Спорт

Қазақ күресінің қара нарлары

 

Айдос Сейпілұлы:

ҮЛКЕН ДОДА ЖІГЕРІМДІ ЖАНЫДЫ

 

Жуырда көне шаһар Тараз қаласындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткізілген қазақ күресінен халықаралық «Еуразия барысы» үшінші мәрте шымылдығын түрді. Бұл бәсекеге еліміздің білекті, жүректі жігіттері мен 8 мемлекеттің кіл мықтылары сайланып келген еді. Десе де, намысты қолдан бермейтін қазақтың нарғасқа балуандары өткен жылғы олқылықтың орнын толтырып, жеңіс тұғырынан табылды. Қарсыласын қапыда қалдырып, айқын басымдылықпен жеңіп жатқан жерлестерімізге қарап тәнті болдық. Айта кетейік, күллі әлем көз тіккен байрақты бәсекеде Абай елінің үш бірдей ұланы бақ сынаған еді. Олар, Айбек Нұғымаров, Мұхит Тұрсынов және Айдос Сейпілұлы. Осы ретте ағаларының ізін басып келе жатқан жас балуан Айдостай ұланымыздан арнайы сұхбат алып, қуанышымен ортақтасқанды жөн көрдік.

 

-Айдос, алғаш рет айтулы додада бақ сынап, «Еуразия барысына» қатысып, ел намысын арқалап шықтың. Әсерің қандай?

-Өзге жарыстар өз алдына бір төбе десем, ал «Еуразия барысы» өзіндік ерекшелігімен есте қалатын бәсеке. Әрине, үлкен намыс додасына ел үмітін арқалай шығу зор жауапкершілік жүктейді. Бір қателік, қарсыласыңның қоржынына жеңіс салып берумен тең. Сондықтан боз кілем үстінде босаңсуға, сезімге берілуге болмайды. Бұл басты қағида. Ал, әсерімді сөзбен жеткізу мүмкін емес шығар. Оның үстіне бірінші болып шаршы алаңға шығып, жарыс жолын бастап беру тіптен оңайға соқпайтыны белгілі.

-Еліміздің атынан қанша ұлан қатысты? Жалпы, өзің қанша салмақ дәрежесімен сынға түстің? Жарыс жайында кеңінен тоқталсаң...

-Бұл жолы еліміз атынан 7 балуан сынға түсті. Тағы 7 балуан қосалқы құрамда болды. Себебі, спортта түрлі жарақаттар да орын алып жатады. Мен ең кіші 55 келі салмақ дәрежесінде белдестім. Бейбіт Ыстыбаев бастаған құрам Польша мемлекетінің балуандарымен иық тірестірсе, Айбек бастаған біздің құрам жартылай финалда Ресей мемлекетін жеңіп, ақтық сында Өзбек оғландарын 5:2 ұпай есебімен ойсырата ұттық.

-8 мемлекеттен келген кілең мықты балуандармен бақ сынасу сен үшін қиынға соқты ма?

-Өздеріңізге белгілі болғандай бұл дода қатарынан үшінші мәрте дәстүрлі түрде әрі жоғары деңгейде ұйымдастырылып келеді. Сондықтан болар жыл өткен сайын жарыс жолы да қыза түсуде. Бұл ретте бәсекеге түсетін балуандар да осал дайындықпен келмесі анық. Биыл да барлығының ерекше дайындалғандығын боз кілем үстіндегі тартысты белдесулерінен-ақ аңғаруға болады. Десек те, қарсыласымды жеңу аса қиынға соқты деп айта алмаймын. Бәлкім жоғары әзірлік жасағаннан болар...

-Ел атынан шаршы алаңға шығу, екінің бірінің басына бұйыра бермейтін бақ. Бұл дәрежеге жету - үлкен еңбекті қажет етеді. Сол себептен осы жолда сенің талабыңды коріп, бағыт сілтеген бапкерлеріңе тоқталсаң?

-Менің өзімнің жеке бапкерім Ербол Мырзабосынов деген азамат. Сондай-ақ, Қазақстан құрама командасының бас бапкері Марат Жақитов деген ағамыз дайындап, шаршы алаңға шығу жолында шынықтырды. Жалпы дайындық қыркүйек айынан басталып кеткен болатын. Спортта дайындықты жіберіп алуға болмайды. Әр жаттығу, әр маңдай тер жеңіс тұғырын бағындыруға себепкер.

-Осы күнге дейін жеткен жетістіктерің мен жеңістерің жайлы бөліссең?

-Бала күнімнен қызығушылығым ауған қазақ күресінде бүгінде жеткен жеңісім, бағындырған белесім зор десем артық айтқандық емес. Мәселен, 2014 жылы қазақ күресінен Әлем чемпионы атансам, 55 келі салмақ дәрежесінде ел біріншілігін ұттым. Бүгінде Еуразия барысында бақ сынаудамын. Әр жеңістің артында тынымсыз еңбек, толассыз дайындық жатыр. Алайда босаңсуға болмайды, сүйікті спортымды әлі де жалғастыра беремін деген ойдамын.

-«Алып та анадан туады» деп жатамыз ғой. Өзіңдей батыр ұлды дүниеге әкелген ата-анаң, отбасың жайлы айтып өтсең?

-Әкем Қыдырмин Сейпіл, анам Тайтөлеуова Қайыркеш. Отбасымда 6 ағайындымыз. 2 ағам, 3 апайым бар. Өзім үйдің кенжесімін. Әкем, ағаларым жас күндерінде жақсы күрескен екен. Сол қанда бар қасиет маған да дарып, бүгінде өз жемісін беруде деп білемін.

-Жақында ғана жанұя құрып, бір басыңның екеу болып жатқанының куәсіміз. Отбасы жайымен ортақтассаң?

-Иә, осы жолы ғана үлкен өмір жолына қадам басып, Гаухар есімді бақ құсымды қолыма қондырдым. Әр жаттығу залынан шаршап келгенде күліп қарсы алып, дәмді асын дайындап отырады. Осы күнім үшін де Аллаға мың шүкіршілік айтамын.

-Бізге берген сұхбатыңыз үшін рахмет!

 

Сұхбаттасқан Тоғжан РАХЫМБЕКҚЫЗЫ,

«Абай елі»

 

Бәрекелді!

Жастар жарыстан жүлдемен оралды

 

Абай ауданы спорт мектебінің қазақ күрес шеберлері Аягөз қаласындағы үлкен жарысқа қыркүйек айының 28-і күні жолға шыққан еді. Аягөз ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Аягөз» аудандық балалар – жасөспірімдер спорт мектебі қазақ күресінен 1996 - 1997, 1998 - 1999, 2000 - 2001 жылғы жасөспірімдер арасында «Жас барыс» ШҚО турнирін өткізді.

Ауыз толтырып айтып, сүйінші сұратарлық көрсеткішпен келген балуандарымыз: Тобықбаев Рахат ІІІ – орын, Бекбосынов орта мектебінен Алпысбеков Ербұлан ІІІ – орын, Қабылқақов Дәулетжан ІІІ – орын, Шаймуратов Төлеубек ІІ – орын, Шәкәрім орта мектебінен қатысқан Толымханов Нұрасыл ІІ – орын, Абай мектеп лицейінен Кеңесбеков Данияр ІІ – орын, мен Нұрғазин Еркебұлан ІІ – орын, Маратов Ерхан ІІ – орын иеленді. Сонымен қатар, жүлделі 1-орын алғандар Құмаров Сұңғат пен Жарқынбаев Руслан жетекшілері Нұғыманов Айбектің мерейін үстем етсе, Жаттықтырушы Сәрсенбаев Шалқарды Кеңесов Мерей де І – орынымен қуантты. Ал, Акишев Медеттің жетекшілігімен Тоқжігітов орта мектебінен келген Рахымбаев Назар І – орынды қанжығаларына байлады.

Бірінші орын алған жеңімпаздар қараша айының 1-і мен 5-і аралығында Орал қаласында өтетін «Қазақстан Жас Барысы» сайысына жолдама алды. Бағы мен бабы қоса сынға түсіп Абай елінің намысын қорғауға қызу дайындыққа кіріскен күрескерлерімізге толағай табыс тілейміз.

                                                                           Серікқазиева Самал

                                                                                     «Абай елі»

Спорт- денсаулық кепілі

                      

                                                               «Денсаулық фестивалі-2015»

 

                                             Спорт- денсаулық кепілі    

Ел дамуының «Қазақстан-2030» ұзақ мерзімдік стратегиясының басым бағыттарының бірі өскелең ұрпақтың денсаулығы, білім алуы мен игіліктері болып табылады. Бұл халықтың  денсаулығын нығайту үшін, мектеп қабырғасынан бастап салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыру, қауіпті мінез- құлық факторларына қарсы тұра алатындай өмірлік дағдыларды бойына сіңіру өте маңызды. Биылғы жылы мектептерде өткен «Денсаулық сабағынан» кейінгі тәрбиелік маңызы зор шаралардың бірі- «Денсаулық фестивалі».

     Ауданда орталық алаңда 5 қыркүйек күні Конституцияның 20 жылдығына орай «Дене белсенділігі және спорт- ұлт денсаулығының кепілі» ұранымен «Денсаулық фестивалі- 2015» атты кең ауқымды акция өткізілді. Жарыстың мақсаты ел тірегі-Ата Заңның 20 жылдығын атап өту, нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күресті күшейту, ел тұрғындарының көпшілігінде салауатты өмір салтын сақтау мәдениетін қалыптастыру. Бүгінде елімізде салауатты өмір салтын қалыптастыру, дене шынықтыру мен спортшылар қатарын арттыру игілікті мақсат етілсе, «Денсаулық фестивалі» осы мақсаттарға жету жолындағы маңызды қадам болып табылады. Елбасының 2011 жылғы Жолдауындағы 2020 жылға дейін Қазақстанның отыз пайызы бұқаралық спортпен айналысуға тиіс деген тапсырмасын орындау жолында «Денсаулық фестивалінің» ықпалы мол болатыны анық.. Абай елінде бұл дәстүрге айналып, жыл сайын атап өтіледі. Бұл күні спорттық шара Абай ауданының әр ауылдық округтерінде де қызу өткізілді.Маңызды іс-шараға әр мекеменің ұжым мүшелері, мектеп оқушылары спорттық киіммен келіп, белсене қатысты.

Алаңға жиналған акцияға қатысушылар қарасы аз болса да, мерекенің нышанын аңғартқандай. Қазақстан мемлекеттік Әнұраны ойналып, әр жүректе еліне деген сүйіспеншілік сезімі мен сенімділік, бойларында жігер күші пайда болған жас спортшылар жарысқа дайын-ақ еді. Орталық алаңға жиналған спортшылар ең алдымен гимнастика жаттығуларын жасап, сергектік танытты. Аудандық емхана бірлестінің Алмагүл Қабиқызы бастаған дәрігерлер қауымы спортшылар денсаулығын тексеріп, денсаулық жайлы парақшалар таратып, адамға қымбат ең байлық денсаулық екендігін түсіндірді. Абай ауданының Жастар орталығының ұйымдастыруымен өткізіліп отырған жарыс жоғары деңгейде және ойын ережесіне сай өтті. Жастар орталығының басшысы Мейіржан Смағұловтың өзі ұйытқы болған велобәйгеге 14-29 жас аралығындағы 33 спортшы қатысты. Жалғыз тал деген жерден аудан орталығының Аға сұлтан алаңына дейін 15 шақырымдық жарысқа велошабандоздарымыз тас-түйін дайын екендіктерін көрсетті. Міне, велобәйге де басталып кетті. Күн райының бұзылып, бұлтты күнге де қарамай желмен бірге жарысқан спортшылар мәреге жетуге асығуда. Қызықты да тартысты өткен жарыс нәтижесінде, мәре сызығын бірінші болып кескен Қабеев Олжас Бас жүлдені қанжығасына байлап, жеңімпазға велосипед тарту етілді. І- орынға лайық деп танылған Жарқынбаев Руслан болды. Жас спортшыға DVD сыйланса, ІІ- орынды жеңіп алған Әділет Құсайынов пен ІІІ- орын иеленген Ғабитов Аман да бағалы сыйлықтармен қоржындарын майлады. Жеңімпаздардың барлығына Абай ауданы әкімдігінің Жастар орталығы қазыналық кәсіпорнының атынан Мақтау қағаздары мен сый-сияпат жасалды.

Жарысты ұйымдастырушылар фестиваль барысында бірқатар спорттық ойын түрлерін өткізуді жоспарлағандықтарын, алайда ауа райының қолайсыздығына байланысты ол жарыстардың өткізілмей қалғанын алға тартты. Иә, спорт –денсаулық кепілі. Лайым, спортты жанына серік еткен, «Денсаулық фестивалі» шарасына үн қосатын спортсүйер қауымның қатары молая берсін деп тілейміз!

Анар СӘРСЕНБИНА,

«Абай елі»

 

 

Жерлесіміз Искаков Қуаныш Қытай Халық Республикасының Алтай қаласында 11-15 шілде аралығында өткен 11- Азия чемпионатының чемпионы атанып қайтты. Әлемнің 18 мемлекетінен қатысқан бәсі басым байрақты додада ұланымыз 60 келі салмақ дәрежесі бойынша белдесіп, қарсыластарына есе жіберместен жеңіс тұғырын бағындырды. Жерлесімізді жүлделі жеңісімен құттықтап, толағай табыстар тілейміз. Осы ретте шаршы алаңға шыңдап қосқан бапкері Қуат Барысұлының да еңбегі орасан. Бұл Қуаныштың бір ғана жетістігі емес, жас та болса қазақ күресінің шебері бұдан бұрын да талай биіктерді бағындырған. Мәселен, 2011 жылы ҚР чемпионатының ІІ орын иегері, 2012 жылы ҚР-ның чемпионы, Азия чемпионы, 2013-2014 жылдардағы ҚР чемпионатының ІІІ- орын жеңімпазы, 2014 жылы Қырғызстандағы өткен Көшпенділер ойынында Қазақ күресінен чемпион және 2015 жылы Қажымұқан Мұнайтпасов атындағы гран-при турнирінің жеңімпазы атанған. Сондай-ақ биылғы жылы ҚР чемпионатының ІІ - орын атанды. Биылғы 2015 жылдың сүйіншісі, шоқтығы биік жетістігі Қытай мемлекетінде өткен Азия чемпионатының Чемпионы І орын иеленуі.

 

 «АЕ» ақпараты

 

Абай ауданының спорттағы тарихы әріден басталады. Ұлы Абай шебер дойбышы, тоғызқұмалақшы болған. Данышпан Шәкәрім мергендігімен, саятшылығымен дараланған. М.Әуезовтің қазақ футболының бастауында тұрғаны қалың қазаққа мәшһүр. Арыдан бастау алған осынау бабалар дәстүрін қазақ күресінен Орта Азия мен Қазақстан чемпионы болған Н.Сәдуақасов, Қазақстанның екі мәрте түйе палуаны Мағауия Оразбеков, әлем чемпиондары Зекен Шаймарданов, Айбек Нұғымаров пен Мұхит Тұрсыновтар лайықты жалғастырып келеді.

Аудан командасының қазақ күресінен облыста, республикада үнемі алдыңғы орындарда көрініп жүргені осының айғағы. Киелі жердің туын жоғары ұстап, текті елдің абыройын биікке көтеріп, жұртының намысын жыртып, тұғырын мұқалтпай, туын жұқартпай белдескенді белден басып, күрескеннің аяғын көктен келтіріп, жауырыны жер иіскемеген апайтөс дақты палуандарымыздың алты Алаш алдында атағы асқақ! Байрақты бәсекеде еңселі еліміздің көк байрағын желбіретіп, Әнұранын әуелетіп, ел үмітін ақтап жүрген ерлеріміз қаншама!

Абай елінде өз перзенттеріне, спорт саңлақтарына көрсетілетін құрмет қашанда ерекше. Қазақ халқының біртуар ұлы перзенті Ұлы Абайдың 170 жылдық тойы аясында қазақтың ғасырлар қойнауынан келе жатқан, ешкімді бей-жай қалдырмайтын намысты жанып, ептілік ептілік пен шымырлықтың бәсекесі, жігіттердің ерік жігері мен білек күшін байқататын қазақ күресіне де кезек келді. Елі ер қылып төріне шығарған, тасқа салса да мұқалмайтын қайтпас қайсар, өр тұлғалы даңқты ұлымыз, Қазақстанның екі мәрте түйе палуаны болған Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері,

дзюдо бойынша ҚР-на еңбек сіңірген жаттықтырушысы, самбо күресінің майталманы , Абай ауданының «Құрметті азаматы» марқұм жерлесіміз Таутанов Манарбек Бекенұлын еске алуға арналған республикалық турнир осымен төртінші мәрте ұйымдастырылып, өткізіліп отыр. Қасиетті санға сәйкес келген 7-тамыз күні Аға Сұлтан алаңында республиканың түкпір- түкпірінен келген жарысқа қатысушылар мен спорт майталмандары, Манарбек Таутановтың спорттағы үзеңгілес достары, яғни еліміздің Әлем, Азия, КСРО-ның чемпиондары, шәкірттері, аудан тұрғындары турнирді тамашалауға жиналды. Қажымұқанның ізбасарлары үшін алаңның екі бұрышына екі қазақ үй тігіліп, сахнада ұлтының намысы болған отты ұлы Манарбек Таутановтың атындағы республикалық турнир екендігін әйгілейтін баннерлер ілініп, Манарбектің ізін басқан Айбек пен Мұхит сынды оғландарымыздың «Қазақстан барысы» жобасындағы жеңіс тұғырынан көрінген қуанышты сәттері лэд-экраннан үздіксіз көрсетіліп тұрды. Боз кілемдегі байрақты бәсекені түсіруге жергілікті баспасөз құралдары өкілдерінен өзге жан-жақтан «Семей таңы», «Дидар», «Рудный Алтай» газеттерінен БАҚ өкілдері мен «Қазақстан», Қазақстан-Өскемен, ТВК-6 телеарналары, сондай-ақ «Қазақстан» «КАZ sport» телеарнасының белгілі спорт коментаторы Телжан Күдеров те келіпті. Құрметті қонақтар арасында Әлем Кубогінің иегері, КСРО-ның екі дүркін чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Айтжан Шанғараев, Шығыс Қазақстан облысы спорт және туризм басқармасының басшысы Чикенов Елдос, әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР-сына еңбек сіңірген жаттықтырушылар Серік Қоржыкенов пен Шыңғыс Тұрсынов, Семей қаласының қазақ күрес федерациясының президенті, Манарбектің досы Берік Қанафин, әлем кубогінің иегері, екі дүркін Азия чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Зекен Шаймарданов та бар.

Турнирдің ең тартысты да қызған кезінде ақын бабамыздың тойын атап өтілуінің негізгі ұйытқысы, бастамашысы, мұрындық болған аймақ басшысы Даниал Кенжетайұлы Ахметов бастаған облыс басшылары мен Тұрсынғазы Жантұяқұлы бастаған аудан басшылары да арнайы келіп тамашалап, қошемет білдірді.

ҚР-на және КСРО-ға еңбек сіңірген жаттықтырушы, ҚР-сы мемлекетінің қазақ күресінен жаттықтырушысы Марат Жақыт Абай тойымен қатарлас келген 4-Республикалық турнирдің маңыздылығын айта келе, барша жұртты дүбірлі тоймен құттықтап, палуандар бәсін ашық деп жариялады. Жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Мемлекетіміздің Әнұранымен асқақтата басталған турнирдің ашылу салтанатында спорт саласының дамуына үлкен үлестерін қосқан жаны ізгі демеушілерге алғыс айтылып, салтанатты түрде марапатталды. Төрешілер таныстырылған соң, боз кілемде бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнаған палуандар белдесуінде сайдың тасындай іріктелген Қызылорда, Павлодар, Алматы облысы, Оңтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облысынан келген 40 қа жуық палуан күш сынасты. Сөйтіп, еліміздің алты облысынан келген Қажымұқанның ізбасарлары Абай төріндегі аламанның көрігін қыздырды.

Кілем үстіндегі палуандар айқасы бір сәт те толас таппады. Ақтық белдесулер басталды. Ашық аспан астында төселген бозкілемде сайдың тасындай ірі денелі, елінің рухын асқақтатып, намысты жандырып жүрген палуандар ақтық сайыста өз мүмкіндіктері мен ойын ережесіне сай шеберліктерін көрсетті. Міне, Манарбек Таутанов атындағы турнир де өз мәресіне жетіп, нәтижесінде 74 келіге дейінгі өгіз палуан салмақ

дәрежесінде Оңтүстік Қазақстандық Музаппаров Ерсұлтан І –орынды қанжығасына байлады. Ерсұлтанның күші де, қолданған айла-тәсілі де басым түсті. ІІ- орынды Қызылордалық қызуқанды Ғалымжан Абдрахманов, ІІІ орын екеу: Алматы облысы, Іле ауданынан келген Жұмажан Нұржан мен Шығыс Қазақстан облысының палуаны Мұратов Қуаныш өзара бөлісті. Жеңімпаздарды жарыстың бас төрешісі, ұлттық дәрежедегі төреші Ермағанбетов Нұрлыбек, самбо күресінен әлем чемпионы, КСРО-ның екі дүркін чемпионы Шанғараев Айтжан, ҚР-сының қазақ күресінен Республикалық федерация бас хатшысы Сәрсен Құранбек және екі дүркін Азия чемпионы, «Қазақстан барысының» чемпионы Жоламанов Шалқар марапаттады. Бұдан кейінгі кезек атан жілік апайтөс 74 келіден жоғары түйе палуандарымызға келді. Күрес десе қаны қызбайтын қазақ бар ма?! Делебесі қозған көпшілік тұс- тұстан қиқулап, кілемдегі ұлдарын барынша қолдап бақты. Осы турнирдегі барлық қарсыластарын қоғадай жапырып, таза жеңістерге қол жеткізген жерлесіміз, 2013 жылғы «Қазақстан барысы» жеңімпазы Айбек Нұғымаров І- орынды иеленді. Нәтижесінде айқын басымдықпен Бас жүлдемен қоржыны майланып, «Абай тойының бас палуаны» атанған Айбек ақ түсті темір тұлпардың тізгініне ие болды. Жүлделі ІІ- орынды шығыстық Әділ Оразбаев, ІІІ- орынға жамбылдық 125 келілік палуан Әбішев Жасұлан мен жерлесіміз Ерлан Конкиев лайық деп танылды. Жеңімпаздарды Манарбек Таутановтың жан жары Гүлмира, КСРО-ға еңбек сіңірген жаттықтырушы, ҚР-сы мемлекетінің қазақ күресінен жаттықтырушысы Марат Жақыт және Төлебиев Досан, Абилдинов Мейіржан сынды спорт майталмандары марапаттады. «Ат тұяғын тай басар» демекші, М.Таутановтың шәкірттері Б.Донбай, Е.Слямбаев, Е.Ихсанғалиев, С.Отарбаев, Ә.Түсіпов сияқты т.б. ондаған дүлдүл спорт шеберлерінің қатары өсе беретініне кәміл сенуге болады.

«Тас түскен жеріне ауыр» демекші, алыстан ат арытып келген қаншама қонақтарды қарсы алып, спортшыларды орналастырып, турнирдің өз мәнінде өтуіне үлкен үлес қосып, спорт саңлағын ұлықтауда Қалиев Қуат Барысұлы бастаған ауданымыздағы спорт мектебі ұстаздарының еселі еңбектерін атап өткеніміз жөн. Турнир барысында жанының жомарттығымен танылып, демеуші болған барлық азаматтарға, яғни Ұлы Абайдың 170 жылдығымен қатар өткізіліп отырған Республикалық турнирді өткізуде белсене атсалысып, қолдау көрсеткен жандарды атап өтсек, олар Дөңбаев Әбіл, Чикенов Елдос Өзбеханов Қуат, Омаров Мұрат, Иманғалиев Төлеуғазы, Омаралинов Исағали, Қабдрахманов Ербол, Ибраев Бауыржан, Жұмасиянов Бегалы, Аяпбергенов Қымбат, Оразалин Шаған, Оразалин Ерлан, Әбілдинов Есен, Мұқанов Ержан, Сексенбаев Әділ, Балтин Ғалиден, Жылқыбаев Самат, Сейілханов Руслан, Шанғараев Айтжан, Мағауин Махмұт, Мауқаев Жанарбек, Цой Кирилл, Түсіпбеков Ермек сынды ел мерейін асырған азаматтарға Абай жұртшылығы атынан ризашылығымызды білдіреміз.

Осылайша, Абай елі өз ұлын, өр ұлын қадір тұтты. Бүгінде өмірде жоқ болса да еске алып, оның атына дүбірлі турнир өткізді. Елімізде 2012 жылдан бастап төртінші мәрте өткізіліп отырған Манарбек Таутанов атындағы Республикалық турнир жыл сайын жалғасын тауып маңызы арта түспек Бұл да ұрпақ үшін ұлағатты іс екені хақ!

Анар СӘРСЕНБИНА,

«Абай елі»

Біздің елдің жастары...

Әлемді мойындатқан абайлықтар

Ұлылар елінің айбынын асқақтатып, әлемдік деңгейдегі спорттық додаларда атой салып жүрген жас спортшыларымыз- елдің мерейі, мақтанышы екені хақ. Сондай жас спортшыларымыздың бірі, сан мәрте облыстық, республикалық чемпионаттарының жүлдегері болған, кіші балуандар арасында « Қазақстанның Жас Барысы» титулының тұғырына көтерілген Қуан Барыстың есімін атар едік.

Бұған дейін де шашасына шаң жұқтырмай, қарсыласын тізе бүктіріп жеңіске жетіп жүрген Қуан жерлестерін тағы бір қуанышқа бөледі.Германияның Берлин қаласында дзюдодан 1998 - 1999 жылы туылған жасөспірімдер арасында Европа кубогы үшін өткен жарысқа Қазақстан құрама командасынан барған оның маңдайы жарқырап, халықаралық турнирде 66 кг салмақ дәрежесінде Барыс Қуан қола медальмен жүлделі қайтты. Әлемнің 35 мемлекетінен қатысқан бұл додада Қазақстан елінің, қалаберді аудан намысын асқақтатқан Қуан Барыстың бұл жеңісі спортшы жастарға үлгі болмақ.

Сондай-ақ тағы бір жағымды ақпарат спорттың бокс түрінен де орын алды. Азербайжанның Баку қаласында өткен бокстан Азия чемпионатында былғары қолғап шеберлері шаршы алаңда жұдырық түйістіріп, бұл спорт түрі бойынша ерекше шеберлік танытты. Солардың бірі- ауданымыздың жас спортшысы Берікжанов Дарын. Қарсыластарын шақ келтірмеген жас спортшымыздың бұл жарыста бағы жанып, 3 – орынды бағындырғанынан бұл балғынның алар асулары алда екендігіне еш шүбә келтірмесіңіз анық. Жеңіс жалауын желбіретіп келген қос спортшыны ел атынан құттықтай отырып, алда да үлкен жеңістер тілейміз.

«Абай елі» ақпараты

Болгарияның Варна қаласында аяқталған спорттық гимнастика әлем кубогының бесінші кезеңінде Қазақстан спортшысы күміс алды. 

Шығыршық бойынша сынға түскен Әзізбек Қудыратуллаев екінші орынды иеленді. Ол іріктеуде  14.650 ұпай алып, француз Данни Родригестен (14,800) кейін екінші болды.

Ал финалда Кудыратуллаев 15, 067 ұпай алды. Қазақстан спортшысымен бірдей ұпай алған түрік Ибрахим Голак та күміс иеленді. Алтынды француз Данни Родригес еншіледі — 15.200.

Бұл Қазақстан гимнасшыларының биылғы маусымдағы алғашқы медалі.

12 мамырда Алматыда Қазақстан құрамасы Буркино-Фасомен жолдастық кездесу өткізеді. Осы матч алдында Буркино-Фасо құрамасының бас бапкері  Идрисса Траоре  (суретте ортада) баспасөз мәслихатын өткізіп, ертеңгі ойын туралы ойымен бөлісті.

Қарсыластың бас бапкері Қазақстанға турист ретінде келмегенін баса айтып, «бұл матчта біз қазақ ағайындардан, Қазақстан бізден футболдың дамуына үлес қосар пайдалы  істер үйренеді деп үміттенемін» деді.

- Біз қыдыруға емес футбол ойнауға келдік. Қаланы араламадық. Тек стадионды көрдік. Алдымен ойын, содан кейін көре жатармыз. Қарсыласымызды құрметтейміз және ойын кезде алаңда барымызды саламыз. Бұл матчқа құраманың жұлдыз ойыншылары келмесе де Алматыға келген ойыншылар осал емес. Тек жеңіс үшін ойнаймыз, — дейді Буркино-Фасо бапкері.

Ал Қазақстан құрамасының бас бапкері Юрий Красножан журналистермен кездесуде «Голландиямен ойынды ескермегенде көп матчтарда біз бірінші нөмерде ойнап, ойынды өз қолымызға алуды ойлаймыз. Сондықтан бірінші нөмерде ойнау біздің негізгі жоспар. Бұл ойынды біз жеңіске жету басты мақсатымыз. Кездейсоқ жеңіс емес, жаттығуда пысықтаған тактика арқылы жеңіске жетуді көздейміз» деген еді.

Page 4 of 5

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!