ОҚЫРМАН НАЗАРЫНДАҒЫ 10 ЖЫЛ

Аудандық басылымның мерейтойы

 

ОҚЫРМАН  НАЗАРЫНДАҒЫ 10 ЖЫЛ

 

Ол күндер бүгінде естелікке айналды. Сонау 2006 жылы қыркүйек айының 1-7 күндері аралығында сан түрлі атаулармен шығып келген аудандық басылымдардың жалғасы «Абай елі» қоғамдық-саяси газетінің ең алғашқы №1 (001) саны жарық көрді. Содан бері міне, 10 жыл өткен екен. Уакыттың зымырап жатқаны осыдан-ақ белгілі. Осыған дейін түрлі атаумен ашылып, жарық көруі көпке бармаған газеттердің жолын жалғап жаңа атаумен жарық көрген «Абай елі» басылымының тарихы өзіндік соқпағымен ерекше. Олай дейтініміз, өзге газеттердің жұрнағы да қалмағандықтан жаңа редакция өз жұмысын «нөлден» бастады. Бұл әрине оңайға соқпады. Қажырлылық, табанды еңбек, ең бастысы ертеңгі күнге деген сенім ұжым мүшелерін алға жетеледі.

Газет 2006 жылдың 21 маусымы күні сол кездегі аудан әкімі Үйсімбаев Бақыт Сүлейменұлының арнайы қаулысы негізінде «Абай елі» газеті коммуналдық мемлекеттік казыналық кәсіпорыны болып құрылды. Кейіннен, 2012 жылдың 18 қаңтарында «Абай елі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып жаңа атауға ауыстырылды. Құрылтайшысы - Абай ауданы әкімі аппараты және басқару органы - Абай ауданының ішкі саясат бөлімі болып бекіді. 

Газеттің жаңадан құрылу жылдарына шолу жасасақ басылымның директор - Бас редакторы лауазымына Нұртазина Сәуле тағайындалды. Сәуле Зәрерқызының өз таңдауы болар, тілшілік қызметке Рүстем Еркінұлы мен бас бухгалтерлікке мен тағайындалдым.

Газет 2006-2009 жылдар аралығында айына екі рет 12 беттен 24 бетке дейін жарық көріп тұрды. Жұмысы жүйеленген редакция қызметі тек 2010 жылы ғана айына 3 рет, яғни, 10 күнді қамтып, кейін осы жылдың аяғынан бүгінгі күнге дейін аптасына бір реттен айына 4 сандық газет болып шыға бастады.

Алғашқы жылдарға оралсақ, бастапқыда оқырман түгілі журналистер отыратын арнайы кабинеті, мәтін теретін компьютері жоқ «жетім қыздың жүгіндей» жұтаң редакцияда тек КМҚК «Абай елі» газеті деген мөр мен екі қызметкер ғана болатын. Бүгінде  Сәуле Зәрерқызының тынымсыз еңбегі мен қызметіне деген сүйіспеншілігінің арқасында штат саны кеңейіп, 2 кабинет пен бір автокөлікке қол жеткізіп, «Абай елі» газетінің редакциясы деп ауыз толтырып айтатын деңгейге жеттік.

Ең алғашқы газеттің 1-ші нөмірін шығарған кезіміз күні кешегідей әлі есімде. Газетке салатын ешқандай лайықты материал жоқ, тек қана сонау көктемдегі су тасқыны мен сел  қаупі туралы өңделмеген бірлі-екілі мақала және ұстаздардың тамыз мәслихатында, сол кездегі білім бөлімінің бастығы Имаханов Ерлан ағамыздың баяндамасы ғана болды. Бұл «ойдан-қырдан терген» материалдар әрине 1-7 қыркүйек аралығындағы газетке тіптен үйлеспейтін еді. Газет осылайша 4 бет болып жарыққа шықты. Дизайн, көркемдеу деген мүлде жоққа тән, мақалалар жұтаң, көзге тым қораш көрінетін-ді. Ең қызығы – жаңа басылымды кімге тарататынымызды білмей дал болдық. Себебі газетке жазылған бірде бір адам жоқ.

«Қой, бұлай отыра бергеніміз жарамас, әкімдікке апарып көрсетіп, таратып келейін» деп Сәуле апайымыз бір бума газетті алып шығып кетті. Қайтып келіп басқа мекеме басшыларына, туыстарына, көршілеріне, таныстарының бәріне «ауданымызда жаңадан газет шығып жатыр, жазылыңыздар» деп хабарлап шықты. Бірі «құтты болсын, жақсы болды, жазыламыз, қазір жібере беріңдер» деп қолдау көрсетсе, енді бірі «бұл да қалар ертең» деп күліп, сенімсіздік танытып жатты. Бірақ бұл редактор мен тілшіні мұқалтпады, керісінше жігерлерін қайрағандай болды.

Осылайша, күндер өтіп жатты. Қиындықтармен қатар тәжірибе де жинала бастады. «Абай елі» басқа республикалық, облыстық, жеке меншік газеттерге, журналдарға қарап бой түзеді. Бұл ретте Сәуле апайымыздың ізденгіштігін, еңбекқорлығын атап өткен жөн. Түрлі айдар ойлап тауып, дизайнға аса мән берді. Біртіндеп ауданымыздағы мекемелер қызметкерлері де бұрын газетке жариялай алмай жүрген материалдарын беріп жатты. Оқырман қатары көбейе бастады. 

Ал араға жыл салып Өскемен қаласында журналистердің кәсіби мерекесіне орай өткен салтанатты жиында газетіміз облыс әкімінің арнайы марапатымен 1000 доллар сыйақыға ие болды. Ол кезде бұл қомақты қаражат болатын. Бұл біз үшін күтпеген қуанышты жайт болды. Шығып жатқанына жылдан енді ғана асқан газет басқа үлкен газеттермен бірдей марапатқа ие болды. Төбеміз көкке бір елі ғана жетпей қалды. Сәуле апайымыз келе сала «жалғыз менің ғана еңбегім емес, айлап еңбекақы алмасақта маған сеніп, маған еріп жүрген сендердің де еңбектеріңнің жемісі» деп Рүстем екеуімізге де сыйақыдан бөліп берді.

«Абай елі» газеті бұдан кейін де жыл сайын облыстық, аудандық марапаттарға ие болып жүрді. Дегенмен небір қиын күндерді бастан өткердік, арнайы берілген кабинет жоқ болғандықтан бір сақтандыру компаниясымен бірге бір бөлмеде отырдық. Ол кабинеттің артық кілті болмағандықтан Сәуле апай, Рүстем үшеуіміздің далада отырған күндеріміз де болды. Кейіннен әкімдіктің қолдауымен бір кабинет берілді, оны өз күшімізбен жөндеп алдық.

Ал, компьютерге қолымыз тек бір жылдан асқанда бір-ақ жетті. Оған дейін газетке баратын мақалалар мәтінін кез-келген мекеменің есігін қағып жүріп тердік.

Газет ашылған 2006 жылы бюджеттен ақша бөлінбеді, тек 2007 жылы 450 мың ғана бөлінді. Содан бергі аралықта редакцияның қаражат қоржыны 8 млн-ға жетті. Әлбетте, онымен бірге басылымның әлеуеті де артты.

2010 жылы қатарымызға бүгінгі күні жауапты хатшы әрі тілшілік қызметті қатар атқарып жүрген Анар Сарсенбина қосылса, корректор болып Баян Дүкенбаева, пошташы қызметіне Сайрагүл Наушабаева келіп, ұжым қатарын толықтырды. Қосымша тағы компьютерлер, фотоаппарат алынды.

Айта кетер бір жайт, газеттің алғашқы номерінен бастап тегін жүргізушіміз болды. Ол өзіміздің Сәуле апайымыздың жолдасы Нұртазин Төлеубек (Иман) аға еді. Газеттің материалдары сұрыпталып әзір болған соң күн демей, түн демей Сәуле апайды Семей қаласына, «ТВК-6» арнасының ғимаратында орналасқан «Спектр» баспаханасына апарып, түнімен тосып отырып алып қайтады. Иман ағамыздың өзі жеке кәсіпкерлікті ашқанға дейін осылай Сәуле апайды тегін тасып жүрді. Бұл да аудандық басылымға үлкен көмек, Сәуле апайымызға деген жолдасының құрметі екені анық.

С.Зәрерқызы редакция көлігін алғанға дейін таксимен, арасында Иман ағамен газет беттеуге қалаға жиі қатынап жүрді. Жаздың аптабы мен қыстың аязы, боранында да газетті уақытынан кешіктірмей шығару үшін жанкештілік танытты.

2012 жылы қазіргі Бас редакторымыз Нұржан Байтусов тілші болып жұмысқа орналасты. Сәуле апайымыз жас маманның қабілет-қарымын шыңдап, кәсіби тұрғыдан толысуына елеулі күш жұмсады. Осыған дейін жазба ақын ретінде танылып үлгерген Н.Мейізханұлына сенім артып, қаламын ұштап, нағыз журналист ретінде қалыптасуына жағдай жасады, баулыды.

Ал 2013  жылы жас тілші Тоғжан Рахымбекқызы жұмысқа орналасып, ұжым құрамы жаңа мамандармен толыға түсті. Осы 10 жылдың ішінде бірнеше жас мамандар еңбек етуге келгенімен, көпшілігі басқа жұмыстарға ауысып кетті.

Газетіміз көркейіп, «төртінші билік» деген дәрежеге жеткенде Сәуле Зәрерқызы тосыннан қатерлі ауруға шалдықты. Басылымды ойлап, күні-түні қала мен екі ортаны даңғыл қылған ардақты апайымыз жұмысбастылықпен денсаулығына да мән бермей келіпті. Полигон әсерінен болған дертпен бір жылдай арпалысып, көз жұмды. Бұл кезең редакция ұжымы үшін өте ауыр күндер болды. Басылымның шаңырағы ортасына түскендей күй кештік. Тіпті, алдағы күндер бұлыңғыр көрінген кездер де болды.

Әйтседе, «орнында бар оңалар» демей ме?!. Сәуле апайымыз соңынан мықты шәкірттер дайындап кеткен болатын. Тәжірибелі тілші Анар Сарсенбина мен уақытша Бас редактордың міндетін атқарушы Тоғжан Рахымбекқызының басшылығымен газет әрі қарай да жарық көре берді.

Сәуле апай өмірден өткеннен кейінгі алғашқы нөмірді көзімізден жасымыз тамып отырып жасадық. Ол кісінің еңбегін, қажырлылығын сол кезде айқын түсіндік.

С.Зәрерқызы ақтық демі таусылғанша газеттің қамын ойлап кетті. Тіпті, өмірінің соңғы сәттерінде де, дерт меңдеп қиналып отырса да, басылымның макетін жасап, беттелген мақалалардың қатесін оқып, тексеріп бергені есімізде.

Бүгінгі күні Сәуле Зәрерқызының шәкірттері тәлімгерлерінің ізін жалғастырып, газетті ойдағыдай шығарып келеді. Өткен 2015 жылдан бастап Бас редактор болып  Нұржан Байтөс тағайындалды. Қазіргі таңда үлкен ұжым болып, ауданымыздың айнасына айналған «Абай елі» газетінің өзіндік оқырманы бар. Әлбетте, аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлы мен аудан басшылары да өзіндік қамқорлықтарын танытты.

 Осы ретте «Жас келсе іске» деген, бағыт-бағдарларың жақсы екен, Сәуленің жаққан шырағын өшірмедіңдер!» деп ақ жол тілеген, жылы сөздерімен демеген алдыңғы толқын ағаларымызға алғысымыз шексіз. Рас, сын айтушылар да болды. Оның да берері бар, сыналған сайын шыңдалып келеміз.

Осы бір бір жылдан аса уақытта «Абай елі» ұжымы бірнеше дипломдар мен мадақтамаларға ие болды. Соның ішінде ерекше айтар мақтанышымыз 2015 жылы «Абай елі» газетінің ғаламтордағы сайты күллі республика бойынша  «Ең үздік арнайы жоба» номинациясын жеңіп алды. Бұл да үлкен жетістік.  Тілшілеріміз де өз алдына жыл сайын түрлі номинциялар бойынша республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі мадақтама, дипломдарға ие болып жүр.

Газеттің он жылдығы ұжым мүшелері үшін, оқырман үшін елеулі мезет деп есептеймін. Осы орайда қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін осынау мамандықты таңдап, бірге қызмет істеп келе жатқан әріптестеріме шығармашылық табыс, тың ізденіс, жаңа идеялар мен соны жетістіктер тілеймін.     

 

Жадыра ҚАМБАРОВА,

«Абай елі» газетінің бас есепшісі

 

 

 

                                                                                         

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар