Уәсила Нұрсейіткеліні: Соғыстың салқынына тоңып өстім!

Ауданымыздың әл-ауқатының артуы жолында аянбай еңбек еткен ақ жаулықтылар арамызда көп. Кешегі ана, бүгінгі ақ кимешекті әже атанған солардың бірқатарының еңбек жолы бүгінгілер үшін аңызға бергісіз. Осы ретте аудан өміріне белсене араласып, ел құрметіне бөленген ардақты ана, «Нұр Сана» салт-дәстүр орталығының құрылғаннан бергі  белді мүшесі, ауылының үлгі тұтар аяулы анасы  Уәсила Нұрсейіткелінін айрықша атаумызға болады. Бүгінде 70 жасқа толған ардақты жанды Жеңіс мерекесінің 70 жылдығымен орайласа келген мерейтойына орай әңгімеге тартқан едік.

 

- Уәсила Кәберқызы,  әркім үшін өзінің балалық шағынан тәтті шақ жоқ қой. Бала кезіңізге шолу жасап  өтсеңіз?

- Мен  1945 жылы 22 ақпанда Архат елді мекенінің Орда тауының бөктерінде дүниеге келіппін.  Өздеріңе де мәлім, соғыстан кейінгі ауыртпалыққа толы қиын кезең болатын. Ес біле еңбекке араластық. Үлкендерге қолғабыс жасадық. Жастайымнан сиыр да бие де саудым. Ер-азаматтың жұмысын атқаруға тура келді. Туған әкем  сұрапыл соғыста хабарсыз кеткен болатын. Анамнан да ерте айрылдым. Әкемнің інісі Кәбер өз қамқорлығына алып, өсіріп жеткізді. Қалған балаларға да өмірінің соңына дейін әкелік шарапатын аяған жоқ. Жиыны сегіз баланы бағып-қаққан оның өмірі өнегеге толы десем артық айтпағандығым. Соғыстан аман-есен оралып, басшылық қызметтер атқарған еліне сыйлы азамат болды. Ал оқушы шағыма тоқталар болсам, 1953 жылы Абай орта мектебінің 1-ші сыныбына қабылданып, 1964 жылы 11 жылдықты тәмәмдадым. Алғаш қолыма қалам ұстатып, әріп үйреткен қажы ана, ардагер ұстаз Бағдаш Сақалова еді. Ұстаздарымды әркез мақтан тұтамын.

Соғыстан кейінгі қиын кезеңдер болғандықтан ба, ол кезеңдері қыз балалар ер мінезді болатын. Сол себептен болар, мен спортқа жақын болдым. Қашықтыққа жүгіруден жан салмадым. Ұлдармен бірге «ләңгі» ойнайтынбыз. Ол күндер бүгінде естелікке айналды.

- Ал жас кезіңізде қандай болдыңыз?

- Жалпы, мектеп қабырғасында жүргенде үлгілі тәртібіммен, үздік өнеріммен көзге түсіп, қоғамдық шараларға белсене ат салысқан шәкірттердің бірі  болдым. Бойға сіңген  өжеттілік, алғыр  мінезімнің арқасында болар мақсатыма жетуге талпындым. Сахнада ән айтқанды жақсы көрдім. Әсіресе, алаштан ән оздырған халқымыздың біртуар ұлы кешегі Жәнібек Кәрменовпен  бірге ән шырқаған кездерім есімнен кетпейді.

- Өнерге жасыңыздан жақын екеніңізді білдік. Ал еңбек жолыңыз сол өнермен бірге өрілді ме? 

- Мектеп бітірген соң  Семейдің мал дәрігерлік жоғарғы оқу орнына түсіп, оны бітірген соң 1969 жылы алғашқы еңбек жолымды  өз мамандығым бойынша туған ауылымнан бастадым. Кейінірек Семей қаласына қоныс аударған соң екі жылдай қалада қызмет етіп,  қайтадан аудан орталығы Қарауыл ауылына көшіп келдік. Мұндағы малдәрігерлік  ветеринариялық бөлімде лабороторияда жемісті еңбек етіп, 1996 жылы зейнеткерлікке шықтым. Отыз жыл бойы табан аудармастан бір мекемеде қызмет еттім.  Кезінде еңбегімнің нәтижесі ретінде төсбелгімен марапатталдым. Облыс, аудан көлемінде бірнеше «Алғыс  хаттармен»  марапатталдым. Кейіннен  аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлының қолынан 2013 жылы  «Ардагер ана» марапатын иелендім.  Өнер саласында еңбек етпесем де, кішкентайымнан бойыма дарыған қазақы өнер өзіммен бірге жасасып келеді. Олай дейтін себебім, Қаныша Нұрғалиева бастаған «Нұр Сана» салт-дәстүр орталығында  құрылғаннан бергі мүшесімін,  қазақы нақышта ән айтып жүрмін. Осынау өмірден азды-көпті жинаған өнегемді бүгінгі халқыма арнап, кейінгі буын жастарға үлгі болудан артық бақыт жоқ қой.

 -Өмірде адам бойындағы қандай қасиеттерді жоғары бағалайсыз?

- Мені өсіріп-жеткізіп, қанаттандырып, болашағыма жол сілтеген әкем Кәбер жетім қалған 5 баланы да оқытып, тәрбиеледі деп жоғарыда айтқанымдай, сол бір сұрапыл соғыс жылдарындағы адамдардың бір-біріне деген қамқорлығы, адамгершіліктері, қиын-қыстау кезде  бір-біріне жәрдемдесіп, көмек көрсетуінің өзі неге тұрады?!. Бұл сыйластықтың  кереметтігі, озық үлгісі дер едім.

- «Әйел - бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген даналық сөз сізге арналғандай...

- Отбасында төрт баланы өмірге әкеліп, қазірде Айгүл, Айнагүл атты екі қызымнан өрбіген   Ерқанат, Темірлан және Қанат есімді үш немеремнің қызығына кенелген бақытты әжелердің бірімін.  Ұрпағымның амандығын тілеп, еңбегімнің зейнетін  көріп, Аллаға  мың қайтара шүкіршілік айтып отырамын. Айгүл Абай колледжінде ұстаздық қызметте. Күйеу балам Бауыржан КАМАЗ жүк көлігін жүргізеді.  Қызым Айнагүл үлкен немерем Қанат екеуі Алматыда тұрады. Дегенмен, ғұмырдың көлеңкелі сәттері де болады. Өмірде өкінбейтін пенде жоқ. Жалғыз ұлым Ұшқын мен қызым Алмагүлді ер жеткізіп, үлкен азамат болды-ау дегенде қапалыста айрылып қалғаным маған қатты соққы болып тиді. Тағдырдың басқа салғанына көнбеске амал қанша, қиындыққа мойымай құдай қосқан қосағым мен екі балам, яғни  үш бірдей қимас жандарымды  ерте жоғалтсам да қайратыма мініп, жасымай, «бәрі Алланың жіберген сынағы» деп сабырлыққа салдым.  Бүгінде дос-жараным көп, ағайын-туысқа қадірлімін, ұрпағыма үлгілі анамын, немерелеріме сүйікті әжемін. Жастарға айтарым, қандай қиындық кездессе де  мұқалмай, бірлесе, ақылмен шешіп, сабыр мен төзіммен қараңдар дегім келеді.  Салған әуезді әніммен  ауданымыздың мәдениетінің дамуына «Нұр Сана» салт-дәстүр орталығы ұжымымен бірге сәл де болса үлесім тиіп жатса, сол мен үшін зор қуаныш.

- Еліңізге айтар бір ауыз аналық тілегіңіз?

- Биыл міне, 70 жасыммен қоса  әкелеріміз қаны мен жанын бере жеткізіп кеткен Жеңістің 70 жылдығын да қарсы алғалы отырмын. Сол бір жылдары бар ауыртпалықты көзіміз көрді ғой.  Елімізде енді мұндай алапат болмасын,  қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған бейбітшілік заман болсын деп тілеймін. Жақсылықтар қашан да мол болғай. Ауданымыз жыл өткен сайын құлпырып, жаңару үстінде. Бұл да ертеңгі ұрпақ үшін жасалып жатқан игілікті қадамдар. Аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлына аудан аналары атынан айтар алғысым шексіз. Қарауылымыздың қала тәрізді абаттанып, көркеюіне бар күші-жігерін  жұмылдырып жатыр. Елбасымыздың көрегендігінің арқасында әлемнің дамыған 50 елінің қатарына еніп отырмыз. Осының барлығы бүгінгі бейбіт заманның жемісті нәтижесі дер едім. Еліміз аман болсын, ел қамын ойлар ер аман болсын, аналық ақ тілегім сол...

- Сұхбатыңызға көптен көп алғыс білдіреміз. Торқалы мерейтойыңыз қайырлы-құтты болсын. Ауыл-аймағымыздың көркі болып арамызда ұзақ ғұмыр сүріңіз!..

 

Әңгімелескен Анар СӘРСЕНБИНА,

«Абай елі»

 

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!