ХАКІМ МЕРЕЙТОЙЛАРЫ ҚАЛАЙ АТАП ӨТІЛДІ?

Абайдың туған күндерінің атап өтілуі жайында

 

ХАКІМ МЕРЕЙТОЙЛАРЫ ҚАЛАЙ АТАП ӨТІЛДІ?

 

Абайдың мерейтойын атап өту – күллі қазақ еліне ортақ абырой. Бұл ретте әр жылдарда халқымыздың бас ақынының құрметіне орай мерекелік шаралар ұйымдастырылған болатын. Ол жайындағы естеліктер ел ішінде жетерлік. Десекте, Абай тойы жайындағы жылнамалық деректер мен әйгілі адамдардың естеліктерін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

1915 жыл: Абайдың 70 жылдығы

Ұлы Абайға арналған ең алғашқы мереке 1915 жылы Семей қаласында болып өтті. Хакімнің туғанына 70 жыл толуына арналған кешті 1915 жылы 13 ақпанда Нәзипа Құлжанова, Нұрғали Құлжанов ұйымдастырған екен. Кеш бірнеше бөлімнен құралып, қазақтың ұлттық ойындары, ән-күйлері орындалған. Сонымен қатар Жүсіпбек  Аймауытов пен Тұрар ханым Қозыбағарованың ойнауында «Біржан-Сара» айтысы сахнада көрсетіліп, Абайдың әндері орындалған.

Кешке тек жастар ғана емес, «әйел бала-шаға, қыз келіндерін ертіп үлкен адамдар да қатысқан. «Сибирская жизнь», Семипалатинский телеграф», «Барнаульский» газеттерінің хабаршылары кеш барысын жазып алған. Атап айтатын жайт, осынау Абайға арналған кештен түскен қаржының жартысынан көбі Петроградтағы мұсылмандар лазаретіне, қаладағы ақшаға зәру оқушыларға бөлініпті.

1924 жылғы «Қазақ тілі» газетінде, желтоқсан  күнгі №131 (530) 27 санында былай делінген:

«Лунгар клубында өткен атақты сыршыл ақын Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының дүниеден өткеніне 20 жыл толғанын еске түсіру үшін Семейдің «Географический обществосы» құрметтеп ескерткіш кешін жасады.

 Кеш тәртібі:

  1. Абайдың өмірбаяны (баяндамашы Ғаббас Халел);
  2. Қазақ әдебиетіне сіңірген Абайдың еңбегі (баяндамашы М.Әуезов);

3. Мінез көріністері (жолдасы Көкбай    Жанатаевтың әңгімелері);

4.Абайдың әндері (әншілер Әмңре, Әлмағанбет)

Келушіге билет тегін таратылып, кеш сағат 6-дан қалмай басталады.

Кеш өткізетін комиссия атынан Әлкей Марғұланұлы».

 

1940 жыл: Абайдың 95 жылдық тойы қарсаңында

 М.О.Әуезов жазған мақаладан үзінді

«Семей облысының жұртшылығы биыл Абайдың 95 жылдығын еске алуды мақсат етіпті. Бұл 95 жылдық юбилей 1945 жылы болатын шыны зор 100 жылдық юбелейдің алдындағы бір жақсы әзірлік ретінде өте аса бағалы болар еді...

...Осы алдымыздағы күзде Қазақстанның 20 жылдығы қарсаңындағы Абай жинағын орыс тілінде жақсы қылып аударып бастырып шығаруды «Политиздат» өз міндетіне алды. Онымен қатар 95 жылдық туралы да біздегі жазушылар жұртшылығы мен ғылым орындары боп қолға алатын бірнеше міндеттер бар. Бұл мақалада осы жөніндегі ұсыныстарды айтайын. Ең әуелі Абайдың жүрген жері, туған жайларын еске алғанда Семей қаласындағы 2 үйін ғана айтып қою емес. Абай оқыған Ахмет Риза медресесінің үйі қазірде Семейде бар. Оған да Абайдың бір белгісін қою керек және Абайдың көп өмірі қырда өтсе, сол қырдағы жайларын да сол бұрынғы қалпына келтіріп сақтау керек. Бүгін Абайдың зираты тұрған «Жидебайда» Абайдың қыстауы бар. Соның төбесін қайта жаптырып, ішін бұрынғы қалпына қайта жабдықтап қойса, қолдан келмейтін іс емес. Абайдың туған, тұрған жеріндегі бағалы бір музей соның өзі де бола алады. Онан соң Семейден 120 шақырым жерде, Ақшоқыда Абайдың 1895 жылға дейін тұрған қыстауы бар. Оны түзеттіріп, сақтау қажет. Ал, Абайдың зиратын айтқанда, мрамор тас қою жақсы. Сонымен қатар қабірінің үстіне бюст (кескінін) жасатып қою, зираттың айнасын темір шарбақпен қоршату да қажет...

            Міне, Семей облысы бастап отырған істерге осы айтылған қосымша жұмыстар ілесе жүрсе, біз 95 жылдық юбилейден көп табыс тапқан болар едік. Әрине, бұл аталған істерді жалғыз облыс емес, біздің Жазушылар Одағы мен Ғылым академиясының филиалы қоса атқарысу қажет.       

 

1945 жыл: Абайдың 100 жылдық тойы.

Абайдың 100 жылдық тойының ұмытылмайтын, аса ерекше саналатын себептері бар. Біріншіден, ол той Ұлы жеңістен соң іле-шала тамыз айының аяғында өтті. 4 жыл бойына қиын тұрмыс кешкен адамдар сол тойдың арқасында, бір жұмаға болса да, шөлден шығып көлге жолыққандай молшылыққа кенелді.

Екіншіден, халық Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов секілді көптеген тарихи адамдармен дидарласты. Бұл жөнінде Қарауыл селосының тұрғыны зейнеткер – ұстаз Ұлықбек Байырбекұлын сөйлетейік:

-Ол тойды өткізу,-дейді қарт ұстаз өткенді еске түсіріп, негізінен үш адамға: Шыңғыстау  (ол кезде Абай есімі әлі берілмеген) Шұбартау, Абыралы аудандарына жүктелген ғой. Тігілген киіз үйлер, мама биелер, үйдің жасау-жабдықтары осы үшеуінен жиналды. Тойдың қызықты көріністері, қазіргідей Қарауылтөбе жазығында емес, селодан 45 шақырым әрірек Ақжар деген жерде өтті. Тоқсан ат желіге тартылды, 32 жүйрік жал-құйрығы сүзіліп бәйгеге қосылды. Сонда бірінші болып көмбеден өткен менің қараторы атым еді. Отыз шақырымға сыр білдірмей тың жетті жануар. Бір айдай баптаған еңбегімді ақтады.

Абайтану ілімінің білгірі Қайым Мұхаметхановтың сөзі: Мен ол кезде Қазақстан Жазушылар Одағының Семейдегі бөлімшесін басқаратынмын. Тойға Қазақстанның әр облысынан мықты ақындар шақырылды. Семейдің Шар ауданынан Төлеу Көбдіков, Жармадан Сапарғали Әлімбетов пен Нұрғали Таңатаров т.б. солардың арасынан менің назарымды қатты аударған павлодарлық әнші-ақын Естай Беркімбаев, дәлірек айтсам оның саусағындағы алтын жалатқан жүзік «Апыр-ау, осы жүзік баяғы Қорлан қызға байланысты болмаса игі?!»  Басыма келген осынау ой-тұспалым теріс кетпепті. Той тарқаған соң Семейге бірге қайтып, Естайды үйіме қонаққа шақырдым. Қонақта отырып Естай сері бұл жүзікті жансүйер ғашығы Қорланның сыйлағанын, екеуінің бірге өмір сүруіне тағдырдың қоспағанын, мына жүзікті Қорланның көзіндей, бозбала шақтың бірден –бір куәсіндей көріп сақтап жүргенін майын тамыза баяндады. «Қорландай» ән туғызған қызды да, қыздың мына жүзігінде де арман жоқ-ау» -дедім іштей.

 

1971 жыл: Абайдың 125 жылдығы

     Ұлы Абайдың 125 жылдығы әлденеше себептермен бір жыл кешігіп, 1971 жылы өткізілді. Бұл жолғы жұртшылықтың жиналған жері Қарауылтөбенің етегіндегі кең жазық. Әдеттегіден, Семейден шыққан қалың нөпір, жеңіл машиналар шеруі жолшыбай Күшікбай кезеңіне Абай мен Әйгерім танысатын Шілікті кезеңге, Еңлік-Кебек мазарына тоқтап тыныстады. Бөріліге киіз үйлер тігілді. Шеру тоқтаған жерде ел азаматы Бәтташ Сыдықов келуші меймандарды Шыңғыс өңірінің арғы-бергі тарихымен тыныстырып шығады. Жидебай  қорығына барғандар әр экспонатқа таңырқай қарайды. Сондай экспонаттың бірі, кезінде Абай қашап жазғызған, інісі Оспанның басына қойылған құлпытас болатын. Тас бетіндегі жазу араб әрібімен әдіптелген.

Осы ретте «Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, айтыскер ақын Қалихан Алтынбаевтың мына бір естелігін келтіре кетуді жөн көрдік.

«Иә, ол күндер қызғылықты,  тәтті күндер еді. Әйтседе, санама терең сіңіп қалған мына көріністерді ұмытар емеспін. Біріншісі, біздің Абайға арнаған өлеңімізді академик Ғабит Мүсіреповтің келіп тыңдағаны. Мүшайра далада өткен-ді. Ғабең көгалға малдасын құрып отырып, тапжылмастан тыңдады. Ол кісінің қарсысында, соның алдында ғана Абай рөлін ойнап шыққан бір әуесқой артист отырған-ды. Әлі бет бояуы сүртілмеген, жапсырулы сақалы алынбаған. Кәдімгі Абайға ұқсайды. Мен өз кезегімде әлгі артистке қарап қызулана төгіп жіберіппін шумақтарымды

Әуелі елге келіп тіл үйренсін,

КазГУ-де баспа орнына секірмесін.

«Өлең -сөздің патшасы» деп едіңіз,

Сол патшаның қадірін кетірмесін...

Оқуды бітіре сала баспаға орналасып, жыл сайын шикілі –пісілі жинақтарын шығарып жүргендерді осылайша сынап тастадым. Сөзім Ғабеңе ұнаған сияқты. Болар-болмас бас изеді. Сонысының өзі маған ат мінгізгендей болды».

Иә, дана Абайдың әр жылдарда өткен мерейтойларында осындай, біз біле бермейтін сыр бар.

 

Әзірлеген Тәңірберген Гүлзат Сәлемқызы

Бөрлідегі Мұхтар Әуезов мұражай-үйінің аға ғылыми қызметкері

 

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар