Әдебиет және Абай

Болат Жүнісбеков,

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік

тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық

 қорық-мұражайының директоры

                

Төл әдебиетімізді әлемдік деңгейге мәшһүр еткен Ұлы Абай тұлғасы біртуар жыр жұлдызы Мұқағали ақынның жүрекжарды сөзін сәл өзгертіп айтсақ, туған қазағымыздың мәртебесін төрткүл дүниеге асырып, шоқтықтана түседі. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Назарбаев Нұрсұлтан Әбішұлының «Абайдың жолын, істеген ісін біз халқымызға паш етуіміз керек» деген терең ұлағаты жүрегімізді ұлттық мақтаныш сезіміне бөлейді. Соған орай, осыдан жиырма жыл бұрын ЮНЕСКО деңгейінде, халықаралық көлемде 150 жылдығы зор табыспен мерекеленген хакім Абайдың мерейтойы ел тарихы мен оның ұлы тұлғасына деген терең сүйіспеншіліктің айғағы және біздің қызметіміздің айнымас Темірқазығы болып табылады.

Алда Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы да алыс емес. Сондықтан Ұлы ақынның «Жидебай – Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің ұжымы ағымдағы жұмыстарды еңсере отырып, алдағы мерейтойға лайықты әзірлікпен баруды басты мақсат тұтады. Жаһандану үрдісінің ығына небір алпауыт мемлекеттер  жығылған заманда әрбір жыл мен айдың ғана емес, тіпті әрбір апта мен күннің де алар орны айрықша және сол жауапкершілікті жұмыста әрқайсымыздың сезініп  отырғанымыз да шындық. Осыған енді өткен, 2016-шы жылдың туған Қазақстанымыздың Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен атап өтілгенін, ал биыл Астанамызда «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылатынын айтсақ, иықтағы міндет жүгінің бұрынғыдан да салмақтырақ екені түсінікті.   

Ұлы Абайдың киелі шаңырағы – Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің ұжымы үшін, сондай-ақ 2017-жыл – ұлы даланың ұлы перзенті – Ибраһим Құнанбайұлын және туған қазағын әлемге әйгілеген кемеңгер жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің 120 жылдық  мерейтой жылы. Осыны ескере келе өткен жылдың соңында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшылығына «Астана – Защита» Тұлпар-Тальго жүрдек пойызын «Абай жолы» деп атауды ұсынған едік. Олар біздің өтінішімізді құп алып, еліміздің шығысына қатынайтын жолаушылар биылғы ақпан айынан бастап «Абай жолымен» сапарлайтын болды. Жақында бас мұражайда «Абай жолы: алашты паш ектен әлемге», «Шырайлы Шыңғыстау» көрме-экспозициялары ашылды.

Сонымен музейдің биылғы жылғы жоспары республика өміріндегі айтулы оқиғаларға басымдық бере отырып жасалып, ғылым, білім орталықтары және қоғамдық институттармен өзара әріптестік байланыстар өрістей түсуде. Мәселен, соңғы бір-екі айда М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен, Еуразия Ұлттық және Семей мемлекеттік университеттерімен, Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорымен жасалған келісімдер негізінде Семейдің мектеп оқушыларымен қатар енді студенттері үшін де Абайтану дәрістері музей қабырғасында оқытыла бастады. Өзімізде бар үштілді «Абай музейі» және АҚШ елшілігінің  қолдауымен былтыр дүниеге келген екі тілді «визитАбайсемей» сайттарына қосымша биылғы  қаңтар айынан бастап, Абай өмірі мен шығармашылығына арналған  «Абай әлемі» сайтын оқырманға ұсынып отырмыз. Сол сияқты ғылым мен білім ордаларындағы өзара мүдделес әріптестер М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен, сондай-ақ Еуразия Ұлттық  және Шәкәрім атындағы Семей университеттерімен  бірлесе отырып М. Әуезовтің мерейтойына арнап, биыл екі халықаралық конференция өткізілетін болады. Бұған қоса Еуразия Ұлттық университетінің белгілі алаштанушы ғалымдарымен  кеңесе келе музейдің бір бөлімі –  Ұлы Абайдың алақанының табы қалған «Алаш  арыстары – М. Әуезов» мұражайы ғимаратының екінші қабатымен қатар өзі ашылғаннан бері, жиырма жыл бос тұрған бірінші қабатында басталған реэкспозиция жұмыстары былтыр жүргізілген ағымдағы жөндеудің қисынды қорытындысы дер едім.  

Ал, халықаралық ЭКСПО көрмесінде ұлттық рух сарайына, ұлы Абай айтпақшы, «тетігін тауып, бір кірпіш боп қалану» мақсатында жылдық жоспарымызда жаһандық оқиғаға қатысушыларды Абайдың асыл мұрасымен таныстырудың жақсы мүмкіндігін мейлінше пайдалану көзделеді. Жан-жақты дайындық жұмыстарының  алғашқы қарлығаштары ретінде шетелдік оқырмандар үшін ағылшын мен орыс тілдерінде ашылған  «визитАбайСемей» сайтымен қатар Абай өлеңдерінің қойын кітапшасы қазақ, орыс, ағылшын, қытай тілдерінде қонақтарға кәдесый ретінде әзірленді.    

Тегінде, кеше атқарылған, бүгін қолға алынған және ертеңге жоспарланған барша жұмыстың нәтижелі болуы Мәдениет министрлігінің талапшыл басшылығы ғана емес, сауатты бағыт-бағдар беруінің арқасы екені мәлім. Былтыр, айталық,  21-ші сәуірде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінде еліміздің мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қорық-мұражайлардың да туристік әлеуетін дамыту мәселесіне ерекше назар аударып, нақты міндеттер қойды. Бұдан былай реформалау ауқымында 2020 жылға дейін музейлердің функцияларын мәдени-ағартушылық және имидж орталықтарына шейін кеңейту, сондай-ақ ғылыми-зерттеу қызметін дамыту, тарихи ғылыммен, археологиямен, реставрациялаумен, өнертанумен, этнографиямен өзара қоян-қолтық іс-қимыл жасау талап етіледі .

Демек, күнделікті жұмыста қарбаластыққа жол бермей, қат-қабат шаруаның арасынан ең бастыларын бірінші кезекке қоя білудің маңызы ерекше. Мәселен, былтыр музейге келушілерге Тәуелсіздіктің 25 жылдығын арнаулы  экспозиция арқылы зерделетуге баса көңіл бөлінді. Өздеріңіз білесіздер, Тәуелсіздік халқымыздың көптеген қаһарман перзенттерінің қол жетпес арманы болып қалды. Елбасының Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы күндерінде музейге тарту еткен  «Тағзым» кітабына жазған «Абай мұражайы құтты болсын! Абай арманы орындалып, халқымыз бақытқа жетсін!» деген ізгі тілегі жаңа экспозияция залының тақырыбын көрсетіп, оның мазмұнын ашып бергендей еді.

                    Осылайша «Абай арманы» залы былтырғы 22-ші ақпанда Семейге келген республиклық «Мәңгілік ел» пойызы мүшелерінің қатысуымен ашылды. Жаңа экспозиция Елбасының Абайды ардақтауға шақырған сөздерінен арна тартып, одан әрі Тәуелсіздіктің алтын бесігі – Алматы мен Қазақстан Конституциясын ұлықтай келе, Абай жазып, 1885-ші жылы Қарамола съезінде бекітілген Ережеге назар аудартады.

   «Абай арманы» экспозициясы, сондай-ақ Ұлы ақынның жүрегін сыздатқан «Қайран елім, қазағым!..» толғанысының терең сырын туған еліміздің бақыты жолында құрбан  болған, былтыр 150 жылдығы атап өтілген Әлихан Бөкейханның өмірі мен қызметі және елдік пен ерлік рухының қисынды жалғасы, 30 жыл толған Желтоқсан көтерілісінің   мән-маңызы арқылы пайымдатады.  Былтыр көмейіне қорғасын құйылғанына ширек ғасыр болған Семей ядролық сынақ полигонының да данышпан ақын айтқан «өз қолынан ырқы кеткен» халық трагедиясы екенін  деректі материалдармен көз алдымызға жайып  салады.

Музейге келушілер  «Әлемге танылған Қазақстан» мен ертегідей Астанамыздың жүзеге асқан Абай арманының арқасы екенін де осы экспозициямен танысу барысында бағамдай түсіп, мәдениет, өнер мен спорттағы жеңістеріміздің тілеулесіне айналады. Халық ақыны Шәкір Әбеновтің «Ақбатасымен» басталған көрме мазмұнының Елбасының Абай еліне сапарлары және ақын музейіне тартуларымен таразылануы да заңды болса керек.

Музей ұжымы кемеңгер ақынның білімді де өнерпаз, «кеудесі сәулелі» ұрпақ туралы аталық аманатын басшылыққа ала отырып, кезінде хакім Абай оқыған Ахмет Риза мешіт-медресесінің соңғы жылдары бос тұрған   мешіт бөлігінде «Абай» өнер мектебі өз есігін ашып, онда ақындық, мәнерлеп оқу, дойбы мен тоғызқұмалақ үйірмелері жұмыс жасауда. Мектептің тоғызқұмалақшылары  облыстық, республикалық жарыстардың жеңімпаздары ретінде таныла бастады.

Өткен жылы Ұлы Абайдың туған күні – 23-ші тамызда музейдің бас ғимаратының алдындағы сахнадан бала ақындар мен дана ақындар Абай өлеңдерін бір сағат бойы үздіксіз аспандатты. Бұл жерге былтыр көктемде бойлары 1 метрлік қырықтан астам шырша және Құнанбай қыстауы–Қаршоқыдан арнайы әкелінген оннан астам қайың отырғызылып, қазір Зере әже мен Ұлжан ана рухтарына құрметтің айғағындай «Абай аналары» аллеясы желкілдеп өсіп келеді. Семейдегі Абай атын еншіліген бес шаңырақ бірлесіп дайындаған «Абай шаңырақтары шақырады!» салтанатында ақындар жырдан шашу шашып, алтыбақан жанында ән мен күй әуеледі.

 Өнер зерттеушілерінің айтуынша, Абайдың 30 әні мен 3 күйі бар екен. Соған орай бұрын бос тұрған тағы бір залда әйгілі композитор, академик Ахмет Жұбановтың аманатына сай «Абайдың ән-күй мұрасы» экспозициясы ашылды. Бұған қоса музейдің сыйлықтар залының орнына Абай заманынан жеткен этнографиялық жәдігерлер көрмесі ұйымдастырылды. Ал, өнер қанатындағы Абай мұрасы әртүрлі ұлт суретшілерінің туындылары арқылы «1 наурыз –  Алғыс күні» паш етілді. Осы бастаманың жалғасы ретінде Абайдың туған күні қарсаңында музей қорындағы 600-ден астам суреттердің ішінен  іріктеп ала отырып 100-ден астам туынды қойылған «Шыңғыстау» сурет галереясы да келушілердің көңілінен шығуда. Онда Абай еліне арнайы шақырылған Қазақстан суретшілері симпозиумына қатысқан қылқалам шеберлерінің туындылары лайықты орын алды.

Былтыр 100 жылдығы республика көлемінде атап өтілген көрнекті абайтанушы Қайым Мұхамедхановқа арнап, ғалымның туған күні 5-ші қаңтарда тұсауы кесілген шаралар керуені оның өзі егемендігін зарыға күткен елінің Астанасында жалғасып, абайтанудың асқан білгірінің өмірімен және шығармашылығымен келушілер ҚР Ұлттық музейінде, С.Сейфуллин,  мен «АЛЖИР» мұражайларында, Еуразия Ұлттық университетінің «Отырар» кітапханасы мен Ә. Марғұлан атындағы  40-шы мектепте ашылған көрмелер арқылы танысты.

Сондай-ақ, «Абай» журналының арнаулы шығарылымы Абай туралы естеліктерге арналып, Астанада және Түркістан мен Атырауда «Ұлы дала елінің Ұлы ақыны» көрмелері ұйымдастырылды. Биылғы жылы «Абай жыр ақшамдары» республикалық поэзия кешін өткізу жоспарланып, ұлылардың мәңгілік мекені – Жидебайда «Қансонарда бүркітшы шығады аңға...» тақырыбымен ұлттық аңшылық дәстүрін ұлықтау мақсатында «Қыран» федерациясы қоғамдық қорымен (президенті Н.Өнербай) өзара келісім жасалды.

Біздің қызметіміздің басты бағыттарының бірі – ғылыми-зерттеу жұмыстарын табысты жүргізу үшін, ең алдымен, асыл мұраны көздің қарашығындай сақтау керектігін басшылыққа ала отырып, қолжазбалар қоры мейлінше қолайлы әрі қауіпсіз орынға көшіріліп, қайта жабдықталды. Былтырдан бастап музей жексенбі күні де есігін айқара ашып, экскурсиялық-бұқаралық жұмыс бөлімі келушілерді қарсы алуға қолайлы орынға көшірілді. Жидебайдағы Қызмет көрсету орталығы тиісті мемлекеттік мекемелер арқылы кәсіпкерлерге конкурс негізінде жалға беріліп, қызмет сапасы жақсарды. Осындай мүмкіндік тарихи тұлға – Кеңгірбай би рухына тағзым етушілер үшін де ескерілді, жер аяғы кеңісімен киелі жерде музей шырақшысы дұға бағыштап, Би-ата рухына лайық мұражай ашу қолға алынады.

 Жұртшылықты елеңдетіп отырған Абайдың 175 жылдық мерейтойы да енді алыс емес. Сол себепті өзіміз құрамына кіретін Мәдениет және спорт министрлігіндегі әріптестерімізбен ақылдаса отырып, бірнеше мәселені бірінші кезекте қолға алдық. Біріншіден, кезінде Абай оқыған және қалаға келгенінде түсіп жүрген Ахмет Риза мешіт-медресесі және  Әнияр Молдабаев пен көпес Ершовтың үйлері, сондай-ақ 150 жылдыққа салынған күмбезді ғимараттар кіретін Бас мұражай кешеніне Республикалық маңыздағы ескерткіш мәртебесін алу үшін тиісті жұмыс жасалуда. Осы мақсатқа қол жеткен күнде аталған тарихи ескерткіштер «Қазқайтажаңғырту» акционерлік қоғамының жоспарына кіріп, Абай қорық-музейінде құрылыс және көріктендіру мен көгалдандыру жұмыстарын дер кезінде әрі сапалы жүзеге асыру мүмкін болады. Абай мен Мұхтардың мұражай-үйлерінде 2015-жылы аталмыш кәсіпорын  атқарған күрделі жөндеу жұмыстары соған дәлел. Осыған орай Абай мен Шәкәрім кесенелерінің жер тағанында былтыр күзде басталған құрылыс жұмыстары биыл көктемде одан әрі жалғасады.

Сонымен қатар өткен жылы Семейдегі бас мұражай кешені мен Абай ауданындағы Жидебай, Бөрілі бөлімдері, сондай-ақ Ақшатаудағы Құнанбай әулетінің қорымында жақын жылдары түбегейлі күрделі жөндеу мен абаттандыру жұмыстарын жүргізу мақсатында кәсіпорын бойынша құрылыс жұмыстарына тиісті мекемелер арқылы  жобалау-сметалық құжаттар жасату үшін 41 млн. 574 мың теңгеге есептемелер әзірленген еді. Осы қаржы биыл бюджетті нақтылау кезінде бізге бөлінген күнде, бұл - Ұлы Абайдың асыл мұрасын көздің қарашығындай сақтап, оны халықаралық деңгейде лайықты насихаттауға сенімді негіз қалайды.  Ойдан-ой қозғап, қолға алған қыруар істің қағазда қалмай, нақты жүзеге асуы перзенттік парыз ғана емес, міндетті қызметтік шаруа, ал ақынның асыл мұрасына жанашыр ағайын, осыған тілекші болса, құба-құп.

               

 

 

 

 

ЖИДЕБАЙДАҒЫ ЖҮЗДЕСУ

Абайтану әлемінде

                                        

ЖИДЕБАЙДАҒЫ ЖҮЗДЕСУ

 

Абай рухына тағзым жасап, ұлы ақынның соңғы өмір жолдары өткен қара шаңырақты көруді мақсат еткен, барша алаш жұрты үшін қастерлі Жидебайға келушілер легі еш толастаған емес. Өткен жылы берілген ресми есеп бойынша он мыңнан астам адам Жидебайда болды десек, биыл мұражайда қызмет көрсету ақылы болса да оған келуші меймандар легі азайған жоқ. Жуырда ұлы Абай бабамыздың  туған күніне орай шалғайдағы Оңтүстік Қазақстан өңірінен, шырайлы Шымкент қаласынан Байдабеков Анарбек есімді азамат өз отбасы мүшелерімен Жидебайға келіп қайтты. Мақсаты, тілегі, басты ойы - Жидебайға келу, ұлы ақын кесенесін зиярат ету, Абайды тану, оқу, насихаттау, ең бастысы Абайдың туған күнін бар қазақ боп атап өту екен.

Отағасы Байдабеков Анарбек атамыз ғалым болмаса да, абайтанушы дерлік Алаштың оқыған азаматы дерлік тамаша жан болып шықты. Ол Абайдың өзін, сөзін, өлеңін, ән-күйін жақсы білуші ғана емес, шын мәнінде қадірлеуші, насихатшы азамат екен.

Абай еліне сапарға шығу алдында Анарбек ағамыз ғаламтор желісінде Абайдың туған күніне орай «Жидебайда жүздесейік!» деп бар қазаққа жар салыпты. Сөйтіп, сонау Шымкенттен бір мың шақырымнан артық жол жүріп, жан жары Роза Үсенқызын ертіп, келіні Мейіркүл Сұлтанбекқызын қоса ала жүріп, бар немересін ала келген Байдабековтер әулетін қуана қарсы алдық.

Жидебайға жеткен Байдабек Анарбек бастаған отбасы мүшелері бірінші кезекте Абай мұражай үйін аралап, Абай-Шәкәрім кесенесінде болып, бабалар рухына арнап, Құран оқыды. Сондай-ақ, Алла разылығы үшін құрбандық шалып, оның да сауабын даналар рухына бағыштады. Сөйтіп, барша Жидебай тұрғындарын, мұрайжайды зиярат етуші қонақтарды жүздесуге, кездесуге шақырды.

Абайтану орталығындағы мәжіліс залында ұйымдастырылған «Абайды отбасымен оқиық!» атты пікір алмасу кеші өте әсерлі өрбіді. Алғаш болып сөз алған Байдабеков Анарбек өз отбасына Абай өлеңі, әні, әсіресе қара сөздері қатты әсер еткенін, Абай мұрасы арқылы жанұядағы тәрбиесі жаңарып,  балалары мен ұрпақтарының өмір-тірлік қағидаларының өзгергенін мақтана айтты. Әсіресе, отбасы мүшелеріне ұлы Абайдың 10-шы қара сөзіндегі үлгі- өнегелік қағидалары қатты ұнапты. Анарбек аға ғылыми орта мен Шымкенттегі зиялы қауым өкілдерімен, әсіресе, белгілі абайтанушы Мекемтас Мырзахметовпен жиі кездесіп, Абай әлемі тақырыбында сұхбаттасып тұратындығын да айтып қалды. Осыдан кейін мәжіліс залына жиналушылар шын мәнінде «Кіші Абай оқуларын» көргендей бір серпіліп қалды.

Шымкент қаласы №47 мектеп гимназиясының 9 сынып оқушысы Алуа Досымқызы ашық дауыста, мәнерлеп Абай өлеңдерін оқып, кеш шымылдығын ашып, оны жақсы жүргізіп отырды. Арнайы Абай атасының туған күніне дайындалып келген Шымкент медицина колледжінің студенті Әдия Байдабекова Шымкент қаласы №47 мектеп –гимназия түлектері: Досымқызы Рәзия, Байдабеков Әкежан, Байдабеков Рухнидден бірінен соң бірі Абайдың өлеңдерін, қара сөздерін жатқа мәнерлеп оқып берді. Тіпті, отбасының ең кенжесі 2 сынып оқушысы Байдабек Тұнахан Абайдың «Қалың елім қазағым, қайран жұртым!» өлеңін екпінмен ерекше оқыды.

Кездесуге арнайы келген Қарауыл ауылындағы Құнанбай қажы мешітінің имамы Орал Оқанов, аудандық спорт мектебінің мұғалімдері, қазақ күресінің шебері Б.Төлеубаев, тоғызқұмалақ шебері Назым Күзембай сияқты Абай елінің азаматтары сыйлап, Абайды танып, насихаттаудағы Байдабековтер отбасының бұл өнегесін құптап рахмет айтты. Біз де Жидебайдағы Абай мұражай үйі атынан Байдабековтер әулетіне рахмет айтып, ескерткішке Абай кітаптарын тарту еттік.

Абай мұрасы ғылыми ортада насихатталып жатса, Абай өлеңдерін оқушы студент, әдебиетші қауым танып, оқып, біліп жатса оған таң қалуға болмайды. Өйткені, Абай сөзі- қазақтың бойтұмарына айналған, Абай мұрасын бар қазақтың мұрасы ретінде әлем таныған. Ал, бүкіл бір отбасы болып Абайды оқып, танып, біліп, рухани нәр алып жатса, Абайды тануға бар қазақты шақырып жатса, ендеше шымкенттік Байдабековтер өнегесі үйренерлік, бастамасы қолдарлық іс дегім келеді. Бар қазақ Байдабековтердей Абайды танып, оқып, жатса оған тек қуану керек.

 

Әсет МЕДЕУХАНҰЛЫ,

Жидебайдағы Абай мұражай үйінің меңгерушісі.

 

 

 

Абайдың туған күндерінің атап өтілуі жайында

 

ХАКІМ МЕРЕЙТОЙЛАРЫ ҚАЛАЙ АТАП ӨТІЛДІ?

 

Абайдың мерейтойын атап өту – күллі қазақ еліне ортақ абырой. Бұл ретте әр жылдарда халқымыздың бас ақынының құрметіне орай мерекелік шаралар ұйымдастырылған болатын. Ол жайындағы естеліктер ел ішінде жетерлік. Десекте, Абай тойы жайындағы жылнамалық деректер мен әйгілі адамдардың естеліктерін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

1915 жыл: Абайдың 70 жылдығы

Ұлы Абайға арналған ең алғашқы мереке 1915 жылы Семей қаласында болып өтті. Хакімнің туғанына 70 жыл толуына арналған кешті 1915 жылы 13 ақпанда Нәзипа Құлжанова, Нұрғали Құлжанов ұйымдастырған екен. Кеш бірнеше бөлімнен құралып, қазақтың ұлттық ойындары, ән-күйлері орындалған. Сонымен қатар Жүсіпбек  Аймауытов пен Тұрар ханым Қозыбағарованың ойнауында «Біржан-Сара» айтысы сахнада көрсетіліп, Абайдың әндері орындалған.

Кешке тек жастар ғана емес, «әйел бала-шаға, қыз келіндерін ертіп үлкен адамдар да қатысқан. «Сибирская жизнь», Семипалатинский телеграф», «Барнаульский» газеттерінің хабаршылары кеш барысын жазып алған. Атап айтатын жайт, осынау Абайға арналған кештен түскен қаржының жартысынан көбі Петроградтағы мұсылмандар лазаретіне, қаладағы ақшаға зәру оқушыларға бөлініпті.

1924 жылғы «Қазақ тілі» газетінде, желтоқсан  күнгі №131 (530) 27 санында былай делінген:

«Лунгар клубында өткен атақты сыршыл ақын Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының дүниеден өткеніне 20 жыл толғанын еске түсіру үшін Семейдің «Географический обществосы» құрметтеп ескерткіш кешін жасады.

 Кеш тәртібі:

  1. Абайдың өмірбаяны (баяндамашы Ғаббас Халел);
  2. Қазақ әдебиетіне сіңірген Абайдың еңбегі (баяндамашы М.Әуезов);

3. Мінез көріністері (жолдасы Көкбай    Жанатаевтың әңгімелері);

4.Абайдың әндері (әншілер Әмңре, Әлмағанбет)

Келушіге билет тегін таратылып, кеш сағат 6-дан қалмай басталады.

Кеш өткізетін комиссия атынан Әлкей Марғұланұлы».

 

1940 жыл: Абайдың 95 жылдық тойы қарсаңында

 М.О.Әуезов жазған мақаладан үзінді

«Семей облысының жұртшылығы биыл Абайдың 95 жылдығын еске алуды мақсат етіпті. Бұл 95 жылдық юбилей 1945 жылы болатын шыны зор 100 жылдық юбелейдің алдындағы бір жақсы әзірлік ретінде өте аса бағалы болар еді...

...Осы алдымыздағы күзде Қазақстанның 20 жылдығы қарсаңындағы Абай жинағын орыс тілінде жақсы қылып аударып бастырып шығаруды «Политиздат» өз міндетіне алды. Онымен қатар 95 жылдық туралы да біздегі жазушылар жұртшылығы мен ғылым орындары боп қолға алатын бірнеше міндеттер бар. Бұл мақалада осы жөніндегі ұсыныстарды айтайын. Ең әуелі Абайдың жүрген жері, туған жайларын еске алғанда Семей қаласындағы 2 үйін ғана айтып қою емес. Абай оқыған Ахмет Риза медресесінің үйі қазірде Семейде бар. Оған да Абайдың бір белгісін қою керек және Абайдың көп өмірі қырда өтсе, сол қырдағы жайларын да сол бұрынғы қалпына келтіріп сақтау керек. Бүгін Абайдың зираты тұрған «Жидебайда» Абайдың қыстауы бар. Соның төбесін қайта жаптырып, ішін бұрынғы қалпына қайта жабдықтап қойса, қолдан келмейтін іс емес. Абайдың туған, тұрған жеріндегі бағалы бір музей соның өзі де бола алады. Онан соң Семейден 120 шақырым жерде, Ақшоқыда Абайдың 1895 жылға дейін тұрған қыстауы бар. Оны түзеттіріп, сақтау қажет. Ал, Абайдың зиратын айтқанда, мрамор тас қою жақсы. Сонымен қатар қабірінің үстіне бюст (кескінін) жасатып қою, зираттың айнасын темір шарбақпен қоршату да қажет...

            Міне, Семей облысы бастап отырған істерге осы айтылған қосымша жұмыстар ілесе жүрсе, біз 95 жылдық юбилейден көп табыс тапқан болар едік. Әрине, бұл аталған істерді жалғыз облыс емес, біздің Жазушылар Одағы мен Ғылым академиясының филиалы қоса атқарысу қажет.       

 

1945 жыл: Абайдың 100 жылдық тойы.

Абайдың 100 жылдық тойының ұмытылмайтын, аса ерекше саналатын себептері бар. Біріншіден, ол той Ұлы жеңістен соң іле-шала тамыз айының аяғында өтті. 4 жыл бойына қиын тұрмыс кешкен адамдар сол тойдың арқасында, бір жұмаға болса да, шөлден шығып көлге жолыққандай молшылыққа кенелді.

Екіншіден, халық Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов секілді көптеген тарихи адамдармен дидарласты. Бұл жөнінде Қарауыл селосының тұрғыны зейнеткер – ұстаз Ұлықбек Байырбекұлын сөйлетейік:

-Ол тойды өткізу,-дейді қарт ұстаз өткенді еске түсіріп, негізінен үш адамға: Шыңғыстау  (ол кезде Абай есімі әлі берілмеген) Шұбартау, Абыралы аудандарына жүктелген ғой. Тігілген киіз үйлер, мама биелер, үйдің жасау-жабдықтары осы үшеуінен жиналды. Тойдың қызықты көріністері, қазіргідей Қарауылтөбе жазығында емес, селодан 45 шақырым әрірек Ақжар деген жерде өтті. Тоқсан ат желіге тартылды, 32 жүйрік жал-құйрығы сүзіліп бәйгеге қосылды. Сонда бірінші болып көмбеден өткен менің қараторы атым еді. Отыз шақырымға сыр білдірмей тың жетті жануар. Бір айдай баптаған еңбегімді ақтады.

Абайтану ілімінің білгірі Қайым Мұхаметхановтың сөзі: Мен ол кезде Қазақстан Жазушылар Одағының Семейдегі бөлімшесін басқаратынмын. Тойға Қазақстанның әр облысынан мықты ақындар шақырылды. Семейдің Шар ауданынан Төлеу Көбдіков, Жармадан Сапарғали Әлімбетов пен Нұрғали Таңатаров т.б. солардың арасынан менің назарымды қатты аударған павлодарлық әнші-ақын Естай Беркімбаев, дәлірек айтсам оның саусағындағы алтын жалатқан жүзік «Апыр-ау, осы жүзік баяғы Қорлан қызға байланысты болмаса игі?!»  Басыма келген осынау ой-тұспалым теріс кетпепті. Той тарқаған соң Семейге бірге қайтып, Естайды үйіме қонаққа шақырдым. Қонақта отырып Естай сері бұл жүзікті жансүйер ғашығы Қорланның сыйлағанын, екеуінің бірге өмір сүруіне тағдырдың қоспағанын, мына жүзікті Қорланның көзіндей, бозбала шақтың бірден –бір куәсіндей көріп сақтап жүргенін майын тамыза баяндады. «Қорландай» ән туғызған қызды да, қыздың мына жүзігінде де арман жоқ-ау» -дедім іштей.

 

1971 жыл: Абайдың 125 жылдығы

     Ұлы Абайдың 125 жылдығы әлденеше себептермен бір жыл кешігіп, 1971 жылы өткізілді. Бұл жолғы жұртшылықтың жиналған жері Қарауылтөбенің етегіндегі кең жазық. Әдеттегіден, Семейден шыққан қалың нөпір, жеңіл машиналар шеруі жолшыбай Күшікбай кезеңіне Абай мен Әйгерім танысатын Шілікті кезеңге, Еңлік-Кебек мазарына тоқтап тыныстады. Бөріліге киіз үйлер тігілді. Шеру тоқтаған жерде ел азаматы Бәтташ Сыдықов келуші меймандарды Шыңғыс өңірінің арғы-бергі тарихымен тыныстырып шығады. Жидебай  қорығына барғандар әр экспонатқа таңырқай қарайды. Сондай экспонаттың бірі, кезінде Абай қашап жазғызған, інісі Оспанның басына қойылған құлпытас болатын. Тас бетіндегі жазу араб әрібімен әдіптелген.

Осы ретте «Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, айтыскер ақын Қалихан Алтынбаевтың мына бір естелігін келтіре кетуді жөн көрдік.

«Иә, ол күндер қызғылықты,  тәтті күндер еді. Әйтседе, санама терең сіңіп қалған мына көріністерді ұмытар емеспін. Біріншісі, біздің Абайға арнаған өлеңімізді академик Ғабит Мүсіреповтің келіп тыңдағаны. Мүшайра далада өткен-ді. Ғабең көгалға малдасын құрып отырып, тапжылмастан тыңдады. Ол кісінің қарсысында, соның алдында ғана Абай рөлін ойнап шыққан бір әуесқой артист отырған-ды. Әлі бет бояуы сүртілмеген, жапсырулы сақалы алынбаған. Кәдімгі Абайға ұқсайды. Мен өз кезегімде әлгі артистке қарап қызулана төгіп жіберіппін шумақтарымды

Әуелі елге келіп тіл үйренсін,

КазГУ-де баспа орнына секірмесін.

«Өлең -сөздің патшасы» деп едіңіз,

Сол патшаның қадірін кетірмесін...

Оқуды бітіре сала баспаға орналасып, жыл сайын шикілі –пісілі жинақтарын шығарып жүргендерді осылайша сынап тастадым. Сөзім Ғабеңе ұнаған сияқты. Болар-болмас бас изеді. Сонысының өзі маған ат мінгізгендей болды».

Иә, дана Абайдың әр жылдарда өткен мерейтойларында осындай, біз біле бермейтін сыр бар.

 

Әзірлеген Тәңірберген Гүлзат Сәлемқызы

Бөрлідегі Мұхтар Әуезов мұражай-үйінің аға ғылыми қызметкері

 

Бұған дейін абайтанушыларға, соның ішінде Абай мұражайының шырақшыларына да Ұлы ақынның ұрпақтары дегенде ойымызға алдымен оралары Ақылбайдың немересі Бағфурдан тарайтын Айдар мен оның ұлы Данияр болатын. Екеуінің де қазір Алматыда екенінен және нәпақасын мұнай саласынан тауып жүргендерінен хабардармыз.

            Жалпы, Ақылбаев Бағфур Әлімқұлұлының Эрнест, Бауэр және Айдар атты үш ұлы болған. Абайдың шөпшектері болып келетін үшеудің ортаншысы – Бауэр дүниеден ерте озыпты. Жоғары білімді биолог ретінде кандидаттық диссертация жаза бастаған екен. Туыстары Баукен атап кеткен одан ұрпақ жоқ. Ал, Айдардан Данияр деген ұл, одан Дана, Камила, Меруерт деген үш қыз бала бар.

            Сонымен қатар Ақылбайдың Даниярдан басқа тағы бір шөпшегі, яғни Абайға немене боп келетін Айдос туралы еміс-еміс қана білетінбіз. Есімінің өзі-ақ асыл тегін мегзейтін азаматтың мұражаймен бұған дейін, оның өзі айтқандай, байланысы бола қоймаған. Олай болса, Ақылбаев Айдос Эрнесұлы туралы біз не біле алдық?

            Сонымен Айдоспен оның ұлы атасының ескерткіші түбінде кездесуге келіскенбіз. Ол уағдалы уақыттан кешікпеді. Ұлы ақынның ұрпағын сырт келбетінен-ақ тас тұғырдағы хас мүсінге ұқсаттым. Бұл ретте оның Ұлы ақынға қаншалықты ұқсайтынын оқырман өзі ажырата жатар. Бірақ, жүзі алғаш жарқ еткенде-ақ ол бізді ерекше жылы әсерге бөледі. Қарсы алдымызда өтірігі жоқ, сабырлы да байсалды азамат отырды. Оның басқадай емес, тап осындай болып шыққанына әбден қуанышты едік.

            Ең әуелі, Абай ескерткішінің жанында суретке түсе бастадық. Таңертеңгі сағат тоғыздар шамасында жарқырай шыққан мамырдағы күн шапағы фотоаппаратқа шағылысып, біраз әуреге салса да Айдос қабағын шытпады. Ол фотографтың көрсеткен жеріне жеңіл барып, дархандық танытқан. Бұдан соң, әңгімеміз дастархан басында жалғасты. «Ол өзі мен туыстары туралы айтады, біз сөзін бөлмей тыңдаймыз» деп келістік. «1967 жылғы 7 ақпанда дүниеге келіппін, - деп сабақтады Айдос өз естелігін. - Әкем Эрнест 1983-ші жылы қайтыс болған, Талғар механизация техникумының түлегі. Ал, Бағфур одан төрт жыл бұрын ол дүниелік болған екен. Алматының іргесіндегі Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында Баһфур атамыз селекция мектебінің директоры лауазымын атқарған.

            Бала кезімізде Данияр және басқалары бар атамның үйінде жиі бас қосатынбыз. Оның әкесі – Айдар аға мұнайшы, қазір ол кісінің кәсібін Данияр жалғастыруда. Анам – Ақылбаева Эльнура Ахметқызы осы Алматыда тұрып жатыр. Өз басым Алматыдағы орта мектепті бітірген соң, Украинаның Криворожск қаласындағы Авиаучилищеге оқуға түскен едім. Бірінші жарым Светланамен де сонда табыстым, Тбилисиде Кеңес армиясы қатарында болдым. Аталмыш оқу орнында авиақұралдардың техник-электригі мамандығын алған соң, Алматы аэропортының Біріккен авиаотрядында қызмет еттім. Кейін осындағы итальяндық құрылыс фирмасында жұмыс жасап, аэропорттың қаржылық жағдайы қожырағанда жеке кәсіпкерлікті таңдап, құрылыс саласында еңбек етіп келемін. Бірінші некеден Александра Старикова – Ақылбаева деген қызым және одан Ника атты немерем бар. Олар қазір Саратов облысының Балаково қаласында тұрады, қызымның интернетте жеке парақшасы бар.

            Ал, қазіргі жарым Батырбекова Тамара Әуезханқызы (әкесі- қазақ, анасы-татар) екеуіміздің ортақ баламыз жоқ. Алланың әмірі солай шығар, жас кезімде барша туыстарым бір жаққа шыққандарында сәбилерін ержетіп қалған маған тастап кетуші еді. Бұл орайда Абай атамыздың ұрпақ жалғастығын үзіп алмау, бізден «тұқым» алып қалу туралы әңгімелерге күлгеннен басқа амалым жоқ. Себебі, ең алдымен «адамның баласы болуға, адамзатты сүюге» үндеген Ұлы Адамның артында қалдырған асыл мұрасына тең келер ештеңе жоқ».

            Ұлы ақынның ұлағатты ұрпағымен үнсіз келістік.

 

 

                                                           Абайдың«Жидебай–Бөрілі» мемлекеттік

                                                           тарихи-мәдени және әдеби-         мемориалдық

                                                           қорық-музейінің баспасөз-қызметі.

 

 

Қара өлең төрін күзеттім,

Қағбамдай көріп киелі.

Оқталған оған бір оқтың,

Бір ұшы маған тиеді.

 

«Қарауыл» төрін мекендеп,

Қалғаным содан шындығы.

«Бөтен сөз былғап кетер» деп,

Бөлінбей жүрдім бір күні.

 

«Жидебай» қорық жанымда,

Құрғамай жатқан қонағы.

Бір мейман келсе ауылға,

Алдымен маған соғады.

 

«Маған» деп мақтан ете алман,

Маған кім сәлем береді.

Алладан жалғыз бата алған,

Абайдай дана керегі.

 

Шәкәрім баба жатпаса,

Шалғайдан келіп несі бар.

Кемеңгерлер елі басқаша,

«Келем» деп халық асығар...

 

Алдынан шығып солардың,

Атынан алам түсіріп.

Қонақтарына бабамның,

Қорлық па, жасау кішілік.

 

Қазақтың жалғыз әкесі,

Жатқанда мәңгі төрімде.

Қателіктердің-қатесі,

Қаперсіз жүру тегінде.

 

Босамай жүрген тақымы,

Болайын мен-ақ «қолбала».

Алаштың көп қой ақыны,

Абайлық ақын мен ғана!

    * * *

 

Тіліме шоқ түсті,

Тілді едім, тісті едім.

Жүректе от бітті,

Жүрексіз нүктемін.

 

Қай көздің сұғы еді,

Қанжарша қадалған.

Қызыл тіл күйеді,

Қытығы жоғалған.

 

Жалтақсыз жан едім,

Жақпадым кімге осы?!

«Тіл» деген пәленің,

«Тілсіздер» түрмесі.

 

 

Оларға бәрібір,

Оңсың ба, солсың ба?

Жантықтар әлі жүр,

Жанымда онсыз да.

 

Бірінен қорқамын,

Бірдеме айтудан.

Қамшылап «айтағын»,

Қалмас деп артымнан.

 

Бірінен түңілем,

Бүрінен гүл атпас.

Құтылсам бірінен,

Бірі жүр қурақ бас!

 

Үндемей сондықтан,

Үйкүшік күн кешем.

Даусымды қарлыққан,

Даладан ізде сен...

      * * *

Қадірімді түсінбесең, түсінбе,

Қабіріме жолай көрме, өтінем.

Өмір бойы келе алмадық бітімге,

Өлгеннен соң неменеге кешірем.

 

Кешірімнің керегі не, өліге,

Жансыз жанда қайдан болсын қас-қабақ.

Мен өкінсем, өкінемін өзіме,

Өмір бойы келген сені дос санап.

 

Оң қолыммен ас асатып аузыңа,

Сол қолыммен балдай қымыз жұтқыздым.

Тек өзімде, тек өзімде бар кінә,

Тек өзімнің ойларыма тұтқынмын!

 

Саған қояр саппас досым кінә жоқ,

Сана, ойың соған жетсе не шара.

Алдымыздан тосқан кезде қиямет,

Алла өзі бөліп берер шекара...

 

       * * *

«Кісімісің» дейсің маған, дейсің-ау,

Бұғақты інім, мұның осы қай сұрау?

Текті атадан текті туған ұл десем,

Бабалардың батасы ұрған жансың-ау!

 

Кісіміз ғой, бәріміз де кісіміз,

Кісілікке ұқсаған соң түсіміз.

Көкте-құдай, жерде-құмай емессің,

Кеудемізден әй, бауырым, түсіңіз!

 

Кеудемізді бастырғанбыз талайға,

Қамшы сілтеп жүрген кезде Абайға.

Миымызды атом жеген адамбыз,

Қызыл өрттей өршіп тұрған қоғамда!

 

Жүйкемізге тисе берме, сен олай,

Ашуымыз Ай шошытқан найзағай.

Алқымыңнан ала түсер бөріміз,

Адам түгіл, Аллаға да қарамай.

 

Кісінеген кісілігің дәрі ме,

Дәрі болса, жаратып ал, тәніңе.

Шыңғыстаудың бастырмаймын кеудесін,

Шыдасам да иттігіңнің бәріне...

 

       * * *

 

Бұл өмірдің несі қалды мен үшін,

Артым-жайлау, алдым күзек-өрісім.

Жалаңаяқ тасты үгіткен табаным,

Кәріліктің киді бүгін кебісін!

 

Соның өзі аяққа ауыр сезіліп,

Созалаңдап әрең тұрам ерініп.

Шалып қалып мәз болады немерем,

Шабан аттай келе жатсам тебініп.

 

«Күлсең күл,- деп жатушы еді кәріге»,

Күлкі болдым үй ішінің бәріне.

Құдай қосқан қосағым да тыржиып,

Бірдемеге өкпелейді әлі де...

        * * *

Нұры қайтты, көзімнің нұры қайтты,

Нұры қайтқан жанардың күйі қайсы?

«Жанар сөнсе жалғаның қоса сөнер»,

Дегенді бұл қазағым, біліп айтты.

 

Қараң тартса жанардың қарашығы,

Қадірленер пенденің қай асылы?

Апанның ауызындай үңірейіп,

Аян ғой көз сүйектің қалатыны.

 

Күннің қалай шыққанын көре алмасаң,

Айдың қайда батқанын шола алмасаң.

«Армансыз өткіздім» деп айта алмайсың,

Алла берген ғұмырды адамға тән.

 

Көрмесең жапырақтың сарғайғанын,

Өзен тасып, көлге құс қонғандарын.

Маңыз да жоқ, ешқандай мағына жоқ,

Маужырап түскенменен маңдайға күн.

 

Елес болып көрінсе есік алды,

Сағынсаң сайрап шығар сахнаңды.

Өкпең өшіп, жүргенмен өліп-талып,

Өзі қысқа өмірдің несі қалды?!

 

Пендеге әйтеуір бар бір қараңғы,

Соған дейін сау қылсын нұр-жанарды.

Мәңгі-бақи тіршілік құрмаған соң,

Мәңгі-бақи көрмейсің бұл ғаламды...

                            

        * * *

«Өтірік» деген өрттің ішіндеміз,

Қақалып, шашаламыз түтінге біз.

Бұлт етіп, бұлт астынан шыққан күндей,

Бір шындықтың боларын күтудеміз.

 

Шал өтірік айтады шатып, бұтып,

Бала өтірік айтады қашып, пысып.

Басшы өтірік айтады, ешкім нанбас,

Барса-келмес бақытқа асықтырып.

 

Молда өтірік айтады мойындатып,

Алласына алақан жайып жатып.

Жалған сөйлеп қояды жарлы байқұс,

Жан бағар болмаған соң қолында түк.

 

Шындықтың көрсетпейтін жартысын да,

Шымылдық бар қоғамның әр тұсында.

Шыр-пыр болып, шырылдап өледі ақын,

Шындық пен өтіріктің тартысында...

       * * *

Таң бозынан тағы да тұрып алдым,

Ұрлығын аңдығандай ұры-қардың.

Ұлы бардың үйінің шамы өшпейді,

Иті үруін қоймайды қызы бардың.

 

Таласып, тармасқандай таң құсымен,

Ақ әтеш айқайлайды бар күшімен.

Үрген итке үн қосып қыз әкесі,

«Бұл кім, әй» деп қояды аула ішінен.

 

Шам сөндірмей шала ұйқы болған ана,

Сәбиіндей қарайды бозбалаға.

Аппақ таң ақ сәулесін сәукеле ғып,

Арай шашып келеді айналаға!

 

Шіркін, жастық – шілденің шіліңгірі,

Оттан да ыстық болып тұр бүгін, міні,

Қос ғашық құшағынан сығалайды,

Менен қашқан өмірдің сұлулығы.

 

Әнекей, көкжиектен күн көрінді,

Қос ғашық та қоштасып, үйге кірді.

Бойжеткеннің жүзінде шалқыған нұр,

Бозбалаға сүйсінтіп тұр көзімді!

       * * *

Қайран, Төке, көшпейсің бе, қалаға,

Деп сөгеді дос, жаран да, бала да.

Сол қалаға бара қалсам, таң ата,

Қарауылға қайтып келем қонаға.

Туған жердің саф ауасы тұрғанда,

Түтін басқан қала ауасы, ауа ма?

 

Жусан иісі жұпар шашып мұрынға,

Жуа жусап өсетұғын қырында.

Туған жердің көктемі де сыйқырлы,

Мың сан ойды оятатын миыңда,

Абай туған Шыңғыстауым тұрғанда,

Басқа таудың басы маған тұғыр ма?

 

Туған жерден бақытымды таппасам,

Басқа жұртқа барып қалай қақпа ашам.

Ең әуелі ел-жұртыңа жаға біл,

Ең алдымен, елді мақта, мақтасаң.

Ошақ басын оттан ыстық көрмесең,

Отанды да сүйе алмайсың ешқашан!

 

 

Абай ауданы

Қарауыл ауылы

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!