Руханият

Рухани жаңғыру: туған жер- тұғырым     

           

Бүгінде ел аузында нақыл сөзге айналып кеткен әдемі бір тәмсіл бар. «Жер – әңгімеші, жер әңгімеші болған соң ел әңгімеші», - дейді ұлы Мұхаң, заңғар жазушы Мұхтар Әуезов. Расында, бұл сөздерде даналық бар. Дүниеге Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды асыл перзенттер сыйлаған алтын құрсақты, шежірелі қарт Шыңғыстауда – ұлылар мекенінде туып өсудің өзі бақыт.

Рухани жаңғырудың Абай елінен басталуы жарасымды. Бұл ретте, биыл елімізде әлемге әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің 120 жылдық мерейтойы аталып өтілетіні мәлім. Заңғар қаламгердің мерейтойына орай аудан көлемі қызу дайындық үстінде. Енді бірер күнде ауқымды салтанатты шара, ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырылмақ. Осыған орай, ұлы тұлғаның туған жері Бөріліге апаратын 4 шақырым қара жол толық асфальттанады. Мұндай шаралар қатары көп.

Жуырда облыс орталығы Өскемен қаласында Елба­сының «Рухани жаңғыру: бола­шаққа бағдар» атты мақаласында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру бойынша облыс әкімі Даниал Ахметовтің қатысуымен жиын өтіп, сол басқосуда Шығыс Қазақстандағы қастерлі орындар картасы жасалатыны туралы айтылған-ды. Міне, көп ұзамай қуанышты хабарға да құлағдар болдық. Аталған өңірлік бағдарламаға Құнанбай әулетіне құтты қоныс болған, һәкім өмірінің соңғы жылдарын өткізген  Жидебай жері мен Абай ауданы, Тоқтамыс ауылынан 18 шақырым жерде орналасқан Қоңыр әулие үңгірі де енгізіліпті. Анығырақ айтсақ, Жибебай мен Қоңыр әулие үңгірі тарихи-мәдени маңызы бар ескерткіштер қатарына алынды. Осы бағдарлама аясында үңгірдің жағ­дайы жөнге келтірілуде.   Ұлылар мекенінде тек Құнан­бай, Абай өміріне ғана қатысты емес, тарихы тереңнен тамыр тартатын киелі орындар жетерлік. Соның бірі де бірегейі – Қоңыр әулие үңгірі. Қоңыр әулие үңгірі жайында ел арасында аңызға бергісіз әңгімелер көп. Әйгілі Қабанбай батыр «Дарабоз» атағын осы жерде алған деседі. Бұл туралы «Абай жолы» романында да жазылғаны белгілі. Үңгір маңында жоңғарлармен қаншама кескілескен қанды шай­қастардың өткенін сол төңі­ректегі тас қорымдардың өзі әйгілеп жатқандай. Алайда, дәл қазіргі уақытта Қоңыр әулие үңгірін жұрттың көбі тарихи мекен ретінде емес, тек емделу орны ретінде қабылдап жүрген секілді. Қасиетті үңгірді түсініксіз діни ұйымдардың табыс көзіне айналдырып алғаны жайында да БАҚ бет­терінде айтылып, жазылған еді.  Қазіргі таңда Қоңыр әулие үңгірінде жөндеу, жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.   «Ойды ой қозғайды»  демекші, Ұлы Абайдың 150 жыл­дық мерейтойында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қамқор­лығымен Жи­дебайда алыптарға ғажай­ып кесене салынып, Шыңғыс елі ру­хани жаңғыруды бастан кешті. Айтпағымыз  Ақшоқыға да осындай бір рухани серпілістің қажет екендігі сөзсіз.  Ақшоқыдағы Құнанбай қорымы да өңірдің ерекше орындары картасына енгізілсе деген ойдамыз.  

Тағы бір жағымды жаңалыққа тоқталсақ, әдебиетші, өнердің шын жанашыры Әсет Медеуханұлы Мырзақасымның құрастыруымен Алматы қаласында Ардақ Арнаұлы Лдибаевтың жеке баспасынан   160-180 беттік кітап шығарылмақ.   Бұл да бір айтулы үлкен жаңалық екендігі рас.

Құнанбай демекші, Абай ауданының орталығы Қарауылда әйгілі ба­бамыздың еңсе­лі ескерткіші орнатылмақ.  Биіктігі тұғырымен қоса алғанда 9 метрге жуықтайтын ескерт­кіш таза балқаштық мыстан құйылып, әзірленіп жатыр. Қойылатын орны да белгіленді. Бұдан бұрын да бірнеше танымал тұлғаларға арнап төл туындыларын дүниеге әкелген Нұрбол Қалиев есімді азамат аз уақыттың ішінде көпке танымал болып үлгерді. Аягөз  қаласында бой көтерген Ақтамберді жырау ескерткішінің авторы енді міне, Құнанбай ескерткішін жасауға ден қойған екен. 

-Ескерткішті қыс айынан бері қолға алдым. Бірінші кезекте сапаға мән берілуде. Ауа райының құбылмалылығына төзімді етіп жасалынуда. Себебі  9,9 пайызы таза мыстан жасалынды. Технологиясы өте күрделі. Көмекшілерім Жомарт, Данияр, Нұрлан есімді өз ісінің шеберлері. Өзім Абай жерінің азаматы болғандықтан  туған елге деген ықыласым ерекше. Саржал ауылының тумасымын. Алматыда білім алып, алғашқы еңбек жолымды сурет мектебінен бастадым. Ақтамберді, Құнанбайдай алып тұлғаларды дәріптеу мен үшін де ел өркениетіне қосқан бір үлес болмақ, - дейді ескерткіш авторы.  

Бұл орайда айта кетер жайт, Абай елі бойынша айтулы бастамалардың бірі ретінде көтерілген Құнанбай қажы Өскенбайұлына еңселі ескерткіш орнату ісі ат үстіндегі азаматтардың жанды қолдауымен жандана түсуде. Ел бірлігін танытар осынау ілкімді бастамаға ел болып атсалысу мақсатында «Құнанбай қоры» да құрылып, қолы ашық, жаны жомарт жандардың қаржы құйып, зор үлес қосып жатқандығы мәлім. Осы ретте қор директоры болып сайланған ауылымыздың белді кәсіпкері, мәслихат депутаты Ардақ Белібаевқа арнайы жолығып, көпке ортақ игі іске ат салысып, көмектерін ұсынып жатқан  азаматтар санының артып келе жатқанына қанықтық.

Елдік мүдде жолындағы елеулі іске қол ұшын берушілер мол екен. Әрине, бұл ретте алыс-жақынға сауын айтып, ауданымыздан шыққан атан жілік азаматтарға қоңырау шалып, істің оң шешімін табуға білек түре кіріскен қор директоры Ардақ ағамыздың да  еңбегі бағалауға тұрарлық.

-Бұл сөз жоқ Абай елі үшін тарихи шара екендігі анық. Жұмыла кіріскен осынау іске қол үшін созуға ниеттіжандар қатары күн санап артып келеді. Есімі алашқа әйгілі қажы бабаға арналған еңселі ескерткіштің бой көтеруіне қаржылай қолғабыс көрсеткен жерлес азаматтарымыз бен баба ұрпақтарының жұмыла кірісуі, ауыл кәсіпкерлерінің жанды қолдауы - тарихи тұлғаның тұғырға қонар күнін жақындата түсуде.  Әлі де  қаржылай көмек қажет, - деп атап өтті өз сөзінде аталмыш қор директоры.

Расында да, елдігімізді танытар іргелі іс ендігі аралықта аяқсыз қалмайды. Себебі, қомақты қаражат аударып жатқан кең жүректі азаматтарымыз жетерлік. Осы ретте белді демеушілер есімдерін де атай кеткен жөн.

-Құнанбай қажыға тұрғызылатын ескерткішке қаржылай үлес қосқан Абай ауданының тумаларына, аудан әкімдігі, мәслихаты мен аудан, мекеме мекемелерінің жұмысшы қызметкерлерінің ұжымына және жекелеме азаматтар мен азаматшаларға ел атынан алғысымды білдіремін, - деген  «Құнанбай қорының» атқарушы директоры Ардақ Белібаев газет бетіне  толықтай тізімін беруді өтінген еді.

«Көп түкірсе көл» демекші ел азаматтарының арқасында ескерткіш жұмысы күн санап жануда. Біздің қосарымыз, қаржыдан қағажу болмаса, ескерткіш жұмысы да сапалы бола түспек. Осы себепті, демеушілер қатарынан табыламын деген көңілі жомарт ел азаматтары болса төмендегі «Құнанбай қажы» қоғамдық қорының реквизитін ұсынамыз. Ал, демеушілік жасаудан тартынбай, қаржы аударып жатқан азаматтарға тағы да зор алғыс білдіреміз. Көптің атсалысуымен жүзеге асатын, тарихи тұлғаға арналған ескерткіш белгі ертеңгі ұрпақ үшін бүгінгі буыннан мұраға қалатын аса елеулі, бірегей туынды болмақ. Осы орайда, бүгінгі таңдағы көрсетіліп жатқан жанды қолдауды тарихи тұлғаға деген ерекше құрметтің жарқын үлгісі деп білген абзал.

 «Құнанбай қажы» қоғамдық қоры

ШҚО Абай ауданы, Қарауыл ауылы, Құнанбай көшесі 22, индекс 070100

ИИК  КZ516010261000216253

БИН  141140008128

БИК  HSBKKZKХ

«Қазақстан халық банкі» АҚ

Кбе 18

КНП 119

Атқарушы директоры: Белібаев Ардақ Сағадиұлы

Байланыс телефоны: 87751395223, 87225292253, 87225291953

Анар СӘРСЕНБИНА,

 «Абай елі»

 

Рухани жаңғыру:

Біз қазақ халқы тегіміз-түркі, түлігіміз-жылқы деп өткен елміз.  Қазақтың арғы тегін жылқысыз елестету мүмкін емес. Себебі қазақ дейтін халықтың өзі тарих сахнасына жылқымен шыққаны белгілі. Жылқы- ол біздің халықтың жаны.  Ұлан-ғайыр атырапқа жылқының күшімен, найзаның ұшымен ие болып қалғанымыз да ақиқат. Мінсең-көлік, ішсең-сусын болатын қасиетті жануардың қазақ халқы үшін пайдасы шаш етектен.

 «Бабы келмеген жүйріктің бағы байланады» деген қазақ ат баптау ісіне ерекше ықтиярлықпен қараған.  Алайда, осы қасиетті жануарға  деген қызығушылық танытатындардың қатары көп болғанымен, ат баптау ісі екінің бірінің қолынан келе бермейтін дүние. Десек те, соңғы жылдары ат спорты,  соның ішінде ат баптау ісіне ынталы азаматтардың қатары артып келеді. Сондай азаматтың бірі, «ат баптау ісінің» шебері, жүйріктері бәйге бермейтін, ауданымыздың, Шығысымыздың намысын қорғап жүрген  көкбайлық атбегі- Бекбосынов Ерасыл Батырханұлы.

Жүйрікте де жүйрік бар, қазанаты бір бөлек.

Атбегілік - бұл үлкен өнер.  Бұл қасиет қазақтың қанына сіңген. Өйткені қазақтан басқа аттың жағдайын білетін халық жоқ десек те болады.  «Егер тұлпардың қанында тектілігі болса, ол  бәйге бермейтіні анық»- дейді атбегі. «Тек» демекші,  Ерасылдың да бұл ат баптау өнеріне жайдан -жай келмегені белгілі.  Сондықтан да әңгімені арғы жақтан бастауды жөн көрдік.

Алты жасынан жылқыға құмар болып өскен Ерасыл талай ат бәйгесінің бел ортасында жүрді. Атбегілік өнер оған қанмен берілген қасиет. Әкесі Бекбосынов Батырхан да жылқы десе қаны қызып, елеңдеп отыратын адам болған деседі. Ал өзінің үлкен атасы кезінде Қытай елінде бәйге жарысынан 50 км -ден бірінші болып келіпті.  Отбасында үш ұл болса да, «Әке көрген оқ жонар» демекші  атасы мен әкесінен дарыған атбегілік қасиет тек Ерасылға қоныпты. Ал бүгінде бес бала тәрбиелеп өсіріп отырған атбегі өзінің ұлдары Дамир мен Нұрасылды да осы өнердің қыр-сырына баулып өсіріп келеді.  Яғни бұл өнер Бекбосыновтар әулетінің атадан балаға беріліп келе жатқан ата дәстүрі деп айтсақ та артық емес. Нұрасыл мен Дамирдың да бағындырған белестері аз емес.  Атбегінің айтуынша: «аттың бәйгеде бірінші болып келуі 50 пайыз шабандозға да  байланысты.  Жеңіс тұғырына жету үшін шабандоз бен сәйгүліктің арасында сенім пайда болу керек.  Ат үстіндегі адам ең алдымен аттың тілін түсіну керек. Қызбалыққа салынып аттың өкпесін қысып, тебінбейді. Қай кезде қамшылап, қай кезде аттың басын тартуды есте ұстаған жөн. Міне, бұл қағидаларды толық орындаған шабандоз ғана жеңіс тұғырынан көрінері анық».

Сонымен қатар, атты бапауды қай кезден бастаған жөн деген сұрағыма атбегі: Жалпы мен атты әр мезгілде әр қилы баптаймын. Оның өзінің қыр сыры көп. Атты баптауды қаңтар айының басынан бастаймын.  Қыстағы дайындық мықты болса, сәйгүлік жазда бәйге бермейді, ал, көктем айынан бастап дайындалған ат тез алқынып қалады дейді. Сол себепті қыс айы ат баптаудың нағыз таптырмас уақыты.  Дайындықта бейнетті көрмеген ат үлкен топтың ортасына түскенде жанып кетеді. Аттың қырын білетін адам ғана аттың жан дүниесін түсінеді.  Ат баптау бұл үлкен жауапкершілікті, қырағылықты, сезімталдықты қажет етеді. Ол үшін сен жылқының жай- күйін терең аңғара білуің  керек.  Тіпті дайындықта аттың дем алысынан да оны қандай күйде келе жатқанын сезіне алуың керек дейді. Сондықтан да бұл аттың бабын, қыр- сырын түсінетін адамның ғана қолынан келетін дүние. 

Жалпы, Ерасылдың ат баптау өнерінің өзіндік ерекшелігі де бар. «Аттың тынысы кең болып,  кеудесі мен шоқтығы өсуі үшін атқа ертоқым салмаймын»- дейді.  Ол бәйге алдында тұлпарды тізгіндеп ұстамай, күн бұрын тау-тасты, даланы аралатып бойын жазады. «Жалпы өзім атты кең далада жүріп,  дала шөбімен қоректендіргенді  жөн санаймын. Себебі,  далада жүрген жылқы сүйген шөбін жейді. Ал дәруменнің барлығы сол даланың шөбінде болады.  Дала шөбі кальцийге  бай болғандықтан аттың буындарының қатаюына көп септігін тигізеді. Атбегінің сөзіне сүйенсек, жылқының жақсысы тамақты да талғап жейтін көрінеді.  Яғни, шын жүйрік  бәйге алдында қанша жем берсең де, тек мөлшерімен жеп, өз-өзін аламанға дайындайды екен. «Бұл жылқы малының ерекше қасиеті», – дейді атбегі.

Бабы келіскен сәйгүлік - қашықтық талғамайды.

Қазақ десе-жылқы, жылқы десе есімізге қазақ түседі.  Әрі қазақ халқы ертеден ат жалында өсіп, жылқының, бабы мен күтімін бес саусақтай білген. Атбегілер  жүйрік болар жылқыны құлын кезінен баптап, аттың сынына аса мән берген. Құнан шыққанда қолтығын жаздырып, ал бәйгеге қосар кезде оны әр күні аяңдатып, желдіріп, тұла бойын ауырлатқан ащы терін шығарып, бабына келтірген.

Бүгінгі таңда осы атадан қалған асыл өнерімізге деген құрмет артып келеді. Бірде-бір мереке, ас ат жарысынсыз өтпейтіні белгілі. Атжарыс-қазақ халқының мәдени дәстүріне енген ат ойындарының бір түрі. Атбегілер мен шабандоздардың шеберлігі сынға түсетін мезет. Жалпы аттар жаратылыс бітіміне байланысты әр түрлі шабады. Мысалы кейбір аттар бәйге шығар шықпадан шыға сала, барлық жүйріктен оза шығады да, сол бойына алдына ешбір атты жібермей көмбеге бірақ жетуі  мүмкін.  Бірақ, атбегінің ойы «атты топқа кірген бойы қамшылап күшін кетірмей, ең алдымен терлетіп, аяқ алысымен денесін қыздырып алу қажет»- дейді. Басында баяу шауып, көп жүйріктің соңынан ере келе, тынысы ашылып, терлей келе біртіндеп озып шығатын жүйріктер де болады.  Дегенмен де, әр атбегінің ат баптау әдәсі әр түрлі  болып келеді.

Ерасыл аудандық, облыстық ат жарыстардан бәйге бермей жүргендердің бірі.  Биылғы жылы М. Әуезовтың 120 жылдығына арналған Абай ауданы әкімінің жүлдесі үшін өткен жарыста үш қашықтық: тай, құнан, топ, аламан бәйге бойынша қатарынан  «Ерасылдың бірдей  үш жүйрігі оқ бойы озып келіпті деген сөздер аудан жұртшылығы арасында кеңінен таралып кеткен болатын». Расыменде,  бір жарыста сондағы тай жарысқа да, құнан жарысқа да, аламан бәйгеге де қатысып шығып, бір аттан түсіп, екіншісіне шауып, дара келу мақтанышпен ауыз толтырып айтарлықтай  дүние.

Айта берсек Ерасылдың бағындырған белестері жетіп артылады. Қадыр Мырзалиевтың «Жүйрікке шабудан да самғау оңай,жүйрікке қалудан да озу оңай» дегеніндей Семей қаласында өткен ат жарысынан да «Ханшайым» атты тұлпары Алматы мен Астананың сәйгүліктерін шаң қаптырып, нағыз арғымақтар бәйгесінде тағы да  бас жүлдені алып, Абай ауданының атын ат спортында тағы бір асқақатып келген –ді.   Сонымен қатар, Үржар жерінде өткен бәйгеде де  1 млн ақшалай сыйлыққа ие болса, ал Аягөз, Балқаш қаласында өткен жарыста үш арақашықтық бойынша да тағы да қатарынан  үш бәйгесі бірінші  болып келді. Былтырғы жылы Ақсуат жерінде үлкен ас беріліп, шашасына шаң жұқтырмайтын шабандоздар жарысында.  да атбегінің баптаған  тұлпары  тай жарысында 47 аттың ішінде бірінші болып келсе, құнан жарыста 43 аттың ішінде, ал бәйге жарысында 67 жүйріктің арасынан оза шауып тағы да жеңіс тұғырынан көрінді. Осылайша, келген елдің, көрген жұрттың делебесін қоздырып, ағайынға арқа бітірді. Бес күннің ішінде Шұбартау, Балқаш Алғабасқа барып үш арақашықтық бойынша да бірінші орынды еншілеген кездері де болған.  Төрт жылда Ерасылдың сәйгүліктері тек бір мен екінші орында болып келген. Атбегі  «Бабы келіскен сәйгүлік - қашықтық талғамайды» деген қағиданы расымен де дәлелдегендей. 

«Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» дейтін ауылдастары да атбегінің жасаған еңбегіне әрдайым тілекші болып отырады.  Алда әлі талай жарыстар тұр. Әрдайым сәгүліктерінің  бабы мен бағы қатар шабатын ат бапкеріне - баптаған жүйріктеріңіз  мәреге дара жетіп, бәйге төрінен көрінсін дейміз!

Тоғжан ҚАЛЫМОВА,

«Абай елі»

 

 

 

 

Рухани жаңғыру: озық  дәстүр

 

Ұлттық болмысымызды айғақтайтын ұлы ұғымдардың бірі – ақ дастархан! Жомарттық пен ақжарма пейілдің айқын нышаны саналатын, әр қазақ үшін қастерлі осынау атаудың өзіндік терең мән-мағынасы бар. Бағзыдан жеткен бұл ұғымның байыбын әсіресе ақ жаулықты әжелер қауымы жақсы түсінеді.

Ұлттық үрдістің тіні үзілмеген ұлылар елінде қазақы дәстүр мен салт-жоралғылар аясында түрлі шаралар жиі дүбірлеп өтіп жатады. Әсіресе, рухы өр, өресі биік, қаймағы бұзылмаған қазақы мінезі бар  осынау өлкеде аузы дуалы ақсақалдар мен ел берекесін ұйытқан ақ жаулықты әжелерінің тәрбие мектебінің үлесі зор. Бұл ретте, жас ұрпақ алдында сан алуан асыл қасиеттерді, ұлттық құндылықтарды насихаттап, салт- дәстүрімізді дәріптеуде ерен еңбек сіңіріп жүрген ауданымыздағы  «Нұр-Сана» салт-дәстүр орталығының әжелері осы үдеден табылуда.

Кешегі Айпара, Зере сынды рулы елдің арқа тұтары болған әжелеріміздің бүгінгі сарқыты арамызда жүр десек артық айтпағандығымыз. «Нұр-сана» салт-дәстүр орталығының кимешекті апалары туралы да осындай ізгі ой түюге болады. Аталмыш ұжым құрылған уақыттан бері аудан көлемінде ұланғайыр шараларға ұйытқы болды. Оған дәлел ретінде, биылғы жылы әжелеріміздің бастамасымен өткізілген «Қауышу», «Алғыс айту», «Ақ дастархан», «Ақ орамал» сынды игі дәстүрлеріміздің көптің көңілінен шығып, сыйластыққа, бауырмалдыққа, жалпы ізгі ниетке жол ашқанын айтсақ та болады. «Ананың тілегі ақ» деген осы-да.

Жуырда орталық жетекшісі Қаныша Нұрғалиева бастаған әжелеріміз аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірлесіп жоспарлы күнге  орайластырып  тағы бір шараны жоғары деңгейде ұйымдастырып өткізді. Бұдан бұрын да «Ақ дастархан» шарасын жоғары деңгейде атқарған әжелер осынау шараны жалғастырып,  тәрбиелік, тәлімдік аясын кеңейте түскендей.

«Ақ дастархан» іс-шарасы арқылы әулеттің қамқоршылары ақ жаулықты аналардың босағаны жаңа аттаған келінге деген аналық ақ тілегінің, ерекше ілтипатының куәсі болдық. Яғни, үлкен тағылымның бастауы - ене мектебінен алар тәрбиенің алтын арқауын көрсетіп берді.

Бұл күні әжелер ақ дастархан жайды. Келелі басқосуда өрелі әңгімелер өрбіді. Әжелердің дәміне жақында ғана шаңырақ көтерген жас отбасылар Бектөлеуұлы Жандос пен Рамазанова Назигүл, Байтусов Нұржан мен Дәуренқызы Айдана, Қадыров Ернұр мен Мәденова Жаннұр, Ғабитов Аманбек пен Нұрланова Айжан арнайы шақырылыпты. Тағылымды да тәрбиелік мәні зор басқосуды осынау шараның ұйытқысы,  «Нұр-Сана» салт-дәстүр орталығының төрайымы Қаныша Нұрғалиқызы ұлағатты сөздерімен аша келе, жас ұрпақты тәрбиелеуде атқарып жатқан айшықты еңбектеріне баса тоқталып өтіп, жас отбасыларға босағаларының берік, шаңырақтарының биік болуын аналық ақ жүрегімен  тіледі.   

Сонымен қоса, жас отауды жаңа көтерген осынау жастарға ізгі лебіздерін арнаған әжелер ән де шырқап, отырыстың сәнін келтірді. Бас қосып отырған жастар әр мамандықтың иелері, қызметте табысты жандар.

Ауыл аналары жай басқосу жасамапты, келін түсіру, беташардың маңызы мен құндылығы жөнінде де тағылымды әңгіме өрбітті. Осы орайда, жаңадан отау көтерген жас отбасылардың дастарханы мол болсын деген тілекпен  «Дастархан» ән шашуымен әрлеп «Ақ дастархан» аталған тәтті торттарын ұсынды. Мұнымен қатар, көңілдері аппақ қардай  кіршіксіз ақ әжелердің төрт шеті   оюмен көмкерілген ақ дастархан жаймасы да жастарға  ерекше сый болды. Кезінде ата-бабаларымыз дөңгелек үстелге ас ішкен-ді. Үстелдің үстіне оюлы дастархан жайылғанын  ескерген әжелеріміз жастарға ырыс-бақ тілеп, төрт құбыласы тең болсын деп ақ дастархан тарту етті. Тағылымды басқосу барысында Абай бабамыздың әндері шырқалып, жиналғандарды әдемі әсерге бөледі.

Келелі әңгіме кестелі көрініс тапты. Атап айтсақ, ақ дастарханның құндылығы,  жаңа түскен келіннің ата-енесін, жұбайын  сыйлауы, келін ретіндегі міндеті жайлы тағылымды, тәрбиелік мәні бар әңгімелер айтылды. Міне, әжелер өткізген  бір ғана кештің мән-маңыздылығы осылайша тереңнен орын алды. Осынау сәтте жас отауға неке куәлігін салтанатты түрде тапсыратын аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Әйгерім Боранбайқызы да жас отбасыларды құттықтап,  сыйластық, ауызбіршілік сынды құнды қасиеттер жайлы әсерлі әңгімелеп, жастарға жанұя бақытын тіледі. 

Бүгінгі жас отау иелерін қазақы мәнер, ұлттық үрдіс негізінде сусындатудың маңызы зор. Тағылымы зор ерекше отырыста «Нұр-Сана» салт-дәстүр орталығының әжелері де аналық  ізгі тілектерін білдіре келе, өздерінің жастық шақтарынан әңгіме шертіп, тұрмысқа қажеттінің барлығы даяр қазіргі заман  келіндерінің бақытты екендіктерін айтып өтті. Мұнымен қатар, Абай атамыздың туған күнімен тұспа-тұс келген, жаңа құрған отауларының керегелері кең, шаңырағы биік болуына тілектестіктерін білдірді.

Ақ дастархан басында сән-салтанат орнап, сыйластықпен сый-сыбаға тартылған, жүректен жыр ағытылған бұл күн жас шаңырақ иелерінің есінен мәңгілік кетпесі анық.

 Анар СӘРСЕНБИНА,

«Абай елі»

 

«Рухани жаңғыру: Өмірге сергек көзқарас»

 Әрбір елді мекенде тұрғындардың балалық шағын еске салатын ерекше орындар болады. Қарауылдағы спорт алаңы осындай ерекше нысандардың бірі. Әйтседе, төрт қабырғасының қоршауы төрт түрлі,  тозығы жеткен жүгіру жолақтары, доп ойналса шаң көтерілетін үлкен футбол алаңы бар стадионның талапқа сай еместігі спортсүйер қауымның жанына батып-ақ жүрген-ді. Десек те, амалдап аудан, облыс көлеміндегі маңызды спорттық шараларды осында өткізіп келдік.

Биылғы жылдың бір қуанышты жаңалығы сол, аталмыш стадион күрделі жөндеуден өтіп, заман талабына сай қайта жаңғырмақ. Мұндағы жүргізіліп жатқан қызу жұмыстар бүгінде ел назарын өзіне аударып отыр. Нысанның жаңарар уақыты жақын.

Бүгінде жер-жерлер, қалалар, ауылдар жаңғыру үрдісіне жаңаша сипат беріп жатқаны мәлім. Қайта түлеген спорт алаңымен бірге ауыл спорты да жаңа сатыға көтерілері сөзсіз.

Аталмыш спорт нысанын күрделі жөндеуден өткізу мердігер мекеме «Еңбек» ШЖҚ республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Еңбек-Семей» филиалына және қосалқы мердігер «Ақши-құрылыс» ЖШС-не тапсырылыпты. Бүгіннің өзінде 2200 шаршы метр жүгіру жолағының асфальты төселіп, 982 метр аумақтың қоршауы жаңадан тартылып, қос бірдей қақпа орнатылып, 400 адамға арналған металл конструкциясынан монтаждалған трибуна жұмысы аяқталды. Мұнымен қатар, спортшылардың киім ауыстыратын орыны, қоғамдық дәретхана құрылыстары да тәмамдалған.

Тағы бір ерекшелік, жеңіл атлетика мен гимнастика үшін арнайы жабдықталған қосымша шағын алаңдары да бар.

Жүргізілген құрылыстар жұмыстары қатарында сонымен бірге, алаңға электр желісі тартылып, стадионның жарықтандырылуы, бағандар орнату жұмыстары да нәтижелі іске асқан.

Бұл ретте, жөндеу жұмыстары жөнінде пікір білдірген аудан әкімінің міндетін атқарушы Бауыржан Тәттібеков:

- Бүгінгі күні 6700 шаршы метр футбол алаңының орнын тегістеу, жасанды төсеніш жаю сынды жұмыстары қалды. Ол үшін қосымша техникалар Семей қаласынан жеткізіледі. Сонымен қатар, баскетбол алаңына асфальт төселіп, арнайы волейбол алаңы да салынатын болады. Стадион жұмысы заманауи талаптарға толығымен сай болмақ. Құрылыс барысы назарымызда тұр. Мерзімінде аяқталады деп сенеміз, - дейді.

Қазіргі уақыттың өзінде жаңаша сипат алған орталық спорттық алаң салауатты өмір салтын серік еткен жандар үшін қолайлылық тудырады. Аталмыш нышан облыстық деңгейдегі іргелі сайыстар мен біріншіліктерді еш қымсынбай өткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, «екінші тынысы ашылған» алаң аудан көлемінде спорттың бұқаралығын тіптен арттыра түседі деген ізгі үміт бар.

Жалпы, стадионды абаттандыру жұмыстарына оннан аса құрылыс техникалары, 40-тан аса жұмыс күші жұмылдырылған екен. Жаңа нысан тамыз айының соңында пайдалануға берілмек.

 Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі»

КІРІСПЕ

 

Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Мен жыл басындағы халыққа Жолдауымда Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғанын жарияладым.

Осылайша, біз қайта түлеудің айрықша маңыз­ды екі процесі – саяси реформа мен эко­номи­калық жаңғыруды қолға алдық.

Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу.

Аталған екі жаңғыру процесінің де нақты мақ­сат-міндеттері, басымдықтары мен оған жет­кізетін жолдары бар. Мен көздеген жұмыс­тары­мыздың бәрі дер уақытында және барынша тиімді жүзеге асарына сенімдімін. Бірақ, ойлағанымыз орындалу үшін мұның өзі жеткіліксіз.

Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып оты­руы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаң­ғыру­ларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады.

Рухани жаңғыру тек бүгін басталатын жұмыс емес.

Біз Тәуелсіздік кезеңінде бұл бағытта бірнеше ауқымды іс атқардық.

2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандарды жаңғырттық.

2013 жылы «Халық – тарих толқынында» бағ­дарламасы арқылы әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелі түрде жинап, зерттедік.

Енді осының бәрінен де ауқымды және іргелі жұмыстарды бастағалы отырмыз.

Мен еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қа­лай қадам басатынымыз және бұқаралық сана­­ны қалай өзгертетініміз туралы көзқарас­тарым­ды ортаға салуды жөн көрдім.

 

І. ХХІ ҒАСЫРДАҒЫ ҰЛТТЫҚ САНА ТУРАЛЫ

Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арыл­масақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек.

ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бас­тау алатын рухани коды болады.

Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай.

Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық.

Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық  дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды.

Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыс­ты­рып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды.

Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйле­сімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғыр­намасы.  

Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете оты­рып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сенім­мен бет алуын қалаймын.

Бұл ретте, тұтас қоғамның және әрбір қа­зақ­стан­дықтың санасын жаңғыртудың бір­неше бағы­тын атап өтер едім.

 

  1. Бәсекелік қабілет

Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халық­тың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана та­быс­қа жетуге мүмкіндік алады.

Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсы­на алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, соны­мен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін.

Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қа­бі­летімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақ­стандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы,  ком­пьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мә­дени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың сана­тында.

Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы.

 

  1. Прагматизм

Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгерт­пейінше, біздің толыққанды жаңғы­руымыз мүмкін емес.

Төл тарихымызға, бабаларымыздың өмір салтына бір сәт үңіліп көрсек, шынайы прагматизмнің талай жарқын үлгілерін табуға болады.

Халқымыз ғасырлар бойы туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтап, оның байлығын үнемді, әрі орынды жұмсайтын теңдесі жоқ экологиялық өмір салтын ұстанып келді.

Тек өткен ғасырдың ортасында, небәрі бірнеше жыл ішінде миллиондаған гектар даламыз аяусыз жыртылды. Бағзы замандардан бері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келген ұлттық прагматизм санаулы жылда адам танымастай өзгеріп, ас та төк ысырапшылдыққа ұласты. Соның кесірінен, Жер-Ана жаратылғаннан бері шөбінің басы тұлпарлардың тұяғымен ғана тапталған даланың барлық құнары құрдымға кетті. Түгін тартсаң майы шығатын мыңдаған гектар миялы жерлеріміз экологиялық апат аймақтарына, Арал теңізі аңқасы кепкен қу медиен шөлге айналды.

Осының бәрі – жерге аса немқұрайлы қараудың ащы мысалы.

Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек.

Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді.

Нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану – мінез-құлықтың прагматизмі деген осы.

Бұл – заманауи әлемдегі бірден-бір табысты үлгі. Ұлт немесе жеке адам нақты бір межеге бет түзеп, соған мақсатты түрде ұмтылмаса, ертең іске аспақ түгілі, елді құрдымға бастайтын популистік идеологиялар пайда болады.

Өкінішке қарай, тарихта тұтас ұлттардың ешқашан орындалмайтын елес идеологияларға шырмалып, ақыры су түбіне кеткені туралы мысалдар аз емес. Өткен ғасырдың басты үш идео­логиясы – коммунизм, фашизм және либерализм біздің көз алдымызда күйреді.

Бүгінде радикалды идеологиялар ғасыры келмеске кетті. Енді айқын, түсінікті және болашаққа жіті көз тіккен бағдарлар керек. Адамның да, тұтас ұлттың да нақты мақсатқа жетуін көздейтін осындай бағдарлар ғана дамудың көгіне темірқазық бола алады. Ең бастысы, олар елдің мүмкіндіктері мен шама-шарқын мұқият ескеруге тиіс.

Яғни, реализм мен прагматизм ғана таяу онжылдықтардың ұраны болуға жарайды.

 

  1. Ұлттық бірегейлікті сақтау

Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді.

Оның екі қыры бар.

Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту.

Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту.

Қазір салтанат құрып тұрған жаңғыру үлгіле­рі­нің қандай қатері болуы мүмкін?

Қатер жаңғыруды әркімнің ұлттық даму үлгі­сін бәріне ортақ, әмбебап үлгіге алмастыру ре­тінде қарастыруда болып отыр. Алайда, өмірдің өзі бұл пайымның түбірімен қате екенін көрсетіп берді. Іс жүзінде әрбір өңір мен әрбір мемлекет өзінің дербес даму үлгісін қалыптастыруда.

Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс.

Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күй­лері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана.

Сонымен бірге, жаңғыру ұғымының өзі мей­лін­ше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу дегенді білдіреді.

Мысалы, жершілдікті алайық. Әрине, туған жердің тарихын білген және оны мақтан еткен дұрыс. Бірақ, одан да маңыздырақ мәселені – өзіңнің біртұтас ұлы ұлттың перзенті екеніңді ұмытуға әсте  болмайды.

Біз әркім жеке басының қандай да бір іске қос­қан үлесі мен кәсіби біліктілігіне қарап баға­ланатын меритократиялық қоғам құрып жатырмыз. Бұл жүйе жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстықты көтермейді.

Осының бәрін егжей-тегжейлі айтып отыр­ғандағы мақсатым – бойымыздағы жақсы мен жаманды санамалап, теру емес. Мен қазақ­стан­дық­­тардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын.

Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды.

Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек.

 

  1. Білімнің салтанат құруы

Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет.

Тәуелсіздік жылдарында қыруар жұмыс жасалды. Біз он мыңдаған жасты әлемнің маң­дайалды университеттерінде оқытып, дайын­дадық. Бұл жұмыс өткен ғасырдың тоқсаныншы жыл­дарының басында қолға алынған «Болашақ» бағдар­ламасынан басталды. Елімізде өте жоғары деңгей­дегі бірқатар университеттер ашылды, зият­керлік мектептер жүйесі қалыптасты. Басқа да көптеген іс тындырылды.

Дегенмен, білімнің салтанаты жалпыға ор­тақ болуға тиіс. Оның айқын да, бұлтартпас себеп­­тері бар. Технологиялық революцияның беталы­­сына қарасақ, таяу онжылдық уақыт­та қазір­гі кәсіптердің жартысы жойылып кетеді.

Экономиканың кәсіптік сипаты бұрын-соңды ешбір дәуірде мұншама жедел өзгермеген.

Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағ­дайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгер­туге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді.

Осыны бек түсінгендіктен, біз білімге бөлі­нетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлем­дегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санаты­на қосылып отырмыз.

Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жас­тары­мыз басымдық беретін межелердің қатар­ында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді.

 

  1. Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы

Биыл Еуразия құрлығының ұлан-ғайыр ау­ма­ғын астаң-кестең еткен 1917 жылдың қазан айын­дағы оқиғаға 100 жыл толады.

Күллі ХХ ғасыр революциялық сілкі­ніс­терге толы болды. Бұл осы аумақтағы барша ұлт­­­тар­ға мейлінше әсер етіп, бүкіл болмысын өзгерт­ті.

Әрбір жұрт тарихтан өзінше тағылым алады, бұл – әркімнің өз еркіндегі шаруа.

Біреуге өзіңнің көзқарасыңды еріксіз таңуға ешқашан болмайды. Бізге тарих туралы өздерінің субъективті пайымдарын тықпалауға да еш­кім­нің қақысы жоқ.

Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке то­лы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды.

Біріншіден, ұлттық дамудың көнеден жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылды.

Екіншіден, ұлтымызға адам айтқысыз демо­графиялық соққы жасалды. Оның жарасы бір ғасырдан бері әлі жазылмай келеді.

Үшіншіден, қазақтың тілі мен мәдениеті құр­дымға кете жаздады.

Төртіншіден, еліміздің көптеген өңірлері эко­ло­гиялық апат аймақтарына айналды.

Әрине, тарих тек ақтаңдақтардан тұрмайды.

ХХ ғасыр Қазақстанға бірқатар игіліктерін де берді.

Индустрияландыруды, әлеуметтік және өнді­рістік инфрақұрылымдардың құрылуын, жаңа ин­теллигенцияның қалыптасуын осыған жат­қызуға болады.

Бұл кезеңде елімізде белгілі бір  жаңғыру болды. Бірақ, бұл – ұлттың емес, аумақтың жаң­ғы­руы еді.

Біз тарихтың сабағын айқын түсінуіміз керек. Революциялар дәуірі әлі біткен жоқ. Тек оның формасы мен  мазмұны түбегейлі өзгерді.

Біздің кешегі тарихымыз бұлтартпас бір ақи­қатқа – эволюциялық даму ғана ұлттың өр­кен­деуіне мүмкіндік беретініне көзімізді жеткізді.

Бұдан сабақ ала білмесек, тағы да тарихтың темір қақпанына түсеміз. Ендеше, эволюциялық даму қағидасы әрбір қазақстандықтың жеке басының дербес бағдарына айналуға тиіс.

Бірақ, қоғамның эволюциялық дамуы қағида ретінде мәңгі тұмшаланудың синонимі емес.

Сол себепті, тарихтың ащы сабағын түсініп қана қоймай, өзіміз күнде көріп жүрген қазіргі құбылыстардан ой түйіп,  болашақтың беталысына қарап, пайым жасай білу де айрықша маңызды.

Бүгінде революциялар өңін өзгертіп, ұлттық, діни, мәдени, сепаратистік перде жамылды. Бірақ, бәрі де, түптеп келгенде, қантөгіспен, эко­номикалық күйреумен аяқталатынын көріп отырмыз.

Сондықтан, әлемдегі оқиғаларды ой елегінен өткізіп, қорытынды жасау – қоғамның да, саяси партиялар мен қозғалыстардың да, білім беру жүйе­сінің де ауқымды дүниетанымдық, рухани жұ­мысының бір бөлігі.

 

  1. Сананың ашықтығы

Көптеген проблема әлемнің қарқынды өзгеріп жатқанына қарамастан, бұқаралық сана-сезімнің «от басы, ошақ қасы» аясында қалуынан туындайды.

Бір қарағанда, жер жүзіндегі миллиардтан астам адам өзінің туған тілімен қатар, кәсіби байланыс құралы ретінде жапатармағай оқып жатқан ағылшын тілін біздің де жаппай және жедел үйренуіміз керектігі еш дәлелдеуді қажет етпей­тіндей.

Еуропалық Одақтың 400 миллионнан астам тұрғыны ана тілдері – неміс, француз, испан, итальян немесе басқа да тілдерді  сыйламай ма? Әлде 100 миллиондаған қытай мен индонезиялықтар, малайлар ағылшын тілін еріккеннен үйреніп жатыр ма?

Бұл – бәзбіреулердің әншейін қалауы емес, жа­һандық әлемге еркін кірігіп, жұмыс істеудің бас­ты шарты.  

Бірақ, мәселе бұған да тіреліп тұрған жоқ. Са­наның ашықтығы зерденің үш ерекшелігін біл­діреді.

Біріншіден, ол дүйім дүниеде, Жер шарының өзіңе қатысты аумағында және өз еліңнің айналасында не болып жатқанын түсінуге мүмкіндік береді.  

Екіншіден, ол жаңа технологияның ағыны алып келетін өзгерістердің бәріне дайын болу деген сөз. Таяудағы он жылда біздің өмір салтымыз: жұмыс, тұрмыс, демалыс, баспана, адами қатынас тәсілдері, қысқасы, барлығы түбегейлі өзгереді. Біз бұған да дайын болуымыз керек.

Үшіншіден, бұл – өзгелердің тәжірибесін алып, ең озық жетістіктерін бойға сіңіру мүмкіндігі. Азиядағы екі ұлы держава – Жапония мен Қы­тай­дың бүгінгі келбеті – осы мүмкіндіктерді тиімді пай­даланудың нағыз үлгісі.

«Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – та­быстың кілті, әрі ашық зерденің басты көрсет­кіш­терінің бірі.

Егер қазақстандықтар жер жүзіне үйден шық­пай, терезеден телміріп отырып баға беретін болса, әлемде, құрлықта, тіпті іргедегі елдерде қандай дауыл соғып жатқанын көре алмайды.

Көкжиектің арғы жағында не болып жатқанын да біле алмайды. Тіпті, бірқатар ұстанымдарымызды түбегейлі қайта қарауға мәжбүрлейтін сыртқы ықпалдардың байыбына барып, түсіне де алмай қалады.

 

ІІ.  ТАЯУ ЖЫЛДАРДАҒЫ МІНДЕТТЕР

Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағи­да­ларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді.

Осыған байланысты, мен алдағы жылдарда мықтап қолға алу қажет болатын бірнеше жобаны ұсынамын.

Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық.  

Қазақ тілінің әліпбиі тым тереңнен тамыр тартатынын білесіздер.  

VI-VII ғасырлар – ерте орта ғасыр кезеңі. Бұл уақытта Еуразия құрлығында ғылымға «Орхон-Енисей жазулары» деген атаумен танылған көне түркілердің руникалық жазуы пайда болып, қол­данылды.

Бұл адамзат тарихындағы ең көне әліпбилердің бірі ретінде белгілі.

V-XV ғасырларда түркі тілі Еуразия құрлы­ғының аса ауқымды бөлігінде ұлтаралық қатынас тілі болды.  

Мәселен, Алтын Орданың бүкіл ресми құ­жат­тары мен халықаралық хат-хабарлары негізінен ортағасырлық түркі тілінде жазылып келді.

Халқымыз Ислам дінін қабылдаған соң руни­калық жазулар біртіндеп ысырылып, араб тілі мен араб әліпбиі тарала бастады.

Х ғасырдан ХХ ғасырға дейін, 900 жыл бойы Қазақстан аумағында араб әліпбиі қолданылды.

1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Ко­мис­сар­лары Кеңесінің Президиумы латындан­дырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі ал­фавитін» енгізу туралы қаулы қабылдады.

Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылды.

1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды.

Осылайша, қазақ тілінің әліпбиін өзгерту тарихы негізінен нақты саяси себептермен айқын­далып келді.

Мен 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясында «2025 жыл­дан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін» мәлімдедім.

Бұл – сол кезден барлық салаларда біз латын қар­піне көшуді бастаймыз деген сөз.  

Яғни, 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліп­биімен басып шығара бастауға тиіспіз.  

Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қа­жетті дайындық жұмыстарына қазірден кірі­семіз. Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көші­ру­дің нақты кестесін жасауы керек.

Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық орта­ның, ком­муникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасыр­дағы ғылы­ми және білім беру процесінің ерекше­лік­теріне байланысты.

Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес.      

2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет.  

Алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуге тиіс.

Әрине, жаңа әліпбиге бейімделу кезеңінде бел­гілі бір уақыт кириллица алфавиті де қол­даныла тұрады.  

Екіншіден, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға аламыз.

Оның мәні мынада:

1. Біз тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасауға тиіспіз. Гуманитарлық зиялы қауым өкілдері еліміздің жоғары оқу орындарындағы гума­нитарлық кафедраларды қайта қалпына келтіру арқылы мемлекеттің қолдауына ие болады. Бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімді адамдар да ауадай қажет.

2. Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таң­даулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз.

3. Ол үшін қазіргі аудармамен айналысатын құрылымдар негізінде мемлекеттік емес Ұлттық аударма бюросын құру керек. Ол Үкіметтің тапсырысы бойынша 2017 жылдың жазынан тиісті жұмыстарға кірісе бергені жөн.

Бұл бағдарлама арқылы неге қол жеткіземіз?  

Ең алдымен, жүз мыңдаған студентке жаңа сапалық деңгейде білім бере бастаймыз.

Бұл – білім саласындағы жаһандық бәсекеге не­ғұрлым бейімделген мамандарды даярлау деген сөз.    

Оған қоса, жаңа мамандар ашықтық, прагматизм мен бәсекелік қабілет сияқты сананы жаңғыртудың негізгі қағидаларын қо­ғам­да ор­нықтыратын басты күшке айналады. Осылайша, болашақтың негізі білім орда­ларының аудиторияларында қаланады.        

Біздің әлеуметтік және гуманитарлық біліміміз ұзақ жылдар бойы бір ғана ілімнің аясында шектеліп, дүниеге бір ғана көзқараспен қарауға мәжбүр болдық. Әлемнің үздік 100 оқулығының қазақ тілінде шығуы 5-6 жылдан кейін-ақ жемісін бере бастайды. Сол себепті, уақыт ұттырмай, ең заманауи, таңдаулы үлгілерді алып, олардың қазақ тіліндегі аудармасын жасауымыз керек.

Бұл – мемлекеттің міндеті.  

Үкімет мұны аудармашы мамандармен қамтамасыз ету, авторлық құқық, оқу-әдістемелік бағдарламалар мен профессорлық-оқытушылық құрамды белгілеу сияқты жайттарды ескере отырып, кешенді түрде шешуі керек.

Үшіншіден, Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған.

Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады.

Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады.

Мәселен, «Ауылым – әнім» атты әнді  айтқанда, «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» деп шырқайтын едік қой. Бажайлап қарасақ, бұл – мағынасы өте терең сөздер.

Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады? Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды.

Туған жерге, оның мәдениеті мен  салт-дәс­түрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі.

Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени- генетикалық кодының негізі.

Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ.

Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті.

Туған жерге деген сүйіспеншілік нені біл­діреді, жалпы, бағдарламаның мәні неде?

Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді  абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді.

Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі.

Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс.

Екінші, басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек.

Үшінші, жергілікті билік «Туған жер» бағ­дар­ла­масын жинақылықпен және жүйелі­лікпен қолға алуға тиіс.

Бұл жұмысты өз бетімен жіберуге болмайды, мұқият ойластырып, халыққа дұрыс түсіндіру қажет.

Туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап-құрметтеудің түрлі жолдарын табу керек.

Бұл жерде де көп жұмыс бар.  

Осы арқылы қалаларды көгалдандыруға, мектептерді компьютерлендіруге, жергілікті жо­ғары оқу орындарына демеушілік жасауға, музейлер мен галереялар қорын байыта түсуге болады.  

Қысқаша айтқанда, «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады.

Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады.

Төртіншіден, жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағ­дар­ламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек.

Ол үшін «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек.

Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі.

Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі.

Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ, осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген.

Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз.

Мәселе еліміздегі ескерткіштерді, ғимараттар мен көне қалаларды қалпына келтіруде тұрған жоқ.  

Идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мав­золейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жеті­судың киелі мекендерін және басқа да жерлер­ді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді.

Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлт­тық бірегейлігінің мызғымас негізін құрай­ды.

Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек.

Тиісінше, оларға өзіміздің ұлттық құн­ды­лықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз.

Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы.

Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі. Сондықтан, мыңжылдық тарихымызда біз алғаш рет осындай ауқымды жобаны жасап, жүзеге асыруға тиіспіз.    

Биыл Үкімет жұртшылықпен ақылдаса отырып, жобаны әзірлеуі керек.  Онда үш мәселе қамтылғаны жөн. Нақтырақ айтқанда:

1. Аталған «Мәдени-географиялық бел­деу­дің» рөлі мен оған енетін орындар туралы әрбір қазақстандық білуі үшін оқу-ағарту дайындығын жүргізу қажет.

2. БАҚ осыдан туындайтын ұлттық ақпараттық жобалармен жүйелі түрде, мықтап айналысуы керек.

3. Ішкі және сыртқы мәдени туризм халқы­мыздың осы қастерлі мұраларына сүйенуге тиіс. Мәдени маңыздылығы тұрғысынан біздің Түр­­кістан немесе Алтай – ұлттық немесе құр­лықтық қана емес, жаһандық ауқымдағы құн­дылықтар.

Бесіншіден, заманауи әлемдегі бәсекелік қабілет – мәдениеттің де бәсекелік қабілеті деген сөз. АҚШ-тың «қырғи-қабақ соғыс» кезін­дегі табысының қомақты бөлігі Голливудтың енші­сінде.

Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз.

Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы сая­сат­тағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек.

Бұл жоба нені көздейді?

Бірінші, отандық мәдениет БҰҰ-ның алты тілі – ағылшын, орыс, қытай, испан, араб және француз тілдерінде сөйлеуі үшін мақсатты ұстаным болуы шарт.

Екінші, ол бүгінгі қазақстандықтар жасаған және жасап жатқан заманауи мәдениет болуға тиіс.

Үшінші, мәдени қазыналарымызды әлем жұртшылығына таныстырудың мүлдем жаңа тәсілдерін ойластыру керек.  

Мәдени өнімдеріміз тек кітап түрінде емес, әртүрлі мультимедиалық тәсілдермен де шыққаны абзал.

Төртінші, бұған ауқымды мемлекеттік қол­дау жасалуы қажет. Сыртқы істер, Мәдениет және спорт, Ақпарат және коммуникациялар министр­ліктері жүйелі түрде, қоян-қолтық жұмыс істеуі керек.

Бесінші, бұл жұмыста шығармашылық зиялы қауым, оның ішінде Жазушылар одағы мен Ғылым академиясы, университеттер мен қоғамдық ұйымдар үлкен рөл атқаруға тиіс.

Біз заманауи мәдениетіміздің қандай өкіл­дері әлемдік аренаға жол тартуы керектігін анық­тап алуымыз керек.  

Ұлттық мәдениетіміздің озық үлгілерін ірік­теп алғаннан кейін шетелдерде оларды таныс­тыру рәсімдерін өткіземіз.  

2017 жыл жер жүзіне мәдениет саласындағы қай жетістіктерімізді көрсете алатынымызды ай­қындап алу тұрғысынан шешуші жыл болмақ. Содан соң бірегей бағдарламаны 5-7 жылда тың­ғылықты жүзеге асырамыз.  

Осылайша, мың жылдық тарихымызда төл мәдениетіміз тұңғыш рет әлемнің барлық құр­лық­тарына жол тартып, басты тілдерінде сөйлейтін болады.

Алтыншыдан, ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болмауға тиіс.

Мен бүгінгі замандастарымыздың жетіс­тік­терінің тарихына да назар аударуды ұсынамын.

Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн.  

Еліміздің Тәуелсіздік жылнамасы жазыла бастағанына небәрі 25 жыл болды. Бұл – тарих тұрғысынан қас қағым сәт десек те, еліміз үшін ғасырға бергісіз кезең. Әрине, жасалған жұмыстардың маңызы мен ауқымына ешбір күмән жоқ.

Дегенмен, осы қыруар істі атқарған, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр.

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы.

Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады.  

Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөз­дің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуел­сіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнері­мен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш.

Сондықтан, оларды телевизиялық деректі туындылардың кейіпкеріне айналдыруымыз керек. Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек.

Қазіргі медиамәдениетті суырыла сөйлейтін «шешендер» емес, өмірдің өзінен алынған шы­найы оқиғалар қалыптастырады. Мұндай оқи­ғаларды көрсету бұқаралық ақпарат құрал­дарының басты нысанасына айналуға тиіс.  

Бұл жоба үш мәселені шешуге бағытталғаны жөн.  

1. Ақылымен, қолымен, дарынымен за­манауи Қазақстанды жасап жатқан нақты адам­дар­ды қоғамға таныту.

2. Оларға ақпараттық қолдау жасап, танымал ету­­дің жаңа мультимедиалық алаңын қалып­тас­тыру.

3. «100 жаңа есім» жобасының өңірлік нұсқасын жасау. Ел-жұрт ұлтымыздың алтын қорына енетін тұлғаларды білуге тиіс.

 

ҚОРЫТЫНДЫ

Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек.

Жаңа жаһандық үрдістер ешкімнен сұрамай, есік қақпастан бірден төрге озды. Сондықтан, заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық мемлекеттердің алдында тұр.

Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жал­ғаса беретін процесс.

Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр.

Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңы­зын терең түсінеді деп сенемін.

Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарих­тың шаңына көміліп қала береді.

 

ҚАЙРАН ҚАЛДЫРАТЫН ҚАРИЯ

Тұсаукесер

 

Абай елінің рухани қазынасы тағы бір аса құнды кітаппен толықты. Арттағы ұрпаққа жол көрсетер тағылымы мол бұл туындының авторы ұлы Отан соғысының ардагері, батагөй қария, 92 жасты алқымдаған Жағыпар Жүнісжанов. Сенсация демеске лажыңыз жоқ!

Аудан орталығындағы «Димаш-Еңлік» кешенінде өткен осынау шараға жергілікті зиялы қауым өкілдері мол жиналды. Кітаптың тұсаукесер рәсімін Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, белгілі абайлық ақын Төлеген Жанғалиев алғысөзбен ашып, жүргізіп отырды.

Ең қызығы автор кітапті оқырман қауымға 20 күн бұрын таратып беріпті. Сондағы қалағаны, туындының «жүректерге терең бойлап», оқырмандардың пікірлері мен сындарын есту екен. Өмірлік тәжірибесі мол қаламгердің бос уақытын қауырсын тербеумен өткізетіні, ең бастысы келер ұрпаққа қажетті жазбаларды қалдырып жүргені баршамызды толғандырды. Шараның негізгі бөлімінде жасы жүзге аяқ басқан абыз ана Күләш Жақыпқызы мен Абай ауданы  әкімінің орынбасары Бауыржан Болатұлы кітаптің лентасын қиып, көпшілік қошемет білдірді.

«Көп  ауырып, көп  жасаудың  құпиясы» атты жаңа кітап ғылыми туынды емес, абыз қарияның өмір тәжірибесінен алынған пайдалы кеңестерді қамтиды. Яғни, ақсақал өзін өмір сындарында сынау арқылы ғылымнан жоғары дүниені жарыққа әкелгеніне еріксіз келісесің. «Көпті білгеннен емес, көпті көргеннен сұра!» деген нақылдың шынайы екендігін кітап мазмұнымен таныс адам есіне түсірері анық. Себебі, ұзақ ауырған, алайда, өзіне күтім жасап, дұрыс өмір сүру салтын ұстанып, денсаулық сақтау, түрлі сырқаттармен күрес, тамақтану, адамдармен қарым-қатынас саласында өзіндік жаңалықтар ашқан қарияның кеңестері өте құнды. Бұл ретте өмірден түйген сырларды өзімен бірге ала кетпей, арттағы ұрпақ кәдесіне жаратсын деген мақсатпен кітап жазған 92 жастағы ақсақалдың бұл ісін ерлікке балауға болады. Ядролық полигон сынақтарынан көп зардап шеккен аймақ тұрғындары үшін бұл  кітап адастырмас компастай құнды екендігін де айтқанымыз жөн. Расында, қаламгер қарт осыған дейінгі тың мағлұматтарға толы деректі туындыларымен де оқырманын тәнті етіп қана қоймай, таңырқата білген еді. 90 жасында арттағы өмір белестерін бір сүзіп шығып, қалам арқылы бір кітапқа жүк ету - таңғалдырар жайт екені анық.

Сондай-ақ, тұсаукесер рәсімі барысында ұзақ жылдар Қарауыл гимназиясында еңбек еткен ардагер ұстаз, жаңа кітаптің корректоры Мейрамгүл Қасымжанова тұшымды баяндама жасап, кітап туралы көзқарасын білдірді. Пікір білдірушілер қатарындағы еңбек ардагері Манатай Толғанбаев, облыс әкімінің қоғамдық кеңесшісі Байбота Орынбаев, әдебиетші, драматург Әсет Мырзақасым, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Төлеубек Аманғазы және бірқатар ауыл тұрғындарымен өзге де кітап оқырмандарының  сөздерінен көп жайтты аңдауға болады. Осы орайда, батагөй қарияның өзі тәрізді аталмыш кітабы да өміршең болсын деген тілекпен, туындының корректоры, ардагер ұстаз Мейрамгүл Қасымжанованың ой-толғамын назарларыңызға ұсынамыз.

 

Құнары мол құнды кітап

 

Орыс  педогогы  Сухомлинскийдің «Адам  қанша  өмір  сүргенімен  емес,  қалайша  өмір  сүргенімен  бағаланады» - деген  сөзі – Ұлы  Отан  соғысы  ардагері, батагөй  қариямыз,  қолынан  әлі  қаламы  түспеген  қарт  журналист, Абай  елінің  «Құрметті  азаматы» Жақаң  атамыздың  өнгелі  мол  өмірі  мен  ұрпағына  қалдырған  мұраларын  бағалауға  лайық  ұлағатты  сөз. Олай дейтініміз, ұзақ жасауымен ғана емес, қарттық жасына жеткен шақта тың дерек, мол тағылымға толы кітаптар жазуымен де қайран қалдыратын қария тағы буын сүбелі туындысымен таңғалдырды.

 

Атамыз зейнетке  шыққалы  бері  барша  жерлестерінің  қала  берді  әр  ұлтжанды  қазақ  баласының  қолынан  түспейтін,  той-томалақта  бата  берушінің  кәдесіне  жарап  жүрген «Бата  бере  білесің бе?», «Батагөй  атаның батасы»  баталар  жинағы,  ел, жер, шежіресін  насихаттайтын, «Ту  тіккен  Тобықтының  қолбасшысы», «Отыз  әулет, мың  ұрпақ»  еңбектері – әлі  сан жылдарға,  талай  ұрпаққа  қызмет  жасап, өресін  өрістететін, ерлікке  ұлтжандылыққа, тектілікке  жетелейтін  тамаша туындылар. Ал, бүгінде  қолымызға  тиіп  отырған  «Көп  ауырып, көп  жасаудың  құпиясы» деген  еңбегі – Аллаһ  берген  өзінің  адалдық, адамдық, азаматтық  ұстанымымымен  мағыналы  тірлік  жасап  келе  жатқан  бабамыздың  өз  өмір  тәжірибесінен  түйгенімен  медицина  ғылымын  зерделей  оқып, жазған  тұжырымдары  мен  тұщымды  ойлары  баяндалған  біз  үшін  құнды  еңбек.

            Кітап – басымыз   ауырып,  балтырымыз  сыздағанда жүгінер, тамаша  ақыл-кеңестерімен,  ұсынған  ем-дом  түрлерімен  бағалы  еңбек  3 бөлімнен  тұрады. Автор: «Менің бұл  жазғандарым  ғылым  мен  жаңалық  та  емес,  көркем  шығарма  да емес, өмірден  іріктеліп, тәжірибеден  алынған  қарапайым  әңгіме» деп  ағынан  жарылған  алғы  сөзінде әеңбегінің  мақсатын  айқындап  көрсетіпті. Жас  кезіндегі  тұрмыс  тауқыметімен  денсаулығының  күтімсіздігінен  өкпе  және  тыныс  алу  жолдарының  ауруы,  ас  қорыту  жүйесінің  бұзылуына,  атеросклероз  ауруына,   баршамыз  кейде елей  бермейтін шаншу, жүрек  қан  тамырлары  сияқты  т.б. аурулардың  пайда  болу  себептерін, әр  аурудың   түрлі  кезеңдеріндегі  белгілерін  (симптомдарын)  ашып  жаза  келіп, одан  емделудің  жолдарын  таратып  әңгімелейді. Атаның  әңгімесінен  өзімнің  түйгенім:  бар аурудан  сақтанудың  алғашқы  жолы  - жақсы  әдеттердің  жан  сақтайтын  құпиясы  бар  екендігінде. Ол  әдеттердің  алғашқысы дұрыс  тамақтануды  қатал  ұстау  деп  ескертеді.

   «Артық  ішкен  тамақ - у», деп  артық  салмақтың  дұшпандығынан  сақтандырады. Ағзаға  қажет  дәрумендер  қандай  тағам  түрлері  арқылы толықтырылатынын,  оның мөлшеріне  дейін   көрсетіп  жазған. Олар  мынадай  тақырыптарда   баяндалады. «Жасартып,  өмірді   ұзартатын  ғажайып  көкөніс», «Таза  су  адам  өмірін  ұзартады», «Ұзақ  жасаудың құпиясы –жылқы   еті  мен  қымызында», «Шәйдың  да  берері  мол», «Еңбек  - ұзақ өмір сүрудің   кепілі», «Ашығу -  құдіретті  күш», «Пайдалы  кеңес»  айдарымен  берілген  әңгімелері  өте  құнды

Келесі  жан сақтайтын  таптырмас  әдет «суықтан  сақтан», денеңді  спортпен  шынықтыр,- дей  келе, ұрпақтарына  өнеге  болар  өз  әдеттерін  былайша  баяндайды: «Менің  осы  жасқа  жеткенім қиыншылықты  көп көріп,  әбден  шыныққандығым, салауатты  өмір  салтын  сақтағандығым, жаман  әдеттерге  салынбағандығым,  тынымсыздығым, еңбекшілдігім,  мүмкіндігімше  еңбекті  көп  жасайтындығым, адалдығым,  ешкімге  қиянатымның  жоқтығы,  темекі  тартпаймын,  насыбай  атпаймын. Қомағай  емеспін, тамақты  шақтап  ішемін.

   Ақылды,  білімді,  адал  еңбекпен  байлыққа  жеткен  адамдарды  сыйлаймын. Байлық пен  мансапты   қызғанбаймын  және  күндемеймін. Өзім  жеткен  дәлет  пен  дәрежеге  ризамын. Дүниеқор  емеспін. Біреудің байлығы  мен  мансабына  қызғанышпен  қарау,  көре  алмау,  ашу-ыза  тудырады. Күйзеліске  апарады. Ызақор  адам  ұзақ  жасай  алмайды. Қазір  ойлап  отырсам, өмірде   кездескен қиыншылық  пен  тауқыметке  ғажап  шыдамдылығым осы  жасқа  жеткізген  екен».

Келесі  жақсы  әдет  «Дұрыс  ой- ұзақ  жасаудың   кепілі», «Нерв  жүйесі –денсаулықтың  қамалы». Халық арасында  «барлық  ауру  нервтен» деген  ұғым бар. Сондықтан   нервті  бұзбай,  көңіл-күйді дұрыс  ұстау  керек» деп  ескертеді. Адам  болмысында жақсы  әдеттерді  қалыптастыратын  жағымды, жағымсыз  қасиеттерді санап  берген, оның  соңын  ала,  «Өмірден  сұрыпталып  алынған тұжырымдарын»  әр адам  қойын  дәптеріне  түртіп  алуға  болатындай көркем,  образды  тілмен,  қанатты  ғақлия сөздерін ұсыныпты. «Дені  сау адамның  кедей  болуға  қақысы  жоқ», «Ең алдымен  өзіңді  таны,  өзіңнін  осал жағыңды  біл  және оны  мойында», «Өзіңнін  жақсы  жақтарынды  елге  айтудан  ұялма, біреулер одан  үлгі  алады». Аурудан ағзаңды   сақтайтын  жақсы әдеттерден  кейін  ауырғанға  жанға  дерттен  арылудың  әлдешене  жолдарын  ұсынады. Дертпен  күресудің  алғашқы  жолын «ауырсаң,  жедел  емдел» дей  келіп,  әр  ауру  түріне  әсер  ететін  дәрі–дәрмек  түрлерін  тап  басып,   белгілі уақыт  ішкеннен  кейінгі әсер  етуін  медициналық  білімі бар  дәрігердей баяндап  жаза  білгеніне  таңғалдым. Автор  медициналық   емінен  кейін  де  рухың  күшті  болса, ауруды   жеңесің  деген   ой қорытады.

  Қазақта  «қарты  бар  үй  - қазына»  деген  сөз  бар. Замандастарым  Малғаж  бен  Гүлнардың  мол қазынасы  - әкесі. Өмірден  көргені, түйгені көп,  оқығаны  мен көңіліне  тоқығаны  мол  әкейдің  болмысына  осы кітапты  оқыған  кез  келген  жас қызығары  анық. Бұл  ойыма  тарихи  мәліметі  мен  қызықты дерекке  толы мына  бөлімдері  дәлел. «Туған  өледі, ол-жаратылыс  заңы».

  • Тас ғасырларында  адамдар  орта  есеппен  18 жыл өмір  сүрген
  • Рим империясы   заманында  адамдардың  орта  есеппен  өмір  сүру  жасы  30ға  әрең  жеткен.
  • Орта ғасырларда  40 жас  қарттар  санасына  жатқызылған.
  • XX ғасырдың аяқ  шенінде ғана  орта  жас  75 жылға  жеткен.

Тақауда  бір  газет  21 ғасырда туғандар  100 жылдан  көбірек  өмір  сүреді  деп  жазады. Неміс  және  Дат  ғалымдары  дамыған   экономикасы  бар  елдерде  20 ғасырда  өмір  сүрген  ұзақтығы  30   жылға  өскенін  анықтаған. Осы   үрдіс  қазірде  де сақталып  отыр. 2004-2005 жылдардағы  зерттеулердің  нәтижелері  бойынша  дамыған  елдерде  адамдардың  ұлғайған  жастан  өлетінін  байқауға  болады. Мысалы,  адам  ең  ұзақ  өмір  сүретін  елдерде   Жапонияда  80  жасқа  жеткен  әйелдердің  жартысына  көбі  90  жасқа  толу  тойын  тойлайды. Қазір  жер  жүінде  7 миллиардтан  артық  халық  бар  көрінеді.

ІІ бөлім « Қиыншылықта  шыңдалған  балалық  шағым» деп  аталған  атауына  лайық  атаның  автобиографиялық  әңгімесі  өрбиді. «Алдымен  анамды  аузыма  алайын»  деп  басталып, жарық  дүние сыйлаған  анасы Мұғиланы   есіне  алып,  14 жасында  анасынан  айырылғандағы  қаралы  көңілін   ақтарған  өлеңімен  балалық  сағынышын  жеткізіпті.

Өң  үзіп,  омыртқаңды  таптың  ана,

Мәпелеп  балапандай  бақтың,  ана

Емізіп  ақ  сүтіңді, тыным  таппай,

Төрт  бөліп,  түн  ұйқыңды  жаттың,  ана

 

Маңғазы  бұл  жалғанның  едің, ана

Біз үшін уайым-қайғы  жедің,   ана

Жалғызым  Жағыпардың  өсіп  өніп,

Жеткенін  көремін  бе? дедің,  ана.

«Әкем туралы»  әңгімесінде  Жүнісжан  әкеден  тараған   ұрпақтар,  олардың  тірлігі  арқау  болған.

Кітаптың  соңғы   3-бөлімі «Ғибадатты  ақыл», «Кабуснамадан»  деп  аталған. Бұл бөлімде  1083 жылы  жарық  көрген  аса  бағалы  педогогикалық  туындының адамзатқа  тәрбиелік  мәні  бар, ұзақ  жасауға  қатысы  бар, пайдалы  кеңес  моральдық  тәрбие, шариғат  жолына  насихат  беретін  тараулары  енгізілген. «Алла  тағаланы  тану  туралы», «Пайғамбардың  қасиеті  туралы», «Алла тағаланың  бергеніне  шүкіршілік  ету  туралы», «Тағат,  ғибадат  туралы», «Ата-ананы  құрметтеу  туралы»,  «Қарттық  және  жігіттік  туралы», «Нәпсіні тыюдың  шарапаты мен  тағам  жеудің  тәртібі  туралы» айтылады.

Ортаңғы   2 бөлімінде  «Ел  қорғаған  атам,  қабыл болсын батаң!» деген  айдармен  Абай  атындағы  мектеп-лицейінің  түлегі  Сүйеуғалиева  Аймара  Валериқызының  осыдан  он  жыл  бұрын  атаммен, Клавдия апаммен  сұхбаттасып,  қиыншылықпен  өткен   жастық  шағы, сұрапыл  соғыс  жылдарындағы  және  бейбіт   өмірдегі  еңбегі  мен  өмірбаяндық  деректері жасұрпақ  көзқарасымен  баяндалған  әсерлі  мақаласы  берілген.

Қорыта келе айтарым, аталмыш кітаптың  тілі  өте шұрайлы,  мақал-мәтел,  тұрақты  сөз  тіркес  оралымдары өте  мол. Стилі, жанрлық  сипаты ерекше,  әсіресе,  мақала  түріндегі тұщымды  әңгімемен  де  өрбіткен. Ең бастысы артқы ұрпаққа, артындағы өскелең буынға берері, үйретері көп даналық сырға толы ғажайып туынды.

 

Мейрамгүл ҚАСЫМЖАНОВА,

жаңа кітаптың корректоры.

Қарауыл ауылы.

Атаулы күн                          

                             

                                             ҚАРТТАРЫН ҚАДІРЛЕГЕН ЕЛ ОЗАДЫ

 

Қазан айының алғашқы хабаршысындай келіп жететін Қарттар күні де әне – міне дегенше орын алып үлгерді. Қарт дегеннен шығады, «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деп дана халқымыз тегін айтпаса керек. Себебі, көненің көзі, ақылдың кені саналатын қарияның сөзі дана, ісі ғибратты, өзі бір шежірелі кітап сынды. Ежелден үлкенін сыйлап, ауызы дуалы ақсақалдардан бата алып, халықты бірлікке, елдікке шақырған тәрбиелі сөздерін, аталы сөздерін тыңдап өскен ұрпақ қарттарын қазынаға балағанын осы сөздерден көреміз.

Халқымыздың рухани құндылықтарының  ішінде жасы үлкенді құрметтеу, олардың өнегелі өмірінен тәлім алу - тарихи тұрғыда қалыптасқан дәстүр. Осы  атадан балаға мирас болып, сан ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан салт - халықтың береке бірлігін, адамдар арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, ынтымақпен  ұйысып, ел болуға ықпал ететін құндылық. Өнегелі өмірімен жұртына сыйлы ақсақал көп. Абай елі де ақылы дария қариялардан  кенде емес. Аудандық ардагерлер кеңесі, 9 бастауыш ардагерлер ұйымы өңірдегі атқарылып жатқан барлық келелі бастамаларға, аудан өркендеуі үшін жасалатын қандай да бір жұмыстарға белсенді атсалысып, мақсатты іске халықты жұмылдыруда ерен еңбек сіңіріп келеді. «Көп жасаған қария - ақылы теңіз дария» демекші, мұндай жандардың қатары біздің ауданымызда жетерлік. Аға буын өкілдерінің ұлы Отан соғысы жылдарындағы тылдағы жанқиярлық ерлігі, одан кейінгі тұралаған өндіріс пен халық шаруашылығын қалпына келтіру, басқадай да сан-салалы жұмыстарды атқару кезіндегі ерен еңбектері өскелең ұрпақ тарапынан ешқашан назардан тыс қалмауы тиіс.

 Ерік - жігерін ұрпағының жарқын болашағы үшін сарп еткен қарияларымызды қадірлеу - баршаның міндеті. Ұрпақ үшін тағылымы мен тәрбиесі мол әр жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін 1 қазан - Халықаралық қарттар күні Қарауылда да биыл айрықша аталып өтті.

      Аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлының ұйытқы болуымен аудан басшылары, ауданның игі жақсылары қатысқан ауданымыздағы «Атамекен» тойханасында өткен осынау шуақты мерекеге саналы ғұмырлары жас ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық қариялар жиналды. Жастары 75-тен 100-ге дейінгі аралықтағы ақ жаулықты әжелер мен көкірегі шежіреге толы қазыналы ақсақалдар, аудан басшылары қатысты.

 «Атамекен»  тойханасында өткен мерекелік шарада ауданымыз бойынша  жасы 75- тен асқан қарияларға арналып арнайы дастархан жайылып, сый- сияпаттар үлестірілді. Жайшылықта қарыс қадам шыға алмайтын, дария кеуде, тау мүсін қазыналы қарттарымыз мерейлі мерекелерінде өзара бас қосып,  өткен кеткенді әңгіме етіп, арқалары кеңіп, шүйіркелесіп, бір жасап қалғаны рас. Әсіресе, залда қойылған  ата-әжелеріміздің шебер қолдарынан шыққан көне бұйымдар көрмесі де көпшілікті тамсандырып, көз қанықтырды.

Қарттар күнінің әр ауылдық округтерде мерекеленіп жатқаны, тіпті мекемелерде де өткізілуі - оларға деген өскелең ұрпақтың құрметі екені даусыз. Жылдағы дәстүрге сай ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Сағдат Тәтиева басқаратын ұйымшыл ұжым бұл күні де үлкен даярлық жасапты. Оны қарттардың әжім әдіптеген жүзіндегі қуаныштан анық аңғаруға болатын еді.

        Қарттарға арналған мерекелік кешті ақын, ҚР мәдениет қайраткері Төлеген Жанғалиев аудан жетістіктерін, оның ішінде  аға буын өкілдерінің қоғамға  қосып жүрген үлестерін  жеткізе келе  өз мәнінде  жүргізіп отырды.

Мерекелік кеш ең алдымен «қаламқастық» әншілердің тамаша әнімен бастау алды.  Қазыналы қарттарды ең алдымен аудан әкімі Т.Мүсәпірбеков төл мерекелерімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар ақ самайлы аналарымыз да мерекелік шарада  ақ тілектерін ағытты. Еңбек ардагері, ұзақ жыл «Казпотребсоюз» мекемесінде кәсіподақ ұйымының хатшысы болған аяулы ана Өмірзақова Бақытжамал, тоқсан жастан асқан қарт ұстаз Күләш Жакупова сынды тағы бірқатар аналар барлық қарттарды ақылшы болып, немере-шөберелерінің қызығын қызықтап жүре берулеріне тілектестік білдірді.

Осылайша, ата-әжелер айтқан ақжарма лебіздер баталы тілекке ұласты. Көкіректері ояу, кеуделері орден- медаль мен тұңғиық сырға толы, кейінгі ұрпаққа мақтан болатындай ұлағатты істерімен сыйлы қазыналы қарттарға арнап  Қайрат Қабышев, Еркін Жолжігітов, Ақбота Кәрменова, Еркеназ Мәнненова, Таңнұр Жақсыбеков сынды «Қаламқас» ән-би ансамблінің әншілері әсем әндер шырқап, күмбірлете күй тартып, көңілдеріне шуақ сыйлады. Биылғы жылдың бір ерекшелігі «Қаламқас» халық ән-би ансамблі ғана емес, қарттарымыз да ән шашудан  қалыспады. Өз мерекелерінде өнерлерімен тәнті еткен аға буын өкілдерінің ізгі ісі көпшілікке, әсіресе  жастарға үлгі болғаны хақ. Атап айтсақ, Секен Қалиев, Нұрдырахман Қасабай, Ақыл Нұрмұхамбетов, Әсауира Құрышева, Нағила Шаңбаева, Қадиша  Қадырова, Жаңылхан Аманжолова, Майра Сіләтаева, Дәметкен Әлиясқарова және ұлттық құндылықтарымызды насихаттауда ерен еңбек сіңіріп жүрген «Нұр-Сана» салт-дәстүр орталығының әжелері шырқаған әндердің құлақ құрышын қандырғаны анық.  Құдды бір ән бәйгесі дерлік әсер қалдырды.  Иә, қариялар жағы  ерекше көңілді еді. Бір дастархан басында шүйіркелесіп, емен-жарқын әңгіме-дүкен құрысып, әсем ән тыңдап,  сый-сияпатқа кенеліп бір жасап қалды.

Ақын Т.Жанғалиев жетекшілік ететін М.Ибраев атындағы «Ақсұңқар» ақындар сыныбы шәкірттерінің жүрекжарды жырларын ұйып тыңдаған қариялар бастау-бұлақтан сусындағандай ма дерсіз.

Ата-әжелеріміз осындай әсерлі кеш сыйлаған Абай елінің басшысы Тұрсынғазы Жантұяқұлына, аудан басшыларына, Сағдат Әбікенқызы бастаған әлеуметтік сала қызметкерлеріне,  келесі жылы құрылғанына 45 жыл толатын, өнері республикаға танымал  «қаламқастық» өнерпаздарға  алғыстарын жаудырып, береке-бірлікпен алда талай асуларды асып, ауданымыз бұдан әрі көркейіп, жақсылықты істердің куәсі бола берейік деген ілтипатты ниеттерімен де бөлісті.

Мерекелік кеш соңында  облыс әкімінің  Абай ауданы бойынша кеңесшісі, аудан экономикасының дамуына  зор үлес қосқан ардагер ақсақал Байбота Орынбаев тебірене сөз сөйлеп,   ҰОС ардагері, қарт журналист, ел абызы,  Елбасына бата берген батагөй ақсақал Жағыпар Жүнісжанов ұлағатқа толы бата берді.  Емен-жарқын, жайдарлы жағдайда өткізілген басқосудан қарттарымыз риза көңілмен тарасты.

«Қарттарыңды сыйлай біл: күндердің күні болғанда кімдердің белі бүгілмес» деген екен Бұқар жырау. Ұлағатты сөзді зейініне зерделеген ұрпақ қашанда қарттарын қадірлейтіні анық. Лайым, қарттарымыз қамықпасын! 

 

Анар ҚАБДУӘЛИҚЫЗЫ,

«Абай елі»

 

 

ӘУЕЗОВ ӘЛЕМІНЕ САЯХАТ

Заңғар жазушыға -119 жыл

 

                         

 

«М.Әуезов – қазақ халқының кемеңгер ойшылы, ұлы суреткері. Осы бабамыздың өмірі мен еңбегі еліміздің бүгінгі тәуелсіздігін аңсап өткен. Мұхаңды құрметтеу – елдің тәуелсіздігін құрметтеу, өз еліңді сүю, Отаныңды қорғау, қазақ елінің тәуелсіздігі үшін жан аямау» деп мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтып өткендей, бүкіл әлем таныған заңғар жазушыны құрметтеу - парызымыз.

Осыған орай жазушының туған күні қаламгердің есімі берілген аудандық кітапханада балалар бөлімінің меңгерушісі Оразова Серікгүл Әбенайқызының ұйымдастыруымен ұлы суреткер, әдебиетші-ғалым, мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, қоғам қайраткері, мұхиттай Мұхтарға арналып «Мәңгілікпен үндескен ұлылық» атты әдеби-сазды кеш өтті.  

«Сонша ұлылықпен, сонша суреткерлікпен және Әуезовтей кісі жырлаған халық шын бақытты ғой» деп Бержерон баға бергендей, расында да біз бақыттымыз. Осы тақырыпқа сай қойылған кітап көрмесі де кеш маңызын арттыра түсті.  

Мұхтар Әуезов феномені туралы айтылып, жазылып жүрген ой-пікірлер, зерттеулер баршылық. Дегенмен, қаншама жиі айтылған сайын мұхтартанудың проблемалары артып, тереңдеп өсе береді. Жаңа сыр-қыры ашылып, тың міндеттер жүктеле түсері сөзсіз.

«Абай жолы» роман-эпопеясын Луи Арагон XX ғасырдың ең үздік шығармаларының бірі деп бағаласа, Шыңғыс Айтматов XX ғасырды - Әуезов ғасыры деп атады. Ал, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Әуезовті тану - қазақты тану, Қазақстанды тану деп бағалаған болатын. Шын мәнінде М.Әуезов XX ғасыр әдебиетінде ғажайып құбылыс, феномен екендігі ешқандай күмән тудырмайды. Оның мәңгілік туындыларын жан-жақты терең зерттеп тану ғасырдан ғасырға жалғаса береді. М.Әуезов творчествосының тұтас тұлғасының қадір-қасиеті, құдіреті неде? Оның өзгешелік, ерекшелік сыр-сипатын қалайша тауып, тани аламыз? Бұл - өте күрделі, дәуірлік мәселе. Оны әрбір кезең, әрбір ұрпақ өзінше таниды. Керек болса, әрбір жеке оқырманның өз Әуезові бар.

М.Әуезовтің тұтас бүтін бітімін танып білу үшін алдымен оның сан қырлы творчестволык мұрасын жекелей, сатылай тануымыз керек.

Қазiрше, басы ашық объективтi жағдай: Әуелi, М.Әуезов тумысынан, табиғатынан айрықша дарынды болып жаратылған. Екiншiден, туып-өскен ортасынан, айналасынан алған тәлiм-тәрбиесi, бойына терең сiңiрiп өскен нәрi өте құнарлы болған. Үшiншден, мұсылманша медресе мен орыс мектебiнен, Ташкент, Петербург университеттерiнен түбегейлi терең бiлiм, таным алып жетiлген. Төртiншiден, жастайынан үлкен қоғамдық, мемлекеттiк қызметтер атқарып, ел тiрлiгiнiң тұтқасын ұстап, келелi мәселелерiне араласқан. Бесiншiден, семинарияда оқып жүрген кезiнен бастап, күнделiктi газет журналдарды шығарысып, үзбей ат салысып еқбек еткен, қаламгерлiк өнерге ерте жетiлген. Алтыншыдан, әдебиет пен өнер-ғылымның, мәдениеттiң адам өмiрiнде, қоғам тiрлiгiнде атқаратын қызметiн ерте танып, кәмiл түсiнген.

Міне, осы аталған объкетивті жағдайлар Әуезовтің терең де заңғар, нәрлі де нәзік суреткерлігінің негізгі бір қыры - оның кемеңгерлік ойшылдығында, ғұлама ғалымдығында, өткір сыншылдығында жатқандығы да анық.

Жазушы әлеуметтану, мәдениеттану, әдебиеттану мәселелеріне байланысты өмір бойы үзбей қалам тартып, бас-аяғы үлкенді-кішілі 500-ге жуық мақала, зерттеу еңбектер жазған екен.
Әдебиет пен өнердiң көп ғасырлық тарихынан мәлiм, көрнектi суреткерлердiң көпшiлiгi дерлiк әдеби-сын мақалалар жазып, жалпы әдеби процеске, әдебиеттануға да еңбек сiңiрiп, мол үлес қосқан. Мұның, әрине, өзiндiк объективтi және субъективтi себеп заңдылықтары бар. Ол, негiзiнен, әдебиеттiң, сынның өз мiндетi, мүддесiнен туындаса керек. Аталмыш басқосу барысында осы тәрізді ой-пікірлер мен толғамдар кеңінен айтылып, еркін талқыланды.

Ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі бастығының орынбасары мәдениет, әдебиет жанашыры, Мұхтар Әуезов жайлы «Абайдан соң» атты төрт томдық романдар цитррологиясын дүниеге әкелген  жазушы  Кәмен Оразалиннің ұлы Елдар Кәменұлы  әсерлі кешті кіріспе сөзбен ашып, кітапханашы С.Оразоваға сөз кезегін берді. Балалар бөлімінің меңгерушісі жазушы жайлы тың деректер келтіре отырып, баяндама жасады. Ғұлама жазушы жайлы көрсетілген  слайд та, ол жайлы түсірілген кино да көпшілікке  ұнағаны сөзсіз. Жүрекке жылы тиетін жазушының өз дауысы тыңдалып, парасаттылығы мен  тілінің шешендігіне көз жеткізілді. Әсіресе, ұлт мақтанышына айналған Мұхтар Әуезов жайлы тереңнен сөз қозғаған, жазушының үйінде тұрып оқып, білім алған, тәлім-тәрбиесін көрген,  тың  естеліктер толғаған  Манатай Толғанбаев ақсақалдың әңгімесін жұртшылық ұйып тыңдады.  

Жақында ғана жазушы жайлы газет бетіне көлемді танымдық мақаласы жарық көрген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Түңлікбаевтың ой-толғауы, Баян Мәлікқызы жетекшілік ететін Қарауыл гимназиясының 8 «а» сынып оқушыларының  жазушының өмірі мен шығармашылығына тоқталған әдеби монтажы, сондай-ақ жазушыға арнап шығарған арқалы ақындардың жырларын жатқа оқыған оқушылар өнері де тыңдаушылардың құлақ құрышын қандырды.

Әсерлі әдеби кеш ән шашумен шырайланып, ауданның Ж.Кәрменов атындағы саз мектебінің өнерлі жас өрендері Арқашев Ақжігіт  Абайдың «Сегіз аяқ»,  Қалиханова Ділназ бен Баймуринова Тоғжан халық әні «Гүлдерайым»,  Баймуринова Тоғжан Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әндерін әуелетсе,  Арқашев Ақжігіт «Сылқым қыз» күйін күмбірлетті. Осылайша, әдеби кештен әдемі де әуезді ән тыңдап, Әуезов әлеміне саяхат жасаған   көпшілік кітапхана ұжымына разы көңілмен тарасты.

Анар СӘРСЕНБИНА,

«Абай елі»

 

Page 3 of 7

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!