Тарих толқынында

ШӘКІР КҮЙЛЕРІ - ЖИНАҚТА

Тың туынды

 

                                ШӘКІР КҮЙЛЕРІ - ЖИНАҚТА

 

Өнер сүйер көпшілік үшін жуырда жағымды жаңалық орын алды. Атап айтсақ, Астана қаласындағы Ұлттық музейінде әйгілі жерлесіміз Шәкір Әбеновтің күй мұрасына арналған тұңғыш туынды жарық көрді. Жинақты дайындаған және күйлерді нотаға түсірген «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, күй зерттеушісі Рүстем Нүркенов.

Аталмыш жинақ халық ақыны, қарт шежіреші, Елбасына тұңғыш рет бата берген батагөй қария Шәкір Әбеновтің туғанына 115 жыл толуына орай әзірленіпті. Оған абыздың өз орындауындағы авторлық күйлерінің және өзге халық композиторларының ноталары да енгізілген. Жинақта барлығы 19 күй ұсынылыпты. Соның ішінде Семей қаласындағы Абай мұражайынан аудиожазбасы алынып, алғаш нотаға түсірілген 7 күй бар. Олар: «Аңсаған ару», «Биші», «Ертіс», «Сергелдең», «Таңғы самал», «Еңлікке арнау күй» және «Қос келіншек» атты күйлер. Сондай-ақ, 1944 жылы Шәкір Әбеновтің орындауында Борис Ерзакович жазып алған 9 күй арнайы үш ішекті домбыраға лайықталып, қайта өңделіп беріліпті. Бұған қоса,  жерлесіміз, талантты қыз, Шәкір абыздың шәкірті  Нұргүл  Әкімқожа жеткізген үш күй де аталмыш жинаққа қосылды.

Кітаптың алғы сөзін жазған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал өнер зерттеушісі Жарқын Шәкәрім: «Рүстем Нүркенов құрастырушылық жұмыстарынан да асып, музыкалық теориялық талғаммен жоғары кәсіби деңгейде дайындаған және үш ішекті домбыраның дамуы мен насихатталуына үлкен олжа салған құнды еңбек» деп жоғары баға бере келе, жинақтың екі құндылығын атап өтеді:

«Біріншіден: Шәкір Әбеновтың авторлық күйлерінің ноталық үлгілері кітап болып жарыққа шығып, музыка мәдениетіміздегі жаңалық ретінде халқымыздың көзайымына айналды. Екіншіден: Осы кітапта жарық көрген Шәкір Әбеновтың күйлерін орындау арқылы, үш ішекті домбырада орындаушылар, үш ішекті домбыраның алдағы дамуына жол ашады әрі үлес қоса алады» деп бағалы пікір айтыпты.

 Шыны керек, өзімнің кіндік қаным тамған туған жерімнің, Құндыздының құнарлы құшағында тәлім алып өскен мен үшін де осы ауылдың абызы болған Шәкір атамның артында қалған мол мұраларының жас ұрпаққа насихаттау мақсатында жарыққа шыққан   осынау рухани құндылық төбемді көкке жеткізгені рас. Сол үшін де  көзіқарақты оқырманнан,  киелі Абай  елінен сүйіншілей қолыма қалам алдым. Атамды өзім көзім көрді, әндерін де тыңдап өстім, 90 жылдық торқалы тойында  сәби  жүректен жыр арнағаным да есімде. Бүгінде ата ауылының ұрпақтары жыл сайын "Шәкір оқуларын" өз мәнінде жоғары деңгейде өткізіп те келеді. Елбасына тұңғыш рет бата берген абыз ақсақалдың өмірінен, шығармашылығынан сыр шертетін мұражай үйі де келушілерге айқара есігін ашып тұр. Сайып келгенде, бір өзі бір ғасырлық  тарих болатын Шәкір абыздың есімі жас ұрпақ жадында  мәңгі сақтала бермек. Осындай елдің даңқын арттырған аталарымыздың Сана, Арнұр сынды отын өшірмес ұрпақтары аман жүрсін деймін. Ал, Шәкір атамыздың  күйлерін кітапқа енгізіп шығарған «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, күй зерттеушісі Рүстем Нүркенов бауырыма ел атынан зор ризашылығымды білдіремін.

   Аталмыш еңбек үш ішекті домбыраны тартушыларға, зерттеушілерге, музыкалық оқу орындарының студенттері мен оқытушыларына және күй сүйер жалпы көпшілік оқырман қауымға арналған. Айта кетер бір жайт, аталмыш жинақ арқылы Абай елінің кешегі абыз ақсақалының мұралары тың қырынан дәріптеліп, Шыңғыстау өңірінің ұлттық өнерге қосқан еселі үлесі айқындала түседі.

 

Анар СӘРСЕНБИНА,

«Абай елі»

АЛТЫ АЛАШТЫҢ АБЫЗЫ

Шәкір Әбеновке 115 жыл

 

АЛТЫ  АЛАШТЫҢ  АБЫЗЫ

 

   Шәкір ақсақал: «75 жасқа толғанда Абай жөнінде екі рет поэма жаздым, алайда ұлы адамның бейнесін анық көрсету үшін, өзіңде сол адамға сәл де болса ұқсастық болу керек екен. Мұны кейіннен білдім. Ондай қасиет менде болмағандықтан, Абай  бейнесін анық көрсете алмағандықтан жазғаным пештің төрінен орын алды. Енді аз болса да, Абайдың айтқандарын, баласы Тұрағұлдың аузынан естігенімді қағазға түсірмекші болдым» - деп біршама өлең шумақтарын жазған еді. Мен, атамның інісінің ұрпағы болғандықтан (Әбен қажының туған інісі Еңсеханның немересімін) атаның өнегелі үлісін, жиындарда айтқан кестелі сөз, өрнекті ой толғауларын, түйінді тұжырымдарын, халқымыздың таңғаларлық қасиеттерін, табиғи құбылыстарды танудағы ерекшелігін, әлем сырын білудегі ойшылдығын, бабамның даналығын қағаз бетіне түсіріп жеткізуде жеткізуде мүлде қаражаяу екенмін.   

  Осыған орайда, жетпіс жастың орта белінен асқан  шақта атамнан көрген-естігенімді, ел ортасында сөзге тоқтап, оны құрметтеп, өзі де біреулерді сөзге тоқтатқан сәттерін әсірелемей оқырман қауымға  қыз-қалпында жеткізуді жөн санадым.

  Атамның еңбек жолына баға беруге бойым да, ойым да, жетпейді, тек өзім куә болған жайттарды кейінгі буынға жеткізуді жөн санадым.

   Жарықтық Шәкір атам: (мені мырза дейтін). - Әй, мырза! Мен көрде жатсам да тыныш жатпаймын, мазаңды аламын», - деуші еді. Мұнысы рас болды. 1994 жылы күзде дүние салды. Осы уақытқа дейін күндіз ойымнан, түнде түсімнен шықпайтын болды. Талай-талай, мүлде ойға сыймайтын  жайлар жөнінде айтқандары дәл келгенін жақсы білемін.  Сан жылдар өтсе де, атамның айтқандары еске оралуын тоқтатпады.

Бірде мен: - Ата, мені неге мырза дейсіз? - дегеніме.  Алған жауабым: - Бірталай уақыт өткен соң, сұрағыңа жауапты өзің  табасың. Мырзалығың жара боп белгі береді.  Мырзалығыңды сөкпе және оған өкпелеме. Өткенге өкпелеп, өкініш ертоқымын арқалама. Бұл табиғи жай. Тағдыр дауылы қалай соқса да, тепсе де, бұған жерге қонбайтын қырандай тура қарап, кірпік қақпай, талмай, төзімділік көрсетуіңмен бағаланады, талсаң-таусылғаның. Маңайыңдағы адамдар сөзіңе күмән-күдіксіз сенетін болсын. Ол үшін өмірде өтірік айтпа, - деген өсиеті әлі ойымда.

Бірде кітапханада отырғанда, біреу жаныма кеп тоқтады. Бұрын көрмегенмін. Мүлде таныс емес. Жас мөлшері 70 жастың шамасында көрінді. Аман-саулықты айтысқаннан соң: - Ал, бауырым, сені сырттай білемін. Келген шаруам, орынсыз бір адамға өкпелегенімді айтпақшымын. Сен Әбенов Шәкірдің немере інісі емессің бе?, - деді.

Мен:  -  Иә, - дедім.

Ағаның айтқаны: - 1947 жыл еді. Ол кезде мен комсомолмын.  Бастығым шақырып алып: «бүгіннен бастап саған тапсырма, обкомның бірінші хатшысында халық ақыны Шәкір Әбенов отыр. Таяу арада қалаға орталық комитеттің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов келеді. Сол кісінің келу сапарына байланысты қалада жиын болады. Осы жиында Шәкір ән айтып, сөз сөйлейді. Жанында боласың. Елдің айтуына қарағанда өте шатақ шал. Соны байқарсың. Кез-келген  уақытта менімен байланысып тұр» деді. Алғаш рет атаңды көрдім. Қолында таяғы бар, ақсайды екен. Қонақ үйге орналастырдым. «Шатақ шал» - дегенді естігеннен соң үнемі жанында болдым. Бұл менің есте қаларлықтай ерекше күндерім болып есте қалды. Бірақ, жұмыстан босап қала жаздағанымды айтайын. Ұлтына қарамай, танымайтын адамы жоқ. Кездескен адамның атаңның әңгімесіне күлмей кеткені жоқ. Жатқан үйіне бірдеме жазама деп, қаламсап, қарындаш, қағаз әкеп бердім. Бұлар орнынан қозғалған жоқ. Күткен күн де келді. Атаң сақал-мұртын алып, көркімен киініп, паркке келдік. Қонақ үйден шығарда бастығыма «бәрі ойдағыдай» деп хабар бердім.  Шеттеу бір жерге отырып, сәлден соң маған: - Сен 15-20 минуттай осы маңда жүре тұр. Мен домбырамен айтатынымды мақамына келтіріп, ыңылдап жаттығу жасап алайын, -дегені. Мен алыстамай сырт жүрсем де, үнемі атаңа қарап жүрдім. Домбырасын қолына алып отырды. Біраздан соң қасына келсем, ұйықтап отырғандай көрінді. «Ата» деп иығына қолымды салсам - мас. «Мұныңыз не»? – дегеніме. «Шөлдеп кеттім» - деген жауап алдым. Не болғанымды, не боларымды білмей, үкідей ұшып бастыққа келдім. Бастық менің айтқанымды аяғына дейін тыңдамай, өзінен жоғары бастыққа кетті. Жоғары-төмен жүгірген адамдардың аяғының сартылдағаны төбемнен ұрғандай болды. Бәріне кінәлі боп мен қалдым. Сондағы атаңа деген өкпем теңіз толқынындай болып еді. Ал, Қарағым Көлембай! Үлкен басшының алдында айтпаймын - деп қалай айтсын - атаң. Алдында 58-статьямен сотталған. Айтпаудың амалын тапқаны емес пе?, –дей келе сөзін жалғастырды. Бұдан соң атаңмен 1958 жылы жолықтым. Өзімді таныстырғанда: «Маңдайыңды әкелші»  деп, маңдайымнан сүйді. Саған обал жасадым. Бұл менің адам баласына жасаған алғашқы қиянатым. Басқадай екінші бір вариантты да ойластырған болатынмын. Оған бөгет жасаған ағашқа байланған ақ шүберек  пен бөтелке «мен мұндамын» деп тұрып алды емес пе? - дегені. Атаңның бұл әрекеті жоспарлы түрде, күн ілгері жасалған шара: үлкен батылдықпен, жалаң аяқ шоқ басып, басына шоқпар тиетінін білсе де, осыған барғаны теңдесі жоқ ерлік. Жас әйел, бір жастан аспаған жас бала, өзінің денсаулығы болмаса да, жанұясын да құрбандыққа байлағаны ғой, - деді. Ал, бауырым осыны өзіңе айту міндетім деп санадым, - деп сөзін аяқтады ағамыз. Мұны айтқан КГБ полковнигі Исаев Қазыхан.

  Осы айтылғанды көп жылдар аудан бойынша комсомол комитетінің бірінші хатшысы, ұзақ жыл аудандық атқару комитетінің төрағасы, райкомның бірінші хатшысы болған, үш мәртебелі Еңбек Қызыл Ту орденінің кавалері Рымқан Ғабдулин аға тебіреніп былай еске алған еді: - Соғыстан аман-есен келген соң айландырған екі жылдың ішінде есімі елге қайтадан кеңінен тарап кетті. Ұлы Абайдың 100 жылдық тойында бүкіл КСРО мен басқа мемлекеттен шақырылған қонақтардың алдында бас жүлдені жеңіп алды. Атасы Жамбылды жоқтағанын маған былай айтты: «Дәм тартып Алматыға бардым да бір шаруам боп Ә.Мұхтарға жолықтым. Мені көргенде қуана қарсы алды. Жаңа ғана хабар келді. Жамбыл емханада дүниеден азыпты. Жамбылды жоқтап 100 шумақ өлең жазып бересіңбе? – деген соң - Жазамын. Маған жеке бір бөлме, екі машинка, екі қыз бер. Аздаған ақша бер, - депті. Ертеңінде жоқтау дайын болды. Мұхтар қуанғанынан екі машинканы өзің ал, жазғандарыңды машинкаға бастырып отыр, - деген тапсырма берді. (Осы екі машинканың бірі атамның музейінде, бірі Сапар Байжановтың үйінде). Сол жоқтауды бірнеше рет айтқанын естідім. Жамбылды Сүйінбайдың шәкірті, теңдесі жоқ біртуар төкпе айтыс ақыны деуші еді.

Атаңның адуынды, уытты өлеңдерімен сол кездегі шолақ белсенділердің оғаш қылықтарын тосыннан айтып тастайтын әдеті болған-ды. Кездескен жандардың бәрі, «ал бірдеңе айтып жіберші» деп қадалып тұрып алатын. «Жақсының артынан сөз ереді»-демей ме. Біраз уақыт өткен соң ел ішінде Шәкір Жамбыл қайтыс болғанда былай депті деген қаңқу сөз де шықты.

  Шәкір атамыз: - 1947 жылы Семей қаласына Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовтің келуі маған пәле боп жабысты. Қалаға шақырып жатыр деген соң  көп   ойланбастан бардым. Артынан ағаттық жасап алғанымды білдім. Ақымақтың ақылы таяқ тигеннен кейін келмей-ме?  Бұл асқан шеберлікпен жасалған жоспар екенін түрмеге келген соң біле бастадым, - деп еді.  ұл кезде мен аудандық комсомол комитетінің хатшысымын. ЦК-бірінші хатшысының келуіне байланысты жасалған жоспар қолға түсті. Атаңның ән айтатынын жоспар ішінен көрдім. Дайындық шаруасымен қалаға келіп қалғанда күтпеген жерден атаңа жолығып, не шаруамен жүргенін білдім. Жекелеу сәтті пайдаланып қап, шымшып жіберіп, былай деді: «Жұмабай келгенде міндетті түрде Базарбаев Жұмакілбайды ала кел. Маған жекелеу жерде жолықсын, - дегені. (Бұл әңгімені айтып отырған Рымқанның өмір серігінің әкесі Мұхтар (Құндыздыда тұрған) және Базарбайұлы Жұмакілбай үшеуі замандас достар. Сыйластықтары еш уақытта шетінемеген.

Содан әзірлік аяқталған кезде Шәкірді іздеп таба алмадым. Концерттік программа өткенде де көрінбеді. Қобалжыдым. Жұмакілбайдан қайда ана досың? - деп екі рет сұрадым. «Көргем жоқ» - дегені. (Бұнысы мүлде өтірік, кездескенін менен жасырып, ағаш басына ақтықты байлаған Жұмакілбай. Бұны 8 жыл отырып келген соң өзі айтты. Жұмакілбай маған да сенбепті ғой).

  Кездесу аяқталып, жолға шығуға дайындық бастағалы  жатқанда үйге  Шәкірдің орнына өлең айтқан  ақын келді. Бастығым ыммен «күтіп жібер» деп өзі кетіп қалды.  Тамақ ішіп отырғанда тамада болып кеткен Жұмакілбай Базарбаев ақынға: «Бағанағы айтқаныңды айтшы» деп домбыра ұсынды. Сыйға алған шапанының етегін көтеріп қойып айтып жатқанда ақынның орнынан атып тұрғаны. Мойнымды созып қарасам, қазақ үйдің есігін ашып тұрған Шәкір екен. Атып тұрып төрге отырғыздым. Ән айтып отырған ақын Шәкірмен құшақтасып, амандасқан соң шапанын Шәкірге жапты. 

 Шәкір: - Үлкен рахмет! Сен болмай қалсаң жағдай мүлдем басқадай болар еді, - деп, шапанын қайтарып берді. - Ағаның алдында мен ән айта алмаймын, - деп домбыраны Жүкеңе берді. Біраздан соң Жүкең:

  -Ей, пері! Менің балам соғыстан шолақ қол боп, сен ақсақ боп аман-есен келдіңдер. Бүгін көрінбеп едің, бүкіл жұрт сұрап жатты, атақ-абыройың ешкімнен кем емес. Халқың сенің үніңді  сағынды. Қиқақтамай елдің жүрегінен  қоныс тапқан тұманды сейілт, мен де сенің үніңді естиін деп 250 шақырым жерден атпен келдім» - дей келе домбыраны атаңның қолына берді. Ал атаң жан-жағына бір қарап алып соқтау келіп.

 Ал, Көлембай! Осы әңгімеден мынаған назар салшы. Құрдасы Жұмакілбайдың баласы соғыстан аман-есен келіп, қазір бірнеше немере сүйіп отыр. Екінші досы Мұхтардың қызы менің әйелім - ол да солай. Ал, Шәкір жараланып келіп өзіне үй салды, басшылар жауапты жұмыс бермеді. Молдалықты пышақ кескендей тоқтатты. Кезекші малшы боп жүрді. Сонда да тыныш жүрмеді, - деп Рымқан аға әңгімесін аяқтады.

   Ал атамның «Жұмабаймен кездесуімнің арты трагедия болады» дегені анық келді.

  1948 жылдың жазы болатын. Бірге туған Қорғанбай ағайым, көрші ауылдағы қандас туыс, өте жиі араласып тұратын, адамгершілігі мол Торғай деген ақсақалдың баласы Есен үшеуіміз асық ойнап  жүргенде аудан жақтан ақырын жылжып келе жатқан екі атты және түйеге мінген адамдар көрінді. Біраздан соң бұл жолаушылар біздің қораның жанына тоқтағанда түйеден түсіп жатқан Шәкір атаны бірден таныдым. Өткен жылы шешем дүниеден қайтқанда ат-арбамен келген болатын, жанында жұбайы Серікбүбі және кішкентай қыз Дауа бар. Олардан басқа өте сәнді киінген, мойындарына асынған мылтығы бар екі адам  милиция екен. Жүгіріп келе жатып, жақындағанда мен тоқтап қалдым. Әкемнің інісі Райхан дауысын шығарып жылап Шәкірді құшақтады. Бір сәттен соң атамның жанына келгенімде басымнан сипап, маңдайымнан иіскеді. Екі атты, түйені Райхан әкем өзен жағасына тұсап, Дауаны ойнатып жүргенімді көріп, «Үй жақта ойнаңдар»-деген үні маған салмақтылау әсер берді.    

Үй жаққа келсем ағайым Қорғанбайдың қорадан алыс емес әке-шешем, екі апайымның мәңгілік қонысының жанында отырғанын көрдім. Көңілсіздігін байқап не боп қалды?-дегеніме: - Шәкір ағаны аналар абақтыға апара жатыр, - деді.

Уақыт өткен сайын, жан-жақтағы ауылдардан аттылы, жаяулы, арбамен жиналған адамдардың саны көбейіп, үйде отыратын орын болмаған соң далада болдық. Ат, түйені қораға әкеп, ерттеп жолға шығу әрекеті басталғанда Елеукен шешей үйден шығып келе жатқан Шәкірді құшақтап, дауыс салып жылады, мұны көпшілік қолдап, қолдарына орамал, шүберектерін алып көз жастарын сүртіп, үнсіздік, ауыр жай пайда болды. Екі милиция мылтықтарын асынып жекелеу жерде ат үстінде тұрғанына осы күнге дейін таңғаламын.

  Түйеге атам, шешей, бауырым Дауа мінді. Түйе тұрғысы келмегендей болды ма, милицияның бірі қамшымен ұрып жібергенде бақырып әзер тұра бастағанда бүкіл жиналғандардың шулап жылаған дауысы, аман-есен елге кел деген аянышты сөздер естілді. Қорғанбай ағайымның ботадай боздап тұрғанын байқап қап, бір жамандықты болжадым ба, анық білмеймін мен де жылауға қосылдым. Жаңа Арна өзенінің суы жайылған мезгіл, жалпақтығы 150-200 м, елдің бәрі екі атты, түйенің соңынан еріп өзеннің екінші жағына шыққан бетте, атам түйенің басын бұрып, елмен қоштасып жатқанда Райхан әкеме атамның мына айтқанын анық естідім. «Оралмай қалсам Дауаға көз қырыңды сал» - деді.

Әкем түйе үстіндегі Шәкір атаның аяғын құшақтап, түйені жібермей тұрғанда, атты милицияның бірі түйені ұрып қалды. Көпке дейін шығарып салушылар қарап тұрды. Ұлан жасында көргенін ұмытпайды деген бар. Бұл сәт күні бүгінге дейін көз алдымда. Дүйсекин Төкеннің шешесі қолымнан жетектеп әкеліп, үйінен айран беріп, «көп жылама, жаман болады» дегені  есімде. Бұл көріністе жыламаған тек Дауа болды. Үлкен көздерімен барлық адамдарға жалтақтап қарауы есте қалды.

Осы көріністен соң ағайым Қорғанбаймен балалар үйіне кеттік. Тура араға 10 жыл салып 1958 жылы Аякөзден Жүрекадырға жаяу келіп, атам Шәкірмен жүздестім.

Бірде атамды замандасы Кашав Тұрғанбаевпен Қоңыр әулиеге апардым. Институтты бітіріп жаңадан қызмет бастаған жерім еді. Сондағы айтылған әңгіме естен кетпейді.

Шәкір атам өткен күндерінен бір естелік айтып берді: - Бірде Алматыда жүріп бір шаруамен Мұхтардың үйіне бардым. Тәңертеңгі шайда Мұхтар: «Сенің шаруаң бұл жолы бітпейді. Бүгін Сәбиттің «Сұлушаш» деген поэмасы оқылады. Соған барамын. Ертең Москваға ұшамын. Қашан қайтатыным белгісіз. Маған байланысты шаруаңды Москвадан келген соң қолға аламын. Басқа шаруларың болса, бітір де еліңе қайт. Хабарын беремін» деді. Үйден бірге шықтық. Жиынға мен де қатыссам дегеніме «Қатыс, бірақ еш нәрсе айтпа!» деді. Содын жиын басталды. Түске шейін поэма оқылды, түстен кейін талқылау өтті. Жарыссөзге шыққандар ешқандай сын айтпай бірінен соң бірі мақтап жатты. Он шақты адам мақтағаннан соң қолымды көтеріп, трибунаға шығып, былай дедім. Бағана поэмада қазақтың бас киімі былай суреттелді, оны былай жазса қайтеді деп орныма кеп отырғанда Мұхтарға көзім түскенде бірден байқадым, келісімді бұзғанымды ұнатпады. Жиын біткен соң жекелеу жерде жолығып қалғанда Мұхтар «Тақияда нең бар еді?» дегені. Әңгіме жалғасын тауып жатты.

Шәкір атамыз осы отырыста: - Кашаф, сен мынаған сенесің бе? Менде Құнанбай бейнесі салынған алтын теңге болды. Ашаршылық жылы сатып жібергеніме күні бүгінге дейін өкінемін, - деді күрсініп.

Ал Кашаф: - Неге сенбейін. Меккеде үй салдырғаннан қиын емес, - деп жауап қайырды.            

Ол күндер бүгінде естелікке айналды.

Міне,  елімізің Тәуесіздік алғанына таяуда ширек ғасыр болады. Осынау аралықта Шәкірдің ұлтымыздың әдеби мұраларын насихаттаудағы еңбектерін жоғары бағалар уақыт жетті. Ә.Нұршайықов айтқандай, «Дулат Бабатайұлының шығармалары тарих бетінен жоғалып кетер еді, Шәкір болмаса». Атамыз Дулаттың шығармаларын жатқа білгендіктен Ғылым академиясына жазып тапсырған екен. Ал Д.Қонаевпен нағашылы- жиен болып, туыстық қатынастарын жақсы сақтай білді. Ол жөнінде мен өте жақсы білемін. Осылай бола тұрса да, партия жөнінде жылы сөз айтпады ғой, жарықтық. Партияның құритынын тарамай тұрғанда-ақ, отыз жыл бұрын айтты.

Шәкірдің дүниеден озғанына күзде жиырма екі жыл болды.

            Қорыта келе айтарым, Шәкірдің әр сөзі жебе тәріздес, қадалып таңба қалдырады. Бірде абыз ақсақалдан: «Ата, тұңғыш Президентімізге бата беру құрмет сізге қалай түсті? Деп сұрадым. Сонда атамыз: - Еліміздің Тәуелсіздігі жолында қолдан келгенше үлесімді қостым. Ұзақ жыл бейнет көрдім. Пейіліме қарай Алланың маған берген сыйы болар. Нұрсұлтан Әбішұлы менен емес, Абай туған топырақтан бата алғысы келген шығар, - деп жауап қайырды. Ой жүгіртсек, бұл сөздің астарында үлкен мән жатыр деп білемін.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                   

АБАЙ ЖӘНЕ ЕЛБАСЫ  

Даналыққа тағзым

 «Абай сөзі - қазақтың бойтұмары. Абай мұрасы - қазақтың ең қасиетті қазынасы».

Нұрсұлтан Назарбаев,

Қазақстан Республикасының

Тұңғыш Президенті.

 

Тәуелсіздік атты ұғымға берілетін анықтама көп бүгінде. Әнге де, жырға да арқау болған айрықша тақырыпты сан қырынан толғауға болады. Ширек ғасырға аяқ басқан ел егемендігі жайлы сөз еткенде осыдан 25 жыл бұрын зор белестерді бағындырарымызды болжай да алмаған едік. Ал, бүгінгі таңда – міне, бейбіт елдің еркесіміз. Азат елдің арда ұрпағы Тәуелсіздік туралы пікір қорытқанда сан-саққа ой жүгірте алады. Бұл ретте ұлылар топырағында өскен менің де айтарым бар...

 

«Менің Тәуелсіздігім» менің ауылымнан басталған болатын...

 

Абай елі – қазақ елінің руханият әлемінің орталығы, қара өлеңнің қағбасы. Өлең, сөздің пайғамбары, хакім Абай дүниеге келген шежірелі Шыңғыстау қаймана қазақ үшін жаңашыл сипаттағы ақыл-ой дарытқан құт мекен. Алайда, Тәңірі өзінің осындай үлкен тартуы үшін бұл өлкеден үлкен өтем де алыпты. Қастерлі өңірге басылған қасірет таңбалары аз емес. Бүлдіргені сұқтандырып, боз жусанының жұпары көш жерден мұрын қытықтар, көк шалғыны көрпедей өлкенің ұйыған тыныштығын ядролық сынақтар бұзды. Ұлы дала төсін у мен өрт алды. Жергілікті жұрт «атом» дегенді естігенде аза бойы қаза тұрады. Себебі, олар бейбіт заманның өзінде белгісіз майданның құрбаны болғандарын Тәуелсіздік алған кезде ғана түйсінген болатын.

1949 жылдың 29 тамызы - мамыражай мекен үшін «қияметтің» басталған күні саналады. Алғашқы ядролық қарудың алапат залалы туралы деректерді бүгінгі ақпарат құралдары ашып жазып жүр. Семей полигонында ресми дерек бойынша 456 ядролық және термоядролық атом бомбалары сыналып, 616 жарылыс жасалған. Оның 116-сы жер бетінің ашық кеңістігінде жарылған. Төңіректегі тіршілік атаулы көшкен жұрттың орнындай тұлданып, тіршілік атаулы адам қолымен жасалған тамұқ құрсауында қисапсыз қырылды. Ал, жергілікті тұрғындар жарылыс сәтіндегі сәулелену салдарынан орасан зардап шекті. Экологиялық аймақта жүрек-қан тамыр аурулары, қатерлі ісіктің бұрын-соңды естіп-білмеген түрлері, құрсақтағы сәбилердің паталогиялық ақаумен өмірге келуі, психо-неврологиялық дерттің күрт асқынуы белең алды. Суицид көрсеткіштерінде де шек болмады. Және мұндай шығындардың 40 жылға созылған қырғыннан кейін де әлі күнге дейін екпінін баспағаны ешкімге құпия емес. Өрісінен от, отбасынан құт қашқан момын ел сонда да өзі құрметтеген кеңестік идеологияның жаппай қырып-жоятын қаруларды сынау саясаты мен физик ғалымдардың «ессіз экспериментіміз» деп ойламаған еді.

Тек 1989 жылдан бастап қана сең қозғалды. Орасан зор зардап әкелген  сынақтардан зәре-зап болған абайлықтар «Невада-Семей» халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалыс сапында шеруге шықты. Күллі әлемге, бейбітшілік сүйгіш барша адамзатқа үндеу жасады. Ал 1991 жылы 29 тамыз күні қазақ даласына алапат қайғы-қасірет әкелген Семей сынақ полигоны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен жабылды. Расында, бұл жаһан бойынша тұңғыш әрі теңдессіз тарихи оқиға болатын. Әлемдік державалар арасындағы геосаяси текетіреске қарамастан, кейбір солшыл саясаткерлердің «атом шоқпарын тақымға бассақ ешбір дұшпан батып келе алмайды» деген шолақ пікіріне қарамастан маңызды қадам жасалды.

Осылайша, 40 жылдан астам уақыт запыран төктіріп, қасірет тартқызған  жарылыстың үні мәңгілікке өшті. Бұл – Елбасының ұлы шешімі, ұлылар еліне деген алғашқы жанашыр һәм ерен қамқорлығы болды. Киелі мекенді «ажал аждаһасынан» азат ету арқылы ұлт көшбасшысы қазаққа жаңа дәуірдің даңғылын салып берді.

Жаппай қырып-жою қарулары сынақтарынан зардап шеккен полигон аймағындағы тұрғындарға мемлекет тарапынан экологиялық жәрдемақылар тағайындалып, қазіргі күні әр тұрғынға зейнет демалысына шығу мерзімі қысқартылды. 1992 жылы мамырда Семей полигонының базасында, Курчатов қаласында ұлттық ядролық орталық құрылды.

Ауызынан от шашатын аждаһалар туралы ертегіні бала шақтан оқып өсіп едік. Сонда зұлымдықтың жеңіліп, аждаһаның басын шабатын бір батырдың шығатынына сенетінбіз. Елбасының бұл шешімі сол ертегінің шынайы өміріміздегі көрінісіндей болды. Ағымдағы жылы Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 25 жыл толды. Бұл ел егемендігінің ең алғашқы асқақ шешімі болды. Сол себепті, аудан халқы үшін Тәуелсіздік мерекесі - ең Ұлы мейрам!

 

Негізгі бата мен лебізді бата

 

1991 жылы 1 желтоқсанда өтетін сайлаудың қарсаңында Нұрсұлтан Әбішұлы арнайы жұмыс сапармен, жергілікті халықтың жағдайымен танысу мақсатында һәм Абай, Шәкәрім кесенелерін зиярат ету үшін Абай ауданына келген болатын. Осынау сапарында Елбасы тұрғындармен емен-жарқын жүздесіп, ел ықыласына бөленді. Сол бір күндерде небары үш жастағы Серік Әсетұлын қолына алып көтергенін де дүйім жұрт бүгінге дейін әңгімелеп айтып отырады. Сол Серік қазіргі уақытта аудандық қазынашылық басқармасында белді қызмет атқаруда.

 Осылайша, көп ұзамай жалпыхалықтық Президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаев  98,8%  дауыс жинады, Қазақ КСР-нің президенттігіне сайланды. Ең қызығы сайлаудан кейін 15 күн өткен соң Қазақстан өз егемендігін жариялады. Осылайша, тұңғыш мемлекет басшысы мен жас Тәуелсіз елдің жаңа қадамы, жаңа дәуірі басталды. Бұл Назарбаев модулінің қалыптасудағы алғашқы кіріспе болатын.

Сайлаудан кейін, мемлекет басшысының осынау мәртебелі лауазымды атқаруға кірісер алдындағы ант беру салтанатына Абай елінен Шыңғыстаудың абызы, белгілі халық ақыны Шәкір Әбенов арнайы шақырылған болатын. Батагөй ақсақал күллі қазақ елінің атынан, ақсақалдар атынан Тұңғыш Президентімізге бата беріп, алдағы ұлы жолына тілеулестігін жеткізді.  

«Сарыарқа – туған жерім, елім – қазақ

Қазақ елі ежелден көкседі азат.

Көп естіп, көпті көріп, аз білсем де,

Мен бір ғасыр куәсі – экспонат.

 

Біз көрген зобалаңда, қуғын-сүргін,

Енді ешкім көрмес үшін қанды қырғын,

Бар ұлттың тілін тауып, табыстырған,

Нұрсұлтаным, жұлдызың жанды бүгін.

 

Зерек ақыл, зерделі ой, батыл жүрек,

Жаман ат жапсыра алмас жатың тілеп.

Қарадан хан туған деп қадірлеген,

Қазағың ғұмырыңды отыр тілеп.

 

Абылайым бүгінгі Сен емес пе?

Қазағым өзге жұртпен тең емес пе?!

Халқыңа Тәуелсіздік нұрын шаштың,

Тар асу, тайғанақ жол, кер белесте.

Ақ киізге көтеріп, хан сайласқан,

Қарт атаң тоқсан бірде мен емес пе?!.

Халқың сүйген перзенті екенсің, енді сол халқың айтар бата берейін. Қазақта бата деген екі түрлі болады: бірі - негізгі бата, екіншісі - лебізді бата. Негізгі бата - халықтікі. Халық қастерлеген басшысына адал қызметі үшін батасын өзі береді. Лебізді бата дегеніміз – халықтың тап­сыр­ған аманат-тілегі, келешекке үміт-сенімі. Ол, негізінен, үш міндетке саяды:Дүниенің бар игілігін өндіретін жұ­мыс­­шы, диқан, мал өсіруші қауымның та­бан ақысын, маңдай терін зая кетірмей, ысы­рапқа ұшыратпай ұқсатып, халықтың қа­жетіне, игілігіне жарату; Осыған кедергі жасап, кесел келті­ре­тін суыққол сұғанақтарға, қиянатшыл-зор­лық­шыл зұлымдарға тыйым салу; Қошеметшіл жағымпазға бой ал­дыр­­май, өз ісіңе де, өзгеге де сын көз­бен қа­рап, қате кетсе, өзің түзей білу. Осы үш та­лап үдесінен көрінген басшы ел сенімін ақ­­тары шүбәсіз, анық. Ендігі менің ле­бізді батам, тұжырым-түйінім мынау: Иллаһи аумин! Халыққа береке, мынау қиын заманда бірлік беріп, ел тізгінін ұстап, еркіндікке жет­кізген Нұрсұлтанның атақ-даңқы, абы­ройы зорайып, тарихтың бетіне басылатын бол­сын!.. Аллаһу акбар!», - деген екен сол кезде жасы жүзге қадам басқан ел абызы. Бабалар дәстүріне сай Шәкір Әбенов берген бұл бата-тілек қабыл болып, тек Елбасының ғана емес, еліміздің көсегесі көгергеніне бүгінгі буын куәміз. «Батаменен ер көгерер» деген осы болар, сірә.

Мемлекет басшысының Шығыстың шырайы Шыңғыстау өңіріне жасаған келесі сапары мүлде өзгеше, тың мағынаға ие болды. Сонымен қоса, тарихи сипат алды. Ол 1995 жылы болатын. Өткен күндер еншісінде алтын әріптермен жазылатын бұл мезеттің Абайдың рухани мұраларын жаңғыртуда өзіндік үлесі бар. Олай дейтін себебіміз, бұл жылы хакім Абайдың 150 жылдық мерейтойы бүкіл жер шарының мәдени-рухани үрдісін жандандырушы беделді халықаралық ұйым – ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен болатын. Аталмыш ұйым басшысы, көрнекті қоғам қайраткері, әлем таныған ақын Федерико Майор Елбасының шақыруымен осы тойға өзі де қатысты.

Осы арада ерекшелеп айтар бір жайт бар. Сарыарқының сайын даласында еркін жүзіп келе жатқан қос желкенді кемедей әсер қалдыратын Абай, Шәкәрімнің алып мемориалды кесенелері тұрғызылды. Бұл игі іс Елбасының бастамасымен жүзеге асқанын көпшілік біле бермеуі мүмкін. Ақтаудың қашалған әк тасынан көтерілген айрықша архитектуралық құрылыста Римдегі Колизей макетіндегі әсем амфитеатр салынып, айнала жер асты кітапханасы болып жасақталды.

Бұған қоса, тек Абай ауданында ғана емес, сол кездегі облыс орталығы Семей қаласында да Абай есімімен байланысты көптеген жаңашылдықтар орын алды. Қала мен Қарауыл ауылын жалғайтын тас жол төселіп, заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтың туған жері Бөрілі көріктендіріліп, махаббат символы «Еңлік-Кебек» кесенесі жөндеуден өтті, тойға қатысушы қонақтарды сары дала төсінен қарсы алып тұрғандай болды. Қарауылға 1600 ақшаң киіз үйлер тігіліп, ұлттық спорт түрлерінен дүбірлі додалар өтті. Замана заңғары Мұхтар Әуезов Абай есімін әлем әдебиетіне енгізіп, бір аспандатса, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы ұлы ақынды жер-жаһанға тағы бір мәрте паш етті. Сол күндерден бастап төрткүл дүниенің төрт бұрышында Абай ескерткіштері тұрғызылып, хакімге көше аттары беріліп, шығармашылығы өркениетті елдердің тілдеріне аударыла бастады. Бұл үрдісдің тіні үзілмей әлі де жалғасын тауып келе жатқанына куәміз. Мәселен, қазақ фольклорында жиі айтылатын Үнді мен Мысыр елінде қазақ ақынына құрмет көрсетіліп, мүсінінің қойылуы осы сөзімізге дәлел.

«Жалпы біз қазір қолға алып жатқан көп бастаманың дәйектемесін басқа жақтан іздеудің қажеті жоқ. Бәрін де Абайдан табасың. Бүгінгі халықаралық жағдайларға байланысты ұстанып отырған мемлекеттік ішкі және сыртқы саясатымызға да жауапты Абайдан табуға болады. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген жолдардан халықтар достығы ақын үшін қатар өмір сүрудің жалаң дипломатиясы ғана емес, тіршіліктің негізгі мағынасын айқындайтын ұлы мұрат екендігі көрінеді», – деп атап көрсеткеніндей, абайтану ілімінің жаңа дәуірінің тұсауын Нұрсұлтан Әбішұлының өзі кескен болатын.

Мемлекет басшысының қасиетті мекенге келесі сапары 1998 жылы болған еді. Ол кезде де Елбасына өлкеміздің қазыналы қариясы, Ұлы Отан соғысының ардагері, қарт журналист Жағыпар Жүнісжанұлы ақ батасын берген болатын.

Жидебайға үшінші рет аяқ басқан Нұрсұлтан Әбішұлы сол кездегі Абай ауданының әкімі Қонысбай Қойшыбайұлына «Абай, Шәкәрім кесенесі тұр. Амфитеатры бар. Тек жұмысын жандандыру керек» деп тың тапсырма жүктейді. Сол кезде аудан әкімі: «Бұл жерде облыстық «Абай, Шәкәрім оқулары» ұйымдастырылып жүр. Оқушылар ақындардың шығармашылығын жаттап, әндерін насихаттап, өз шығармашылығы бойынша байқауға түседі» деп жауап қайырады. Сонда Елбасы: «Олай болса, сол байқауды республикалық деңгейде өткізу қажет. Өте дұрыс бастама. Қазақ елінің әр ұланы Ұлы Абайдың өлеңін жаттап, көңілге тоқып өсуі тиіс» деп қолдау білдіреді.

Содан бері міне, биыл Абай оқулары 17 мәрте өткізіліпті. Рухани шара жылнамасына үңілер болсақ, әр жылдың өз үздіктері, өз жеңімпаздары бар. Абай мен Шәкәрім шығармашылығынан 300-ден астам өлең жаттап келетін, көкірегі сезімді, тілі орамды өрендер бар. Сондай-ақ, өз шығармашылығы бойынша ақындар аламанында танылған таланттар да аз емес. Бұл республикалық байқау хакімнің мұраларын  насихаттап қана қоймай, сол өскелең буынның болашағына даңғыл жол ашып берді десек қателеспейміз. Абай өсиеттерін бойтұмар тұтатын арлы жас - ел ертеңі. Ал осынау игілігі мол іргелі бастаманың көшбасында тағы да Елбасы тұр. Түйе айтсақ, Абай мен Елбасының есімдерін атағанда мәдени сабақтастықты аңғаратынымыз - заңдылық.

 

Тобықтай түйін

 

Елбасының Семей жеріне жасаған бір сапарында: «Сегіз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» демекші, кең байтақ қазақ елінің өзге өңірлері бір төбе, Абай елі бір төбе» деген бейресми бір ауыз пікірі қанатты сөзге айналғалы қашан. Әлбетте, осынау астарлы ойдың сары алтындай салмағы бар. Расында, қазақ халқының әрбір әйгілі тұлғаларының Абайға айналып соқпағаны болмаған. Солардың ішінде мемлекет басшысы, еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Нзарбаевтың Абайды насихаттауға, хакімді күллі әлемге танытуға күш салғаны өз алдына бір пара әңгіме. Оның ішінде Абай жерін атом аждаһасынан арашалап алуының өзі неге тұрады?

«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» деп дана ақынның өзі айтқандай, бүгінде сарабдал саясатымен әлемді мойындатқан Елбасының Абайға деген құрметі, ықылас-ілтипаты тіптен ерекше. Оған Ұлт Көшбасшысының әр жылдарда жарық көрген деректі туындыларындағы бірқатар тақырыптарға Абай сөзін тұздық етуі дәлел болса керек. Ал біздің айтарымыз біреу ғана. Абайдың Алаш баласына өсиет еткен «кемел адам» атты философиялық ұғымын Елбасының да мұрат тұтқаны һәм бойынан көрініс тапқаны - ақиқат...

          

            Нұржан БАЙТӨС,

            «Абай елі»

Заңғар жазушының туғанына 119 жыл

 

АБАЙДЫ ӘЛЕМГЕ АЛҒАШ ТАНЫТҚАН...

 

Қазақ елі патша үкіметінің үш ғасырлық отары болған кезінде де, Қазан төңкерісінен кейінгі кеңестік дәуірде де төрткүл дүниеге жете танылмаған еді. Қазақ деген ұлттың болмыс- тіршілігін, оның қандай халық екендігін, айтулы адамдарын, ақын-жырау, шешен билерін, салт-сана озық дәстүрлерін ғұлама жазушы М.Әуезов өзінің атақты эпопеясы «Абай жолы» арқылы  күллі әлемге танытты. Орыс, ағылшын, француз, неміс, Азия мен Африка елдерінің тіліне аударылған соң, бүкіл дүние қазақ халқы мен оның данышпан ойшыл, философ ақыны Абайдың кім екенін білді.

Ел аузындағы  «Абай десек, Мұхтар, Мұхтар десек Абай» дейтін сөз дәл айтылған. М.Әуезов осы Абай үшін отқа да, суға да түскен жазушы. Оның өзі де, Абай да ескішіл бай феодалдың тұқымы, алашшыл, ұлтшыл деп қудаланды. «Абай жолы» қазақша жазылып біткен соң, орыс тіліне, кешікпей одақтас республика халықтарының тілдеріне аударылды. Әсіресе, Евразия елдерінің тілдеріне аударылған соң «Абай жолы» бүкіл әлемге мәшһұр дүниеге айналды.

Кезінде Канаданың «Нозерн Нейборс» журналы: Қазақ дегеніміз қандай ержүрек, неткен кеңпейіл өнерлі халық. Бұл туралы бұрын соңды мардымды ештеңе білмегенбіз деп жазса, Камерун елінің жас жазушысы Бенжамин Матип: «Мен бұрын қазақ деген халықты естіп көрмеген едім. М.Әуезовтың ағылшын тіліндегі ғажайып кітабын оқып, Қазақтың кім екенін білдім. Мен қазақ халқының тамаша ақыны, ардагер адамы Абаймен таныстым» деді.

Француз дың белгілі «Юманите» газеті: «Абай арманға бөлейтін кітап», Абай – қазақтың «Илиадасы» деп бағалады. Орыстың атақты жазушылары, одақтас республикалардың белгілі дегдарлары да Мұхтардың ерекше талантынан туған ұлы туындыға тәнті болып, жер-көкке сыйғызбай мақтап, үздік бағаларын берді.

Әуезов әуелде ел аузынан жинап,  Нүрсейт қолжазбасын толықтырып, Абайдың өмірбаяны мен шығармашылығын ғылыми түрде зерттеп, оның толық жинағын бастырды. Осыдан соң ұлы ақын жөніндегі көркем шығарманы қолға алды.

  1942 жылы «Абай романы» жарық көрді. 1949 жыл оған Сталиндік сыйлық  берілсе, кейін «Абай жолы» эпопеясы үшін ол уақытта Нобель сыйлығынан бір  кем түспейтін Лениндік сыйлық берілді.

Алайда, осындай орасан зор құрмет  пен даңқтың  биік шыңына ол талай да талай, тар жол тайғақ кешулерді бастан кешіре отырып жетті, тауқыметті жолдарды жеңе білді. Оған шығармашылыққа бой  ұрып, өндіріп жазуға заманы мүмкіндік бермеді.

 Ресейдегі Қазан төңкерісінен кейінгі қызыл боп, ақ боп айқасқан азамат соғысы аяқталған соң кеңес үкіметі есін жиып, аяққа тұрды. Үстемдік алған соң ежелгі қарсыластарының артынан шам алып түсіп, шетінен «Халық жауы» атандырып жаппай жазалау науқанын бастады. Ұлт зиялыларын дарға асып, атып, ібір-сібірге жер аударып тұтқын лагерлеріне жүздеп, мыңдап малша айдады. Асыра сілтеу үстемдік алды.

Осы кезде тарих аренасына шыққанына үш - төрт ақ жыл болған «Алашорда» үкіметі де таратылып, шетінен ауыр жазаға тартылды. Сол «қара тізімге» нақақтан - нақақ  М.Әуезов те ілікті.

Оған саяси басқарманың тергеушілері, қазақ ұлтшылдарының астыртын ұйымына қатысушы, Орта Азиядағы бастамашылардың қозғалысына жетекшілік жасаған, кеңес өкіметін құлатуды мақсат еткен деп жалған айып тақты. Бұл бұл ма жүзге, руға, жікке бөлінгіш қазақтардың өзі, әсіресе әдеби шығармаларды талдауға өрелері жетпейтін іші тар, өздерінен асқанды көре алмайтын көптеген ақын-жазушылары Мұхтардың шығармаларын мансұқтанған мақаларды қарша боратып жазды. «Әуезов саясатта да, әдебиетте де буржуазияшыл, ұлтшыл, қазақ байларының идеологы», ол өзінің барлық шығармаларында қазақтың тіршілігін өткенді көксеген байдың көзқарасы арқылы баяндайды, қазақтың ескілігін-азаматшылығын жырлайды, қазақтың хандарын, аңызға айналған батырларын, «данышпан» билерін, ардагер ақсақалдарын және феодалдық сал-серілерді мадақтайды, мақтағанда да үнемі жағымды, бүгінгі күннің өзінде де оларды қадір тұтуға, үлгі етуге болатындай бейнеде «суреттейді» -деп кінәлады.

Колчактың тұсында, «Алаш орданың» шығыс бөлімінің белсенді кайраткерлерінің бірі ретінде Әуезов Колчакқа қарсы күрескен жоқ. Әуезов Колчакпен одақтаса отырып болшевиктерге, кеңес өкіметіне қарсы күресті деп пәле жапты. Жалған айып тақты. Осындай қаралаулардан кейін  М.Әуезов тұтқындалып 1930 жылы түрмеге қамалды.

Мұқтардың өзінің ерекше зейін, зердесінің үстіне алған білімі де келісті еді. Ол 1907 жылдан 1917 жылға дейін Семейде оқыды. Онда бес кластық орысша училищені, кейіннен семинарияны жақсы оқып бітірді. Ленинград университетінің филология мамандығын алды. Мұхтар арабша, қазақ пен орысша да жақсы жаза білетін. Осының арқасында түрмеде  отырып, «Қазақстан правдасы» мен «Социалистік Қазқстан» газеттері арқылы өзінің  «Жаңлыс қадам», «Қателіктерін» мойындап кешірім сұрап хат жазды.

Осы әрекетінің арқасында қазақтың бағына атылып кетуден аман қалды. Бірақ 64 жас ғұмырының 20 жылы аңдуда, қуғында өтті.

Оны 1953 жылы Республика Қауіпсіздік комитеті тағы да қайта тұтқындамақ болғанда жанашыр шәкірттері ретін тауып Москваға ұшырып жіберді. Сөйтіп қазақтың ғұлама жазушысын, Абайды әлемге алғаш танытушы ұлы адамды кезекті  кеңестік жазалаудан аман алып қалды.

Амал не, 1961 жылы Үлкен ғалым,  ерекше талант иесі, ғұлама академик дүниеден озды. Бірақ артына мәнгілік өлмес, өшпес мұра қалдырды. Абай мен Мұхтардан қалған бұл мұралар қазақ халкының мәңгілік сусындар руханияты. Бұл екі ұлы адамнан қалған мұралар  ешқашан маңызын жоғалтпайтьн ғажайып құндылықтар.

 

Марат ТҮҢЛІКБАЕВ,

Абай ауданының ардагерлер

кеңесінің төрағасы                                              

 

 

Тоғжан қайда жерленген...

            Республикалық «Абай» журналының 2008 жылғы №3 санында жарияланған Үржарлық тарихшы, мұғалім Рамазан Нүсіповтың «Сүйіндік қызы Тоғжан туралы ұрпақтарының мәліметтері» атты мақаласын оқып қайран қалғанбыз.

            Онда жас Абайдың алғашқы махаббатын оятқан Тоғжан сұлудың Көкпектілік Бодықбай атты азаматпен тұрмыс құрғандығы, кейіннен бастарына түскен бір қиын қыстау күндерде Қытай еліне еріксіз көшіп кеткендігі, сол жақта 91 жас жасап, Қытайдың Шыңжан автономиялық ауданының Шағантоғай аймағындағы «Сарыбөктер» деген жерге жерленгені жазылғанды.

            Міне қызық, 2014 жылы «Абай елі» және «Дидар» газеттерінен Абай ауданы, Тоқтамыс ауылының кәсіпкер азаматы Дәулет Мұқтаров, Аққозы қыстағы маңындағы қорымда жатқан Тоғжанның қабірін қоршап, басына құлыптас орнатқаны жөніндегі хабарды және оқыдық.

            Осыған наразы болған Рамазан Нүсіпов пен өзін Тоғжанның шөбересімін деп жүрген Кемелхан Нүсіпбеков аудан әкімдігіне хат жазып, «Мен Тоғжанның шөбересі» едім. Атым – Кемелхан Садуақасқызы Нүсіпбекова, жасым-80 де. Ана зиратқа жаңылыс жазылған белгінің күшін жойып, «Дидар» газеті бетінде жарияланған Бауыржан Мағзұмұлының «Тоғжанның бейітіне ескерткіш қойылды» деген мақаласын теріске шығарып, бізге жауабын беріңіздер. Сондай-ақ Аққозы-Мұқаң қойған Тоғжаның күйеуінің бүркеншік аты, - Абай Тоғжанның күйеуіне риза болып, «Аққозы» деген өлең шығарды. Тоғжан Найман ішіндегі тортуыл руынан шыққан Бодықбайға ұзатылып, екеуінен 4 ұл туды. Олар Жүніс, Сүлеймен, Мұстафа, Нұрсафа. Жүністен Садуақас, одан арғы әжесі туралы дерек беруші Кемелхан апа дейді олар.

            Өмір шындығымен сәйкеспейтін мұндай пікірлер аталған мақала мен хат та жетіп артылатындықтан оның бәрін тізіп айтудың қажеті болмас. Және оны бір мақаланың көлеміне сыйғызу да мүмкін емес.

            Біздің айтарымыз бірінші, «Аққозы – Мұқаң қойған Тоғжанның күйеуінің бүркеншік  аты емес». Екінші «Тоғжанның күйеуі Бодықбайға риза болып Абай  «Аққозы» деген өлең  шығарды» дегендері де қисынға келмейді. Мұндай өлеңді ертелі-кеш ешкім естімеген.

Ал Аққозыға келетін болсақ ол шынайы өмірде болған адам. М.Әуезовтың «Абай жолын да», «осы халдің үстіне енді тағы бір-екі күн өткенде бұл ауылдың жолаушы кеткен мырзасы – Аққозы қайтіп келді. Тоғжанның күйеуі осы еді» -  деп жазылған. Бұл көркемдік ойдан туған образ емес, нағыз шындық. Қазіргі Саржал ауылында ертеде Доғал есімді қайырымдылығымен аты шыққан бай болған. Осы Доғалдан – Найман, Найманнан тарайтын төрт ұлдың бірі Аққозы. Одан Ақылбай, одан Мақсұт, Мадат есімді екі ұл. Анар, Ажар деген қыздар тарайды.

            Абай ауданының Тоқтамыс ауылында «Аққозы» деген қыстақ әлі бар. Ол Қазір де бір шаруа қожалығының орталығы. Тоғжанның сүйегі осы қыстаудың алдындағы қорымға жерленген. Әуелде бейіті саманнан  қаланып, кейіннен құлап қалған екен. 2014 жылы жергілікті  кәсіпкер Дәулет Мұқтаров Тоғжанның қабірін  қоршап, басына құлыптас орнатты. Құлыптас та Тоғжан 1844 жылы туып, 1928 жылы қайтыс болғаны көрсетілген. Сонда Тоғжан Рамазан Нүсіпов айтқандай 91 жасқа келіп Қытай жерінде қайтыс болған жоқ. Өзінің ұзатылған жері Аққозы қыстағында 84 жасында дүниеден өткен.

            Иә, жас Абайдың Тоғжанға өлердей ғашық болғаны дәлелдеуді қажет етпейді. Алайда екеуінің қосылуы, үйленуі тіпті де мүмкін емес-ті. Екеуі де дүмді жерлерге, атақты адамдардың балаларымен, атастырылып қойылған. Шынжырдай берік байланған салт-дәстүрді бұзып жару екі жастың қолынан қайдан келсін.

            Жергілікті жұрт «Аққозы» қыстағының алдындағы қорымды ежелден «Тоғжанның басы» деп атайды.

            Ел тарихы мен шежіресін тірнектеп жинап, әрдайым жазып алып жүретін көкірегі алтын сандық қартымыз Бекен Исабаев, «Қызылту» совхозына (қазіргі Тоқтамыс ауылы) партия комитетінің хатшысы болып барғанымда сол кезде 80- ге келген Тұрғанбай деген ақсақал Тоғжанның Ақшоқы басындағы зиратына апарып көрсетіп еді деп еске алады.

Ертеректе «Социалистік мал шаруашылығы» (қазіргі «Абай елі») газетінің редакторы болған Ақбергенов Сәду деген ақсақал: «Шешем 1962 жылы қатты науқастанып жатып, мені Аққозыға апарып Тоғжан жеңгемнің қасына жерлеңдер» деп өсиет етіп еді. Аманатын орындадық» дегенін өз құлағымен естідім дейді Елубай деген қария.

 Аққозының жылқышысы болған Оспан Жолдаяқов пен бәйбішесі Толғанай да кезінде Аққозы мен Тоғжан жайында көп естеліктер айтқан.  Аққозы да арғы ата-бабалары сияқты елге қайырымды, мейірімді адам болыпты. Жылқышыларына 10 бие аман құлындаса біреуі сендердікі – дейді екен. Тоғжан да қолы ашық, қайырымы мол жан болыпты. Қаладан алғызған азық-түлік пен киім-кешекті малшы, жалшыларына әділ түрде бөліп береді екен. Бұл дәстүр бала-шағаларына да жұғысты болған. Осындай адами қасиеттері үшін 1928 жылғы ұлы кәлепеске де халық Аққозы әулетін қорғап, арашасы болған. Бірақ байларды кеңес үкіметінің жауы санаған қатал жүйе қойсынба, Аққозының баласы, қара шаңырақтың иесі Ақылбайдың малын тәркілеп, отбасын түгелдей Семейге, одан соң Оңтүстікке жер аударған. О жақ та да түрткілей берген соң қырғыз еліне Бішкекке барып жан сауғалайды.

Қазір де Аққозының бүкіл әулеті Қырзызстанда, Мадат Ақылбайұлы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика фаультетін бітірген соң «Қырғыстан комсомолы» газетінде кейіннен Қазақстаннның Республикалық газеттерінде, Алматы облыстық партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып қызмет жасаған. Ол алты-жеті жылда бір рет қасиетті атамекені «Аққозыға» келіп арғы ата-бабаларының рухына құран бағыштап тәу етіп қайтып жүрді. Қазір де өмірде жоқ, қайтыс болған.

«Бай, феодалдың тұқымысыңдар» деп ұдайы қудалай берген соң әке-шешелеріміз өздерінің ата-бабаларының аты –жөндерін бізге де айтпай жасырын ұстайтын - дейді Мадат Аққозин. Бірақ, ол өзінің артына қалдырған «Вернуть из забвения» деген кітабында едәуір деректер береді. Осы кітаптан талай дерек алуға болады.

Өзін Тоғжанның шөбересімін дейтін Кемелхан Нүсіпбекованың хатына біздің берер тоқетер жауабымыз осы. Бәлкім Кемелхан кейуана басқа бір Тоғжанмен шатастырып отырған жоқ па? Қазақта Сүйіндік есімді ерлер, Тоғжан есімді қыздар аз ба?

Сондай-ақ Аққозының жерлесі Мүбарак Мұхтаровтың 2015 жылы «Абай» журналының №2 санында жарияланған «Сүйіндік қызы Тоғжан туралы не білеміз» атты мақаласын оқуды ұсынамыз. Сонда шындықтың, әділеттің қай жақта екендігіне толықтай көз жеткізуге болады. Рамазан Нүсіповтың аталған мақаласын әбден зерттеп алмай «Абай журналы» бекер жариялаған.

 

Манатай ТОЛҒАНБАЕВ,

Байбота ОРЫНБАЕВ,

Марат ТҮҢЛІКБАЕВ,

Абай аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері,

Ауданның «құрметті азаматтары»

Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл

Тың дерек

 

         Үстіміздегі жылдың тамыз айының басында аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлы Мүсәпірбеков маған телефон шалып:

-Малғаждар , ауданымыздың Саржал ауылында тұратын бір азаматша келіп отыр.Әйгілі Әлихан Бөкейхановтың немересі екен.Сен соны білесіңбе ? – деп сұрақ қойды .

Мен ол жөнінен білмейтінімді айтып ақталдым.

-Ендеше, мен бұл мәселені аудандық қоғамдық  кеңестің төрағасы Төлеубек Аманғазыға тапсырдым, ол жөнінде «Абай елі » газетіне көлемді мақала ұйымдастыр және сол кісіге жолық ! - деп түйіндеді.

         Мен бірден  аудан әкімшілігіне бардым. Төлеубек Аманғазыда қара торы , әкім айтқан азаматша отыр екен.

         Есімі Мұқанова Айсұлу Жәңгірқызы ,Саржал орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі екен. Мен ол кісіге өзінің Әлихан Бөкейхановқа туыстығы жөнінде дәлелдеп жазып беруді және болса, фотосуреттер жіберуді сұрадым.

         Тамыз айының соңына қарай Айсұлу өзі барып түсіріп әкелген фотосуреттер мен жазбаша алаш арысымен туыстығы жөніндегі материаладарды жіберді.

         Үстіміздегі жылы ЮНЕСКО көлемінде Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл толуы мерекеленіп отырғандықтан бізге келген  бұл матералдардың құндылығы ерекше болды.

         Айсұлу берген   шежіреде Бөкейхан , Батыр , Мырзатай , Нұрмұхамед, Боранхан деген адамдар тарайды.Ал Нұрмұхамедпен Бегім ханымнан Әлихан, Смахан ,Әзіхан, Тәттіхан , Базылхан , Нұрбек тарайды . Смаханнан Жәңгір , ал Жәңгірден  Айсұлу біздің басты кейіпкеріміз туған .

         Әлихан Бөкейханов репресияға ұшырағаннан кейін Нұрмұхамедтің балалары Мұқановтар болып жазылған.Өйткені Нұрмұхамед төре ел ішінде  Мұқан төре деп атанған.

         Мен Айсұлудың Әлихан Бөкейхановтар әулетіне жақын туыстығы жөнінде белгілі жазушы Тұрсын Жұртбайға  телефон шалдым.

-Абайда Айсұлу Жәңгірқызы  деген Бөкейханговтың ұрпағы тұрады. Сол распа ? – деп сұрауыма тура келді.Тұрсын Жұртбай сәл ойланып :

-Малғаждар , сен танымал алаштанушы Сұлтанхан Аққұлыұлына хабарласшы, Бөкейхановтар жөнінен зерттеп жүр, - деп ұялы телефонын номерін берді .Мен ойланбастан Сұлтанхан Аққұлыұлына хабарластым.Ол кісі менің айтқандарымды мұқият тыңдап алып:

-Айсәуле Жәңгірдің қарындасы , демек  сен айтып отырған Айсұлу Жәңгірқызы Бөкейхановтың немере қарындасы болып келеді.Мен сенің айқандарымен толық келісемін , ешқандай тарихи қателік жоқ жаза бер , - деп сөзін түйіндеді .Мен ол кісінің  сөзін картбланш ретінде қабылдадым.

Әкелері Смахан НКВД- ның жан алғыштарынан бас сауғалап жүріп , бүкіл әулеттіалып қалу үшін туған – туыстарының құжаттарын Бөкейхановтан Мұқановқа өзгертуге мәжбүр болған.

- «Бұл деректерді мен әкемнің Балқаш қаласында тұратын қарындасы Айсәуледен естідім , ол кісі қазір тірі . Сондай – ақ әкемнің інісі Балабаршын деген адамда тірі», - дейді Айсұлу Жәңгірқызы.

         Бір кереметі , осы Балабаршын Әлихан Бөкейханов ақталғаннан кейін өзінің ата тегін қайтадан Бөкейханов деп өзгерткен көрінеді .

         Алаштың бір туар ұлы Әлихан Бөкейханов  Айсұлу Жәңгірқызының  әкесінің акесі Смаханның туған  ағасы , ал өз әкесі Жәңгір осы Смаханның баласы .Көп жылдар Әлихан ақталғанша қуғындауда жүрген. Әкесі ұзақ жылдар Жамбыл облысының  Красногорскі ауданында мектеп директоры болған . Ұлы Отан соғысна қатысып,кантузияға ұшыраған.1978 жылы 10мамырда өзінің туған жері Тоқырауын тауының етегінде өмірден өтті.

         Айсұлу 2015 жылы шілде айында жұбайы Бейсенғазы Омаровпен әкелерінің басына барып , хатым түсіріп , құран бағыштап қайтқан көрінеді . Осы сапарында Әлиханның құлақшыны жерленген құлпытасқа тағзым етіпті. Ол тасқа сол кезде Айсұлудың атасы Смахан мынадай өлең жолдарын қашатып жазған көрінеді .

«Қыр баласы ,

Ел ағасы ,

 Қазақтың болған панасы

Ұмыта ма  Әлиханды

Қазақтың қара баласы ? »

         Осы өлең  үшін бүкіл әулет қудаланады деп , Смаханның  туыстары тастағы жазуды өшіртіп тастаған көрінеді

         Биылғы жылдың 3 наурыз күні Астана қаласында Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл толуына орай өткен республикалық конференцияға «Ақжол» партиясының жетекшісі Азат Перуашовтың арнайы шақыруымен  Ә.Бөкейхановтың ұрпағы ретінде Айсұлу Жәңгірқызыда қатысып қайтыпты .

         Айсұлу Жәңгірқызы « Әлихан Бөкейханоывтың өмірі және шығармашылығы» тақырыбында оқушыларға ғылыми жұмыс жаздыртқан , оны 1912 жылы «ХХІ ғасырдағы гуманитарлық білім және халықтың руханимұрасы » атты қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетінде өткен ғылыми конференцияда қорғаған, арнайы кітапқа шыққан .

         Соның нәтижесінде Айсұлу Жәңгірқызының оқушысына, өзіне, мектепке университет ректоры Ш.Құрманбаеваның грамотасы мен алғыс хаты табыс етілді.

         Сондай – ақ Айсұлу Жәңгірқызы осы тақырып көлемінде 2014 жылы Шәкәрім университетінде курстық жұмыс тапсырып , Әлиханнын ұрпағы екенін дәлелдеп шыққан.

         Айсұлу Жәңгірқызы Москва қаласына арнайы барып , Бутыркада азапталып, атылған Ә.Бөкейхановтың өлген жерін арнайы суретке түсіріпті , ол жерде Әлихан Бөкейханов қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақовпен бір күнде атылыпты. Онда мынадай өлең жолдары жазылыпты:

Ей , тәкаппар дүние!

Мағанда бір қарашы,

Танисыңба сен мені ,

Мен – қазақтың баласы.

Сондай – ақ Айсұлу Жәңгірқызы Әлихан Бөкейхановтың дүниеге келген жері Қарағанды облысы  Ақтоғай ауданында болып , құран бағыштапты . Туған жеріне  Ә.Бөкейхановқа арнайы  тастан естелікке тақта орналыпты , онда былай жазылған :

«Осы жерде «Алаш орда » үкіметінің төрағасы , ұлт жанашыры Әлихан Нұрмахамедұлы Бөкейхан 5.03.1866 жылы дүниеге келген »

АйсұлуЖәңгірқызыМұқанова , негізіНұрмұхамедтегіболыпжазылуыкерекеді.Алайда , тағдырдыңтәлкегіменМұқановаболыпкеткен .

СоғанқарамастанАйсұлуЖәңгірқызыҚарағандыоблысыныңАқтоғайауданындағыБөкейхановтаржерленгенжерге де арнайыбарыпқайтқан. Ә.Бөкейхановтарәулетініңмүрделеріжатқанжерді «талдыбейіт» дейтінкөрінеді,кезіндеӘлиханБөкейхановосы әулеттіңзираттарынкөгалдандырмақболып , Бразилияданәкеп тал еккен,бастапқыдабұлжер «Талдыбейіт»депаталса, кейін ел арасында «Әлихан» депайтылатынкөрінеді.

         Айсұлудыңжолдасы Омаров Бейсенғазыдатөретұқымынан .Олар  3 бала тәрбиелепөсірген . Үлкенұлы Дархан Семей қаласындаішкіістерорганындақызметатқарады. ОртаншыұлыДастанСемейдіңпединститутынбітірген ,қазірзаманталабынасайкәсіпкерлікпенайналысады, кенжелеріМөлдір.

АйсұлудыңанасыбелгіліқоғамқайраткеріШаймарданТоқжігітовтыңжақынтуысыболыпкеледі. КезіндемектепкеШ.Тоқжігітовжөніндежиналғанфотосуреттерді осы кісібергенкөрінеді.

МақаламыздыңкейіпкеріӘлиханБөкейхановтыңнемереқарындасыАйсұлуЖәңгірқызыШ.Тоқжігітоватындағы орта мектептіңозатұстазы . Ұлынұлықтаған, қызынқызықтаған, Қадария мен Балқиядайата – ененімәпелепотырғанаяулыжан.

БүгіндеалашарысыӘлиханБөкейхановтыңнемереқарындасыАйсұлуЖәңгірқызыатасытуралытыңдеректержинауменжанталасуда.

         Сондықтан, бізде Абай ауданы Саржал ауылында тұратын текті атаның ұрпағын қалың елмен таныстырмақ болдық.

 

 

Малғаждар Жүнісжанов

Семейдің облыстық тарихи – өлкетану

 музейінің Қарауыл ауылындағы филиал меңгерушісі

ЖЫР ДҮЛДҮЛІ ЖӘНІБЕК

Өнерпазды еске алу

ЖЫР ДҮЛДҮЛІ ЖӘНІБЕК

 

Қараша айының 25 күні Қасқабұлақ ауылында қазақтың біртуар перзенті, дәстүрлі ән өнерінің саңлағы, сазгер, өнер зерттеушісі, ҚР еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жәнібек Кәрменовты еске алуға арналған елеулі шара болып өтті. Жыр дүлдүлі Жәнібек Кәрменов есімімен аталатын саз мектебінің Қасқабұлақ ауылдық саз филиалының ұйымдастыруымен өткен әсерлі кеш әуелі дәстүрлі ән өнерін насихаттау мақсатындағы «Қалыпты дәстүр, үлгілі үрдіс жалғасы» атты семинар сабақпен шымылдық түрді.

Әсіресе жас буын игілігі үшін дәстүрлі ән өнерін насихатшысы болып келе жатқан бұл білім ордасының ауданымыздағы өнер мектептері арасында алар орны орасан. Бүгінде аталмыш оқу орынының тек аудан орталығында ғана емес, Қасқабұлақ, Құндызды және Саржал ауылдарында филиалдары бар, қанатын кеңге жайған үлкен қара шаңыраққа айналған. Сондай-ақ дәстүрлі ән өнерін насихаттауда нағыз талантты ұстаздар қатары да осы білім ошағында жұмыс жасауда. Солардың бірқатары аталмыш семинарда әр тақырыпты қамтыған сабақтарын жүргізіп, дәстүрлі өнерді оқыту тәсілі мен шеберліктерін паш етті. Қасқабұлақ саз филиалының оқытушысы Қабланов Қанат «Қазақ халқының ән өнері» атты тақырыбында ашық сабағын жүргізсе, Саржал саз филиалының ұстазы Әліпбаев Жұмабек «Арқаның әншілік мектебі» оның ішінде Біржанның әні «Жанботаны» өзінің сабағына арқау етіп, тақырыбын сан қырынан аша білді. Ауданымызға келгеніне көп болмаса да Мұхит мектебін насихаттап жүрген саз мектебінің оқытушысы Мыңбаева Ақмаралдың семинар сабақтағы тақырыбы «Батыстың әншілік мектебі» жайында болды. Арқаның мектебіне бейім шәкірттерді батыстың мақамымен тәрбиелей отырып, ән үйретудің өзіндік ерекшеліктерімен ортақтастырған оқытушының шеберлігіне семинарға қатысушы ұстаздар да жоғары баға беріп жатты.

Осыдан соң келген қонақтар мектептің акт залында ұйымдастырылған «Ән аманат»кешіне жиылды. Бұл әсерлі кешті дәстүрлі әнші Амангелді Жікенов жүргізіп, өзіне аманаттап қалдырып кеткен кешегі көзін көрген, сырлас болған Шәкір Әбеновтың әндеріндегі әуезділікті, Көкбай Жанатайұлының әндерінде ұшырасатын ұқсастықтарды зерделей отырып, әр әннің ара-жігін аша келе, үлкен тағылымдық рухани аса бай дүние тарту етті. Кеш барысында Шәкір ақынның «Кәрілік» әнін бірде баянмен сүйемелдеп классика жанрында орындаса, енді бірде қара домбырасын күйлеп, дәстүрлі ән мақамымен шырқап берді. Сондай-ақ «Әнші моласы», «Жастық шақ» әндерін де сөзіне астар ете отырып, асқақ үнмен әуелете салып, кеш шырайын аша түсті. Танымдық сипаты басым осынау кешке арнайы шақырылған Семейдегі Абай мұражайы өкілдеріне Амангелді ағамыз жәдігер қорларын толықтыру мақсатында үнтаспа тарту етті.

Кешке арнайы келген Жәнібек Кәрменовтың апайы Құрышева Рымғайша апай, сыныптас достары ақын Төлеген Жанғалиев, әнші Баян Сағымбаева,қызметтес болған әріптестері, әншінің көзін көрген ауылдың қариялары Әбдеш Имаханов бастаған ақсақалдар қауымы шараға қатысып, ән өнері төңірегіндегі өзіндік ойларымен бөлісіп, талай жылғы арқалап жүрген аманатын орындаған Амангелді Жікеновке ризашылықтарын жеткізді.

Кеш барысында Жәнібек Кәрменовтың апайы Рымғайша Құрышеваны сөзге тартып, естеліктерінен сыр алысқан едік. Жәнібек жайлы сөз қозғағанда жанарына еріксіз жас алған апайы бауырының ғұмырының қысқалығына қынжылыс білдіріп, халқына берері көп азаматтың бірі болғандығын жеткізді.

– «Атадан алтау, анадан төртеу, жалғыздық көрер жерім жоқ»,- деп Абай атамыз өзінің екі анадан тарағандығын жеткізсе, біз де дәл осылай өрбіген отбасымыз. Жәнібекпен біздің әкеміз бөлек болғанымен, бір құрсақтан шыққан туыспыз. Жәнібек өмірінің соңғы жылдарындаауылға жиі ат басын бұрып, ата-бабаларының басына барып, Құран оқытып жүрді. Сол кезде бізбен де қоштасып жүрген екен. Бұлай тым ерте кетерін кім білген? Сол жылдары шеттен көп ірі-ірі тұлғалы азаматтар келіп, ауданымызға қонақ болып жатқанда Жәкеңнің бір өзі дамыл таппастан Абайдың жиырма өлеңін шырқап бергені әлі құлағымнан кетпейді. Дауысы қандай еді, шіркін?!.Бала кезінде өте зерек, талапшыл болатын. Өз қатарларынан оқ бойы озық тұратын. Бес жасынан шыбықты домбыра етіп, халық әндерінің қалпын бұзбай шырқайтын еді. 1958-1959 жылдары сахнаға шыға бастады. Кейбір деректерде Жәнібектің туылған жері бұрмаланып қате көрсетіліп жүр. негізі Қаражартаста дүние есігін ашқан болатын,-дейді апайы Рымғайша Құрышева.

Кеш соңынан жиылған қауым мектеп асханасында берілген Жәнібек Кәрменовты еске алуға арналған қатымға қатысып, қол жайып, талантты тұлға жайындағы ескірмес естеліктерімен ортақтасып, сыр бөлісті.

Көзден кетсе де, көңілден кетпейтін, болмысынан бір мін таппайтын бауырмал туыс, сыйлас дос жайында ақтарылған жылы естеліктерін жеткізді.

Түстен кейін ауылдық мәдениет үйінде оқушылар арасында «Өмірін өнерімен өрнектеген» атты аудандық дәстүрлі ән байқауы өз жүйріктерін анықтады. Жәнібектің ізін жалғастырушы жас таланттар да өсіп келе жатқандығын жыр додасынан байқадық. Қатысушыларүш кезең бойынша сайысып, ең әуелі халық әндерін, халық композиторларының әндерін және Жәнібек Кәрменовтың әндерін шырқап, сахна төрін күйлі әуендермен көмкере білді. Кешті алғысөзімен ашып берген Зәматай аға Жәнібектің тұлғалы қасиетін сөз етіп, кешегі арамыздан кеткен абзал азаматтың есімін өшірмей, ұлықтау мақсатында еске алу кештерін қолға алуды мақсат тұтқандарын жасырмады. Осынау ойдың аясында ең бірінші облысқа, елімізге танымал жерлесіміз, Алаштан ән оздырған Жәнібек Кәрменовтей өнер саңлағынан бастау орынды деп ұйғара келе, өткізіп отырған шара жалғасы мұнымен шектелмейтінін де айтып өтті. Әрине, өмірден ерте кеткенімен кейінгіге сарқылмасмол мұра қалдырған қасиетті өлкенің талантты тұлғалары баршылық. Бұл бастамашыл істері халықтың да қолдауына ие болғанын жаны жомарт демушілер мен кешке жиылған қауымның қарасынан да аңдадық. Осынау кеште жомарттық танытып, демеушілік білдірген азаматтарға алғыстар айтылып, ескерткіш сый ретінде Жәнібек Кәрменовтың портреттері қойылған картиналар табысталды.

Жәнібектің де Абай еліндегі өнер саласына қосып кеткен үлесі қомақты.Кезінде клуб меңгерушісі қызметтерін атқара жүріп, халықтың көңілін бір серпілтіп, кеш барысында жырларын төгілтіп тастайтын қасиетін ауылдастары да жиі еске алады. Слайд арқылы Жәнібек жайлы жылы естеліктер, ескі фотосуреттер тамашаланып, көпшілік көңілдеріндегі сағыныштарын бір басқандай болды.

-1992 жылы аяқастынан Жәнібектен айырылып қалғанымызды естіп, жанарға жас іркіліп, түнімен ұйықтай алмай, ертеңінде Алматыға жол тартып, ақтық сапарға шығарып салған едік. Қазір сіздерге үлкен тұлға болып көрініп тұрған азамат, қыршыннан қиылған сол бір кезде небәрі 43 жаста ғана еді. Кішкентайымнан Ақтоғайда бірге өскен досымның қабірінің басына Абай атасының басынан алған бір уыс топырақты, аяқ жағына Ақтоғайдың басынан алған уыс топырақты салып, қаралы Қарауыл халқының көңілін жеткізіп қайтқан болатынмын. Сонда иін тірескен халық менің сөзіме емес, туып өскен жерінен жеткен бір уыс топырақты көріп, көздеріне ыстық жас алды. Сол кезде күллі Алаш аспаны күңіреніп тұрғандай еді,- дейді Жәнібектің ақырғы сапары жайында сөз қозғаған досы, ақиық ақын Төлеген Жанғалиев. Сан қырлы қасиеті бар досының ақындық, жазушылық қырына тоқталған ақын ағамыз оның сөз саптауындағы, ұйқас қолдануындағы ерекшеліктерін де сөз етті. Шарада сондай-ақ ыстық естеліктерімен бөліскен, бала кезінен бірге өскен досы Махмутбай Санбаев Жәнібектің шешендік сөздеріне тоқталды.Сөз, өнер, махаббат, адамгершілік жайлы жазылған нақыл сөздерінде үлкен философиялық ой жатқандығын айтады. Ол сол кездің өзінде ұлт жайында өзекті тақырыпты қозғап, жікшілдік туралы «Сол дерттен ел өлсе, кейінгі ұрпақ не болады» деп күйінгендігінен-ақ үлкен ой түюімізге болады»,-дейді досы М.Санбаев.

Осылайша Жәнібек жайлы жарқын естеліктерге толы бірінші бөлім саз мектебінің ұстазы Әлімбай Жұмабектің орындауында «Әнің қайда, Жәнібек» атты тамаша әнмен қорытындыланып,екінші бөлім жыр додасының бәсекесіне берілді.

Жәнібек өзінің сөзіне ән жазып, тыңдарман жүрегін еліте білетін тамаша сазгер де еді. Алайда, қысқа ғұмыры талантын толықтай тануға мүмкіндік бермеді. Десе де артындағы өнерін насихаттаушы, жолын жалғастырушы ұрпағы барда Жәнібек есімі әсте өшпек емес. Осынау кеште саз мектебінің оқытушысы Ораз Сыздықовтың Жәнібек Кәрменовтың сөзіне жазылған «Арызың бар ма тағдырға» атты жаңа әнінің тұсауы кесіліп, тыңдармандары арасында ерекше ықыласқа бөленді. Жәнібектің туған апайы Рымғайша Құрышева ұйымдастырушыларға үлкен алғысын жеткізе келе, Жәнібектей бауырының атына өткізіліп жатқан үлкен шараға қолғабыс еткен ауыл азаматтарына зор ризашылығын жаудырды. Көзіне жас алған ақ жаулықты ана қимас бауырының айтылмай кеткен, жазылмай кеткен жырларын қайта жаңғыртып жүрген ұрпағына ерекше ықыласын жеткізе келе, Ораз Сыздықовтың иығына шапан жауып, құрметке бөледі.

Байқауға қатысқан сайыскерлер Алтынбекұлы Бекнұр, Жетпісбаев Мәди, Сәметова Хамида, Амангелдин Ерсін, Саржал саз филиалының оқушысы Қапан Есбол, Қасқабұлақ саз филиалының оқушылары Әбілқасымова Ұлжан, Әділбекова Жанерке, Доғалбеков Темірлан 3 кезең бойынша бақтарын сынап, үздіктерін сараптады. Байқау қорытындысы бойынша І орынды Қапан Есбол жеңіп алса, ІІ орынды Әбілқасымова Ұлжан, ІІІ орынды Әділбекова Жанерке иеленді. Қалған қатысушылар арнайы ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Бұл өнерпаз өрендеріміз үшін үлкен байқаудың алды деп білеміз.

Өмірін өнерімен өрнектеген, дәстүрлі әннің дүлдүлі Жәнібек Кәрменовты еске алуға арналған кеш бір мезеттік болса да, жан дүниесі мөлдір, қарапайым, мейірімді, бауырмал тұлғаның есімін артында қалған елі ешқашан ұмытпақ емес.

 

Тоғжан РАХЫМБЕКҚЫЗЫ,

«Абай елі»

Халиолла Құнанбайұлының қайда жерленді?

Өткенде «Дидар» газетінде «Шыңғыстаудың тарихи орындарын аралап қайтты» деген мақала жарияланған болатын. Мақалада Халиолла Құнанабайұлы зираты жөнінде көнекөз қарияларымыз бен кейбір абайтанушылар Халиолла Жидебайда, Ақшоқыда жерленген деген әртүрлі пікірлер айтып жүргендігін жазған болатынбыз.

Халиолла жөнінде дерек аз болғандықтан, оның жерленген жері жөнінде Қазақ Ұлттық Университетінің ректоры Ерлан Сыдықовқа, «Отырар» кітапханасының директоры, профессор Тұрсын Жұртбайға, Абай қорық-мұражайынның директоры, ғылым кандидаты Жандос Әубәкіровке хабарласуға тура келді.

Бірнеше күннен кейін Жандос Әубәкіров Абайдың жақын туыстарының бірі Мінаш Архамқызы Ысқақованың «Ұлы Абайға адалдық» атты кітаптың Архам Ысқақовтың 122 беттегі естелігін көшіріп мұражайға жіберді. Онда былай жазылған: «Халиолла Омбыда бір жыл қызмет етіп тұрып, ақыры сол қайғыдан жүдеп, науқасқа шалдығып, қайтыс болады. Құнанабай кісі жіберіп Халиолланың сүйегін алғызып, Шыңғыс тауындағы қыстау «Сарқатын» деген жерге қояды».

Біздің көшбастаушымыз Серікқкзы Шабданов сол «Сарқатын» деген жердің етегінде, Күнкенің зиратынан 200 метрдей ал Айқыздың зираты мен қора-жайынан 500 метрдей жерде орналасқан зиратты көрсеткен болатын. Басқа зираттарға қарағанда оның биіктігі аласалау келген, еніде кішкене екен, жастау адамға арналған сияқты болып көрінді.

«Мен Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиевпен көп араладым, ол кісі шешесі Күнкеге келіп, құран бағыштап отыратын, содан ол кісі маған Күнкенің бейітінен 200 қадамдай таудың етегіне қарай орналасқан осы зират Халиолланыкі деп көрсеткен»- дейді шешірелі қария Серікқазы Шабданов.

Демек, Шыңғыстаудың ішінде С.Шабданов көрсеткен «Сарқатын» деген жердегі Халиолланың зираты шындыққа жанасады деп ойлаймыз.

Малгаждар ЖҮНІСЖАНОВ

Семейдің облыстық тарихи-өлкетану

мұражайының филиал меңгерушісі.

Абай ауданы.

 

Page 2 of 4

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!