Ұлы Абайға 170 жыл

Жуырда аудандық мәдениет үйінде ШҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен Абайдың 170 жылдығына арналған әр ұлт жастары арасындағы «Мақсұтым - тіл ұстартып, өнер шашпақ» атты облыстық деңгейдегі Абай оқулары болып өтті.

Биылғы жылдың атаулы мерейтойларының бірі Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы екені белгілі. Осы ретте өзге ұлт өкілдерінің хакім өлеңдерін қастер тұтып, жатқа оқуы игі  шараның мән-маңыздылығын айқындап тұрғандай. Қос бірдей атаулы датаның қанаттаса келуі, тағылымдық дүние тарту етуі - келешек ұрпақ үшін, көп ұлтты мемлекетіміз үшін үлкен құндылық.

Кеше ғана кемеңгер тұлғаның 170 жылдығы өзі туған топырақта сән-салтанатпен аталып өтсе, бүгін сол дүбірлі думанның жалғасы аймақтық Абай оқуларымен толықты. Өңіріміздің басқа да аудан, қалаларынан келген өзге ұлт өрендерінің өнерін тамашалауға әсіресе, ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелер мол жиылған еді. Шара шымылдығы Абайдың әдемі әнімен түрілгенімен, бір мезет жарықтың кенеттен сөніп қалуы ырымшыл халықтың көңіліне секем алдырды. Бұл күдік әсте бекер болмаған сыңайлы. Себебі, шара барысында қазақ әдебиетінің асқар биігі Абай әлемінің әрі мен әуезділігі жойылып, жырларының мәні жоғалғандай әсер алдық. Десе де Абайша айтсақ «Болмаса да ұқсап баққан» қатысушылардың талабына риза болыстық. Өрендер жатқа оқу, ән шырқау, мәнерлеп оқу бойынша барын салды.

Ақынның жақұт жырларын меңгеру бойынша өзара шеберлік сынасуға келген 10 үміткер арасында әсіресе орыс ұлтының өрендері басым екен.

Осылайша Бесқарағай ауданынан келген Кабакова Анна, семейлік Маулекеев Зумрат, Күршім ауданынан қатысушы Зайцев Рамиль, Курчатовтан Мурзаева Алена, Бородулиха ауданынан келген Виноградова Олеся, Өскемен қаласынан жеткен Слободчикова Анастасия, Шемонайха ауданынан Шотт Марина, Зырян ауданынан Коробейникова Елизавета, Үржар ауданынан келген Кульнева Мария, риддерлік Притыковская Кристина ортаға шақырылып, артынша әділ қазылар құрамы да таныстырылды. Төрешілер қатарында «Нұр Отан» париясы Абай аудандық филиалының бірінші орынбасары, қазылар алқасының төрағасы Қайырғазы Дүрмекбай, Өскемен қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы, «Қазақ тілінің үздік оқытушысы» республикалық байқауының жеңімпазы Назымгүл Рашиева, М.Ибраев атындағы «Ақсұңқар» ақындар сыныбының жетекшісі, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Жамбыл қоры» сыйлығының лауреаты, ҚР-ның Мәдениет қайраткері Төлеген Жанғалиев, «Қаламқас» ән-би ансамбілінің әншісі, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер, Абай ауданының Құрметті азаматы, Абайдың ұрпағы Бақыт Шағатаева, Жидебайдағы Абай мұражайының меңгерушісі, әдебиетші ҚР Мәдениет саласының үздігі Әсет Мырзақасым төрелік жасады.

Сахна төріне көтерілген Абайдың туысы, Абай ауданының «Құрметті азаматы» Манатай Толғанбаев ақсақал сайыскерлерге сәттілік тілеп, ақ батасын берді. Алғашқы айналымда талапкерлер Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінен жыр төгілтсе, екінші кезеңде «Абай жолы» романынан  үзінді оқып, соңғы бөлімде дәстүрлі және Абай әндерін шырқады. Бірінші болып көп алдына шыққан семейлік Зумрат Маулекеев Абайдың 18 қара сөзімен сайыс шымылдығын түрді. Артынша талапкерлер хакімнің 17-ші және 8, 25-ші қара сөздерін, сондай-ақ «Әсемпаз болма әрнеге», «Өлсем орным, қара жер, сыз болмай ма», «Ғылым таппай, мақтан ба» сынды өлеңдері мен «Масғұт» поэмасынан үзінділер оқыды. Қазақы киінген қатысушылардың киім үлгісінде кінә болмағанымен, тілдік қолданыстары жұтаңдау сезіліп, кейбір сөздер тыңдар құлаққа түсінікті болмай жатты. ІІ бөлімде «Қайтқанда», «Жолда» тарауынан үзінді оқыған үміткерлер жағы бір-бірінен қалыспай, жатқа оқудан жаңылыспағанымен күршімдік Рамиль Зайцев мәтінінен мүдіріп, осалдық танытты. Бұл сайыскер соңғы кезеңде де сахна мәдениет сақтамай, соткасына сығалаумен болған еді. Бұдан өзге қатысушылар да Абайдың әуезді әндерін әлсіретіп алды. Көбіне ақынның «Көзімнің қарасы» әнін шырқаған жастар арасында бесқарағайлық Анна Кабакова ән мақамын өзге сарынға салса, риддерлік Кристина Притиковаская халық әні «Бір бала» әнін басқа біреудің сүйемелдеуімен шырқап, жоқтан бар жасады. Әрине, бұл өнерді тамашалап көңілдері өскен көрерменді емес, қынжылысы басым көпшілікті аңғардық. Тек 3 кезең бойынша да қарсыластарынан үздік шыққан үржарлық Мария Кульневаның талабына тәнті болдық. Қазақ тілін жетік меңгерген талапшыл қыз Абайдың асыл сөздерін 6- сыныптан бастап бойына сіңіріп келеді екен. Бүгінде Үржар ауданындағы «Науалы» балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан Марияның ұлы ақынның әр сөзінен өзіне мол тағылым алатындығын айтты.  

- Ауданымызда өткен Абай оқулары арасында І-ші орынды жеңіп алып, осы додаға келіп отырмын. Бүгінде Абайдың 20-дан астам өлеңдерін жатқа білемін. Тек мұнымен тоқталып қалмаспын деп ойлаймын, - дейді Мария.

 Осылайша өрендер өнерінен соң қорытынды сәтке де кезек келген болатын. Әділ қазылар алқасы өзара кеңесе келе, лайық деп тапқан қатысушыларға жүлделі орындарды табыстады. Бас жүлдені өзге қарсыластарынан озық өнер көрсеткен Мария Кульнева еншілесе, І орынды Елизавета Коробейникова иеленді. Ал, ІІ орынға Анна Кабакова лайық деп танылса, ІІІ- орынды Анастасия Слободчикова жеңіп алды. Жүлдегерлерге ШҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқарма тағайындаған бағалы сыйлықтармен марапатталды. Өзге қатысушылар да арнайы ынталандыру Алғыс хаттары мен түрлі сыйлықтар иеленді.

 

Тоғжан РАХЫМБЕКҚЫЗЫ,

«Абай елі»

Осыдан аттай 20 жыл бұрын ЮНЕСКО көлемінде бүкіл жаһанға сауын айтылып өткізілген ұлы Абайдың 150 жылдығы туралы ескірмейтін естеліктер әлі күнге дейін таңғажайып түстей айтылып келіп еді. Енді бас ақынымыздың 170 жылдығы да көпке дейін көпшілік аузынан түспейтіні анық. Дүбірлі той өткен Қарауыл төбеге бұл жолы да қазақтың зиялы қауым өкілдерін, мемлекет, мәдениет қайраткерлерін, Шыңғыстаудан түлеп ұшқан ел азаматтарын және осындай ұлан-асыр мерекеге ынтызар жергілікті тұрғындарды жинады.

3000 астам халық жиылған тойда ел көңілінің де аста-төк болғаны сезіліп тұрды. Қарауыл төбеге қарама-қарсы 23 үй тігіліп, қосымша дала сахнасы құрылып, ұлттық қолөнер бұйымдары көрмеге қойылып, екі заманауи экран ел назарында болды. Сахнаның қос қанатына алтыбақандар құрылып, қазақтың сәнді ұлттық киімін киінген ұл-қыздар той ажарын шадыман көңілдерімен айшықтап тұрды. Сондай-ақ, сахна қасында ұлттық салт-дәстүрді дәріптеген, қазақ мәдениетін паш ететін киіз үй көріністері де қатар жүріп жатты. Ол жерде асқа толы ақ дастархан қойылып, қолөнер бұйымдары, киіз басу сәті, ши тоқу және қымыз дайындау, құрт қайнату сынды қойылымдар көрсетілді.

Бұл тек ұлы дүбірдің басталуы ғана болатын. Ал осыдан кейін тойдың ашылу салтанатының ресми бөлігі жалғастық тапты.

Жиналған көпшіліктің алдында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов сөз алып, барша қауымды құттықтап өтті.

- Ардақты ағайын, қадірменді қонақтар! Осынау ұлы тойға жиналған баршаңызды қазақ халқының бас ақыны ұлы Абайдың 170 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары. Абайдың мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы» деп атап көрсеткен болатын. Абай – қазақ халқының ұлы ұстазы, тәрбиешісі. Әр сөзі ақыл мен нақыл, мақал мен мәтелге айналған өлмес мұра қалдырған адамзаттың Абайы. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген бір ғана сөзі барша адамзат баласын бейбітшілік пен ынтымаққа, бірлік пен татулыққа үндеген құнды өсиет, ұлы мұра. Биыл Республикамыз бойынша Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблясының 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Конституцияның 20 жылдығы және Ұлы Абайдың 170 жылдығы мерекеленетін тарихи жыл. Ұлы бабамызды ұлықтау, ұрпаққа қалдырған ұлағатын ұмытпау – біз үшін қасиетті парыз. Абай сөздері – келешегі кемел ел үшін тағлым аларлық рухани күш пен қайрат беретін қайнар бұлақ. «Біріңді қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі бос» деп данышпан айтқандай, байтақ еліміздің әрбір азаматы бір-бірін дос көріп, бауырындай сүйсе, алар асуларымыздың көп болары анық. Торқалы той өтіп жатқан Шыңғыстау өңірі – тарихи, шежірелі өлке. Адамзат тарихындағы ұлы ойшылдардың бірі – данышпан Абай өсіп-өнген, ұлтымыздың біртуар ұлдары – кемеңгер Шәкәрім, ғұлама Мұхтардың ізі қалған киелі мекен бар қазаққа ыстық. Бүгін біз баршамыз Абай елінің дамығанын, ауылдардың көркейгенін, сәулеті мен дәулеті артқанын көріп қуанамыз. Қазақтың бір ғана Абайы бар. Ақынның туған жерін аялау, абаттандыру, халқының тұрмыс деңгейін жақсарту – баршаға ортақ міндет. Қымбатты ағайын! Абай тойы – халық тойы. Баршаңызға мерекелік көңіл күй, береке бірлік, қуаныш-шаттық тілеймін. Ұлы ақынға деген махаббатымыз арта берсін! Хакімнің өсиетіне адалдық танытайық! Мерейтой құтты болсын!», – деді өз сөзінде Даниал Кенжетайұлы.

Мерекелік шара арнайы көрініспен де қамтылды. Абайдың 170 жылдық мерекесінің ашылу салтанаты әсіресе дәл осындай әсерлі сәттермен ерекше сезім сыйлағаны анық. Қонақтар жайғасқан тұғыр мен сахна ортасынан өлкеміздің тағылымды тарихын бейнелеген ұлы көш жүріп өтті. Керуенді Тобықтының даңқты батыры Мамай мен әйгілі Тоқтамыс батыр бастаған сарбаздар нөпірі бастап шықты. Тұлғалы, келісті 20-дан астам жауынгерге ақ жаулықты аналар алдарынан шығып тостағанмен сусын ұсынғаны жарасымды шықты. Батырлардың, сарбаздардың салтанатты шеруде киген сауыт, ұстаған қару-жарақтарынан бөлек олар мінген аттардың әбзелдері мен жабулары да осыдан 550 жыл бұрын құрылған Қазақ хандығын көз алдымызға әкелгендей болды.

Батырлардан кейін ілесе тағы бір көш көрінді. Абыз, ақсақалдар мен би-сұлтандар келе жатқан бұл лектен ұлы Абайға өнеге көрсеткен Зере анамызды көре алдық. Бұл салтанатты қомына тең тиеген, бесік, шаңырақ-кереге, кебеже, асадал артқан түйелер, әсем күйме, атарбаға қонған қазақ ауылы және көштің көркін кіргізген жас арулар, сал-серілер легі, тазы жетектеген қарулы аңшылар көрермен қауымның алдымен жүріп өтті. Бұл көріністерді дайындаған бас режиссер, Семей қаласындағы Абай театрының басшысы Бауыржан Төлеков, Өскемен қаласындағы Жамбыл атындағы театрдың режиссері Айдын Салбанов, «Дариға-ай» жастар театрының режиссері Амангелді Бахтинов, жерлестеріміз Нағия Бұланбаева мен Дулат Қабдоллиннің мерейлері үстем болды. Бұл көріністерге жалпы саны 300-ге тарта адам қатысыпты.

Тойдың тағы бір бөлігі сахна төрінде өтіп жатты. Онда мектеп оқушыларынан құрылған балалар хоры ән әуелетті. Сондай-ақ, Абай өлеңдерінің желісіне құрылған сахналық көрсетілім де көрермен көңілінен шықты. Көріністе хакімнің «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңі бірнеше тілде оқылып, әр ұлттың өкілері болып киініп шыққан әртістер сахна төрін әрлендіріп жіберді.

Әдеби сипаттағы көрсетілімнен кейін қанатын қомдаған қырандарды қолдарына қонақтатқан құсбегілерді де көре алдық. Аталмыш мәдени шараны «Қаламқас» ән-би ансамблінің өнерпаздары «Мәңгілік ел» әнімен қорытындылады.

 

КӨМБЕДЕ КІЛ ЖҮЙРІК ҚЫЛҚҰЙРЫҚТАР

 

Қазақтың қандай тойы болмасын ұлттық ойындарсыз өтпейтіні белгілі. Әсіресе, думанды шараның көрігін қыздыратын сәт жүйріктер жарысы. Баптауы келіскен тұлпарларын жетектеген үміткерлер Абай тойына да мол жиналыпты.

Ең алдымен жорға жарысы ұйымдастырылды. Үстінен су төгілмес тайпалма жорғалар сайысында Семей қаласынан келген «Фурга» көмбеден бірінші болып өтсе (иесі Мұхит Тұмабаев), Аяпбергенов Қымбаттың сәйгүлігі «Летний бриз» екінші болып көмбеден құйғытып өтті. Ал, үшінші орын Шемонайха ауданынан келген Николай Воровьевтың «Прогресіне» бұйырды.

Одан кейін алыстан ат терлетіп келген қонақтарға аудандағы ауылдық округтер, мектептер, мекемелер және Бесқарағай, Аягөз, Бородулиха аудандарының өкілдері тіккен 23 боз киіз үйде қонақасы берілді. Себебі, күннің қатты ысуына байланысты аламан жарыс пен топтық ат бәйгесі кешқұрым уақытқа ауыстырылған болатын.

Осылайша бесін ауа жалғасын тапқан ат бәйгесінде көрермен қауым 15 шақырымдық жарыс жолына шыққан жүйріктер додасына куә болды. Бұл бәсекеде Алматы қаласынан келген Досжанов Рүстемнің «Айқара» деп аталатын жүйрігі өз

тобынан озып келіп, тұлпар иесі жүлдеге тігілген судай жаңа «Лада Приора» көлігінің иегері атанды.

Жүйріктер тобында Баршатас ауылынан келген Нұрғалиевтар әулетінің «Майгүлі» де топ басынан көрінді. Оның иесі екінші орынды өз қанжығасына байлады. Дүбірлі додада үшінші болып «Елік» деп аталатын Жолманов Шалқардың жүйрігі келді.

Көрермен делебесін қоздырған 25 шақырымдық аламанда бақ сынаған тұлпарларға да кезек берілді. Арғымақтар сынында Аягөз ауданынан Тоқтар Серіковтың «Бекқасқасы» бесінші орынға тұрақтаса, жерлесіміз Мамытов Айбектің «Әлемқасқасы» төртінші орынды иеленді. Үшінші орын шұбартаулық Нұрмағанбетовтар әулетінің үкілеп қосқан тұлпары «Лидаға» бұйырса, екінші болып көмбені кесіп өткен құндыздылық Ықыласов Санаттың «Еркеторысы» болды.

Абай тойының аламанында тұяқтыға жеткізбен тұлпар болып Алматы қаласынан келген Үмбетов Ғабиттің «Ақбақай» атты арғымағы танылды. Оның иесіне «Киа» маркалы автокөлік тарту етілді.

Осылайша дүбірлі тойдың жүйріктері де анықталып, бапкерлер мен шабандоздардың да мерейлері тасыды. Абайдың 170 жылдығында топ жарған сәйгүліктердің жеңісті жолы да көпке дейін ел аузында айтылары анық.

 

Нұржан Байтөс

«Абай елі»

Осыдан соң Мәдениет үйінің кең залы жыр сүйер қауыммен толығып, баршаның алдында сөз барымтасы сарапқа түсті. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» атты тақырыптағы республикалық ақындар айтысы ел тойын еселей түсті. Әр аймақтан сайланып келген ақындардың жыр додасын алғысөзімен ашқан белгілі ел ағасы, айтыс жанашыры Жүрсін Ерман Абай тойымен барша алаш жұртын құттықтай келе, дүбірлі шаралар легін жалғаған сөз сайысын ашып берді.

Сахна төріне шақырылған айтыскерлер таныстырылып, төрелік жасар қазылар алқасы да сайланды. Он екі ақын арасында елге танымал, сөз саптауы салмақты, ойы жүйрік, республикалық айтыстардың жүлдегерлері Айнұр Тұрсынбаева, Серікзат Дүйсенғазин, Сара Тоқтамысова, Айбек Қалиев, Әсем Ережеқызы, Алтынкүл Қасымбекова сынды адуынды ақындар қатарын Өміржан Көпбосынов, Еркебұлан Қайназаров, Мейірбек Сұлтанхан, Дидар Қамиев, Тілеген Әділов, Аспанбек Шұғатаев сынды жас ақындар толықтырды. Байрақты сөз бәсекесіне баға беретін төрешілер қатарында қазылар алқасының төрағасы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев, Өнер институтының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов, ақын, «Алаш» сыйлығының лауреаты Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, халықаралық Жамбыл қоры сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері Төлеген Жаңғалиев, ақын, «Дарын» сыйлығының иегері, «Алтын қалам» әдеби сыйлығының жеңімпазы Қалқаман Сарин төрелік етті.

Осылайша айтыскер ақындардың бірінші жұбына да кезек беріліп, Астананың арқалы ақыны Серікзат Дүйсенғазин мен жамбылдық Алтынкүл Қасымбековалар қара сөзден қамшы өрді. Бір-бірінің осал тұсын іздеген ақындар сөз жарыстырып, қағытпа әзілмен қарсыластарын тұқыртқанмен, қоғамдық мәселелерге терең бойламағаны үшін бірінші жұпқа Жүрсін ағамыз орынды ескертпе жасады. Айтыс соңынан арнайы сауал қойған бізге суырып салма ақын былайша жауап қайырды.

–Қашаннан алқалы топта сөз бастау қиынға соққан. Соның мысы басты ма, әлде азырақ қобалжу басым болды ма, әдемі айтыс өрнегін көрсете алмағанымызды іштей сездім. Сын да орынды айтылды. Оның үстінде қарсыласым Алтынкүл бұрынғы айтыстың түрімен сөз жарыстырса, мен жаңа түрін көп қолданамын. Содан болар бір-біріміздің сөзіміз бір ортадан шықпай, үйлесімділік таппады. Десе де өткенге өкпе жоқ,-дейді айтыскер Серікзат.

Келесі болып өнер көрсеткен жұп жерлесіміз, Астананың атынан шыққан Сара Тоқтамысова мен қарағандылық Өміржан Көпбосыновтың өнері көпті сүйсінткені анық. Әсіресе, бірер айдан соң ана атанғалы отырған Сара ақынымыз да Абайдай жыр алыбының тойына арнайы келіп, тапқыр ой, тартымды сөздерімен көпшілікті тәнті ете білгені кешегі Ұлжан, Зере аналарының бойынан табылатын ержүректілікті паш еткендей. Абай сөзін ұтымды қолданып, жағымды сөз саптауларымен халық көкейінен шыға білді. Көпшілік те Сара қызына қошеметін аямады. Ақын қызға қазылар да бірден жоғары ұпайлар еншілетті.

Осылайша әдемі айтыс өрнегін жалғаған келесі жұп Қарағанды облысының ақыны Тілеген Әділов пен баянауылдық Аспанбек Шұғатаев болды. Бұл айтыскер ақындар да

өзіндік сүрлеу соқпақтары қалыптасып, айтыс өнерінде лайықты орын алып үлгерген жас жыр дүлдүлдері. Ал сахна төріне сөз жарыстыруға шыққан келесі жұп Семейдің тумасы, Астана атынан топ бәйгеге қосылған Әсем Ережеқызы мен астаналық Еркебұлан Қайназаров әдемі айтыс өрнегін көрсете білді. Әсіресе, Әсем «көгілдір экраннан көрсетілетін түрік, үнді киноларының орнына том-том шығармалардан сериал неге түсірмеске» деген тамаша ой тастады. Әрине, сериал түсіретін режиссерлер естісе нұр үстіне нұр болар еді. Мәселен, үнділік Кәләниден зерделі Зере ананың әңгімесін тыңдаса, өсер жастар бойына үлкен дүние түйер еді, дейді ақындар.

«Қиыннан қиыстырар ер данасы» деп Абай айтпақшы Еркебұлан Қайназаровтың мына бір сөзі тыңдар құлаққа жағымды тигені анық. Абай тойы халық тойы деп сабылғанымызбен «Астана мына тойдан шеттеп жатыр, әлемге беттеп жатыр» деп қалды. Әрине, айтыс дегеніміз шындықты шырқырата, шымбайына батыра жеткізу емес пе?

Келесі кезекте көрермендердің көптен күткен айтыскер ақындары астаналық Айнұр Тұрсынбаева мен Арқалықтан келген Айбек Қалиев алқалы топ алдында сөз сайысын қыздырды. Екі жұп та жүйелі ойдан сөз құрап, қоғамдық мәселелерді қозғап, әлемдік деңгейде тойлануы тиіс Абай тойының аядай ауқымда өтуін сынға алды. Сондай-ақ, ауыл келбетіне әр кіргізген аудан басшысына алғыстарын жаудырып, ұлылар елінің гүлденуін тіледі. Айнұр ақын бір сөзінде «Сергелдең болған Семейім, Абайдың атын алса екен» деген ұсынысын да тастады.

Осылайша бірінші айналымның соңғы жұбы қарағандылық жас ақын Дидар Қамиев пен Қызылорда қаласынан келген Мейірбек Сұлтанхан сөз таластырып, тыңдармандарын ерекше тәнті етті. Өзіндік әуезділігімен, мақамымен көптің көңілінен орын теуіп жүрген Дидар ақынына Қарауыл халқы да зор қошеметін жаудырды.

Ал ІІ- кезеңге жолдама алған қос жұп Аспанбек Шұғатаев пен Дидар Қамиев және Сара Тоқтамысова мен Тілеген Әділовтар осылайша ақтық сайысты қорытындылады.

Республикалық ақындар айтысының негізгі ұйымдастырушылары «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірініші орынбасары Бауыржан Байбек, ШҚО әкімі Даниал Ахметов және Абай ауданы әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлына алғысын жеткізген Жүрсін Ерман кезекті жеңімпаз айтыскерлерді марапаттауға ұсынды.

Бас жүлдені (1 млн.теңге) Дидар Қамиев жеңіп алса, І- орынды (500 мың теңге) Сара Тоқтамысыова қанжығасына басты. Ал, ІІ-орынды (400мың теңге) Тілеген Әділов пен Аспанбек Шұғатаев иеленсе, ІІІ-орынды (300 мың теңге) Айбек Қалиев пен Өміржан Көпбосыновтар еншіледі. Арнайы 200 мың теңге ақшалай сыйлықпен Серікзат Дүйсенғазин, Айнұр Тұрсынбаева мен Мейірбек Сұлтанхан марапатталды.

Рас, сөз сайысында Дидардың шабысына көпшіліктің тәнті болғаны анық. Әдемі теңеу, астарлы ойды жарасымды өре білген өренге біз де сүйсіндік.

Сондай-ақ, қазылар алқасы төрағасы Аманжол Әлтаев, ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Мұқашұлы сөз алып, жиналған қауымды ел тойымен құттықтады. Ал аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлы жиналған көпшілікке алғыс білдіріп, айтысты жүргізуші Жүрсін Ерманның иығына арнайы тігілген шапан жауып, құрмет көрсетті.

Айтулы тойдың ең әсерлі сәті де осы айтыс болғаны анық.Кестелі жыр, көрікті ойға тәнті болған көрермен де айтыс айқындарына алғыстарын жаудырып жатты. Сондай-ақ осынау күні Мәдениет үйінің залында «Адамзаттың Абайы» атты кітапкөрме ұйымдастырылып, құрметті қонақтарға сөрелерде жайылған Абай жайлы тағылымды

тәржімалар ұсынылды. Ал, асқан шеберлердің әдемі қолөнер бұйымдары тойға келуші халық үшін саудаланып жатты.

 

Тоғжан РАХЫМБЕКҚЫЗЫ,

Самал СЕРІКҚАЗИЕВА,

«Абай елі»

 

Қонақкәде (Вырезка)

 

Айтыскер ақын Айбек Қалиев:

-Абай бабамыздың 170 жылдық торқалы тойы құтты болсын! Бұл тек Абай елінің ғана емес, күллі Алаш жұртының ортақ мерекесі деп есептеймін. Ұлы ақынның мерейтойы әлемдік деңгейде атап өтілуге лайықты үлкен той. Бұдан жаман кезде, яғни, 1995 жылдары экономикамыздың құлдырап тұрған шағында да Абай тойын еңсеріп, көпшілік болып өткерген едік. Ал, дамыған 50 елдің қатарына кірген бүгінгі шақта күллі алаштың Абайы саналатын баба тойын жетім қыздың тойындай етіп атап өтуіміз көңілге кірбің түсіретін жағдай. Дегенмен де үлкен той болсын, кіші той болсын Абай атамыздың атын асқақтатпаса беделін түсірмейтіні белгілі. Абайдың абыройы арта берсін, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Шыңғыстаудың баурайында тек қана тойға қуанышқа жиналайық.

 

Айтыскер ақын Әсем Ережеқызы:

-Ұлы Абайдың 170 жылдық тойы құтты болсын. Елдің қуанышына қашанда ортақпыз. Келер күннен күтеріміз көп. Халықтың жоқ-жітігі, кем-кетігі түгенделсе екен дейміз. Бұл елде де шешілмеген мәселелер толып жатыр, ақындарымыз да айтып жатыр ғой. Сол мәселелер шешілсе екен деп тілек айтқым келеді. Той тойға ұлассын.

ШЫҢҒЫСТАУ ТӨРІНДЕГІ ДҮБІРЛІ КҮН

Абай елі тағы бір ұлы дүбірді абыроймен өткерді. Дәуірінің дана ойшылы, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 170 жылдық мерейтойы Семей шаһарынан бастау алып, ауданымызда да ұлан-асыр атап өтілді. Бір күнге сыйғызылған, ысырапсыз-ықшам, алайда, атағы алты алашқа тараған айтулы мереке көпке дейін көпшіліктің көкейінде жүрері анық. Қазақтың бас ақынына арналған шаралар легі рет-ретімен жалғастық тауып, алыс-жақыннан жиналған қауымды думанға кенелтті, һәм тағылымды ой салды. Рас, ауданымызға ат басын тіреген баба тойын тамашалаушы мейман қатары бұл күні тіптен көп болды. Алты алашқа сауын айтқан айтулы шара ең әуелі иісі Тобықтыға ұран болған Мамай батыр ескерткішінің ашылу салтанатымен бастау алды. Осыдан соң жыр сүйер қауым сөз барымтасын сарапқа салатын ақындар айтысы өтетін Мәдениет үйін бетке алса, қара күштің иелерін тамашалауға ағылған дүйім жұрт орталық алаңға жол тартты. Ал, осынау сәттері Қарауыл төбе бауырында жүйріктерін әкелген бапкерлер шабандоздарын сайлап, жорға жарысын бастауға әзірлік жасап жатқан еді. Қазақтың қай тойы болмасын бәйге шаптырып, балуан күрестіріп, сөз жарыстырмай өтпесі бесенеден белгілі жайт қой. Осыған орай Қарауыл төбе басында күні бұрын құрылған ақшаңқан қазақ үйлер қаз-қатар тізіліп, бейнебір қаймағы бұзылмаған қазақы ауыл көрінісін көз алдымызға әкелді. Айта кетейік, баба тойына тігілген 23 қазақ үйге аймағымыздың өзге де аудандары мен қалалары өзіндік үлестерін қосып, әсем киіз үйлерін тұрғызып, баба тойына ат салысқан еді. Сондай-ақ тамыз айының 6 күні кешкілік Қарауыл төбе басында «Қаламқас» халық ән-би ансамбілінің және өзге аудандар мен қалалардың әншілері Қарауыл халқына концерттік бағдарлама ұсынып, әннен шашу шашып, көңілдерін бір серпілткен болатын.

 

ЕР МАМАЙДЫҢ МҮСІНІ ТҰҒЫРҒА ҚОНДЫ

 

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ауданымызда Мамай батыр ескерткішін ашу ісі қолға алынған болатын. Осылайша, санаулы уақыт аралығында сәні мен салтанаты жарасқан алып саябақ пен батырдың еңселі ескерткіші бой көтерді. Тарихымызды танып-білу, ұрпақ санасына сіңіру, кейінгі буынға үлгі ету, ұлы құндылықтарымызды ұлықтау мен ұмытпау мақсатында тұрғызылған бәһадүр мүсіні дәл осы Абай тойын мерекелеу барысында ашылды. Әрине, бұл игі бастама өңіріміздегі руханият пен мәдениет жанашыры, аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбековтың басшылығымен және «Мамай қорының» төрағасы Базарбай Бейсенбаев сынды ел ағаларының табанды әрекеттерінің арқасында һәм бабаға деген құрметтері ерекше азаматтардың белсенділігімен жүзеге асты. Яғни, «Мамай батыр» қоры құрылып, көпшілік болып күш жұмылдырудың нәтижесінде ерекше іс орын алды. Көптің көкейінде жүрген батыр ескерткіші, міне, осылайша бастамашылардың байыпты жұмыстарының нәтижесінде салынды.

Бірнеше шараның шымылдығы бір мезетте түрілген сәтте баба тойымен қатар ашылған батыр ескерткішінің басына жиылған қауымның қуанышы тіптен еселенді. Себебі, қазақтың хас батырлары Қабанбай, Бөгенбай, хан Абылайлардың сенімді серіктесі бола білген Мамай батыр тұлғасының тарихтағы алар орны ерекше. Өмірінің соңына

дейін 102 рет шайқасқа қатысып, Сыр бойында тарыдай шашырап жүрген Тобықты елін Шыңғыстауға әкеліп қоныстандырған, қол бастаған батыр Мамайдың кешегі елі мен жері үшін төккен терін, ерлігін құрмет тұтқан бүгінгі елі бәһадүр бабасына ескерткіш тұрғызуды парыз деп санауы орынды. Тарихтағы тұлғалық келбетіне зер салар болсақ Тобықтының бас батырларының бірі Мамай шайқастарда ержүрек, батылдығымен, қолбасшылығымен көзге түсіп, Абылайдың ақ туын иеленгендігі, Әбілхайырдың қолынан алмас қылыш алғандығы да белгілі. Батырдың өз кіндігінен тараған 7 ұлынан ұрпақ сабақтастығы өрбіп, сан салалы, шежірелі, аталы руларға бөлінген. Бүгінгі ұлан-асыр тойға, игі шараға жиылған батыр ұрпақтары да еңселі ескерткіштің ашылуына қатысып, ерекше сезімге бөленді.

Қазақтың кең даласындай көсілген ұлан-ғайыр жердің қақ ортасында жауға атой салып қаһарлана ұмтылған, арғымағын тебінген айбынды батырдың алып мүсіні алыстан көз тартады екен. Ал тамашалаушы қауымның қарасы дәл осы күні алыс-жақыннан дүбірлі тойға ағылған құрметті меймандар мен ауыл тұрғындарының толассыз қатарымен толыққан еді. Жиылған жұрт әуелі сәні жарасқан саябақты аралап, арнайы орындықтарда тынығып, гүлзарлармен көмкеріліп, абаттандырылған аллея ішінде аялдаған соң ашылу салтанатына да кезек берілді.

Батырдың ерлігін әспеттеген әдемі сөздермен шара шымылдығын түрген Ерғанат Төлендиев ескерткішті ашу құрметіне меймандарға кезек ұсынды. Шараға арнайы қатысқан ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, шежіреші, тарихшы, ел ағасы Молдабек Жанболатов, Мамай ұрпағы, жеке кәсіпкер Исағали Омарғалиевтар лента қию рәсімін жасап, «Нұр-Сана» салт-дәстүр орталығының ақ жаулықты әжелері шашуларын шашты.

Осыдан соң құттықтау сөз алған Жақсылық Мұқашұлы:

- Ардақты ағайын, қадірменді қауым! Жыл басынан бері Абайдың 170 жылдығы елдің түкпір-түкпірінде аталып келе жатыр. Негізгі шаралары Семей шаһарынан басталып, бүгін Қарауылға да келіп жетті. Кеше мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен Семейде салтанатты жиын, ғылыми конференциялар өтіп, Абай тағылымын өскелең буынға үлгі еттік. Сондықтан да бұл тойдың басқа тойдан ерекшелігі - балуан күрес, бәйге шаптыру ғана емес ұлағатты тәрбиелік мәні бар дүниелермен дараланады. Қарауыл жеріне сонау Сыр өңірінен қалың елін ертіп бүкіл Арқаны кесіп өтіп осы маңға қоныстандырған Мамай батырдың ескерткішін ашуға барлығымыз жиналып отырмыз. Батыр баба мүсінінің ашылу салтанатымен баршаңызды құттықтаймын, - деді өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары.

«Мамай батыр» қорының төрағасы, аудан тұрғыны, Мамай ұрпағы Базарбай Бейсенбаевтың баба ескерткішінің бой көтеруіне тигізген еңбегі зор екені анық. Арнайы қордың құрылуына, демеушілерді тартуда бастамашыл топтың бірі Базарбай аға да шара барысында сөз алып, қаржылай қолдау білдірген жаны жомарт жандарға алғысын білдірді.

- Қазақтың ұлы хандарымен, Қабанбай, Бөгенбай сынды батыр ұлдарымен бірге халқын, жерін қорғаған Мамай батыр Жұмағұлұлына арналған ескерткіштің ашылуы құтты босын! Бұл күнді батырдың көптеген ұрпағы көре алмай, арманда кетті. Мен батыр Мамайдың жетінші ұрпағымын әрі бақытты ұрпақтардың бірімін. Олай дейтінім, батыр бабамыз енді халқымен, ұрпақтарымен мәнгі бірге жасайтын болады, - дей келе баба ұрпағы, жаны жомарт кәсіпкер Исағали Омарғалиевтің иығына шапан жауып, құрмет

көрсетті. Әрине, бабасы үшін барын аямайтын азаматтың мәрттік танытып бірден 1 млн. теңге қаржы аударып, кең пейілділік танытуы көпке үлгі боларлық іс.

Кешегі кең жауырынды, алып жүректі батырдың тарихи тұлғалық келбетін еш бұзбастан сол күйінде шынайы бейнелеудің өзі асқан шеберлікті, зор жауапкершілікті талап ететіні анық. Осы орайда халық батырын шебер қолдарымен бейнелеген мүсін өнерінің майталманы Марат Әбілқасимовты сөзге тартқан едік.

-Өнер адамы үшін халықтың ризашылығы, шынайы алғысы бірінші орында. Сол себепті менің туындымды жоғары бағалаған ауыл ақсақалдары мен аудан басшылығының оң пікірі жұмысымның жемістілігін айқындайды деп білемін. Маған артылған сенім мен үлкен жауапкершілікті сезіне отырып, тарихи тұлғаның алдымен эскизин дайындап, 2 айдан аса уақыт аралығында темір битоннан мүсінін жасадым. Батыр мүсінінің биіктігі 3 метр 80 см болса, тұғыры 4,5 метр болды. Баба тұлғасына назар салар болсаңыздар, жауға ұрандап «Алға!» деп атойлап келе жатқанын байқайсыздар. Көбіне кейбір жандардың «неге қолына найза ұстатпаған?» деген пікірлері қылаң беріп жатыр. Яғни, бұл көрініске қарап Тобықты елін Шыңғыстауға бастап келген Мамай батырдың артынан ерген халқына жол бастаған бір сәті деп те пайымдағанымыз жөн. Жалпы, тереңінен үңілсек мағыналық маңызы жоғары деп білемін, - дейді туынды авторы.

Шара соңында батыр ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, баба ұрпақтары естелік фотосуретке түсіп тарасты.

 

Мамай батыр қорына қомақты үлес қосқандар:

Омарғалиев Исағали 1 млн.теңге

Арғынбеков Бауыржан Оралұлы 250 мың теңге

Қариев Амангелді 100 мың теңге

Мұқатаев Амантай 100 мың теңге

Бекешов Сүйеухан 100 мың теңге

Елубаев Айдын 70 мың теңге

Молдаханов Жұлдызбек 60 мың теңге

Молдашев Еркін 60 мың теңге

Рсайев Бауыржан 50 мың теңге

Сармурзин Ерсін 50 мың теңге

Ғабдуллин Нұрхат 50 мың теңге

Әмірбеков Нұрбол 50 мың теңге

Мағауин Махмұт 50 мың теңге

Сләмбеков Фурхат 50 мың теңге

Молдаханов Жанатбек 50 мың теңге

Махмет Жарас 50 мың теңге

Медеуов Ардақ Сүлейменұлы 50 мың

Медеуов Олжас Сүлейменұлы 50 мың теңге

Шоқанбаев Ғылымжан 45 мың теңге

Зейнеткерлер:

Момынғазин Мұқташ 50 мың теңге

Айдарханов Сайлау 50 мың теңге

Қариев Әз Жәнібек 40 мың теңге

Бағдатова Зәйра 40 мың теңге

Айдарханов Орал 30 мың теңге

Шалғынбаева Рыскен 30 мың теңге

Абайды оқыған сайын ойға қалам

 

Елді билеуден адамның өзін-өзі билеуі қиын.  

                                                                           (Абай).

 

         Ұды Абай туралы жазу аса қиын да, аса жауапты. Өйткені, ұлы ақынның шығармаларын жалықпай оқып, терең түсінген сайын даналық ойлардың ғажайып құдіретін сезініп, табына сүйесің, ұлы данышпан туған жерде туғаныңа мақтанасың әрі зор жауапкершілік екенін де сезіне түсесің.

         Жалпы, данышпан ақынның шығармалары жөнінде пікір айтудан аулақпын. Ұлы ақынның өз шығармаларындағы терең ойды жүрегіңнің сүзгішінен өткізбей тұрып бірнәрсе деу ағаттық іс деп білемін. Қазақ халқының ұлы перзенттерінің бірі Ахмет Байтұрсынов 1913 жылы «Қазақтың бас ақыны – Абай (шын аты Ибраһим) Құнанбаев. Одан асқан бұрын-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ...» деп айтуы ұлы ақын жайлы аса бір дәл берілген баға болды.

         Сондақтан да ұлы ақын Абайды оқыған сайын өмірдің мән-мағынасын терең түсініп таңқаласың, таңданасың, дара қасиетіне сиынасың. Негізі, ақын өлеңдері кітап болып басылып шықпай тұрған кездің өзінде Абайды білетін аймақтың ұл-қыздары өлеңдерін бір-бірінен көшіріп алып жаттап, жиын-тойда орындағаны белгілі. Барлық жастар бас қосатын алтыбақандарда жастар үнемі Абайдың ән-жырларын үлкен сүйіспеншілкпен шырқағандықтан, қазақ даласының түнгі аспанында ұлы ақынның ән-жырлары ерте қалықтады.

         Данышпан ақынға халық сүйіспеншілігінің бір көрінісі, ұзатылып бара жатқан қыздың ата-анасы мен елі бірге жасауының ең құрметтісі де, қымбаттысы да – Абай ақынның өлең кітапшалары болған. Ұлы ақынға деген халық сүйіспеншілігін бір заманда тежемек ниетте кезінде КСРО атты қызыл империя қазақтың Абайын феодализмнің тірегі деп санап, жағымсыз тұлға қылып көрсетуге күш салған кездерде болғаны шындық. Бар өмірін ұлы ақынның шығармаларын бар елге танытуға, даналығын терең түсініп құрметтеуге бағытталған іргелі жұмыстарға арнаған, жасалып жатқан істердің бәрінің рухани демеушісі ұлы жазушы Мұхтар Әуезовті де тұқыртпақшы болды.

         Қалай десе де, Алла Тағала ерекше жаратқан жарқын тұлға елімен қайта табысты. Туғанына 100 жыл толуына орай мемлекеттік деңгейде дүбірлі той болып өтті. Бүкіл Қазақстан халқы болып тойлаған үш күнге созылған Абайдың 100 жылдық тойының бірден-бір куәсімін. Ұлы ақынның 125 жылдық тойы бүкіл мұсылман елдерінің тойына айналды десек артық болмас. Данышпан тұлғаның есімі әлемдік деңгей дәрежесіне көтеріліп, қазақ деген халықтың абыройы да асқақтай түсті. Ұлы ақынның туған жері Абай ауданы мұсылман елдерінің басым көпшілігі ерекше құрметпен қарайтын аймаққа айналды.

         Ал, данышпандылығын бүкіл әлемге паш ету мақсатымен құрметтеп отырған ақынның 150 жылдық мерекесі достық сүйіндіріп, дұшпанды күйіндірерліктей дәрежеде өткені аян...

         Данышпан Абай атам туған өлкені бұл күні бүкіл дүниежүзінің халқы танып-біліп, құрметтеп отыр. Абай атамның туғанына 125 жыл толуына арналған Қазақстанда өткен үлкен тойдың жалғасы ұлы ақынның туған жері Жидебайда одан әрі тойланғаны белгілі. Сол кезде той өтетінжерге ауданның 11 совхозының әрқайсынан үш-үштен толық жасауымен қазақ үйлер тігілген болатын. Сонда Абай атындағы совхоз үйлері ең жоғарғы жерге тігілді. Үш үйдің екінші үйіне келген қонақтарды қарсы алып кетуге басшылық жасау жастығыма қарамай маған тапсырылған еді.

         Ол күндер менің өмірімдегі әрбір сәтті де шуақты күндер болатын. Бұл міндетті абыроймен атқардым деп ойлаймын. Себебі, менің үйіме келген қонақтардың ішінде Қазақстан Жазушылар Одағының басшысы, бұл күндері ұлы жазушы деп танылып жүрген, Дж.Неру атындағы халқаралық сыйлықтың, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Ұстаздың оралуы», «Махамбеттің жебесі», «Жазушы» романдарының авторы Әнуар Әлімжанов, әлем әлем таныған жазушы Олжас Сүлейменов, сирек суретші Ә.Қастеев т.б. ондаған атақты адамдар болды.Соларды күтіп қонақ еткенім, олар да мені сыйлап, құшағына алып бауырына басқаны. Алла Тағаланың адалдығым үшін берген сыйы деп ойлаймын.

         Ұлы ақын Абайдың 150 жылдық тойына байланысты бір-екі жайды айтпай қалуға болмас деп отырмын. Мен осы жасымда көптеген тойлардағы ат бәйгелерін көрдім, бірақ бұрынғы көргендерім бәйге емес сияқты көрінді. Ал, Абай тойындағы бәйгелер ғажап болды. Ғажаптығы сол, аламан бәйгенің қашықтығы 40 шақырымға ұласты. Ғажап! Нағыз бәйге осындай болса керек...

         Екінші есте ерекше сақталар жайдың бірі-бұл тойға неше мыңдаған адамның келуі. Қарауылда бұрын-соңды мұндай көлемде адам жиналмаған болар. Осыншама адам бас қосқан бұл күндері түн ортасы ауғанша ойын-сауық жалғасты. Осынша апталап той-тойлап жатқанда бір адам артық сөз айтып, не артық қимыл жасаған емес. Бұл да ұлы Абайға Алла Тағаланың берген ерекше қасиеті болса керек. Бұл тұрғыда дінтанушы Мұртаза Бұлбұтай: «Ибраһим Құнанбайұлы, Шаһкәрім Құдайбердіұлы сияқты ойшылдарымыздың, бұрынғы шешендер мен жыраулардың барлығы мұсылмандықты ұстанып, ұрпақтарын пұтқа табынбауға, тасқа мінәжат етпеуге, хурафи ырымдармен уақыт өткізбеуге шақырған». («Ислам-Өркениет» газеті №1, 2008ж.).

         Мұртаза Бұлұтай осы мақаласында: «...Пұтқа табынуға үгіттейтін азаматтарға Құран Кәрімді оқуды және оны терең зерттеуді ұсынамын. Қасиетті кітап олардың барлық сұрақтарына жауап береді. Ислам әмбебап дін, прогресшіл дін, хақ дін» деп, бұл саладағы өз ойын осылайша қорытындылайды. Бұл күнде данышпан дана да, ұлы ғалымдар мен жүрегінде имандылық ұялаған жас бала да Алланы мойындап, сиынып өсіп келеді.

«Алланың өзі де рас, сөзі де рас,

Рас сөз ешуақытта жалған болмас.

Көп кітап келді Алладан, оның төрті

Алланы танытуға сөзі айрылмас».

Осындағы Абай айтқан төрт кітаптың бірі –Құран Кәрім. Қашанда ұлы ақын Абайды оқыған сайын өмірдің мән-мағынасын терең түсініп, таңданасың, дара қасиетіне тәнті боласың. «Орыс халқының реалистік поэзиясын Пушкин бастап, Лермонтов одан әрі тереңдетіп әкетсе, қазақ әдебиетінде Абайға әрі Пушкин, әрі Лермонтов болуға тура келді» деп ұлы жазушы Ғабит Мүсірепов өте дәл айтқан.

         Дүниедегі барлық адамзаттың ойы тереңдеп, санасы биіктеген сайын данышпан Абай шығармасы да, абырой-атағы да, халқының сүйіспеншілігі де көктегі жарық жұлдыздай өлшеусіз биіктей береді.

         Осындай тұжырымның бір дәлеліндей, Әл-Фараби мен Абайдың рухани ұқсастығын айтуға болады. Бір-бірін 12 ғасыр бөліп тұрғанына қарастан, рухани жақындығы жағынан бір заманда туып, бір жерде өмір сүрген адамдар секілді ұқсас шығармалар жазып, бір-бірін толықтырып отыруы-таңқаларлық құбылыс. Екі данышпанға да берген Алла Тағаланың ғажайып ерекше сыйы.

         Осы арада өз өмірінің жартысын Әл-Фараби мұрасын зерттеуге арнаған ғалым А.Машановтың «Әл –Фараби және Абай» атты зерттеу еңбегін шынайы құрметпен айта кеткен жөн. Өйткені, ол қазақтың екі ұлы перзенті арасындағы тарихи тағылым тамырын жалықпай іздеп, тану арқылы бізге халқымыздың мыңжылдық мәдени, рухани тарихын зерттеудің тыңнан салынған бастамасымен абайтанудағы әлі жеткілкті қалам тартылмаған соны бағытын белгілеп берді. Адамзаттың ұстазына айналған Абай болмысындағы рухани сабақтастығын іздеп, терең зерттеп- танып, соны соқпақ салды. «Абайды оқып, тағылым-тәрбие алмакған болсақ,-дейді А.Машанов атамыз, -Әл-Фарабиді сөз етер ме едік?Шындық жолды іздеуге бағыт берген Абай шығармалары деп білемін».

         «...Абай әлемі бізді жеті түнде адастырмас темірқазық іспетті,-дейді еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев. –Соған қарап тірлігіміздің дұрыс-бұрысын сараптай аламыз. Өйткені, жанды жегідей жеп жүрген көп сауалдың жауабын Абай әлдеқашан айтып кеткен».

         Қысқасы, Абай армандары-тек бір ғана ұлт ұстанатын мұраттар емес, күллі адамзат ұстанатын мұраттар. Сондықтын да бұл күндері дауылпаз дана ақын Қасым Аманжоловтың Абайға арнаған өлеңінде:

Бұл күнге лайық алыпсың,

Ол күнге қалай сыйғансың?

Бір өзің- бүкіл халықсың,

Бәрін де бойға жиғансың» деп дәл айтылған.

Құмарғазы Балтабекұлы,

Абай ауданының Құрметті азаматы

        

 

Абайдың туған күніне қатысты тоқтам жасар уақыт келді...

 

 

Қазақ даласында ұлы ақынымыз Абайдың туған күнін тойлау әлі де бір ізге түспегендігі бізді де, Абай мұрасына аса ыждаһаттылықпен қарайтын азаматтар да қатты алаңдатары сөзсіз. Ақын туған күніне қатысты екі ұдай пікірдің қалыптасып келе жатқандығы елдігімізге сын екендігі де ақиқат. Тамыз айы басталысымен Абайдың дүниеге шыр етіп келіп, кіндік қаны тамған уақытты кеңбайтақ тәуелсіз мемлекетіміздің әр жерінде бір күнде емес, жер-жерде әрқилы тойлауымыздың мәнісі де осы бір тоқтамға келмегендігінен екендігі де ақиқат. Ақын туған күні туралы ойларымызды баспасөз беттерінде бұғанға дейін де білдіргенімізбен, еш нәтиже шықпай жатқандықтан биыл да қайыра ой қозғауымызға тура келіп отыр.

Ел арасындағы: «Ақынның нағыз туған күнін (10 тамыз) ұмыт қалдырып, 23 тамызға бет бұрғанымыздың мәнісі қаншалықты екені жұмбақ күйде қалды», және де «бұл күнді өзгертудің қандай маңызы бар» деген ойлардың қылай беруіне байланысты, әрі  Абайдың туған күніне қатысты екі түрлі пікірдің орын алмасына өз пікірімізді, қасиетті қарашаңырақ Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайының ұстанымын тағы таныта түскен де абзал болар. Ең негізгісі бір тоқтамға келу бүгінгі күннің басты міндеті екендігі айқын.

Бір өкініштісі ақынның туған күнін 10 тамызда тойлауымыз қажет деген бағытты ұстаушылардың бұған дейін осы тақырыпқа тікелей қатысты жазылған мақалаларды оқымауы, не оқығысы келмегендігі көңілге реніш ұялатады. Егемендігімізді алғаннан бері, Қайым Мұхамедханұлының «Ұлы ақынның дүниеге келген және баз кешкен күндері қашаннан, қалай аталып келеді?», «Ақынның дүниеге келген күні», «Бәріміздің Абайымыз» атты мақалаларынан бастап Абайдың туған күні туралы келелі ойлар жинақталған еңбектер жарық көріп келе жатыр ғой. Елімізге танымал белгілі әдебиеттанушы-ғалым, ғылым докторы Арап Еспенбетовтің «Қазақ әдебиетінде» жарияланған «Абайдың туған күнін шатастырмайық», Т.Ибрагимовтың «Абайдың туған күні 23-тамызда атап өтілуі керек», қарымды қаламгер Д.Сейсенұлының еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанда» жарық көрген «Хакім ақын қай күні туған?» сынды мақалаларда бұл мәселе туралы дәлелді пікірлер берілген болатын.

Семей жұртшылығы, Абай қарашаңырағы ұлы ақынның туған күнін 23-тамызда тойлайды. Бұл ретте ешбір себепсіз «сырғату», не «ойнамалылық» жасалынып тұрған жоқ. Себебі ақынның туған күні ескіше 10 тамыз да, жаңа стильмен - 23 тамыз. Бұған кейбір зерттеушінің айтқанындай «хрестияндық күнтізбенің» де еш қатысы жоқ. (Қазіргі таңда григориан күнтізбесін пайдаланып отырғандығымызды ескерте кеткен-де жөн болар).

Ескі стиль мен жаңа стильдің айырмашылығы 13 күн екендігін кез-келген адам, халық календарьларына қатысты еңбектермен танысқан әрбір ғалым біледі деп есептейміз. М.Исқақовтың «Халық календарын» оқыған адам бұндай «дауға» бармаса керек-ті. Кеңес заманының өзінде күнсанауға қатысты көптеген кітаптар жарық көрген. Олар: Н.В.Володомоновтың Москваның «Наука» баспасында 1987 жылы шыққан «Календарь: прошлое, настоящее, будущее», А.П.Пронштейн, В.Я.Кияшконың «Хроногия» (Москва, «Высшая школа») және де «Хронологический справочник» («Наука» Ленинградское отделение) атты еңбектер.

Бұл ретте күнтізбеге қатысты, яғни жеке тұлғалардың нақты туған – қайтыс болған күндеріне орай ұстанымдарын ертерек жөнге қойып алған көрші елдеріміздің алғырлығына тағы бір тәнті боларымыз хақ.

Жә, делік, өзімізге ойыссақ. Ұлы Абайдың нақты туған күнін 23 дегенге қарсы дау айтар адамдардың басты екі-үш уәжі бар.

Біріншісі: «Сонда біз Абайды кейінге шегерсек, ХІХ ғасырда туған барлық жеке тұлғалардың, сонымен қатар Мұхтарлардың, Сәбиттердің, Қаныштардың да туған күнін «реформалауымыз» қажет болар»,- деген сипатта келеді.

Екінші: «Ұлы ақынның туған күні 10 тамыз деп күні бүгінге дейін тойланып келді емес пе. 150 жылдық той да осы күні тойланды. Бұл не білместік пе?» - деу.

Үшіншіден: «Абайдың нақты туған күні 23 тамыз десек те, оны ауыстырудан не ұтамыз, қалыптасып қалды ғой. 13 күн айырмашылығынан келіп-кетер дәнеңе жоқ қой», -деушілік.

Осыларға қатысты ойларымызды сабақтасақ.

  1. Алғашқы қарсы пікірге аздаған мысал ғана келтіріп жауап беруге болады. Әйтсе де бұл ретте басты екі жайды ескере кеткен жөн. Біріншіден, өкінішістісі де - құжаттық деректердің болмауына, автобиографиялық жазбалардың жазылмауына орай ХІХ ғасырда дүниеге келген біздің көптеген ақын – жазушыларымыздың нақты қай күні туғаны туралы дәлелді деректер жоқ екендігін ескеруіміз қажет.

Екіншіден қазақтың көзі ашық, оқыған азаматтары өмірлеріне қатысты күндерді бірден реттеп алғандығы. Яғни өмірбаяндық деректерді жазу барысында бірден жаңа стильді пайдаланғаны.

Осы екі пікірге дәлел ретінде қазақтың ХІХ ғасырда дүниеге келген қос алыбын мысалға алайық. Алғашқы пікіріме, яғни ХІХ ғасырда дүниеге келген біздің көптеген ақын – жазушыларымыздың нақты қай күні туғаны туралы дәлелді деректер жоқ екендігіне халық жазушысы, артына баға жетпес мол әдеби мұра, қаншама ғылыми-зерттеу еңбектерін қалдырған С.Мұқановты алсақ. Және де бұл ретте ұзақ дәлелдеуге бармай-ақ елімізге танымал ғалым, сәбиттанушы Құлбек Ергөбектің мына бір пікірін оқысақ көп дүниеге қанығарымыз, ойша толғанарымыз, жауабын іздер, анығын табар жайлардың көп екендігін ұғынарымыз хақ: «Жазушы 1900 жылы 22 апрельде осы күнгі Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Сәбит Мұқанов атындағы совхоздың жерінде дүниеге келіпті деген деректі әркім-ақ айта алады. Бірақ ресми документті толтырған Сәбит Мұқановпен бірге мемуарист Мұқанов және бар. Дерек пен жазушының құпия сырын салыстырып қарасақ, туған жыл жөніндегі аздаған алшақтықты байқаймыз. Ол, жазушының өз сөзімен айтқанда: «Кейін анықтасам, мен сиыр жылы, апрельдің он үшінде туған екем. Ол – 1901 жыл. Документте «1900 жылы» болып жүр. Әкем ол жылы қырық тоғызда, шешем қырық екіде екен» деген дерек». Ал, қарайық, Сәбеңнің туған күні ғана емес, жылы да туралы алшақтық шығып тұр ғой. Яғни бізде әр ақынның туған күні бүгінгі таңға дейін нақтыланбағандығы, өзіміздің жекелерген «даталарға» салғырт қарайтын асықпайтын ерекшеліктеріміз де жетерлік екен ғой.

Екінші пікірімізге, қайталап айтсақ қазақтың көзі ашық, оқыған азаматтары өмірлеріне қатысты күндерді бірден реттеп алғандығына, жаңа стильді бірден пайдаланғандығына дәлел ретінде басқа көзі ашық, оқыған азаматтарымыздың ішінен Мұхтар Әуезовті алсақ. М.О.Әуезовтің 28 қыркүйек күні дүниеге келгендігі баршамызға аян. Барлық еңбектерде де осылай жазылған және бұл анық шындық. Назарларыңызды мен ұлы жазушының жүз жылдығы кезінде жарық көрген ғұламаның туған күнінен бастап әр өмір кезеңін қамтитын бір кітапқа аударғанды жөн санадым. Яғни 1997 жылы «Ғылым» баспасынан шыққан «М.О.Әуезовтің өмірі мен шығармашылық шежіресі» атты кітаптың маңызы баршамызға аян. Соның алғысөзден кейінгі 1897 жылғы маңызды өмір сәттері жазылған 9 бетіндегі бірінші дерекке, алғашқы сөйлемге көз жүгіртсек: «Мен 1897 жылы қыркүйектің 15-інде туыппын. Туған жерім Семей уезіне қараған Тобықты іші». Бұл сөздерді жазып отырған автор кім, ол - М.Әуезов. Өзінің туған күні туралы жазып отыр. Және де 28 қыркүйек деп отырған жоқ. Осы ретте құрастырушының жақша ішіндегі жазғанын да келтірейік: «Бұл ретте туған күнін жылнаманың ескі есебі бойынша көрсеткен болуы керек». Міне ғұлама ғалым бір ғана жерде өзінің туған күнін 15 қыркүйек деп ескі стиль бойынша жазыпты. Басқа бір жерден кездестіре де алмайсыз. Яғни біз дауласпасын, шатаспасын деп М.Әуезов өз туған күнін бірден жаңа стильге, 28 қыркүйекке ауыстырып қойған. Бұдан артық дәлелдің қажеті де жоқ сияқты. Қаныш Сәтбаевқа қатысты еңбектерді оқысақ та ескіше 31 наурыз және жаңаша 12 сәуір деген күндерді байқай аламыз.

2. «Ақынның туған күні 10 тамыз деп күні бүгінге дейін тойланып келді емес пе. 150 жылдық той да осы күні тойланды. Бұл не білместік пе»,- деген екінші пікрге қатысты төмендегі ойларымызды жеткізуді жөн санадық. Шындығында да бүгінгі таңға дейінгі ұлы ақын мерейтойлары 10 тамызда тойланып келді. Бұл ретте мына жайларды да ескере кеткен жөн: 1909жылғы жинақта да, Ә.Бөкейхановтың жазғандарында да ақынның нақты қай күні туғаны туралы еш жазылмаған. Қ.Мұхамедханов сөзін келтірсек: «Мұхтар Әуезов сол 1933 жылдан бастап, өмірінің соңғы жылдарына дейін Абайға арнаған мақалаларында (Тегінде Мұхтардың Абай өмір тарихына арналған еңбегінің төрт нұсқасы бар: 1933, 1940, 1943 және 1950 жылы жазғандары), ең соңғы монографиялық үлкен еңбегінде де Абайдың туған айын, күнін атап жазған емес». Шындығында да М.Әуезов Абай ғұмырнасын төрт рет жазғанда да ақын туған күні атамай-ақ: «Абай осы күнгі Семей облысындағы Шыңғыс тауын жайлаған Тобықты руының ішінде 1945 жылы туған»,- деп жазған. 10 тамыз деген деректі беруші - Әрхам Ысқақов. Абай өмірі туралы мол мағлұмат берген Әрхам: «1845 жылы ескіше 10 август күні Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжан толғатып, бір ұл дүниеге келді келді», -дейді. Жаңаша деп тұрған жоқ, ескіше 10 тамыз деп жазылған. Ал, Қазақ календары 1975, 1976 жылдары және 1985 жылдан 1990 жылға дейін 8 тамыз деп де жалған мағлұмат беріп келді емес пе. Қайталап айтсақ ақыннның туған күні 23 тамыз болса, біз неге ендеше алдағы уақытта қате күнмен тойлауымыз керек. Өткенге өкініш білдірмей-ақ енді бір ізге түсуіміз, яғни алдымызды жөндеуіміз қажет болар. «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» емес пе?

3. «Абайдың нақты туған күні 23 тамыз десек те, оны ауыстырудан не ұтамыз, қалыптасып қалды ғой. 13 күн айырмашылығынан келіп-кетер дәнеңе жоқ қой», -деушілік, аздаған күнде тұрған не бар деген пікір өте білместікпен айтылған сөз деп білемін. Бұл жерде де өзге халықтардың бұл бағыттағы жеткен жетістіктерін айтпай кетпеске болмайды. Мысалы Пушкиннің, Толстойдың әр күнгі өмір тарихы жазылып қойған, белгісіз күндері мен сағаттары жазылып та жатыр. Әрине оған естеліктер жазылуының әсері, зерттеулердің көптігі, хаттарының сақталуы себеп бола алады. Егер біз Абайдың туған күнінен бастап өмірінің әр уақытын жылнама етіп жазып шықсақ нұр үстіне нұр болады емес пе. Ең өкініштісі сол замандағы көнекөз қариялар мен құйма құлақ ақсақалдарымыздың қалдырып кеткен азды-көпті мәліметтерімен, архивтік бірлі-жазым деректерімен ғана шектелеп қалатынымыз. Бізге беймәлім деректер шығып жатса тек қана қуана қарсы аларымыз сөзсіз.    

Қайталап айтсақ ақынның туған күнін таласқа салмай ел болып 23 тамыз күні атап өтуіміз қажет. Барлық ғылыми еңбектерде Абай Құнанбайұлының туған күні 23 тамыз, және жақша ішінде ескіше 10 тамыз деп тайға таңба басқандай көрсетіп қоюымыз шарт. Өткенге өкініш білдірмей-ақ енді бір ізге түсуіміз, яғни алдымызды жөндеуіміз қажет.

Жандос Әубәкір

Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайының

директоры, ф.ғ.к., доцент

 

 

 Ұлы Абайға - 170 жыл

 

                                         АБАЙ ТОЙЫ – күллі алаштың тойы

Міне, «тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, алты алашқа сауын айтқан айтулы күнге де санаулы сәттер қалды. Абай атты әдебиет алыбының 170 жылдық мерейтойына ауданымызда ұлан-асыр әзірлік жүріп жатыр. Оған әлбетте, әр тұрғынның қосар өзіндік үлесі бар. Десек те, ақын тойы өтер күндерде ұлттық деңгейге көтеріп өткізер ауқымды шаралардың қатары мол.

Абай мұрасы сарқылмақ емес. Бұл ретте қоғам үшін халық ағартушысының рухани мұрасын зерттеп, зерделей білудің маңызы зор. Бұдан бұрын да құлаққағыс қылғанымыздай, Абай Құнанбайұлының 170 жылдығына арналған мерекелік шаралар легі 6- тамыз күні Семей қаласынан бастау алмақ. Абайдың 170 жылдығында қонақ ретінде мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақындар, түркітанушылар, ғалымдар, профессорлар және Абай шығармасын аударған шетелдік жазушылар келеді.
Дәл осы күні, яғни 6-тамызда Абай еліне бұла күшті балуандар келіп, салмақтары өлшенеді. Бәйге аттары тіркеліп, еліміздің әр түкпірінен айтыскер ақындар жиналмақ.
Мерекелік шаралар осылайша 7- тамызда ауданымызда жалғасын табатын болады. Жоспарланған іс-шаралар бойынша аудандық мәдениет үйінде сағат 9:00-ден бастап «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» атты республикалық ақындар айтысы шымылдық түрмек. Жүрсін Ерманның жүргізуімен өтетін байрақты сөз барымтасына еліміздің әр аумағынан келген 12 үздік айтыскер қатысады. Олар Серікзат Дүйенғазин, Сара Тоқтамысова, Айнұр Тұрсынбаева, Әсем Ережеқызы, Айбек Қалиев, Иранғайып Күзенбаев, Алтынгүл Қасымбекова сынды танымал айтыскерлер мен Өміржан Көпбосынов, Еркебұлан Қайназаров, Мейірбек Сұлтанхан, Тілеген Әділов, Аспанбек Шұғатаев сынды жас ақындар бақ сынасады. Ал бұл айтысқа төрелік ететін қазылар алқасы құрамында, төрағасы - филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев, мүшелері: өнер институтының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов, филология ғылымдарының докторы, профессор, айтыстанушы Асан Қойлыбай, Алаш сыйлығының лауреаты, ақын Тыныштықбек Әбдікәкімов, «Дарын» сыйлығының иегері, «Алтын қалам» әдеби сыйлығының жеңімпазы, ақын Қалқаман Сарин және абайлық ақын Төлеген Жанғалиевтер баға береді деп күтілуде. Айтыстың ақтық сайысы түс ауа 15:00-де басталады деп күтілуде. Билет бағасы 1 мың теңге.

Жибебайдағы Абай мен Шәкәрім кесенесіне зиярат етіп, «Еңлік-Кебек» үңгірін тамашалаған соң ауданымызда орналасқан этноауыл, мұражай-үйі, Абай мен Шәкәрім ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойған шара қонақтары 9:30-да Мамай батыр ескерткішінің ашылу салтанатына қатысады.
Сондай-ақ, бұл күні сағат 9:45-те Қарауылда орталық алаңда Қазақ күресінен Қазақстан чемпионаты басталса, 10:00-ден бастап Қарауыл төбеде жұртшылық тойдың ашылу салтанаты мен театрландырылған көріністі тамашалайды. Мұнымен қатар, «Жорға жарыс», «Аламан бәйге», «Топ бәйге» «Абай тойының бас палуаны» сынды сайыстар өтетін болады. Келген қонақтарға сағат 13:00-де   қазақ үйлерде түскі ас беріледі. Ал кешқұрым келген қонақтар мен аудан жұртшылығы мәдениет үйіндегі «Қаламқас» халықтық ән-би ансамблінің концерттік бағдарламасын тамашалай алады.
Иә, бұл мерейтой өзінің ауқымдылығымен ғана емес, танымдық тұрғыдан құндылығымен де ерекшеленеді. Яғни, әрбір қонақ Абайдың рухани және шығармашылық дүниесіне терең бойлай алады деген сөз.
Абай – біздің бай қазынамыз ғана емес, ұлт руханиятының өзегі. Абайды танумен ондаған жылдар бойы әлем ғалымдары, әдебиеттанушылар мен тіл мамандары айналысып келеді. Еліміздің рухани және мәдени орталығы Семей қаласына әр елдің, діннің, тілдің және ғылым саласының өкілдері жиналады. Олардың әрбіреуі осы той барысында мәдени ескерткіштермен, тарихпен танысу мүмкіндігіне ие болып, мол мағлұматқа кенеле алады. Бұл ретте Жидебай-Бөрілі жерінде өтетін шараларды айта кеткен жөн.
Осылайша, екі күнге созылатын Абай тойы күллі алаш жұрты, әсіресе абайлықтар үшін есте қаларлық тарихи сәттерге толы болмақ.

Анар СӘРСЕНБИНА,

«Абай елі»

Облыстық байқау

 

                                 ДАНАЛЫҚ БҰЛАҒЫНАН СУСЫНДАДЫ

 

Қазақ халқының біртуар данасы, хакім Абайдың туғанына 170 жыл толуына орай аудан көлемінде жыл басынан бері түрлі-іс шаралар ұйымдастырылуда.

Абайдың даналық бұлағы ешқашан сарқылмасы анық. Дана ақынның нақылын бүгінгі ұрпақ жадына ұялатудың маңыздылығы зор. Абайдың жарқын бейнесі, жалынды жыры бізбен бірге мәңгі жасап келеді. Соның бір дәлелі - аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығы мекемесі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен әдеби кеш дер едік.

     Абайдың 170 жылдығы мен Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткізілген байқауда облысымызға қарасты әр ауданның филиалдары әдеби мұраларға қаншалықты адал екендіктерін көрсетті. Атап айтсақ, барша қатысушылар Абайдың өмірі, шығармашылығы мен Қазақ хандығының 550 жылдығына орай арнайы көріністер тамашалатты.

Осынау сапарлары аясында Жидебайдағы Абай мұражайымен танысып, Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Қарауыл ауылындағы Әнет баба ескерткішіне, «Шыңғыстау» спорт-кешенінмен, тарихи-өлкетану мұражайымен танысқан олар осынау шаралардан зор әсер алғандықтарын байқау барысында байқатты.

Байқаудың беташарында филиал директорының орынбасары Талғат Кенжеқанұлы Накишев сайысқа қатысушыларға сәттілік тілеп,жылы лебізін білдірді. Бұдан соң сайыскерлердің оқу мәнеріне, сахналық шеберлігіне, дарындылығына баға беріп, сарапқа салатын әділ-қазылар алқасын көпшілікке таныстырылып өтілді. Атап айтсақ, төрағасы филиал директорының орынбасары Т. Накишев, филиал директорының орынбасары

Е. Мұхамеджанов, Абай аудандық Әділет басқармасының басшысы А.Махметов, «Абай елі» газетінің директор- Бас редакторы Н.Байтөс және тәуелсіз сарапшы Ә.Дәулетқалиұлы төрелік жасайтын болды.

     Сахна шымылдығын алдымен Семей қалалық №1 бөлімінің қызметкерлері ашып, «Абай жолы» эпопеясынан үзінді көрсетті. Осыдан соң кезек-кезегімен Бесқарағай, Аягөз, Ұлан, Жарма, Катон-Қарағай, Шемонайха, Көкпекті, Зайсан, Күршім, Үржар және Семей қалалық №2, Өскемен №2, Өскемен №3, Курчатов қалаларының ХҚКО бөлімдерінің қызметкерлері қазақ хандығының құрылу тарихымен таныстырып, батырлар рухын паш етіп, Абай әлеміне терең бойлап, өнерлерін ортаға салды. Мәселен, Абай мен Тоғжан арасындағы сыйластық, іңкәр махаббат, Абай мен Құнанбай бейнесі, Әзімбайлардың Абайды сабауы сахналанып, Абай өлеңдері жатқа оқылып, әндері әуеледі.

       Елбасы Н.Назарбаев: «Абайдың сөзі - қазақтың бойтұмары. Абайдың мұрасы - қазақтың ең қасиетті қазынасы. Замандар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға деген көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырлары ашылып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы қалың елін, қазағын жаңа биіктерге, асқар асуларға шақыра береді...» деген еді. Абай әлемін бүкіл әлемге таратушы ұлы Мұхтар «Мен Абай тереңінен шөміштеп қана іштім» деген екен. Ал осынау жалынды да ізденімпаз, білімқұмар жастар дана Абай тереңіне бас қойып, сол тереңнен тек дәм татқанын ескерсек, әлі де үйренері де, алар тағлымы да көп екеніне көз жеткіземіз.

Халыққа қызмет көрсету орталығы бөлімдері мамандары қызметте де, өнерде де алда екендіктерін көрсетті. Атап айтсақ, сахнаның сәнін келтірген Айдана Сапарова, аягөздік Қуатжан Оспанов және тағы бірқатар жастар әннен шашу шашып, көңіл хошын сыйлады.  Осылайша, Абай шығармашылығымен сусындап, бойға нәр алған, тарих қойнауына саяхат жасап, бабалар сырына үңілген бұл сайыс та өз мәресіне жетіп, жеңімпаз атанғандар бағалы сыйлықтармен, мақтау грамоталарымен марапатталды.

Байқау қорытындысы бойынша жүлделі І - орынды Абылай хан образын нанымды сомдап, жарасымды киім үлгісімен, сахнада актерлік шеберліктерін көрсеткен Семей қалалық №2 бөлімінің қызметкерлері қанжығасына байласа, ІІ-орын Күршім аудандық бөліміне бұйырды. Ал ІІІ-орын жақсы дайындықпен келген   Өскемендегі №3 бөліміне тиесілі болды. Өзге ауданнан келген қызметкерлерге де алғыс айтылып, мадақтама қағаздармен марапатталды.

Бұл шара ауданымыздағы бір ғана бөлімнің атқарған ілкімді ісі. Абай аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Таңат Сағатұлы Мағауиннің бастамасымен ұйымдастырылған байқаудың көпшілікке берері мол болды. Осы бір ғана сайыс арқылы біз облыстық бөлім қызметкерлерлерінің еңбекте де адал болып қана қоймай, өнерде де өрге жүзгендеріне тәнті болдық, Абаймен мақтанып, батыр бабалармен мерейленетінін аңдадық.

- Абай әлемі ұлы қазына, біз тек ақын шығармашылығының аз ғана бөлігін қамтуға мүмкіндік алдық. Бүгінгі ХХІ ғасырда біз Абайдың шығармашылығынан қазаққа қажетті руханилықты табамыз. Бізден кейінгілер де өздеріне қажетін табатыны сөзсіз. Себебі Абай - адамзат ақылманы. Бұл сайыс алдағы уақытта да жалғасын табады деп ойлаймын, -дейді Халыққа қызмет көрсету орталығы басшысы.

Иә, Абай - ұлтымыздың туы. Абай адам өмірін мағыналы етуді, ақылға, еңбекке сүйеніп өмір сүруді, жамандық жасамауды, адамгершілікті сақтауды, жастарға өсиет етті. Сол жастар міне, баба өсиетіне адал болып, алға ұмтылуда.

Анар СӘРСЕНБИНА,

«Абай елі»

 

 

 

       

Page 2 of 3

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!