Басқа айдарлар

Дәстүрлі дін – діңгегіміз!

ЖАТ АҒЫМДАРДАН САҚТАНДЫРДЫ

Бүгінгі таңда қоғам үшін өзекті саналар, алаңдатар бірқатар мәселелер тұр. Солардың арасында өскелең буынға рухани тәрбие беру һәм діни тұрғыдан дұрыс ақпараттармен қамтамасыз ету, ұлттық таным-түсініктен ажыратпау басым маңыздылыққа ие. Жастар жат ағымдардың жетегінде кетпеулері тиіс. Бұл орайда, еліміз бойынша 2013-2017 жылдарға арналған «Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл» жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның міндеттеріне сай, Абай елінде де елеулі шаралар қолға алынып, атқарылуда.

Атап айтсақ, осыдан біраз бұрын, 5-6 қараша күндері аралығында Дін мәселелері бойынша жұмыс атқаратын облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының бағдарламасына сәйкес, Абай ауданы бойынша алты кездесу өткізіліпті. Жекелей тоқтала кетер болсақ, Қасқабұлақ ауылдық клуб үйінде, Архат ауылдық клуб үйінде, Кеңгірбай би ауылындағы Абай колледжінде, Көкбай ауылдық мәдениет үйінде, Құндыздыдағы Ш.Әбенов атындағы орта мектебінде, Қарауылдағы М.Әуезов атындағы орталық кітапханасында және аудан орталығындағы Құнанбай қажы мешітінде жергілікті тұрғындармен жүздесулер өтті. Кездесуге қатысушылар негізінен шаруа қожалықтарының жетекшілері, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметкерлер, ауыл жастары, оқушылар, студенттер, діни бірлестік жетекшілері, жұмыссыздар мен мешіт жамағаты және БАҚ өкілдері қатысты.

Облыстық ақпараттық түсіндіру тобының құрамында Семей қалалық Әнет баба атындағы Қос мұнаралы орталық мешітінің наиб иманы Бауыржан Құмарғазыұлы Балтабеков және ШҚО Дін мәселелерін зерттеу орталығының ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бөлімінің жетекші маманы Мирас Еспаев, Абай ауданы Ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұлан Сағадиевтар болды.

Кездесулер барысында дәстүрлі емес діни ағымдардың қоғамға зияндылығы, қазақ халқы үшін дәстүрлі саналатын Ханафи мәзхабы, діни қызмет және діни бірлестіктер туралы Заң талаптары, Қазақстандағы зайырлы мемлекеттілік ұғымы, Жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеу сынды бірқатар өзекті тақырыптар қозғалды.

Кездесулердің мақсаты экстремизм мен терроризмнің алдын алу, тұрғындар арасындағы діни сауаттылықты арттыру, діни ағымдардың қимыл-әрекетін, мәнісін түсіндіру, жас буынды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу болатын. Келелі жиындар барысында тұрғындар үшін маңызды ақпараттар беріліп, діни сауаттылықтың қажет екендігі жайында кеңінен сөз қозғалды. Осындай келелі кездесулер алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

 

Анар ҚАБДІЛДА,

«Абай елі»

 

 

1-қазан – халықаралық Қарттар күні

 

БАР ҚҰРМЕТ – ҚАРИЯЛАРҒА!

 

Бүгінде еліміз бойынша 1-қазан – халықаралық Қарттар күнінде аға буын өкілдеріне құрмет көрсету игі дәстүрге айналған. Бұл үрдістен Абай елі де кенде қалып көрген емес. «Дария кеуде тау мүсін» деп ақындар жырға қосқандай, арамызда жүрген осы бір жандарға қандай құрмет көрсетсек те артық етпейді.

 

       Ерік - жігерін ұрпағының жарқын болашағы үшін сарп еткен қарияларымызды қадірлеу - баршаның міндеті. Әр жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін 1 қазан - Халықаралық қарттар мерекесі Қарауылда да биыл айрықша аталып өтті. Мереке ең алдымен «Хан Шыңғыс» тойхана залында «қаламқастық» әншілердің «Қариялар» әнімен бастау алды. Осы сәттердегі «Нұр-Сана» салт-дәстүр орталығы әжелерінің шашуы, тіпті естелік фотоға түсуі ауыл қарттарын зор әсерге бөлегені шындық.

     «Көп жасаған қария - ақылы теңіз дария» демекші, мұндай жандардың қатары біздің ауданымызда жетерлік. Аға буын өкілдерінің ұлы Отан соғысы жылдарындағы тылдағы жанқиярлық ерлігі, одан кейінгі қираған өндіріс пен халық шаруашылығын қалпына келтіру, басқадай сан-салалы жұмыстарды атқару кезіндегі ерен еңбектері өскелең ұрпақ тарапынан ешқашан назардан тыс қалмауы тиіс. Ауданымыздағы «Хан Шыңғыс» тойханасында өткен осынау шуақты мерекеге саналы ғұмырлары жас ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық қариялар жиналды. Жастары 75-тен 100-ге дейінгі аралықтағы ақ жаулықты әжелер мен кеудесі шежіреге толы қазыналы ақсақалдар, аудан басшылары қатысты.

Мерекені «Қаламқас» ансамблінің өнерлі жастары өз мәнінде жүргізіп отырды. Қариялар жағы ерекше көңілді еді. Бір дастархан басында шүйіркелесіп, емен-жарқын әңгіме-дүкен құрысып, әсем ән тыңдап, сый-сияпатқа кенеліп бір жасап қалды.

             Жылдағы дәстүрге сай ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Сағдат Тәтиева басқарып отырған ұйымшыл ұжым бұл күні үлкен даярлық жасапты. Оны қарттардың әжім әдіптеген жүзіндегі қуаныштан анық аңғаруға болатын еді. Сөз алушылардың қай-қайсысы болмасын қариялардың қажырлы еңбекпен өткен еселі күндерін, бүгінгі қоғамға жасап отырған ықпалын, үлкен үлестерін, жас ұрпақ үшін ғибратқа толы өмір жолдарын тілге тиек етіп отырды.

Қазыналы қарттарды ең алдымен аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяұлы мен аудандық мәслихаттың хатшысы Төлеубек Аманғазыұлы мерекелерімен құттықтап, қайыспас қайсар жандарға ақжарма тілек, жылы лебіздерін білдірді. Көңілге шуақ шашар бұл мерекелік кеште заңғар жазушы М.Әуезовтің тәрбиесін көріп, бір дастарханнан дәм татқан ауданымыздың «Құрметті азаматы» Манатай Толғанбаев ақсақал, облыс әкімінің Абай ауданындағы кеңесшісі Байбота Орынбаев, Қарауыл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, қарт ұстаз Шыңғыс Несіпбай сынды көкірегі шежірелі, өмірден көргені мен түйгені мол абзал қариялар ізгі лебіздерін ортаға салып, салиқалы пікірлерін жеткізді. Сонымен қатар ақ самайлы аналарымыз да мерекелік шарада ақ тілектерін ағытты. Еңбек ардагері, ұзақ жыл «Казпотребсоюз» мекемесінде кәсіподақ ұйымының хатшысы болған аяулы ана Өмірзақова Бақытжамал, тоқсан жастан асқан қарт ұстаз Күләш Жакупова тағы бірқатар аналар барлық қарттарды ақылшы болып, немере-шөберелерінің қызығын қызықтап жүре берулеріне тілектестік білдірді.

Ата-әжелеріміз осындай әсерлі кеш сыйлаған Абай елінің басшысы Тұрсынғазы Жантұяқұлына, аудан басшыларына, Сағдат Әбікенқызы бастаған әлеуметтік сала қызметкерлеріне, 40 жылдан астам тарихы бар, өнері республикаға танымал «қаламқастық» өнерпаздарға алғыстарын жаудырып, береке-бірлікпен алда талай асуларды асып, ауданымыз бұдан әрі көркейіп, жақсылықты істердің куәсі бола берейік деген ілтипатты ниеттерімен де бөлісті.

Иә, «Ән көңілдің ажары» демекші, қарттардың көңілін сергіткен «Қаламқас» ансамблінің әншілері Бақыт Шағатаева, Тамара Көзбаева, Космонавт Төлеуханов, Жанат Хайсина, Қонысбек Байдашев, Нұрбек Өмірбеков, Еркін Жолжігітов, Азамат Елужанның шырқаған халық әндері, әке, ана, туған жер, қарттар туралы әндері, «Абай» мектеп-лицейінің оқушылары, балғын әншілер Зере мен Әлидің, әзілден сыбаға тартқан Талант Берікболов пен республикалық би байқауларының жеңімпазы «Өрнек» тобы бишілерінің өнері қариялардың жанын жадыратып, кеш ажарын аша түсті. Ақын Т.Жанғалиев жетекшілік ететін М.Ибраев атындағы «Ақсұңқар» ақындар сыныбының шәкірттерінің жүрекжарды жырларын ұйып тыңдаған қариялар бастау-бұлақтан сусындағандай ма дерсіз. Әсіресе, аналар атынан сөз алған «Нұр-Сана» салт-дәстүр орталығының мүшесі Уәсилә Нұрсейітованың ана туралы сызылтып салған әсем әні жүректерге шым-шымдап жетіп жатты.

       Абай елі әманда білімді өнерлі, спорт сүйер өрендерімен мақтанады. Осы кеште республикалық байқауға баратын оқушыларға Манатай ақсақал ақ жол тілеп, бата берді. Мерекелік шара соңында аудан әкімінің орынбасары М.Еділбаев, Қарауыл ауылдық округінің әкімі Қ.Берлешов, ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы С.Тәтиевалар сөз алып, ақ жаулықты аналар мен қазыналы қарттарды мерекелерімен құттықтап, қарттар күніне орай қарттарға арнайы сый-сияпаттар үлестірілді. Әсіресе, аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбековтің биылғы мерекелік күннен ескерткіш ретіндегі рамаға салынған фотосуреттері қарттар үшін ерекше сый болды.

Осылайша көңілді өткен мерекелік шара соңы Манатай ақсақалдың көпшілікке бата беруімен тәмәмдалды. Емен-жарқын, жайдарлы жағдайда өткізілген басқосудан қарттарымыз риза көңілмен тарасты.

«Қарттарыңды сыйлай біл: күндердің күні болғанда кімдердің белі бүгілмес» деген екен Бұқар жырау. Ұлағатты сөзді зейініне зерделеген ұрпақ қашанда қарттарын қадірлейтіні ләзім. Лайым, қарттарымыз қамықпасын!

Анар СӘРСЕНБИНА,

«Абай елі»

Игілік

Қарттарға көмек қолын созды

Қоңыр күзбен қатарласа келетін қарттар мерекесі де әне – міне дегенше келіп жетті. Осы ретте «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деп дана халқымыз тегін айтпаса керек. Себебі, көненің көзі саналатын қарияның сөзі дана, ісі ғибратты, өзі бір шежірелі кітап сынды.

Осы тұста өмірлері өнегеге толы осыбір жандарды мереке құшағында мерейге бөлеп, құрметке кенелтетін жас ұрпақтың бой түзеп келе жатқаны көңіл қуантты. Үлкенге құрметті өздеріне парыз тұтқан ауданның Жастар орталығының директоры Мейіржан Смағұлов бастаған бірқатар белсенді жастар жағымды істің жанынан табыла білді. Мереке күні жастар орталығының бастамасымен Қарауыл ауылындағы Ұлы Отан соғысының ардагері Жағыпар атаны және жалғыз басты қарияларды құттықтап, сыйлықтар үлестіріп, көмек қолдарын созған еріктілер игі істі үлкен ыждаһаттылықпен жасады. Бір топ болып жиналған жастар қарияның отындарын кіргізіп, ағашын жарып, көктемде еккен егіндерін жиыстырып, аула маңайына тазалық жасап, қоқыстарын да шығарып берді. Осындай белсенді жастарға қарияларымыз өз ризашылығын шексіз жаудырып, ақ батасын берді. Ел болашығы жастардың қолыңда екенін ескерсек, осындай жастармен болашаққа сеніммен қарауға болады.

«Абай елі» ақпараты

Психологиялық тренинг

 

ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫНА АРНАЛДЫ

 

     Отбасы - шағын мемлекет деуіміздің өзіндік себебі де бар, екі адамның некелесуі толық отбасын құрамайды. Дүниеге шыр етіп нәресте келгенде ғана отбасы толық отбасы саналады. Жанұя – мемлекеттің кіші макеті. Мемлекеттің берік болмағы сол отбасының іргетасының бекемдігінде жатыр. Бұл ретте отбасы құндылығының маңыздылығын түсініп, әсіресе бала тәрбиесіне ерекше мән беру қажет. Шығыс ғұламасы Әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім-адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» депті. Демек, бала тәрбиесінің негізін қалыптастыратын ең алдымен отбасындағы ата-ана.

     Отбасы күні мерекесі Абай елінде де өз дәрежесінде өтті. Аталмыш атаулы күнге орай жуырда «Абай» атындағы мектеп-лицейінің психологтары Р.Сыздықова, Ә.Мұсахановалардың ұйымдастыруымен 1 - сынып ата -аналарына психологиялық тренинг өткізілді. Мектептің акт залында өткізілген тренингтің мақсаты: ата - анамен баланың арасындағы қарым –қатынасты жақсарту, отбасымен мектеп арасындағы байланысты орнату, отбасы жарастығын нығайту болды.

«Қазіргі таңда ата-ананың бірінші мақсаты – қаражат табу, балаларын ешнәрседен мұқтаж етпеу болып қалды. Бала –шағаның қамымен жүрген ата-ана бала тәрбиесіне де көңіл бөле алмай қалды. Ал бала тәрбиесі отбасынан басталады, қалыптасады. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші жақсы-жаман әдеттерді бала отбасында үйренеді. Отбасындағы кикілжің ұрыстар баланың психикасына әсер етеді. Баланың мейірімді, еңбекқор, әдепті болып өсуі - отбасында жайлы, жақсы климаттың болуы баламыз өмірден өз орнынын тауып, бақытты өмір сүрсін десек, бала тәрбиесіне көңіл бөлуді ешқашан естен шығармайық»,- деп шараны кіріспе сөзбен ашқан мектеп психологтары алдын-ала таратылған белгілерді (әке, бала, ана жазуы бар көгершін) алған залдағы отырған ата - аналарды ортаға шақырып «Танысу» жаттығуын жасады. Әр ата-ана өздерін таныстырып, баласының есіміне қоса бір жағымды қасиеттерін айтып шықты.

Келесі кезекте «Бала деген кім?» жаттығуы барысында ата-аналар бала жайлы өздерінің ой-пікірлерімен бөлісті. «Болашағым», «үмітім», «қызығым», «жалғасым», «қамқоршым», «асыраушым» деп қаншама жылы сөздерді төгілтіп еміренген ата-әжелер, әке-аналар лебізінен ұрпағына деген ыстық сүйіспеншілікті көре алдық.

Сонымен қатар залда отырған ата - аналар да Сіз балаңызды таңертеңгі ұйқыдан қалай оятасыз? Балаңызға ризашылығыңызды қалай білдіресіз? Балаңыздың тәтті қылықтары қандай? Балаңыз сізге қандай көмек көрсетеді? Балаңыз мектептен шағым айтып келді. Енді мектепке барғысы келмейтінін айтты. Сіздің әрекетіңіз қандай? Балаңыз түнімен теледидар көріп, ұйқысы қанбай қалды. Балаңыз «басым ауырып тұр, мектепке бармай ақ қояйыншы деді» сіздің әрекетіңіз қандай? деген ситуациялық сұрақтарға белсене жауап беріп, треннинг маңызы тіптен арта түсті.

Келесі жаттығу «Жүректен жүрекке» деп аталып, қолдарына жүрекше ұстаған ата - аналар шеңберге тұрып өз жанұяларының жақсы бір қасиеті жайлы шын жүректерімен жеткізіп, шеңбер жасап «Біздің жанұя ұйымшыл бір нәрсені бәріміз бірігіп жасаймыз», «Менің жанұям тату-тәтті», «Менің отбасым өнерлі де спортқа жақын» т.б сол сияқты жанұядағы жақсы қасиеттерді тізбеледі. Осыдан соң «Бала - тілек», «Ана - жүрек», «Әке - тірек» атты үш топқа бөлініп, тренингтен алған әсерлерін ортаға салды.

Сонымен бірге 1 «б» сыныбының жетекшісі Гүлайым Дүйсенбекова да ата - аналармен осындай жаттығулар өткізіп, шараның маңызын арттыра түсті. Әсіресе, треннинг барысында өздерінің салиқалы ақылдарын, мәнді пікірлерін, ақжарма тілектерін білдірген «Нұр-Сана» салт - дәстүр орталығының ақ әжелері Қаныша Нұрғалиева мен Уәсилә апа, Кеңгірбай би ауылының қадірменді ақсақалы Асқар Жарасбаев, әнші Қайрат Қабышев тағы көптеген ата - аналардың ата - ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, баланы қалай тәрбиелеу жайында айтқан ой-танымдары өте ойлы болды.

Өз баласының болашағына алаңдап «қайтсем де баламды адам етемін» деген ата - ананың үміт арманы баласымен бірге жасайды. Отанын, елін, жерін сүйетін, ата - анасын, мектебін, ұстазын, сынып оқушыларын құрметтейтін, еліміздің тұтқасын ұстар азамат болып өсуіне үлес қосар ата-аналар лебізі тіптен ерекше.

Аталмыш тренинг барысында мектептің өнерлі балғындары әннен шашу шашып, шаттықты көңіл сыйлады. Иә, қасиет қонған, ұлылар ізі қалған мекеннің ұрпақтары өнегелі болуы тиіс. Абай ұрпақтары еліне, жеріне лайықты болуы ләзім. Ал ұрпағымыздың жақсы қасиетке ие болуына әкенің мейірімді жүрегі, ананың аялы алақаны, дұрыс тәрбиесі әсер ететіні сөзсіз. Ата-ананың жеке басының әсері балаға күн сәулесімен бірдей, мұны басқа еш бір нәрсемен ауыстыру мүмкін емес. Сондықтан да, баладан жүрек жылуын аямай, көп көңіл бөлсек, ұтарымыз мол болмақ.

Треннинг соңында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары міндетін атқарушы Нұргүл Біләлқызы трненигке қатысқан барлық ата - аналарға мектеп басшылығы атынан ризашылығын жеткізіп, сый – сияпат ұсынды. Отбасы құндылығына баса назар аударған Абай мектеп-лицейіндегі мерекелік кеш мектептің бақытты ұйымшыл отбасыларының «Әкем, шешем және мен» атты спорттық сайысына ұласты. Ата - аналардың көңілінен шыққан осындай тренингтер алдағы уақытта да жалғасын тауып, өткізіле берсе деген ойдамыз.

Анар СӘРСЕНБИНА,

«Абай елі».

 

1-қыркүйек –Білім күні

 

АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ: АҚЖАРМА ТІЛЕК - АЛҚЫЗЫЛ ГҮЛ

 

Міне, қоңыр күз де келіп жетті. Алғашқы қоңырау да сыңғырлап, жазғы каникулды қызықпен өткізген өрендерге білім ордалары есіктерін айқара ашты. Қалыптасқан игі үрдіс бойынша ауданымыздағы келелі білім ордасы Абай мектеп-лицейі де жаңа оқу жылын жарасымды түрде қарсы алды. 1-қыркүйек Білім күнінде алтын ұя мектептерімен қайта қауышқан шәкірттер мен аяулы ұстаздар сезімі тіптен ерекше. Әсіресе құшақтары гүлге, көңілдері қуанышқа, жүректері лүпілге толған бірінші сыныпқа барған балауыз бүлдіршіндер үшін осынау сәт қайталанбас мезеттердің бірі болып мәңгіге есте сақталары анық.

Биылғы оқу жылында аталмыш білім ордасында 85 жас бүлдіршін тәлім алмақ екен. Білім баспалдағын бірінші рет аттағалы отырған осы балақайларды қарсы алу рәсімімен басталған салтанатты жиында сағындырған алғашқы қоңырау да сыңғырлады.

1- сыныптарды қабылдап алған әрбір сынып жетекшілерінің білім- біліктерін баяндаған қос жүргізуші олардың шәкірт тәрбиелеудегі табанды еңбектеріне де тоқталды. Сондай аяулы ұстаздар қатарында Сәуле Әлімжанова 1 «А» сыныбын, Гүлайым Дюсембекова 1 «Б» сыныбын, Жанар Жолымбетова 1 «В» сыныбын және Роза Дюсембаева 1 «Г» сыныбын алып, ортаға құрметпен шақырылды. Бал немерелерінің білім көкжиегіне қанат қаққандарына қарап сүйсінген әжелері де шашуларын шашып, мерейлі сәттің қуанышын тіптен шырайландыра түсті.

Салтанатты жиында мектептің озат оқушылары Өмірбек Ұлан, Ернарова Айдана, Жұмағазина Қымбатқа арнайы табысталған Мемлекеттік ту ортаға әкелініп, артынша Әнұранымыз да қалықтап сала берді.

Осыдан соң алғашқы қоңырау салтанатына арнайы қатысып отырған құрметті меймандар таныстырылып өтті. Қонақтар қатарындағы аудан әкімінің орынбасары Ерлан Лдибаев, ауданның білім бөлімінің басшысы Мақсат Нұрсұлтанұлы, ШҚО Кәсіпкерлер палатасының Абай аудандық филиалының директоры Нұрғазы Жүнісжанов және ардагер ұстаз Нағия Шаңбаевалар ізгі лебіздерімен ортақтасты. Өз ұжымын, алғыр шәкірттерін жыл еншісіндегі атаулы мейрамдармен орайласа келіп отырған алғашқы қоңырау салтанатымен құттықтаған мектеп директоры Роллан Тлеуханов өз баяндамасында білім ордасының бағындырған белестеріне де тоқталды.

-Ұлы Абай атамыздың атындағы қасиетті қара шаңырақ жаңа оқу жылында шәкірттерін тағы да құшақ жая қарсы алды. Өткен оқу жылын мектебіміз бойынша 666 оқушы аяқтаса, оның ішінде негізгі мектепті 69 бала тәмамдады. 11- сыныпты бітірген 39 түлектің ішінде Мәденова Жадыра «Алтын белгіге» ие болса, Рымханов Рауан мен Қанатқызы Алинұр Үздік аттестат иегерлері атанды. Мектеп бітірген 39 түлектің 6-сы жоғары оқу орындарындағы мемлекеттік грантқа ие болып, ал 18 түлек ЖОО-ның ақылы бөліміне оқуға қабылданды. 15 оқушы арнаулы оқу орынының грант иегерлері болды. Сондай-ақ 9- сыныпты аяқтап, оқуға барған 29 баланың 12-сі әр түрлі колледждердің грант иегері атанды, - деді өз сөзінде мектеп басшысы.

Сондай-ақ, аталмыш білім ордасының бас ұстазы мектеп базасының заманауи талапқа сай жабдықталғанын, ағымдағы жөндеу жұмыстарына 8 млн. 500 мың теңге қаражат бөлінгендігін, соның нәтижесінде мектеп қоршауы толықтай жаңартылғанын айтып өтті. Осыдан соң шәкірттер жетістігі мен ұстаздар жемісін жіпке тізген мектеп мүдірі Роллан Рымханұлы жыл бойғы жетістіктер жайлы баяндады. Сөз орайында аз қамтылған отбасы балаларына арналып жыл сайын өткізілетін «Мектепке жол» республикалық акциясынан бөлек жекелеме жаны жомарт тұлғалардың оқушыларға жасаған тартулары балғындар қуанышын еселегенін жеткізді. Солардың бірі Арна Ерасыл Ерланұлының жомарттық әрекетіне зор ілтипатын білдірді.

Абай мектеп-лицейі ауданымыздағы абыройы асқақ білім ошақтарының бірі десек артық айтқандық болмас. Осынау салтанатты жиында аудан әкімінің тікелей құттықтау сөзін жеткізе келген аудан әкімінің орынбасары Ерлан Арнаұлы мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отырған бүлдіршіндерге биылғы жылдың атаулы мерекелерімен қатар келіп тұрған ерекше мезетке қуаныш білдіріп, оң қадам тіледі.

Талай жыл табанды қызметімен танылған ардагер ұстаз Нағия Шаңбаева сөз кезегін алып, оқушыларға оң батасын берсе, білім бөлімінің басшысы Мақсат Нұсұлтанұлы балғындарды тек шырқау биіктен көруге жазсын деген жылы тілегімен бөлісті. Оқу ісінің меңгерушісі Анар Сәдібекова өткен 2014-2015 оқу жылын үздік аяқтаған оқу озаттарын марапаттап, мектеп директорының бұйрығымен таныстыра келе, «Жас ұлан» президенті Қозыханова Жанботаға төсбелгі табыс етті.

Осыдан соң салтанатты жиында бастауыш сыныптан 5- сыныпқа аяқ басқан оқушыларды қабылдап алатын сынып жетекшілері таныстырылды.

Алғаш әріп танып, білім баспалдағын аттағалы отырған бүлдіршіндер үшін бұл күн ерекше сәттерге толы болды. Олай дейтініміз, әрбір бүлдіршінге осы күні Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың сыйлығы табыс етілді. Еліміздің барлық білім ордаларында бастау алған бұл үрдіс ауданымызда да көрініс тапты. «Менің Қазақстаным» атты балғындарға арналған танымдық кітап бүлдіршіндердің оқуға деген жігерлерін жанығаны анық.

Салтанатты жиын соңы 1- сынып оқушыларының алғашқы қоңырау соғу құрметімен тәмамдалды. Осылайша «Менің Отаным Қазақстан» атты алғашқы қоңырау кеші мектеп ішінен жабдықталған кәсіптік бағдар беретін кабинеттің ашылу салтанатымен жалғасты. ШҚО кәсіпкерлер палатасының ұйытқы болуымен осымен екінші білім ошағында ашылған бұл бастама әсіресе мамандық таңдауда жаңылысып жататын түлектер үшін өте таптырмас мүмкіндік.

Кәсіптік бағдар беретін сыныптың ашылу салтанатында лента қию рәсімін жасаған аудан әкімінің орынбасары Ерлан Лдибаев және ардагер ұстаз Нағия Шаңбаевалар ақ тілектерімен де бөлісті. Сынып ішімен танысып, қабырғаларға ілінген стендтерге көз жүгірткен меймандар білім бөлімінің басшысы Мақсат Нұрсұлтанұлы, ШҚО Ұлттық кәсіпкерлік палатасының Абай аудандық филиалының директоры Нұрғазы Жүнісжанов, мектеп директоры Роллан Рымханұлы, ШЖҚ «Риза» КМК басшысы Ардақ Белібаев, мектеп директорының бейінді оқыту жөніндегі орынбасары Аққайша Тұрсынбековалар өз ойларын ортаға салып, бағдар беретін бұл бастаманың болашақ жастарға пайдасы молынан болсын деген ақжарма тілектерін ортаға салды. Әсіресе қоғамға қажетті мамандықтар аздығы сөз етіліп, осыған орай ауданымыздағы бірқатар кәсіпорын «Дерикар» ЖШС, Риза КМК және Медеш Шығыс жол орындарымен тығыз байланыс орната отырып, жастарға түзу бағыт бағдар беру екендігін жеткізген қонақтар жылы тілектерін білдіріп тарасты. Бұл игі бастама болашақта ауданымыздың өзге де білім ошақтарында көрініс таппақ. Демек, әр түлектің өз шығар биігін айқындап, болашаққа бағдарын нықтауда жаңылыспайтыны сөзсіз.

Тоғжан РАХЫМБЕКҚЫЗЫ,

«Абай елі»

 

РАДИКАЛДЫҚ АҒЫМДАРДАН САҚТАНУ ЖОЛДАРЫ

 

Алматы, Семей бағытынан келіп, ақ шүберек байлап алып, Абай елін шарлап жүрген автокөліктер керуенін әркім көрген болар. Я болмаса, барша қазақ үшін қастерлі жерлер – Кеңгірбай би зираты, Еңлік-Кебек мавзолейі, Абай мен Шәкәрім кесенелері, Қоңырәулие үңгірі, тіпті, Күшікбай батырға арналған ескерткіш монумент басында да әлем-жәлем байланған ақтықты көріп жүрміз. Бұл келеңсіз көріністер осы өңірге «қажылық» сапарға келген Ақжол, Ата жолы сынды ағым өкілдерінің ізі. Бұл ағым өзін жарнамалау үшін қастерлі мекендерге тасқа қашап, естелік тақта да орнатып кетіп жүр. Ал енді осынау ақжолдықтар жайлы құзырлы орындар мен діндарлар қандай пікірде? Ол туралы сіздің де біле жүргеніңіз абзал!

 

Қастерлі мекенді былғап бітірді

Адасудың да сан тарау жолы бар. Ақжол, Ата жолы сынды дәстүрлі емес медицинаны қолданатын адастырушы ағымдар солардың бірі. Оның шырмауына әдетте діни мағлұматы саяз, Заң талаптарынан хабарсыз жандар тез ілігеді. Аңқау елге алдамшы емші болып жүрген аталмыш топ басшыларының көздегені – пайда табу, қатарларын толықтыру. Қынжылтары сол, Түркістанға, оңтүстіктегі дана бабалар жатқан кесенелерге апарып (әрине, мол ақшаға) дінде де, дәстүрде де жоқ сорақылықты бастап жүргендер соңғы жылдары Абай елінде де көбейе бастады.

ҚР Дін істері агенттігінің мәліметтеріне сүйенсек, Ақ жол ұйым ретінде 1997 жылы ақпан айында жұмысын бастаған. Кейін «Ата жолы» болып өзгертіліп 2001 жылы Алматыда коммерциялық ЖШС ұйым ретінде тіркелген. Оның бейресми мүшелері халық емшілігі деген бүркеншік атаумен Семей өңірінде де астыртын жұмыс істеуде. Ал арбауына түскендерді негізінен Абай жеріне алып келіп, молалар аралатады.

 

Дәстүрлі дінге қайшылығы

Біздің ауданымызға сапар ұйымдастырушы ағым мүшелері клиенттерін тіпті Абай мен Шәкәрім «әруақтарымен» сөйлестіріп жүр. Ел арасында әжуаланып «әруақтелеком» атанған ақжолдықтар адасушылығының басы осы.

Тоқтала кетелік, әу баста атам қазақ әруаққа сиынбаған, сыйлаған. Біз бүгінде осы екі ұғымды ауыстырып алғандаймыз. Қабір басына барып, өлгендерден тілек тілеп, қасиетті Қағбаны айналғандай тауап етіп жататын, әруақтарға арнап құрбан шалып, дертіне шипа, бала сұрап жалбарынатындар әрекеті дінімізге қайшы, тіпті, үлкен күнәлі іс.

Қабірлерге зиярат етушілердің мән бермей жүрген бір мәселесі – Ислам сенімі бойынша қабірде жатқандардан тілек тілеуге болмайтындығы. «Жаратушы тұрғанда жаратылғаннан не сұрайсың» - деп Абай атамыз тегін айтпаған. Алла Тағала Фатиха сүресінің бесінші аятында бір Өзіне ғана құлшылық етіп, бір Өзінен ғана сұрау қажеттігін адамдарға бұйырған еді. Ал, қабірде жатқан қандай қасиетті адам болса да, одан бірдеме сұрау – Алланың қаһарын тудыратын серік қосу атты кешірілмейтін күнә саналады. Әулие, әруақ – бұлардың бәрі өмірден өтіп кеткен адамдар. Олар біздің қайғы –қасіретімізге, қуаныш-шаттығымызға ортақтаса алмайды. Бізге ешқандай жәрдем немесе кесірін тигізе алмайды. Тіпті, олар біздің не тілеп, не сөйлеп жатқанымызды да естімейді. Бұл сөзімізге дәлелді Құраннан табамыз. «Егер оларға жалбарынсаңдар - дауыстарыңды естімейді. Сондай-ақ, Қиямет күні олар сендердің ортақ қосқандарыңнан бас тартады. Толық хабар беруші Алладай сендерге ешкім түсіндірмейді» (Фатыр сүресі, 14-аят).

Ендеше, «Бірінші тілек тілеңіз – бір Аллаға жазбасқа» деп Бұхар жырау айтқандай, Жаратушымыздың алдында зор күнәлі болып қалмайық. Ал ақжолдықтардың өтірігіне көз жеткізгіңіз келсе, мешіт имамына жолығып, мән-жайға тереңірек қанығуға болады.

Ағымның адамдарды тарту, арбау әдістері

Адамдар «қасиетті» жерлерге барғанда, оларды «қасиетті» жерлердегі өлі аруақтармен сөйлесе алатын «қасиетті» топ жетекшісі қарсы алады. Ол сөйлескен адамына: «Сіздің ерекше қасиетіңіз бар екен. Оны әруақтар айтты. Осы қасиетіңізді дамытуыңыз керек. Бірақ, әруақтар ескертеді: егер осы жолды ұстанбасаңыз, өзіңіз ауруға ұшырайсыз немесе жақындарыңыз бір бәлеге тап болады» деген тәрізді сөздер айтады.

Ағымға адам тарту - топ мүшелерінің таныстарына жарнамалауы арқылы жүзеге асады. Науқастарға, тұрмыстық қиыншылықтары барларға Ақжолға ілесіп, аталар басын аралау ұсынылады. Тұлға өзге де ем іздеген адамдармен бірге пәтерде жиналады. Алдымен оларға құмалақ немесе карта ашылады, сонан соң Құран оқылады, шырақ жағылады. Әруақпен тілдесуші әйел адам – «ақ сұңқар» қай тарихи тұлғаның аруағы келгенін хабарлайды. Оңтүстіктегілерге Жамбыл, Сүйінбай, М.Мақатаев секілді ақын-сазгерлер «аруақтары» шақырылса, Абай жеріне сапар жасайтындарға Кеңгірбай би, Қажы ата, Ералы би, тіпті Шәкәрімнің «өз рухы» келеді-мыс. Содан соң адамның есімін атап, оған қай жері ауыратыны, қандай қауіп төніп тұрғаны, болашақта не болатыны айтылады. Әруақпен тілдесуші түсініксіз әрі тез сөйлеуін, өзінің денесіне «енген» әруақтың сөйлеуі деп түсіндіреді. Соңынан зираттарға түнеп, атаның өз басына барып, «бата» алу қажеттігін айтады. Егер ол әруақтардың шақыруына құлақ аспаса кеселге ұшырайды деп сендіреді. Ал өлілердің «батасын» алса, жолы ашылады-мыс. Осылайша, жаңа құрбандық шырмауға түседі.

 

Төндіретін қауіптері 

Еліміздің құқық қорғау органдарының тарапынан Ақжолды қаржыландыру көзі - міндетті ақша аударулар болып табылатыны анықталған. Қаржыландыру ұстанымдары қаржылық пирамидаға ұқсайды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан сараптау комиссиясының 31.07.2008 жылғы есебі бойынша, Ақжолдың емдеу әдістерін халық емшілігіне жатқызуға болмайды. Сонымен қатар бұл адастырушы ағымның жұмыстарында ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін қалыптасып келе жатқан окульттік-мистикалық діни секта белгілері бар екені көрсетілген. 

Сондай-ақ, адамдарды алдау және олардың санасына психологиялық әсер ету механизмдері де бар (олардың қазіргі кезін ата-бабаларының өткенімен байланыстыруға тырысу, адамдардың көңіл күйлері мен сезімдерін өз мақсатарына пайдалану).

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Ведомствоаралық комиссияның Ақжол діни ағымы іс-әрекеттеріне берген бағалары бойынша, бұл топ еліміздің 9 облысында, оның ішінде ШҚО-ның Абай ауданында да белсенді әрекет етеді. Ендеше, алдамшы топтың арбауынан аман болудың қамы қаперіңізде жүрсін!

 

Назар аударыңыз! Мамандандырылған ауданаралық Алматы қаласы сотының 2009 жылғы 5 ақпандағы шешімімен: Ақжол және Ата жолы ұйымдарының ҚР аймағында жұмыс жүргізуіне Заңмен тыйым салынған.

Адамдар денсаулығына, психологиясына, әлеуметтік жағдайына зиянды әсер ететін, қоғамға залал келтіретін, мемлекеттің біртұтастығына қауіп төндіретін бұл зиянды ағымды насихаттаушылар Заң алдында жауапқа тартылады.

 

 

 

 

 

Жарас СӘБИТҰЛЫ

Ішкі саясат бөлімінің дін істері маманы

ЖАЗ МЕЗГІЛІН ТИІМДІ ӨТКІЗУ ҚАЖЕТ

 

Жаз мезгілі, әсіресе, балалардың асыға күтетін маусымы. Жаз басталысымен оқушы қауымның арманына арқау болатын демалыс орындары да есіктерін айқара ашады. Ал Абай ауданында 2014-2015 оқу жылын 1-11 сыныптар бойынша 2527 бала бітірді. Бұл орайда тоқтала кететін жайт, жазғы демалыстың келуімен кәмелетке толмағандардың қауіпсіз демалысы мен бос уақытын ұтымды ұйымдастыруды қамтамасыз ету өзекті мәселе болып табылады.  

 

Бүгінде еліміздің "Қазақстан Республикасындағы балалар құқығы туралы" Заңына сәйкес әрбір бала өз жасына, денсаулығына және қажеттіліктеріне сай демалуға және бос уақытын пайдалы өткізуге құқылы. Сол себепті ауданымызда балалардың демалуына, сауықтыру мезгілді пайдалы өткізуді қамтамасыз ету бағытында шаралар жүргізілуде. Атап айтсақ, аудан бойынша 11 мектептің жанынан өнер, спорт, компьютерлік, өлкетану, шығармашылық, мәдени бағыттары бойынша жазғы демалыс алаңдары ашылып, жұмыс жасауда. Сонымен қатар биылғы жылы Ж.Кәрменов атындағы саз мектебі мен балалар көркемсурет мектептері жанынан алғаш рет жазғы демалыс кезінде 180 бала демалыс алаңына тартылды.

Бүгінде Көкбай ауылына қарасты «Бақанас» жазғы туристік-сауықтыру демалыс лагері жыл сайын 4 кезеңде жұмыс жасауда. Әр кезеңде 25 баладан барлығы 50 бала, яғни көп балалы жанұядан шыққан, тұрмысы төмен, аз қамтылған және жетім балалар демалады.

Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан өңірлік ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған лагерьде аудан бойынша 3 оқушы демалып қайтты. Алдағы уақытта отанымыздың елордасы Астанамен танысып қайтуға ауданымыздан 50 оқушы бір күндік саяхатқа шықпақ. Және Италияға бір оқушы барады деп жоспарлануда.

Бұдан өзге де кешенді шаралар қолға алынып жатыр. Тоқталар болсақ, жазғы каникул кезінде балалар мен жасөспірімдер демалысының, сауықтырылуының және пайдалы іспен айналысуының жүйелі мониторингін жүргізу; жазғы демалыс кезінде жасөспірімдердің арасында құқықбұзушылық, қылмысты болдырмау мақсатында пайдалы іспен айналысуын қамтамасыз ету шаралары алғашқы кезекте тұр. Мұнымен қатар, балалардың денсаулығын нығайту мақсатында жазғы еңбек тоқсанын жандандыру бойынша шараларды іске асыру; оның ішінде білікті психолог-педагогикалық, спорт-дене шынықтыру кадрларын, медициналық мамандарды даярлау, лагерь жағдайында балалармен жұмыс істеу үшін білікті мамандардың жұмысын жандандыру және балалардың ой-өрісін кеңейту, қызығушылығын тудыру, экскурсиялық қызмет түрін, туризмді дамыту мақсатында жазғы сауықтыру лагерьлерін көбейту, курорттық аймақтардағы мұражайларға, ойын-сауық орталықтарына барған кезде олар үшін тегін кіру мәселесін қарастыру ісі көзделген болатын.

Балаларды сауықтыру демалысын, жасөспірімдердің жазғы еңбек тоқсанында пайдалы іспен айналысуына көңіл бөліп, бірлесіп ат салыссақ, өскелең ұрпақтың денсаулығын анағұрлым жақсартуға және көптеген проблемалардан аулақ болуға мүмкіндік туғызамыз деп ойлаймын. Сол себептен де, өз балаларымыздың жазғы демалысын ұйымдастыруды, демалыс лагеріне жіберуді қолға алу қажет екенін айта кеткім келеді.

 

Манас МАХМЕТОВ,

кәмелетке толмағандар ісі бойынша учаскелік полиция инспекторы,

полиция аға лейтенанты.

 

 

 

Астана күні ауылда да атап өтілді

 

Қазақ елінің орталығы Ақмола қаласына ауыстырылып, оған 1998 жылдан бері Астана деген атау берілгелі биыл 17 жыл өтіпті. Содан бері Астана қаласының туған күнін жыл сайын атап өту дәстүрге айналған. Бір ерекшелігі Астана күнін атап, еліміздің жетістігі мен ерекшелігін айшықтап, шалқар шабытпен тойлап, тәуелсіздіктің көгіндегі елдің ынтымағын сақтап отырған кемеңгердің күнін атап өту астаналықтарға ғана емес, бүкіл қазақстандықтарға тән мереке болып кеткен.          

Архаттықтар да Елорданың туған күні мерекесін ауыл орталығындағы жастар алаңында атап өтті. Ауылдағы “Баян” мәдениет үйінің мүшелері “Жұлдызың жансын, Астана!” атты мерекелік кеш ұйымдастырып, халықтың қошеметіне бөленді. Кеш барысында ауылдың әнші жастары әсем әнменен тербеп, көңілді ойындармен көрермен көңілінен шыға білді. Кеш соңы түн жарымға дейін би кешіне ұласып, жастардың көңілін бір серпілтіп тастады.

Жасай бер, гүлдене бер Астана!

 

Архат ауылы.

Page 3 of 4

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!