ЖАҢА МІНДЕТТЕР МЕЖЕЛЕНДІ   

Аудан әкімінің жұмыс сапары

 Жуырда Абай ауданына жаңадан тағайындалған әкім Жарқынбек Байсабыров арнайы жұмыс сапарымен бірқатар ауылдық округтерде болып қайтты. Бірінші кезекте елді мекендердің тыныс-тіршілігімен, кәсіптік өмірімен танысып, орын алған әлеуметтік мәселелер қатарына қанықты. Сонымен қатар, ауылшаруашылық саласы мен абаттандыру шаралары жайын да арнайы қарап, тұрғындар тілегіне де құлақ түрді. Осынау сапар барысында аудан өмірі жайында тың мағлұматтарға қаныққан Жарқынбек Борашұлы алдағы атқарылар шараларды межелеп, жоспарлы жұмыстар қатарын нақтылады.

Алдыңғы кезекте аудан орталығы Қарауыл ауылындағы әлеуметтік нысандарды аралап шыққан Жарқынбек Байсабыров аталмыш бағытта жанды жұмыс жүргізу барысында бірқатар тапсырмалар мен міндеттемелер тұрғанына көз жеткізді. Өз орайында бұл мәселелердің шешімі де қиындық тудырмайды екен. Мемлекеттік қызметте, басқару саласында жинақтаған мол тәжірибесі бар Ж.Борашұлы Қарауыл ауылдық округі әкімдігі ғимаратына жөндеу жұмыстарын жергілікті өзін-өзі басқару шоты арқылы жүргізу жайлы ұсыныс жасауға кеңес берді. Аталмыш бағытта ауылдық округ әкімі Мейіржан Смағұлов жұмыс жүргізетін болады.

Сонымен қатар, аудан орталығындағы мәдени нысандарды да назардан тыс қалдырмаған аудан әкімі М.Әуезов атындағы орталықтандырылған кітапханаға балаларға арналған ертегі кітаптар алу, жаңа шығармалармен толықтыру, мерзімдік баспасөзге жазылу, жаңа компьютерлер алу жұмыстарын ширату керектігін жеткізді. Бұл тарапта кітапхана қызметкерлеріне қиындықтар туындамауы тиіс.

Ал аудандық орталық емхана ғимаратында болып, жұмыс ырғағымен толық танысып шыққан Ж.Борашұлы ем қабылдаушылар үшін әлі де болса қолайлылық жасау қажеттігін тілге тиек ете келе, медицина саласы басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Сол тәрізді Қарауылда орын тепкен іргелі білім беру мекемесі Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектепте болып, педагогтар қауымына құлақ түрген Ж.Байсабыров оқу-тәрбие процесінің нәтижелі жүргізіліп жатқанына қуаныш білдірді. Бүгінде білім ордасының материалдық базасы да ойдағыдай жабдықталған. Сынып бөлмелері заманауи талаптарға толығымен сай. Тек қана ғимаратқа орталықтандырылған ауызсу жүйесі қажет. Бұл тарапта аудандық білім бөлімі мен мектеп-лицей басшылығы аудандық әкімдікке аталмыш мәселе бойынша ұсыныспен шығуы тиіс.

Жалпы, аудан басшысы округтердегі нысандардың жылу және сумен қамту жүйелеріне бірінші кезекте назар аударды. Мәселен, жүзу бассейнінің ғимаратын жылумен қамтамасыз ету мәселесін қарастырып, шешуді күн талабына қойса, орталық жылыту қазандықтарында көмірдің жануы бойынша орташа бір айлық көрсеткіштердің үнемді болуын қадағалауды тапсырды. Мемлекет мүлкін рәсуә етпеу де маңызды мәселе.

Аудан басшысы жергілікті өндіріс ошақтары жұмысымен де танысып, қызмет барысына қанықты. Бұл орайда бірқатар тың міндеттемелер де айқындалды. Атап айтсақ, «Дерикар» ЖШС жұмысын қарқын алдырту мақсатында қытайлық серіктестермен кездесіп, жүн өндеу цехына қосымша шикізат көздерін қарастырып, көршілес аудандармен өндірістік байланыс орнату көзделмек. Мұнымен қоса, аудан өмірінде алар орны аса зор ШЖҚ «Риза» КМҚ мекемесінің материалдық-техникалық базасын толықтыру, яғни, жаңа техникалар алу қажеттігі жайында да сөз қозғалып, келелі мәселе көтерілді. Бұл бағыттағы атқарылатын шаралармен тапсырмалар қатары аудан әкімі Ж.Байсабыровтың жеке қадағалауында болмақ.

Бұдан өзге аудан әкімі келесі жылы барлық ауылдық округтерде мал дәрігерлік пункттерін ашу туралы жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.

Алдағы уақытта ауданымызда құрылыс және қайта жаңғырту, күрделі жөндеу жүргізу шаралары қарқынын жоғарылатпақ. Бұл бағыт бойынша бірқатар мекемелер межеге алынып, жоспарға енгізілді. Мәселен, аудан орталығындағы балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің басшылығына, аудандық білім бөлімі басшысына аталмыш мектептің ескі ғимаратын жөндеу бойынша қажетті құжаттар әзірлеп, ресми түрде ұсыныс енгізу жайлы міндет жүктелді.

Десекте, Қарауыл ауылы бойынша атқарылуы тиіс жұмыстар реті тым көп. Алдағы жылдың үлесіндегі межелі міндеттер құрамында Қарауыл өзеніндегі көпірдің жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасын аудан әкіміне ұсыну, аталмыш нысан маңындағы өзен арнасын аршу шаралары тұр. Бұдан өзге аудан орталығының сәулетіне нұқсан келтіретін ескірген будкаларды алу, көпқабатты тұрғынүйлердегі қордаланған мәселелерді шешуде де кідіріссіз түрде ілкімді жұмыс жүргізу керек. Бұл бағыттағы жұмыстар ендігі аралықта ауылдық округ әкімі Мейіржан Смағұловтың нұсқауымен жүргізілетін болады.

Жалпы, аудан әкімі Жарқынбек Байсабыров Абай ауданының ішкі мүмкіндіктері жоғары екендігін айта келе, экономикалық және әлеуметтік ықпалдастықты арттыру мақсатында іргелі шаралар ұйымдастыру керектігін алға тартты. Мәселен, «Менің мектебім» акциясы аясында Абай ауданының кәсіпкерлерімен «Туған жер» форумын өткізу туралы бастама көтерді. Бұл шара өз кезегінде бірқатар қордаланған мәселелердің шешім тауып, көзделген жоспарлы шаралардың нәтижелі іске асуына септігін тигізбек. Аталмыш бағытта аудан әкімінің орынбасары Б.Тәттібеков, бөлімдер басшылары М.Нұрсұлтанұлы, Д.Нариманұлы тиісті жұмыс жүргізбек. Осы тарапта аудан активі тарапынан ұсыныс-пікірлер де ескеріледі.

   Өз қызметінің алғашқы күндерінде-ақ аудан өмірімен танысуды міндет етіп қойған Абай елінің жаңа басшысы Жарқынбек Борашұлы ауылдық округтер ахуалын да назарға алды. Мәселен, Құндызды ауылындағы жұмыс сапары барысында елді мекенге кіре берістен бастап, ауылдың ішіне толықтай тазалық жұмыстарын жүргізуді міндеттеді. Бұдан өзге аталмыш ауылдағы клуб үйінің жылыту жүйесін қайта қарастырып, жөндеу шараларын жүргізу туралы ұсыныс енгізу керектігіне баса тоқталды.

Ал, мал дәрігерлік пунктіне жөндеу жұмыстарын жасап, құжаттарын реттеп, теңгерімге алу керек. Және де бұл бағыттағы шараларды жүзеге асыруда уақытты созуға болмайды.

Жалпы, аталмыш ауыл бойынша әлеуметтік ахуал біршама қалыпты. Өзекті дерлік мәселелер жоқ. Әйтседе, ауыл тұрғындарының талап-тілектері алдағы өтетін кездесулер барысында тыңдалынып, ескерілетін болады.

Аудан әкімі Жарқынбек Байсабыров Көкбай ауылдық округіне де атбасын тіреді. Мұндағы мәселе біршама ауқымды екен. Әсіресе, ауыз су төңірегіндегі әңгіме елеулі міндеттемелерге арқау болды. Бұл орайдағы атқарылуы тиіс шараларды аудан әкімі жүйелеп, нақтылап берді. Бірінші кезекте ауылдағы су құбырын қайта жаңғырту жұмыстарын кесте түрінде екі жұмаға жазып бекіту керек. Екіншіден осы мақсатта арнайы комиссия құрып, күнделікті жұмыстардың орындалу барысы туралы жан-жақты түрде дәйекті ақпарат ұсынылуы тиіс. Округ аумағын сумен қамту жұмысы қараша айының 20-сына дейінгі мезгіл ішінде аяқтау жүктелді.

Сонымен қатар, Жарқынбек Борашұлы атап өткендей, Көкбай аулындағы су құбырын қайта жаңғырту жұмыстарына «Дерикар» ЖШС-мен келісім шарт жасасып, қосымша техникалар жұмылдыруды қарастыру да тиімді істер қатарына жатады.

Сондай-ақ, Көкбай ауылындағы мәдениет үйінің хал-ахуалы да аудан басшысы назарына ілікті. Мәселен, мәдениет үйінің тоқ пешін (электрокотел) ауыстыру жөнінде ұсыныс енгізу, ғимараттың төбесінен су аққан жерлерін дұрыстау жұмыстары кезек күттірмейді.

Бір бұл емес, Көкбай атындағы орта мектебінің ескі жылыту қазандығы орналасқан ғимарат материалдарын ауылдың өрт сөндіру пунктіне беру туралы да мәселе көтерілді. Білім ордасы қызметімен танысқан аудан әкімі құзырлы орындарға мектеп жанындағы интернаттағы тамақтандыру мәселесін қадағалауды тапсырды.

Бұдан өзге жаңа әкім Жарқынбек Борашұлы ауданымыздағы Қасқабұлақ ауылдық округінде де болып, елді мекеннің тыныс-тіршілігімен, ауыл өмірін жандандырушы әлеуметтік орындар қызметімен танысты. Бұл ауылдағы атқарылуы тиіс мәселелер қатарына М.Әуезов атындағы орта мектебіне сапалы көмірдің түсірілуін қамтамасыз ету, ауыл шетінде орналасқан мал бордақылау алаңына жасалған құрылыс жұмыстары бойынша қабылдап алынған құжаттарды аудан әкімдігіне өткізу, мал дәрігерлік пункт орналасқан ғимаратты «Қасқабұлақ» ЖШС-нен сатып алып, құжаттарын реттеп теңгерімге алдыртуды ұйымдастыру істері жатқызылды.

Мұнымен қатар, аудан басшысы Жарқынбек Байсабыров Кеңгірбай би ауылдық округінде де болып, мәдени, әлеуметтік бағыттағы жүзеге асқан шаралармен қатар алдағы уақыттарда орындалуы тиіс жұмыстар легін де аудандық әкімдік басшыларымен бірге пысықтады. Жұмыс сапары барысында айқындалғандай, ауылдықтар тарапынан елеулі мәселелер көтерілді. Атап айтсақ, «Абай колледжінде» оқытылатын туризм мамандығына аудан бойынша сұраныс аз болғандықтан ауданға қажетті мамандықтарды қайта қарастыру керектігі жан-жақты сөз болды.

Қорыта айтқанда, аудан әкімі Жарқынбек Байсабыров ауылдық округтерге жасаған осынау сапарымен аудан орталығындағы әлеуметтік нысандарды аралау барысында таяу аралықта жүзеге асырылуы тиіс қысқамерзімді бірқатар шараларды нақтылады. Бұл тек атқарылар жұмыстардың бір парасы ғана. Ал тұтастай алғанда ауданның экономикасын еселеп, әлеуетін арттырар мақсатты еңбек Елбасы Жолдауы мен бағдарламалық мақалаларының  басымдықтары аясында нақты іске аса береді деп сенеміз.  

 Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі»

 

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар