АУЫЛ АХУАЛЫ БАСТЫ НАЗАРДА  

Аудан әкімінің жұмыс сапары

 Абай еліне жаңадан тағайындалған аудан әкімі Жарқынбек Байсабыровтың ауылдық округтерді аралау, елді мекендер тыныс-тіршілігі, әлеуметтік ахуалымен  танысу мақсатындағы сапары осы жолы бірқатар ауылдармен толықты. Жергілікті жерлердегі маңызды нысандарда болып, қызмет ырғағына қаныққан Ж.Борашұлы тың тапсырмалар мен жаңа міндеттер қатарын нақтылады. Сәйкесінше, ауылдардағы анықталған мәселелер атқарушы билік өкілдерінің тікелей қатысуымен шешімін табатын болады. Тіпті, жаңа тапсырмалардың орындалу мерзімі де белгіленіп, жауапты тұлғалар да бекітілді.

Шалғайдағы Саржал ауылына ат басын тіреген аудан басшысы ең алдымен ауылдың кіреберісіне назар аударды. Мезгіл қара күздегі жиын-терім науқанының соңғы кезеңі болғандықтан ба, ауыл іші мен көшелер бойының тазалығы біршама сын көтермейді екен. Сол тәрізді мектеп ауласына да қыс алдында бір мәрте тазалық жүргізу қажеттілігі  байқалып тұрды. Бұл орайда ауылдық әкімдік қызметкерлеріне тазалық жұмыстарын жүргізіп, фотоесеп түрінде аудандық әкімдікке ұсыну жүктелді.

Аудан әкімі Жарқынбек Борашұлы ауылдағы Тоқжігітов мектебінде ұзағырақ аялдады. Әсіресе, алдағы қатал қысқа даярлық жұмыстарын пысықтау мақсатында білім ордасының жылу қазандығында болды. Мұндағы анықталған бір жайт, мектеп қазандығының қысқы көмірі Семей қаласынан тасымалданады екен. Демек, жолдың алыстығы өз алдына, қатты отын нарқына көмір кенішінен қалаға жеткізуші ҚТЖ жүк тасымалының да үстеме бағасы қосылады деген сөз. Аудан әкімі бұл орайда көмірді тікелей өндірушілерден, яғни, Қаражыраның өз басынан тасымалдауды тапсырып, «Әлем жолдары» мердігерлік компаниясына ұсыныспен шығу керектігін айтты.  

Білім ордасын аралау барысында нақтыланған бір жайт, Тоқжігітов мектебінен робототехника, физика, биология кабинеттерін жабдықтау үшін ауылдан түлеп ұшқан азаматтарды демеушілік көрсету мақсатында тарту жайлы да сөз болды.

Қымызды ауыл Саржалда ұлттық сусын тақырыбы да аудан әкімі назарын аудармай қоймады. Бұл ретте Жарқынбек Борашұлы жергілікті қымыз индустиясын дамыту мақсатында арнайы ауылшаруашылық кооперативтерін құру туралы тапсырма берді. Осы арқылы мемлекеттік жеңілдіктерге оңай қол жеткізуге болады.

Бұл ретте қыстамаға кіретін жылқы түлігі жайлы да сөз қозғалды. Өткен жылдың есепті мерзімінде қар мен аяздың зардабынан шаруалардың қиын жағдайда қалғаны әлі де есте. Осынау жағдайдың қайталанбауы үшін әсіресе қамбар ата түлігін өсіретіндермен жем-шөп қорын әзірлеу туралы түсінік жүргізілуі тиіс. Мәселен, Үржар, Аягөз аудандарынан Қаражыраға ағылатын ауыр жүк көліктері бос келеді. Олармен тиімді келісім жасасып, облыс күнгейінен арзан бағадағы шөп пен құрамажем жеткізу мәселесін ойластыру керек. Аудан әкімі көтерген аталмыш тараптағы мәселе саржалдықтарға біршама ой салды. Бұл мәселелермен белгіленген мерзімге дейін аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Тәттібековпен Думан Нариманұлы айналысатын болады.

Аудан басшысы Тоқтамыс ауылындағы Молдағалиев мектебінде де ұзағырақ аялдады. Биылғы күзде мектеп төбесінен жауын суы ағыпты. Уақыт оздырмай шатырға күрделі жөндеу жүргізу қажет. Ол үшін арнайы ұсыныс әзірлеу қажет.

Жарқынбек Борашұлы сонымен қатар, мектеп асханасындағы балалардың ас мәзіріне де назар аударып, аймақтағы іргелі компания «Эмиль» ЖШС-не сүт өнімдерін жеткізу үшін өтінім беру керектігін жеткізді.

Ал, Медеу ауылында орта мектепке келген аудан басшысы білім ордасының жылу қазандығына бірінші кезекте көңіл аударды. Мұндағы қазандыққа екінші электр сорғысын орнату қажет. Сонымен қатар, түсірілетін көмірді өлшеп алу мен сапасын қадағалау да нақты берілген тапсырмалар қатарын қамтыды.

Жалпы, мектеп қазандығының жұмысы сын көтерімді. Тіпті, берілетін жылуды тиімді тұтынып, ауылдағы мәдениет үйін де жылытуға толық мүмкіндік бар. Бұл мәселе ұсыныс ретінде көтерілер болса, аудандық әкімдік тарапынан жанды көмек көрсетілетін болады.

Анықталған бір жайт, ауылдық округтердегі мәдениет мекемелерін қысқы мерзімдегі жылыту мәселесі тұрғындар тарапынан жиі көтерілгенімен аталмыш бағытта тұшымды, толыққанды жұмыс жүргізілмейді. Сол себепті де, барлық ауылдарда орын тепкен мәдениет үйлері мен ауылдық клубтарына қысқы мерзімдегі жылыту маусымында қанша қаражат жұмсалатынын анықтау қажет. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Тәттібековпен Елдар Оразалыға арнайы ақпарат әзірлеу туралы міндеттеме жүктелді.

Медеу ауылында да назар аударарлық бірқатар мәселелер бар екен. Атап айтсақ, ауылдағы малдәрігерлік пунктінің электр қуатына берешегін төлеп, құжаттарын реттестіріп, теңгерімге алу тапсырылды.

Аудан басшысы ауылдық округтерге жасаған жұмыс сапары барысында Архат ауылында да ұзағырақ аялдады. Әсіресе, ауыл мектебіндегі атқарылған шараларға қанығып, алдағы атқарылар міндеттемелерді межеледі. Атап айтсақ, Бекбосынов орта мектебіне жылыжай жасатып, қысқы мерзімде де гүл өсіру қажет. Бұл бірінші кезекте оқушылардың табиғатпен етене болуын қамтамасыз етеді.   

Сондай-ақ, мектеп қазандығына көмірдің толық түсірілуін, рәсуә болмауын қадағалау да маңызды мәселелер қатарын қамтиды.

Бүгінде аталмыш білім ордасында шағын орталық жұмыс істеп тұр. Бұл тарапта туындайтын бір жайт - шағын орталықты бірыңғай бір жақта орналастыру қажет. Осынау мәселе аталмыш ауылдық округке қарасты Орда ауылындағы Мамай атындағы негізгі білім беретін мектепті аралау барысында да жауапты адамдарға тапсырылды.

Жалпы, аудан әкімі атап өткендей, аудан мектептеріндегі шағын орталықтар жұмысын әлі де жүйелеу қажет. Орталықтар қызметінің санитариялық талаптарға сәйкестігін анықтап, қажет жағдайда материалдық көмек көрсетілуі тиіс. Осы тәрізді қысқа даярлық жұмыстарын отынның түсірілуімен қоса қадағалау керек. «Бармақ басты, көз қыстылыққа» жол берілмеуі тиіс. Бұл бағытта жанды шаралар жүргізу үшін аудандық деңгейдегі комиссия құрылатын болады. Яғни, қараша айының 20 жұлдызынан бастап тексеру жұмыстары жүргізілуі керек.

Ал, Мамай атындағы мектеп жұмысымен танысқан аудан басшысы оқыту мен тәрбие процесіне кедергі тумауы керектігін жеткізді. Мәселен, аталмыш білім ордасындағы оқушыларды саз мектебіне жеткізу үшін арнайы көлік шығару туралы ой айтылды. Я болмаса Архат ауылынан саз мектебінің филиалын ашу мәселесін қарастыру керек.  Бұл тараптағы тапсырмалар аудандық білім бөлімі басшысына міндеттелді.

Шағын ауылдағы әлеуметтік мәселелерді біртіндеп шешу міндет. Алдыңғы кезекте Орда ауылынан су қорын анықтап, орталықтандырылған су желісін құру туралы ұсыныс әзірлеу ісі тұр. Бұл жайында ауылдық округ әкімі Ардақ Өміртаев аудандық әкімдікке тиісті ұсыныспен шығуы қажет.

Қорыта айтқанда, барлық ауылдық округтердегі анықталған ірілі-ұсақты мәселелер заң аясында, техникалық-материалдық талап үдесінде, артық шығынсыз һәм уақытты созбастан атқарылуы тиіс. Нақтыланған сауалдар алдағы уақытта да аудан әкімі Жарқынбек Борашұлының басты назарында болады.

 

Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі»

 

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!