Руханият

 XVIII  РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АБАЙ ОҚУЛАРЫ

 Биылғы  Республикалық Абай оқулары әдебиеттің асқары, Абайтанудың іргесін қалап, шаңырағын көтерген, өмірі де, өзі де дара, мұхиттай терең  дарын иесі, шалқар шабытты жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың  120  жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.

 

Дара дәстүрге айналған қазақ көгінің күні мен айындай болған қос алыбы -Абай мен Шәкәрім оқулары биыл XVIII рет  өз жалауын көтерді.

Жүсіпбекше айтсақ:  «қазақтың әдебиетіне жан берген: сөздің сыртын сырлап, ішін түрлеген, өлеңнен өрнек шығарған» Ұлы Абайдың сөзі нәр, бұлақ, рухани қазына.   Сол себепті баба  атында өтетін байқаудың орны ерек.

Қазақстанның түкпір – түкпірінен жиналған өлең, сөзге әуес, жаны жырға жақын жандар ең алдыменАбай жолымен ақынның кіндік қаны тамған туған жері Сырт Қасқабұлақ өлкесіне, соңынан Еңлік – Кебек ескерткішінің басына тоқтап, қос ғашықтың мүсінін тамашалап, Үй тастағы театрландырылған көрініске куә болды. Сонымен қатар,  Шілікті кезеңдегі Абайдың жары Шүкіманның (Әйгерім бұлағының) басында аялдап Абай мен Әйгерімнің алғаш таныстығын сахналаған көрініске көз сүйсінтті.Осыдан соң Жидебайдағы Абай, Шәкәрім  мұражайын аралап, кесенелерге кіріп, тағзым жасады. Жол бойы тарихи мұраға тұнып тұрған киелі жерлермен танысқан соң, кеш бата аудан орталығына бет алды.  Жас өрендерді мәдениет үйінің алдында күтіп алған өнерпаздар жырмен өрнектеп, биден шашу шашып, өнерлерін паш етті. Әсіресе, жас өрендерді Абай, Шәкәрім, Мұхтар болып ұрпағына асыл сөздерін арнаған театрланған көрініс ерекше тәнті етті. Осыдан соң Мәдениет үйінің залында жалғасқан ашылу салтанаты жыр додасына қатысушы сайыскерлер мен жүйріктерге сәттілік тілеген құттықтау лебіздерге берілді. Ең алдымен байқау шымылдығын аудан әкімінің міндетін атқарушы, ақындар елінің басшысы  Тәттібеков  Бауыржан Болатұлы құттықтау сөзімен ашып, қатысушыларға сәттілік тілеп,жыр додасының мән-маңыздылығымен таныстырып өтті.

Ары қарай жалғастыра сөз алған мектепке дейінгі және орта білім департаменті білімның мазмұны және әдістемесі басқармасының басшысы Жакенов Талғат Жұмабекұлы: талапты жастарға сәттілік тілеп, болашақта  осы талантты жастардың  арасынан Абай, Шәкәрім сынды ғұламалардың шығатынына зор сеніммен қарайтынын жеткізді. 

 Абай оқулары жыр додасы Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің бұйрығымен ең алғаш ұлы ақынның 155 жылдығына орай ұйымдастырылған болатын. Сол уақыттан бері ақынның шығармашылығына терең бойлап, қанша қазсаң да, таусылмайтын асыл қазынасынан сусындап өскен талай жасқа қанат бітірді.

    Абай оқулары - осы күнге дейін дәстүрлі түрде өткізіліп, өзіндік жолын бір ізге түсірген бірегей байқау. Осыған орай байқау тізгінін қолға алған ҚР Білім және Ғылым министрлігі, ШҚО-ның білім басқармасы, ШҚ өңірлік ғылыми – практикалық «Дарын» орталығы, Семей қаласы мен Абай ауданының білім бөлімдерінің тікелей араласуымен ұйымдастырылып отырған игі шаралардың бірі ретінде аталып өтіп келеді.

Дәстүрлі түрде жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында өткізілетін республикалық Абай оқуларына Республикамыздың барлық облыстары мен қалаларынан атап айтсақ: Астана, Алматы қаласы, Алматы облысы,  Ақмола, Ақтөбе, Атырау облыстарынан,  Батыс Қазақстан,  Оңтүстік, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Шығыс Қазақстан ,Жамбыл,  Қарағанды, Қызылорда,  Маңғыстау, Павлодар сондай-ақ,  Назарбаев Зияткерлік мектебі мен Абай ауданының командасынан  барлығы 90-ға жуық оқушы қатысты. 

 Келесі күні меймандар Ұлылардың  ізі қалған қасиетті топыраққа, Еуразия кіндігі -Жидебайға ат басын бұрды.  Сайыстың ең қызған сәті осы мекенде басталды.  «Ұлылырдың мекені» деген асқаралы атты арқалап жүрген мекенге келіп, додаға қатысу «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлардың» ғана қолынан келетін іс. Әр облыстың аманатын арқалап келген жас өрендердің жеңіс тұғырынан көрінсек деген армандары бар. Десек те, Əр облыстан «сен тұр, мен атайын» дейтіндей кіл мықтылар жиылған. мұндай республикалық жыр додасына кім болса соның қатыса бермейтіні тағы бар. қатал талапты қазылар алқасы биыл да толық құраммен өрендер өнерін қадағалауға алды. Алқа мүшелері құрамында қазылар алқасының төрағасы.- Семей қаласының Шәкерім атындағы мемлекеттік университеті, қазақ

филологиясы факультетінің деканы,филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыров Айбар Қабыкенұлы  Сарекенова  Қарлығаш Құрамғалиқызы - Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ тілі кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты.Картаева Айжан Маратбековна -Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік Университеті, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы. Келгембаева Бақытжан Бекенқызы - Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік Университеті, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты.Кусманова Гүлжібек Аскенқызы - Серікбаев атындағыШығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің

доценті,педагогика ғылымдарының докторы. Жүнісбеков Болат Жүнісбекұлы - Семей қаласы, Абай музейінің директоры, жазушы.Сабырбаева Раушан

Койшанқызы - Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті,  қазақ филологиясы факультетінің доценті,  ғ.д.к.,Сериков Адлет Серикович-  Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті,  «Музыкалық білім»  кафедрасыӘбдікәкімұлы Тыныштықбек-  Қазақтың белгілі ақыны, ҚР Президентінің сыйлығының иегері.Ақберен Елгезек -  Алматы қаласы, ақын, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушылар одағының мүшесі және -  ҚР маслихаттарының Құрметті депутаты, ҚР-ның әлеуметтік еңбек саласының үздігі, Абай ауданының Құрметті азаматы, Абай аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы.Аманғазы Төлеубек Аманғазаұлы төрелік етті.

Қатысушылар ортаға шақырыллғаннан соң, байқаудың туы көтеріліп, қазылар алқасының төрағасы Айбар Қабыкенұлы қатысушыларға сәттілік тілеп, байқауды ашық деп жариялады.

    Биылғы жылғы байқау бұрынғы байқаулардан өзгеше деп айтуымызға болады.   

І бөлім: «Өлең сөздің патшасы-сөз  сарасы» Абай, Шәкерім өлеңдерін жатқа мәнерлеп оқу сайысы.

ІІ бөлім «Көңілім әнді ұғады»- Абай, Шәкерім әндері мен күйлерін орындаушылар сайысы.

ІІІ бөлім «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда»-жас дарынды ақындар сайысы. Жыл сайын үш бөлімді қамтитын байқаудың  биылғы жаңалығы  «Ұлылар әлемі» бөлімі қосылды. Бұл бөлімде қатысушылардың сөз саптау шеберлігі бағаланып,  эссе жазудан сынға түсті.

Осылайша  бірінші бөлімнің шымылдығы түріліп, «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы» атты алғашқы кезеңнің  жүйріктері Абай, Шәкәрім өлеңдерін жатқа оқудан сайысқа түсті. Негізгі сайыстың ішіндегі ең ауыры да осы кезең екені белгілі. Бұл сайыста кейбір қатысушыларымыз қазылардың қатал сынына шыдамай, сүрініп те жатты. Дегенмен араларынан нағыз кіл мықтылар та табылып жатты.  Көңілді құлазытқан бір жайт-Абай мен Шәкәрімнің поэмаларын жатқа оқимын деп шыққан қатысушыларымыздың поэманы  соңына  дейін жаттамағандықтары да көрініп жатты.

Ал ауданымыздың намысын қорғаған, жарыстың ең кішкентай қатысушысы Мамай атындағы негізгі орта мектебінің 3 сынып оқушысы Қанатова Ақбота  өзінің білімділігімен, өлең оқудағы шеберлігімен көпшілікті сүйсінтті.ол Абай атамыздың 100 өлеңі, 2 қарасөзі мен 1 поэмасын, Шәкәрімнің 21 өлеңін, барлығы 124 шығармасын жатқа біледі. Шынашақтай ғана Ақботаның талантына көпшілік қауым ризашылығын білдіріп, қошеметке бөледі.   Ал, Қызылорда өңірінен келген қатысушымыз  небәрі 6 сыныптың оқушысы Ақереке Жансанова Абай атамыздың 170 өлеңін, Шәкәрім бабамыздың  190 өлеңін, 2 поэма, барлығы  400 өлең жаттап келіпті.  Жас талаптың  өлең оқудағы дауыс мәнері де көрерменін сүйсінтіп, көшіліктің көңілінен шығып жатты. Сонымен қатар, бұл бөлімде қазылардың сынынан сүрінбей өтіп, өзінің ұшқыр ойлылығымен, дауыс ырғағымен көзге түскен Жамбыл облысының намысын қорғап келген Айдана Есбағамбетова Абайдың 211өлеңін,  9 қарасөзін, 3 поэмасын, Шәкәрім атаның 118 өлеңін, жиыны  341 шығармасын жатқа біледі екен. Қос ақынның қай шығармасын сұрсаң да ешбірінен тосылмаған Айдана қазылардың оң бағасын алып, көзіқарақты көрерменді тәнті етті.

Бірінші бөлім аяқталып, сайыстың екінші «Көңілім әнді ұғады» бөлімінде . қатысушылар Абай мен Шәкәрімнің құлақтан кіріп, бойды алған әсем әндерімен халықты сүйсінтті.  Бұл бөлімде де қос ақыннынң әндерін  бірі  эстрадаға салып айтып жатса, енді бірі қазақтың қара домбырасымен нақышына келтіре әуелетті.

Ал, «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» атты бөлім бойынша жас дарындар ортаға шақырылып өрнекті өлеңдерін халық алдында паш етті.  Бұл бөлімде жас ақындар өздеріне берілген тақырып бойынша бақ сынасқан болатын. Нәтижесінде кейбір қатысушыларымыз ұнамды ұйқастарымен көптің көңілінен шығып жатса, кейбірі керісінше әділ қазылар алқасының сынына ұшырап жатты.  Семей қаласының № 42 орта мектебінің 11 сынып оқушысы «Барар жерден адасып қалушы едік, Бабатай, қандай жақсы болғаныңыз!» -деп Абайды жырға қосқан Темірлан Кәмілжанов, «Ғарыш»  тақырыбын өлеңіне арқау еткен» Қостанайлық Сәтбай Айзат, жерлесіміз Қарауыл гимназиясының 11 сынып оқушысы Төлепбекова Еңліктің,  Алматы қаласынан келген  Тоқтар Думанның  жыр шумақтары тыңдаушының құлақ құрышын қандырып, қазылар тарапынан да жоғары ұпайларды қанжығалады.

Десек те сайыс болған соң жеңімпаздың болатындығы ақиқат. Өте тартысты өткен бұл доданың шешуші сәті де таяды. Көптен күткен уақыт та таяды.   Сонымен,  XVIII  РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АБАЙ ОҚУЛАРЫ байқауының «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы» номинациясы бойынша  Бас жүлдесі Жамбыл облысы, Меркі ауданынының намысын арқалап келген Айдана Есбағамбетоваға бұйырды. 

Осы орайда жеңімпаз қызды жеңісімен құттықтап, бір ауыз әңгімеге тартқан едік:

         «Мен Абай оқуларына 5 сыныптан бастап қатысып келемін.  Алдыма қойған мақсатым – Ұлылыар мекеніне келіп, Республикалық  байқауға қатысу болатын.  Әрине,  жарыс болған соң, жеңіс те, жеңіліс те болды.  Мен де сүріндім. Бірақ, мені сол кезде арман-мақсатым алдыға жетеледі. Дәл қазіргі әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес! Төбем көкке екі елі ғана жетпей тұр» деп өзінің ішкі сезімімен бөлісті.

Ал бірінші орын- Б.Ирасылова Семей қ,  екінші орын - О.Қасымбек ОҚО,  пен Атыраулық  Ә. Жолдасқалиқызы және үшінші орынды- Ақмоладан келген Ә. Алдажұманова, Ә. Балғабаева (ШҚО), Абайлық А. Кәріпбай иеленді.

«Көңілім әнді ұғады»  номинациясы бойынша: бірінші орын- Алматылық Н.Айтжан, екінші орын – Павлдар қаласынан келген Т.Сушенова, ақтөбелік А. Санбаевқа, ал үшінші орын - Б. Мұстафа Ақтау қ. А.Марат Алматы обл, Б. Құдайбергенова Семей қаласының талантты жастарына бұйырды.

 «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда»-номинациясы бойынша

 Семейлік Темірлан Кәрібжанов бірінші орынға ие болды. Айта кетейік, Темірлан өзінің даралығының арқасында  Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің арнайы грантына ие болды. Ал, екінші орынды Солтүстік Қазақстан облысынан келген Қ. Дәулет пен Өскемендік Б.Қалижан  бөліссе, үшінші орын-  Қостанайлық А.Сәтбай,  абайлық  Е.Төлепбекова және Алматы қаласынан келген Т.Думанға бұйырды.

«Ұлылар әлемі» бөлімі бойынша бірінші орын- М. Мұратханова (Өскемен қ), екінші орын -Н.Бөрібаева (Алматы қ), П. Нусупова (ШҚО)  үшінші орын - 

Э. Абдрахманова (Қостанай обл),  А. Құдайқұл (Жамбыл обл), Д. Мұратова (Ақтөбе обл)  келген өрендер  қанжығаларына байлады.

PS: Осылайша, Ұлылар мекені XVIII  РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АБАЙ ОҚУЛАРЫ байқауын абыроймен өткізді.

 «Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деген хакімнің өз сөзіне жүгінсек, Абай мәңгі тірі, оның  мұрасы халықпен бірге  мәңгілік жасай бермек.

Тоғжан Қалымова

«Абай елі»

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Мұхтар тойы - халық тойы

 Құнанбайға арналған құнды кітап

 Ұлт Көшбасшысы, Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» атты игілікке бастайтын жаңа бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Абай елінде де елеулі шаралар қолға алынуда. Соның бір парасы ретінде жуырда заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің 120 жылдығы аудан төрінде кеңінен аталып өтілді. Абайлықтар  жерлес қаламгердің тойын ерекше дайындықпен есте қаларлықтай өткізді.

Бұл күні табиғат та ерекше тамылжып, күн нұры молынан төгілді. Ұлылар мекеніндегі ұлы дүбір 15 қыркүйек күні  М.Әуезов атындағы орталық кітапханадан бастау алды. Талай-талай тарихи оқиғалар мен небір дүбірлі тойлардың куәсі болған  киелі Шыңғыстау тағы бір мәрте ерекше сәттің куәсі болды. Олай дейтініміз, бұл күні  Құнанбай баба  ескерткішінің  тұңғыш рет бой көтеруі орын алды. Сондай-ақ,  дәл осы күні Құнанбай бабаға арналған ерекше кітаптың да тұсаукесері өтті. Аталған туындыны жинақтап, құрастырушы жергілікті әдебиетші Әсет Мырзақасым. Кітап осыған дейін аудан әкімі қызметін атқарған Тұрсынғазы Жантұяқұлының бастамасымен, демеушілердің және аудан халқының қаржылай қолдауымен шығарылды. 

«Дала данышпаны – Құнанбай» - атты кітапта  қажы, аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлының өмір жолы мен қилы тағдыры жайлы жазылған зерттеу мақалалар, естеліктер мен ел аузындағы әңгімелер, арнау өлеңдер енгізілген.   
       Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Жолдауында: «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көрінісі» деп атап көрсеткен болатын. Осы орайда облысымыздың әкімі Даниал Ахметовтың  басшылығымен облыс, аудан көлемінде «Рухани жаңғыруға» арналған игілікті істерге қолдау көрсету мақсатында бірқатар шаралар атқарылып, жүзеге асырылуда. Бүгінгі  «Дала данышпаны – Құнанбай» атты кітаптың жарыққа шығуы, Құнанбай баба ескерткішінің тұңғыш бой көтеруі - «Рухани жаңғыру» бағытында ауданда атқарылған игілікті істердің дәлелі болып отыр. Осы орайда, «Әрбір  адамның  ең  жақсы  досы,  өмірлік  досы  кітап  болуы  тиіс» деген Мұхтар  Әуезовтың  нақыл  сөзі  кімге болсын ой тастайтындай. Ендеше, дала кемеңгеріне арналған кітаптың дүниеге келуі – өткенге құрмет, ұрпаққа ұлағат болары даусыз. Елбасының: «Рухы еркін халық қана ұлы істерді атқара алады» деген қанатты сөзі осыны айғақтаса керек. Бұл ретте көптеген шаралардың басын қайырып, ауданның гүлденуіне аянбай еңбек еткен Тұрсынғазы Жантұяқұлына алғыс айтуымыз  абзал!

      Айрықша шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы  Бауыржан Тәттібеков  бастаған аудан басшылары, мекеме басшылары, бөлім меңгерушілері, ауыл әкімдері, ауданымыздың Құрметті азаматтары, зиялы қауым өкілдері, ақ жаулықты аналарымыз бен қазыналы қарттарымыз, көптеген кітапсүйер қауым қатысып, алыс-жақыннан сыйлы қонақтар, мәртебелі меймандар қуанышымызға ортақтасты. Сондай сыйлы қонақтарымыздың бірі, медицина және педагогика ғылымдарының докторы, жазушы, ғалым, профессор Совет-хан Ғаббасов ағамыз және абайтану ілімін насихаттаушы  Анарбек Байдабеков  Алматы облысынан дүбірлі мерекемізге арнайы келіп қатысты.

Іс-шараны мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысының орынбасары, асылдың сынығы, тектінің тұяғы, мәдениет пен өнердің шын жанашыры   Елдар Кәменұлы Оразалин өз мәнінде  жүргізіп отырды.

Ең алдымен «Дала данышпаны - Құнанбай» атты кітаптың тұсауын кесу рәсімі өткізілді. Абай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Тәттібеков Бауыржан Болатұлы, ауданымыздың әлеуметтік-экономикасының дамуына айтулы үлес қосып, өсіп-өркендеуіне еңбек сіңірген, «Абай ауданының Құрметті азаматы» Мүсәпірбеков Тұрсынғазы Жантұяқұлы, кешіміздің қонағы, сонау Алматыдан келген профессор  Совет-хан Ғаббасов ағамыз,   Құнанбай бабамыздың ұрпағы, «Абай ауданының құрметті азаматы», балалық  шағын  Мұхтар  Әуезовтың  қолында  өткізіп,  ғұлама жазушының  тәлім-тәрбиесін  көрген  ардақты  ағамыз  Толғанбаев Манатай Балтақайұлы жаңа кітаптың тұсауын  кесіп, «Нұр Сана» салт-дәстүр орталығының әзиз  әжелері шашу шашып думанға ұластырды.

Осынау әсерлі  шараның құрметіне арнап «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің әншісі Қайрат  Қабышев Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін  қалықтатты. Келген қонақтар кітап жайлы  өз пікірлерін білдірді.

Осыдан соң  «Абай аманаты", "Абайдың əдеби хатшысы" кітаптарының,  "Абай жолымен" журналының авторы,  осы кітаптың шығуына өз үлесін қосқан, жинақты құрастырушы, әрі жауапты редакторы, әдебиетші, драматург, Қазақстан Республикасы Мәдениетіне еңбегі сіңген озық қызметкер Әсет Медеуханұлы сөз алып, бұл кітаптың Абай ауданы әкімдігінің ұсынысымен, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жүзеге асыру мақсатында қабылданған іс-шара бағдарламасына орай шығарылып отырғанына кеңірек тоқталды. 

Келесі сөз Алматы облысынан келген қонақ, медицина және педагогика ғылымдарының доқторы, жазушы, ғалым, профессор Совет-хан Ғаббасов ағамызға берілді. Қадірменді мейман ризашылығын білдіріп, аудандық Мұхтар Әуезов атындағы кітапханаға өз туындыларынан кітаптар сыйға тартты.

Бір күннің, бірер сәттің ішінде ұлылар елінде ұлылыққа тағзым еткен осынау шара тамаша туындысымен тарту етіліп, келген қонақтар да аса риза көңілмен тарасты.  Иә, Құнанбай бабамызға деген осынау құрмет – баршамыз үшін  қуаныш, әрі қайталанбас тарихи оқиға болып қалмақ. Олай болса туған халқына жол тартқан «Дала данышпаны -  Құнанбай» атты кітаптың ғұмыры ұзақ, егемендігіміз мәңгілік болғай!

Осыған дейін жарық көрген ел мен жер шежіресінен тағылымды сыр шертетін бірнеше кітаптардың авторы Әсет Мырзақасымды  тұнып тұрған энциклопедия дерсіз. Аса құнды, бағалы кітаптары қалың оқырманның ыстық ықыласына ие болып үлгерді. Алда да жазары мол кітап авторы Әсет Мырзақасымға шығармашылық табыстар тілейміз. Өскелең жас ұрпаққа әліде береріңіз көп! Қаламыңыз ұшқыр болып тарихи құнды шығармалар көбейе берсін демекпіз.

 ҚҰНАНБАЙ БАБАМЫЗДЫҢ ЕСКЕРТКІШІ БОЙ КӨТЕРДІ

  Дәуірінің дара тұлғасы, өз заманының ақылшы биі, дін Исламның қызметшісі, ұлы Абай атамыздың әкесі - Құнанбай Өскенбайұлына, алты алаштың ұрпақтары Абай жерінде ескерткіш орнатты. Тарихи оқиға саналатын осынау айтулы шара хакім Абай атамызды әлемге танытқан ұлы жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың 120 жылдық мерейтойы аясында орын алды. Ескерткіш авторы Абай елінің азаматы, Саржал ауылының тумасы, аз уақыттың ішінде танылып үлгерген шебер мүсінші - Нұрбол Қалиев. «Ескерткіштің биіктігі тұғырымен қоса алғанда 9 метр, салмағы 12 тонна болады және Балқаштың таза мысынан жасалды», - дейді туындының авторы.

     Атаулы шара барысында ескерткіштің  лентасын қию құрметі Абай ауданының құрметті азаматтары Тұрсынғазы Жантұяқұлы, Амантай Мұқатаев, Байбота Орынбаев және құрметті қонағымыз, мүсінші - Қалиев Нұрболдың әжесі Сағила Темірбаеваларға берілді. Ақ жаулықты әжелеріміз шашуларын шашып, ескерткіштің алдына гүл шоқтары койылды. Абай ауданының Құрметті азаматы Тұрсынғазы Жантұяқұлы, Мұхтар Әуезовтың тәрбиесін көріп тәлімін алған Манатай Толғанбайұлы, қонақтарымыз  - Балхаш қаласынан келген жазушы Жарылғапов Махмұт, Павлодар қаласынан келген Бейсенғазы Ғазизұлы, Қарағанды қаласынан  келген жерлесіміз Әзімбаев Ернұр Мұсабайұлы, Семей қаласы Шәкәрім университетіннен келген Аман Тілеубаевтар  құттықтау сөздерін жеткізіп, сый- сияпаттарын табыстады.   

      Шара барысында сезімге толы ерекше сәттер де орын алды. Атап айтсақ, мүсінші Қалиев Нұрбол мен Құнанбай қажы қорының  төрағасы  Белібаев Ардаққа Абай ауданы әкімінің міндетін атқарушысы  Тәттібеков Бауыржан Болатұлы абайлықтар ризашылығын жеткізе келе, Алғыс хатпен марапаттап, оқалы шапан жапты. Сондай-ақ, белді кәсіпкер жерлесіміз Рақымжанов Ербол Арғынғазыұлы мен Әзімбаев Ернұр, Абай ауданына автокөлік сыйға тарттып, көліктің кілтін  Бас имам Болат Самырбайға табыстады. Салтанатты жиынның соңында жерлесіміз Әзімбаев Ернұрдың “Құнанбай қажыға арнау” әні Әміре Қашаубаев атындағы  Республикалық ән байқауының жүлдегері, халықаралық “Шабыт”фестивалінің бас жүлдегері  Әлімханов Сәкен Ерланұлының орындауында шырқалды. 

       Құнанбай бабамыздың ескерткішін орнатуда қолдау білдірген облысымыздың басшысы Даниал Ахметовке және Абай елінің барша құрметті азаматтарына біз де ел атынан алғыс білдіреміз!

           Ауданымыздың ажарын ашқан-стадион

     Дәл осы күні заңғар жазушымыздың 120 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс тұсауы кесілген тек бір бұл емес,  күннен күнге көркейіп келе жатқан  ауданымыздың ажарына ажар кіргізер орталық стадионның ашылу салтанаты  өтті.  Әдебиет пен мәдениеттің нағыз ошағына айналған Абай ауданы спорттан да кенде емес.  Заман талабына сай аудан орталығында стадионның күрделі жөндеуден өтіп, қайтадан халық игілігіне берілуі-баршамыз үшін  маңызды оқиға екені даусыз.   Ескерткіштің салтанатты ашылуынан соң халық бірден су жаңа стадионға ағыла бастады.

Осылайша жаңа нысанның лентасын қию құрметі аудан әкімі міндетін атқарушы Бауыржан Болатұлы мен ауданымыздың бұрыңғы әкімі, Абай ауданының Құрметті азаматы Тұрсынғазы Жантұяқұлы сондай-ақ қоғам қайраткері Нәубат Қалиевқа берілді. Өз кезегінде Тәттібеков Бауыржан Болатұлы:  «-Бүгінгі күні ашылып отырған осынау нысандар баба тойының қуанышын еселеп отыр. Ұлы жазушыны ұлықтау, ұлағатын ұмытпау біздің қасиетті парызымыз.Қымбатты ағайын! Мұхтар –тойы, халық-тойы құтты болсын! баршаңызға береке-бірлік тілеймін! Ұлы жазушыға деген құрметіміз арта берсін!»- деп қорытты сөзін аудан басшысы.  Сонымен қатар, жерлесіміз, саясаттану ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері Нәубат Қалиев мырза:-  Абай салған, Мұхтар салған дара жол – біздің де қасиетті жолымыз болсын, ашылып жатқан жаңа нысан жастардың тынысын кеңейтіп, денсаулықтарына дем беретін халықтың құтты орынына айналсын деген тілектерін жеткізді. Ал, Абай ауданының құрметті азаматы Кошкин Сайлау өз кезегінде қалың жұртшылықты торқалы тоймен құттықтап,  игі істің басы-қасында жүріп,  тікелей ұйымдастыруға мұрындық болған Тұрсынғазы Жантұяқұлы мен аудандық әкімшілікке зор алғысын жеткізе кетті.                                                        Осындай айтулы мерекеде қуанышымызды еселеп,  Абайдың киелі топырағынан нәр алып ел намысын, жер намысын қорғап  жүрген даңқты ұлымыз ЕКСПО 2017 аясында  өткен «Әлем барысы»  2017 турнирінің жеңімпазы Айбек Нұғымаровты Абай жұртшылығы зор қошеметпен қарсы алды.  Ел сенімін асқақтатқан оғланымыздың  әлемді бағындыруына зор  ықпал еткен бапкері Серік Сәпенұлымен бірге сахна төріне шақырылып, аудан әкімінің міндетін атқарушы Бауыржан Болатұлы мен Абай ауданының құрметті азаматы Тұрсынғазы Жантұяқұлы құттықтап Айбекке 1 млн теңгенің ал, бапкеріне 500 мың теңгенің сертификатын тарту етті. Осы орайда  ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Төлеген Жанғалиев алты алаштың алыбы, атағы әлемге шарлаған батыр ұлға ел атынан  жырдан шашу шашып, ақ батасын берді.

Орталық стадионның ашылу салтанатында «Спорт даңқы» аллеясы да халыққа таныстырылды. Аудан спортының тарихында елеулі еңбектерімен мәңгілік ел есінде сақталып қалған тұлғалар туралы спорт ардагері Майдан Мұқанов түсіндіріп өтті.

Сонымен қатар, өскелең ұрпақ білсін, көрсін, көңілге түйсін деген ниетпен театрландырылған көрініс арқылы Әуезовтың өмірі, шығармашылығы ұлықталды.  «Әлем таныған Әуезов» атты театрландырылған қойылым  ұлы Мұхтардың мәртебесін марқайтып,  әсіресе, Бала Мұхтардан – дана Мұхтарға дейінгі   М.Әуезов өмірінің тарихи тізбесіне арналған көрініс жиналған көпшілікті  Әуезов әлеміне сүңгігітіп әкеткедей.                

  Қазақ футболының ғасырдан астам тарихы барын қазіргі жеткіншектердің бірі білсе, бірі білмес. Қазақ топырағында тұңғыш ресми футбол командасы 1913 жылы Семей қаласында құрылып, ол – Ярыш (Жарыс) деп аталған болатын. Оның құрамында қорғаушы болып заманымыздың заңғар жазушысы – М.Әуезов ойнаған. М.Әуезов – қазақтан шыққан тұңғыш футболшы болғанын таңданып та, мақтанып та айта жүргеніміз артық емес.        Қазіргі жеткіншектер күрделі жөндеуден өткен жаңа стадионда спорттың әлемге танылған түрі – футболға құмартумен, шұғылданумен қатар, оның тарихын да біле жүргені абзал.  Әсіресе,  Биылғы жыл – егемен еліміздің футболы үшін айтулы белес.   Жазушының 120 жылдық мерей тойымен қатар, стадионның да бой көтеруі Баба рухымен үндестік  десек артық айтқандық емес.

 

Өнер биігінде

                            «ҚАЛАМҚАСЫ» ХАЛЫҚТЫҢ 45-ТЕ

 Өнер әлемінде халықты ән-жырмен сусындатып қалтқысыз қызмет етіп жүрген әйгілі «Қаламқас» биыл 45 жылдығын тойлауда. Қазіргі таңда Абай ауданда бір аудандық, 3 ауылдық мәдениет үйі және 5 ауылдық клуб үйі, 4 халық театры, 2 халықтық ән-би ансамблі ел игілігі жолында қызмет көрсетуде.

«Қаламқас» ансамблінің тарихы тым тереңде. Өнер ордасы 1972 жылы құрылды. Құрылған жылдан бастап ансамбль өркендеудің сара жолына түсті. Оған негізінен жергілікті өнерпаздар тартылып, ауданда басшылық қызмет атқарып жүрген ел ағалары қолдап, жәрдемші  болды. Осылайша, «Қаламқас» көп жыл өтпей-ақ аудан көлемінен тысқары жерлерге де таныла бастады. Облыс, республика, қала берді одақ көлемінен асып, шетелдерге әйгілі болғанын Абай елі бүгінде жақсы біледі. Алғаш рет ансамбль Чехославакияның Старжница қаласында өткен халықаралық фольклорлық фестивальға қатысып, көрермен назарын бірден өзіне аударды. Бүгінде  «Қаламқаста бір «Қазақтан Республикасының мәдениет қайраткері», үш «Мәдениет қайраткері», он бес  «Мәдениет саласы үздіктері» қызмет етуде. Осының өзі көп жайтты айғақтаса керек-ті. 

Қазіргі күндері ауданның мәдениет саласында да жаңғырулар орын алуда. Аталған шара аясында Венгрия, Чехославакия, Ресей елдерінің конкурстарының лауреаты «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің 45 жылдық мерейтойы аталып өтті. Жылма- жыл дәстүрлі түрде Астана, Алматы, Талдықорған, Өскемен, Семей қалаларының белгілі сахналарында, ШҚО аудандарында өзінің шығармашылық концерттерін қойып жүрген ұжым қазіргі уақытта жас өнерпаздармен толығып, жетістіктерге жетуде.

Ауданымызда өткен М.Әуезовтің 120 жылдық тойына келген қонақтар, аудан халқы өрттей өнерімен аспандаған «Қаламқас» ансамблі өнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашалап, сазды әуенге куә болды.

Дарынды жастары бар бүгінгі «Қаламқас» кешегі Төкен, Роза, Ғаббас сынды тағы көптеген өнер саңлақтарының көзіндей іздерін жалғастырып келеді. Қырық бес жылдық тарихы бар «Қаламқасқа» қанша мақтау, мадақ айтсақ та жарасады. Ұлы Абайдың үлгі өнегесін, өсиетін ұлықтап, елінің мақтанышына айналған «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің 45 жылдық өнер мерекесінің шымылдығы  «Шыңғыстау» ұлт-аспаптар оркестрінің «Шаңды жорық» күйімен түріліп,  өнер саласы қызметкерлерінің марапаттауларына ұласты. «Қаламқастың» алғашқы қарлығаштары Баян Сағынбаева, Зайра Қабышева, Нағия Бұланбаева, Тамара Көзбаева, Бақыт Шағатаева тағы көптеген ансамбльдің іргетасын қалаушы майталмандары мен бүгінгі жас әншілеріне  аудан әкімінің міндетін атқарушы Б.Тәттібеков  облыс және аудан басшылығының Алғыс хаттарын салтанатты түрде табыстады.

Көңілдерге нұр сыйлаған осынау мәртебелі марапаттаулардан соң «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің көркемдік жетекшісі, әнші Нұрбек Өмірбеков «Абайдың елі» әнімен шашу шашты. Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әніне композициялық қойылым көрсетіліп, ән шырқалса, дәстүрлі әнші Қайрат Қабышев Біржан салдың «Айтбай» әнін әуелетті. Бұдан соң әншілер мен бишілер А.Жұбанов, Л.Хамидидің «Абай» операсынан «Той бастар» әнін тарту етті. Сахна төрі сән-салтанатқа ұласып ерекше көңіл-күйге бөледі. Ал, домбыра мен қобыздың, дауылпаздың үні астасқан «Бірігіңдер» әні «Дала сазы» көне ұлт аспаптар ансамблінің орындауында күмбірлей,  ерекше бір рухпен айтылып, көрерменіне  көнеден қалған есті сөзді жеткізе білді.

Қазақы рухтың лебі ескен «Қаламқас»  ансамбльінің мерекелік концерті  әнші Жанат Хайсинаның орындауындағы «Ұлы дала» әнімен жарасым тапты. «Өрнек» тобының жас өрендерінің «Көкке өрле» әні де әр көңілге шаттық сыйласа, әншілер квинтетінің  орындауындағы Абайдың «Айттым сәлем Қаламқас» әні лирикалық сезімге жетелегені анық. Ансамбльдің майталман әншісі Тамара Көзбаева «Жылдар-жылдар» әнін орындап, қайтып келмес сол бір сағынышқа толы жылдар кино лентасындай көз алдында тізбектеле өтіп,  тыңдармандарымыздың жүрегінен жылы орын алды. Сондай-ақ, әншілер «Тербеледі тың дала» әнін, жас әнші Елдос Советханұлы халық әні  «Қараторғай», Абайдың ұрпағы, бұлбұл әнші Бақыт Шағатаева Ыбырайдың «Гәккуін», қобызшылар ансамблі «Абай табиғаты» шығармасын  тамылжыта орындап, халықтың ыстық ықаласына бөленді. 

Концерт соңы ансамбль әншілерінің «Қаламқастың әнімен» тәмәмдалды. Тамашалаушы тыңдарман  тамсана, үлкен жүрекпен дуылдата қол соғып өздерінің  алғыстарын ду қол шапалақпен білдіріп жатты.

Осылайша, ғұлама жазушының 120 жылдық мерейтойы атағы үш жүзге мәлім қажы, аға сұлтан, ұлы Абайдың әкесі Құнанбайға ескерткіш қоюымен құндылығы артып, ауданымызда сәулеті келіскен стадионның бой көтеруіне де септігін тигізді. Одан бөлек қажы ұрпағы Ернұр Əзімбаев Шəкəрімнің өзі қолданған заттарын "Әзірет Сұлтан Мемлекеттік Қорық-музейіне тапсырып, рухани құндылықтарды ел игілігіне, халық назарына ұсынды.  Өзіндегі, туыстарындағы, анасындағы құнды дүниелерді музей қорына тапсыруына зор  ықпал жасаған азаматтың бұл игілікті ісін абайлық көпшілік жоғары бағалады. Мұнымен қоса, оның «Құнанбай қажыға арнау» атты жаңа әні көпшілікке жол тартты. Рухты ән ескерткіш ашыларда да, «Қаламқас» ансамблінің мерекелік концертінде де,  Қарауылтөбеде де қалықтап, тіпті Мұхаңның тәлім-тәрбиесін көрген абыз ақсақалымыз Манатай Балтақайұлының 80 жас мерейтойында да  Халықаралық «Шабыт» фестивалінің Бас жүлде иегері, халықаралық «Қазақ дауысы» конкурсының Бас жүлде иегері, республикалық «Әміре Қашаубаев» атындағы конкурстың Бас жүлде иегері  әнші Алимханов Сәкен Ерланұлының  орындауында бірнеше қайтара тыңдарман жүрегінен жол тапты. «Абай елі» газетінің жауапты хатшысы, журналист Анар Сәрсенбинаның   ән авторы Ернұр Мұсабайұлымен  сұхбат жүргізіп, қалың көпшілікке аудиожазбасы таратылғанын журналист ретінде еліне қосқан тағы бір үлесі деп білеміз.  Ырғызбай ұрпақтары Құнанбай қажы атындағы мешітке автокөлік сыйлады. Мұхтар Әуезовтің есімімен аталатын киелі кітапханада зиялы қауым өкілдерінің, жақсы-жайсаңдардың қатысуыменен жергілікті әдебиетші Әсет Мырзақасымның «Дала данышпаны- Құнанбай» атты құнды кітабының тұсауы кесілді. «Мұхтар тойы –халық тойы»  деген ұранмен  орталық стадионда ұлы жазушының  бала күніндегі, жігіттік кезіндегі және әлемге танылған шақтары, шығармаларына елдің сүйікті кейіпкерлеріне айналған тұлғалар арнайы декорациямен сахналап, жазушы шығармалары насихатталып, өмір жолынан үзінділер келтірілді.  Ал аудандық кітапханада заңғар жазушы, классик, ұлы Абайды әлемге танытқан  Мұхтар Әуезов әлемі кітап көрмесіне сай  ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды.

 Қарауылтөбедегі дүбірлі дода

  Қарауыл төбеде жалғасын тапқан тойдың түскі мезгілінде  киіз үйлер қалашығында дала данышпандарына арналып ас беріліп, мереке ұлттық спорт ойындары түрлерінен жарыстарға жалғасты.  Жиналған жұрт түс ауа Қарауылтөбеге ағыла бастады. Осындай ұлы дүбірлі мереке  әрбір қазақтың қаны қызатын аламан бәйге мен түйе палуансыз, өтпейтіні белгілі. Бабамыздың таңертеңнен басталған  тойы түс ауа қазақтың қанын қыздырып, делебесін қоздыратын ат жарысына ұласты.

Жарыс тай жарысынан басталды. Ауыздықтарымен алысқан сәйгүліктер ат тұяқтарымен таудың баурайын дүбірлетіп     5 шақырым қашықтыққа жүгірді. Тай жарысынан Сәйгүліктердің ішінде Қарқаралыдан келген  Қаршалов Мәдидің «Гауһартас» деген аты жүйріктігін танытып бірінші келді. Ал Үржар ауданынан келген  Рысбалкин Алексейдің  «Желі» атты сәйгүлігі мәре сызығын екінші болып кесті. Ал жүлделі үшінші орынға  Медеу ауылының келген  Шаймарданов Зекеннің «Аққыз» деген тұлпары ие болды.

Тай жарысын жалғастыра топ бәйгенің сәйгүліктері  жарыстың көркін қыздырды. Осылайша Семей қаласынан келген Жұмағазы әулетінің шабандозы Ербұлан мәре сызығына бірінші болып жетіп, топ бәйгенің жүлдесін жеңіп алса, Бородулихадан келген Оқжирен атты сәйгүлік екінші болып келіп, Шыңғожалық Еркебұлан Ерланның аты үшінші болып мәре сызығын кесті.

Ал аламан бәйгеден Шыңқожадан келген Шериязданов Адайдың Құралай атты сәйгүлігі Баба тойының бас жүлдесін қанжығалады.  Жармадан келген Имадилов Ерболаттың сәйгүлүгі екінші орынды,  Семейлік Туртугулов Рахаттың шабандозы үшінші орынға ие болды.

Баба тойының  жарғасы әрмен қарай боз кілемде жолыққан Түйе палуандарының күресімен жалғасты. «Күш атасын танымас» дегендей Қажұмықан, Балуан Шолақ аталарының жолын қуған жауырындары жерге тимейтін мықтылардың ғана жолы болды. Нәтижесінде Мұхтар тойының бас палуаны атағына Ерасыл Қажыбаев лайық болып, 300 мың теңгенің ақшалай сыйлығына ие болды. екінші орынды- Марат Нұғмаров, ал Семей қаласынан келген балуан Асхат Құсайынов үшінші орынға тұрақтады.

  «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей тойға дейін қаншама қыруар шаруалар атқарылды. Халық тек мінсіз атқарылған істің нә­ти­же­сін ғана көреді, ал оның арғы жағында  кімдердің қалтқысыз қызмет ет­кенінен бейхабар күйі қалады. Ұлыны ұлықтау – ұлт мерейі, ұрпақ парызы мен намысы деп білетін Абай елі осылайша  терең талант иесі, дала данышпаны- Мұхтар Әуезовтың тойын ел болып, дүркіретіп атап өтті.  Осындай  қасиетті топырақтың қазіргі текті ұрпағының өнегелі істері ұзағынан сүйіндірсін дейміз біз де.

                                                                                                                    Анар СӘРСЕНБИНА,

Тоғжан ҚАЛЫМОВА,

Тоғжан НҮРИДЕНОВА,

«Абай елі»

 

 

 

 

 

 

 

 

 Мұхтар Әуезовтың туғанына 120 жыл

Осы мерекеге орай қылқалам шеберлері М.Әуезовтың «Абай жолы» роман эпопеясы ізімен Семей қаласынан ұлылар мекені Шыңғыстау баурайы Жидебайға ат басын тіреді. Олар жолшыбай М.Әуезов музейіне, Ділдә, Әйгерім зираттарына, Күшікбай зираты мен бұлағына, Абайдың туған жері Сырт Қасқабұлақ, Еңлік-Кебек ескерткішіне, Ақшоқы Құнанбай қажы әулетінің қорымына, Шілікті кезең, Еңлік-Кебек жасырынған үйтас сияқты тарихи орындарды аралап,  Жидебайда екі күн болды.

Бұл суретшілер Қазақстанның төрт бұрышынан жиналған аттары елімізге танымал қылқалам шеберлері: Атап айтар болсақ: Астана, Алматы қаласы суретшілер одағының төрағасы Т.Ермеков, Еңбек сіңірген өнер қайраткері М.Тукентов, Мәдениет қайраткерлері М.Байтенов, Т.Байғалиев,  Қазақстан суретшілер Одағының мүшелері: М.Исмагул, М.Сыдыков., Д.Нугер, Г.Тостимбаева.

Семей қаласынан: Семей қаласы суретшілер Одағының төрағасы Т.Жұбанышев, Педагогика ғылымдарының кандидаты А.Мырзаханов, Қазақстан суретшілер Одағының мүшелері: О.Хасенов, А.Махан, Т.Татиев, С.Абдильханов, Е.Турганбаев Атыраудан: А.Жантасов, Қызылордадан: А.Абизбеков, Шымкенттен: Х.Атамкулов, Е.Палымбетов, Павлодардан: Т.Төлеуов.

Еліміздің майталман суретшілері екі күн Жидебай өңіріндегі тарихи орындарды қылқаламмен бейнелеп, ұлылар мекенінің ұлылығын сурет салу арқылы сөйлете білді.

Абай салған ұлы көш поэзия, тарих, әдебиетпен ғана шектеліп қалмай, қылқаламмен әр түске боялып «Тотықұс түсті көбелек»-деп Абай айтқандай түрлі түске боялып толғаулы тоқсан ауыз толғанысты суреттерге айналып, сыр шертеді. Бұл өнер көші өрге өрлеп, «Ұлылар рухы асқақтай береді» деп сенеміз.

 

Күзембай Лаура Ғизатқызы

Жидебайдағы Абай музей-үйінің жетекші,

меңгеруші қызметін атқарушы.

 

 

Ұлылыққа тағзым

Қазақ халқының ұлы ақыны, хакім Абай Құнанбайұлының туғанына биыл 172 жыл толды. Осыған байланысты ақынның туған күніне орай 10-тамыз күні Жидебайдағы Абай музей-үйі жанындағы тұрмыстық кешеніне ұлыларға деген ұрпақтық құрметпен Жидебайдағы Абай қорық-музейінің ұжымы «Ұрпаққа тағзым» деп ұлыларға арнап, құран оқытып, қатым түсіріп еске алды.

Абай атамыздың туған күніне орай екі ұшты пікір бар. Бірі 10-тамыз десе, ол ескі жыл санау бойынша, негізі 23-тамыз дейді екіншісі. Біздің құлағымызға сіңіп, көкейімізге орнығып, жүрегімізге ұя салған 10 тамыз. «Қосылғыш өзгергенмен қосынды өзгермейді».

Абайды «ұлы» деп дүние жүзі халқы мойындап, әлем таныған 10-тамыз, 1995 жылы өткен ЮНЕСКО деңгейіндегі 150 жылдық мерей тойы. Бұл Абайға құрмет жасап, құран оқып, еске алу дәстүрі есебінде бастау алған ұлыға деген сезім, ұлыға деген құрмет, данышпанға деген ұрпақтық парыз жылдан-жылға сара жолдан айнымай дәстүрді жалғастырып келе жатқан – ұлы көш.

«Өлі разы болмай, тірі жарымайды» деген даналықты басшылыққа алған, айрандай ұйып отырған ұжым қызметкерлері бір кісідей ат салысып жылда бұл күнді-«Ұлылыққа тағзым», ұлыға құрмет, ұрпақтық міндет деп бағалайды.

Ұлылар мекенінің кіндігі аталған – Жидебай өңіріндегі киелі, құдіретті Құнанбай, зерделі Зере мен ұлағатты Ұлжан әжелер, қарапайым Құдайберді, данышпан Шәкәрім, жомарт Оспан, елгезек Еркежан ана, ардақты Ахат ақсақалдар есімдері ұрпақ жанында сақталып, тарихта тарихи тұлға болып қала береді.

Биыл ұлыларға құран бағыштау Қарауыл орталығындағы «Құнанбай қажы» мешітінен арнайы келген өкіл Күзембаев Ролланның еншілігіне бұйырыпты. Роллан өзінің араби мақамды құбылмалы, құлаққа жағымды, азаншының үніндей ашық үнмен құран оқып, барша аруақтар рухына бағыштап қатым түсірді.

Ұлылыққа деген ұлылардың ұлы жолы ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берері сөзсіз. Бұл Абайға, ұлыларға деген ұрпақтық парасатты ұлы ұғым тоқтамақ емес, тоқтамайды да.

Ұлылар рухы бәріңізге демеу болып, қолдап жүрсін!

 

Күзембай Лаура Ғизатқызы

Жидебайдағы Абай музей-үйінің жетекші,

меңгеруші қызметін атқарушы.

«Рухани жаңғыру: қастерлі мекен»

 «Әрбір халықтың, әр өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл - рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі», - деген еді Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында. Бұл орайда, мақтанышпен айтарымыз сол, облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының тікелей қолдауымен ауданымыздағы Қоңырәулие үңгірі жаңаша сипатқа енбек. Ем алуға, қастерлі мекенмен танысуға, үңгір тарихы арқылы осынау мекеннің өткеніне терең үңілуге келген туристтер үшін қолайлылық жасалмақ. Облысымыз бойынша Алакөл көлі жағалауы, Берел қорымы және Қоңырәулие үңгірі байтақ Отанымыздың қастерлі жерлері картасына енгізілді.

Осынау тарихы тұңғиық өлкеге, Шаған шайқасы болған мекенге, Қабанбай найзасын қадап, хан Абылай қалмақ шабуылын қайырған, Тобықтының туын құлатпаған батыр Тоқтамыс өткен бұл өлкеге алыс-жақын шет елдерден ат арытып келетін қонақтар аз болмайды. Тіпті, еліміздің түкпір-түкпірінен күнделікті келіп жататын туристердің де қарасы мол. Ел шежіресі мен жер тарихының сырына қанығып, таңғалысып жататыны  қаншама. Ендігі аралықта осынау жолаушы қауымның жолы тіптен ашыла түседі десек дөп айтқандығымыз. Өйткені, шілде айының 15-нен бері Қоңырәулие үңгірінің жаңғырту құрылысы бойынша құжаттары жасалып, республикалық деңгейде тарихи-мәдени қорғалатын нысан ретінде танылып, мемлекеттік тізімге тіркелген болатын. Ол туралы аудан әкімінің міндетін атқарушы Бауыржан Болатұлы:

- Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағ­­дарламалық мақаласында таяу жыл­дар­да атқарылатын міндеттердің ішін­де «Қа­зақстанның қасиетті рухани құн­ды­лық­тары», «Қазақстанның ки­елі жер­ле­рі­нің географиясы» жобала­рын жү­зеге асыруға айрықша көңіл бөлінуде. Осы ретте, облыс басшысы Даниал Ахметов Абай ауданындағы Қоңырәулие үңгірінің абаттандырып, келуші қауымға қолайлы жағдай жасауға үлкен мән беріп отыр. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары аяқталып, үңгірдегі жерасты көліне баратын баспалдақтар жасалынып, жарық тартылып, келушілерге ыңғайлы бірегей демалыс орнына айналып отыр, - деді.

Расында да тарихы 13 ғасырды қамтитын тылсымы мол осынау үңгірге бір кездері келушілер от тұтатып алаулармен кіргені мәлім. Сол себепті тас қабырғалары мен төбесі әбден ыстанып, күйе басқан-ды. Жаңғырту жұмыстары аясында оның бәрі тазартылып, ретке келтірілді. Сонымен қатар, ұзындығы 120 метр болатын баспалдақты жол салынып, жарық бағандары тартылып, қуаттылығы жоғары прожекторлар мен фонарьлар құрылды. Бір бұл емес, жерасты көлінің суын ем ретінде қолданушылар үшін арнайы демалыс орындары да әзірленді. Ол туралы пікір білдірген аудандық мәдениет үйінің басшысы Сайлау Нұрпейісов:

-Ескерткіш ретінде арнайы жоба әзірленіп, облыстық жер қатынастары басқармасы комиссиясында қаралып, бекітілді. Облыстық мәдениет басқармасынан облыстық мәслихаттың шешімі бойынша Қоңырәулие үңгірінің жөндеу жұмыстарына 20 млн теңге қаражатқа сұраныс жасалып, нысанның жаңғыртылуының сметалық жобасы жасалынды. Қазіргі уақытта күрделі жөндеу жұмыстарымен жерлесіміз «Ақши-Құрылыс» ЖШС-нің жетекшісі Қайрат Тайтөлеуов бастаған ұжым айналысып жатыр. Жобаның аяқталуы қыркүйек айының 5-не жоспарланған,  - деп атап өтті.

Ал осынау жұмыстар межесіне жетіп, құрылыс толығымен аяқталған соң аталмыш нысан Абай аудандық «Мәдениет үйі» КМҚК теңгеріліміне алынып, иелігіне берілетін болады. Демек, табиғаттың тылсымға толы төл туындысы қайта жаңғыртылған соң да  қараусыз қалмай, арнайы күтімде болады деген сөз. Өңірімізге туристер тарту үшін ерекше себеп болатын аталмыш жұмысқа туған өлкенің әрбір тарихи орынын қастерлейтін барша абайлықтар қуаныш білдіруде.

 

Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі»

 

 

Хакімге тағзым

 

 Расында, дана Абайдың дүние есігін ашқан күні 10-шы емес, 23-ші тамызда екенін бүгінде зиялы қауым өкілдерінен бастап барша қауым мойындап қойғандай. Хакім өмірін жете зерттеген Қайым Мұхамедханов пен абайтанушы Төкен Ибрагимовтың тұжырымдары Ибраһим Құнанбайұлының шынында да дәл осы күні өмірге келгенін дәлелдеп бере алады.

Хакім мұралары қашан да қадірлі. Әйтседе, оның артында қалдырған рухани мирасын  туған күнінде тағы бір түгендеп, өсиеттерін ардақ тұту жарасымды іс. Осы ретте, тамыздың 23-і күні Қарауыл ауылындағы Абай ескерткішінің алдында дана бабаға тағзым ету, шығармаларын насихаттауға арналған әдеби-сазды шара ұйымдастырылып өткізілді. Ұлттық ортақ мақсатқа ұйысуы, рухани жаңғырудың негізі Абайдан басталатыны дау тудырмас ақиқат. Бұл орайда осынау баға жеткісіз құндылықтарды мұқым көпшілікке паш ету мақсатында өткен шараға аудан басшылары, мекеме қызметкерлері мен ұлы ақынды ұлық тұтатын барша тұрғындар қатысты.

«Абай әлемі және Рухани жаңғыру» тақырыбындағы осынау мәдени һәм рухани шара ауданымыздың қадірменді қариялары Манатай Толғанбаев пен Байбота Орынбаевтың ескерткіш алдына салтанатты түрде гүл шоқтарын қоюымен басталды.

Айта кету ләзім, Абай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Тәттібеков Бауыржан қазақ елінің бас ақыны, данышпан ойшыл, кемеңгер Абай бабамыздың туғанына 172 жыл толуына орай мерекеге қатысушыларды құттықтап, жылы лебізін білдіріп өтті. Сонымен қатар, Абай атамыздың туған күні келесі жылдан бастап 10 тамыз күні атап өтілетінін жеткізді. Басшылар мұндай шешімге ақсақалдар қауымымен ақылдаса отырып келіпті.

Ауданымыздағы әрбір мерекелік шара халықтық өнермен көмкерілетіні белгілі. Бұл жолы да ұлы бабамыздың ескерткіші алдына жиылған жұрт «Қаламқас» халықтық ән-би ансамблі әншілерінің өнеріне тәнті болды. Абай бабамыздың ұрпағы, бұлбұл үнді әнші,  «ҚР еңбегі сіңген мәдениет қайраткері» Бақыт Шағатаева Абайдың «Татьянаға жазған хатын» ерекше тебіреніспен орындады.  

Сонымен қөатар, Абайдың туысы, Мұхтар Әуезовтің тәлімін көрген ақсақал, ел ағасы Манатай Балтақайұлы да хакім жайлы ой толғап, жастарды  Абай тәліміне терең бойлап, өлеңдерін жаттап қана қоймай мән-мазмұнын түйсініп оқуға шақырды. Ізінше дәстүрлі әнші Қайрат Қабышев Абайдың «Сегіз аяғын» нақышына келтіре орындап, құлақ құрышын қандырды. Осылайша Шыңғыстау аспанында Абайдың әуезді әндері қалықтады. Жанат Хайсина «Желсіз түнде жарық ай», Еркежан Мәнненова «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма» әндерін орындаса, кішкентай бүлдіршін Әсем Оразалина Абайдың бірінші қарасөзін мәнерлеп оқып берді. Қарауыл гимназиясының оқушылары Іскежан Арман мен Ғазизова Әмина да Абай аталарының өлеңдерін жатқа оқып көпшіліктің зор қошеметіне ие болды.  

Қазақтың бас ақынына арналған әсерлі кеш  әншілердің орындауындағы «Айттым сәлем Қаламқас» әнімен өз шымылдығын түсірген-ді.

        «Абайдың қайтқан күнінен қаншама алыстасақ, оның рухына соншалықты жақындай түсеміз», - деген екен заманында алашорда арысы Міржақып Дулатұлы. Абай атамыздың есімін, қалдырған рухани құндылығын бұдан да жоғары көлемде, халықаралық деңгейде насихаттау керектігі бүгінде айқын байқалуда. Ол күн де алыс емес шығар, бәлкім. Руханиятсыз халық болмайды. Бүгінде ақыл-өсиеті телегей теңіз Абай атамыздың ұлылығын басқалар да танып жатыр. Бізден тілек - ақынның мұраларын насихаттау жұмысы алдағы уақыттарда бұдан да ауқымды бола түссе екен дейміз.

 

Анар СӘРСЕНБИНА,

«Абай елі»

 

Рухани жаңғыру:  Мұражай жаңалығы

Елбасымыз  Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз, бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Мұхтардың ғұламалығы, Жамбылдың жырлары, Құрманғазының күйлері ғасырлар қойнауынан  жеткен бабалар үні. Бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана»,- деп айтқан еді.  Білімді , көзі ашық, көкірегі ояу жан-жақты дамыған тұлға тәрбиелеуде ғұлама М.О.Әуезовтың шығармаларының берері мол. Сол ғұлама жазушының мұрасын кейінгі келер ұрпаққа жеткізіп насихаттау біздің мұражай қызметкерлерінің  басты міндеті. Мұражайға келген адамдардың қызығушылығын арттырып, Мұхтардың шығармаларын, Абай өмір сүрген заман сырын терең танып, ұлы жазушының Абайдың өмірбаянын төрт рет толықтырып жазған ғылыми өмірбаянын «Абай жолы»  эпопеясында суреттеп баяндауы арқылы түсіндіріп насихаттаймыз. (экскурсия жүргіземіз). Мұражайда көрмелер, ғылыми-насихат жұмыстары, тақырыптық экскурсиялар, танымдық сабақтар, ашық есік күндері өткізіліп тұрады. Жоғары оқу орындарымен, мектептермен, кітапханалармен тығыз байланыста болып тәжірибе алмасып отырады. Мазмұны кең мазмұнды кездесу тамыз айында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің  «Абай тану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жабалбай Шойынбет Алшынбекұлы өз шәкірттерімен келіп, мұражай меңгерушісі Шағжан Исабаев «Жер әңгімеші болған соң, ел әңгімеші»  атты тақырыппен Жер кіндігі-Жидебайға дейін жер тарихымен таныстырып, мұражайды аралап     Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің  профессоры Мекемтас Мырзахметұлының «Абай лұғаты» атты алғашқы сөздік еңбегін мұражайға сыйға тарту етті. Ұлы жазушы М.О.Әуезовтың немере ағасы Ахметбек Әуезовтың ұрпағы Халел Ахметбекұлының қызы Эльмира Халелқызы отбасымен Қарағандыдан келіп атасы Ахметбек Әуезовтың «Еңлік-Кебек» пьесасында тұңғыш Еңліктің рөлін ойнағанын естіп, атасы Ахметбек, апасы Қалима Тұрағұлқызының суреттерін көріп, ризашылықтарын білдірді.  Қазіргі уақытта М.О. Әуезовтың 120 жылдығына арналған аудандық, облыстық конференцияларға, өткізілетін іс-шараларға дайындық, ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Біз -  мұражай  қызметкерлері жұмыс барысында ұлы жазушының мұрасын, оның туыстық айналасын зерттеп насихаттауды жауапкершілігіміз деп білеміз.  Жылдан-жылға мұражайымыздың өсіп-өркендеуіне, еліміздің ертеңіне деген сеніміміз нығая түспек.  Елбасы атап көрсеткендей, мақсатқа жету жолында, «біздің санамыздың ісімізден озық жүруінің» нәтижесі болмақ.                    

 Бөрілідегі Мұхтар Әуезов мұражай үйінің

аға ғылыми қызметкері

Тәңірберген Гүлзат Сәлемқызы

Рухани жаңғыру: ұлттық сана серпілісі

                Өз дәуірінде ұлт ұстазы атанған Ахмет Бай­тұрсынов: «Құнанбай жұрт аузына қараған қазақтың бас адамдарының бірі болған» деп аса жоғары бағалаған дала данышпаны, қазақтың бас ақыны Абайдай дананың әкесі аға сұлтан Құнанбай қажыға бүгінде аз құрмет көрсетіліп жатқан жоқ. Таяу арада  бюсті орнатылып, кітап та шығарылмақ.  Міне, тарихи тұлғаға ән де арналды. «Дарынды - дархан, талантты - тарлан, тектіні - тұлға» деп бағалай білетін халықтың ұрпағымыз ғой. Ендігі әңгімеміздің арқауы Құнанбай қажыға байланысты туған ән мен сол әннің авторы жайлы болмақ. 

   Тектінің тұяғы, асылдың сынығы болған  Әзімбаев Ернұр Мұсабайұлы өз жерлесіміз, 1965 жылы 26 қаңтарда Архат  ауылында дүниеге келген. «Тектіден текті туады» демей ме,  Ернұр Абайдың үлкен атасы Өскенбайдың туған ағасы Мырзатайдан тарайды. Мырзатайдың  Жұман деген ұлынан сегіз ұл туған. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романында сол замандағы сатирик, сыншы, сайқы мазақ әңгімешіл етіп бейнеленген адам. Тарихта қазақтың бірінші сатиригі болып аты қалған.   Рахымжан, Толғанбай, Әзімбай т.б. Әзімбайдан Қыдыр, Шыңғыс, Айтқазы деген үш ұл бар. Бір кезде  «Социалистік Еңбек Ері» атанған  Шыңғыс Әзімбаевты білмейтін ел кемде-кем.  Қыдыр атасы ҰО соғысының мүгедегі болған еңбекқор жан болған деседі. «Еңбек Қызыл ту» ордені мен бірнеше медаль, ордендердің иегері атанған атасы ауданның іргетасын қаласқан адамдардың бірі болған. Ал Айтқазы соғыста  хабарсыз кеткен.  Өзінің шыққан тегін термелеген Ернұр  атасы Қыдырдың Мұсабай деген ұлынан тараған он баланың бірі  екендігін айта келе, Ерсін, Ернар деген ағаларының Астана қаласында тұратынын әңгімеледі. Алтын құрсақты  аяулы анасы Теңдік  Семей қаласында кенже ұлы  Бақытжанның қолында тұрады. Ал, апа-қарындастары Нұргүл  Алматыда, Гүлнар, Дария, Лаура ел ордасы Астанада, Нұрпан, Назгүл Семей қаласынан орын тепкен.   

1983 жылы әскер қатарынан азаматтық борышын өтеп келген Ернұр Қарағанды қаласындағы арнаулы милиция жоғары мектебіне түседі. Аталмыш білім ордасын абыроймен тәмәмдаған болашақ тәртіп сақшысы ішкі істер органдарындағы қызметін 1990 жылы Семей облысы Жаңасемей аудандық  ішкі істер басқармасының алдын алу қызмет инспекторынан бастайды.

Зеректігімен, талапшылдығымен көзге түсіп үлгерген жас маман қиындығы мен жауапкершілігі мол қызметте белсенділік танытады. Еңбек жолын тергеуші, аға тергеуші, тергеу бөлімшесінің бастығы, ІІМ-нің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі қызметін адал іспен, қырағылықпен атқарып шыққан Ернұр Мұсабайұлы 2007 жылы Көкшетау станциясының ЖІІБ  бастығы лауазымына тағайындалады. Ұжымда зор бедел мен құрметке ие. Ішкі істер саласында ауыр қылмыстарды ашу кезеңінде ерекше шеберлік, ептілік пен жоғары жауапкершілік танытқаны үшін Ернұр Мұсабайұлы «Ең үздік полиция бастығы», «Үздік қызметі үшін», І,ІІ, ІІІ дәрежелі  медальдармен,  ҚР  ІІМ-нің Құрмет Грамотасымен марапатталды. 

Жалпы, кейіпкеріміздің сан қырлылығына тоқталар болсақ, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру»  бағдарламасын жүзеге асыру жолында зор еңбек жасап жүрген азамат. Өзінің үйінде атадан мирас етіп сақтап келген Шәкәрім қажының мүліктерін мемлекет меншігіне табыстады. Қарағанды қаласындағы орталық мешітке Әнет баба атын беруге ат салысып бабамыздың асын жоғары деңгейде ұйымдастырып өткізді. Бойында зиялылықтың дәні бар  Ернұр Әзімбаев Құнанбай қажының Қарауылдағы және Қарқаралыда ескерткішін қоюға да бар көмегін аямай жүр.  Ағайындарын ұйымдастырып Құнанбай мешітіне автокөлік сыйға тартты. Елге,туған  жерге деген тағзымын осылайша ісімен дәлелдеп жүрген  Ернұрға жерлестері де дән риза. Жақсының көзіндей болған Ернұр аталары Әнет бабаға, Құнанбай қажыға, мұзбалақ ақын Мұқағалиға, әйгілі Шәмшіге арнап толғаулар жазып, ән шығарып елге таратып, болашақ ұрпақ тәрбиесіне қызмет етуде. Бұдан бұрын да 20 дан астам әндерді өмірге әкелген Ернұр Әзімбаевтың  енді міне, «Құнанбай қажыға арнау» әні тыңдармандарына жол тартпақ. 

Отан алдындағы борышын да жақсы атқарып, құқық қорғау саласында адал еңбегімен танылып, шәкірттер тәрбиелеген полковник мырза 35 жылдан аса талмай қажырлы қызмет етіп келеді. Халық үшін жасаған еңбегі еленіп «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалінің иегері атанды. Өз саласы бойынша «Қолдаушы» медалінің және  Ішкі Істер  органдарындағы мінсіз қызметі үшін бірнеше медальдар мен ордандерді өңіріне жарқырата тақты.

Бүгінде зайыбы Әзімбаева Зария Орынғалиқызы екеуі 4 бала тәрбиелеп өсіріп, олардан 5 немере сүйіп отыр.Үлкені  Дархан жанұялы, Айпара,Омар,  Айлана атты үш баласы бар. Егіз қыздары Еңлік пен Теңлік тұрмыста. Олардан Жәния, Байсал атты жиендер өсіп келеді. Талғат есімді кенже ұлы 12 жаста.   Барлығы да Астанада тұрады.  Кім-кімге болса да көмегін аямайтын, бүкіл қазақ балаларына қамқор бұл жанұя - үлгілі отбасы.

Тағы бір айта кетерлігі,  бүгінгі таңда қазақты әлемге танытқан Абайды дүниеге әкелген Құнанбай қажының бойына сіңірген діни тәрбиенің бастауы Алла әмірімен, одан соң Расул Алла сүннетімен, одан кейін ата-ана тақуалығымен, содан соң барып Тобықты ішіндегі Әнет баба мен Нысан абыз, Кеңгірбай би секілді тұлғалар әсері десек еш қателеспейміз. 1875-1876 жылдары Құнанбайдың қажылыққа барған сапары да ел жадында. Бұл сапарында дана тұлға қазақ қажылары тегін түсіп тұрсын деген ниетпен шамамен 1876 жылы тәкия салғызды. Әрі 280 адамды өзімен бірге сол сапарға ерте барған екен. Құнанбай қажы мешіті ең алғаш Мекке Мәдинада салынса бүгінгі таңда Қажы атындағы мешіт Абай елінде орналасқан. Жақында осы мешітке Тобықты елінің Ырғызбай руынан тараған, атағы үш жүзге мәлім болған Өскенбай бидің көзі тірісінде жомарт атанған, туған ағасы Мырзатайдан туған Жұман атаның сегіз ұлынан тараған ұрпақтары Рақымжанов Ертай Арғынғазыұлы мен  әннің авторы Әзімбаев Ернұр Мұсабайұлы ағайындырын жиып  автокөлік сыйға тарту етті.

Құнанбай мен оның ұрпақтары жерленген Ақшоқының қазақ тарихында алар орны бөлек. Ақшоқының өзі Кіші Ақшоқы, Шеткі Ақшоқы, Үлкен Ақшоқы деп үшке бөлінеді. Әрине, Ақшоқыны жұрттың көбі ең әуелі данагөй Құнанбай бабамыз мәңгілікке тыныс тапқан киелі мекен ретінде біледі. Алайда, Абай еліне ке­ле­тін туристер мен басқа да қонақтардың көпшілігінің Бөрілі мен Жидебайға ғана со­ғып, Ақшоқыны айналып өтіп кетіп жүргені мәлім. Бұл сірә, Ақшоқының ең әуелі жолдан қиыс, екіншіден, насихаттың аздығынан, басының қараусыз жатқандығынан болар деп топ­шыладық. Ал Ақшоқының ұлы Абай өмірінде алар орны, ақынның алғаш­қы жарын сүйген ләззатты шақ­тары мен Әбдірахмандай аяулы ұлын өз қолымен ақтық сапарға аттан­дырған қамырықты сәт­терін өткер­ген қасиетті өлке екен­дігін ескермей жүрген секіл­діміз. Біріншіден, Ақ­шоқы – ұлы тұлғаның қыстау салған жері. Екіншіден, алғашқы жары Ділдәмен шаңырақ көтерген құтты қонысы. Ақшоқының Құнан­бай мен Кәкітай зиратынан жоғары сай түкпірінде сол кезде салынған Абай қорасының іргетасы әлі күнге дейін сақ­талған. Ақын әуелде Үлкен Ақшоқыны мекен еткенімен, көп ұзамай бір жарым шақырымдай жер­дегі Кіші Ақшоқыға көшкен көрінеді. Аз ғана ғұмырында «Талаптың мініп тұлпарын, тас қияға өрлеп», «боямасыз ақ көңіл жүрегін кірлетпей» дүниеден өткен сүйікті ұлы Әбіштің сүйегін 1895 жылы наурыз айында осы Кіші Ақшоқыда қарсы алған дейді.

«Әбішті Үлкен Ақшоқыдағы Құнанбай қасына жерлеуге алып жүргенде Абай пәуес­ке соңында салт бара жатыр еді. Сақ руына сіңген керей Байысұлы Қыдыралы артынан барып сөйлесіп еді, Абай пәуескені тоқтатып, жолдың оң жағындағы шиді нұсқап, солай жіберді» – деген көргендер», – дей келіп, «бір ғажабы, осы зарлы қоштасу болған орында түп-түп ши  бүгін де өсіп тұр» деп жазады Бекен Исабаев.

Нар тұлғаның ерекше жақсы көрген, келешегінен зор үміт күткен ұлдарының бірі, «Медғат-Қасым», «Еңлік-Кебек», «Абы­лай» поэмаларын жазған Ма­ғауия Шеткі Ақшоқыда дүние салған. Ақын ұлының сүйегін Үлкен Ақшоқыға қарай алып жүргенде «Мағашымның сүйегін ауыртады» деп жол үстінің ұсақ тасын теріп, пәуеске алдында жүріп отырған деседі. Осындай шерлі де шежірелі тарихы бар Ақшоқыны Құнанбайға ғана қатысты деуге бола ма?  «Абай жолы» роман-эпопеясында 407 жер-су, 5 мыңнан астам кісі есімі аталады екен.

«Шіркін-ай, осы 407 жер-су атауы түгелдей тізімделіп, «бұл жерде ұлы Абай қыстау салған», «мына жерде ақын сүйікті ұлымен қоштасқан» деген белгілер қойылса қандай ғажап болар еді дейміз.

Ақшоқыдағы Құнанбай қоры­мын мемлекет қамқорлығына алу жөнінде соңғы жылдары аз айтылып жүрген жоқ. Әуезовтің ұлылығы сол, «Абай жолында» жер-су атауларының бәрін жазып, айтып кеткен. Тарихи жер атауларын сақтау үшін бәріне белгі қою керек. Ұлы Абайдың 150 жыл­дық мерейтойында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қамқор­лығымен Жи­дебайда алыптарға ғажай­ып кесене салынып, Шыңғыс елі ру­хани жаңғыруды бастан кешсе, Ақшоқыға да осындай бір рухани серпіліс  қажет-ақ.

Ақ­­шоқыға келсек, дәл қазір Құнан­бай бабамыз халқымен қайта қауышқан тұста ұлы ақын­ның әкесі жатқан мекен алаш баласы аялдайтын қасиетті орынға айналуы қажет. Қазір Ақшоқыға кісі бармайды. Бара қалғанның өзінде келушілерді қарсы алатын, Ақшоқының тарихы, қорымда кімдердің жерленгені туралы тәптіштеп айтып беретін адам жоқ. Біз Абайдың басына қалай келетін болсақ, ақынның әкесіне де солай келуіміз керек. Ақшоқыға дейінгі 21 шақырым жол асфальт­талса тіпті ғажап болар еді. Ернұр Мұсабайұлы Әзімбаевтың Құнанбай туралы әнін тыңдап отырып осындай сан түрлі ойға қаласың. Аға сұлтан Құнанбайға  арналған ескерткіш ашыларда осы ән орындалса деген ниет де жоқ емес. Ал ән авторына Абай еліне жасап отырған қаншама қыруар істері үшін  құрметтеп «Абай ауданының Құрметті азаматы» атағын  берсек, тақиямызға тар келмесі анық. «Әнді сүйсең менше сүй...» деп хакім Абай айтып кеткендей, енді тұсауы жаңа кесілген жаңа әннің сөзі мен нотасын  назарларыңызға ұсынайық!..  

Анар ҚАБДУӘЛИҚЫЗЫ,

«Абай елі»

                                                                                                                                          

Жаңа ән

 Құнанбай қажыға арнау

 

Атағы мәлім үш жүзге,

Құнанбайдай көреген.

Шыңғыстау мен Қарқаралы,

Елінде әмір жүргізген.

Арын қорғап қазағымның,

Қарадан хан сайланған.

Егеменді ел болуға,

Бұхараға ой салған.

 

Қайырмасы

Аға сұлтан айбарым,

Рухым сенде мәңгілік.

Жетті міне осы күнге,

Ұрпақтарың  жаңғырып.

 

Қарауылда құйып қойды,

Мүсініңді ел болып.

Кіндігінде жер шарының,

Отырғандай ой шолып.

Аруағы қажы атамның,

Риза болсын  халқына.

Бақ-дәулеттен адастырмай,

Мәңгілік ел жолында.

Қайырмасы

 

 

 

 

 

Page 2 of 7

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар