РУХАНИ ҚАЗЫНАМЫЗ МОЛАЮДА

Кітапхана  әлемінде

 

 

         Кітап - адамзаттың сан ғасырлық ақыл-ойының алтын кені, тарихы мен тағылымының сыр сандығы. Құндылығы жоғары тарихи жинақтар мәдениет пен руханиятты сақтап қорғауда теңдесі жоқ құрал болып табылады. Әрдайым адам баласын ағартушылыққа бастап, сана төріне сәуле болып құйылып, көкірек көзін ашатын алтын қазына да кітап. Қала берді қалың-қалың қаттамалар бабалар мұрасының сарқылмас қоры. Кітап білімімізді молайтып, рухани ой-өрісімізді кеңейтіп, сөздік қорымызды байытып, таным-түсінігімізді дамытатын құндылық. Ал қазақ жазба әдебиетінің, ақыл-ойының кеніші саналатын Абай елі кітапты қастерлеу бойынша да алда келеді. Мәселен, сан алуан кітап қорымен бай, рухани ошақтардың бірі ауданымыздағы М.Әуезов атындағы орталықтандырылған кітапхана қоры жуырда тағы бір топ құнды қазынамен толықты.

Бабалар дәстүрі бойынша жыл басы саналатын ұлыстың ұлы күні Әз-Наурыз мерекесіне орай аудан орталығындағы кітапхана бөлімшесіне мол данамен түрлі тақырыптағы жинақтар тарту етілді. Атап айтсақ, жерлесіміз, бірқатар лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, бүгінде ҚР мәдениет және спорт министрінің жауапты хатшысы болып отырған ел ағасы Қуатжан Уәлиев абайлық оқырмандар үшін ерекше сый жасады. Әлбетте, бұл том-том жинақтардан тұратын тартуды халқымыздың қабырғалы жазушысы М.Әуезовтың 120 жылдығына орай, қаламгер есімін абыроймен алып жүрген мәдени мекемеге жасалған сый-құрмет деп білген абзал. Мұндай ыстық ілтипат кітап әлеміне жанашыр аудан тұрғындары тарапынан да жиі жасалатынын айтқан мекеме басшысы Рысбүбі Молдаханова бұл пікірімізді қуаттай түсті.

-Біздің мекемемізге жиі бас сұғатын оқырмандарға арнап кейбір қолы ашық, жомарт жандар өз үйлеріндегі жеке кітапханаларынан кітаптар әкеліп сыйға тартып жатады, - дейді өз сөзінде басшы.

Ал, қашанда туған жердің туын биіктетіп, ел абыройын асқақтатып жүрген текті ағалар  Тайыр Мансұров және Ерлан Бәтташұлы өткен жылдың наурыз айында өз кітаптарын  тарту еткендігінен абайлық қауым құлағдар. Бүгінде осы игі үрдісті жалғастырған жерлесіміз Қуатжан Серікқазыұлы 250 дана кітапты сыйға тартты.

Бұл туындылардың арасында саяси – қоғамдық жинақтар, поэзия, көркем әдебиет және «Қазақ батырлары» сынды фольклорлық-эпостық шығармалар, «Қазақ хандығы» туралы тарихи құнды кітаптар мен әр сала бойынша әдебиеттер бар екен. Мәселен, Берекет Кәрібаевтың «Қазақ хандығының күшеюі», Ораз Қауғабайдың авторлығындағы «Әз Тәуке және Әлмерек», Болатбек Төлепбергеннің «Қасиетім - Желтоқсан» сынды және де «Қазақ хандары», «Қазақ тарихындағы әйелдер», «Қазақ халқының ұлт-азаттық күресі» атты тарихи тұрғыдан тағылымы мол дүниелер топтасқан жинақтар кітапқұмарларды бірден баурап алады. Бұл бірінші кезекте тарихын танып өсу тұрғысынан әсіресе жас ұрпақ үшін таптырмас кітаптар екендігі айқын.

Кітапхананың арнайы мүйісінен орын тепкен бұл кітаптарға қызығушылық танытушылар қазірдің өзінде мол екен. Осынау жаңа қордан сұраныс жасатып жатқан оқырмандардың  алғашқы легіне біз де куә болдық.

Мәселен, рухани орталыққа жиі келетін тұрғындардың бірі Қағазбеков Әлібек ағамыз Қуатжандай халықшыл ұлға абайлық қауым атынан, барша оқырман атынан зор алғысын жеткізе келе, жүрекжарды пікірімен бөлісті.

-Мен осы кітапхананың тұрақты оқырманымын. Түрлі тақырыптағы кітаптарды алып оқимын. Жалпы, Абай елінде өмірін кітапсыз елестете алмайтын жандар көп, солардың  бірімін десем де болады. Ал біз оқырман ретінде бірінші кезекте кітапхана қорына келіп түскен тың туындыларды, жаңашыл бағыттағы соны шығармаларды оқып, сусындағымыз келеді. Осы ретте осынау мәдени орталықты жаңа туындылармен толықтырып жүретін ел ағаларына алғысымыз шексіз. Бүгін міне, кітап қорын байытқан саяси, тарихи, әдеби бағыттағы кітаптарды шолып шығып көңілім толып отыр. Ендігі аралықта уақыт арнап, көңіліме жақын шығармаларды оқып шықпақпын, - дейді кітапқұмар жан.

         Кітап адамзаттың баға жетпес құндылығы болғандықтан сыйға тартылған осы туындылар сөрелерде шаң басып тұрмай, оқырман жүрегінен орын алып, қолданысына жараса дейміз. Міне, бұл асыл қазынамызға деген құрмет болар еді. Өз кезегімізде абайлық қауым атынан, кітапсүйер оқырмандар атынан ел ағасы Қуатжан Уәлиев мырзаға шексіз алғыс білдіреміз. 

 

Тоғжан РАХЫМБЕКҚЫЗЫ,

«Абай елі»

 

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!