді бағындырып, аудан абыройын жоғары деңгейде қорғай береді деп сенеміз.

 

Арнайы спорт жаңалықтарын әзірлеген              Анар СӘРСЕНБИНА,

                                                                                           «Абай елі»

 

 

 

Спорт сенің серігің

 

 

Әулет - ұлттың іргетасы. Ал, «Отбасы - шағын мемлекет» деген нақылға сүйенсек, жанұядағы бірліктің бекемдігі бірінші кезекте бағаланбақ. Осы орайда, сәуірдің алғашқы жұлдызында Қарауыл ауылындағы «Шыңғыстау» спорт кешенінде аудандық деңгейдегі «Бір атаның балалары футбол ойнайды» атты мән-мағынасы ерекше жарыс өтті. Тұңғыш рет ұйымдастырылған қызықты сайысқа Абай еліндегі спортты серік еткен белгілі әулеттер өкілдері қатысты. Аталмыш додаға 13 әулет, яғни, 13 команда сайланып келген екен. Білек түре кіріскен барша спортшы әулет намысын қолдан бермеуге тырысып бақты.  

Ауданның «Жастар орталығы» ұйымдастырған осынау турнирға Белібаевтар отбасы, Орынбаевтар, Ахметовтар, Тайтөлеуовтер, Исахановтар, Батырбаевтар,  Жұмабаевтар, Алтыбаевтар, Арғынбековтер, Мәдібековтер, Мырзақасымовтар, Жапаловтар және Қадыровтар әулеттері қатысты. Осы орайда, идеяның авторы Алтай Исаханов екендігін баса айтып өткен жөн.

Жалпы, жарыстың негізгі мақсаты әр отбасыны отансүйгіштікке, салауатты өмір салтын ұстануға тарту және спортқа баули отырып, әулеттік рух қалыптастыру болатын. Сайыс барысы көрсеткендей, баба аты, әулет атауы намысқа түскенде жігерленбейтін жанұя мүшесі болмайды екен. Сайыс осынысымен де қызықты, әрі мейлінше тартысты өтті.

Бірінші кезекте айталық, шағын футболдан өткен жарыстың әсері  бұрынғы бәсекелерден бөлек болды. Тіпті, көрермен нағыз аяқдоп спектаклін тамашалап, қызыққа батты десек қателеспейміз. Себебі, әр ойыншы өзінің және командасының ғана емес, ең маңыздысы өз әулетінің намысы сынға түсіп жатқанын айқын сезінді. Сондықтан болар, жігерін намысына жаныған қатысушылардың тер шүмектетіп, барын сала ойнағанына куә болдық.

Асылы, ауданның спорттық командалары бірін-бірі жақыннан таниды. Анығырақ айтсақ, футболдағы әдіс-айласы, шеберлік деңгейлері, шабуылдау немесе қорғаныс комбинациялары өзара баяғыдан мағлұм. Ал, бұл жолғы сайыстың жөні тым бөлектеу болды. Бұрындары бір команда құрамында ұжымдасып өнер көрсеткендер ендігі аралықта әулет намысы үшін қарсыластарға айналған болатын. 

Десекте, делебе қоздырған дода спортсүйер көрерменнің көңіл хошын қандырып барып тәмамдалды. Бұл сайыста финалдық кездесуді тең есеппен қорытындылаған Исахановтар мен Тайтөлеуовтер әулеті сауатты ойын өрнегін көрсетіп, жеңімпаз пенальти тебу арқылы ғана анықталды.

Сонымен бір күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша Исахановтар әулеті үздік атанып, І орынды жеңіп алды. Ал, Тайтөлеуовтер әулеті жүлделі ІІ орынды, Жұмабаевтар әулеті ІІІ орынды еншіледі.

Сондай-ақ, жарыс барысында үздік өнер көрсеткен Белібаев Русланға «Үздік ойыншы», Батырбаев Дарханға «Үздік қорғаушы», Жұмабаев Бейімбетке «Үздік қақпашы» және Арғынбеков Қуанышқа «Үздік шабуылшы» аталымдары бойынша арнайы марапаттар табысталды. Осы орайда айта кетелік, команданың сұрмергені Қуаныш жарыс аясында қарсыластар қақпасына 14 допты дөп кіргізіп, дара танылған болатын.

Әйткенмен, сайыстың «әттеген-ай!» дегізген тұсы да болғанын айту ләзім. Тартысты бәсеке аудандық деңгейде өткізілсе де Кеңгірбай би ауылы мен Тоқтамыс ауылынан өзге округтардың қалыс қалуы осынау шараны ұйымдастырушыларды қынжылтты. Жанкүйерлерді, спортсүйер көпшілікті елең еткізген осынау жарысқа бұл жолы да спорт саласы бойынша сынға көп ұшырап жүрген округтер келмепті. Оған «қандай себеп болды екен?» деген сауал көпшіліктің көкейінде кеткені анық.

 

Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі»

 

Бәрекелді!

 

 

Бүгінгі жас болашақ Қазақстанның жанды бейнесі. Жастарды білім жолына салып, түзу жолдан тайдырмай, санаға сәуле шашар оқу білімнің тізгінін ұстату мемлекет пен қоғамның міндеті саналады. Қандай мықты мемлекет болмасын жастардың білімі мен оқу-ағарту ісіне көп көңіл бөледі. Келешектің іргетасын қалау үшін, ең алдымен сол елдің жастарының саналы ұрпақ болып жетілуіне күш салу керек.

Осы орайда  біздің облысымыздың жас зерттеушілері 2017 жылдың 3-8 ақпаны аралығында Тэджон қаласында (Оңтүстік Корея) WOOSONG Халықаралық университетінің және SolBridge International School of  Business базасында өткізілген «Жас ғалым» халықаралық ғылыми байқауына қатысты. Байқаудың басты мақсаты – ізденіс-зерттеу ісіне қызығушылық танытатын талантты оқушыларды анықтау және қолдау, оқушылардың үздік жетістіктерін насихаттау, Кореяның үздік жоғарғы оқу орындарымен шығармашылық қатынасты дамыту.  

Республикамыздың,облысымыздың,ауданымыздың,мектебіміздің намысын   Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектеп-лицейінің  10-сынып оқушысы Ролланұлы Расул  «Алгебрадан стандартты емес есептерді шығару жолдары» тақырыбында  /Жетекшісі  Тлебалдина Назигүл/ қорғап жүлделі ІІІ орынды иеленді.

Байқау қатысушыларына мәдени-танымдық бағдарлама ұйымдастырылды: ETRI электроника және телекоммуникация ғылыми-зерттеу институтына, Сеулдың көрікті жерлеріне, ғылыми тарихи мұражайларға, Император сарайына саяхаттар жасады.

2017 жылдың 12-17 ақпанында Алматы қаласындағы "Алатау" сауықтыру базасында жалпы білім беретін пәндерден республикалық ғылыми жобалар сайысы өтті.

Шараның мақсаты шығармашылық қабілеттерді айқындау және жетілдіру, ғылыми қызметті қолдауға қажетті жағдай жасау, оқушылар тұлғасын айқындайтын әлеуметтік маңыздылығы бар қасиеттерді қалыптастыру.

Шығыс Қазақстан облысынан 8-11 сыныптарда оқитын 51 оқушы (42 жоба) қатысты.

Жарыстың қорытындысы бойынша ШҚО командасы жалпыкомандалық бірінші орын және «Үздік команда» номинациясында дипломмен марапатталды.

Шығыс Қазақстан облысының 30 оқушысы жүлделі орынға ие болды. Бұл жарыста да Расул мектеп мерейін асырып ІІІ орынға ие болды.

 

  Адибаева Айгерім

Абай атындағы ЖОББ мектеп-лицейінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

 

 

 

Page 1 of 5

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар