Туған жер төрін әнге бөледі

Сазгер  мерейтойы

«Бір бәйтерек, бір шынар», «Мен қазақпын», «Рахмет дала» әндерін білмейтін қазақ кемде кем. Осынау сиқырлы сазы бар әсем әуендердің авторы Кентау Назарбек ердің жасы елуге толған мерейтойына орай әуелі өзі туған Ұлылар елінде шығармашылық кеш өткізуді жөн санапты. Мерекелік кеш 27-ші наурыз күні ауданның мәдениет үйінде өтті.

         1993 жылы «Үкілі үміт» атты компазиторлар байқауының, Абайдың 150 жылдық мерейтойына арналған республикалық композиторлар байқауының жүлдегері, 2013-2014 жылдардағы республикалы патриоттық әндер байқауының жеңімпазы, Қазақ ұлттық өнер университетінің ғылыми қызметкері, Қазақ ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр академиясының профессоры, жерлесіміз, танымал сазгер Кентау Назарбек Абай еліне арнайы ат басын бұрып келді. Мақсаты - өзі туып-өскен өлкесіне Қазақ хандығының 550 жылдығына орай думанды кеш өткізіп, Шыңғыстау төрін әнге бөлеп, жерлестеріне мерекелік көңіл күй сыйлау екен.

         Бүгінде ән қоржынында 50-ден аса туындысы бар авторы 50-ге аяқ басып отыр. Бұл ретте абайлық өнерпаздар да мерейтой иесін құрметпен қарсы алып, әріптес ретіндегі көмектен аянып қалмады. Оған мысал ретінде «Қаламқас» ән-би ансамблінің әуезді ән шашуын айтуға болады. Атап айтсақ, алты Алашқа таралған «Мен қазақпын» әнін Қ.Байдашев орындап, «Ару қыз» әнімен Е.Жолжігітов жастар жанын тербесе, өнарпаз А.Мыңбаева мен Қ.Қабышев, Д.Сағатовтар да әннен сыбаға тартты. Ал, Б.Шағатаева «Семейім» әні мен Т.Көзбаева орындаған  «Рахмет дала» әні жұртшылық жүрегіне жылы ұяласа, «Абай өлеңін» орындаған К.Төлеухан автордың мерейін тасыта түсті.

         Сазгердің «шашбауын көтере» келген қадірменді меймандар қатары да көп екен. Семей қалалық мәдениет үйінің директоры, дәстүрлі әнші Н.Иманбаев, Архат өңірінің тумасы, бүгінде ел назарындағы елеулі әнші Ж.Мұсағали және халықаралық байқаулардың жеңімпазы, күміс көмей әнші, «Молдабайдың әнімен» танымал дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали бұл кештің құрметті қонақтары болды.

Сондай-ақ, мерейтойлық шараға Кентаудай сырлы сазгердің өнердегі орны ерекше бір ағасы қатысты. ҚР мәдениет қайраткері, Ж.Елебековтың шәкірті Амангелді Жікеновтей әнші аға «Ақмарал» әнімен тыңдарманды  баурап алды. Аудан тұрғындары сондай-ақ кеш иесінің апайы Бақыт Назарбекованың орындауындағы «Әнім туған еліме!» атты сазын тыңдап, Кентау Назарбековтың өнердегі болашақ ізбасары, қызы Тұмардың бал тілінен тамған балғын әніне де зор қошамет көрсетті.

         Жерлесіміздің әндері осылайша абайлық әнқұмар көпшіліктің құмарын бір қандырды. Одан бөлек мерейтой иесіне деген тартулар да кеш шырайын кіргізді. Шараға қатысушы, мәдениет саласының танымал өкілі, айтыскер ақын Әсем Ережеқызы Ұлылар еліне арнауын жолдап, өнердегі ағасына  ақжарма тілегін өлеңмен өрді.  Сондай-ақ, медеулік Жаннұр Төлебаеваның Кентау Назарбековтың ақындық қырын ашқан «Бәйтерегім-шынарым» өлеңін оқуы да дарын иесін мерейлендіре түсті.

         Кеш соңында сазгердің өз орындауындағы әнді де көрермен ілтипатпен тыңдады. Әсіресе, «Жұлдызды тағдырыңмын» әніне көпшілік ұзақ қол соқты. Артынша «Қаламқас» ән-би ансамблі орындаған ән сахналандырылған көрініске ұласып, әуен табиғаты көркемдік сипатқа ие болды.

         Мерейтой иесіне аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлы бастаған мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері, жалпы өнердегі ағалары мен  ауданымызда тұратын туыстары құрмет көрсетіп, арнайы әкелген сый-сияпаттарын тарту етті.

 

 Нұржан БАЙТӨС

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!