Гүлжанат Мақанқызы: Көп балалы шаңырақ-көпшілдікке тәрбиелейді

Гүлжанат Мақанқызы: Көп балалы шаңырақ-көпшілдікке тәрбиелейді

Мөлтек сұхбат

Ауданымыздағы ақ желеңді арулар арасында алтын құрсақтылары көп, Алла бергенін көпсінбесін. Солардың арасынан абайлық қауым Гүлжанат Мұхаметәлиқызын да көпбалалы ана ретінде жақсы біледі. 8 Наурыз қарсаңында шаңырақ ұйытқысы болып отырған анаға арнайы жолығып аз-кем сөзге тартқан едік...

 

— Гүлжанат Мұхаметәлиқызы, сіздің түркінің бір бұтағы саналар Шығыс Түркістанды ен жайлаған ұлттың өкілі екеніңізден хабардармыз. Биыл Қазақстан Халқы Ассамблеясының 20 жылдығы кең көлемде атап өтілмек. Осынау игілікті шара мен Аналар күні қарсаңында өзіңізден арнайы сұхбат алуды ұйғардық. Жалпы, болмысыңыздың қазақы сипаты мол екенін білеміз, бұл жөнінде не айтасыз?

— Иә, бұрындары дәстүрге сай ұлттық киім үлгілерін киіп, ұлттық ас мәзірін қамдауды  дағдыға айналдырған едік. Бірақ, қазақы тәрбие мен қазақтың әдет-ғұрпы қанымызға мейлінше сіңісті болып кеткен. Қазаққа тән барлық ізгі қасиетті өз бойымнан іздейтінімді жасырмаймын. Дархан мінезді далалық мәдениет ешкімді жатсынбайды, баршаны бауырына тартып, барымен бөлісуге әзір. Қазақты өзгеден ерекше етіп тұратын ізгі қасиеттің бірі осы дер едім. Өзім көп балалалы отбасында өстім, сол себепті көпшіл болдық. Ал қазақ әрдайым өз үйінің баланың сыңғыр күлкісіне толы болуын тілеген. Мектеп жасынан бастап Абай мен Шәкәрімнің даналық сөздерін бойымызға дарытып өстік. Қазақы мінез бәлкім осы себептерден қалыптасқан болар...

-Көп балалы ана екенсіз. Жанұяңыз туралы тоқтала кетсеңіз...

— Отағасы Тұрсын Шакуруков ауданның мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы болып қызмет етеді. Өзім 6 құрсақ көтердім, бұл күндері 5 бала өсіріп, тәрбиелеп отырмыз. Ұлым Бекзат Еуразия колледжін тәмамдап, өрт сөндіруші мамандығын алып шыққан. Қазіргі уақытта отау құрып, Қуаныш атты тәтті немеремнің қызығына бөлеп отыр. Келінім Төлтаева Назерке Семей қаласында бала-бақша тәрбиешісі болып қызмет атқарады. Қызым Гүлзат оқуын үздік бітіріп, Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің түлегі атанды, бүгінде ауданның «Қазақтелеком» бөлімшесінде жұмыс істеп жүр. Екінші ұлым Ернұр Семей қаласындағы Геодезия және Картография колледжінің студенті. Ал, Жандос есімді ұлым биыл Абай мектеп-лицейін тәмамдайды. Ұлттық біріңғай тестілеуге қызу дайындық үстінде. Әйгерім атты кенже қызым мектеп-лицейдің 3-ші сынып оқушысы. «Балалы үй базар» деген рас, шүкір, қуанышымыз қуанышқа ұласып жатады. Перзенттерімнің спорттағы, білімдегі, өнердегі және өмірдегі жетістіктеріне әрдайым марқайып, мерейленіп отырамын.

— Отбасыңыздың қызығы тарқамасын! Халықаралық аналар мерекесіне орай аудан тұрғындарына айтар лебізіңіз болса, мархабат...

-«Алып та анадан туады» дейді қазақ даналығы, отбасының ұйытқысы болып отырған аналарды көктемнің алғашқы мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Егемен елдің ертеңі болар ұрпақ тәрбиелеуде ақ жаулықты әжелеріміздің, ақ самайлы аналарымыздың үлесі зор.  Аналық пейілмен тілерім - көзіміздің ағы мен қарасындай осы ұрпақ имандылық пен білімді қатар сіңіріп, әрдайым еңбектеріңізді ақтай берсін! Шаңырақтарыңыздан шаттық үзілмесін! Дастархандарыңыз ырысқа толы болсын! «Әке – асқар тау, ана баурайындағы – бұлақ, бала –жағасындағы құрақ» дейді халқымыз. Ел іргесі аман болып, әр шаңыраққа берекесі ұяласын дегім келеді.

-Айтқаныңыз келсін! Отбасыңызға мол жақсылық тілейміз! Тұрсын ағамыз екеулеріңіз перзент қызығына кенеле беріңіздер! Сөз соңында Халықаралық әйелдер мерекесімен және де көктемнің осынау көрікті мейрамымен тұспа-тұс келген туған күніңізбен құттықтауымызды да қабыл алыңыз!

 

 

Сұхбаттасқан Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі».

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар