Өнер

Күлкі базары

 

Аудандық жайдарманшылар жазғы демалыстан оралды. Осылайша алғашқы лига ойындарын да өткізді. Қазанның 15-і күні өткен бұл жолғы ойында жастар жаңа бағдарламамен келіп, көрерменге көл-көсір күлкі сыйлады.

Айта кету орынды, бұл жолғы ойын түрі де өзгеше орын алды. Себебі, жайдарманшылар таныстыру бөлімінде өз командаларын өлең түрінде не болмаса әуенмен көрсетуі шарт болды. Сонымен қатар, «Триатлон» бөлімінде ойыншылар бір-біріне әр қилы сауалдар қойып, қазылар алқасы берген тапсырмаларды орындап және тапқырлық пен әзілге құрылған жауаптарын ортаға салынды. Ел жаңалықтарынан да әдемі әзілге астар етіп көрермен қауымның ризашылығына бөленді.

Жайдарманның бұл жолғы ойындарында Қарауыл ауылдық округінің әкімі Мейіржан Смағұлов қазылар алқасына төрағалық етті. Ал, «Абай елі» аудандық қоғамдық-саяси газетінің Бас редакторы Нұржан Байтөс және алқа құрамына жаңадан қосылған «КМФ» банкінің маманы, көпшілікке Жайдарман ойындары арқылы танылған белгілі жайдарманшы  Мейіржан Белібаев, «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің мүшесі, «Жастар мәслихатының» депутаты Жаннұр Төлеубаева, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының маманы Арнұр Амангелдин төрелік жасады.

Жартылай финалда 6 құрама команда өнер көрсетті. Олардың ішінде кілең бастауыш сыныптың буынынан құралған «Жидебай жидектері» ұпай саны бойынша І орынды иеленсе, тоқтамыстық «Үш гүлдің бір сабағы» ІІ орыннан көрінді. Ал, М.Төлебаев атындағы Семей музыкалық колледжінің «Өнер» құрама командасы  мен Семей геологиялық-барлау колледжінің студенттерінен құралған «Джентельмен» командалары да финалға жолдама алды. Тек Абай мектеп-лицейінің «Атамекен» құрама командасы мен гимназиялық өрендер «Голливуд» құрамасы бұл жолғы ойында аз ұпай жинап, жартылай финал шеңберінен шығып қалды.

Жастардан алдағы уақыттарда да әдемі әзіл, тапқырлыққа құрылған тамаша ойындар күтеміз.

Күлкі кеші бітісімен ғаламтор желісіне салынған аудандық Жайдарман ойындары республика көлемінде кең тарап, жоғары бағаға ие болған. Желі арқылы тараған көңілді ойындармен сүйінші хабар қатар келген болатын. Оның ішінде жас та болса өнерімен дараланған "Жидебай жидектері" құрама командасы 20 қазанда Астана қаласында өткен республикалық  “Жайдарлы  Жас Ұлан” жайдарман ойындарының финалына арнайы шақырту алыпты. Жас буынның жетістігін өз көзімен көріп қайтқан аудандық "Жастар орталығының" директоры Сырым Жұмағали:

         - Республика бойынша маусымашар және облыстың жеңімпаздарынан іріктеліп  15 команда қатысты. Соның ішінде Абай ауданы Қарауыл ауылынан “Жидебай жидектері” командасы өнер көрсетіп, ҚазМедиа орталығындағы "Балапан" телеарнасының арнайы түсіріліміне қатысып қайтты-, деп атап өтті.

         Аудан көрермендерінің ғана емес, республиканың көзайымына айналған Абай ауданы жайдарман лигасының фавориттері  “Жидебай жидектері” командасына үлкен сахналарды бағындыра беруіне біз де зор тілектестік білдіреміз.

 

«Абай елі» ақпараты

 

Өнерпаз болсаң арқалан...

Бүгінгі Абай елі де жас дарындардан кенде емес. Шыңғыстау жұлдыздары дерлік өнер иелерінің қастерлі сахна әлеміндегі жолын ашу, талантын шыңдау мақсатында да елеулі шаралар орын алуда. Мәселен, тамыз айының 24-ші жұлдызында аудан орталығында Қарауыл ауылы әкімдігінің қолдауымен ерекше шара ұйымдастырылды. Өнерлі жас, “Жайдарман” әзіл- сықақ театрында шыңдалған, аймағымызға белгілі сахна шебері, “Шыңғыстау жұлдыздары - 2016”  байқауының жеңімпазы  Беріболов Таланттың “Мен өнерді сүйемін” атты әсерлі ән кеші болып өтті.

Талант көрермен қауымға әң әуелі сатира жанрымен танылды. Десекте, «Жігітке жеті өнер де аз» демекші жас дарынның көпшілікті тәнті етер қасиеті көп. Сол себепті де, қабілетін ұштап, өнерін шындау мақсатында сегіз қырлы бір сырлы Талант елордасы Астана қаласына жол тартпақ.  

Ел ағаларының, туып өскен елінің ақ тілек, ақ батасын алуды көздеген Талант өзінің осынау ән кешінде қазақтың киелі домбырасымен де сахна төрінде өнер көрсетіп, “Жидебай жидектері” КТК командасымен халыққа астарлы да әдемі күлкі сыйлай білді.

Өз кезектерінде ауданымыздың мәдениет үйінің әншілері де Талант сынды өнерпаз ұланға қолдау көрсетіп, репертуарларында ең үздік әндерін тарту етті. Өнер әлеміндегі әріптестерінің көңілінде қимастық сезім бардай сезілгені де рас. Бәлкім әр нөмірдің ұзақ қол соқтырғаны да сондықтан болар.

Көрермен қошеметі мол болған кеш соңында Абай ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Балтабеков Құмарғазы атамыз жас өренге ақ жол тілеп, тілекші болып отырған қалың елінің атынан батасын берді. Ал, Абай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі бастығының орынбасары Елдар Кәменұлы  жүрек жарды тілегін жеткізе келе, аудан әкімінің атынан арнайы сыйлық тарту етті.

«Боламын...» деген өреннің бетін қақпай, елінің алдында танылып, осындай биік дәрежеге жетуіне мұрындық болған, абайлық жастардың жанашыры,  бүгінде Қарауыл ауылының әкімі болып отырған Мейіржан Смагуловтың  еңбегінің зор екенін айта кеткеніміз жөн. Өз сөзінде Мейіржан мырза да Талантқа ағалық тілегін айтып, толғанысын жасыра алмады.

Бір бұл емес, әсерге толы ән кешінде Уәсила Нұрсейтова апамыз шашу шашып, жас дарынға өнердің биік шыңынан көрініп, әрдайым киелі Абай жерінің атын шығарып, намысын биік ұстай берсін деп ақ жол тіледі. Лайым, Таланттың сахна әлеміндегі жолы даңғылға айналғай...

Тоғжан Нүриденова

"Абай елі"

Арулар байқауы

                          

Бүгінде әр саладағы даму көрсеткіші бойынша көш басында келе жатқан ауданымызда жетістіктер де, оң өзгерістер де мол. Тіл, дін, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды жаңғыртып, ортамызға оралған ұлттық құндылықтарды кейінгі буынға мұраға қалдыру бағытында әлі де аянбай еңбек ете беру қажеттілігі туып тұр. Бұл ретте соңғы жылдары Абай елі бойынша «Жігіт сұлтаны», «Қыз сыны» байқауларымен қоса  «Келіндер сайысының» да жиі ұйымдастырылуы осының айғағы. Жуырда аудандық мәдениет үйінде Жастар орталығы белсенділерінің бастамасымен «Абай аруы-2017»  аудандық байқауы болып өтті.

«Гүл өссе - жердің көркі, қыз өссе - елдің көркі» дейтін дана халқымыз көркі мен ақылына сай қыз тәрбиелеу ісінде аса байыпты болған. Қыз баланы қонақ деп төрге отырғызған, аялаған. «Қызға қырық үйден тыйым» деп оның әдептілігіне, сөзіне, жүріс –тұрысына сын көзбен қараған. Себебі, қыз бала болашақ ана, бір әулеттің түтінін түтетер келіні, ұрпақ жалғастырушы. Міне, бүгінгі қазақ қыздарының аяулы да сұлу болмысын, рухани келбетін дәріптеу мақсатында өткізіліп отырған осынау байқауға ұлт дәстүрі мен мәдениетін, ұлттық өнерді тал бойына жинаған, қазақ қыздарына тән ибалылық, ізеттілік қасиеттерді бойына сіңірген, әр ауылдық округтен 10 ару қатысты.

       Тоқтала берсек, аталмыш байқаудың аясы мейлінше кеңи түседі. Атап айтсақ, қазақстандық патриотизмді дамыту, жастар саясатын насихаттау, қазақ халқының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан даналығы мен терең саналылығын бойына дарытқан қазақ қыздарының табиғат берген көркемдік әдемілігі мен сұлулығын дәріптеу басты мұрат саналды. Қыз балалардың жан дүниесіндегі көркемдік талғамын қалыптастыру.  Сонымен қатар, аналар мектебіне тән қасиет - қыздардың танымдық және  шығармашылық қабілетін, эстетикалық  талғамын, шеберлігін дамыту, көпшілік алдында өзін ұстай білуге, әдептілікке, мейірімділікке, сұлулыққа тәрбиелеу де мақсат етілді. Осынау орайда биылғы байқау жылдағыдан өзгешелеу өтті. Бұл жолы жалынды да жайдарлы жастар жаңаша тұрғыда ұйымдастырып, іс-шараны әзілмен көмкере отырып көрермен көңіліне жол табуды ұйғарыпты.

 

Осылайша зал толы көрермен бір кезде сахна төріне шыққан, қос етекті бүрмелі әсем қазақ көйлектерімен, нәзік қимылдарымен тербеле, жайқалған қырмызы гүлдей құлпырған  ару қыздарымызды көріп тамсана  қол соқты.  Көпшіліктің сүйсінгендері айдан анық. Талай дүбірлі сайыстар өтетін аудандық мәдениет үйінің концерттік залында ине шаншар орын болмады.  Байқауды жүргізуді қолға алған Мейіржан Смағұлов бастаған ауданның «Жастар» орталығы сайысты ойдағыдай өткізу үшін тыңғылықты даярлық жасапты.

Сондай-ақ, сайысты жүргізуде жаңашылдық танытқан  «Рахмет»  жайдарман  ойыншылары Талант Берікболов пен Сырым  Жұмағали және «Қаламқас» ансамблінің жас әншісі Думан Болатов  шараның жоғары деңгейде өтуіне елеулі ықпал жасады.  

Сөз орайында сайысқа қатысқан он аруды атай кетсек, 2010 жылы Шәкір Әбенов атындағы орта мектепті бітіріп, 2011-2014 жылдары М.Әуезов атындағы Семей педагогикалық колледжін ағылшын тілі мамандығы бойынша тәмамдап, қазіргі уақытта Шәкір Әбенов атындағы орта мектепте аталмыш пән мұғалімі болып қызмет ететін  Ерзатқызы Толғанай, Қасқабұлақ ауылынан  келген, бүгінде  Шәкәрім университетінде инженерлік технологиялық факультетінде білім алып жүрген 17 жастағы Дүйсенбаева Мадина, Тоқтамыс ауылынан келген,  Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің  инженерлік технологиялық факультетінде оқитын студент Уалитова Айдана,  Қарауыл ауылынан 2011-2015 жылы Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінде оқып информатика пәнінің мұғалімі мамандығын бітіріп, қазіргі таңда Баян Байғожина атындаға ясли бала –бақшасында тәрбиеші қызметін атқаратын өнерлі қыз Толымбекқызы Назгүл де бақ сынауды ұйғарыпты. Сондай-ақ,  2011 жылы Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектеп лицейін тәмамдәп, 2011-2015 жылы Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің орыс тілі және әдебиеті мамандығын бітіріп, бүгінде Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектеп лицейінде мұғалім болып қызмет атқаратын  және Қазақ гуманитарлық иновациялық заң университетінің магистранты Нұрланова Айжан, Би ата ауылы, Абай колледжінің атынан келген  Еркінқызы Айдана да келіпті. Шәкәрім атындағы мектебін бітіріп, Абай колледжінде ауыл-шаруашылығы мамандығының 2 курс студенті болып жүр. Ал, Қарауыл ауылынан қатысқан Айгерім Сайлаубек Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектеп- лицейінде білім алып,  2009-2013 жылы Құрылыс колледжінде  Құрылыс технологиясы мамандығын аяқтаған, қазіргі таңда Абай ауданының сәулет құрылыс, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль бөлімінде әдіскер болып жұмыс істейді. Қарауыл ауылынан Динара Болат есімді  тағы бір үміткеріміз де жасанып шығыпты. Ол 2012 жылы Қарауыл Гимназиясын бітіріп, Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық колледжге түсіп 2015 жылы тәмамдаған. Қазіргі таңда Жәнібек Кәрменов атындағы саз мектебінде теориялық музыка пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді екен.  Ал, 2012-2015 жылдары «Авиценна» колледжін бітіріп, өзі туған ауылы Саржал ауылында «Толғанай»  ясли-бақшасында медбике болып қызмет атқаратын Арай Құмашева мен Медеу ауылынан сайысқа түсуге келген М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің 4 курс студенті Сайлаубаева Әлия байқауға үлкен мән бере, зор дайындықпен келгендіктерін байқатты.

Жеребе бойынша реттік нөмірлерін таңдап алған арулар мен  сайысқа төрелік етуші қазылар алқасы да  көпшілікке таныстырылып өтілді.  Атап айтсақ, алқа төрағасы  Абай ауданы әкімінің орынбасары Тәттібеков Бауыржан Болатұлы бастаған әділ-қазылар алқасының мүшелері:   ҚР «Құрмет» орденінің  иегері, Баян Байғожина атындағы бала-бақша меңгерушісі Орынғожина Лаура Советқызы, Абай халық театрының бас режиссері, ҚР мәдениет саласының үздігі Қабдолдин Дулат Қабдешұлы, Абай ауданы мәдениет және саз мектебінің хореографы Кәрібжанова Зайра Жұманқызы, Абай ауданы Жастар орталығының директоры Смагулов Мейіржан Серікбосынұлы әр бөлім бойынша сайыскерлердің жалпы өнеріне, біліміне баса назар аударып отырды.

Мұнымен қатар, «Қаламқас» ансамблінің Таңнұр Жақсыбеков, Еркеназ Мәненова, Ақбота Кәрімбекова сынды жас әншілері әсем әннен шашу шашып отырды.

Айта кету ләзім, дүбірлі сайысқа арналған сый-сияпат та қомақты тігіліпті. Бас жүлдеге тоңазытқыш болса, І- орынға  газ плита, ІІ- орынға кір жуатын машина, ІІІ- орынға шаңсорғыш сынды бағалы сыйлықтар ұйымдастыру ісінің жоғары деңгейін көрсетті.

Жалпы, аталмыш қыз  сыны 5 бөлімнен тұрды. Алғашқы «Мен қазақтың қызымын» атты бөлімде ару қыздарымыздың тіл көркемдігі,  сырт келбеті, ұлттық киімі үлгілерін насихаттауы, жүріс-тұрысы, қазақы ибалығы, сондай-ақ, өзін таныстыра білуі бағаланды. ІІ бөлім «Халқын сүйген – салтын сүйер» деп аталып, бұл бөлімде аруларымыз салт-дәстүр, Қазақстан тарихы, жергілікті тарих айлы сауалдарға және ситуациялық сұрақтарға жауап береді. Сайыстың бұл түрі билет алу тәртібінде өткізілді.

Ал,  ІІІ шарт бойынша «Өнерлі өрге жүзер» бөлімінде  ару қыздар ән салып,  би билеп бойларындағы өз өнерлерін паш етті. Мұнымен қоса, төртінші шарт бойынша бір әулеттің түтінін түтетер болашақ ана атанар қыздарымыз  «Қонақ күте білеміз бе?» тақырыбында  ас әзірлеу сайысында сыналды. Бұл бөлімде аруларымыз өз қолдарымен жасалған бір-бір тағам ұсынды. Оларға тағамды дайындау тәртібі және не себепті осы мәзірді тандағанын түсіндіру міндеттелген болатын.

Кезекті «Қыздарға әсемдік жарасады»  атты бесінші бөлімде аруларымыз бүгінгі заманға сай тігілген кешкі киім үлгісін киіп, қысқаша түсіндірді. Әрі шаш үлгілеріне де ерекше мән берілді. Басты шарт көйлектің ұзындығы тізеден төмен болуы қажет еді.

Осылайша, алғашқы болып сахнада өнер көрсеткен Медеу ауылынан келген  ару қыз Әлия Сайлаубаева құлаққа жағымды дауысымен өзін таныстырып, көсемсөздің шебері екендігін дәлелдеді. Екінші нөмірлі Би ата ауылынан келген Айдана Еркінқызы да  өрелі әулеттің қызы екенін дәлелдеп, есесін жібермеді.

Ал үшінші болып сахна төрінен орын алған сүйкімді де сан қырлы талант иесі Назгүл Толымбекқызы «Ақ Баян» әнімен, ақ күймелі құрбыларымен бірге қалықтай ортаға  келіп, өзінің осы байқауда  өнер көрсетуде аянып қалмайтынын жеткізсе, құндыздылық жас ұстаз Ерзатқызы Толғанай өзін үш тілде тамаша таныстырып өтті.

Тоқтамыстық ару Уалитова Айдана да тіл білгірі екенін дәлелде. Өз кезегінде саржалдық сәбилердің  медбикесі, тұла бойына өнер тұнған Арай Құмашева да әнімен әуелете озық таныстыру үлгісін көрсетті.

Сондай-ақ, Қарауыл ауылының Ж.Кәрменов атындағы саз мектебінің жас ұстазы Болат Динара, әкімдіктен Сайлаубек Әйгерім де әсем назды қылықтарымен қоса көрермен жүрегіне жол таба білді. Ал, лағыл жырларымен лапылдата өзін таныстырған қасқабұлақтық Мадина Дүйсенбаева өзінің әдемілігімен қоса, биязы мінезімен, жүріс-тұрысымен байқау басталғаннан көрерменді бірден баурап әкеткен-ді.

Сайыс барысы тартымды өрбіді. Алғашқы бөлімде Мадинамен бірге Назгүл Толымбекқызы және құндыздылық Толғанай Ерзатқызы біріңғай 5 ұпайды еншілеп, жоғары ұпай жинады. Келесі «Халқын сүйген – салтын сүйер» атты қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпына, тарихына байланысты сұрақтар қойылған  ІІ сайыста да аруларымыздың біразы  ұтқыр жауаптарымен таң қалдырса да, сұрақтан сүрініп «әттеген-ай» дегізген аруларымыз да кездесті. «Өнерлі өрге жүзер» атты ІІІ бөлім бойынша сынға түскен арулар ұлттық өнерге бейімділігін анықтатып, өз өнерлерін ортаға салды.

Бірі ән айтып, бірі мың бұрала би билеп, бірі монолог оқыған аруларымыз  көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, зор  ілтипатқа кенелді. Әсіресе, Назгүл Толымбекқызының титтей бүлдіршін шәкірттерімен билеген «Балапандар» биі көпшіліктің жүрегін жаулап алды.

Қазақтың «Қара жорға» биін келістіре билеген саржалдық А. Құмашева мен қасқабұлақтық М.Дүйсенбаеваның өнеріне  де  көрермен дуылдата қол соқты. Саз мектебінің музыканты Д. Болат күйсандықта тамаша әуен орындаса, Абай мектеп-лицейінің жас ұстазы А.Нұрланова тәжік биін төгілте биледі.  

Осылайша, ІV бөлімге де аяқ басып, сайыскер арулар  «Қонақты  күте білеміз бе?» сынында аспаздық өнерлерін көптің алдына салды. Қазақы дастархан жайып, қымыз ұсынған, қазы –қарта, жал-жая, Наурыз көже,  әсіп, көк бауыр, бауырсақ, балқаймақ сынды ұлттық тағамдарының түр-түрін әзірлеп әкелген аруларымыз оның жасалу жолдарын да баяндап берді.

Келесі кезекте  сайысқа түсуші қыздар қазіргі заманға сай кешкі киім үлгілерін көрсетіп, тамаша ою-өрнекті қазақ киімдерімен ерекше назар аудартты. Той көйлектерінің жалт-жұлт еткен тастармен, қазақы өрнектермен зерленуі сахна көркін ажарландырып жіберді. Сахнадағы ғажайып уақыт осылайша  білінбей сырғып өтіп, Қарауыл жұртшылығы мен ауыл қонақтары сайыстың өз мәресіне жеткенін байқамай да қалды.

Байқау нәтижесінде қазылар алқасының шешімімен Бас жүлдені Қасқабұлақ ауылынан келген ару, студент  Дүйсенбаева Мадина айқын басымдықпен қанжығасына байлады.  Ал, жүлделі І-орынды қарауылдық ару қызымыз, «Б.Байғожина» ясли-бақшасының тәрбиешісі   Толымбекқызы Назгүл жеңіп алса, ІІ- орынды ауданымыздағы Абай атындағы мектеп-лицейінің жас ұстазы Нұрланова Айжан иеленді. Жүлделі ІІІ- орын қарауылдық өнерпаз  ару, Ж.Кәрменов атындағы саз мектебінің  жас ұстазы Болат Динараға бұйырды.  

Барша жеңімпаздар арнайы дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, әділ-қазылар алқасының ұйғаруымен қарауылдық  Әйгерім Сайлаубек  «Көрермен көзайымы» деп танылса, тоқтамыстық Айдана Уалитова «Қылықты ару», Саржал ауылынан келген Құмашева Арай «Өнерлі ару», құндыздылық Ерзатқызы Толғанай «Білімді ару», медеулік Әлия Сайлаубаева «Бесаспап ару», Би ата ауылынан келген Еркінқызы Айдана «Инабатты ару» номинацияларына ие болып, олар да бағалы сыйлықтармен марапатталды.

  1. S. Иә, кешегі текті аналардың бүгінгі сарқытындай саналатын арулар Абай елінің ары мен ажары. Ал, арулар сайысы осылайша, араға жыл салып көрерменмен қайта қауышуы көпшілікке қуаныш сыйлағаны хақ. Оған залдағы жұртшылықтың қошеметі бірден-бір дәлел. Бұл сайыста әр ауылдан келген ару қыздарымыз бар өнерлерін салып-ақ бақты. Бойындағы өнерлерін көрсетуге тырысты. Шалғайдағы жатқан ауылдардан байқауға мән бере, арнайы келіп қатысуларының өзі неге тұрады?

Қыз бала ұлттың ертеңгі анасы! Оған бүгінгі күні берілген ұлттық тәрбие ертеңгі күні сөз жоқ ұрпақ бойынан көрініс табады. Осыны ескерген ұйымдастырушылар игілікті іс жасады деп білеміз. Ал, сынға қатысушы бойжеткендеріміздің халқымыздың салт-дәстүрін қаншалықты деңгейде меңгергендіктері анық көрінген сайыс – ересектер қауымына да ой салғаны анық. Бүгінгі жас буын қыздарымызға нені үйрете алмай жатырмыз? Олардың бойынан нені көргіміз келеді? Қыздарымыздың бойында  қандай қасиеттер кемшін соғып жатыр? Міне, осы сауалдарға аталмыш қыз сыны нақты жауап берді. Ертеңгі күні «әлемді тербетер» бүгінгі аруларымыз қазақы қасиеттен арылмас екен! Ұлттық дәстүрге қанып өскен қыздарымыз мол болсын дейміз.

 

Анар СӘРСЕНБИНА,

«Абай елі»

  

Өнер байқауында

 

 

Осыдан біраз бұрын Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы оркестрдің ғимаратында «Мереке» балалар мен жасөспірімдер продюсерлік орталығы 8-наурыз Халықаралық әйелдер мерекесіне орай «Аналар-асыл жандар» атты Республикалық ән-би байқауын өткізген болатын. Аталмыш өнер додасына ауданымыздан Ш.Әбенов атындағы жалпы білім беретін мектептің өнерпаз оқушылары қатысып, жүлделі орынмен оралды. 

Аталмыш байқау аналар мен ару қыздар тақырыбы аясында кеңінен ізденуге жол ашу арқылы ізденімпаздыққа баулып, әйел затын құрметтеуге шақыру, ақын-жазушылардың, композиторларлардың аналар мен қыз-келіншектер тақырыбындағы туындыларын қайта жандандыру, асыл жандарға арнау өлең оқып, ән салғызу арқылы балалар мен жасөспірімдердің өнерге сүйіспеншілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылды.

Өнер сыны «Эстрадалық вокал», «Көркем сөз», «Аспапта ойнау», «Хореография», «Бейнелеу өнері», «Қолөнер» жанрлары бойынша өткізілген еді. Солардың ішінде «Көркем сөз» жанры бойынша бақ сынаған жерлес өреніміз Серікқалиұлы Қайсар Бас жүлдені жеңіп алса, Секенова Жадыра 1 орынды иеленді. Бұл оқушылырға жетекшілік еткен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, жас ұстаз Тәжмұхаметова Айсәуле де марапаттан кенде болған жоқ. Ол жас ұрпақты өнерге баулып, салауатты өмір салтын насихаттауға қосқан үлесі, Республикалық «Аналар-Асыл жандар» жасөспірімдер мен балалар шығармашылық байқауына сіңірген еңбегі үшін Алғыс хатпен марапатталды.

Жалпы, аталмыш байқауға қазылық еткен актер, режиссер, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының оқытушысы Талғат Көбеков, «Аналар-асыл жандар» байқауының авторы, ұйымдастырушысы, ұстаз Смайлова Мереке және қазақ радиосының журналисі Гүлмира Нәлібай абайлық өрендер өнерлерін аса жоғары бағалапты. Жеңімпаз жас өнер иелеріне алдағы уақыттарда да жетістіктер тілейміз.

 Анар ҚАБДУӘЛИҚЫЗЫ,

«Абай елі»

Бәрекелді!

Наурыз айының 15-17 күндері аралығында еліміздің батысындағы Атырау қаласында өткен «Ән дария дүлдүлдері» ән байқауында жерлесіміз, «Қаламқас» халықтық ән-би ансамблінің мүшесі Қайрат Қабышев жүлдемен оралды.

Бірнеше күнге созылған байқауға 18 бен 45 жас аралығындағы 48 үміткер, бүгінде дәстүрлі ән өнерінің жүйріктері қатысқан екен. Республика көлемін қамтыған додада Арқа, Сыр, Батыс Мұхит мақамы, Жетісу, Алтай-Тарбағатай ән мектептерінің нақ шеберлері бақ сынасқан екен. «Ән дария дүлдүлдері» конкурсы тұңғыш рет ұйымдастырылса да халықаралық «Шабыт» фестивалі, Әміре Қашаубаев атындағы ән байқауларымен деңгейлес өткендігін БАҚ кеңінен жазып жатыр. Ол туралы бірнеше республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы, «Ән дария дүлділдері» байқауының ІІІ орын иегері атанған Қайрат Қабышев:

-Бұл байқауға қатысқан себебім, мені қазақ дәстүрлі ән өнерінің асқақ бес бірдей мектебінің әндері шырқалатыны қызықтырды. Бесеуі де бес түрлі, бір-біріне ұқсамайтын, мақамы, нақышы, ән тартысы, тіпті заңдылықтары да өзгеше. Өзімді осы тұрғыдан сынап көргім келді. Байқауға қатысу үшін осы мектептердің әндерінен 25 әнді дайындап бардым-,дейді.

Редакция алқасы өнер иесін кезекті жетістігімен құттықтап, шығармашылық табыстар тілеп қайтты.

 

Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі»

 

Бәрекелді!

 

«Туады ерлер ел үшін, өлмейді ісі мәңгілік» дейді дана халқымыз. Бүгінде Абай елінің намысын білімде де, спортта да, өнерде де қорғап жүрген жастарымыз аз емес. Солардың бірі, әрі бірегейі Абай елінің намысын  жайдарман өнерінде асқақтатып жүрген «Рахмет»  жайдарман тобы. Құрамамыз жуырда ғана  Павлодар қаласында өткен Республиқалық Ертіс  бойы лигасының күміс жүлдесін иеленіп, вице чемпион атанып келді. Азулы қарсыластарына төтеп беру женіл шаруа емес. Әзілді шындықпен ұштастырып, халыққа жеткізіп, ентелеген елдің көңілінен шығу ол үлкен өнер.

Аталмыш лиганың маусымашарында 32 команда әзіл ойындарын бастап берсе, ¼ ойындарда азулы қарсыластарын ойсырата озған 24 топ өнер көрсетті. «Жайдарман тауға шыққанмен тең, көтерілу қиын, құлау оңай» деген сөздің растығы келесі ойыннан көрінеді. Дайындығы аз, ойын өрнегі бәсен командалар келесі кезеңге өте алмай қалыс қалып жатты. Жартылай финал ойындарында жалпы саны 18 топ болса, алайда түрлі себептермен 4 команда келе алмай, осы сында 14 команда өнер көрсетті. Астана, Қарағанды, Павлодар, Өскемен, Тараз, Шымкент сынды алып қалалардың арасында біздің ауданымыздың жігіттері мойымай, өз мықтыларын дәлелдеді. 14 команданың ішінде 1 орынмен өткен біздің құрама Кереку елінің жүрегін баурап алды. Ақтық мәреде, 4 Астаналық және 1 Павлодарлық командалар өздерінің осал еместігін көрсетіп бірінші сайыстан-ақ 3 командасы алдыға сытылып шықты. Келесі сайыста командамыз текстік әзілді жақсы игергенін көрсетіп  І орынға табан тіреді. Осы сайыста команданың ең жас ойыншысы Берікболов Талант халықтың ерекше қошеметіне бөленді. Ақырғы шешуші сайыста барлық командалар ең жоғарғы деңгейде өнер көрсетті десек артық айтпаймыз. Сайыс қорытындысы бойынша чемпион деген атаққа «Энерго» командасы лайық деп танылса, вице чемпион Абай ауданының құрамасы «Рахмет» жайдарман тобына бұйырды. Жүлделі ІІІ орынды тағы да астаналық команда «Арнайы» жайдарман тобы иеленді. Осылайша ауданымыздың намысын қорғап жүрген «Рахмет» командасы павлодарлық көрермендерін әзілмен баурап, ерекше қошеметке бөленді. Ендігі кезекте жігіттеріміз, осы айдың 19 күні өтетін халықаралық чемпионаттың финалдық бәсекесіне қызу дайындық үстінде, тек қана сәттілік тілейміз!

     Шығысымыздың, Абай елінің жеңісті күндері көп болсын дейміз!

 

«АЕ» ақпараты

 

 

Аудандық ән-би байқауы   

 

КІШКЕНТАЙ ЖҰЛДЫЗДАР – «АЙГӨЛЕКТЕ»

 

Абайлық өнерлі балғындарды үлкен сахна төріне бастайтын бірегей бастамалардың бірі аудандық «Айгөлек» ән - би байқауы десек қателеспейміз. Өңірімізде осымен бірнеше жыл қатарынан ұйымдастырылып, таланттар қатарын толықтырып келе жатқан жобаның берері мол болып тұр. Жас өркеннің өнер әлемінде еркін қанат қағуына қолдау танытып, талаптарын шыңдайтын іргелі шара шын дарындардың есімдерін анықтап, жұлдыздарын жарқыратар ерекше мүмкіндік.

 

Алда келе жатқан еліміздің айрықша мерекесі ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырыла өткізілген «Айгөлек» ән-би фестивалі білім бөлімі мен Саз мектебінің ұйымдастыруымен қараша айының 10 жұлдызында аудандық Мәдениет үйінде болып өтті. Ел ішіндегі кіл жас өнерпаздар жиналған сайыс биыл жылдағыдан ерекше тәрізді. Әр ауылдан келген бүлдіршіндер балауыз әндері мен кестелі билерін тамашалатып, баршаны өнерлерімен тәнті ете білді.

Байқау шартына сай қатысушылар эстрадалық- вокал, топтық және хореографиялық, дәстүрлі ән жанры бойынша өнер көрсетті. Балдырғандар жас ерекшеліктеріне байланысты кіші топ және орта топ, ұжымдық және жеке топ болып бөлінген болатын. Талапқа сай бірқатар міндеттер үміткерлер бойынан табылуы тиіс еді. Олар, әншінің орындаушылық шеберлігі, сахналық костюмі, би қозғалысының ритмикасы, сахнада өзін - өзі еркін ұстау мәдениеті болатын.

Осы жолы қатысушылардың киім үлгісі көз сүйсіндіргенін айта кету ләзім. Талабы қатаң қазылар алқасы көпшілікке таныстырылып өтісімен байқау шымылдығы түрілді. Жас өнерпаздарға қазылар құрамынан сәттілік тіліген Қайрат Қабышев бірнеше жыл қатарынан жас буынның өнерге деген талпынысын оятып, өрге жетелеп келе жатқан фестиваль жалғасы үзілмесін деген жылы лебізін білдірді.

Өнер сайысы ең алдымен би номинациясы бойынша ашылды. Бұл ретте Шәкәрім орта мектебінің бишілері «Хорезм» биімен бастап, қалған өнерпаздар «Үнді» биі, «Ортеке» биі және С.Бекбосынов орта мектебінің сәтті шыққан «Көңілді аралар» биімен жалғастық тапты. Жалпы осы бөлім бойынша бес топ өнерлерін паш етсе, Абай мектеп лицейінің бишілері мен архаттық би тобы көз сүйсіндірер қимыл қозғалыстарымен көрерменнің көңілінен шыға білді.

Алғашқы кезең тәмамдалысымен келесі номинация кіші топ арасында эстрадалық вокалды ән бөлімімен жалғасып, 6-9 жас аралығындағы бүлдіршіндердің бал тілді әндеріне көпшілік ризашылықпен қол соқты.

Бір қынжылтарлығы, байқауға келуші көрермен қауымның қарасы мүлде аз болды. Тек қатысушы үмтікерлердің қолдау танытар ата-аналары ғана балаларының өнерлерін тамашалай келіпті.

           Кіші топ арасында сахнаға алғаш қадам басып, талабы енді ғана бүр жарып келе жатқан, алайда болашағынан үлкен үміт күттірер кішкентай өнерпаздардың барын байқадық. Балғындардың  тәтті қылықтарымен қатар ерке әндері жанымызды баурап, өздеріне еріксіз еліте білді. Әсіресе, Миратұлы Мирас, Молиханова Іңкәржан, Сәметов Бегланның өнерлеріне көрермен зор қошемет танытты.

Осылайша кезек ән өнері бойынша орта топқа ойысып, эстрадалық вокал бөлімінде оқушылардың ән айтудағы ерекше қырлары барынша ашылды. Аталған номинация бойынша бақ сынаған өнерпаздар әсіресе патриоттық сарындағы рухты әндерді шырқап, ерекше әсер сыйлады.

Дәстүрлі ән бөлімінің кіші және орта тобында да балғындар үкілі домбыраларын қолдарына алып, әуезді үндерімен үйлескен әндерін орындап шықты. Кіші топ бойынша барлығы үш өнерпаз өнер көрсетсе, орта топ бойынша 6 балғынның өрісті өнерін тамашалай алдық. Сондай-ақ, топтық ән сайысында Шәкәрім орта мектебінің шәкірттері ғана бақ сынап, қос топтың өнеріне ғана куә болыстық.

Барлық өнерпаздардың өнерлері ортаға салынысымен қазылар алқасы кеңесіп, ортақ шешімге келгенше шағын концерттік бағдарлама ұсынылды. Осы орайда біз де қатысушылар мен жетекшілерді сөзге тартып көрген едік.

Дәстүрлі ән бөлімі бойынша өнер көрсеткен Байбуринова Тоғжан байқауда бірінші рет бақ сынап тұрғандығын жеткізді. «Біздей балғындар үшін маңызы ерекше балалар байқауы жиі өткізіліп тұрса», - дейді байқаушымыз.

Бүлдіршіндер сайысқа түскен өнер додадасында әсіресе бөбектерінің шашпауын көтере келген ата-аналар қарасы көп болды. Сондай жандардың бірі Данагүл Жұмабекова Мирастай балғынын өнер бәсекесіне баптап келген екен. Бұл Мирастың сахна әлеміне жасаған алғашқы қадамы.

- Ата-ана ретінде бөбектерімізге әрдайым қолдау танытып, өнерге деген талпынысын ояту біздің басты міндетіміз. Балғындар өрісін өсіретін осындай аудандық байқаулардың ауқымы кеңи түссе тіптен жақсы болар еді, - дейді балақайдың анасы.

Осынау жарысқа ән-би жанры бойынша 12 баланы баптап әкелген Архат ауылы өнерпаздарының көркемдік жетекшісі Қымбат Төлепқазықызы байқаудан зор нәтиже күтетінін жеткізе келе, іс-шараның ұйымдастырушылық деңгейін әлі де жоғарылатса деген ұсынысын да жеткізді.

Осылайша әділ-қазылар алқасының әділ төрелігімен ән, би номинациялары бойынша тиесілі орындар үлестіріліп, жеңімпаздарға арнаулы марапаттар табысталды. Аудандық  «Айгөлек» балалар байқауының би номинациясы бойынша Бас жүлдені Абай мектеп лицейінің «Еркеназ» би тобы өзбек биімен еншілесе, І орынды өнерлері өзгеше өрілген С.Бекбосынов орта мектебінің бишілері «Көңілді аралар» биімен иеленді. Ал, ІІ-орынды Ж.Молдағалиев орта мектебінің би құрамасы және ІІІ-орынды Ш. Тоқжігітов орта мектебінің «Әсем-ай» би тобы «Ортеке» биімен жеңіп алды.

Кіші топтар арасында вокалды ән номинациясы бойынша бас жүлдені Абай мектеп лицейінің оқушысы Сәметов Беглан иеленсе, І орынды С.Бекбосынов орта мектебінің үміткері Зейнолла Мағжан еншіледі. Ал, ІІ орынды теңдей бөлген Мамай атындағы негізгі орта мектебінің өнерпазы Молиханова Іңкәржан мен Ш.Тоқжігітов орта мектебінен Какимова Балым жүлделі орыннан табылса, ІІІ орынды қос бірдей қатысушы Қарауыл гимназиясынан Қайроллаева Дильназ бен Медеу орта мектебінен Рымханова Әйгерім алды.

Орта топ бойынша жүлдегер атанған балғындар арасында бас жүлдені Жеңістаева Гүлдана, І орынды Ғизатова Шырын, ІІ орынды Қабышева Айзере, ІІІ орынды Алтыбаева Дилназ жеңіп алды.

Ал топтық ән байқауы бойынша тек І орынды Шәкәрім орта мектебі ғана иеленді. Себебі, бұл бөлімде аталмыш мектеп оқушылары ғана белсенділік танытқан еді. Ал, дәстүрлі ән аталымы бойынша кіші топ арасында бас жүлдені М.Әуезов атындағы орта мектебінен Жеңісхан Диана, І орынды Қарауыл гимназиясынан Қажығалиева Аяулым, ІІ орынды Молдағалиева Назерке еншіледі. Аталмыш бөлімнен орта топ арасында Бас жүлдені Ж.Кәрменов атындағы саз мектебінің шәкірті Байбуринова Тоғжан жеңіп алса, І орынды Ш.Тоқжігітов атындағы орта мектебінен Дүйсенов Төлеутай, ІІ орынға Саз мектебінен Мұратбекова Шолпан  ие болды. ІІІ орынға М.Әуезов атындағы орта мектебінен Орынбекова Ғайша мен Қарауыл гимназиясынан Белгібаева Әмина тұрақтады.

  1. S. Міне, жыл сайын дәстүрге айналған «Айгөлек» балалар байқауының биылғы бағдарламасы да осылайша өз мәресіне жетті. Айта кетерлігі сол, жылма-жыл жандана түсуі тиіс байқау бағдарламасы ұйымдастырушылық тараптан қатаң қадағаланса әрі жоғары дәрежеде өтілуіне жауапты мекеме жауапкершілікпен қараса құба-құп болар еді. Қатаң тәртіптің болмағандығынан кейбір қателіктерге де жол беріп алған кездері айқын көрініс тапқандығы көрер көзге оғаш сезілді. Сол себептен байқауға деген жауапкершілік жүгі мен дайындық деңгейі жоғарылатылса деген ниет біздікі.

 

Тоғжан РАХЫМБЕКҚЫЗЫ,

«Абай елі».

Аймақтық байқау

 

ЖІГІТ СҰЛТАНЫ – САРЖАЛДЫҚ СЕРІ

 

Дана халқымызда ер-жігіт ұғымына үлкен жүк артылады. «Жігітке жеті өнер аз, жетпіс өнер көп емес», «Жігітте де жігіт бар - азаматы бір бөлек» деген нақыл сөздер осыған дәлел болса керек. Ал жігіттің сұлтаны мен сырттаны деген атаққа білекті де жүректі, өр тұлғалы, ер намысты, сөзі мірдің оғындай, батырлығы көз сүйсіндірер оғландарымыз ғана тең келеді. Бұл көркем сипаттау әрине, кешегі ел іргесін ат үстінде, найза ұшында жүріп қорғаған батыр бабаларымыз бен сырбаз да сыршыл сал-серілерімізге тән қасиет екені хақ. Ал, сол серілеріміздің бүгінгі сарқытындай болған ұландарымыздың бойынан осындай асыл қасиеттер табыла ала ма? Міне, осы мақсатта Шыңғыстаудың шымыр ұландары арасында жылма-жыл серілер сайысы ұйымдастырылып, білек күштерімен қатар білімділіктерін сынаған жігіт сұлтаны сайысы өткізіліп келеді.

Биылғы жылы бұл бәсі басым бәсекенің ауқымы аудандық деңгеймен шектелмей, облыстық көлемде айшықтала түсті. Себебі, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткізілген облыстық байқау әсіресе жастар саясатын насихаттауда, өскелең буынды ұлтжандылыққа бағыттау мен ұлттық құндылықтарды дәріптеуде берері мол бастамалардың бірі десек артық айтқандық емес.

Қазан айының 13 жұлдызында ауданның  орталық стадионында бастау алған білектілер сайысына Жарма, Ұлан, Күршім, Аягөз аудандарының намысын арқалай келген сырбаз серілер мен Қарауыл, Құндызды ауылы, Қасқабұлақ, Көкбай, Архат ауылдары, Тоқтамыс және Саржал ауылының жүректі жігіттері бекзаттық үлгіде, ұлттық нақышта киініп, жетектеріне тазы иттерін ертіп, жүйрік шабандоздарын ерттеп, сақадай сайланып келген екен. Серілердің бойынан бір мін таппадық. Десек те, сайыс барысында жігіттердің қарым-қабілеттері айқындалып жатты.

Алдымен стадион төрінде орын алған ұлттық ойындар барысында оғландарымыз жүректіліктері мен білек күштерін сынатты. Ал, түс ауа бекзаттарымыз мәдениет үйінде сан қырлы өнерлерімен қазылар алқасының сараптауына түсті.

Алдымен көпшілік алдында ашылу салтанаты орын алып, сайдың тасындай сән құраған серілеріміз рет-ретімен таныстырылып өтісімен, көрермен аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбековтың ыстық лебізіне құлақ түрді. Облыстық көлемде қолдау танытылып, аудан төрінде ұйымдастырылып отырған намыстылар додасын ашық деп жариялаған аудан басшысы сәйгүліктерін ерттеген сайыскерлерге сәттілек тілесті.

Осыдан соң байқауға төрелік жасар әділ-қазылар құрамы таныстырылып өтті. Қазылар қатарында ШҚО ішкі саясат басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Есимбекова Арайлым, «Нұр Отан» партиясы ШҚО филиалы саяси жұмыстар бөлімінің кеңесшісі Рамазанов Сымбат, Абай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сағындықов, «Нұр Сана» қоғамдық ұйымының төрайымы Қаныша Нұрғалиева және Абай халық театрының бас режиссері Дулат Қабдолдин болды.

«Ер жігітті тұлпар үстінде таны» деген бар. Қатысушыларды ең алдымен ат үстіндегі сайыстар күтіп тұрған еді. Әйтседе, «Теңге алу», «Аударыспақ» сынды ептілік сынға түсетін ұлттық ойындар оғландарымыздың оң жамбасынан келмеді. Олай дейтініміз, атқа отыруға икемі жоқ жігіттер теңге алуда тіпті ауып түсіп жатты. Теңгені жерден көтеріп алған сайыскерлеріміз бірен-саран ғана болды.

Ал, «Аударыспақ» сайысында ат үстінен қарсыласын өңгеріп алуы тиіс ұландарымыздың көбі тек ұпай арқылы ғана ұтып жатты. Өйткені, қоңыр күздің өнменіңнен өтер ызғарлы суығында кеуделерін жалаңаштап алып ат үстінде аударысқан жігеттерге бұл кезең оңайға соқпады. Тек біздің жерлестерге қарағанда басымырақ болған күршімдік Ақмолдаев Нұрым, жармалық Балтабаев Досхан, ұландық Ғалымқал Манай көрер көзге тартымды ойын өрнегін тамашалата білді.

Бұдан соң кезек «Жамбы ату» ұлттық ойынына берілді. Әттең-айы сол, бұл кезеңде де жігіттеріміздің мергендігінен мін табылып жатты. Жарыс мұнан соң гір тасын көтеру, қол күресі мен қазақ күрестерімен жалғанды. Білек күштері мығым жігіттер екі қолдарымен гір тасын бастан асыра көтеріп, күш атасын танытпай жатты. Белдесу кезеңінде қарсыласын боз кілем үстінде ойсырата жеңген балуандар көрерменнің ыстық ықыласына ие болды.

Осылайша күннің суығына қарамастан ашық аспан астында өткен ұлттық ойындар бәсекесі Мәдениет үйінде «Өнер сайысымен» жалғасын тапты. «Мен, мен едім, мен едім» атты жігіттердің өзін-өзі таныстыруында әрбір сайыскерлер өздерін әр қилы таныстырып жатты. Бірі әнмен, бірі қара өлеңмен төгілтсе, енді бірі қара сөзге ерік берді. Әйтседе, тиянақты дайындық жағы аздау болғандығы байқалып қалды.

Келесі кезең «Өлеңге әркімнің ақ бар таласы» атты өнер сайысында серілерге әуезді ән орындау, жеке немесе жұппен би билеу шарт болатын. Патриоттық әндер мен «қара жорғадан» бастап түрлі ұлттың билерін жұппен орындаған сайыскерлер сахна төрін гүлдендіріп жібергені анық.

Жігіттер соңынан «Таң қалдыру» бөлімінде ерекше өнерлерімен көрерменін, қырағы қазылар алқасын таң тамаша етті. Әсіресе, біздің ауданның жігіттері қара күш иелері екендіктерін айқын дәлелдеп жатты. Архаттық Әділхан Әділжан сыйымдылығы 40 литрлік бір фляг суды допша ойнатып, басынан асыра көтерсе, қасқабұлақтық Қасымов Темірлан жалаңаш кеудесіне пышақ қадап, бес кірпішті үстіне қойып қақ жарғызғанда батырлығына тәнті болмаған көрермен қалмады. Толағай күшті танытқан жігіттер мұнымен шектелмеді. Қарауылдық Жармұханбетов Еркебұлан тісімен қос бірдей гір тасын көтерсе, жармалық Балтабеков Досхан жеңіл автокөлікті тісімен сүйретіп, кешегі Қажымұқан аталарының ерлігін қайталады. Ал көкбайлық Советқадыр Аңсаған мен Тоқтамыстық Ахмет Досжан, құндыздылық Мырзағазин Қайрат, саржалдық Жақсылықов Ерасыл да 50 кг тасты кеудесіне қойып үгітіп, темірді алақанымен майыстырып, тақтайға шегені жалаң қолымен қадап тігінен тұрған темір тістердің, сынған әйнектің үстіне жатып, үстіне еңгезердей жігітті тұрғызып, өрілген жіпті қолымен  үзіп, сынған әйнекке табандап, арқалап жатып үстіне шығарған жігітті міз бақпастан көтерген жігіттер өнеріне жиылған жұрт «бәрекелді» десті. «Тас шайнап, құм түкірген» деген осы болар сірә.

Ал, ауданның  нар жігіттері алып күш иелері екендіктерін дәлелдеп жатса, өзге аудан сайыскерлері таң қалдыру бөлімін өзінше ұсынып жатты. Мәселен, Ғалымқан Манай Абайдың «Қансонарда бүркітші шығады аңға» деген өлеңін мәнерлеп оқи отыра бүркіт құсын көз алдымызға бейнелеп берсе, Ақмолдаев Нұрым Тәуелсіздікке дейінгі жылдарымызды т әрпімен түгендеп берді. Ал, аягөздік Ибраев Саят жақсылық пен жамандықтың диалогын жеткізе орындап, ерекше әсер қалдырды.

Қазақтың «баталы құл арымас» дегеніндей, ерлеріміз бата айтудан да қарымта байқасты. Жастарымыз бата беру жағынан сәл осалдықтарын байқатып алды.

Осылайша ұзақты күнге ұласқан облыстық жігіт сұлтаны байқауы тәмамдалып, серілерімізді сан қырынан саралап, өнерлерін бағалап, бағамдап ақылдаса келе әділ- қазылар алқасы қорытынды ұпайларын шығарды.

Сайыс нәтижесі бойынша жасы небәрі 19-да ғана болса да ағаларымен иық тіресіп белдесіп, сайыстың қай түрінен болса да осалдығын танытпаған нағыз ержүрек ұлан саржалдық  Жақсылықов Ерасыл І орынды жеңіп алды. Тақымына арғымақ атты еншілеп қайтқан жас өрен осылайша облыстық «Жігіт сұлтаны - 2016» атағының иегері атанды. Ал II-орынды Жарма ауданынан келген Балтабаев Досхан жеңіп алса, ІІІ орынды аягөздік сайыскер Ибраев Саят иеленді. Қалған қатысушылар арнайы аталымдармен марапатталды. Атап айтсақ, «Сегіз қырлы, бір сырлы» аталымымен Советқадыров Аңсаған (Көкбай ауылы), «Бүгінгі күннің батыры» номинациясымен Мырзағазин Қайрат (Құндызды ауылы), «Дарынды жігіт» аталымымен  Ахмет Досжан (Тоқтамыс ауылы), «Шешен жігіт» номинациясымен Ғалымқал Манай (Ұлан ауданы), «Шымыр жігіт» аталымы бойынша Әділхан Әділжан (Архат ауылы), « Алғыр жігіт» номинациясымен Жармұханбетов Еркебұлан (Қарауыл ауылы), «Тәуелсіз ел тарланы» атағымен Қасымов Темірлан (Қасқабұлақ ауылы), «Парасатты жігіт» номинациясы бойынша Ақмолдаев Нұрым (Күршім ауданы) марапатталды. Ал жігіт сұлтанын тамашалаған қалың көрермен қайталанбас әдемі әсермен тарасты.

 

Тоғжан РАХЫМБЕКҚЫЗЫ,

«Абай елі»

 

 

 

Page 1 of 4

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!