Рахат Жақсыбай: "Қазiргi журналистикада мүмкіндік көп"

Рахат Жақсыбай – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің түлегі. 2012 жылы халықаралық «Шабыт» фестивалінің Гран-при иегері атанса, 2014 Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты болды. 

ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық бағдарламасының стипендианты. Қазіргі таңда «Хабар» агенттігі» АҚ арнайы жобалар қызметінің жетекшісі.

 

– Басқа мамандық иесінің жур­налистикаға бет бұру себебі неде?

 – Журналистика факультетінде оқымасам да, масс-медиадан алыс болмадым: оқушы кезімде теле­ар­наның ішкі асханасымен, газеттің редакциясымен таныс болсам, сту­денттік кезде 1-курстан «Хабар­дың» жобаларына, атап айтқанда, «Азамат» жастар бағдарламасына араластым. 

Жалпы, қалам-қағазға жа­қын­дығым мектеп қабырғасында бас­талды. Сол кезде өңірлік басы­лым­дарға шағын жазбаларым жарық көре бастаған еді. Ал Респуб­ли­калық арнаның ұжымына қо­сылуыма негіз қалаған – «Азамат» жастар клубы. Содан бері «Хабар» арнасы – кәдімгі қызметтік қара шаңырағыма айналды десем де болғандай. Елбасының барлық бастамаларын ақпараттық алаңда жариялап, ел-жұртқа жеткізетін, қолдау білдіретін, мемлекеттік саясаттың идеология саласындағы құрамдас бөлігіне айналған арнада қызмет ететінімді, осы арқылы мемлекеттің ісіне мүмкіндігіміз келгенше, үлес қосуымызды лайықты іс деп білемін. Сондай-ақ «Хабар» ҚР Президентінің «Бола­шақ» бағдарламасына (БАҚ ре­дак­циясы қызметкерлеріне арнал­ған санатына) қатысуға рұқсат берді, бұйыртса, британ жоғарғы білім мектебінің тәжірибесімен танысуға мүмкіндік алып отырмын.

– Жобалардың атын ауыстыр­ғанымен, кейде заты сол күйінде қалады. Сонда оның атын ауыстыру қаншалықты тиімді, оны ауыстыру не үшін керек деп ойлайсыз?

– Ойыңызды түсіндім. Сұра­ғы­ңыз уақытында «Сонымен, со­лай дейік» деп аталған жобаның «Біз» деп өзгеруіне қатысты болса керек. Мұны кәдімгі телевизиялық заң­дылық деп қана қабылдау керек. Бұл ұжым мен басшылықтың ортақ шешімінен туындаған өзгеріс болатын. Өзгеріс нәтижесінде, тек аты ауысып қана қойған жоқ, фор­матына да, яки затына да өзгеріс енгізілді емес пе? 

Тележүргізуші ретінде танымал болуым «Сонымен, солай дейік», «Біз» ток-шоулары десек, аптасына бес мәрте көрерменмен қауышатын жобада тұрмыстық мәселелерден бастап, ұлттың сапасына тікелей қатысы бар – оқулық, мемлекеттік тіл мәртебесі, ұл мен қыз тәрбиесі, отбасылық құндылықтар, ұлттық дәстүр тақырыптары, мемлекеттік органдар жүзеге асырып жатқан бағдарламалар мен концепция­лардың артық-кем тұсына дейінгі аралықта жүздеген хабардың шығуына атсалыстық. Ток-шоу жанры – жүргізуші-модератордың ғана емес, ондаған адамнан тұра­тын ұжымның да еңбегі. Сон­дықтан ұжым болып, қоғамдағы ең маңызды, өзекті тақырыптарды шығара алдық деп айтуға негіз бар. 

– Хабар дайындау барысында сан түрлі тағдыр иелерімен жүзде­судің сәті түскен болар. Өзіңіздің араласуыңызбен дайындалған бағ­дарламалар арасынан кейіпке­рі­ңіздің өміріне сәтті әсер еткен ха­барды атай аласыз ба? 

– Бағдарламада жұмыссыз жастың жұмысқа шақырту алған, мүмкіндігі шектеулі жанның өз мәселесін назарға алуға уәде алған, тағы бір қонағымыздың оқу мәселесін шешуге мүмкіндік тапқан, қала тұрғындарының үй сапасына байланысты әкімшілік тарапынан көңіл бөлінуге қолы жеткен нәтижелері болған хабар­лар болды. Тараздық екі қолы болмаса да, қыздарын сабырмен тәрбиелеп отырған Анардың, ар­бада отырса да, аузымен қалам тістеп, жыр жазатын қызылордалық Нұрмұхаммедтің, жарының мүге­дектігіне қарамастан, жұп құрған бірнеше шаңырақ иелерінің, жыл сайын қатары селдіреп бара жатқан соғыс және тыл ардагері ата-әже­леріміздің өмір жолына арнал­ған хабарлар – ол кісілердің өздеріне және көрерменге қалай әсер еткенін білмедім, жүргізуші ретінде өзіме үлкен әсер еткен, мотивация бергені рас. 

Ток-шоу жанрындағы хабар­дың негізгі мақсаты – қоғамдық пікір қалыптастыру, қандайда бір жағдайға қоғамның назарын ау­даруына үлес қосу деп білемін. Мұ­нан да маңыздысы, мәселен, мүм­кіндігі шектеулі жандардың мә­селесі көтерілгенде – олардың бұл қоғамнан тыс емес екендігін, олар­дың да толыққанды осы қоғам азаматтары екендігін дәйектеп, хабарға қатыстыру арқылы демеу бердік деп ойлаймын. Бұл, әрине, қуантады.

– Бүгінгі тележурналист ізден­бейтін секілді көрінеді. Олар тек алдын ала бекітілген дайын жобамен жұмыс істейтін секілді. Әлде өзі де жаңа жоба ұсына ала ма? Сіз арнаға қандай жағымды жаңалық енгізе алдыңыз? 

– Сауал телеарнаға жекелеген дербес жобаларды ұсыну жайында болса, оның өзіне тән кезеңдері бар: ұсынылатын жоба талаптарға сай қағазға түсуі керек, мүмкіндік болса, пилоттық бір санын әзірлеп ұсыну, оның техникалық, кадрлық ресурстарды талап етуі, бәрі-бәрі ескерілгені жөн. Ұсынған жобаңыз маңызды болса және осы процес­терге шыдамдылық таныта алса­ңыз, жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік бар. 

Ал сұрақ циклдық жобаларға тақырыптық ұсыныстар беру туралы болса, оның қиындығы жоқ. Шығармашылық ұжым жина­лысында, ұжымның кез келген өкілі тақырып, кейіпкер, айдарлар бойынша ұсыныс бере алады, қолдау тапса, оны шығаруға әбден болады. 

Қазіргі қызметіме дейін 2 жыл мерзім Бағдарламалар өндірісі дирекциясының бас редакторы ретінде, дирекция әзірлеген онда­ған циклдық жоба мен тағы да он­даған арнайы жоба, деректі фильмдердің мазмұны мен идеоло­гиясына, тақырыбы мен бағытына тікелей атсалыстым, қалай дегенде де, сапалы болуына азды-көпті үлесімді қосқан сияқтымын.

– Жаңалықты дұрыс пайдалана алмаған жағдайда сәтсіздікке ұшы­райтыны белгілі. Аутсорсинг тәсілін біздің қазақстандық арналар неге толыққанды алып кете алмай отыр деп ойлайсыз? Не кедергі?

– Білуімше, қазір респуб­ликалық арналардың, мемлекеттік және жекеменшік телеарналар­­дың эфирлік бағдарламаларының бі­раз бөлігі – аутсорсингтік компа­ния­лардың өнімдері. Жаңа қатынастар болғандықтан, оның өзіне тән қиын­дықтары да болатыны түсі­нікті. Мойындау керек, жекелеген аутсорсингтік өнімдерде олқы­лықтар орын алып жатқан болар, алайда сапалы контентімен та­бысқа жеткен студия-компаниялар да бар. Меніңше, мұнда теле­ком­пания мен аутсорсер арасын­дағы шарттар мен міндеттемелерді бұ­дан да терең, нақтылай түсу қажет. Сонда аутсорсер әзірлейтін тележобалардың идеологиялық, техникалық және сапалық та­лаптарға сәйкестік коэффициенті арта түспек.

– Аға толқынның бойындағы қандай қасиеттерді ардақ тұтасыз, өзіңізден кейінгі буынның сүйсін­е­тін ерекшеліктері қандай? 

– Біз сондай бір шүкірлік етер жайлы кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Тұрмыстың тауқыметі мен қаржылық қиындықтарды бастан кешіп жатқандар қазір де бар, алайда жас буынның мүм­кіндіктер диапазоны аға буынға қарағанда кең. Аса үлкен ауырт­палық көрмегеніміз, аста-төк қол-жетімділіктер «ауырдың үсті, жеңілдің астымен» жүруге жағдай жасады, мүмкіндік берді. Қиын­дықтарға иммунитетіміз аға буын сияқты емес. Сондықтан әртүрлі формациялар мен кезеңдерді бастан кешкен аға буынның тө­зімділік, шыдамдылық қасиеттерін жоғары бағалаймын. Өзіме, заман­дас-қатарластарыма осы қасиет жетісе бермейді.

Екінші жағынан, із басқан замандастарымыздың жаңа тех­нологияларды едел-жедел меңге­ріп, тіл қатарын байытуға, жақ­сылыққа үлес қосуға, материалды және рухани қамын қатар алып жүруге талпынысы сүйсінтеді. 

– Эфирге шығу – зор жауап­кершілікпен қоса, үлкен міндет жүк­тейтін қызмет. Сенім артқан жұрттың көңілінен шықтым деп ойлай­сыз ба? 

– Дұрыс айтасыз, бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет істеу – үлкен жауапкершілік. Асханада, қалтарыста айтылған сөздің әсері сол жиында бас қосқан адамдарға ғана жетуі мүмкін. Масс-медиа, оның ішінде, телевизиядағы ауыз­дан шыққан сөз кәдімгідей «отыз рулы елге тарайды». Жақ­сылыққа үн қосқан сөз болса жақсы, ал адамдардың ішкі наразылықтарын арттыратын, тұлға мен тұлға, ауыл мен ауыл, халық пен халық арасына сына қағатын сөз болса ше? Барлық көрерменнің көңілінен шығу мүмкін емес те шығар. «Кө­ңілден шығасыңды» да, «шық­пай­сыңды» да естідім. Қалай бол­ғанда да, эфирдегі жұмысымда барынша жөнді ақпаратты жеткізуге ты­рыстым. Эфирден қазір ғана кет­кенде, ел көзтаныс деп танып-білуі мүмкін, ал елдің жадында ұзақ уақыт жағымды образда қалуың біраз уақыттан кейін анықталады.

Эфирге шығар алдында мін­детті түрде қобалжу болады. Ме­­ніңше, монтаж жасай алу мүмкін­дігін біле тұра, бұл барлық те­ле­­жүргізуші басынан өтетін жайт. Бір оператор алдында те­левизия тілімен айтқанда, стен­дап жасауға қарағанда (мұндай тәжірибеден 6-сыныпта өткенмін), студиядағы жиналған жүздеген адамның алдында, 6-7 камера бақылауында ток-шоу жанрында бағдарлама жазу, әрине, қиын. Тәжірибе деген де осы шығар – бірте-бірте үйренесің. Тікелей эфир жанрында да осылай – алғашқы эфирге қосылған сәтте, қобалжуың мүмкін, әрі қарай бәрі өзі ретке түседі

– Әр кезең журналистикасы өз уақытына қызмет ететіні рас. Бұл ретте бүгінгі қазақ тележурналис­тикасы өз міндетін қалай атқаруда?

– Әр уақытқа сай, журналис­тиканың түпкі миссиясы өзгер­мейді, формасы өзгеріске ұшырап отырған. Ақпарат ағыны қазір өте үлкен жылдамдыққа ие, әлеуметтік желі, мобильді құрылғылар – ақ­паратты жедел таратушының рөлін алып алды. Сондықтан заманауи журналистикада нейтралитеттен гөрі, жанашырлық позиция біл­ді­рудің, жай ақпарат беруден гөрі, сараптап, талдап берудің маңызы артып келеді. Осы себепті жур­налист – өзінің елі, өзінің орта­сында орын алып жатқан оқиғаға сырттан баға беруші ғана емес, сол шаруаның дұрыс шешімін табуына жанашыр адам болуы және мате­риалында осы позициясы көрініп тұруы тиіс деп білемін. Сонымен бірге жан-жақтылық, жаңа техно­логия мүмкіндіктерін игеру, тіл үйренуге, жаңа білім алуға тырысу – қазақ журналис­тикасының өз міндетін тиісті дәрежеде атқаруына септігін тигізетіні даусыз. 

– Эфирде бүгінгі қоғамдағы ең өзекті мәселелер толықтай қамты­лып жатыр деп айтуға негіз бар ма?

– Қандайда бір масс-медианың өзіне тән ішкі-сыртқы талаптары болады және оған түсіністікпен қарау керек. Мемлекеттік арна, ең алдымен, сенімді, ресми ақпарға жүгінеді және кейбір жекеменшік арналардың өкілдері сияқты арзан, ақпараты толық тексерілмеген фактілерден сенсация қуулар жасай алмайды. Жалпы, кез келген арна түймедейді түйедей ету мен сыңаржақ ақпарды, өзінің рейтинг жинауына қолданбағаны абзал. 

Осы шарттарды сақтай оты­рып, мемлекеттік бұқаралық ақпа­рат құралдары қоғамдағы күрделі, өзекті проблемаларды көтеріп, шешімін табуына септігін тигізіп жүр. Негізі бұл қағида – масс-медиа­ның профессионалы немесе профессионал болуға ұмтылған барлық өкілінің ортақ кәсібилік өлшемі болуы тиіс. 

 Сұхбаттасқан Ұлбосын АЙТӨЛЕН Дереккөзі

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!