Руханият

     Наурыздың 24-і күні жыр мекені Жидебайда Абай мұражайының алдында аталмыш елді-мекен тұрғындарына арналған Наурыз мерекесі болып өтті. Мұражай қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен шарада салт-дәстүрлеріміз ұлықталып, бабалардан жеткен рухани мұралар дәріптелді.

50-ге тарта тұрғыны бар шағын ауылда ұлтымыздың ұлық мейрамы тойланбағалы да әжептәуір уақыт өтіпті. Мерекелік думанға жергілікті жұртшылық ұлттық киімдер киіп келіпті. Аталмыш мереке осынысымен де айшықты болды. Арнайылап келіп, ат шалдырған қонақтар қатары да мол екен. Айта кетсек,  аудандық Мәдениет үйінің басшысы Сайлау Нұрпейісов, М.О.Әуезов атындағы аудандық орталық кітапхана басшысы, аудандық мәслихат депутаты Рысбүбі Молдаханова, «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің белді мүшелері, өнер ұйыған шаңырақ Қайрат Қабышев пен Ақмарал Мыңбаева перзенттерін ерте келіпті.

Мәдени шараны мұражайдың байырғы қызметкері, «Ұлы Абайдың 170 жылдық мерейтойы» медалінің иегері Лаура Күзембай жүргізді. Мерекенің ресми бөлімінде мұражай меңгерушісі Әсет Мырзақасым сөз алып, ұлы мекеннің шырағын сөндірмей келе жатқан Абай қорық-мұражайының қызметкерлерін, осы өлкеге елеулі түрде еңбектері сіңген Жидебай тұрғындарын Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтады.

Сондай-ақ сөз кезегін алған аудандық орталық кітапхана басшысы Рысбүбі Молдаханова ізгі тілегін жеткізе келе, мұражай жанында орналасқан халыққа қызмет көрсету орталығының әдеби бөліміне кітаптар тарту етті.

Мерекені ұйымдастырушылар Наурыз тойының мазмұнды өтуіне баса мән берген екен. Шараның тағылымдық һәм танымдық мән-маңызын ұлттық салт-дәстүрлеріміз арттыра түсті. Мәселен, Жидебай тұрғындары тұсаукесер, тоқымқағар сынды рәсімдер көріністерін тамашалай алды. Бұл орайда шағын ауылдың кішкентай тұрғыны Арайлым Медетқызының тұсауы кесілсе, Айсұлтан Мақсатұлының алғашқы тоқымқағарына куә болдық. Тартымды өткен шара соңында ұлықты ұл, қылықты қыз тәрбиелеп өсірген қария Байғабыл ақсақал бата беріп, ауыл тұрғындары жиналған көпшілікке шашу шашты. Тұрғындарға арналып мерекелік дастархан жайылды.

 Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі»

Республикалық әдеби байқау

ПОЭЗИЯДАҒЫ ЖЫЛ ҮЗДІГІ АТАНДЫ

 

Қарашаның 24-і күні Алматы қаласында Ықылас атындағы халық музыка аспаптары мұражайында «Алтын қалам-2015» ұлттық әдеби байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Республиканың әр түкпірінен жиналған қаламгерлер арасында жерлесіміз, «Абай елі» газетінің директор-Бас редакторы, жас ақын Нұржан Байтөс Абай елінің абыройын асқақтатып қайтты.

Бұл байқау оқырманға бүгінгі жаңа есімдермен танысып, олардың шығармашылықтарын бағалауға зор мүмкіндік береді. Сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдерді көркем әдебиетке ынталандырып, өзіндік әдеби орта қалыптастыруға да септігін тигізіп келеді.

Ал, сәуір айынан бастау алған биылғы республикалық IV «Алтын қалам» конкурсы алғашқыда жеңімпаздардың шығармаларын арнайы сайт арқылы анықтаған екен. Авторлардың есімдері көрсетілмей, тек туындылардың басымдық алуына негізделген сайыстың екінші кезеңін әділқазылар алқасы өзара талқыға салыпты. Осылайша, 170-тен аса автор қатысқан әдебиет саласының арнайы жобасында 12 аталымның үздіктері іріктеліп алыныпты.

-Республикалық деңгейдегі осындай үлкен сайыста топ жарып, әдеби сыйлықты иеленемін деп әсте ойламаған едім. Бұл жеңіс болашақта шығармашылығымды дамытуыма, поэзия әлеміне жаңа қырынан бойлап, қаламымды ұштай түсуге ықпал етеді деп білемін. Жабық бәйгелердің әділ өтетіндігіне сенуге болатын сияқты, - дейді қуанышымен бөліскен Нұржан Мейізханұлы.

Аталмыш байқаудың қорытындысы бойынша үздік деп танылған қаламгерлердің басым көпшілігі қазіргі көзіқарақты қауымға танымал, қазіргі қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңба қалыптастырып үлгерген шығармашылық иелері екен. Олардың арасынан Нұржанға «Жылдың үздік поэзиясы» аталымы бойынша жүлде табыс етілгенін үлкен жеңіске балауға болады. Ақынға бұл аталымды белгілі жазушы, «Ақбоз үй» кітабының авторы Смағұл Елубаев өзі табыс етіпті.

Ал «Жылдың үздік прозасы» және «Жылдың үздік фантастика және детектив шығармасы» аталымдары бойынша қара сөзде алдына қара салмайтын шымкенттік белді журналист Шойбек Орынбай жеңімпаз деп танылыпты. Сондай-ақ, электронды БАҚ арқылы өз оқырманын қалыптастырып үлгерген талдықорғандық азулы қаламгер Есболат Айдабосын «Жылдың үздік балалар және жасөспірімдер шығармасы» аталымын иеленіпті. Бұдан өзге «Жылдың үздік сатирасы» бойынша алматылық Шайхыұлы Ермахан, «Қазақ әдебиетіне қосқан елеулі еңбегі үшін» аталымы Смағұл Елубаевтарға бұйырғанын ескерсек, байқауда кіл мықтылар ғана бақ сынағанын аңғаруға болады. Әдебиет бәйгесінде 460-тан астам туынды талқыға салынып, алдағы уақытта жеке аталымдар бойынша жинақтар да жарық көрмек. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен қаржылай сыйақы табыс етіліпті.

Сөз орайында айта кетелік, «Алтын қалам» ұлттық әдеби жүлдесі алғаш рет 2010 жылы өткізіліп, әр жыл сайын "Жылдың үздік прозасы", "Жылдың үздік поэзиясы", "Жылдың үздік балалар шығармасы", "Жылдың үздік драматургиясы", "Жылдың үздік ғылыми-іскерлік жұмысы" аталымдары бойынша жеңімпаздарды анықтап келеді. Сонымен қатар, «Қазақ әдебиетіне қосқан зор үлесі үшін» аталымы бойынша саяси қылмыскер айыбымен Қытай түрмесінде жарты ғасырдай отырған, «Қылмыс» атты 6 томдық кітапты абақтыда жазып шыққан, қудаланған қазақтың арда азаматы Қажығұмар Шабданұлы марапатталған еді. Бұл - қаламгердің Қазақ елінен алған алғашқы әдеби сыйлығы болатын.

Сондай-ақ, тағы бір жерлесіміз, танымал ақын Қалқаман Сарин да 2010 жылы аталмыш байқауда «Ең үздік балалар әдебиеті» аталымы бойынша лауреат атанған екен. Осы орайда, бүгінгі әдебиет алыптарына айналған осы қаламгерлердің ізін жалғап келе жатқан Нұржан Мейізханұлын жеңісімен құттықтай отырып, «поэзия әлеміндегі бағындырар биігің көп болып, қанатың қатая берсін!» деген ізгі тілек білдіреміз.

 

                                                                     «Абай елі» газеті ұжымы

Мерейтой биігінде

 

ХАКІМ МҰРАЛАРЫНЫҢ ҚАМҚОРШЫСЫ

Абайдың әдеби-мемориалдық қорық-мұражайына 75 жыл

 

Абай елі ғасырлар қойнауынан сыр шертетін тарихи дүниелерге аса бай. Солардың ішінде құнды қолжазбалар мен түпнұсқалар, шежірелі жәдігерлер сақталған, Абай есімімен аталатын мұражай үйін бөле-жара атаумызға болады. Ал осынау жәдігерлерді кейінгі ұрпаққа жеткізуде табанды қызметтерімен қазақ мәдениетінің өркендеуіне өзіндік үлестерін қосып келе жатқан аталмыш қорық мұражайында биыл торқалы мерейтой. Себебі, Абайдың туғанына 95 жыл толуы қарсаңында Халық Комиссарлар Кеңесінің 1940 жылғы сәуірдегі қаулысымен мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайы өз қызметін бастаған еді. Осы жылдар көшінде дана баба есімін иеленген мәдени нысан қарыштап дамыды. Өрлеудің сүрлеуіне түсті. Керегесі кішкентай ғана үйден қаланған қорық мұражайдың бүгінгі еңсесі биік.

 

Атаулы мерекелермен үйлескен мерейтой

Ақынның Семей қаласына келгенде қоналқыға түсетін шаңырағы қазақтың зиялы азаматтары Б.Байысов пен Ә.Молдабаевтың үйлерінен бастау алған мұражай қызметі бүгінде мақтауға тұрарлық. Әсіресе, Абайдың өзі табыстаған, мүбәрак қолының табы қалған жәдігерлер қордың құнды заттар қатарын толықтыруда.

Қазіргі күні музей қорында 20 мыңнан астам заттай бұйымдар, 12 950 кітабы бар ғылыми кітапхана және көшірме жасайтын ғылыми-техникалық бөлімдер де орын тепкен. Республикалық дәрежеге ие ірі мәдени орталыққа алыс-жақыннан ағылып келіп жатқан қонақтар да толастамауда. Осыған орай, мұражай қызметі күннен күнге жанданып, тың деректермен толығып, қоры молайып, әсіресе өскелең буын өкілдерімен шығармашылық байланыс орнату үстінде.

Айта кетсек, еліміздегі айтулы мерекелер Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Абай Құнанбайұлының туғанына 170 жыл толу мерейтойларымен тұспа-тұс келіп отырған бұл мерейтой ерекше үйлесімділікке ие. Халқымыздың ұлы тұлғалары Абай, Шәкәрім, Мұхтардай алыптардың мұраларын 75 жылдан астам уақыт аралығында кеңінен насиахаттап келе жатқан руханияттың ордасында осы күндері қызу шаралар легі жалғасуда. Түрлі семинарлар, ғылыми-конференциялармен басталған мерейлі мереке қараша айының 13 күні ауқымды кездесулермен толықты. Мұражай үйіне ағылған меймандар, ұлт зиялылары, ғалым-профессорлардың қатары сонау Омбы, қастерлі мекен Түркістан қалаларынан келген құрметті қонақтармен толығып жатты. Ақын есімін арқаланған мұражайдың 75 жылдық мерейлі мезетінде «Абай елі» редакциясынан біз де арнайы барып, қуанышты сәттерімен ортақтасып қайтқан едік. Тамаша сәттердің куәсі болдық.

 

Ыстық ілтипат, ізгі лебіздер мол

Абай мұражайында ұйымдастырылған мерейтойы шымылдығы «Абай мұражайы-руханияттың ордасы» атты көрменің ашылу салтанатымен түріліп, артынша «Ұлылар мұрасы және мүзейтану» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғастық тапты. Көрме залындағы 11 витринада орналасқан құнды деректерді келуші қонақтарға дәйекті түрде таныстырған білікті маман Раушан Елекнова бізге берген сұхбатында өз ойын былай өрбітті.

— Бұл көрмені ұйымдастырудағы басты мақсатымыз мұражайдың құрылған кезінен бастап бүгінгі таңға дейінгі атқарылып жатқан жұмыстарымызды халыққа паш ету. Бұл көрмеде әсіресе ерекше орын алатын Абайдың балаларымен тускен фотосуреттері мен алаш арыстары фотосуреттерінің түпнұсқасы. Айта кетсем, осы күнге дейін түпнұсқа алғаш рет көрмелерге ұсынылып отыр. Көрмеде негізінен қолжазбалар қоры, бейнежазбалар, фотосуреттер, бейнелеу туындылары орын алды, - деді Р.Алиханқызы.

Пікірімен бөліскен халықаралық «Абай» қорының президенті Отантай Кәріпжанов өз сөзінде әдеби-мемориалдық қорық мұражайдың ерекшеліктері мен құндылықтарына тоқтала келе ұжым мүшелерін мерейлі мерекелерімен құттықтап, шығармашылық табыстар тіледі. Мұндай ізгі тілекті өзге де меймандар білдірді.

-Абай мұражайының 75 жылдығы ол, тек мұражайдың ғана емес, Абай руханиятының 75 жылдығы деп білеміз. Өзге мұражайлардан озық тұратын аталмыш мәдени орда тек мұражай ғана емес, ғылыми-зерттеу орталығы, әдеби-мәдени кешен ретінде де жұмыстарын жан-жақты түрді жүргізіп келе жатыр. Сол себептен де мұражайға жаңа жетістіктер, тың ізденістер тілейміз, - деді бізге берген сұхбатында С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің стратегиялық даму және ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Ердембеков.

 

           Ұлт руханиятына қосқан үлесі зор

Осылайша қонақтар сөрелерге қойылған ескі қолжазбалар мен түпнұсқалы фотосуреттерді тамашалап болысымен конференция залында «Ұлылар мұрасы және музейтану» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға бастау алды. Алғаш сөз алған мұражай директоры Жандос Әубәкір конференцияны кіріспе сөзбен ашып, мұражай тарихына, оның құндылығына, қызметінің маңыздылығына тоқталды.

-Іргелі мәдени кешен құрылымы мен мазмұны жағынан да дара музейлердің бірі. Киелі қара шаңырақ - тәрбиенің бесігі, ғылымның ордасы бола білген Абайдың мемлекеттік қорық мұражайында жыл сайын халықаралық, республикалық деңгейде ғылыми-тәжірибелік конференциялар, әр түрлі семинарлар, ғылыми мәжілістерді өткізу дәстүрге айналған, - деді өз сөзінде мұражай директоры Жандос Мағазбекұлы.

Осыдан кейін конференцияның пленарлық мәжілісі ұйымдастырылып, қонақтар кезек-кезегімен мағыналы баяндамалар жасап, тұщымды ойларын ортаға салып жатты. Алғашқы болып сөз алған Шәкәрім атындағы мемлекеттік университет ректорының кеңесшісі, ф.ғ.д., профессор Арап Еспембетов «Абай мұражайы және абайтану мәселері» атты көлемді баяндамасында дәйекті деректер ұсына отырып, көпшілік көкейіне көрікті ой сала білді. Әсіресе, Омбы қаласынан арнайы келген «Мөлдір» Сібір қазақ мәдени орталығының басшысы А.Жүнісова «Мөлдір» - қазақ мәдениеті мен өнерін насихаттаушы», Астана қаласы Евразия Ұлттық университетінің қытайтану кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д. профессор Дүкен Мәсімханұлы «Ақыт шығармашылығындағы Абай дәстүрі», Евразия Ұлттық университетінің қазақ тілі білімі кафедрасының профессоры, ф.ғ.д. Ж.А.Жақыпов «Абай және ана тілі» тақырыптарында сондай-ақ, Түркістан қаласы тарихи-мәдени этнографиялық орталығының жоғарғы ғылыми қызметкері Б.Данияров «Өзбекәлі Жәнібек - музей ісін ұйымдастырушы» атты тақырыптарда баяндамалар жасады.

 

           Ұжым мәртебесі әрдайым биік

Мұражай мерекесі тәуліктің екінші жартысында Абай театрында салтанатты жиынмен қорытындыланды. Бұл кештің басты ерекшелігі сол, мұражай қызметкерлері құрметке кенеліп, марапат мерейіне бөленді. Салтанатты жиынға арнайы келген заң ғылымдарының докторы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев құттықтау сөзін жеткізе келе, бірқатар жандарды «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері» медалімен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Құрмет грамотасымен, ҚР Мәдениет және спорт министрінің Алғыс хатымен және «Қазақ хандығының 550 жылдығы» арнайы медальдарымен марапаттады.

Мұражай ұжымын мерейлі мерекелерімен құттықтап, марапаттар легін жалғаған ҚР Мәдениет саласының үздігі, ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омар мұражай ісін дамытуға қосқан үлесі үшін сала қызметкерлеріне салтанатты түрде ШҚО әкімінің Құрмет грамотасын табыстады.

Осыдан соң сахна төріне мұражай ұжымын құттықтауға арнайы келген қонақтар легі шығып, ізгі лебіздерін білдіріп, арнайы сый-сияпаттарын да табыстап жатты. Олардың қатарында Л.Гумилев атындағы Евразия Ұлттық Университеті, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты, С.Аманжолов атындағы мемлекеттік университеті, Семей қаласы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті, Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университеті сынды бірқатар оқу орындарының қызметкерлері ақжарма тілек білдірді. Бір бұл емес, сонау Алматы, Мәскеу, Омбы, Түркістан қалаларынан келген мәртебелі меймандар мен Абай ауданы, Үржар аудандарының әкімдігі атынан да құттықтау жеделхаттар мен сый-сияпаттар табысталды.

Осынау мерейлі күнде мәдениет саласына ересен үлес қосып келе жатқан Абай ауданының бірқатар азаматтары да марапаттан шет қалмағанын айта кеткен орынды. Атап өтсек, Абай ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Лдибаев және Қасқабұлақ ауылының тұрғыны, ардагер Амантай Мұқатай «Абай медалін» иеленді.

Осылайша марапаттар кезегін мерекеге арналған әсерлі концерттік бағдарлама жалғады. Біз де өз кезегімізде мұражай ісін жандандырып, Абай мұраларына адалдық танытып келе жатқан, ұлт руханиятының қайнары саналатын ұлылар әлемінің құнды жәдігерлерін жас ұрпаққа табыстауда табанды қызметтерімен танылған ұжымды мерейлі мезеттерімен құттықтай келе, еңбектеріне жеміс, шығармашылық табыс, нәтижелі ғылымыи ізденістер мен шалқар шабыт тілейміз.

 

Тоғжан РАХЫМБЕКҚЫЗЫ,

«Абай елі»

Сыр-сұхбат

 

Жидебайға өзгеріс керек пе?

 

Қазақ поэзиясының «Меккесі», мәдени туризмнің ел Шығысындағы ең ірі орталығы - жер кіндігі, жыр кіндігі Жидебай жайлы бүгінде көп жайтқа тоқталуға болады. Әсіресе, жаз айларында Абай мен Шәкәрім кесенесіне зиярат етуге келетін жолаушылардың қатары тіптен молаяды. Осы тұста, 1995 жылы ЮНЕСКО көлемінде тойланған Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай бой көтерген кесене, қайта жанданған мұражай келбеті осы кезде бүгінгі күннің талабына сай ма деген заңды сауал туындайды. Әрине, жаңашылдық, креатив барлық салаға қажет. Ал оның ішінде ұлт руханияты жайлы мол мағлұмат беретін осынау қастерлі орынға өзгеше көңіл бөлінуі керек қой. Бұл ретте 20 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген Жидебайдағы қорық-мұражайға тың серпіліс қажет сынды. Аталмыш мәселе хақында ауданымыздағы мәдениет жанашыры, мұражай меңгерушісі Әсет Мырзақасым мырзаны аз-кем сұхбатқа тартқан едік.

 

— Әсет Медеуханұлы, Жидебай қорық-мұражайына сіз биыл ғана меңгеруші болып тағайындалдыңыз. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда бұл тарихи мекенде қандай өзгерістер орын алыпты?

-Жалпы, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталар болсақ, Абай мазарының басына заманында классик жазушы Мұхтар Әуезовтің өзі орнатқан құлпытасты тауып, жөңдеуден өткізіп, өзінің байырғы орнына қайта орнатқан болатынбыз. Сондай-ақ, мұражайға кіреберісте қойылған құлпытаста қате кеткен екен, соны түзетуге тапсырыс берілді. Мұнымен қоса, мұражай бөлімдерінің бірі - шошаладағы экспонаттар әйнекпен қапталды. Ал ендігі арада мұражайдың сол жағында орналасқан Шәкәрім саятқорасы үлгісіндегі бөлімді жөндеуден өткізіп, қайтадан ашпақ ойымыз бар. Бұл қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу барысында жәдігерлердің сол замандағы келбетін сақтап қалуға мейлінше күш салу - негізгі ұстанымымыз болып отыр. Мәселен, саятқора макетін алар болсақ, Жидебайда орналасқан үлгісінде ғимарат кіреберісі пластик қабырғалар мен есіктен тұрады. Шынайылық үшін оны ауыстырып, сол замандағы келбетінің көрініс табуын жүзеге асыру көзделуде. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстарды кезеңімен жоспарлы түрде іске асыру қажет деп білеміз.

— Жидебай оты қалың, шұрайлы қорық. Ал аудан бойына мал бағымы бұл күндері өзекті мәселелердің бірі екені белгілі. Мұражай маңына жайылып, кешен маңайының санитарлық тазалығына сын келтіретін қараусыз түлікпен қалай жұмыс жүргізесіздер?

-Бүгінгі таңда Жидебайға жауапты үш қорықшы бар. Олар ауылдан шығатын малдың маңайға жақындамауын қадағалап, қажет жағдайда аумақтан асыра қайырып жібереді. Қорыққа келетін мал көбіне осы маңдағы шаруа қожалықтарына тиесілі түліктер. Ал қорықшылардың міндеті кешен айналасын тәулік бойы назарда ұстау. Сол себептен де, әзірге бұл тарапта өзекті мәселе туындап отырған жоқ.

Тағы бір атап өтер жайт, Абайдың алдағы 175 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланатыны белгілі. Яғни, әлемнің әр түкпірінен келетін мәртебелі меймандар, тіпті, мемлекет басшылары Жидебайға ат шалдырады деген сөз. Осы тұрғыда қорық-мұражайға тың өзгерістер қажет пе?

— Әрине, тарихи-мәдени құндылығы зор кешеннің келбетіне өзгерістер енгізу өте-мөте қажет. Қазіргі күні мұнда арнайы саябақ бар. Ішінде жапон ағашы, шырша түрлері өсіріледі. Сол орынды жаңалап қоршап, абаттандыру, жарықтандыру жұмыстарын жүргізу керек. Келушілер тыныстап, демалуы үшін саябаққа орындықтар қойып, түрлі-түсті шамдар іліп, ұлттық нақыштағы қазақ үй макеттері, бүркіт, қаршыға сияқты құстардың , түлкі, қасқыр мүсіндерін орнатсақ игі болар еді. Бұл Абайдың «Қансонарда бүркітші шығады аңға» деген өлеңінің саябағымызда оран алған әсем көрінісі болар еді. Ал, артқы планда Шыңғыстау пейзажы орналасса, мұражай келушілері үшін жағымды эмоция берер тартымды демалыс орнына айналар еді.

Сонымен қатар, кешен аумағын абаттандыру жұмыстарын жүргізу қажет. Мәселен, асфальтталған мұражай ауласына заманауи үлгідегі тас төсемелер жайылып, кесенеге апарар жол бойының қос қапталына дала самалымен тербетілер тал-теректер өсірілсе, жаяу баруға мүмкіндік тудыратын тротуар төселсе Жидебай сипаты өзгеше реңге енер еді. Көгалдандыру бағытындағы шаралар серпін алуы тиіс. Сондай-ақ, жаңадан салынған халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысы да ерекше мән беруді талап етеді. Айтар болсақ, қоршауларының жоқтығы, дұрыс жарықтандырылмауы көңілге олқы соғып тұр. Аналар мазарына да күрделі жөндеу жұмыстары жүзгілуі керек деп ойлаймыз. Бір ғана осы маңайда Тұрағұлдың қорасы, Орыс қорасы, Махмұттың қорасы сияқты 16 түрлі тарихи мекендер бар. Кейінгі буын біле жүрулері үшін барлығына да белгі қою керек. Сол орындардың ішіне Оспан көлі де кіреді. Жаз бойы көлге қарай сабылатын халық нөпірі көбейеді. Алайда, соңына қалдырған қоқыстарын жинамай кетеді. Мұның өзі өзекті мәселе болып отыр.

— Соңғы жылдары абайлықтар арасында бір үрдіс пайда болды. Атап айтсақ, жас жұбайлар өз үйлену тойларында мұражай басына той кортежімен келуді дағдыға айналдыруда. Бұл ұлылыққа деген құрметке жата ма?

— Орынды мәселе көтеріп отырсыз. Жидебай қорық-мұражайы тек қоғамдық орын ғана емес, алдыңғы кезекте мәдени нысан. Сіз айтқан той кортежімен келушілер кешен маңында шу көтеріп, бейпіл сөйлеп, көліктерімен қатты жүреді. Яғни, дарақылық көп орын алады. Одан бөлек, той кезінде, тіпті, кеш ауып кеткен соң мазарға бару - бабамызда болмаған салт қой. Жастар Абай мен Шәкәрім бабаларымызға зиярат етсін, қолдаймын, тек әр нәрсенің өз орны, өзіндік әдебі бар. Аудан орталығында Абайдың асқақ бейнелі ескерткіші тұр, сол жерге барып гүл шоқтарын қойып, естелік суретке түссе де болады. Ал мұражайға келгендер арасында экспонаттарды қолмен ұстап, төрге шығып, өресіздік танытатындар көп. Негізі мұражайды тамашалаудың қалыптасқан мәдениеті бар. Жастардың сол мәдениет пен әдептен аспағаны абзал дер едім.

Сөз орайында өз ұжымыңыз туралы айтып өтсеңіз.

— Бүгінде Жидебайдағы мұражайда 16 қызметкер халық игілігі үшін еңбек етуде. Оның төртеуі мұражайда, 12-сі кесенеде және қалыққа қызмет көрсету орнында жұмыс істейді. Ерғали Икенов - бөлім меңгерушісі. Қызметкерлердің жалпы міндеті Жидебайдың тазалығын сақтау, келушілерге мәдени қызмет көрсету.

— Сұхбатымыздың соңында жаңадан салынған кешен қызметіне тоқтала кетсеңіз.

-Рас, құрылыс жүргізіліп жатқанда кем-кетік тұстары орын алып, ыңғайсыздық тудырған жайттар болған. Алайда, жаңадан облыс басшысы болып тағайындалған Даниал Ахметов ол істің де оңтайлы шешімін тауып, осындай үлкен кешеннің халыққа қызмет жасауына мүмкіндік тудырды. Қазір мұнда абайтану кабинеті, мәжіліс залы, әкімшілік ғимараты, үш кісілік бес қонақ бөлмесі, меймандар үшін банкет залы, одан кейін естелік-кәдесыйлар сатылатын дүкен, кафетерий және асхана бар. Барлығын қосқанда 12 бөлме функционалды қызметтерін атқарып тұр. Абайтану кабинетінде жылжымалы экспозициялық заттар қойылған. Екінші тұрған мәжіліс залында дөңгелек үстел басқосуларын өткізуге болады. 30 орындық кең бөлме арнайы дәрістер, лекциялар, танымдық кештер өткізуге аса жайлы. Көктемге таяу ауданның білім бөлімімен бірлесіп абайтану пәнінің дәрістерін осы жерде өткізуді жоспарлап отырмыз. Ол енді алдағы күндердің еншісінде...

-Сұхбатыңызға рахмет! Ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге табыс тілейміз...

 

Сұхбаттасқан Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі»

 

22 қыркүйек - Қазақстан халқының тілдері күні

 

ТІЛ ЖАНАШЫРЛАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

 

Тарихтан белгілі, елімізде тұңғыш рет 1989 жылдың 22 қыркүйегінде Қазақ КСР-нің «Тілдер туралы» заңы қабылданып, осынау айрықша мезетте қазақ тілі «Мемлекеттік тіл» мәртебесін алған еді. Содан бастап атаулы күнде тіл құндылықтары дәріптеліп, ана тілімізбен қатар көп ұлтты еліміз үшін барша халық тілдерінің мерекесі жылма жыл жарасымды түрде аталып өтілуде.

Қазақы дәстүр мен төл тілімізге берік ауданымыз үшін тілдер мерекесі атаусыз қалып көрген емес. Әрине, бұл игі шараның ұйытқысы бола білген ауданымыздың мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастамашыл әрекеті тұрғындардың тілге деген құрметін арттырып, қадірін жете түсінуге жетелері анық. Осынау мерекелі күні ауданымыздың рухани ошағы М.Әуезов атындағы орталық кітапханада ерекше мәнді шара өтті. Жиылған көпшілік тіл жанашырларының мерейге бөленген сәтіне куә болысты.

Жиынды алғысөзбен ашқан мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің жетекші маманы Толқын Берікбекова барша қауымды тілдер күнімен құттықтай келе, Алғыс хаттармен марапаттауға кезек берді. Тіл мерекесімен көпшілікті арнайы құттықтай келген аудандық мәслихат хатшысы Төлеубек Аманғазы аудан әкімінің Алғыс хатын құрметпен табыс етіп, тіл жанашырларын мерейге бөледі. Олар, ауданның білім бөлімінің әдіскері, тілдерді қолдану мен дамытуға қатысты түрлі шаралардың ұйытқысы Бектөлеу Имантаев, аудандық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері, «Семей таңы» газетінің ауданымыз бойынша меншікті тілшісі, тілдерді дамыту жөнінде ақпараттық насихат жұмыстарын жүргізуші Бұлбұл Мәкенова, Абай атындағы мектеп-лицейінің орыс тілі пәнінің мұғалімі Мадина Алдажарова құрметке кенелді.

Шара барысында сөз алған ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сағындықов «Тілге құрмет-елге құрмет» тақырыбында баяндама жасап, тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында ауданның мәдени өмірінде жүзеге асқан жұмыстар қатарын тізбеледі.

— Бүгінгі таңда, арнайы жоспарлар құрылып, соның нәтижесінде тілдер айлығы, үш тұғырлы тіл саясатына орай аймақтық деңгейде «Білгенге маржан», «Кәмен оқулары», «Тіл – Тәуелсіздік тұғыры» атты дөңгелек үстел, «Мақсұтым, тіл ұстартып, өнер шашпақ...» атты этнос жастары арасындағы тіл байқауы және республикалық Абай оқулары өз деңгейінде ұйымдастырылуда, - деді бөлім басшысы өз баяндамасында.

Осыдан соң сөз алған Абай аудандық әділет басқармасының бас маманы Үміт Тәшенова «Тіл достық пен татулық тірегі» атты тақырыпта баяндама жасаса, Абай аудандық өндірістік телекоммуникация торабы жанындағы Телекоммуникация желісі жабдығының технигі Гүлзат Түсіпбаева адамдардың қатынас құралы тілдің маңыздылығы мен міндеттеріне тоқтала өтті. Сондай-ақ, өз сөзінде тілдік қолданыстың тазалығына да мән берді. Бұл мәселе бүгінде өзектілігін жойған жоқ.

Мерекеге орай ауданның қоғамдық мәдени өміріне ат салысып, тілдерді дамыту бағытында атқарылған шараларға қолдау көрсеткен бірқатар жандар ауданның мәдениет тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының арнайы алғыс хаттары мен сый-сияпаттарын иеленді. Олардың қатарында «Нұр Сана» салт-дәстүр орталығының төрайымы Қанша Нұрғалиева, ауданның білім бөлімінің әдіскерлік кабинетінің меңгерушісі Гүлмира Қасеева, Абай ұрпақтары мұражайының меңгерушісі Айжан Имантаева, М.Әуезов атындағы орталық кітапхананың бөлім меңгерушісі Оразова Серікгүл, аудандық әділет басқармасының бас маманы Үміт Ташенова, облыстық этнос өкілдері байқауының дипломанты, аудан әкімі аппаратының жұмысшысы Венера Сәрсекеева болды. Сонымен қатар, осы жолдардың авторы, аудандық «Абай елі» газетінің тілшісі Тоғжан Рахымбекқызы, Абай аудандық өндірістік телекоммуникация торабының іс жүргізушісі Гүлзат Түсіпбаева және де тіл сайыстарының жеңімпаздары Ботакөз Орынжанова, Ақберен Орынжанова, Зарина Оралқызы, Дария Байботаева, Уәлибекова Ділдә да марапатқа ілікті.

Мерейге толы тілдер күні мерекесіне арналған салтанатты шара соңында дәстүрлі әнші Қайрат Қабышев әннен шашу шашып, атаулы күннің мәнін еселеді.

 

Тоғжан РАХЫМБЕКҚЫЗЫ,

«Абай елі»

Қажылық - 2015

ҚАСТЕРЛІ САПАРҒА АҚ ЖОЛ ТІЛЕДІ

Қыркүйек айының 14-і күні мұсылман күнтізбесі бойынша Зульхижжа айы басталады. Бұл асыл дініміздегі бес парыздың бірі – қажылық жасау маусымының басталуы деген сөз. Жер-жерлерде қастерлі Мекке, Мәдина қалаларына құлшылық ниетімен сапар шегуші ел азаматтарын шығарып салу рәсімі өтіп жатыр.

Бұл ретте ұлы сапарға ниет етуші жерлестеріміз аз емес. Мәселен, биыл қасиетті жерге барып, ғибадат етіп қайтуға бекінген Абай ауданының Құнанбай қажы атындағы мешітінің бас имамы Болат Самырбаевты ауылдастары ақ жол тілеп, шығарып салды.

Жыл сайын қажылық айында Аллаға мойынсұнған, Оның мейірімінен үміт ететін миллиондаған жүректер ең алғаш Ислам негізі қаланған, Құран түсірілген, Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) маңдайы сәждеге тиген мекенге қарай құлшылық ниетімен асығады. Биылғы жылы қажылық сапарға Қазақстаннан 5 мың адам аттанады деп күтілуде. Олардың арасында абайлықтар да бар. Рас, бірі тура Абай елінің өзінен аттанса, енді бірі Семей, Алматы қалаларынан жолға шығуда.

Ауданымыздың бас имамы Болат Самырбайдың алғашқы сапарына орай тілектестік білдіре барған ауданның ішкі саясат бөлімі бастығының міндетін атқарушы Ұлан Сағадиев, дін істері жөніндегі маман Жарас Сәбитұлы, Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Таңат Мағауин және «Абай елі» газетінің директор-бас редакторы Нұржан Байтөс бас имамның қажылық сапар жөніндегі салиқалы әңгімесіне қанығып, өз кезектерінде жылы лебіз білдірді. Сондай-ақ, Алланың назарындағы қос шаһардағы ғибадат барысында еліміздің тыныштығы үшін, Абай елінің гүлденіп, өркендеуі, халқының береке-бірлігінің арта беруі үшін дұға етуін де өтінді.

Араб жазирасында екі аптадан аса болатын ел қажылары тек қыркүйектің 24-і Құрбан айт мерекесі өткен соң ғана бір-ақ оралады.

Абай елінің тарихында Меккеге бір емес, бірнеше мәрте сапар шеккен, Алла алдындағы парызын орындауда қиындық-машақаттарды жеңе біліп, мал сарп қылудан аянбаған небір айтулы тұлғалар өткен. Кешегі Құнанбай қажы, Шәкәрім қажы барған жолмен бүгінде иманын – жиған байлығым деп білетін абайлық мұсылмандар да жиі ат ізін салып жүр. Осы жайында айтып өткен Ұлан Болатұлы бас имамға бір замандарда Құнанбай Өскенбайұлы бастаған Тобықты елінің игі жақсылары тәкие (қажыларға арналған қонақ үй) салдырған Мекке шаһарына жасайтын сапарының оң болуына тілектестік білдірді.  

Ұлылар елінің рухани әлемінің жандануына, аудан жастарының имандылыққа бет бұруына елеулі үлес қосып жүрген Болат Нұрболатұлына біз де, амал-ниетіңіз, ғибадат-құлшылығыңыз қабыл болып, сапарыңыз оң болсын демекпіз.

 

Анар ҚАБДУӘЛИҚЫЗЫ,

«Абай елі»

 

Тарих қойнауы – тағылым

Тарих қойнауы – тағылым

Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Ұлы ақынымыз Абай Құнанбаевтың туғанына 170 жыл толуы құрметіне бүгінгі таңда Республика, облыс, қала ауқымында көптеген іс – шаралар өткізілуде. Осы қасиетті мерекелер аясында 2015 жылдың 28 маусымы мен 3 шілдесі аралығында Семейдің Шәкәрім атындағы университетінің тарих кафедрасы, Семейдің облыстық тарихи-өлкетану музейі мен ТОО «Байуақов ТВК-6» телекомпаниясының бірлескен жобасы негізінде тарихи- этнографиялық экспедиция ұйымдастырылды.

Осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын Қазақстанның Шығыс және Солтүстік өлкелерінде Ресей патша үкіметінің ұйымдастыруымен атақты Щербина экспедициясы жұмыс жасаған. Осы экспедицияның жобасы негізінде 1909-1910 жылдары облыстың Семей округы территориясында өткізілген экспедицияға жас оқымысты, болашақ Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханов жетекшілік еткен болатын. Осыған орай экспедицияның мақсаты Әлихан атамыздың экспедициясы ізімен Шаған, Бұғылы болыстары (бүгінгі Саржал, Тоқтамыс, Медеу ауылдық округтері) жерінде сақталған тарихи-мәдени ескерткіштермен танысып, осы заманға келіп жеткен этнографиялық мұраларды  жинақтау болды. Экспедиция құрамында Шәкәрім университетінің профессоры, тарих ғылымының кадидаты, белгілі тарихшы-археолог Амантай Исаұлы Исин, көрнекті тарихшы –этнограф, атақты «Шыңғыстау-Тобықты шежіресі» алты томдығының және басқа да тарихи-танымдық шығармалардың авторы Молдабек Жанболатұлы Жанболатов, жер мен ел жайынан мол хабары бар, осы өңірлерді көп аралаған Кәкен Шұлғаубаев және Семейдің облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Бекен Нұғыманұлы Теміров бастаған музей қызметкерлері болды. Экспедицияға бір айдай уақыт дайындық жұмыстары жүргізілді. Экспедицияның тақырыбы, мақсаты, қатысушылар құрамы, өткізілу уақыты, маршруты жоспарланып, жергілікті жер жағжайы, жолбастаушылар және көнекөз адамдармен болашақ кездесу мүмкіндіктері талқыланып белгіленді.

Экспедиция мүшелері алдын-ала жоспарланғандай 28 маусым күні Семей – Қарасу – Саржал бағытында жолға шықты. Ғасырлар сырын қойнына бүгіп жатқан, өткен ғасырдың куәгерлері қорымдар мен елді мекен орындары, ескі жұрттар экспедиция назарынан сырт қалған жоқ. Жол бойы олар еліміздің Тәуелсіздік жолындағы ұзақ күресі мен тынымсыз еңбегінің жансыз куәлерімен де танысты.

Солардың ең ірісі Жанан өңіріндегі он сегізінші ғасырдың соңына таман елі мен жерін қорғау жолында талай боздақтың өмірін құрбан еткендігінің белгісі «Батырдың көз жасы» атты орын. Бұл жерден сәл әрірек, өткен ғасырдың басында жер жыртып егін еккен елге мекен болған орындармен танысасыз. Жермен тегістеліп, шөп өсіп кеткен осы жерде табылған шебер ұстаның қолынан шыққан ершіктің қалдығы, шеге, өзгеше ілгек пен айылдың басы бұдан жүз жыл бұрын осы өңірде өткен қайнаған өмірдің, буырқанған саяси оқиғалардың тілсіз куәсіндей болып жатыр. Ендігі міндет осы жәдігерлерге тіл бітіру.

Енді, негізгі жолдан он бес шақырымдай жүріп бірер бел асқан соң тарихта аты қалған өзі батыр, өзі ақын әрі әнші Тәуке батырдың   ағашы деп аталатын орынға жетесіз. Құба белдердің ортасында ғасырдан аса аптап ыстық пен қақаған аяздан ықпай,уақытқа ырық бермей өсіп тұрған ақ еменді халық «Тәуке батырдың ағашы» деп атайды. Елдің кегін жатқа жібермей, әлсіз бен панасызға қамқор, жоғын жоқтаушы Тәуке батыр сияқты, бүгіндер бір түп ағашқа айналған осы бір жаратылыс иелері тіршілік үшін күресіп, өсіп-көбейіп келе жатқанына таң қаласың.

Жолай кездескен Ащысу өзені, Қарабас батыр ауылы, Жосалы тауы мен   Тасбасқан, Милы мен Бойлауық өңірлері тұнып тұрған тарихи орындар.

Бүгіндер екі жарым мың халқы бар Саржал ауылы да небір тарихи кезеңдерді басынан өткеріп, жаңа мәдениет үйі мен мектеп үйін салып, бүкіл Республикаға «Саржал қымызы» атты брендке ие қымызын сауып, тіршілігін жалғастырып отыр. Кез келген жер аты, биігі мен белі сырға тұнып тұрған елдің тарихын бір сапарда айтып тауысу мүмкін емес. Сондықтан қалған әңгімені топтап-топтап тарқатайық.

Экспедиция назарына ілігіп, танысып-зерттеу жоспарына енген нышандар: Шаған бойындағы Ике Әділовтың мекені мен ерекше сәулет өрнегі бар Әділдің мазары, кезінде мектеп ашып, біржарым жылдай Мұхтар Әуезов бала оқытқан Мұсатайдың қорасы, бұрын бұл өңірде кезікпеген ерекше сәулет құрылысы «Буданның мазары» т.т. кезекпе - кезек экспедицияның назарын өзіне баурай береді. Бұдан әрі, олар дәл осы уақытта Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті ғалымдарының «Шыңғыстау жәдігерлері» жобасы бойынша жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмысын барысымен танысты. Қазба жұмыстары бойынша Тоқтамыс (Бестамақ) елді мекенінің Қырық үңгір қорымында орналасқан қола, ерте темір және түркі дәуірі ескерткіштері зерттелуде.

Келесі кезекте тастағы суреттер мен жазулар мол кездесетін Шыбынтай өңірінде, Қозыбағар қорасы маңындағы тоғызқұмалақ ойыны тақталары, Оразбай қажының қорасының орны мен зираты, онда орнатылған белгі тастың орындалу ерекшелігі таң қалдырды.

Бұдан кейінгі ерекше орын, жергілікті жұртқа кеңінен мәлім болса да ғылыми айналымға әлі енгізілмеген жаңа орын - «Қорғантас» жерлеу кешені. Ауқымы әртүрлі жетпіске тарта тас жәшіктер шоғыр-шоғыр болып, бүкіл алқапты алып жатыр. Бұл орын ғылымда өз сөзін әлі айтады деп ойлаймыз. Бір өкініштісі жоғарыда айтылған нысандардың тарихи, мәдени және этнографиялық маңызы зор екендігіне қарамастан, мемлекет қамқорлығынан тыс, ғылыми айналымға енбеген, жойылып кету процесін толықтай бастан кешуінде.

         Сөз соңында экспедиция мүшелері аталмыш экспедицияны ұйымдастырып, өткізуде үлкен қолдау көрсеткен Абай ауданының әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлы Мүсәпірбековке, Саржал ауылдық округінің әкімі Ұлан Ақылбековқа, Тоқтамыс ауылдық округінің әкімі Ақылтай Садырбайға, Медеу ауылдық округі әкімдігінің бас маманы, осы жолдардың авторы Қуанышбек Темірбекұлына және зор көмектерін аямаған ауыл тұрғындары Төлеуғазы Төлахметовқа, Ертіс Тәтиевке, Төлеген Оразбаевқа шын жүректен алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдіреді.

                                                  

Қуанышбек Темірбекұлы

                                       Медеу ауылдық округі әкімі

аппаратының бас маманы

ЕЛІНІҢ СҮЙЕНІШІ БОЛҒАН ЕРАЛЫ БАБА

                               

Абай елінің шежіресінде Ералы Кеңгірбайұлының есімі де ерекше аталады. Заманының заңғар тұлғасы жайлы, оның елдің береке-бірлігін нығайтудағы орасан үлесі, артына қалдырған мол мұрасы жайлы бүгінгі буын хабардар. Ералының әкесі Кеңгірбай Жігітекұлы он жеті жасында Абылайдан, сондай-ақ, орта жүздің аузы дуалы биі қаз дауысты Қазыбек бидің немересі Тіленші биден бата алған, Тобықты елінің көшелі абыздарының бірі. Кейінгі ұрпақтары, артындағы елі атын тура атамай Би ата атап кеткен екен. Ұлы бабамыз өзінің көсемдігімен, әділ билігімен, қайсар батырлығымен де көзге түскен айтулы тұлға.

 

Ералы Кеңгірбайұлы әкесі Торғай, Кеңгір, Баянауыл өңірін аралап, Шыңғыстауға келген тұста туған екен. Есімін Мамай батыр қойыпты. Мамай - Тобықтыны Шыңғыстауға бастап келген сардар батыр. Кеңгірбай ұлды болды дегенді естіп келген Мамай батыр «Кеңгірбайжан, әлгінде келе жатып ойланып, ырым қылдым. Мына бала еліне – ер, еріне – әл болсын, атын Ерәлі деп қой» деген екен. Баланың есімі басында «Ерәлі», кейіннен Ералы аталып кеткен деседі.

Төле би Би атаның ауылында қонақ болып кетерінде: «Би, балаларыңды шақыр, сынайын» депті. Сөйтіп, Қалыбай, Нұралы, Қаумен, Төлеу, Қотанбұлақ, Ералыларға мінездеме беріпті. Жасөспірім Ералыға келгенде: «Мынауыңның екі иығында екі үкі тұрғанын қарашы. Қарғаса да, алдаса да екі сағат, екі минуттен ары жібермейтін «тезқатыр» екен. Өзіңнің төрт бөрің бар екен, төрт сағат, төрт ай, төрт күн, төрт жыл кешірімің көп екен» деген екен деседі.

Ералы бабаның ел билеудегі тұлғалық қасиеті әкесінен кем болмаған. Жас кезінде ел басқару ісіне, билік айту, жол жораға біраз жүрсе де, оған кеңінен құлық қоймаған сияқты. Сырқат адамға, малдың індетіне ем жасаған. Жылдың әр мезгілінде 12 түрлі шөп, дән, тамырды жинап, одан дәрілік сусын жасаған. Емдік шөптерді шай ретінде қайнатып ішуді шығарған жан екен.

Сонымен қатар, Шыңғыстау өңірінде там үйді ең алғаш салғызған да осы тұлға. Ералы баба көп жасаған адам. Ол дүние салар кезде, ағайын туыс, бала-шағасымен соңғы арыз қошында өзі жерленген төбені нұсқап, «Ертең мұнда Ералым жатыр демейсіңдер ме, ана төбеге жерлеңдер» деп өсиет еткен деседі. Бөрілі тауы мен Ақшоқының арасындағы кең жазық бүгінде Ералы жазығы деп аталады екен. Шалғынды жазық бұрын «Шаңтимес» деп аталған. Содан бері бұл өлке Ералы жазығы, Ералы қорығы деген атауға ие. Ералы би жатқан төбе - бүкіл жазық ортасындағы жапа-жалғыз төбе. Өзі атындағы жазықтың нақ ортасында, Орда жақ тұсында, Еңлік-Кебек ескерткішіне 4-5 шақырым жерде бабамыздың кесенесі тұр. Төбеде сонымен қатар тағы да 30 шақты кісінің қабірі бар. Би басында 1960 жылдар ішінде ұрпақтары құлпытас қойған-ды. 1998 жылы 25 қыркүйекте Қасқабұлақ ауылының ардақты азаматы, М.Әуезов атындағы шаруашылықты ұзақ жыл басқарған ел ағасы, іскер басшы Амантай Мұқатаевтың жетекшілігімен Ералы жазығында Ералы Кеңгірбайұлына мазар тұрғызылып, рухына бағышталып Құран-хатым түсірілді. Ашылу салтанатындағы алғы сөзді Амантай аға өзі алып даңқты бабаның ерекше қасиеттері жайлы сөз толғаған болатын.

Кесененің архитектуралық макетін жасаған скульптор, ҚР мәдениет қайраткері, абайлық Мұратбек Жанболатов болды. Ал құрылыс шебері Карибаев Жанарбек болса, құрылысшылары ауылдың азаматтары еді.

Ойқұдық - Ералының Қасқабұлақ суы келіп құятын қонысының аты. Бұл тарихи орында қазақтың тұңғыш театрының шымылдығы ашылған. 1917 жылы жапсарлас тігілген екі киіз үйде жерлес жазушы Мұхтар Әуезовтың басшылығымен өзінің туындысы «Еңлік-Кебек» пьесасы сахналанған еді. Тұңғыш ұлттық театрымыз 1926 жылы осы шығармамен ашылғаны белгілі.

Бабамыздың өмірбаянын жазуда Молдабек Жанболатұлының «Тобықты Шыңғыстау шежіресі», «Би ата», Бекен Исабаевтың «Ұлылар мекені» атты еңбектері пайдаланылды. Иә, өз заманында халқының қалаулысы болған Ералы баба бүгінгі күні де өткенді өнеге тұтатын ұрпақтарының жадында сақтаулы. Туған өлкенің өткенін, кешегі тағылымды тарихын барлығымыздың да біле жүргеніміз абзал.

                                                    

Әсел   ИБРАГИМҚЫЗЫ,

                                         М.Әуезов атындағы орта мектебінің

                                                     тарих пәнінің   мұғалімі,

                                                               Қасқабұлақ ауылы

 

Page 5 of 7

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар