Облыс орталығындағы брифинг

Облыс орталығындағы брифинг

Тұрсынғазы Мүсәпірбеков:

ҚЫМЫЗ ИНДУСТРИЯСЫНДА ҮЛЕСІМІЗ БАСЫМ

 

Қарашаның 11-і күні Өскемен қаласындағы ШҚО ақпараттық орталығында Абай ауданының әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков республикалық және облыстық БАҚ өкілдерінің қатысуымен брифинг өткізді. Басқосуға аудандық мәслихат хатшысы Төлеубек Аманғазы да қатысты. Брифинг барысында ауданның бүгінгі даму қарқыны мен алдағы жылға жоспарланған бірқатар мәселелер сөз болды.

Баспасөз мәслихатын Абай ауданының дамуы мен атқарылған шаралар, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы, межелі жоспарлар туралы баяндамамен ашқан аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлы ұлылар елінің тыныс-тіршілігіне кеңінен тоқталды. Әсіресе, Елбасының «100 нақты қадам» атты Ұлт жоспары аясындағы атқарылған шаралар мен ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық өмірінде орын алған жаңалықтардан хабардар етті.

Аудан әкімі атап өткендей, ауыл шаруашылығы саласында атқарылған айшықты іс бар. Мәселен, мемлекеттік «Сыбаға», «Жайлау», «Құлан» бағдарламалары есебінен асыл тұқымды түлік санын еселеп арттырған шаруа қожалықтары көп. Асыл тұқымды малдың үлес салмағы 21 пайызға жетіпті. Аталмыш көрсеткіш бойынша, Абай ауданы бүкіл республикадағы өңірлер арасында 7-ші орында тұр. Сондай-ақ, тағы бір ерекшелік – тың бағыт өндіріс саласында да жандану байқалады. Атап айтсақ, үдемелі индустриялық жобалар қатарына кірген «ГРК Бөрлі» ЖШС «Мақсұт» кен орынында флотациялық тәсіл арқылы мыс қорыту мақсатымен кен байыту фабрикасының құрылысын жобалауда. Қорыта айтқанда, аудан өмірінің барлық салаларында да қарқынды іс бар.

Осыдан кейін аудандық мәслихат хатшысы Төлеубек Аманғазы сөз алып, кең көлемде аталып өткен Ұлы Абайдың 170 жылдық мерейтойы жайлы әңгімелеп өтті. Сондай-ақ, ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, Жидебай қорық-мұражайында бой көтерген халыққа қызмет көрсету орталығы туралы да сөз қозғады.

Осылайша, брифингтің жалғасы сұрақ-жауап бөліміне ойысты. «Атамекен» телеарнасының тілшісі Әсем Қайратбек аудан әкіміне қойған сауалында «мал шаруашылығы қарқын алған ауданда малдәрігері мамандарының жетіспеушілігі сезіле ме, мал сою алаңы жеткілікті ме?» деп сауал жолдады. Журналист өз сұрағында аудандағы туризм саласына да тоқталып, тарихи археологиялық ескерткіштердің сақталуы жайында да қызығушылық танытты.

Тілші сауалына жауап қайырған аудан әкімі малдәрігерлерінің тапшылығы бұрындары сезілгендігін, ал қазір Абай ауданындағы Кеңгірбай би ауылдық округіндегі «Абай колледжі» арқылы арнайы мамандарды оқыту, оларды жұмыспен қамту жолға қойылғандықтан бұл түйіткілді мәселе толық шешім тапқандығын жеткізді. Сондай-ақ, аудандағы мал сою алаңдары да өз жұмыстарын қарқынды атқарып, тіпті, ет өнімінің көлемді болуына байланысты шағын цехтардың қызмет атқарып тұрғандығын атап өтті. Аудандағы туризм саласы да кең өріс алған. Оған себеп, Орда тауының бөктерінде орналасқан этноауыл кешенінің күн өткен сайын халыққа көрсететін қызметінің артуы болып отыр. Мәселен, биыл аталмыш кешенде мүмкіндігі шектеулі балаларды емдейтін иппотерапия курсы жолға қойылды.

Облыстық «Дидар» газетінің тілшісі Мұратхан Кенжеханұлы Шыңғыстау өңірінде сүт жинау пунктері жұмысының қалай жүргізіліп жатқанын сұраса, Өскемен қалалық «Менің өлкем» газетінің тілшісі Аян Өмірбаев аудандағы миграциялық жағдай, яғни халық санының өсімі толғандыратынын айтты.

Сауалдарға жауап қайырған аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков дәлелді түрде тұщымды мысалдар келтіріп өтті.

- Абай ауданында сүт өндіру көлемі аз. Оған себеп - жайылымның сүтті бағыттағы түліктер өсіруге сәйкес келмейтіндігінде. Алайда, облыс әкімі Даниал Ахметовтың сүт-тауарлы фермалар құру туралы тапсырмасы аясында біз қазір қымыз индустриясының дамуына екпін беріп отырмыз. Мәселен, Саржал ауылдық округінде бие сүтін қабылдайтын арнайы пункттер аштық. Қымыз ащытатын, автоматтандырылған цехтар жұмыс істеп тұр. Өндірілген сусын құтыға құйылып, арнайы сауда белгісі арқылы сатылымға шығарылады. Атап айтсақ, Өскемен, Қарағанды және Астана сияқты ірі қалалардың дүкендерінде сөрелерге қойылып сатылуда. Оған қосы ауданымызда бір шаруа қожалығы 22 млн. теңге көлеміндегі қаражатқа несие рәсімдеп, арнайы қондырғы сатып алды. Алдағы уақытта ол цехтың да жұмысы іске қосылып, халықтан қосымша бие сүті жиналатын болады. Қазіргі уақытта Саржал ауылында жаз айларында күніне 5 тонна қымыз сыртқы саудаға шығарылады. Сол себепті біз қымыз өндіру пункттерін ашу мен жүйелендіру тұрғысынан қарқынды жұмыс атқарудамыз, - деп атап өтті аудан әкімі.

Ал халық санының өсіміне байланысты қойылған сұраққа аудан басшысы:

- Тұрғындар санының өсу көрсеткіші былтырғы жылмен салыстырғанда 5 %-ға өсіп отыр. Туу көрсеткішін алатын болсақ, жоғарылап келе жатқанына көз жеткізуге болады. Мәселен, былтырғы жылы 176 сәби өмірге келіп 12,3% болса, биыл 13,3%-ды құрап 186-ға көтеріліп отыр. Табиғи өлім-жітім мәлесіне келетін болсақ, былтырғы жылы 8,1% болатын болса, ағымдағы жылы 8,3%. Ал ана өлімі соңғы екі жылда тіркелмеген. Жалпылама айтатын болсақ, соңғы үш жылда аудан халқы тұрақтанып, көшу үдерісі баяулап, керісінше қаладан ауданға көшіп келіп жатқандардың үлес салмағы артып келе жатқанын байқап отырмыз. Ауданда 16 мың тұрғын бар, - деп қорытындылады.

Сондай-ақ, брифинг барысында журналистер назарына Ұлы Абайдың 170 жылдық мерейтойы қарсаңында түсірілген арнайы деректі фильм де ұсынылды.

 

Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі»

Қарауыл-Өскемен-Қарауыл

 

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!