«Ырысай» көлі – ырыстың көзі.

         Әкем жарықтық жер тарихын, ел тарихын бір кісідей білетін жан еді. Сол кісі Қарауыл ауылынан Семей қаласына тура тартатын қасқа жолдың «Арқалық» кезеңіне жете бергендегі сол жақ бүйірінде қалатын шағын көлді «Ырысай» көлі дейтін. Айтуынша бұл жерді ертеректе әйгілі Тобықты-Ырғызбай әулетінің «Мырзатайдан» тарайтын бір жұрты мекен етіпті. Әулеттің үлкені де, ірісі де Ырысай деген кісі болыпты. Адамның ала жібін аттамайтын адалдығына, шыншылдығына риза болған Құнекеңнің өзі оған жері құнарлы, бұлақ көзі мол, әрі ащылы-тұщылы суы бар көлдің маңайын беріпті. Көлдің «Ырысай» аталуы да сондықтан. Құдайдың құдіреттілігін қараңыз. Осы көлге сонау аштық жылдары ғайыптан қара балықтар пайда болып, Шыңғыстаудың бауырынан Қара Ертіске қаптап шұбырған қалың ашарықтар балықты аша, айырмен аулап, осы жерде жан сақтап қалыпты.

         Сол «Ырысай» әлі бар.  Күні кешеге дейін бұл көлге бұрылып қараған адам да болмады. Қатты ыстықта қаққа айналып, қарлы көктемде қайта  толығып отырады. Көлдің тәп-тәуір көзінің бар екенін де ешкім білген емес.

         Былтырдан бері «Ырысай» көлінің атағы тағы да «дүр» ете түсті. Жақсылық та, жаманшылық та жата ма?«Бәтір-ау, «Ырысай» көліне балық бітіпті, ең кішкентайы – білектей, ең үлкені – құлаштай екен» деген алып қашты сөздер желдей есті.

         «Өзен, көлдері жаз ортасында тартылып, арнасы ырсиып ашылып қалатын Абай ауданында қайдағы балық, сендер де айтады екенсіңдер» деп сенбегендер де табылып жатты.

         Шыны керек, біз де аң-таң болдық. Мен баяғыда әкем айтатын қара балықтар қайта пайда болған шығар деп ойлағанмын да қойғанмын. Бір күні балам үйге «Сазан» аталатын ақ балықтың бірнешеуін алып келді. Сіздерге өтірік, маған шын, ұзындығы – білектей. « «Ырысай» көлінен қармақ салып аулап алдық» дейді балам күліп. Қуырып, дәмін таттық. Тіл үйіреді. Тойларда өзіміз құмарланып жеп жүрген балықтардың әкесіндей.

         Істің ізіне түстік. «Бақсақ, бақа екен» дегендей, көлдің иесі табылыпты. Ол өзіміздің елдің азаматы, көп жылдары аудан шаруашылықтарын басқарып, білікті басшы, білімді маман атанған Жансап Сәдібек екен. Телефон шалып, тауып алдық. Бізді көл басына қонаққа шақырды. Ауыл ақсақалдары: Манатай Толғанбаев, Боташ Орынбаев, Кемтан Оспанов, Серікхан Әбеуовтер бас қосқан шағын отырыста көп нәрсенің басы ашылып, бағыт, бағдары айқындала бастады.

- Осы көлге сонау кеңестік үкімет кезінде, дәлірек айтсақ, 1987 жылдан бастап көзім түсіп жүретін еді,-деп бастады сөзін көл иесі Жансап Сәдібек. Ол кезде Мұхтар Әуезов атындағы совхоздың мал маманы болатынмын. Көлдің маңайынан әрі өтіп, бері өтіп жүргенде «шіркін, осы көлге балық өсірсе» деген балаң ойдың қылаң бергені де рас. Бірақ ол кез – «кісідегінің кілті - аспанда», «қолда бардың қоғам игілігінде» тұрған шағы қой. Ой мен қиялың қайдан жүзеге ассын. Армандағанмын да қойғанмын.

Осыдан төрт-бес жыл бұрын, сол арманға қайта оралдым. Егемен ел болдық, еркіндік бар, еңбек етемін, табыс  табамын деген адамға ай жарығындай ақжарылқап заман туды. Елбасымыз екі күннің бірінде кәсіпкерлікті дамыту жөнінде жалықпай айтып жатады. Қой, мен де талап пен жігерді қолға алайын деп осы көтерілмей жатқан тың сияқты тәуекелдің шаруасына қойып кеттім. Алдымен көлдің айналасындағы жерді жалға сатып алдым. «Көл қамыссыз болмайды, қамысты көл балықсыз болмайды» демекші, сонау «Озеркадан» қамыс тасып, жалаңаш жатқан көлдің жағасына ектік. Қыста қар тоқтаттық. Балық жейтін әртүрлі минералды тыңайтқыщтарды көл бетіне шаштық.

Мамандардың ұсынысымен «Карась» деген балықтың уылдырығын сатып алып суға жібердік.  «Карась» (қазақшасы «Мөңке») азулы балық, ол көл түбін кем дегенде жарты метр қазып ұйықтайды екен.  Бір жылда көлдің көзі ашылып, су деңгейі көтеріле бастады. Келесі жылында Күршім ауданынан алты жүз мың «Карп» деген балықтың уылдырығын тірідей әкеліп шаштық. Бұл кәдімгі «Сазанның» бір түрі. «Сазанды» – арқар десек, «Карп» - қой. Өте өсімтал жәндік.

- Байқайсыздар ма?,- деді Жансап біздің назарымызды айнадай жарқырап жатқан көл жағасына аударып, ендігі қауіп – қамыс көбейіп барады. Оны тез арада азайтпаса, көлдің тынысы тарылады. Тыныс тарылса, балық та, суда жоқ. Сол үшін биыл күзде көлге «Белый амур» (қазақшасы «Ақ амур») деген балық жібереміз. Оның қорегі – қамыс.

Шыны керек, біз бір кездегі Жансапты танымай қалдық. Қасымызда зоотехник Сәдібек емес,  ихтиолог отырғандай көрінді. 

Әңгімеге араластық.

Барған қонақтардың бәрі бірінен соң бірі іліп әкетіп, сұрақты төтелетіп жатыр.

- Бауырым – ау, осының бәрін осыншама уақыт бойы жарылып кетпей ішіңе қалай сыйдырғансың. Аудан халқы еттен басқа ештеңе жемейді. Мына балығыңды неге әкеліп сатпайсың?,- деп кешегі кеңес тұсында ауданды басқарған Боташ Орынбаев ағасы сұрақты төтесінен қойды.

- Кедергі болмаса, етек, жеңіміздің кеңейіп, құлашымыздың ұзарып кететін түрі бар,- деді Жансап әңгімесін әрі қарай жалғап. Көл басыбайлы біздікі болмай тұр. Жердің иесі болсақ та, судың иесі біз емеспіз. Демек, судағы балық та, өзіміз өсіргенмен  өзгенікі. Толық құқымыз жоқ. Сондықтан да болар, қаладан, даладан келген «браконьерлер» күндіз, түні тор құрып, иесіз балықты қаптап алып кетіп жатыр. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожан жоқ». Барсақ, құжат сұрайды. Ол бізде әзірше жоқ. Облыстық, республикалық ауыл шаруашылық басқармаларына, тіпті, Министрлікке бірнеше рет хат жолдадық, жауапсыз қалды.  Бұл мәселемен аудан басшылары да толық хабардар. Олар да «көмектеспеймін» деп отырған жоқ. Шамалары жетпей жатыр. Қазақшалап айтқанда, көл суының нақты қожайынына айналуымыз қажет. Жазығымыз – біз бір кезде қаққа айналып, құрып бара жатқан көлдің көзін аштық, табыс көзін таптық, амал не, қайран еңбек адыра қалатын түрі бар.

Ботекең жылдам адам ғой, «лып» етіп сөзге араласып: Ой, ондай бөгет болмайды, аудан ардагерлері атынан тікелей Елбасына шығамыз, ол кісінің өзі туған жерді түлетіңдер, өзен, көлдерін қорғаңдар деп жатқанда қол қусырып отырғанымыз ұят емес пе?-деп қалды. Оны әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің бауырында өсіп, білім алған, Тобықты-Ырғызбай әулетінің, оның ішінде осы  Ырысай бабамыздың тікелей ұрпағы – Манатай Толғанбаев та қолпаштап қойды.

Осы уақытқа дейін көлді көтеруге Жансап үш-төрт миллиондай ақшасын жұмсапты.

Аз қаражат емес. Сол қайран еңбек қолдау тауып, қолғабыстық көрмесе, желге ұшып кететін түрі бар.

Көлдің дәл қазіргі аумағы да үлкен. Ұзындығы мен ені бірдей екі-үш шақырым. Соған орай балығы да баршылық. Жансаптың шамалауынша, 100-150 тоннаға жетеді. Қайта биылғы қыста «Карасьті» түп – тұқиянымен құртып алыпты. Мұз қалыңдап, қолмен оюға келмей тұншығып өліпті. 

Кедергінің басы – жердікі сияқты, көлге де тендер өткізу керек. Ал, оны өткізуге не ауданда, не Семей қаласында арнайы шарт – құжат жоқ. Ешкім білмейді, біріне – бірі сілтейді. «Жаны ашымастың жанында басың ауырмасын» деген осы.  Бетінде мөр басылған біржапырақ қағаз –қаншама шаруаға қол байлау болып тұр.

Елбасымыз кәсіпкерлікті дамытуға оңды-солды еркіндік бергенмен, мәселені жұмсақ креслода отырып алып шешетін бюрократтық жүйеден әлі де арыла алмай келе жатқанымыз қарын ашырады. Ойланатын шаруа.

«Тіршілік болса, көлдің айналасына тұтастай ағаш егемін, ол – қыста қар тоқтатуға, көктемде көл суын көбейтуге септігін тигізеді. Әрі демалуға, балық аулауға келгендерге саябақ. Көл басына қонақ үй саламын. Аудан орталығынан арнайы балық өнімдерін сататын дүкен ашамын, балабақшалары мен мектеп жасына дейінгі оқу орындарын арзан бағалы балықпен қамтамасыз етемін»,– деп Жәкең алдағы армандарын да айтып салды.

Қолында қаржысы бар, дәулеті шалқып тұрған азаматтың бұл армандарының ойдағыдай жүзеге асатынына біз де кәміл сендік.

Алдымызға буы бұрқырап үйме табақ ас келді. Кәдімгі қойдың құйрық майына  баптап қуырылған балық еті. Бас салдық. Бейне бір аштан келгендей асап жатырмыз. Іліп алар сүйегі жоқ.  Қылқыта бересің.

«Бұл «Карп» деген балық. Қазақшасы- «Тұқы». Еті өте майлы, әрі дәмді келеді. Семейдің көк базардағы бағасы жоғары. Бір килограмы – 1200 теңге. Осы балықты қырық жыл атом қырғынының астында болған аудан халқы, әсіресе, жас балалар жесе ғой, шіркін» - деп қалды ел азаматы Жансап Сәдібек.

Сары қымыз сапырылды. Бұл да осы азаматтың үйірлеп өсірген жылқысының өнімі. Дәмі – балдай. Тіл үйіреді.

Бірер сағаттың ішінде сарайыңды ашар саф ауа. Мұрын жаратын жусан иісі. Жайқала өскен көк шалғын – туған жер табиғатының ештеңеге айырбастамайтын таңғажайып көрінісі мен рахатын көз алдымызға жайып салды.

Дәл кетерімізде Семей қаласынан асай – мүсейін асынып бір топ адам  келді. Ештеңеге қарайтын емес. Сасқалақтау да, абыржып, абдырау да жоқ. Дәл бір әкесінің үйіне келгендей «иесіз көлге» иелік жасап жатыр. Манағы Жәкең айтқан «браконьерлер» осылар екен. Ел көзінше қармақ салған болып, кеш бата ау құрып, таң ата қаптап алып кететін көрінеді. Баратын жері – базар.

- Аулай беріңдер, тек ау құрмаңдаршы, бауырларым,-деп Жансап дауыстаған болды. Олар бізге бұрылып та қараған жоқ. «Бізде не  шатақтарың бар. Біз де сендер сияқты демалушылармыз» деп сес көрсететін сияқты. Не шара?!

Ал, ырыс көзі – «Ырысай көлі» болса, «бәріңе де жетемін, бірақ құрдымға кетіріп, құртып алмаңдар» дегендей батыстан соққан баяу желмен сәл-пәл толқынданып, жалдары жарқыл қағып мөлдіреп жатты...

 

 

Төлеген Жанғалиев

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,

Абай ауданының Құрметті азаматы.

Абай ауданы,

Қарауыл ауылы

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!