Басқа айдарлар

Асқақ арманым орындалды

Айдос Болатов:

               Асқақ арманым орындалды

 

Ерліктің даңқы мәңгілік. Сұрапыл соғыс жылдарында сол ерлікті жасаған жанкешті жауынгерлердің бүгінгі ізгі ұрпағы барда олардың есімдері тіпті де ел жадынан өшпек емес. Халқы үшін қыршын кеткен абайлық боздақтар ішінде Тәттібек Түсіпбайұлын ерекшелеп атауға болар. Берлинді тіке шабуылмен алуға қатысқан, Жеңіс күніне небары бір апта ғана қалғанда ерлікпен қаза тапқан гвардияның аға лейтенантын жерлестері әлі күнге ұмытқан жоқ. Өшпес еріктерін мақтан тұтады. «Орнында бар оңалар» деген. Қаһарманның артында қалған ұрпақтары жуырда Германия астанасына арнайы сапармен барып, батырдың қабірін тауып, басына естелік белгі тас орнатып, зиярат етіп қайтты. Осынау сапар жайлы Тәттібек Түсіпбайұлының шөбересі, қарауылдық өрен, Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 3 курс студенті Айдос Болатовты әңгімеге тартқан едік.

- Айдос, майдангер Түсіпбайұлы Тәттібек жайлы, яғни, өз бабаң туралы деректерді қай кезден бастап жинақтай бастадың?

- Атамыздың Берлинде жерленгені туралы ақпаратты бұрыннан білетін едік. Сондықтан да, Марцон бауырластар зиратына барып, ата қабірін зиярат ету, басына ұрпақтарының атынан белгі орнатып, құрмет көрсету бала кезден бергі ізгі арманым болатын. Жалпы, бұрыннан бері бабам жерленген жерге қойылған тастың суреті және портреті үйіміздің төрінде, құрметті орында ілініп тұратын. Есейе келе Берлиннің іргесінде жерленген атамның басына баруды өзімнің ең бірінші кезектегі перзенттік парызым, басты борышым деп санадым.

- Ал Германияға сапар алдында қандай дайындық жұмыстарын жүргіздіңіздер?

- Ең алдымен атам жерленген бауырластар зиратын нақтылай түсу керек еді. Бұл ретте ғаламтор арқылы талмай іздестіріп, тың деректер жинастырдым. Картаны тапқаннан кейін тіл үйрену қажеттігі туындады. Ағылшын тілін ауызекі сөйлеу деңгейінде меңгергенмін, бірақ, немісше білмесем қиындықтар туындар деп ойладым. Сол себепті алдын-ала екі ай көлемінде неміс тілін үйрену қажет болды. Дегенмен, ол жаққа барған соң такси жүргізушілері, қонақ үй қызметкерлері, дүкен сатушыларының ағылшын тіліне жүйрік екендіктерін көріп, қуандым. Бұл мен үшін үлкен жеңілдік еді.

Сондай-ақ, шетелге шығу үшін қажетті құжаттарды рәсімдеп дайындадық. Одан өзге Берлин қаласы, ондағы қоғамдық қатынас, негізгі ерекшеліктері туралы көп ізденіп, оқуға тура келді. Мұның барлығы сапар барысында оң нәтижесін тигізді.

- Енді Германия астанасына жасаған сапарыңызға ойыссақ...

- Біз үшін жол ұзақтау болды. Әуелі еліміздің Астанасынан Мәскеу қаласына дейін ұшаққа отырдық. Артынша Ресей астанасынан Берлинге тағы да әуе жолы арқылы сапар шектік. Жергілікті уақыты бойынша күндізгі сағат 11 шамасында біз Германия жеріне аяқ басып, Берлин әуежайына келіп қондық. Қасымда ауданның қаржы және экономика бөлімінің басшысы, әкем Бауыржан Болатұлы және анам Гүлнар Кәрімбекова болатын. Келген күні қонақ үйге тоқтадық. Шамалы уақытымыз бар болғандықтан, қаланың көрнекті жерлерін аралап, таныстық. Еуропаның байырғы, халық мол шоғырланған шаһары ерекше тартымды екен. Тұрғындары жылы қабақ танытып, кішіпейілділік көрсетті. Өмір сүру салты, халқының менталитеті мүлде бөлек екенін байқадық.

Ал келесі күні атам жатқан бауырластар зиратын іздеп, таң сәріден жол тарттық. Ғаламтор арқылы сол мекеннің картасымен танысып, ойша жоспар құрған болатынбыз. Адаспайтынымызға да сенімді болдық. Біз тоқтаған қонақ үй қызметкерлері де жол сілтеп, көп көмектерін тигізгенін айта кеткен жөн.

Сөйтіп, метроға отырып, Марцон станциясынан түстік. Осыдан соң қалай бару керектігін сұрастырып, айналамыздағы адамдарға өтініш білдіре бастадық. Бұл сапардың бір қызық оқиғасы дәл осы жерден орын алды. Бір жас қыздан ағылшынша бауырластар зиратының қай жерде екенін сұрай бастаған едім, ол менің қазақ екенімді біліп қойып, орысша, бізге ыңғайлы тілде жауап бергені. Аз әңгіме ішінде оның қазақстандық екенін, Қостанай қаласында тұрғанын, кейінірек Германияға көшіп кеткенінен хабардар болдық. Тосыннан кездескен жерлесіміз бізге қалай бару керектігін көрсетіп, жол сілтеп жіберді. Осылайша бауырластар зиратын оңай тауып, жолымыз оңғарылды.

- Арада 70 жылдай уақыт өтті ғой. Оның үстіне бауырластар қорымын үнемі күтімде ұстайтын бұрынғы Кеңес жері – бүгінгі ТМД елдері емес, байырғы жау өлкесі, қазіргі жат жерден ата қабірін табу да оңайға соқпаған шығар.

- Дұрыс айтасыз. Бауырластар зиратын оңай тапқанымызбен атама қойылған тас белгіні табу оңайға түспеді. Себебі, арада ұзақ жылдар өткендіктен барлық қабіртастардың үстін шөп пен мүк басып, топырақ басып кетіпті. Атамның қабіртасын табу үшін үлкен қорымның ішінен төрт қатар орналасқан қабіртастарды түгел тазалап шығуға тура келді. Бұған біраз уақыт пен күш жұмсауға тура келді. Тіпті, таба алмай қайтамыз ба деген күдік те пайда болды. Ақырында үмітіміз ақталды. Атамның қабіртасының бетін тазалап, қолымызда бар сумен сүртіп, сан жылдық тарихты топырақ астынан аршып алғандай болдық. Осы сәттегі бойымызды кернеген сезімді айтып жеткізу мүмкін емес. Қуанышымызда шек болмады. Сонау алыстағы қазақ елінен, Қарауыл ауылынан Еуропа төріндегі Берлинге дейін ат арытып келгендегі мұзарт мақсатымыз осылайша орындалды.

Қабіртасты тазалап болған соң әкем Тәттібек атамның өзі тұрған үйінің іргесінен арнайылап апарған туған жердің топырағын сол жерге көмді. Сондай-ақ, елден әзірлеп алып барған атамның есімі жазылған естелік тақтаны, суретін сол жерге мықтап бекіттік. Содан кейін ата жолымен Құран оқып, жауынгер баба рухына дұға бағыштадық.

Міне, майдангер бабамызға осылай құрмет көрсеткеннен кейін көңіліміз сергіп, кәдімгідей жеңілдеп қалғанымызды сезіндік. Бұл бір ғаламат сезім.

- Сөз соңында осынау сапардан алған рухани тағлым, ерекше әсеріңмен бөліссең.

- Әуелгі кезекте өмірлік асқақ арманымның орындалғанына қуандым. Артында қалған тұяғы, ізгі ұрпағы ретінде үлкен міндетті атқарғандай сезіндім. Мойнымнан жүк түскендей болды. Бәлкім перзент парызы деген осы болар. Иә, бейбіт өмірдің жарық күнін көре алмай, жат жерде топырақ жамылып жатқан бабаммен үнсіз сырласып, бүгінгі ұрпақтарының атынан оның даңққа толы жеңісті жолын ұмытпауға, келешек ұрпаққа да үлгі-өнеге етуге өзіме өзім іштей ант еттім. Бабамның қабірінің жанында бірер сәт болып қайтқаным – мен үшін өмір бойы айта жүрер ескірмейтін естелік болып қала бермек.

- Әсерлі сұхбатыңыз үшін көп рахмет... Жауынгер аталарыңыздың даңқы мәңгілік болсын дейміз!..

 

Сұхбаттасқан Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі».

Мерекеге орай

Серік Ғылыммедденұлы:

БАЙЛАНЫС САЛАСЫ БАЙЫПТЫ ДАМУДА

 

Елбасы Н.Назарбаевтың жарлығымен 2012 жылы маусым айының соңғы аптасында аталып өтілетін Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні маусым айының 28 жұлдызына бекітілген болатын. Төл мерекелерінде ауданымыздағы байланыс саласының бүгінгі ахуалы жайында Абай аудандық өндірістік телекоммуникация торабының басшысы Серік Ғылыммедденұлымен арнайы сұхбаттасқан едік. Бүгінде қарқын алып дамып келе жатқан байланыс секторы жайлы әңгімеге тартып, сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап қайттық.

 

- Серік Ғылыммедденұлы, сөз басында «Қазақтелеком» АҚ филиалы ШҚО телекоммуникациялар дирекциясы Абай аудандық өндірістік телекоммуникация торабының өткен тарихына аз-кем шолу жасап өтсеңіз?

- Сауалыңыз орынды. Себебі, Абай еліндегі байланыс саласының өзіндік қалыптасу, даму тарихын көпшілік біле бермейді. Тоқталар болсақ, аудандық байланыс ғимараты 1929-1932 жылдары қазіргі белгісіз солдат ескерткіші тұрған алаңда, яғни заготскот конторы маңайында саман кірпіштен қаланған үш бөлмелі тар үйде орналасыпты. Ол кездері хат – хабар, газеттер Семейден атпен әкелінеді екен. Қыста шанамен тасымалданып, почталар арқылы колхоздарға да таратылып отырған. 1940-50 жылдары соғыс салқынына орай байланыс қызметі, оның материалдық базасы өте нашар болған. 1946 жылдары ауданымызда небәрі 30-дай ғана телефон байланысы болған екен. Ал, 1975 жылы аудан байланыс мекемесінің материалдық базасы техникалық құралдар жағынан едәуір дамып, байланыстың ең жаңа түрлері келе бастаған. Бұл мекемеде осы жылдар аралығында қаншама білікті басшылар мен байланыс операторлары еселі еңбек етіп, қызмет жасады. Бүгінде аудандық филиалдың қаншама жылдық тарихы, өзіндік шежіресі де қалыптасқан. Осы жолды біз де үзбей жалғастырып, басшылық қызметімізді ойдағыдай атқарудамыз.

-Басшылық тізгінін ұстағаныңызға екі жылдай уақыт өтіпті. Жалпы байланыс саласында жүргеніңізге қанша жыл болады?

-Байланыс саласындағы ең бірінші еңбек жолымды 1998 жылы Жарма аудандық өндірістік телекоммуникация торабының желілі аппарат залының электромеханигі болып бастап 2007 жылға дейін инженер лауазымында, артынша желілі техникалық цехының бастығы болдым және 2009 жылы Аягөз аудандық өндірістік телекоммуникация торабының бас инженері қызметтерін атқардым. 2013 жылдың қараша айынан бастап Абай еліне келіп, басшылық қызметке орналастым. Байланыс саласында қызмет атқарғаныма 17 жылдан асыпты. Бүгін ғана істеп жатқан жұмыс емес, сондықтан қыр-сырын меңгеріп алдық десек артық айтқандық болмас.

-Әдетте жаңа басшыдан жаңашылдықтар тосатыны белгілі ғой. Сіз келгелі филиалда қандай өзгерістер орын алды?

-Біз жыл сайын жоспарлы түрде жұмыс жасаймыз. Мәселен, 2014 жыл бойынша атқарылған ең үлкен жұмыс - ауданымызға интернет желісінің келуі. Ғаламторға қосылу бұдан да бұрын болған, тек шектеулі абоненттерге ғана қызмет көрсетілген еді. Мысалы, аудан бойынша кезінде 96 абонент қана болса, бүгінде интернет желісіне «Кең жолақты қатынау» қызметіне 500 ден астам абонент қосылып отыр. Сондай-ақ, Кенгірбай-би, Қасқабұлақ ауылдарының абонентті аталмыш қызмет арқылы интернет желісімен қамтылған. Ал, жаһандық желі жылдамдығы төленетін ақысына байланысты жоғарылай береді. Жалпы, «Қазақтелеком» АҚ ұсынатын қызметтердің сапасын, жеке және заңды тұлғаларды телефонмен, интернетпен қамту деңгейін арттыруда ауданымыздағы байланыс торабы ауқымды жұмыстар атқаруда.

- Бүгінгі күнде ұжымдарыңызда қанша қызметкер жұмыс жасайды? Маман мәселесі қалай шешілген? Біліктіліктеріне де тоқталып өтсеңіз?

-Бізде негізінен әкімшілік бөлім, ұйымдастыру бөлімі, сату учаскесі, стансалық учаске, желілік техникалық учаске қызмет жасайды. Атап өтер болсам, өндіріс бастығы Қожақов Болат, сату учаскесі бастығы Нұғымбаев Нұрбек, желілі аппарат залының инженері Мұсабекова Мағира, АТС инеженері Куликенов Қуанышбек, желілі техникалық учаске бастығы Актанов Руслан бөлімдер бойынша басшылық қызмет жасаса, жалпы мекеме бойынша 33 адам еңбек етуде. Әрбір ауылда бір-бір монтерларымыз да жұмыс жасайды. Біздің қызмет күн санап түрленіп, заманауи технологиялармен толығып отыратындықтан қызметкерлердің кәсіби білімдері де үнемі жетілдіріліп отырады. Себебі кешегі білім бүгін жарамай қалуы да мүмкін.

- Ауылдардың алдағы уақыттағы интернет желісімен қамтылу деңгейіне тоқталсаңыз. Келер жылға қойылар жоспар қандай?

- Ағымдағы жылы Семей қаласынан бастап Қарауылға дейін талшықты оптикалық байланыс желісін жүргізуді жоспарлап отырмыз. Егер ауданымызға ТОБЖ құрылса, қазіргі таңда интернеттің ауқымды түрі 4G-ны да қосуға мүмкіндік аламыз. Негізінен 4 этап бойынша жоспар құрған болатынбыз. Оның алғашқысы 3 ауылға белгіленіп, олар интернет абоненттерімен қамтылып отыр. Ал, биыл Көкбай мен Медеу ауылдарын интернет желісіне қосу жұмыстары аудандық телекоммуникация торабының өз күшімен жасалады. Сондай-ақ, 2016 жылы Құндызды, Архат және 2017 жылға Саржал ауылы жоспарға енгізіліп отыр. Өкінішке орай Тоқтамыс ауылына интернет желісін тарту бүгінгі таңда мүмкін болмай отыр. Басты себеп, ауылдың таулы жерде орналасуынан болып отыр.

- Байланыс саласы бойынша халыққа қандай қызмет түрлерін ұсына аласыздар?

- Мәселен, «Сенің Қазақстаның» топтамасы абоненттерге Қазақстан Республикасы бойынша қалааралық байланысқа шектеусіз сөйлесу түрін ұсынады. Онда небәрі 621,82 теңгеге шектеусіз байланысқа қол жеткізесіз. Ал, «Ата – ана бақылауы» балаларыңызға арналған жаңа қауіпсіз интернет қызметінің бір түрі. Үстеме қосымшаларды орнатпай-ақ, cabinet.idport.kz. жеке кабинетінен оңай қосыла аласыз. Сондай-ақ, ай сайын жалдау ақысын төлей отырып, өзге де қызметтер мен бағдарламаларды пайдалануға болады. Вирусқа қарсы бағдарламалар, қаржы және бухгалтерия, дыбыс, бейнередакторлар, графикалық және мәтін редакторлары, сөздіктер, утилиттер. Бұл қызмет түрін қосымша үстеме орнатпай-ақ, http://arendapo.idport.kz порталы арқылы сілтеме бойынша іске қоса аласыз. Және тағы да «Жылы қарым - қатынас» акциясы бар. Ол халықаралық байланыс пен ұтқыр желіге төменгі тарифпен қоңырау шалу. «0 теңгеге қоңырау шал» акциясында біз сізге ауылдық телефон номерін тегін орнатуды ұсынамыз. Телефон нүктесін тегін қоса отырып, сіз қалааралық байланысқа Қазақстан бойынша 2 ай тегін сойлесуге қол жеткізе аласыз.

- Сөз соңында ұжымның еңбектегі жетістіктеріне тоқталсаңыз. Кәсіби мерекені атап өту үрдісі қалыптасқан ба?

- Өткен жылы «Қазақтелеком» АҚ құрылғанына 20 жыл толып, кең көлемде атап өттік. Жылда мерекемізді атаусыз қалдырмаймыз. Озат қызметкерлерге Алғыс хаттар табыстап, мерейлерін үстем етуге тырысамыз. Бізде екі үлкен дәрежелі сыйлық бар. Бүгінде 6 қызметкер «Құрмет грамотасын» иеленсе, 2 қызметкеріміз «Үлгілі байланысшы» медальдарымен марапатталды. Мұның барлығы тек мерекелік марапаттар ғана емес, біздің филиалдың еңбектегі жетістіктерінің де көрсеткіші бола алады деп санаймын.

- Уақыт бөліп әңгімелескеніңізге рахмет! Қазақтелеком» АҚ филиалы ШҚО телекоммуникациялар дирекциясы Абай аудандық өндірістік телекоммуникация торабында табанды қызмет етіп жүрген ұжымыңызды төл мерекелеріңізбен құттықтай отырып, еңбектеріңізге жеміс, толағай табыстар тілейміз.

 

Сұхбаттасқан: Тоғжан РАХЫМБЕКҚЫЗЫ,

«Абай елі»

Кәсіби мереке мерейі

 

ҚЫРАНДАЙ ҚЫРАҒЫ САҚШЫЛАР

абайлық полиция қызметкерлері марапатталды

 

Қазақстан полициясы күні немесе жай ғана Полиция күні – ҚР Ішкі Істер Министрлігіне қарасты мекемелерде қызмет істейтін полиция қызметкерлерінің төл мерекесі. Бұл кәсіби мереке 1992 жылы 23 маусымда қабылданған ҚР Ішкі Істер органдары туралы Заңмен байланысты. Заң Қазақстан полициясының қызметі мен міндетін анықтайтын алғашқы құқықтық акт болатын. 2007 жылы 5- маусымда «Қазақстан Республикасы Ішкі Істер органдары туралы» Заңының қабылданғанына 15 жыл толғанда Мемлекет басшысы Н.Назарбаев өз Жарлығымен маусымның 23-ін Қазақстан полициясы күні деп бекітті. Биылғы жылдың ерекшелігі тіптен зор. 23-ші маусым күні Заңның қабылданғанына 23 жыл толады екен. Бұл күні тәртіп сақшыларының кәсіби мерекелеріне орай, аудандық мәдениет үйінде салтанатты жиын болып өтті.

     Еліміздің Әнұранымен басталған шарада Абай аудандық ІІБ бастығының орынбасары Дулатов Нұрлан тәртіп сақшыларын мерекемен құттықтай келе, өз баяндамасында полиция қызметінің тыныс-тіршілігіне, тынымсыз еңбектеріне тоқталып, ардагерлерді атап өтіп, кейінгі жас буын қызметкерлерге үлгі етті. Бұл мереке жалғыз ішкі істер органының емес, бүкіл халықтың мерекесі десек болады. Себебі, қылмыспен күресу, қылмыстың алдын алу бүкіл адамзат баласының міндеті екені хақ.

Баяндамада айтылғандай, осы 23 жылдың ішінде Абай аудандық ішкі істер бөлімі жаңа биіктерге көтерілді. Егемендігіміздің алғашқы жылы бөлімде 1-ғана УАЗ автокөлігі болса, қазір олардың саны көбейген. Сол қиын кезде учаскелік полиция инспекторлары қысқартуға түсіп, бөлімде барлығы 10 учаскелік инспектордан 5-і ғана қалса бүгінде олардың саны 10-ға жетіп отыр. Қазіргі уақытта олардың 5-не автокөлік беріліп, қолайлы жағдай жасалуда. «Елу жылда ел жаңа» демекші, бөлімге бірнеше жаңа компютерлер, басқа да ұйымдастыру жұмыстарына қажетті техникалар алынуда. Бөлім бастығы Қаратаев Ержан Жұбайханұлының басшылығымен ұйымдастырылып, Абай ауданының ішкі істер бөлімінің ғимаратынан   қазіргі заман талабына сай арнайы бөлме бөлініп, ішкі істер бөлімінің мұражайы ашылған.

Бөлімге қажетті жаңадан ұйымдастыру техникалары алыныпты. Мұның өзі аудан көлемінде қылмыстың алдын алуға, болған қылмыстарды ізі суымай ашуға көп септігін тигізері сөзсіз. Учаскелік полиция инспекторлары өз күштерімен учаскелік полиция пункттерін жөндеуден өткізді. Барлық іс-қағаздары ретке келтірілді. Қазіргі уақытта «Сарбаз» ерікті жасақшылар тобын құру қолға алынуда.

            Абай ауданының ІІБ-і түгелге жуық жас кадрлармен толыққан. Қазір штат бойынша 55 қызметкер бар, оның 50-і аттестацияланған, 5-і әкімшілік қызметкерлер. Қызметте әскери-қызметтік даярлықта жақсы жетістіктерге жетіп жүрген полиция подполковнигі Бейсенов Ержан, полиция майоры Сексенбаев Дулат, полиция капитаны Рымғалиұлы Бақытжан, Байбуринов Болат, Есімжанов Дархан, Салимов Роллан, Қожакаримов Ербол, Мұқанов Айбек, Сармурзин Алмат, Нұғыманов Дархан, аға лейтенанттары Жолмағанбетов Қайратбек, Рымжанов Ерқанат, Мыңбаев Ұлан, полиция старшиналары Жұманбаев Рымбек, Байханов Нұржан, Сүлейменов Олжас, Әбенов Қанат, Құтанбеков Нұрол, Есенбаев Дарын, Байжұманов Мұхтар, Мағауин Азаматтың шығар биігі әлі алда деп сенеміз. Аудан бойынша әр ауылдық округтерде қызметтік борышын атқарып жүрген 8 учаскелік полиция инспекторының жетеуі  қызметтік үймен қамтамасыз етіліпті. Биылғы жылы мамыр айында аудан әкімшілігінің тікелей ықпалымен арнайы қаулысы шығарыла отырылып, Қарауыл ауылының учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Ербол Қожакаримовке қызметтік үй берілген.  

Қазақстан Республикасы егемендік алған кезде бөлімшенің аяғынан нық тұрып өз қалпын сақтап қалуына әрбір ардагердің, әрбір қызметкердің өз үлесі бар. Бір кезде ІІБ басқарған іскер басшылардың есімдері аталып, сол уақытта қызмет атқарған, бүгінде орталарында ардагер ағалар болып отырған ардақты жандардың еңбектеріне алғыс айтылды.

           Шара барысында Абай аудандық ішкі істер бөлімінің тарихында мәңгі қалатын, есімі ШҚО ішкі істер Департаменті алдындағы мемориалдық ескерткішке жазылған ерлікпен қаза тапқан Асылбеков Нұрдәулет, Ішкі істер органдарында қызметтік борышын атқарып жүріп өмірден өткен Болдыханов Ғабиден, Елеубеков Бекболат, Жұмаханов Ерғали, Тлеубердин Талғат, Нұрғалиев Амангелді сынды жайсаң жандар бір сәт үнсіздікпен еске алынды. Баяндама соңында қиын да, қызықты еңбектеріне жеміс, отбасыларына амандық, денсаулық, қуаныш, береке-бірлік тілеген Н.Дулатов аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлына, Абай ауданының ІІБ жеке құрам қызметкерлерін кәсіби тұрғыда тәрбиеленуіне үнемі бағыт-бағдар беріп отырған Абай ауданы сотының төрағасы Қоянбаев Ерік Сиырбайұлына, аудан прокуроры Аубакиров Дулат Серікқалиұлына, жұмыс барысында үнемі тығыз байланыс орнатқан Қарауыл ауылық округінің әкімі Берлешов Құсман Ғимранұлына, аудандық емхана бірлестігінің төрайымы Балтақаева Алмагүл Кабиқызына, аудандық білім беру ұймының басшысы Мақсат Нұрсұлтанұлына және т.б. мекеме басшыларына алғысын жеткізді.

          Аудан әкімінің орынбасары Марат Еділбаев құқық қорғау органдарының қызметкерлерін құттықтап, қоғам тыныштығы жолында атқарып жатқан жұмыстарына жеміс тіледі. Полиция күніне арналған жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Марат Сейтжағпарұлы мінсіз қызметі мен білікті кәсібилігі үшін үздік деп танылған тәртіп сақшыларын аудан әкімінің грамоталарымен марапаттап, мерейлерін үстем етті.

Бұл күні Ішкі істер органдарының қызметкерлері түрлі марапаттауларға ие болды. Салтанатты шарада Абай аудандық ІІ бөлімінің бастығы, полция полковнигі Ержан Жұбайханұлы да әріптестерін мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Ауданның бас полицейі бір топ тәртіп сақшыларын марапаттады. Ақшалай сыйлықпен көші-қон полиция тобының аға инспекторы полиция капитаны Сәлімов Роллан, кадр жұмысы тобының кәсіби даярлық жөніндегі аға инспекторы полиция аға лейтенанты Жолмағанбетов Қайратбек, ақпараттық-аналитикалық тобының аға инспекторы полиция аға лейтенанты Балғынбекұлы Елдос, ақпараттық-аналитикалық тобының инспекторы полиция лейтенанты Сүлейменов Олжас, Абай ауданының ІІБ қылмыс жасады деп айып тағылғандар мен күдіктілерді уақытша қамауда ұстау изоляторының кезекші полицейі полиция аға сержанты Абенов Қанат, Абай ауданының ІІБ қылмыс жасады деп айып тағылғандар мен күдіктілерді уақытша қамауда ұстау изоляторының айдауыл-полицейі полиция аға сержанты Төлегенұлы Бекзат, Абай ауданының ІІБ-нің тылмен қамтамасыз ету тобының жүргізуші-полицейі полиция аға сержанты Мағауин Азамат Саятұлы, Абай ауданының ІІБ-нің кезекші бөлімінің кезекшінің көмекшісі полиция аға сержанты Байханов Нұржан, Абай ауданының ІІБ қылмыс жасады деп айып тағылғандар мен күдіктілерді уақытша қамауда ұстау изоляторының кезекші полицейі полиция аға сержанты Мұқажанов Қуаныш марапатталды. Сонымен қатар, Абай ауданы ІІБ әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы полиция подполковнигі Бейсенов Ержан, Абай ауданының ІІБ қылмыс жасады деп айып тағылғандар мен күдіктілерді уақытша қамауда ұстау изоляторының бастығының орынбасары полиция капитаны Байбуринов Болат, Абай ауданының ішкі істер бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Мұқанов Айбек, Абай ауданының ІІБ екінші арнайы тобының инспекторы полиция аға лейтенанты Сайлауұлы Қуат мақтау Грамоталарын иеленді. Марапаттау легі мұнымен толастаған жоқ. Абай ауданының ішкі істер бөлімінің уақытша ұстау изоляторының бастығы полиция капитаны Бақытжан Рымғалиұлына, Абай ауданының ІІБ әкімшілік полиция бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Сыдықбаев Нұржанға, Абай ауданының ІІБ ӘПБ-нің учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Нұғыманов Дарханға, Абай ауданының ІІБ қылмыс жасады деп айып тағылғандар мен күдіктілерді уақытша қамауда ұстау изоляторының полицейі полиция аға сержанты Есенбаев Дарынға және ІІБ криминалдық полиция тобының кинолог-инспекторы полиция аға лейтенанты Жұмабеков Алмасқа Алғыс хаттар тапсырылды.

Мұнымен қатар, ІІБ ӘПБ-нің учаскелік полиция инспекторы полиция аға лейтенанты Рахымов Мұхаметке, ІІБ кезекші бөлімінің аға кезекші-инспекторы полиция капитаны Ақшекин Айдарға, ІІБ штаб тобының аға инспекторы полиция капитаны Сармурзин Алматқа, ІІБ криминалдық полиция тобының криминалисті полиция аға лейтенанты Мыңбаев Ұланға, ІІБ кезекші бөлімінің кезекшінің көмекшісі полиция старшинасы Жұманбаев Рымбекке, ІІБ қылмыс жасады деп айып тағылғандар мен күдіктілерді уақытша қамауда ұстау изоляторының полицейі полиция сержанты Байгулов Мейіржанға, ІІБ-нің тылды қамтамасыз ету тобының жүргізуші-полицейі полиция кіші сержанты Құтанбеков Нұролға Алғыс айтылды.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарының құрылғанына 23 жыл толу мерейтойына орай, қызығы мен қиыншылығы мол, темірдей тәртіп пен қайтпас қайсарлықты қажет ететін полиция қатары тағы бір қызметкермен толықты. Ол полиция лейтенанты Нұғымаров Марат Серікболұлы. Жас маман мен полиция кіші сержанты Айдынбек Кұлшыбеков көпшілік алдында салтанатты ант қабылдау рәсімін жасады.

Мерейлі мерекенің қонақтары - Қарауыл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шыңғыс Несіпбай мен ардагер Қажығали Сақов ақжарма тілектерін жеткізсе, Абай атындағы мектеп-лицейдің ұстазы, оқу ісінің меңгерушісі Анар Жұмасиянқызы КЖТІ учаскелік инспекторы, полиция аға лейтенанты Манас Махметовті мерекемен құттықтап, сый-сияпат жасады. Салтанатты жиын барысында тәртіп сақшылары құрметіне «Қаламқас» ән-би ансамблінің әншілері халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Қайрат Қабышев, жас әншілер Азамат Елужанов, Нұрасыл Кәрібаевтар әсем әндерден шашу шашса, полиция қызметкерлерінің ұрпақтары да өз өнерлерін паш етті. Атап айтсақ, полиция полковнигі Ержан Қаратаевтың өнерлі қызы Айдана мың бұрала «Өзбек биін» билесе, полиция капитаны Байбуринов Болаттың әнші қызы Мөлдір патриоттық әндерді асқақтатты, ал полиция старшинасы Жұманбаев Рымбектің Айғаным есімді сүйкімді қызы халық әндерін әуелетіп, жиналған көпшіліктің құлақ құрышын қандырды.

Жиын соңында полиция аға лейтенанты Жолмағанбетов Қайратбек пен полиция сержанты Есенбаев Дарын «Қазақстаным жайлы мекенім!» атты ән орындап, ортада көк байрағымыз желбіреді.

Осылайша, көңілге шуақ шашқан мерейге толы сәттен құқық қорғау қызметкерлері зор әсермен тарасты. Еліміздің болашағы үшін, тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін, Тәуелсіз еліміздің одан әрі гүлденіп өркендеуі үшін талмай, қажымай еңбек етіп жүрген қырандай қырағы сақшыларды біз де мерекелерімен құттықтап, толайым табыстарға жете берулеріне тілектеспіз.

 

 

Анар ҚАБДІЛДА,

«Абай елі»

Маманмен сұхбат

Нұргүл Жұмықбаева:

ОБЫРДЫ ЕРТЕ САТЫДА АНЫҚТАУ МАҢЫЗДЫ

 

Елбасы өзінің Жолдауында: «Ендігі жер­де он­ко­ло­ги­ядан бо­ла­тын ауру мен өлімді төмендету мәселесі бірінші ке­зек­ке шықпақ. Үкіметке екі ай мерзім ішінде Қазақстанда, біз жүрек-қан та­мыр­ла­ры ауру­ла­ры мәселесі бой­ын­ша жасағандай, Онкологиялық жәрдемді да­мы­ту бағдарламасын әзірлеуді тап­сы­ра­мын. Сол сияқты Ұлттық медициналық хол­динг ба­за­сын­да Ас­та­на­да қуатты Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық құру мәселесін де қарастыру қажет» делінген еді. Міне, ел үкіметіне қойылған осы тапсырмаға орай - онколог дәрігерлерге де талап күшейтіліп, обыр дертімен күрес күшейтіліп, әсіресе, алдын алу шаралары жүйелі басталып кеткен еді. Ағымдағы жылдың сәуір айында Елбасы облысымызға ресми сапары барысында Семейдегі өңірлік Онкологиялық диспансерде болып, сала қызметкерлерімен жүзбе-жүз кездесіп, әзірге толық дауасы жоқ бұл сырқатпен күрес және алдын алу шараларымен де танысқан еді. Бұл өз Жолдауындағы басымдықтың әлі де күшінде екенін білдірсе керек.

Көп жағдайда өлім-жітімге алып келетін қатерлі ісік ауруы егер алдын алса, ерте сатыда анықтап, қарқынды ем жасаса - жеңіп шығуға болады. Яғни, отандық медицинаның әлеуеті оған жетеді. Ол үшін халық өз денсаулығына салғырт қарамай, скринингтік тексеруден өтіп отыруы ләзім. Осыған орай, халық арасында түсінік жұмыстарын жүргізу мақсатында, мамыр айының 20 күні Семей қалалық өңірлік онкологиялық диспансерінің бір топ дәрігер-мамандары алғашқы жұмыс сапарларын Абай ауданынан бастады.

Ауданымызға ӨОД директорының әдістемелік ұйымдастыру жұмысы бойынша орынбасары Нұргүл Жұмықбаева, скрининг орталығының дәрігері Әйгерім Қайрханова, дәрігер-маммолог Төлеген Құрманғалиев, мониторингілеу тобының басшысы Жәнібек Мұқанов және орта медицина қызметкері Раушан Чингаева келген болатын. Ауданымызда үш күндей болған дәрігерлермен аталмыш тақырыпқа орай сұхбаттасқан едік. Сауалдарымызға өңірлік онкологиялық орталық директорының әдістемелік ұйымдастыру жұмысы бойынша орынбасары Нұргүл Кәрімқұлқызы жауап берді.

 

-Алғашқы жұмыс сапарларыңыз Абай ауданынан бастау алып отыр екен. Жалпы, жұмыстарыңыздың барысы мен негізгі бағытына тоқталсаңыз?

-Бұрынғы Семей облысына қарасты алты ауданның орталықтарына жоспарланған жұмыс сапарымызды Абай елінен бастауды жөн санадық. Себебі, аудандарыңыз көрсеткіш бойынша, дерттің таралуы жөнінен алғашқы үштіктен табылып отыр. Сол себепті, біздің міндет ауданда онкологиялық дертті ерте анықтау шараларын ықпалдандыру және аурудың алдын-алу мақсатында тұрғындарды арнайы тексеруден өтуге шақыру. Өйткені, обыр дерті бірінші сатыларында ешқандай ауру белгілерін байқатпайды. Салдарынан күрделі сатыларына өтіп кеткен дертті ауыздықтау қиынға соғады. Ал, ол үшін міндетті түрде профилактикалық скринингтік тексеруден өтіп отыру керек. Негізінен біз 3 бағыт бойынша жұмыс жасаймыз.

-Атап өткен 3 бағытыңызға кеңінен тоқталсаңыз?

-1-ші бағыты алдын ала қарау бөлмесінің сапасын арттыру. Өйткені, әр емханаға, жанұялық амбулаторияға бірінші рет келген ем қабылдаушы мейлі ол басқа сырқат түрімен келсе де алдын-ала тексеру бөлмесінен өту керек. Осы кезде қарау бөлмесінің басты мақсаты көзге көрінетін обыр дертін ерте сатыда анықтау болып табылады. Мәселен, тері жабындары, ауыз қуысы, қалқанша безі, лимфа түйіндері, әйел адамдарда сүт безі, жатыр мойыны обырларын ерте анықтауға болады. Ал, 2-ші бағыт ол қазіргі уақытта ШҚО-да қатерлі ісікті ерте анықтаудың 6 скринингтік бағдарламалары жүріп жатыр. Мәселен, әйел адамдарда сүт безі, жатыр мойыны обырлары, тоқ ішек және тік ішек обырлары, асқазан және өңеш, ер адамдарда қуық түбі безі, бауыр обырын ерте анықтау бойынша мемлекеттік бағдарлама негізінде үкіметтен арнайы қаражат та бөлінген. Сол себептен де, халық тексерілуден бас тартпауы шарт. Сондай-ақ, 3-ші бағыт жас мөлшерлеріне орай, жыл сайын халықты тексеруден өткізу міндеттелген. Мәселен, жа­сы 30-дан асқан әрбір адам тік ішегін, 40-тан асқан ер адам­дар жы­лы­на бір рет қуық ас­ты және қалқанша безін, өңешін, асқазанын, 35-тен асқан әйелдер 5 жыл­да бір рет жа­тыр мойнының ісігін, 50-ден асқан әйел-ана­лар екі жыл­да бір рет сүт безін міндетті түрде тексертіп тұруы ке­рек. Осы үш бағыт негізінде аудандық емхана қызметкерлеріне және Кеңгірбай би, Тоқтамыс және Медеу ауылдарына барып, түсінік жұмыстарын жүргіздік.

-Бұл дерт бойынша ауданымыз алдыңғы орындарда тұрғандығын атап өттіңіз. Ауданымыз бойынша жылына қанша адам қатерлі ісіктің құрбаны болады?

-Қаралы тізімге тоқталар болсақ, обыр дерті бойынша бірінші кезекте Бородулиха, Бесқарағай және Абай аудандары жоғары көрсеткішпен алдыңғы қатарда тұр. Абай ауданы бойынша жыл сайын 20-25 адам есепке алынса, 100-ге жуық тұрғын бізде тіркеуде тұр және ем шараларын тұрақты қолданып келеді. Айтып өткенімдей, сырқат обырдың алғашқы сатыларында келетін болса, ем қонады, яғни, адам жасының өміршеңдігі ұзарады. Жылына Семей қаласы бойынша 700-ге жуық тұрғын обыр дертінен көз жұмса, аудандарыңыз бойынша 20-ға жуық адам дүние салады.

-Қатерлі ісік көп жағдайда неден, қандай жағдайда пайда болады?

-Ме­ди­ци­на тілінде «он­ко­ло­гия» гректің «қатерлі ісік» және «ілім» де­ген сөзін білдіреді. Ғалымдар обыр клеткаларының теңіз ша­я­ны сияқты шырмасқан аяқтарымен адам денесіне жай­ы­ла та­рай­ты­нын анықтаған. Обыр клет­ка­сы адамның ба­сы­нан бақайшағына дейін кез­де­се береді. Тез өсіп, белгілі бір уақытта қан және лим­фа та­мыр­ла­ры арқылы ағзаның мүшелеріне та­рай­ды, не­ме­се ба­ла­лай­ды. Ісік әбден өсіп, айналасындағы ағзаларды қысып, ауыр­та бастағанда ғана сезіледі. Тағы да қайталаймын, егер ауру ер­те, І-ІІ са­ты­сын­да анықталса, 80 пай­ыз айығып ке­ту­ге мүмкіндік бар. Негізі бұл дерт бір ғана себептен туындамайды. Ол экологиялық жағдай, стресс, жазылмай жүрген жараның қабынуы сияқты тағы да басқа бірнеше әсерден пайда болады.

-Бүгінгі біздің еліміздегі медицина саласының бұл дертті жеңудегі мүмкіндігі қаншалықты? Ем- домның қандай түрлері жасалады?

-Өңіріміздегі онкологиялық диспансерде обыр дертін емдеудің негізгі 3 түрі қолданылады. Олар, хирургиялық, химиятерапиялық және сәулелік сынды ем түрлері. Сондай-ақ, заманауи әрі қымбат тұратын таргент препараттары елімізде ақысыз беріледі. «Таргент» деген сөз дертіне дөп басу, яғни, өзге ағзаларды зақымдамай, обыр дертіндегі клеткаларға әсер ететін бірден-бір дәрі болып табылады.

-Ссұхбатыңыз үшін, берген мәліметтеріңіз үшін рахмет. Еңбектеріңізге табыс тілейміз!

 

Сұхбаттасқан Тоғжан РАХЫМБЕКҚЫЗЫ,

«Абай елі»

 

 

 

 

Ауданымыздың ақпарат жаршысы «Абай елі» газеті редакциясы оқырман арасында «Шыңғыстаудың Сәулесі» атты шығармашылық байқау жариялайды. Байқау жеңімпаздарына төл басылымның іргесін қалаған қаламгер, кейінгі буын тілшілерге ұстаз, қарымды журналист Нұртазина Сәуле Зәрерқызы атындағы жүлде тағайындалады. Байқауға 16-40 жас аралығындағы кез-келген аудан тұрғыны қатыса алады.

            Берілген төрт тақырып бойынша

бас жүлде – біреу

І орын – біреу

ІІ орын – екеу

ІІІ орын – үшеу

және ынталандыру сыйлықтарын беріледі.

            Байқаудың мақсаты:

Ұлы Абай мұрасын насихаттау. Көзі қарақты оқырманмен байланысты нығайта отырып, тұрғындардың азаматтық ұстанымын қалыптастыру. Ауданымыздағы әр саланың өркендеуі жайлы тұжырым-көзқарастарымен бөлісу. Жергілікті атқарушы билік, уәкілетті органдар мен бұқара арасындағы ықпалдастықты арттыру.

            Байқауға ұсынылатын тақырыптар:

 «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» (Абайдың 170 жылдығына орай ақын өнегесі жайлы тұжырым, ықшам очерк, танымдық деректер қабылданады)

 «Берекелі болса ел...» (Ауылдың абаттандырылуы, өркендеуі жолындағы атқарылып жатқан игі істер, көркем суреттемелер)

 «Ақыл мен қайрат жол табар!..» (Ел ішінде ерекше ісімен танылған кәсіпкерлер, ерен еңбеккерлер, кең жүректі демеушілер жайында)

«Жүрек теңіз – қызықтың бәрі асыл тас!» (Ауылдардағы айрықша дарын иелері, жастардың немесе округ әкімдерінің жаңашыл бастамалары туралы қызғылықты мақала)

 

Байқау шарттары:

  1. Жолданатын мақала көлемі А4 форматымен екі беттен аспауы керек. Мүмкіндігінше сапалы фото талап етіледі.
  2. Мәтін қарпі 14, интервалы 1,5 (тек электронды түрде)
  3. Өлең түріндегі туындылар қабылданбайды. Автор кез келген публицистикалық жанрды қолдануына болады.
  4. Материалдар мамыр айының 30-на дейін қабылданады. Байқау қорытындысы журналисттер күнінде жария етілмек.
  5. Әділ-қазылар алқасының шешімі қайта қаралмайды.

 

Сараптамаңыз салмақты, айтарыңыз айшықты болса, аудан айнасы – «Абай елі» газеті арқылы бөлісіңіз. Сәуле Зәрерқызы атындағы жүлде иегері атануға қалам тербей алатын әркімнің де таласы бар! Өңіріміздегі өркенді істер сіз бен біздің ортақ қуанышымызға айналсын, құрметті оқырман!

ҰЙЫМДАСТЫРУШЫЛАР АЛҚАСЫ

 

Page 4 of 4

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!