Қажылық - 2015
ҚАСТЕРЛІ САПАРҒА АҚ ЖОЛ ТІЛЕДІ
Қыркүйек айының 14-і күні мұсылман күнтізбесі бойынша Зульхижжа айы басталады. Бұл асыл дініміздегі бес парыздың бірі – қажылық жасау маусымының басталуы деген сөз. Жер-жерлерде қастерлі Мекке, Мәдина қалаларына құлшылық ниетімен сапар шегуші ел азаматтарын шығарып салу рәсімі өтіп жатыр.
Бұл ретте ұлы сапарға ниет етуші жерлестеріміз аз емес. Мәселен, биыл қасиетті жерге барып, ғибадат етіп қайтуға бекінген Абай ауданының Құнанбай қажы атындағы мешітінің бас имамы Болат Самырбаевты ауылдастары ақ жол тілеп, шығарып салды.
Жыл сайын қажылық айында Аллаға мойынсұнған, Оның мейірімінен үміт ететін миллиондаған жүректер ең алғаш Ислам негізі қаланған, Құран түсірілген, Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) маңдайы сәждеге тиген мекенге қарай құлшылық ниетімен асығады. Биылғы жылы қажылық сапарға Қазақстаннан 5 мың адам аттанады деп күтілуде. Олардың арасында абайлықтар да бар. Рас, бірі тура Абай елінің өзінен аттанса, енді бірі Семей, Алматы қалаларынан жолға шығуда.
Ауданымыздың бас имамы Болат Самырбайдың алғашқы сапарына орай тілектестік білдіре барған ауданның ішкі саясат бөлімі бастығының міндетін атқарушы Ұлан Сағадиев, дін істері жөніндегі маман Жарас Сәбитұлы, Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Таңат Мағауин және «Абай елі» газетінің директор-бас редакторы Нұржан Байтөс бас имамның қажылық сапар жөніндегі салиқалы әңгімесіне қанығып, өз кезектерінде жылы лебіз білдірді. Сондай-ақ, Алланың назарындағы қос шаһардағы ғибадат барысында еліміздің тыныштығы үшін, Абай елінің гүлденіп, өркендеуі, халқының береке-бірлігінің арта беруі үшін дұға етуін де өтінді.
Араб жазирасында екі аптадан аса болатын ел қажылары тек қыркүйектің 24-і Құрбан айт мерекесі өткен соң ғана бір-ақ оралады.
Абай елінің тарихында Меккеге бір емес, бірнеше мәрте сапар шеккен, Алла алдындағы парызын орындауда қиындық-машақаттарды жеңе біліп, мал сарп қылудан аянбаған небір айтулы тұлғалар өткен. Кешегі Құнанбай қажы, Шәкәрім қажы барған жолмен бүгінде иманын – жиған байлығым деп білетін абайлық мұсылмандар да жиі ат ізін салып жүр. Осы жайында айтып өткен Ұлан Болатұлы бас имамға бір замандарда Құнанбай Өскенбайұлы бастаған Тобықты елінің игі жақсылары тәкие (қажыларға арналған қонақ үй) салдырған Мекке шаһарына жасайтын сапарының оң болуына тілектестік білдірді.
Ұлылар елінің рухани әлемінің жандануына, аудан жастарының имандылыққа бет бұруына елеулі үлес қосып жүрген Болат Нұрболатұлына біз де, амал-ниетіңіз, ғибадат-құлшылығыңыз қабыл болып, сапарыңыз оң болсын демекпіз.
Анар ҚАБДУӘЛИҚЫЗЫ,
«Абай елі»