Спорт

Қазақстан Республикасының 25 жылдығына орай 2016 жылдың 26 - 30 маусым күндері Семей қаласында тоғызқұмалақтан ересектер арасында Шығыс Қазақстан облысының жекелей чемпионаты болып өтті.

Ересектер арасында өткен жекелей чемпионатқа бірінші рет қатысқан Абай аудандық балалар - жасөспірімдер спорт мектебінің тоғызқұмалақ бөлімі мен Қарауыл гимназиясының оқушысы Назымқызы Нұрайым 7 мүмкіндіктен 6,5 ұпаймен I орын алып, облыс чемпионы атанды.

Нұрайым ауданымыздан шыққан ересектер арасындағы тұңғыш чемпион.

Енді Назымқызы Нұрайым Астана қаласында өтетін ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының Командалық чемпионатына және Шымкент қаласында өтетін Қазақстан Республикасының жекелей чемпионатында Шығыс Қазақстан облысының намысын қорғайды.

Біз Нұрайымға алдағы чемпионаттарда сәттілік пен үлкен жеңістер тілейміз.

Балуандарымыз жарады

Ұлылар еліндегі спортшыларымыздың қазақ күресінен де дзюдо күресінен де топ жарып жүргенін алдағы газет беттерінде жариялаған болатынбыз. Қашанда қос қолымызды төбемізге қойып сүйіншілеп сүйінетін біз бұл жолы да балуандарымыздың жеңісімен сіздерді қуантпақпыз.   24-27 сәуір аралығында  Шемонаиха ауданында   дзюдо күресінен 2002-2004 жылдары туылған жасөспірімдер арасында спорт шебері И.Цыкунова  атындағы облыстық ашық турнир  өткен болатын.  15 баладан құралған  Абай ауданының құрама командасын  жаттықтырушылар Какенов Мақсат пен Ниязов Бауыржан бастап   апарды.  Облыстық турнирге  әр аймақтан  15 команда қатысты. Дзюдошылар тыңғылықты дайындықтың нәтижесінде Абай елінің мәртебесін биіктетіп, аудан намысын қорғап қайтты.   Екі күнге созылған облыстық ашық турнирде  елден барған 15 баладан 4 спортшымыз жеңіспен оралды. Атап айтсақ, І- орын екеу, ІІІ- орын екеу.    32 кг салмақта І орын иеленген Абай мектеп-лицейінің оқушысы  Бейбітхан Сейфулла, жаттықтырушысы  М. Кәкенов, 55 кг салмақ дәрежесі бойынша  І орынмен  қоржынын майлаған С. Бекбосынов орта мектебінің оқушысы  Қанатбеков Ернат,  жаттықтырушысы Д.  Молдабай,   32 салмақта ІІІ орынды бағындырған   М.Әуезов орта мектебінің оқушысы   Айдынғали Айғали жаттықтырушысы Ш. Сәрсенбаев, 66 келі  салмақта ІІІ орын иеленген Абай мектеп-лицейінің оқушысы Бейбітхан Ахметәлім  жаттықтырушысы М.  Кәкеновтерді мақтанышпен айтуымызға болады.

Шаршы алаңның көрігін қыздырып, екі алтын, екі қола медальдарды жеңіп алған дзюдошыларымызға алдағы бәсекелерде де топ жарып, ел мерейін асыра берулеріне тілектеспіз.

Тоғызқұмалақ- әлемдегі мәдениеттің озық үлгілерімен бой теңестіре алатын рухани ойын, логикалық ойлау өнері. Бұл өнердің басты қасиеті –адам санасын жетілдіруге, ақыл-ойын кемелдендіруге бағытталғандығын осы ойынның өзі де дәлел бола алады. Жасөспірімнің дене күшінің мол болуымен қатар, ақылды болуына да көп мән берген бабаларымыз осы ойынды ойлап тапқан. Тоғызқұмалақ ойыны әрі ұлттық мұра болып табылады. Таяуда   21-22 сәуір  күндері аралығында   Қарауыл ауылында «Шыңғыстау» спорт кешенінде Қазақстан Республикасы  Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай   тоғызқұмалақтан аудандық жекелей біріншілік  болып өтті.

Аудандық жарыстың мақсаты аудан бойынша тоғызқұмалақ спортын дамыту, тоғызқұмалақшылардың шеберліктерін шындау және зияткерлік қабілетті қалыптастыру, тоғызқұмалақшыларды Шығыс Қазақстан облыстық  жасөспірімдер чемпионатына іріктеу. 

Жарысқа қатысушылардың жас ерекшеліктерінде шектеу болған жоқ. Ер адамдар бөлек топта, әйел адамдар бөлек топқа бөлініп ойнады.

Жарысқа аудан бойынша 40 адам қатысты. Ойын қорытындысы бойынша қыз балалардан  бірінші орынды- Н.Назымқызы, екінші орынды- А.Кеңесбекова, үшінші орынды- Ш.Абилова және Ф.Әлемқызы иеленді. Ер адамдардардан бірінші орынды- А.Әсетов, екінші орынды- Б.Оралханов, үшінші орынды- Н.Күзембай және И.Әкімбергеновтер иеленді. 

Жеңімпаздар Абай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және  спорт бөлімінің арнайы мадақтамаларымен және  бағалы силықтарымен  марапатталды.

Жоғарыда айтқанымыздай, тоғызқұмалақ ойынының  адамға пайдасы ұшан теңіз. Ұлттық мұра болып табылатын асыл қазынамызды дамыта түссек, дәрежесін көтерсек , талапкерлерді тартсақ  деген ниет те жоқ емес. Осы орайда «Тоғызқұмалақ» ойыншысының техникалық- тактикалық дайындығын жетілдіріп жүрген Назым Күзембай ұстаздың еңбегін атап өткенді жөн көрдік.

Воллейбол ойыны қазақ жеріне 1929 жылдан бері белгілі. Бірақ сол кездегі ойын қазіргі бізге үйреншікті воллейболдан қатты ерекшеленетін, ойыншылар әйтеуір допты бір-біріне беріп, қарсыластың алаң бөлігіне жеткізсе болды, ойын мәресіне жететін. 1929 жылы қыркүйек айында республикалық дене тәрбиесінің ұйғарымы бойынша спорт ойындарынан жарыс өткізілген. Воллейбол да назардан тыс қалмады.Сол уақытта Бішкек пен Алматы қалаларының арасында жолдастық кездесулер ұйымдастырылып, еліміздегі воллейболдың дамуы жаңа қадам басты. Тәуелсіздік алған соң, воллейбол клубтары құрылып, ҚР чемпионаттары мен түрлі жарыстар ұйымдастырыла бастады. Бұған қоса, елімізде жыл сайын Президент жүлдесі үшін турнирлер өткізіліп келеді. Осы жарыстар воллейболшыларымыздың шеберліктерін шыңдауға үлес қосуда.Әсіресе,  қыздарымыз осы спорт түрінен алдарына жан салмауда. Спорт саласы бойынша қаншама дүлдүлдер мен чемпиондар  шыққан Абай елінде де волейбол спорты қарыштап дамыды десек, артық айтпағандығымыз. Әсіресе ерлермен бірге иық тіресе ойынның көрігін қыздыратын бұрымды қыздарымыз да талай додадаларда дес бермей жүр.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру, спортпен шұғылдану-деніміздің сау болуының негізгі кепілі. Волейбол халық арасында бұқарлық спорт түрiне айналған ойын. Бұл спорт командалық ұйымшылдықты, ширақ қимылмен шеберлiктi талап етедi. Жақында аудандық спорт модулінде волейболдан 2001-2004 ж,т. жасқспірім қыздар арасында Ауған соғысының ардагерлерінің жүлдесі үшін аудандық жарыс  өткізілді. Көкбай орта мектебінің футбол және волейбол бөлімінің жаттықтырушысы Дәулет Көкебаевтың ұйымдастыруымен өткізілген жарысқа  11 команда қатысты.  Турнирдің ашылу салтанатында спорт ардагері Майдан Мұқанов, Ауған соғысының ардагерлері өздерінің ізгі лебіздерін жеткізіп,  ойыншыларға сәттілік тіледі. Жарыс тартысты да қызықты өрбіді. Екі күнге созылған турнирдің нәтижесі де  айтуға тұрарлықтай. Жүлделі І- орынды шымыр да епті Абай мектеп-лиецейінің қыздары қанжыларына байласа, ІІ- орын  Шәкәрім орта мектебінің волейболшыларына бұйырды. Ал жүлделі ІІІ- орынды Көкбай ақын атындағы мектеп қыздары иеленді.   Ауған соғысының ардагерлері Әбілов Қалқабек, Сұлташев Болат, Жүнісбеков Аманғали сынды намысты, елінің батыры саналған ұлдары демеушілік жасап, өз үлестерін қосты. Волейбол ойыны арқылы  бұлшық еттерін  ширатып,  икемділік және қозғалыс ретттілігін дамытатын ойыншылар үлкен жеңіске жетелейтіндері сөзсіз. Командалар арасында үздік ойынымен көзге түскен қыздарымыз да марапаттан  тыс қалмады. Атап айтсақ, «Үздік шабуылшы»  аталымы бойынша Ш.Әбенов о/м Қайроллина Гүлмара, Көкбай о/м Бауыржанқызы Алуа, «Үздік  қорғаушы» аталымы бойынша Медеу о/м Тұрысбекова Айзада, Тоқжігітов о/м Қайрашова Дилназ, Молдағалиев о/м Сайлаубекқызы Маржан, ал  «Үздік ойыншы» аталымы бойынша Шәкәрім о/м Мұқсынова Мадина,  Көкбай о/м Бауыржанқызы Аружан мен Болатқазы Маздақ, Абай мектеп-лицейінен Төлеуғалиқызы Гүлсана, Бекбосынов о/м Құрманғалиева Сағыныш, М.Әуезов о/м Әділбекова Жанеркелар марапатқа ие болды. Турнирдің волейболдан өтуi де тегiн емес.  Ауған соғысы ардагерлеріне деген құрметті айқын сезіндік. Жарыс соңында жеңімпаз бен жүлдегер командалар анықталып, бағалы силықтарға ие болды. Жарыстың басы-қасында методистер Исаханов Алтай, Молдақашева Ақтілек және бас төрешісі Ибраев Сырым болды. Осылайша, Ауған соғысы ардагерлерінің жүлдесі үшін өткен турнир жеңісті сәттермен айшықталып,  спортшылардың мерейлерін асырумен есте қалды.

РУСЛАН ЕЛ ЧЕМПИОНЫ

Сәуір айының 8 – 9 күндері аралығында ел батысы Орал қаласында 1996 – 1997 жылы туған жасөспірімдер арасында самбо күресінен Қазақстан Республикасының чемпионаты болып өтті. Байтақ Отанымыздың әр түкпірінен кіл мықтылар жиналған осынау сайысқа абайлық самбошылар да сайланып барған болатын. Әр облыстан бір салмақ бойынша бір спортшыдан қатысқан сайыс тартысты бәсекеге толы болды.

Осыған дейін өткізілген облыстық һәм республикалық біріншіліктерде топ жарып жүрген жерлестерімізге бұл жолғы жарыс оңайға түскен жоқ. Біраз тер төгуге тура келді. Әйтсе де, жүлде қоржынымыз бос емес. Атап айтсақ, Жарқынбаев Руслан 74 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, 1 орынды жеңіп алып, ел чемпионы атанды. Өреніміз ендігі аралықта Азия чемпионатында бақ сынайтын болды. Русланның жаттықтырушылары Нұғыманов Айбек, Сағындықов Еркебұлан, Имаханов Біржандардың өз шәкірттеріне Азия біріншілігіне жолдама алуда жасаған бапкерлік көмектерін айта кеткен орынды.

Русланға алдағы уақыттарда да жеңіс тұғырынан табылуына тілектестік білдіреміз.

САЙЫСТАН ЖҮЛДЕЛІ ОРАЛДЫ

Бүгінде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы жер-жерлерде түрлі шаралармен де аталып өтіліп жатқаны белгілі. Соның ішінде аймағымыздың әр қала, әр ауданында ұйымдастырылып жатқан спорттық сайыстардың орны ерекше.  

Бұл ретте Абай ауданының спортшылары облысымыздағы түрлі спорттық сайыстардан шет қалмай, жоғары даярлықпен барып, жүлделі орындарды еншілеп қайтуда. Атап айтсақ, 9-10 сәуір күндері Аягөз қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған, спорттың баскетбол түрінен ерлер командаларының арасында ауданаралық ашық турнир болып өтті.

Аталмыш жарыстың мақсаты баскетбол ойынын тұрғындар арасында насихаттау, салауатты өмір салтын қалыптастыру, ойыншылардың спорттық шеберліктерін арттыру және спортқа деген белсенділігі арқылы халықтың денсаулығын нығайту болатын.

Осы аталған жарыста Абай ауданынан барған баскетболшылар да өрнекті ойын көрсетіп, жеңіс тұғырынан табылды. Нақтырақ айтсақ, өрендеріміз жүлделі II орынды иеленіп, Аягөз ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің арнайы мадақтамасымен, сондай-ақ кубок, медальдармен марапатталып қайтты.

Баскетболшыларымызға алдағы уақыттарда да жеңісті күндер тілейміз.

Естеріңізге сала кетсек, газетіміздің ақпан айындағы нөмірінде арнайы  спорт бетінде  «Тақталы ойын тарландары Батыста бақ сынамақ» тақырыбында  мақала жарияланған болатын. Онда Өскемен қаласында ШҚО жасөспірімдер арасындағы жекелей біріншілік өткізіліп, бір топ тоғызқұмалақшылардың жеңіспен оралғанын сүйіншілеп жеткізген едік. Тақталы ойын тарландары ол жарыстан олжалы оралып, Орал қаласында өтетін  Қазақстан чемпионатына жолдама еншілеп қайтқан-ды.

Енді міне, 24-31 наурыз аралығында  Батыс өңірінде өткен  жарыста бағын сынаған тоғызқұмалақшылар арасында Әлемқызы Әмина қызымыз жүлделі І- орынды қанжығасына байлап, Қазақстан чемпионы атанып қайтты.

Еліміздің 15 облысынан, Алматы, Астана қалаларынан жиналған ой спорты үміткерлерінің арасынан оқ бойы озып шыққан Әминаның алар асуы әлі алда деп білеміз. Өскемен қаласында жеңімпаз атанған  оқушылар арасында ұлылар елінен жиыны 5 бала: Кеңесбекова Ақбота, Құралбекова Айым,  Серікқызы Аңсаған, Назымқызы Нұрайым да осы додада жақсы ойын өрнегін көрсетті. Осылайша, батыста бақтарын сынаған тоғызқұмалақшылар ШҚО  бойынша 1 алтын, 2 қола медальмен қоржындарын толтырып, облыс бойынша 5-ші орынды бағындырды. Зияткерлік ойын-логикалық ойлау өнерімен жастай айналысып, алғырлығымен  алдыңғы орынды бермеген Әминаның жеңісі, жетістігі еліміздің туын тұғырлы етті, Ұлылар елінің абыройын еселеді. Осындай жемісті жетістіктерге жетелеп жүрген  Назым Күзембайдың еңбегі зор, еселі еңбекті шәкірттері шарықтата  берсін деп тілейміз біз де.

 Анар СӘРСЕНБИНА,

«Абай елі»

Наурыз айының 25-30 күндері аралығында Алматы қаласында 8-ші Азия чемпионаты болып өткен еді. Әлемнің 19 мемлекетінен 400-ден астам спортшылар қатысқан аталмыш біріншіліктен Абай елінен барған төрт таэквондошы да жүлделі орын алып қайтты.

Атап айтсақ, Жасұланқызы Жанерке (35 келі салмақта) мен Сартова Ажар (55 келі салмақ дәрежесінде) және Омарбекова Айдана (55 келіден жоғары) ІІ- орынды еншілесе, Жайлаубекова Дамира (45 келі салмақта) ІІІ- орынды жеңіп алды. Осы жеңістердің арқасында қыркүйек айында Италияда өтетін Әлем Чемпионатына 1 жолдаманы олжалаған таэквондошыларға қандай мақтау арнасақ та жарасады. Қалған лицензиялар Қарағанды қаласында халықаралық турнирде және Қазақстан чемпионатында беріледі. Бұл турнир 7-11 мамыр аралағында өткізілмек. Міне, салмақтай қарасақ, кілең қыздар,  яғни, бұрымдылар оза шапқан сәт спорт әлемінде басымдырақ екенін байқаймыз.  Құрылғанына үш жыл үш ай болған «Арлан» таэквондошылар  клубының құрамында бүгінде 80-нен астам жас спортшы бар. Абай елінің арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты қаншама ержүрек  ұландарын шыңдауда еңбек етіп жүрген таэквондошылар клубының жетекшісі Еркін Балтабековты сөзге тартқанымызда, клуб жетекшісі бірқатар мәліметтермен бөлісті.

-Бұл чемпионат негізінде Кореяда өтеді деп жоспарланған еді. Алайда біз қаржы тапшылығына байланысты ол елге бармаймыз деп ұйғарған болатынбыз. Расында да,  біз ол елге тіпті де бара алмас едік, алайда үміт оты қайта жанды. Балалардың ақ тілеуі  болар жолымызды Алла оңғарды. Халықаралық Таэквондо Федерациясы және екі Корея мемлекеті саяси шиеленістерге байланысты (шекарадан өту мәселесіне орай) Азия чемпионатын Қазақстанда өткізуге шешім қабылдапты.  Бірақ бізге жарыстың өткізілетінін кеш хабарлады.  Аз уақыттың ішінде дайындалдық. Соған қарамастан Абай ауданының жас таэквондошылары  жақсы нәтиже көрсетті»,-деп атап өтті.   Иә, ынта мен жігер, талап пен тәртіп бар жерде іс оңға басатыны анық. Таэквондошылардың спортқа деген сүйіспеншіліктерін, бапкердің тапсырмасын бұлжытпай орындайтындықтарына куә болған біз таэквондо спортын серік еткен шәкірттердің әлі талай   биік белестерді бағындыратындарына көз жеткіздік. Бұл әрине, ең алдымен Еркін  Құмарғазыұлының еселі еңбегі екені даусыз.

Алдағы уақытта да ұл-қыздарымыздың Әлем чемпионатында  жеңімпаз атанып, аудан намысын қорғап, жеңімпаз болып оралуларына тілектеспіз.

Анар Сәрсенбина

"Абай елі"

 

Page 3 of 5

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!