Өнер

Жас жүрек жайып саусағын

 

                               ТАЛАБЫҢ  ҰШТАЛСЫН,  ТАЛШЫН!

 

Бүгінгі Абай елінің даңқын өнерлі өрендер де аспандатып жүр. Солардың көшбасында тұрған, Қарауыл гимназиясының 10-сынып оқушысы, кішкентайынан әнге әуес, күйме құмар болып өскен талантты Талшын Советқызын ерекше атаумызға болады. Талшын  жақында «Ғұмырдария»  орталығының ұйымдастыруымен жасөспірімдер арасындағы Алматы қаласының мың жылдығына арналған республикалық «Алматым  жүрегімде» атты ән байқауынан бас жүлдені еншілеп қайтты.  

 Еліміздің орталығы, кешегі мен бүгінгі мәдениеттің түр-сипатын айқындай көрсететін алып мегаполиске айналған Алматы қаласы әрбіріміздің жүрегімізден ерекше орын алатыны анық. Биыл Алматының 1000 жылдығы ЮНЕСКОның мерейтойлық даталар тізіміне енді. Қазақстың ұлттық өнерімен көркейіп, әлемге ұлттық нақышымен танылған, ақын мен сазгердің мұрасына айналған әсем әннің ордасы, сұлулықтың символы, тамаша табиғаттың көрінісіне айналған Алматының өскелең ұрпақ үшін де әлі берері мол. !Алматым жүрегімде»  Республикалық ән-би байқауының мақсаты Алматы жайлы жазылған ақын-композиторлырдың туындыларын дәріптеп, ұмыт бола бастаған, әндер мен жырларды қайта жаңғырту болса біздің Талшынымыз да осы үдеден табыла білді.    Көркемдікке құмар, әдебиетке құштар, кітап оқығанды ұнататын ол түрлі зияткерлік және шығармашылық олимпиадалар мен сайыстарға да белсене қатысады. Мәселен, қалалық патриоттық әндер байқауының дипломанты атанды. Ауданымыздағы Ж.Кәрменов атындағы музыкалық мектептің прима-қобыз класын бітірген ол жан-жақты, сан қырлы өрен. Вокалды да қоса алып жүреді. Сонымен қатар спортқа да бейім Талшын волейбол және бимен әуестенеді. Одан өзге мектепте әр түрлі мәдени шаралардың жүргізушісі болып  өнерімен де, білімімен де алға озып, мектеп мақтанышы болып жүрген шәкірт. Алғыр қыз 2015  жылы облыстық  «Жарқын болашақ» атты өнер байқауында  І- орынды қанжығасына байласа, осы жылы  Республикалық «Абай оқуларының» «Көңілім әнді ұғады» бөлімі бойынша жүлделі ІІІ-ші орынды жеңіп алды. Бұған қоса үздік те, талантты шәкірттердің бірі ретінде «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына баруға мүмкіндік алған болатын. Бұл орталықта да «Тележүргізуші», «Сазды әлем» үйірмелеріне белсене қатысқаны үшін  алған сертификаттары бар.

Өзі ата-аналары Смайлов Совет пен Серікқанқызы Зәуренің отбасындағы төрт қыздың кенжесі. Үлкен апайы Сәуле Семей қаласында мұғалімдік мамандықтың тізгінін ұстаса, Әлия кезінде «Ақсұңқар» ақындар сыныбының шәкірті болған-ды, ал Торғын да ән айтып, өнерпаз қыз екендігін дәледеп үлгерді.

Енді байқауға оралсақ, «Эстрадалық вокал» бойынша  14-19 жас аралығындағы 50-ден аса үміткерлер қатарында бақ сынаған Талшын ең алғашқы турда «Құс қайтты Алматыма» әнін шырқаса, ІІ- турда «Сағыныш күйім еліме» әнін нақышына келтіре әуелетіпті.

Осылайша,  ҚР «Кино қайраткері, ҚР киноматографиясының үздігі», профессор Ш.Имашұлы, ҚР мәдениет қайраткері, хореограф Б.Бектаев және ҚР мәденет қайраткері, әнші М.Нұрмұханбетова, «Ғұмырдария» балалар байқауының авторы А.Тоқтарбекқызы сынды әділқазылар алқасының  қырағы көзіне іліккен Талшынның бас жүлде алуын   әділ шешім тапқандығы деп білеміз.

«Адам өз бақытын қалаушы. Әр қайсысында табандылық, шыдамдылық және өмірде бір нәрсеге жету үшін ұмтылыс болу керек» дейтін өмірлік ұстанымы бар Талшынның алда әлі де талай алар асуы бар деп сенеміз.      

Талшынды осы жолғы байқауға Нұрбек Өмірбеков дайындап апарыпты. Вокалдан беретін мұғалімінің де еңбегі зор екендігі анық. Осы байқаудан Ағдәриева Ақбөпе есімді тағы бір талантты шәкірті жүлделі ІІ- орынды иеленгенін ескерсек, Нұрбектің де өнер айдынында   еркін жүзген өрелі ұстаз екендігін дөп басамыз. 

Ал Талшынның өзі болашақта әнші, актрисса болуды армандайды. Алдағы уақытта дәл осындай «Алматым жүрегімде»  байқауы Семей қаласында да өткізілетін көрінеді.Тұла бойына тұнған табиғи талант иесі  Талшынға алда да  осындай ән байқаулардан оза шауып,  өнердің биік шыңынан көріне бер дегіміз келеді. Талабың ұшталсын, Талшын!

 

Анар СӘРСЕНБИНА,

«Абай елі»   

АБАЙ ЕЛІНЕ ТӘНТІМІЗ

 

Меймандар  лебізі

                                                   

                                               

 

Осыдан біраз бұрын Жарма ауданының бір топ ардагерлері, өңірдің ақсақалдары  арнайы түрде Абай еліне сапарлап барған болатынбыз. Алаш жұрты үшін өзіндік артықшылығы бар осынау ұлылар елі біз үшін ерекше әсер сыйлады.  

Абай елінде бабаларымыздан қалған озық дәстүр, қазақы мінез, ұлттық болмыс-бітім жақсы сақталыпты. Мәселен, Жарма ауданынан барған ардагерлерді қонақжай пейілмен бір топ абайлық азаматтар қарсы алды. Айтап айтсақ, Марат Еділбаев, Тасболат Битенов, С.Нүрпейісов, Құсман Берлешов, Төлеген Жанғалиев сынды азаматтардың меймандос, ақ жарқын мінездеріне бек разы болдық.

Әлбетте, өзге аудан болғандықтан Қарауылдың орталық көшелеріне, ғимараттардың безендірілуі мен ауылдың жалпы абаттандырылуына баса назар аударғанымыз рас. «Бүгінгі Абай елі қандай екен?» деген заңды сауал ұлылар еліне аяқ басқан әркімнің көкейінде қылаң берері анық қой. Нәтиже бізді ерекше таңырқатты. Абай ауданының орталығы саналар Қарауылдың бүгінгі келбеті көпті көрген ардагерлерді айрықша тамсантты. Ауылдың әсем көрінісі көз сүйсінтеді. Әсіресе түнгі уақыттағы  ауыл көшелері тәнті етті. Тіпті, тәуліктің қараңғы мезгіліндегі көшелер мен ғимараттардың жарықтандырылуын қалаға бергісіз деуге болады.

Дана бабаларымыздың еңселі ескерткіштері, әдемі саябақтар көңілге қонымды екен. Мұндай өрелі істің өскелең ұрпақ үшін берері мол екені хақ. Бұл ретте әлбетте аудан әкімінің, жергілікті басшылықтың біліктілігін бірінші кезекте атап өткен жөн. Сондай-ақ, туған өлкелерінің, ауылдарының намысын биік қоятын аудан тұрғындарының да мәдениеттілік деңгейінің жоғары екенін аңғардық.

Біз Абай еліне аяқ басқан күндері аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков іс-сапарда екен. Жүздесудің, пікір алмасып, сұхбаттасудың сәті түспеді. Алайда, Т.Жантұяқұлының Абай  ауданын  басқарып, оның  өркендеп  өсуіне, тұрғын-халықтың әлеуметтік  жағдайын жақсартуға, елді мекендерді бүгінгі заман  талабына сай көріктендіруге азаматтық парызбен кірісіп, еңбек етіп жатқан үлесінің зор екеніне куә болып қайттық.

    Ауылдағы қарапайым халықпен пікір алмасқанда да жергілікті басшылықтың, аудан әкімінің іргелі бастамалары жайында жақсы лебіз естідік. Бұл әрине, тұрғындардың өңір басшысының адал еңбегіне берген әділ бағасы деп білеміз.

 Абай топырағындағы сапарымызда бізді тәнті еткен көптеген жайттарға қанықтық. Данышпан Абайдың 170 жылдығын республикалық деңгейде есте қаларлықтай, өскелең жас ұрпаққа үлгі боларлықтай  етіп дүркіретіп өткізіпсіздер, осы бір жасампаз жақсы істеріңізге бек разы болдық.

    Құрметті Тұрсынғазы Жантұяқұлы! Бүгінгі Абай елінде атқарылып жатқан жасампаз істер көп екен. Солардың бас-қасында қамқоршысы, ұйымдастырушысы  болып жүрген Сіздің еңбегіңізге  риза болып, осынау алғысымызды жолдаймыз. Ауданыңызға жасаған сапардан алған әсеріміздің ғаламат-ғажап екендігін Сізге жеткізуді парызымыз деп санап, ізгі сәлемімізді жолдап, ризашылық сезімімізді білдіреміз, қабыл алыңыз.

Зор денсаулық, отбасыңызға амандық тілей отырып, әрдайым халқыңыздың  құрметіне бөлене беріңіз демекпіз. Ал, Абай елінің халқына арайлап атқан әр таң қуаныш пен бақыт сыйласын, дәл осылай үнемі өркендеу көшінен табыла берсін деген тілек білдіреміз. .

Н.О.ЕСПОЛОВ,

Жарма аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы,

Қалбатау ауылы,

Жарма ауданы.                                                                        

 

 

 

Аймақтық байқау

 

Қыркүйек айының 21-і күні облыс орталығы Өскемен қаласында аймағымыз бойынша «Аяулы жас келін» байқауы болып өтті. Облыстық ішкі саясат басқармасының ұйытқы болуымен жыл сайын өткізілетін, дәстүрге айналған келіндер сынына биыл да әр ауданнан келіндер жиналды. Бұл ретте қойылар талап қатаңдатылыпты. Себебі, 19 ауданнан өтініш білдірген сайыскерлердің ішінде іріктеу кезеңінен тек 11 келін ғана жарысқа жолдама алған екен. Сол топ ішінде біздің де үміткеріміз, аудан абыройын, әулет намысын арқалай барған аяулы жас келініміз Эльмира Бірғамитова бақ сынаған еді.

Аймақтық байқауға тек айтулылар ғана барады. Айта кететіні сол, Эльмира Мұратқызы наурыз айында өткен аудандық жас келін байқауының бас жүлде иегері, құндыздылық үлкен әулеттің келіні.

Облыстық деңгейдегі байқауға білек сыбанып барған сайыскерімізді түрлі сын тосып тұрған болатын. Алдымен шаһар орталығындағы «Ақ тілек» мейрамханасына жиналған келіндер сол жерде өз рецептілері бойынша қамыр илеп, ыстық әрі дәмді бауырсақ әзірлеп, шеберліктерін сынапты. Сондай-ақ, халқымыздың ежелгі ас мәзірлеріне де ден қойған келіндер ұмыт болып бара жатқан ұлттық тағамдарды да көпшілікке, қазылар алқасына кезектесе танысырып, өзіндік ұпайларын еншіледі.

Осыдан соң сайыс түс ауа жаңадан бой көтерген облыстық драма театрда жалғасын тауып, онда сайыскерлер өздерін түрлі әдіспен таныстырып, қазақы әдет-ғұрып, салт-дәстүрге қаншалықты білгір екендіктерін дәлелдеді. Сондай-ақ, қойылған сұрақтарға жауап беріп, даярлап апарған бір күндік бейнероликтерін тамашалатып, өз өнерлерін сан қырынан ортаға салды.

Таныстыру кезеңі бойынша сайыскеріміз Жастар орталығының директоры М.Смағұловпен бірге көрініс көрсетіп, көрерменнің көңілінен шығыпты. Бұл орайда Эльмираға өз жерлестері, яғни, ауданымыздан арнайы барған демеуші топ жәрдемдескен болатын. Мәселен, қаржылай қолдау танытқан басшылық тарап пен үміткеріміздің бар қабілетін ашып көрсетуде шығармашылық жұмыстар жасаған, ұлттық киіммен қамтамасыз еткен мәдениет үйі қызметкерлерінің, әсіресе режиссер Дулат Қабдолдин мен «Абай елі» газетінің директор-Бас редакторы Нұржан Байтөстің көмегі зор болғанын айта кету ләзім.

Осындай қажырлы еңбек пен табанды дайындықтың нәтижесінде, өзінің ибалы да қылықты қасиетімен, ерекше қабілеттерімен қазылар алқасының назарына іліккен Э.Мұратқызы қарсыластарын артта қалдырып, жүлделі екінші орынды жеңіп алыпты. Кіл мықты 11 сайыскерден суырылып алға шығып, жүлдегер атану оңай шаруа емес. Бұл Эльмираның ұлылар елінің кешегі ұлы аналарының бір жұрнағындай бойынан табылған асыл қасиетінен деп білген абзал.

Ал, байқауда бірінші орынды үржарлық келін Алтынай Қожбанова жеңіп алса, үшінші орынға Глубокое ауданынан келген Мәдина Көпенова лайық деп танылған екен. Байқау шартына сай келіндердің жасы 29 - дан аспауы және ененің тәліміндегі келіндердің қатысуы міндеттелген еді. Бұл, әрине бүгінгі келіндер мен енелердің арасындағы кикілжіңді жойып, керісінше әулет анасының ақылына бойұсынып, тәлімін көруге бағыттайтыны сөзсіз.

Осыдан үш жыл бұрын Батыржандай азаматпен көңіл жарастырып, жұп құрып, Құндызды ауылындағы Қошқарбаевтар әулетіне келін болып босаға аттаған Эльмираның бүгінде бір қызы бар. Сондай-ақ, екінші сәбиін де күтіп жүргенін айта кетейік.

Оң босағада көрген тәлімі, қазақы тәрбиесі мол Эльмира имене аттаған шаңырағын шайқалтпай, әулет керегесін кең ұстап, отбасын береке – бірлікке ұйытуда. Оны ауыл-аймаққа сыйлы болып отырған нағыз аяулы келін десек қателеспейміз. Осындайда «Келіні жақсының керегесі алтын» деген аталы сөз ауызға оралары анық. Біз де өз кезегімізде Эльмираны жүлделі жеңісімен құттықтай отырып, аяулы келіннен алтын құрсақты анаға, әулеттің ақылшысы саналар асыл әжесіне айналсын дегіміз келеді. 

 

Тоғжан РАХЫМБЕКҚЫЗЫ,

«Абай елі»

 

Әмина Өмірзақованы еске алу

 

“ҚАЗАҚ КИНОСЫНЫҢ АНАСЫ” АРДАҚТАЛДЫ

 

Ұлттық кинематографиямызда қазақ әйелінің рөлін сан қырынан сомдап, қайталанбас ерекше бейнелер жасай білген Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әмина Өмірзақованың 100 жылдығы қарсаңында Қарауыл төрінен әйгілі актриссаның ескерткіш бюсті ашылды. Қазақ киносының жұлдызына айналған әйгілі тұлғаны жерлестері ерекше қошеметпен еске алды. Олай дейтініміз осынау күні өнер тарланы Әмина апамызға арналған салтанатты түрдегі еске алу кеші ұйымдастырылды.

Жайдары жүзді, көңілі ақ, күлкісі ерекше талант иесін күллі халық көгілдір экран арқылы жақсы біледі. Әйтседе, А.Кар­пов­тың “Ана туралы аңызындағы Ана бейнесі, “Тақиялы періш­тедегі” аңқылдаған Тана апай және өзге де сәтті шыққан рөлдері арқылы  етене танығанымен көпшілік Әмина апамыздың Қарауылдың ерке қызы екендігін біле бермейді. Бұл жайт еске алу кеші барысында да айқындалды.

Өнер иесіне құрмет әсіресе кейінгі буынға өнеге көрсету үшін қажет. Мақтан тұтар даңқты жерлестеріміздің көш басында тұрған Әмина Өмірзақова да сондай бірегей тұлға. Осы ретте игілікті іске бірінші кезекте аудан басшылығы ұйытқы болған еді. Сондай-ақ ауданымыздағы мәдениет саласының қызметкерлері, өнер жанашырлары мен әйгілі актриссаның ұрпақтары бірлесе отырып жерлесімізге арналып естелік белгі орнатылса деген ниетпен аудандық Мәдениет үйінің алдына Әмина анамыздың мүсінін орнатқан еді.Бұл ескерткіш ауданымыздағы балалар көркемсурет мектебінің қолөнер шебері Сәтбек Сьязхановтың икемді қолынан шыққан туынды. Осыған дейін талай тарихи мүсіндерде қолының таңбасы қалған Сәтбек ағамыз бұл жолы да Әмина анамыздың кескінін келістіре жасапты.

Сөз орайында айта кетелік, 87 жасына қараған шағында жарық дүниемен қоштасқан Әмина Өмірзақова өнер әлеміндегі даңқты жолында 50-ден астам кинофильмге түсіпті.  Сонымен қатар театр сахнасында да тамаша рөлдерімен көрермен жадында мәңгіге жатталып қалды. Сөз жоқ Әмина Ерғожақызының есімі қазақ кинематографиясы мен  драматургиясының тарихында өшпестей болып жазылғаны анық.  

Біртуар талант иесін еске алуға арналған мерекелік кешке актриссаның туыстары, әріптестері, ізінен еріп, тәлімін көрген шәкірттері арнайы келіпті. Мәселен, актер, ҚР Мәдениет қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы, «Қазақфильмнің» алтын қоржынындағы ерекше саналар комедиялық фильм «Тақиялы періште» киносында Тайлақтың рөлін тамаша сомдаған Әлімғазы Райымбеков те келіп, шараның ауқымын еселеді.

Әмина Өмірзақоваға арналған ескерткіш-бюсттің ашылуына ауданның белді кәсіпкерлері мен мекеме қызметкерлері бір күндік еңбекақыларын беріп, демеушілік жасаған еді. Аз уақыттың ішінде әзірленген мүсіннің ашылуына алыс-жақыннан меймандар көп келіпті. Аталмыш шараға облыс орталығы Өскемен қаласынан «Нұр Отан» партиясының ШҚО бойынша филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов және профессор ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, туыстары  Қарауыл  ауылының жұртшылығы жиылды.

Ескерткіш тақтаны ашу құрметі «Нұр Отан» партиясының аймақтық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханұлы мен  аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбековке және осынау шара мейманы актер Әлімғазы Райымбековке берілді.

Әмина апамыздың мүсін бейнесінен де дәл өмірдегі тәрізді аналық мейірім төгіліп тұр екен. Қонақтар қатары ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойып, тағзым білдірді.

Осыдан соң жиналған көпшілік алдында аталмыш шараға ұйытқы болған бастамашылардың бірі, өнер мен мәдениет жанашыры, аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков сөз алып, осынау игілікті істің мән-маңыздылығына тоқталып өтті.  

Әлбетте, өткенге құрмет көрсету, оның ішінде өнер адамдарын өнеге тұтып, кейінгі буынға үлгі ету берері мол тағылымды іс. Өмірін халқына арнаған, сахна әлемінің хас шебері Әмина Өмірзақова сондай жандардың бірі. Даңқты жерлесіміздің 100 жылдығы қарсаңында артындағы туған елінің құрмет білдіріп, еске алып, ескерткіш орнатуы ерекше өнер иесіне деген құрмет. Бұл ретте осынау игілікті шараның орын алуына ауданның жанашыр азаматтары демеушілік жасағанын, ерекше үлес қосқанын атап өткен аудан басшысы баршасына ризашылық білдірді.

Осыдан кейін ескерткіш жанындағы шағын жиында Әмина апамыздың әріптесі әрі сыйлас шәкірті болған актер Әлімғазы Райымбеков сөз алды.

Қазақ киносына ерекше леп әкелген, өзіндің қайталанбас қолтаңбасын қалдырған Әмина Ерғожақызы жайлы тебірене сөйлеген ізбасары өзінің 15 киноға түскендігін айта келе, актерлік өнерде Әмина апамыздың берген ақыл-кеңестері мен тәлім-тәрбиесінің ерекше көмек болғанын жеткізді. Сонымен қатар, даңқты актрисса жайлы көңіл төрінен суыртпақтап естеліктер айтты.

Сондай-ақ, халықаралық Абай қорының президенті, Абай ауданының «Құрметті азаматы» Отантай Кәріпжанұлы да Әмина апамыз жайлы естеліктерімен бөлісті.

Ал басқосу қорытындысында апамыздың туысы Зейнолла Әбеуов осынау шараға ұйытқы болған аудан басшыларына, ел азаматтарына алғысын жеткізіп, баталы тілек білдірді.

Осыдан кейін аудандық Мәдениет үйінде Әмина Өмірзақоваға арналған салтанатты түрдегі еске алу кеші өтті. Мұндағы жиын барысында да қазақ киносының жұлдызы жайлы тұшымды пікір, ескірмес естеліктер легі ақтарылды. Әсіресе, танымал ғалым Арап Сләмұлының өнер иесінің өмірбаянын қамтыған баяндамасын көпшілік ұйып тыңдады. Әмина апамыз кәсіби шеберлігін жетілдіру жолында көп ізденген жан. Сонау 1938 жылы Ленинград төріндегі  мемлекеттік сахна өнері техникумының (кейін Ленинград театр, музыка және кинематография институты) қазақ студиясын бітіруі соның айғағы. Апамыз сонымен қатар Шымкент облыстық драма театрында, «Қазақфильм» киностудиясы мен Қазақ балалар мен жастар театрында елеулі жылдар бойы еңбек еткен болатын. Кино әлеміндегі жарқын жетістіктері үшін алған ордень, медальдары бір төбе.

Сонымен қатар жиын барысында аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков құттықтау сөз сөйлеп, апамыздың өнегесін көрген ең жақын шәкірті Әлімғазы Райымбековке құрмет-қошеметпен иығына оюлы шапан жауып, ат мінгізді.

Өз кезегінде қазақ киносының бірқатар туындыларына түсіп, көрерменге танымал болған байырғы актер де осындай шара ұйымдастырғандары үшін алғысын жеткізді. Сонымен қатар, сан фильмге түссе де өзіне үлкен танымалдылық әкелген «Тақиялы періште» киносында әріптес болған Әмина Өмірзақова жайлы да ілтипатты пікір білдірді.Жерлес ақынымыз Төлеген Жанғалиев біртуар өнер иесі Ә.Өмірзақова рухына арнап «Періште ана» жырын төгілтті.

Мұнымен қатар еске алу кеші барысында апамыздың туыстары да сөз алды. Әсіресе, Әмина Ерғожақызының тәлімін көрген туыс бауыры Серік Төлеуғалиұлы толғана сөйлеп, осындай іргелі шараға ұйытқы болғандары үшін алғысын білдіре келе, аудандық Мәдениет үйіне даңқты жерлесіміздің атын беру жайлы айтып өтті. Бұл ретте аудан басшыларының бастамасымен ұсыныс көтеріліпті. Аталмыш ұсыныс бүгінде құзырлы орындар тарапынан қаралып жатыр екен.

Әлбетте, Абай еліндегі қандай мәдени шара болмасын ән мен жырсыз өтпейтіндігі белгілі.  Осынау кеш барысында да «Қаламқас» халықтық ән-би ансамблі мүшелерінің әзірлеуімен  мерекелік концерт орын алды. Бір айта кетерлігі сол, «қаламқастықтар» Әмина апамыз қатысқан спектакль мен кинодағы бейнелерді де сомдады. Мәселен, Мұхтар Әуезовтің «Түнгі сарын» шығармасындағы Маржан рөлінен үзінді және  «Тақиялы періште» фильмінен тартымды эпизод көрсетті. Орынды сахналық көріністерге риза болған зал толы көрермен қошемет білдіріп, ұзақ қол соқты. Бейнебір көзалдымызға нағыз кино тамашалап отырғандай әсер қалдырды. Әмина Өмірзақованың образын ашық жарқын күлкісіне дейін келісті сомдаған «Қаламқастың» белді әншісі Нұргүл Демесінова болса, Тайлақ рөлін қазақ театрының шағын сахнасынан шыңдалып келе жатқан құндыздылық мәдениет қызметкері Ерғанат Тлендиев, ал ғашығы Айшаны Назгүл Толымбекқызы, Тананың құрбысы образын қаламқастық әнші Жанат Хайсина үздік сомдап шықты. Біз мұны Әмина Өмірзақованың талантына, оның қазақ киносындағы қалдырған бай мәдени мұрасына деген ерекше құрмет деп білдік.

 

Тоғжан РАХЫМБЕКҚЫЗЫ,

«Абай елі»

БИІКТЕРДІ БАҒЫНДЫРУДА

 «Талапты бала талпынған құстай, қанаттары талмас аспанға ұшпай» - демекші Ж.Кәрменов атындағы саз мектебінің ұстаздарының ерен еңбегінің нәтижесінде бабы келіскен балғындар биік белестерді бағындыруда.

Бүгінде Абай еліндегі өнердің сара жолын салып жүрген ұстаздар еңбегінің үлесі зор. Айта кетсек, V-ші Республикалық «Көктем мерекесі» атты ән – би байқауында өнер көрсеткен қос өреніміз талап үдесінен табылып бақтары жанды. Нақтырақ айтсақ, дәстүрлі ән номинациясы бойынша Арқашов Жасқанат 1- ші  орын жүлдегері атанса, Арқаш Ақжігіт 2-ші орын алып, ауданымыздың ғана емес, күллі Шығыс жұртының абыройын еселеді. Сонымен қатар осынау байқауға баптап апарған ұстаздары Мыңбаева Ақмарал арнайы сертификатпен және алғыс хатпен марапатталды.

Бір бұл емес, Ақтөбе қаласында өткен Республикалық «Айгөлек – 1»  атты балалар би байқауында Искакова Мөлдір ұстазымыздың  «Қызғалдақ» бишілер тобы 2 - орынды қанжығасына байлап қайтты. Ал Семей қаласында өткен облыстық Теміржан Базарбаев атындағы ән байқауының бас жүлдесін Амангелді Жікенов ағамыздың шәкірті Әбілхасымова Ұлжан иеленсе, Шайхынабиев Оралханның екі бірдей шәкірті  қоржынға жүлде салды. Атап айтсақ, Әділбекова Жанерке 1-ші орын, Болатқазы Мұхит 2 - орын және ұстазымыз Абылкасимов Нұрланның оқушысы Амангелдин Ерсін 2 – орын иеленіп, өнер көгінен табылды.

Алдағы уақытта да ұстаздарымыз бен өнерлі шәкірттеріміз өз жеңістерімен қуанта береді деген сенімдеміз.

 Динара БОЛАТ,

Ж.Кәрменов атындағы саз мектебінің ұстазы

ОН АЛТЫ ӨНЕРПАЗДЫҢ ӘНІ

«Шыңғыстау жұлдыздары» - 2015

 

ОН АЛТЫ ӨНЕРПАЗДЫҢ ӘНІ

 

Елбасының биылғы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында: «Біздің мақсатымыз-елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз Қазақстанды «Мәңгілік ел ету!» деп атап өткен еді. Бұл ретте, жалпықазақстандық мәдениетті дамытуға жаңаша серпін беретін Мәдени саясаттың ұзақ мерзімді мәдени ментальдігін қалыптастыруға, заманауи мәдениет кластерін дамытуға бағытталған шаралар көзделуде. Бәсекеге қабілетті отандық мәдени өнім-қазақстандық жаңа отансүйгіштікті қалыптастыру, ұлттық бірлікті нығайту- бүгінгі күннің басты талабы. Міне, осы мақсатта «Тәуелсіздік күні» мерекесіне орай ауданның мәденеиет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен дәстүрлі «Шыңғыстау жұлдыздары-2015» аудандық өнер фестивалін ауданның білім, ішкі саясат, «Нұр Отан» партиясы және Жастар орталығы бірлесіп өткізді.

   2013 жылдан бері 16-желтоқсан Тәуелсіздік күніне орай қалыптасқан дәстүр бойынша үшінші рет өткізіліп отырған өнер фестиваль мақсаты –Тәуелсіз елімізді, жерімізді сүю, бәсекеге қабілетті отандық мәдени өнім- қазақстандық отансүйгіштік, патриотизмді қалыптастыру, халық арасынан талантты жастарды табу, оларды қолдау, насихаттау, мәдениет пен өнерді дамыту арқылы ұлттық бірлікті нығайту болып табылады.

Абай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Е.Сағындықов «16-желтоқсан Тәуелсіздік күні» мерекесімен және осы мерекеге орай өткізіліп отырған «Шыңғыстау жұлдыздары-2015» фестиваліне қатысушы өнерпаздарды құттықтап сөз сөйледі.
Фестиваль екі кезеңнен тұрды. 15-желтоқсан күні әр  ауылдан шақырылған өнерпаздар саралау алқасының таңдауымен іріктелініп, дарынды жастарымыз фестивалдің  екінші күні өтетін гала –концертінде өз өнерлерін көрерменге тарту етті.
           Алдын ала іріктеу бойынша Гала концерттің алғашқы шымылдығын Көкбай ауылының әншісі, фестивальдің І-орын иегері Данагүл Жұмабекова «Қайсар қазақ» композициялық әнімен ашты. Ал мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын жатқа оқыған Абай колледжінің студенті, ІІ-орынмен қоржынын майлаған Қайырлы Жанеркенің өнері көпшілікке ұнағаны сөзсіз. Осыдан соң «Елім-ай» деп жан тербеткен Абай мектеп-лицейінің талантты әншісі «Алғыс хат» иегері Серғали Ахметқалиев болды. Көркемсөз оқудың шебері көкбайлық дарынды қыз Арайлым Тұрғазина абайлық ақын, Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, мемлекеттік «Жамбыл» сыйлығының лауреаты, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Төлеген Жанғалиевтің «Тәуелсіздік» жырын шабыттана оқып, тыңдарман жүрегін бірден баурап алды. Келесі кезекте Көкбай ауылының «Кербез» бишілер тобы «Өзбек биімен» шашу шашса, Қарауыл ауылының әншісі Таңнұр Жақсыбеков «Екі жирен» әнін бебеулетіп, «Көрермендер көзайымы» атанған Қарауыл гимназиясының өнерпазы Бексұлтан Байбуринов «Отырар» жыр-дастанынан үзінді оқыды. Бұл таланттар фестиваль қорытындысында «Алғыс хаттармен» марапатталды. Ал, «Абай мектеп-лицейінің «Golden swag» би тобының орындауындағы «Қазіргі заман биі» жастардың қолдауына ие болды. Зор қошеметке ие болған өнерпаздар жүлделі І-орынды қанжығаларына байлады. Сондай-ақ, гала концертте Алаштан ән оздырған хас талантымыз Жәнібек Кәрменовтің «Ағалар-ай» әнін ұлттық аспабымызда нақышына келтіре орындаған өзіне тән нәзік дауысы бар Қасқабұлақ ауылының өнерпазы Жанерке Әділбекова ІІ- орынға лайық деп табылды. «Кие» поэмасынан үзінді оқыған «Алғыс хат» иесі архаттық Гүлмира Елубаева, қазіргі заман биін билеген құндыздылық бишілер (ІІ-орын), әсіресе Шұғылалы Шәкәрім бабамыздың сөзіне жазылған «Бұл ән, бұрынғы әннен өзгерек...» әнін әуелеткен тоқтамыстық ару Торғын Рахымбектің өнері дүйім жұртты тамсандырды. Ақын Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын» атты жалынды өлеңін білмейтін адам кемде-кем. Құндызды ауылының өнерпазы Алтынбек Құмаров (ІІІ-орын иегері) ақын өлеңін тебірене оқып шығып, көпшілікті сүйсінтті. ІІ-орынды иеленген Тоқтамыс ауылының кішкентай бишілері «Қуыршақ» биімен көңіл сергітсе, Кеңгірбай би ауылының әншісі Абылай Жұмажанның орындауындағы «Қазақстан» әні әр жүрекке там тұмдап жетіп жатты. Ал Мұхтар Шахановтай тілі өткір, қайсар ақынның «Желтоқсан алаңы» өлеңін өр мінезбен образға еніп оқыған тоқтамыстық Арай Өтепбергенованың өнеріне дуылдата қол соқпаған жан болмады. Фестивальдің Гала концертінің соңы «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің әншісі, «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісінің иегері Еркін Жолжігітовтің «Туған жер» әнімен шымылдығын түсірді.

Осылайша, екі күн бойы жас таланттардың жұлдыздай жарқырауына септігін тигізіп, болашақтарына жол ашқан «Шыңғыстау жұлдыздары -2015» фестивалі де өз мәресіне жетіп, он алтыншы желтоқсан күні шыңғыстау көгінде он алты жұлдыз жарқырады. Алғыс хат иелерін «Жастар» орталығының директоры Мейіржан Смағұлов, ІІІ- орын жеңімпаздарын аудандық  білім  бөлімінің бастығы Мақсат Нұрсұлтанұлының атынан   әдістемелік кабинет меңгерушісі Гүлмира Қасеева,  ІІ- орын жеңімпаздарын «Нұр  Отан» партиясының  Абай  аудандық  филиалы  төрағасының  бірінші  орынбасары  Қайырғазы Дүрмекбай, І- орын жеңімпаздарын Абай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Е.Сағындықов ізгі лебіздерін, ақжарма тілектерін білдіре отырып, фестивальға қатысушы өнерпаздарды Дипломмен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, дәстүрлі өтіп отырған «Шыңғыстау жұлдыздары» фестивалі өнер мен білім жанашырлары, ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі, ауданның білім, ішкі саясат, «Нұр Отан» партиясы және Жастар орталығы басшыларының бірлесе отырып үлкен қолдауымен, демеушілігімен өткізілді. «Қатысқан әрбір өнерпаз тек «Шыңғыстау жұлдыздары» ғана емес, әлем жұлдызына айналсын» деген басшылар тілегі қабыл болғай дейміз біз де.

  1. Қазақ аспанынан жарқырап шыққан жарық жұлдыздардың үркердей ұлы шоғырында алдымен есімдері аталатын үш арыс, үш бәйтерек – Абай, Шәкәрім, Мұхтар Шыңғыстауда дүниеге келіп, әлемді мойындатқан дала сахнасының төрінен көрініп тұтас адамзатқа ортақ биік парасатты мұраттарымен, болашаққа деген сенімдерімен, бүгінгі ұрпаққа ұлылықтарымен әйгіленген ұлы тұлғалар.
            Сарыарқаның кіндік тұсында, алыс сахарада жатқан Шыңғыстау сияқты аймақта үш алыптың дүниеге келіп, сөз өнерінің әсемдік биігіне көтеруі адамзат тарихында сирек кездесетін құбылыс. Сондықтан үш алыптың ізі қалған, сөз өнері мен ән өнері шарықтаған, шалқыған киелі өңірде өнерлі ұрпақтар болмауы мүмкін емес, тек жарқырауына жәрдем етіңіз. Жылма жыл өтетін «Шыңғыстау жұлдыздары» фестивалінің   жас таланттарды қолдауы мен насихаттаудағы мақсаты да осы. Лайым, Шыңғыстау өлкесінде өскелең өркен ән-жырмен тербеле берсін!

 

Анар СӘРСЕНБИНА,

«Абай елі»

 

Финалдық кезең

ЖАЙДАРМАН ЖАНКҮЙЕРІН ТӘНТІ ЕТТІ

Желтоқсан айының 22 жұлдызында аудандық Мәдениет үйінде әзілсүйер жастарды тоғыстырған Жайдарман ойындарының финалдық кезеңі шымылдық түрді. Осыған дейін ойыншылар талай рет сахна төрінде әзілден сыбаға тартып, өзара мықтыларды сараптаған еді. Айта кетейік, әзіл әлемінде жаңа қалыптасып жатқан жайдарманшылардың жолын ашу, бабын келтіру мақсатында Жастар орталығының қолдауымен өткізіліп келе жатқан жайдарман ойындары жылма-жыл жетіліп, тың қырынан көрініс табуда.

Маусымашардан бастап, финалдық кезеңге дейін жарасымды әзіл айтудан жоғары ұпай еншілеген бес команда бұл қорытынды кезеңде арнайы кубог үшін бақ сынасты. Жайдарман ойындары басталмас бұрын жастар бірлестігінің жыл бойғы атқарған жұмысын баяндаған орталық директоры Мейіржан Смағұлов жетістіктеріне де тоқталды.

— Биылғы жылы Жастар орталығының бастамасымен және тікелей араласуымен танымдық, спорттық, мәдени, қайырымдылық шараларын құраған 52 іс-шара өткізілді. Сондай-ақ, жастар орталығынан жаңа қызмет түрі - Неке сарайы ашылды. Жастар бүгінгі таңда ауданның абаттануына да өз үлестерін қосып, қоғамдық еңбекке ден қоюда. Айталық, «Жасыл ел» жасақтары ұйымының қатарында былтырғы жылы 145 жас еңбек етсе, биыл 300 жас көгалдандыру шараларына ат салысты. Үш тілділікті білу мақсатында орталықтан аптасына екі рет ағылшын тілін үйрету курсы ашылды, - деген орталық басшысы нәтижелі жұмыстармен облыс әкімі Даниал Ахметовтың «Үздік ұйым» аталымын жеңіп алғандығын да атап өтті. Аудан жастарының жарқын келешегі үшін талмай жұмыс жасап жүрген ұжымды марапаттарымен біз де құттықтаймыз.

Осыдан соң сахна төріне шыққан аудан әкімінің орынбасары Ерлан Лдибаев жылы лебіз білдіре келе, жылдың жас үздіктерін марапаттады. Бұл ретте «Жылдың ең көп балалы жас анасы» аталымына Көкбай ауылының тұрғыны Эльмира Танысқожанова, «жылдың үздік жастар ісі маманы» аталымына Құндызды ауылдық округі әкімінің бас маманы Бақытжан Сыдықова, «Жылдың жас спортшысы» аталымына Данияр Кеңесбеков, «Жылдың жас патриоты» аталымына Дәуренқызы Ақбота, «Жылдың жас студенті» аталымына Абай колледжінің студенті Берікболов Талант ие болды.

Бұдан кейін сахна төрін жайдарманшылар кіргізіп, сәлемдесу, биатлон, бейне көрініс және үй тапсырмалары бойынша өзара әзіл қағыстырды. Бірінші болып жарыс жолын бастаған Семей қаласынан келген «Мектептер құрамасының» ойындары әлсіздеу өрілгенімен, Қарауыл гимназиясының «Есте қалар» құрамасы ауылдың өзекті деген тақырыптарын әзілдеріне арқау ете білді. Ал, Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық саз колледжі «До мажор» құрамасы қағытпа қалжыңдарын өз мамандықтарымен ұштастырып тамаша жалғады. Киім үлгілері де жарасымдылық тапқан «Азия» жайдарман командасының әзілдері көрерменін күлкіге көміп қана қоймай, әділ-қазылар көңілінен де шыға білді. Болашағынан үлкен үміт күттіретін Таланттай әзілкеші бар биаталық «Қазақ жастары» құрамасы қашанда қағытпа қалжыңдарымен көпшілік көңілін марқайтып келеді.

Алғашқы кезеңдерде жігермен басталған Жайдарман бейне көрініс және үй тапсырмалары бөлімдерінде жұтаңдау тартты. Қойылымдары сүреңсіз құрылып, ой салар түйін көре алмадық. Осылайша финалдық кезең қорытындысы бойынша Жайдарман кубогын «Азия» құрамасы иеленіп, арнайы 50 мың теңге ақшалай сертификат пен дипломмен марапатталса, ІІ орынға және 30 мың теңгелік ақшалай сыйлыққа Би ата ауылының «Қазақ жастары» құрамасы ие болды. Ал, ІІІ орынға Қарауыл гимназиясы «Есте қалар» командасы табан тіреп, 20 мың теңгені иеленді. Өзге де қатысушылар арнайы дипломдармен марапатталды. Кеш соңында Жайдарман ойынның өтуіне қолғабыс тигізіп жүрген жастар да сый-сияпат, құрметке кенелді.

 

Тоғжан РАХЫМБЕКҚЫЗЫ,

«Абай елі»

Бәрекелді!

 

ТАЛАНТЫМЕН ТҰРСЫНБЕК ҚАБАТОВТЫ ТАҢЫРҚАТҚАН МЕЙІРЖАН

 

Күлкі – адамға қуаныш сыйлап қана қоймайды, өмір жасын да ұзартады. Ал, әзілдің астарлы болып, адамды тек жадыратып қана қоймай ой сала білуі – өнер. Осы ретте көрерменнің жүрегін жаулаған, еліміздегі ең үздік сатиралық бағдарламалардың бірі «Базар жоқ» әзіл-сықақ театрының жетекшісі Тұрсынбек Қабатов жуырда тың бастаманы қолға алған еді. Сатиралық топтар ішінде сарыны өзгешелеу құрылып, өмірден алынған өміршең әзілдерді өнерлеріне арқау ететін құрама өз тобын жаңа таланттармен толықтыру мақсатында көңілашар ойын-сауық отауының сыни іріктеу сайысын ұйымдастырған еді. Бағдарлама көгілдір экран арқылы күллі қазақстандықтар назарында болған-ды. Осынау өнер сайысына жерлесіміз, белгілі жайдарманшы Мейіржан Алтыбаев та қатысып, бабы мен бағы қатар шапқан додада бас жүлдені иеленді. Жастық жігері тасыған өнерлі жерлесіміздің жеңісін тамашалаған Абай елі ұлылар туған өлке ұланының осал болмасы әсте мүмкін еместігін айтып, «бәрекелді» десті! Барша Қазақ елі көз тіккен көңілашар сайысында 300-дей қатысушыдан оқ бойы озық шығып, өз қабілетін сан қырынан дәлелдеген Мейіржанның өнеріне Тұрсынбек Қабатовтай өнер саңлағының өзі тәнті болыпты. Осылайша ұланымыздың мәртебесі биік болып, мерейі тасып қайтты.

 

Қараша айының 3 күні аудандық жастар орталығының директоры Мейіржан Смағұлов Елорда төрінде өнерімен талайды тамсантып қайтқан Мейіржанды қарсы алуға арнайы аудан жастарының басын қосып, көк туымызды жалаулатқан аппақ автокөліктермен Қарауылдың кіре беріс жолына бет алған еді. Қашанда көпшілік қуанышының бел ортасында жүретін Қаныша апа мен Уәсила әжелер бұл жолы да шашуларын ала келіпті. Көп күттірместен Мейіржан да асыға тосқан жерлестіріне қосылып, жастар мәре-сәре болысты. Әжелер шашуларын шашып, ақ тілектерін ақтарысты. Сөз алған жастар жанашыры Мейіржан Серікболсынұлы Абай елінің абыройын Астана төрінде қорғап, жүзден жүйрік шыққан жас таланттың талабына толағай табыс тіледі. Осылайша жастар көк туларын жалаулатқан автокөлік керуенімен Қарауыл көшелерінен шеру құрып өтіп, Би ата ауылына да арнайы барып, көпшілік назарын өздеріне аударды. Жерлестерінің жеңісіне қолдау білдіріп жатқан Жастар орталығының жас басшысы Мейіржан Серікболсынұлының әр бастамасы қашанда игілікке бастары анық.

Ал кешкілік Мәдениет үйінде Жайдарман ойындарының 1\2 кезеңі өтіп, жыл бойы іріктелген командалар арасында оқ бойы озып шыққан 9 құрама сахна төрінде аудан тұрғындарына арнап әзілден сыбаға тартты. Әуелгі болып сөз тізгінін алған жастар орталығының директоры Мейіржан Смағұлов абайлық жас өрен Алтыбаев Мейіржанға жеңісі үшін жастар атынан сыйлық тарту етіп, құрметке бөледі. Өз кезегінде қуанышына ортақтасқан жерлестеріне ризашылық лебіз білдірген Мейіржан қолдау жасаған аудандық білім бөлімінің басшысы Мақсат Нұрсұлтанұлына, мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сағындықовқа және ауыл әкімі Гүлнар Боранжановаларға алғысын жеткізді.

Осылайша жайдарман ойындарына кезек беріліп, әзіл сүйер жастарды күлкіге көмкерген командалар алғашқы айналым - әуенді әзіл және сәлемдесу кезеңдерінде өнерлерін ортаға салды. Финалға аз ғана уақыт қалғанын ескерсек бұл кездесу жайдарманшылардың жігерлерін қамшылаған сыңайлы. Себебі әзіл-қалжыңмен әдемі өрілген ойындары ерекше сүйсіндірді. Десек те, ойыннан іріктелген 5 команда ғана тікелей финалға жолдама алды. «Тамаша», «Есте қалар», «До мажор», «Азия» және «Қазақ жастары» құрамалары үздік деп танылды. Келесі кезеңде тіптен тартысты ойын өрнегін тамашалаймыз деген үміттеміз. Жастар арасында жарасымды кеш өткізіп, Жайдарман ойынын жандандыруға қолдау танытқан Жастар орталығының директоры Мейіржан Смағұловқа өскелең буынның айтар алғысы шексіз.

 

Мейіржан Алтыбаев:

АБАЙ ЕЛІНІҢ ӘЗІЛКЕШТЕРІН РЕСПУБЛИКА ТАНИДЫ

 

Кезінде өнерге деген қызығушылығын Жайдарманнан бастап, бүгінде үлкен сахнада танылған Мейіржан Алтыбаевты біз де әңгімеге тартқан едік.

 

-Ең алдымен Мейіржан, сені үлкен сахнаға шыққан алғашқы қадамыңмен және де жүлделі жеңісіңмен құттықтаймыз. Осы сайыс жайында азды-кем тоқталып өтсең?

-Көңілашар бұл қазақ сатирасының бір бөлігі - әзіл жанры. Бұл әзілдің жілік майын шағатын Қабатов Тұрсынбек ағамыздың бастамасымен қолға алынған жоба. Биыл бірінші рет ұйымдастырылып, ұлттық арнадан көрсетілген сайыстың негізгі мақсаты еліміздің әр қиырында танылмай жүрген талантты жастарды тауып, үздіктерін анықтап, өз құрамасына қосу болатын.

- Ал осынау сайысқа жалпы саны қанша үміткер қатысты? Қарсыластарыңды жеңу қаншалықты қиын болды?

-Іріктеуде еліміздің әр өңірінен келген 300 талапкер бақ сынаса, ұлттық арнадан көрсетіліміне соның тек 84-і ғана қабылданды. Сайыс 1\16, 1\8, 1\4,1\2 және финалдық кезеңдерден тұрды. Әр бөлімде осал өнер көрсеткен ойыншылар сайыс шеңберінен шығып отырды. Ең ақырғы финалға 4 қатысушы қалып, өз қабілеттерін паш етті. Десе де әр әзілқой өзіндік болмысымен, әзіл айтудағы шеберліктерімен танылды. Бұл ақтық мәреге шығып, жүлдені еншілеу оңайға соққан жоқ. Ең алдымен басыма таудай бақ берген бір Алланың жәрдемі, содан соң өнеріме тілекші болған, қолдаған ата-анамның, жерлестерімнің және осыған дейін өнер сахнасында бірге шыңдалған достарымның да арқасы деп білемін.

-Ел Шығысынан өзіңмен бірге бәйгеге түскен өрендер болды ма? Республика жұртшылығына танылуыңа себеп болған бұл жобамен қалай таныс болдың?

-Облысымыз бойынша 8 өнерпаз қатысқан едік. Барлығы да финалға дейінгі кезеңдерге жетті. Жалпы бұл жобамен әлеуметтік желідегі хабарландыру арқылы құлағдар болып, өтініш білдірген болатынмын. Ең бірінші бөлімде өзімнің дайындап барған монологымды оқыдым, келесі бөлімде актерлік шеберліктерімізді сынға алды, тосыннан қойған сұрақтардан сытылып, әзіл құрастырып шығу керек болды. Тек 1\4 кезеңінде ғана екінші орын алып қалдым, ал қалған бөлімдерде бірінші орынды жеңіп отырдым. Жігіт деген сегіз қырлы бір сырлы болуы керек деп жатады ғой. Сол себептен әр қырымнан көрсетіп өзімді мойындатқаным мен үшін ерекше қуаныш.

-Ең алғаш әзіл әлемінде сахнаға шыққан сәтің есіңде ме?

-Иә, ең алғаш Өскемен қаласында өткен облыстық Жайдарманда бақ сынаған сәтім әлі есімде. Үлкен сахнаға шыққаннан соң дайындық та осал болмауы керек деп, өзіме күш түсіріп, тамағымның ауырып қалғаны бар еді. Сол кезде жүлделі 3 орынды иеленгенбіз.

-Сөз соңында бүгінге дейінгі әзіл әлеміндегі жеткен жеңістеріңмен бөліссең?

-Республикалық Жайдарманның чемпионы болу барлық жайдарманшының арманы. Бірақ мен биыл чемпион болмасам да вице-чемпион болдым. Қалалық, республикалық жарыстардың үздік ойыншысы атандым. Бірқатар ірі қалаларда әкім кубоктарын иелендік. Дегенмен жайдарманшы үшін ең басты жеңіс көрерменінің жүрегіне жол тауып, езуіне күлкі үйірілту деп білемін.

-Бізге берген сұхбатың үшін рахмет! Тағы да жеңісіңмен құттықтаймыз. Өнер аспанындағы бағындырар белестерің көп болсын!

-Сіздерге де үлкен рахмет. Өнерімді қолдаған ата-анама, жерлестеріме, әрине бірінші кезекте жастардың қолдаушысы Жастар орталығының директоры Мейіржандай ағамызға айтар алғысым шексіз!

 

Тоғжан РАХЫМБЕКҚЫЗЫ,

«Абай елі»

Page 2 of 4

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар