Тағы да Абайды оқысақ...

Тағы да Абайды оқысақ...

 Ұлы Абай заман, өмір жайлы:

                         Өмір, дүние дегенің,

                         Ағып жатқан су екен.

                         Жақсы жаман көргенің,

                         Ойлай берсең, у екен,- деп бұл жалғанның ащы-тұщысын  татқан соң айтқаны бар.

          Бүгінгі мың құбылған заманда күнде болмаса да, апта, бір айда не бір жылда Абайды оқып тұрған дұрыс па дейсің.

         Өйткені, Абай өлеңі, Абай сөзі, Абай мұрасы – қай уақытта болсын әр адамның рухани керегіне жарар, қысылған сәтте жүгінер, ақыл қосар, оқысаң таңырқап тәлім алар – таусылмас бай қазына ғой.

Бүгінгі жас ұрпақ осы заманға сай оқып, білім алғанда, өміріне нәр болар рухани қөрек іздегенде – Абай өлеңдеріне, терең пәлсапалық ойларына жүгінсе өзінің жоғын табар, барын толықтырар еді.

          Абай өз ұлты – қазағын жақсы көрген, көре тұра кемшілігін бетіне басып қатты айтқан, одан арылудың жолын нұсқап, нағыз адам болудың қағидасын ұсынған.

          Абай өзінің дәл осы халін 9-шы қара сөзінде:

«Осы мен өзім – қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек еді. Егер жек көрсем сөйлеспес, мәжілістес, сырлас, кеңестес болмасым керек еді»- деп қимастықпен айтқанын қайда қоясың?

            Абайдың ел білетін, жақсы ән-әуені бар  «Сегіз аяқ» атты белгілі өлеңі бар. Оның бастапқы шумақтарын жаттап, әнге қосып, айтып та жүрміз.

            Ал, өлеңді аяғына жеткізіп оқығанда күлдіре отырып, жылатқан, мың  өкініш пен бір үмітке толы ақынның ішкі жан тебіренесін ұғуға болады.

Осы өлеңдегі Абайдың:

                         Еңбек қылсаң ерінбей,

                         Тояды қарның тіленбей, - деген мақал дерлік, қос тіркесін бала күнімізден жаттап, жиі естіп, бүгінгі күнге дейін балаларға айтамыз.

Тағы да Абайдың:

                         Егіннің ебін,

                         Сауданың тегін,

                         Үйреніп, ойлап, мал ізде.

                         Адал бол – бай тап,

                         Адам бол – мал тап,

                         Қуансаң қуан сол кезде, - деген сөзі кешегі емес, бүгінгі нарық заманының сипаттамасы дерсің.

                         Тамағы тоқтық,

                         Жұмысы жоқтық

                         Аздырар адам баласын – деп айтқан Абайдың,қайнап қаны, ашып жаны, сөзін тыңдамай, өзін ұқпай бар қазақтың ортасында моласындай бақсының жалғыз қалғаны тағы шын.

 Абайдың «Заман ақыр жастары» - деп басталатын, сол тұстағы бойы бұлғаң, жалқау, жатып ішер, бос сөзге үйір, қыңыр қылжақпас жастарға айтқан өкпе өлеңі бар.

 Онда ақын:

                         Саудасы – ар мен иманы,

                         Қайрат жоқ бойын тыйғалы.

                         Еңбекпен етті ауыртпай

                         Құр тілмен жиғаны, - деп бүгінгі ары мен иманын саудалап, сабыр қылмай, қайрат жимай, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жан қинамай, қулық пен сұмдықпен адал еңбек етпей байлық жиғандарды сынға алып тұр.

     Абай өлеңдерін, керемет қарасөздерін оқисың да,  ұлы ақынды жаңа танығандай-әрі бас шұлғып, әрі таң қаласың.

     Абайдың «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап» деген өлеңі бар.

                         Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,

                         Әуре етеді, ішіне қулық сақтап

                         Өзіңе сен, өзіңді алып шығар

                         Еңбегің мен ақылың екі жақтап, - деп ақын өмірде бар қарапайым қағидаға терең философиялық мән береді.

   Өлеңнің соңғы екі жолын бүгінгі үлкенді-кішілі шенділер, байлық пен мансап тұтқасын ұстаған шіренгендер, халықтың қамы деп нарықта «нар» болған кәсіпкерлер өздерінің қызмет, мекеме, жеке үйлерінің маңдайшасына іліп қойып үнемі оқып отырса артық болмас еді.

 Тағы да Абай өзінің 37-ші қарасөзінде: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың. Адамдық қарызың үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың»- деп жазған.

           Осы ғибратты сөзге қосарың да, аларыңда жоқ.

           Алланың атын алпыс алты рет айтып, ішкен жегенімді, жасаған зорлық, зомбылық күнәларімді көріп қоя ма деп өтірік қорқып алладан сауға сұрағанша, ел үшін, адамдық қарызың үшін таза еңбек етсең алланың сүйікті ұлы боласың деп тұр-ғой, ұлы Абай:

          Тағы да Абай осы қарасөзінде:

                         Бақпен асқан патшадан,

                         Мимен асқан қара артық

                         Сақалын сатқан кәріден

                         Еңбегін сатқан бала артық – деп асқан мен сатқаны астарлап айтып, өмір деген шахмат ойынында әлдекімдерге мат қойып отыр.

           Абайдың «Талай сөз, бұдан бұрын көп айтқанмын»- деп аталатын өлеңі бар. Тегі Абай сол заманда да адам болудың жолын талай айтқанымен, оған құлақ аспаған жан болмаған соң, нәтижесін көрмеген соң, қайта-қайта айта беруге мәжбүр болғанға ұқсайды.

Сөйтіп өкініп:

                         Адасып алаңдама, жол таба алмай,

                         Берірек түзу жолға шық, қамалмай

                         Не ғылым жоқ, немесе еңбекте жоқ

                         Ең болмаса кеттің-ғой, мал баға алмай- деп өкінішпен айтпаса керек еді?

 Өзінің 42-ші қарасөзінде осы ойын әрі жалғастырып: «Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретінінің бір себебі – жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса қолы тиер ме еді?»- деп адамды қор ететін, жаман адам жасайтын басты кесел жұмыссыздық екенін сол кезде айтып кеткен. Абай өз өлеңдерінде, қарасөздерінде «егін ек, сауда жаса» дегенді жиі айтады. Адал еңбекке негіз болар күн көріс көзін, қалай дәл тауып айтқан!

           33-ші қарасөзінде: «Егерде мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай, адал еңбек сатқан қолы өнерлі – қазақтың әулиесі сол»- деп өнер, білім, мәдениеттің тетігін ұстап адал еңбегін сатқан адам қадірлі дегенді айтады.

Абай осы арқылы өнеріңді, біліміңді арттырайын десең басқалардан үйрен, қолыңдағы барға мәз болмай, одан әрі ізден, талаптан ерінбей еңбек ет, қу тілге алданып, мақтан қума, тамырым, досым деп алтын уақытынды  босқа өткізбе, бар малды шашпа, одан табыс құралмайды, ең бастысы мақтанға мас болып, өтірік жомарт болудан сақ бол деп жақсы өмір сүрудің, нағыз адам болудың  жолдарын ұсынып тұр.

         Абай өзінің 43-ші қарасөзі арқылы  адамның өмірі, ғұмыры өлшеулі дүние деген терең ойды айтады. «Өлшеуін білмек – бір үлкен керек іс. Ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек, құшпақ, сүймек, мал жимақ, мансап іздемек, айлалы болмақ, алданбастық – бұл нәрселердің бәрінің де өлшеуі бар. Өлшеуінен асырса, боғы шығады» - деп адамның бұл пәни тірліктегі өмірінің таразыға салғандай өлшеуі бар екендігін, өлшеуден асқан көп керектің түбі жаманға әкеп соғатынын баяғыда ескерткен.

Ойлы қазақтың тірлікке – тәуба, барға -қанағат, жоққа – салауат, өмір жалған, бәрі уақытша, өлшеулі дүние дейтіні осы. Айтпақшы, Абай 42-ші қарасөзінде, мөлшерден асқан дүниенің азабы мен зардабы бар, көп асқанға бір тосқан деп «Ненің қызығын көп іздесең, соның күйігін бір тартасың» деген айыптауы тағы бар.

             Расында да, қоғамды қор етер, адамды жоқ етер,  ұрлық, қорлық, зорлық, нәпсіқұмарлық, маскүнемдік, мансапқұмарлық, жемқорлық, парақорлық, сыбайластық сияқты дерттердің түбі опа бермесі анық.

            Абай нағыз адам болудың басты қағидасын өзінің 18-ші қарасөзінде: «Тегінде адам баласы, адам баласынан ақыл, ғылым, ар-мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрселермен оздым-ғой демектің бәрі-ақымақтық»- деп нұсқаған.

            Ұлы ақынның дәл осы тұжырымдамасы бүгінде мемлекеттік қызметшілер жан ұшырып жаттап жүрген, жиі сүрініп жүрген ар-ождан кодексі мен қызмет этикасының басты өлшеміне, негізгі қағидасына алса артық болмас еді.

           Расы керек Абайдың мол қазынасын айтып та, жазып та тауыса алмаспыз. Оқып, парақтап ой түйгенде тек көңіліміз қалағанын ғана теріп, жазып отырмыз. Түбіне жеттік, бәрін ұқтық дегенге әлі ерте.

          Осы орайда, Абайдың 2-ші қарасөзін оқығанда, алдымен еріксіз күліп, соңынан ұяттан қысылып оқиды екенсін. Себебі ондағы айтылған ойлар осыдан 150 жылғы қазақ тірлігіне ғана емес, бүгінгі өмірге де қатысы бар.Өз жақынымыз қазақтың бұрынғы өткені, бүгінгі тірлігінде өзге ұлттың баласын сөз қылып, басқаның кемшілігіне күле қарап, өз-өзіне «керемет» баға беріп, өзгенің жақсы ісін көрмей, бізде мынадай бар, мынадай бар деп бос мақтанып, бос күпілдеп, аяғы «өз жыртығын өзі жамай алмай жүргені» рас-қой.

          Абай осы 2-ші қарасөзінде қазақпен қатар тұрған орыс, сарт, ноғай, өзбектердің тірлігін сол тұстағы қазақтың көзімен көріп, мәз болып, күлкі етіп, жел сөзге ерік беріп «сөгетіні» бар.

Іле райынан қайтып, сөз мәтінін өзгертіп «сарт, өзбек дегенім егін егіп, жеміс теріп, сауда жасайды екен, алыс-жақын орысқа қарасам өнер, білім, ғылым өзгеріс сонда екен, татар, ноғайға қарасам ауыр солдаттыққа, тақыр кедейшілікке шыдап, молдалық жасап, медіресе ұстап, дін күтуге бейім екен»- деп ащы шындықты мойындаған. Сөйтіп қайран қалып: «Бағанағы мақтан, бағанағы қуанған, күлген сөздеріміз қайда?»- деп Абай екі алақанын жайып, өз қазағынан жауап сұрайды.

Заман дұрыс, ел аман, іргеміз бүтін десек те, әлі де болса қала тірлігін оңалта алмай, ауыл тұрмысын жақсарта алмай жүрміз. Ел дамуына бөгет болып жатқан мәселелер көп. Сыбайластық, жемқорлық, парақорлық сияқты қоғамға мерез боп жабысқан кесапат дерттерді жоя алмай келеміз.

         Бәрін айтта, бірін айт, ауылдың жырын айт дегендей. Қаланы қойып, қазір ауылда негізгі тіршілік көзі – малға қарайтын, мал бағушы, қара жұмыс істейтін жұмысшы табу қиын, еңбектен қашатын бейнетсіз күн көретін масыл жандар көбейді.

                         Түбінде баянды еңбек, егін салған

                         Жасынан оқу оқып, білім алған

                         Би болған, болыс болған өнер емес

                         Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған, - деген сөзді хакім Абай айтқан. Тағы да тағылым болар Абайдың бұл өсиет сөзі – жас ұрпақ санасына ой салар, олардың алдағы ғұмырына жол көрсетер бағдаршам болса деп ойлайсың. Ойлайсың да, Абайша айтқанда сөз түзелген, енді сен түзел жас ұрпақ дейміз де.

 Әсет Медеуханұлы,

                                                                                                                                             Қарауыл ауылы                

 

 

 

 

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!