Спорт

Қашым мешітіне 10 жыл

 Ауданымыздағы шаруашылығы шалқыған, халқының дәулеті жыл санап артып келе жатқан іргелі елді мекендердің бірі Көкбай ауылдық округі. Халық саны мол һәм береке-бірлігі бекем ауылдың мәдени-рухани өмірінде де айтарлықтай зор жетістіктер мен жаңалықтар молынан орын алуда. Әсіресе, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жарқын мезеттер қатары тіптен артты.

Аталмыш ауыл бойынша ағымдағы айдың айтулы шаралары арасында Қашым мешітінің 10 жылдығына арналған іс-шараны айрықша атап өтуге болады. Бүгінде әсіресе жастарды төл дініміздің асыл құндылықтарымен сусындатып, ауыл халқының рухани қажеттілігін өтеуде маңызды орын алатын ғибадат үйі осыдан аттай он жыл бұрын белгілі кәсіпкер азамат Ауылбек Қашымұлының демеушілігімен бой көтерген болатын. Қазіргі күні тек Абай ауданы бойынша ғана емес, күллі облысымыздағы ауыл мешіттері арасында сәулеті келіскен еңселі құлшылық орны болып саналады. Бүгінде Көкбайдың келбетіне көрік қосқан аталмыш мешіт дәстүрлі дінімізбен орайластырып, бабалардан жеткен ұлттық құндылықтарымызды да насихаттауда. Қазіргідей алмай-ғайып заманда дін қызметкерлерінің жүргізетін тәрбиелік-тағылымдық қызметінің маңыздылығы аса зор екендігі белгілі. Ал аталмыш мешіттің 10 жылдығын жастар арасында спорттық шарамен атап өту осынау жайттарды жұртшылық алдында айғақтағандай еді.

Қашым мешітінің он жылдығына арналған сайыс күрестің дзюдо түрінен өтті. Сөз орайында айта кетейік, аталмыш спорт түрі бүгінде ауданымызда кеңінен қанат жайып келе жатыр. Балуандарымыздың облыстық, республикалық деңгейдегі сайыстарда татами төрінде белдесуге түсіп, қоржынға олжа салып жүрген жайы бар. Ұйымдастырушылардың дзюдоны бекерге таңдап алмағаны анық. Себебі, күрес өнері – пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сүннеті болып саналады. Бұл ретте түрлі айтулы шараларда ҚМДБ күрес сайыстарын өткізіп жүргендігі белгілі. Аталмыш сайысқа ауданымыздың әр ауылынан кіл мықталар іріктеліпті. Білек күшіне сеніп келген балуандар арасында облыстық біріншілікте топ жарып жүрген өрендер қатары да мол болды. Осыған қарап-ақ доданың қызу өтетінін аңғаруға болатын еді.

Күткеніміздей-ақ сайыс барысы мейлінше тартысты өрбіді. Алып та жыққан, шалып та жыққан балуандар қатары мол болды. Дзюдо – жекпе-жектің әлемдегі ең танымал түрі және айналысушылардың саны бойынша көш бастап тұрған спорттың бірі. Сондықтан да болар, аталмыш күрес бойынша қалыптасқан өзіндік әдіс-айла, түрлі тәсілдер де көп. Ал абайлық балуандардың осындай әдістерді шебер пайдаланатынына, дзюдоға әбден машықтанғанына, татами төрінде сауатты күресетініне осы жарыста тағы бір мәрте айқын көз жеткіздік.

Айта кететіні сол, дзюдоны қазақ күресімен айналысатындар, грек-рим, самбо, тіпті, айкидо мен джиу-джитсу сынды Шығыс жекпе жегімен шұғылданушылар да еркін меңгеріп, бірден күреске түсе алады. Барынша қолайлы, икемге ыңғайлы. Сондықтан да болар, жарыс жолына шыққан жастар арасында бәсекелестер қатары мол болды. Десек те, «күш атасын танымайды» деген. Күн ұзаққа созылған тартысты додадада кіл жеңімпаздар суырылып шықты. Айта кетер болсақ, 1999-2001 жылдары туғандар арасындағы сайыста бірінші орынды 42 келіде лицей оқушысы Байсиық Құмаров, 50 келіде Шәкәрім мектебінен Нұрасыл Толымханов, 55 келіде лицейлік Данияр Кеңесбеков, 66 келіде көкбайлық Толымқан аслан иеленді.

Сонымен қатар, 2002-2004 жылғы мектеп оқушылары арасында топ жарып бас жүлде алғандар арасында үздік өнерімен көзге түскен бірқатар жасөспірімдердің есімдерін атауға болады. Мәселен, 29 келі салмақта көкбайлық Тілеуғалиұлы Еркебұлан, 32 келіде Әуезов мектебінің оқушысы Сайлауханов Алтынхан, 35 келіде Айдынғали Айғали, 38 келілік көкбайлық оқушы Берікханов Береке, 42 келіде лицейлік Рахатұлы Қайсар бірінші орынды жеңіп алды. Сонымен қатар, осы жылы туғандар арасында ауыр салмақта сынға түскен 60 келідегі лицей оқушысы Әділетұлы Арыстанды да айта кеткен жөн.

Ал 2005-2007 жылғы жасөспірімдер арасында жүлде қоры тіптен көп болды. Атап айтсақ, бас жүлдені 23 келіде Абай лицейінен Ернұр Медетбеков, 26 келіде Көкбай мектебінен Мейрамғалиұлы Арман,  29 келіде көкбайлық Батырханов Дамир, 32 келіде тағы да көкбайлық Ұлағат Абзал, 35 келіде көкбайлық Амантаев Ләззат, 38 келіде Шәкәрім мектебінен Жанарбекұлы Ерали, 42 келіде көкбайлық Әлем Шәкабай, 46 келіде Ш.Әбенов мектебінің оқушылары Мейірлан Тұрсынов пен +46 келідегі Мирас Сұлтанұлы зор абыроймен жеңіп алды.     

Әрине, бұл тізімді әлі де салғай түсуге болады. Себебі, бәсекеге түскен балуандар арасында салмақ айырмашылығы өте көп болды. Бір аңғарғанымыз, бірінші орынды еншілеген өрендер арасында көкбайлық оқушылардың қарасы көп болды. Осыған қарап-ақ аталмыш ауылдық округ бойынша спорттың, оның ішінде күрес түрлерінің жылдам қарқын алып келе жатқанын байқауға болады. Барша жеңімпаздар арнайы сыйлықтар мен мақтау қағаздарын иеленді.

Аталмыш шара осылайша дүбірлі түрде өтті. Осы орайда аудандық жарыстың демеушілері жайында айта кету ләзім. Көкбайлық көпшілік қана емес, ауданымыздың әр ауылынан жиналған жанкүйер қауымға ерекше әсерлі сәттер сыйлаған жарысқа бірқатар азаматтар демеушілік жасапты. Атап айтсақ, сайыстың бас демеушісі, мәрт азамат Ауылбек Қашымұлының көмегін баса айтуға болады. Сонымен қатар, Тиыштықбайұлы Алтынбек, Нұралин шалқар, Әбілов Қалқабек, Мағауин Мақа, Әбілқасымов Оралғазы, Ақболатов Нұрлы, Амангелдин Бөпеғазы, Слямханов сағын, Қуанлықов Сымбат, Тайтөлеуов Бақтығазы, Көпжанұлы Серікқали, Алдажаров Алмас, Жаукенова Айгүл, Қанатбекұлы Қуат, Хафез Мұхит, Мұқажанова Жанар, Болатқазыұлы Біржан және 1987 жылы туған азаматтар демеушілік жасады.

Әрине, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Осынау ауқымды шараны өз деңгейінде ұйымдастырып өткізу үлкен күш-жігерді талап ететіні белгілі. Бұл ретте шараны өткізуге ат салысқан ауыл имамы Абзал Искаков пен Көкбай атындағы орта мектебінің қазақ күресі жаттықтырушысы Думан Шәкебайұлының сіңірген еңбектерін де ризашылықпен атап өткен жөн.

 

Ән мен жыр - көңіл ажары

 

Ауылдықтар көңіліне ерекше серпін әкелген шара бір бұл емес, әрине. Көкбайдың мәдени өмірі де әрдайым сергек. Елдігіміздің белгісі – егемендік мерекесі ауданымыздағы ауылдарда да өз мәнінде өткізіліп жатқаны белгілі. Осы ретте Көкбай атындағы орта мектеп ұжымының  ұйымдастыруымен аталмыш округтің мәдениет үйінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Тәуелсіздік - ел тұғыры» атты мерекелік кеш болып өтті. Аталмыш шара сонымен қатар, Қашым мешітінің 10 жылдығымен де орайластырылған болатын.  

            Мерекелік салтанатты шара әсерлі басталды. Әуелгі кезекте Желтоқсан оқиғасына арналған шағын көрініспен байланысты әдеби монтаж көрермен назарына ұсынылды. Осыдан соң кеш шымылдығын мектеп оқушыларынан құрылған оркестр ашып, жиналған қауымға «Әлқисса» күйі тарту етілді.

Өнерпаздар жоғары даярлықпен келіпті. Атап айтсақ, осынау оркестрдің сүйемелдеуімен Ғылымбеков Жандос пен Айтанова Ұлжан фольклорлық үрдісте «Сағыныш» әнін өз мәнінде орындап берді. Ал әсем әуез кезегін Сайлаубеков Парасат пен Советбекова Әйгерім «Туған жер» әнімен жалғап, жас орындаушы Айгүл Орынбекова да «Қазақ елі осындай» рухті әнімен көрерменді бір серпілтіп тастады.

Жалпы, мерекелік концерттік бағдарлама барысында ұйымдастырушылар мен қатысушылар тың ізденіске барғаны көрініп тұрды. Яғни, оқушылардың шығармашылық ізденістері айқын аңғарылды. Мысал келтірер болсақ, аудан жұртшылығына жақсы таныс «Кербез» бишілер тобы бастауыш сынып оқушыларынан құрылған «Көркем» би тобын биге баулып жүр екен. Екі топтың бишілері қосылып «Ламбадамания» биін көрерменге тарту етті. Латын америкалық би мен жаңа заман биінің үрдісі әсем түрде үйлесіп, жарасымды попуриға айналды.

Бір бұл емес, «Кербез» бишілер тобы «Айша бибі» және «Ұйғыр биін», жас бишілер «Көркем» тобы «Қамажай» биін нақышына келтіре билеп берді.

Сондай-ақ, «Жаса, қазағым» әнімен Мағжан Сайлаубеков, қыздар ансамблі «Қаздар қайтқанда» әнімен, Сұлтан Баймусин «Қазағым» әнімен, Сайлаубекова Жанерке «Талас» күйімен, Сайлаубекұлы Парасат «Жүрегім қазақ» әнімен, мектеп ұжымын таныстырып жүрген Рақымжанова Әсел мен Аманғазы Қызы Күміскүл «Ал, құрбым» әнімен, Айтанова Ұлжан «Елбасы» әнімен көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Мұнымен қатар, кеш барысында «Шығарма жазу» деп аталатын әзіл-сықақ көрінісі қойылып, көрерменді күлкіге кенелтті.

Кештің ең әсерлі тұстарының бірі жас әншілерден құрылған «Жасstar» тобының шырқаған әндері болды. Әсіресе, «Мама» әнін айрықша әсерлі сезіммен орындаған өнерпаздар көпшілікті ерекше күйге бөледі.

Мазмұнды өрбіген кеш барысында көркемсөз шебері Қордабаева Гауһар «Абылай хан монологын» мәнерлеп оқып, мектеп хоры «Атамекен» және «Көк тудың желбірегені» әндерін қалықтатты.

            Осынау кешке қатысқан қонақтар ауыл әкімі Шәріпқазы Санбайұлы мен аудандық білім бөлімінің бас маманы Рауан  Шыңғысұлы Жарқын Жәукенов басқаратын ұжымның мерекелік концертіне жоғары баға беріп, алғыстарын жеткізді.

 

Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі»

 

 

 

 

Чемпионмен жүздесу 

Қараша айының 23 жұлдызында алаш атын әлемдік рингтерде асқақтатып жүрген кәсіпқой боксшы Қанат Ислам Абай ауданына ат басын тіреп, Жидебайдағы даналар кесенесін зиярат етті. Осынау сапарында былғары қолғап саңлағы аудан орталығындағы «Шыңғыстау» спорт кешенінде болып, онда жаттығып жүрген жас буын спортшылармен жүздесіп, ағалық кеңес берді.

Әуелгі кезекте чемпион туралы айтып өту артық болмас. Қанат Ислам 1984 жылы 13 қыркүйекте ҚХР-дың Алтай аймағында дүниеге келген. Әлемдік спорттағы лақап аты - Қазақ (Kazakh). Кәсіпқой боксшы ретінде Бейжің олимпиадасының қола жүлдегері, Чикагода өткен Әлем чемпионатының (2007) және Азия ойындарының (2006) қола жүлдегері атанды. Қытай мемлекетінің 10 дүркін чемпионы. Қазіргі таңда Қанат «WBA Fedelatin», «WBO Intercontinental», «UBC Intercontinental» тұжырымының чемпионы екені баршаға мәлім. Өткен айда ғана боксшының Патрик Аллотейді айқын басымдылықпен жеңіп шыққанының куәсі болған едік.

Қанатты «Шыңғыстау» спорт кешеніне жиналған спортсүйер абайлық жас жеткіншектер зор ілтипат көрсетіп, ерекше құрметпен қарсы алды.

- Қазақтың қасиетті өлкелерінің бірі - Абай ауданына келгеніме өте қуаныштымын. Бұл «Абай жолын» оқығаннан бергі менің бала күнгі арманым болатын. Біздің ата-бабаларымыз, ұлы көсемдеріміз басқан, ізі қалған жерлерді өз көзіммен көру мен үшін үлкен бақыт, - деп толғанысын жеткізді даңқты боксшы.

Жылы кездесу сұхбат түрінде өтіп, жастар өз сауалдарын қойып, тартымды жауаптар ала алды. Мысалы, «сіз біздей бозбала кезіңізде бокстан бұрын қандай спорт түрімен айналыстыңыз?», «рингтегі 12 раундты шыдаспен өткізіп, оның өзінде жеңіп шығу үшін қандай қағидаларды ұстану керек?», «дене тәрбиесінде тамақтанудың басты шарттары қандай?», «чемпион қандай болуы керек?» деген сауал төңірегінде әңгіме өрбіді. Жастардың алқалы тобының қызығушылықпен қойған сұрақтарына Қанат Ислам егжей-тегжейлі әрі тұшымды түрде жауап қайырды.

-Боксқа келгеніме дейін мен қатыспаған спорт түрі жоқ шығар. Соңында былғары қолғап өнерін ұнатып, таңдадым. Бірақ, спорттың қай түрі болса да айналысу керек. Өйткені, дене тәрбиесі адамның дене бітімінен бастап ішкі құрылыстарын, тіпті миды да дамытып, шынықтырады. Ал рингтегі төзімділікке қатысты айтарым, өзін биік белестерден көргісі келетін спортшы газдалған сусындардан, тәтті, калориясы жоғары тағам түрлерінен, кондитерлік өнімдерден, ең соңы ұн тағамдары, оның ішінде наннан түбегейлі бас тартуы керек. Өйткені, оның құрамында ашытқы бар, ал ол спортшыны тез шаршатып, деміктіріп, ентіктіреді. Чемпиондыққа ұмтылу, талпынуға байланысты айтарым, «чемпион боламын» деп емес, «денсаулығым сау болса» деп шұғылданыңдар. Менің алғашқы жаттықтырушымның айтқан сөзі әлі күнге есімнен кетпейді. Ол бірде: «маған чемпион емес, дені сау спортшы керек. Ол чемпионнан да мың есе артық» деген болатын. Сондықтан да үнемі шынығыңдар, жаттығуды қалдырмаңдар. Және де еш уақытта «менің дайындығым жоғары дәрежеде» деп ойлаудан аулақ болыңдар. Өйткені, қазақ елінің басқа бұрышында, әлемнің басқа бұрышында сенен де артық дайындалып жатқан спортшы болуы мүмкін, - деп толымды түрде жауап берді.

Қанат Исламмен өткен бұл сұхбат абайлық жас спортшылар үшін үлкен тағылым көзіне айналып, спорттағы өмірлеріне серпін әкелері хақ. Есімі аңызға айналған боксшының тәрбиелік мәні зор кеңестері талай өренді арқаландырары анық деп білеміз.

«Құтты қонақ келсе қой егіз табады» дейді халық даналығы. Әйгілі боксшының Абай еліне сапары ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған шахматтан мектеп оқушылары арасындағы аудандық біріншіліктің байрақ көтеруімен тұспа-тұс келді. Аудандық білім бөлімінің күнтізбелік жоспарына сәйкес өткен турнирді тамашалаған Қанат Ислам тақталы ойынның бұл түріне ерекше қызығатынын әрі құрметпен қарайтынын тілге тиек етті.

Додаға келетін болсақ, жалпы командалық есепте Абай атындағы мектеп лицейінің шахматшылары І орынды иеленсе, жүлделі ІІ орын Көкбай атындағы орта мектеп спортшыларының қанжығасында кетті. Ал, Қарауыл гимназиясының тақталы ойын шеберлері ІІІ орын тұғырынан көрінді.

Жарыс 9-11 жас және 12-15 жас ерекшелігі аралығындағы екі топта өтті. Сонымен қатар, жекелеме сайыстардың қорытындысы бойынша Ролланұлы Расул (Абай мектеп-лицейі), Керейбаева Аяулым (Көкбай орта мектебі), Нұрланова Ақжан (Абай мектеп-лицейі), Ассабыр Жеңіс (Абай мектеп-лицейі) чемпион атанса, жүлделі екінші орынды Серікбеков Бекзат (Абай мектеп-лицейі), Баймусин Манас (Көкбай орта мектебі), Қарауыл гимназиясының оқушылары Кәкімова Алтынай мен Ғылыммедден Еркежан иеленді. Ал үшінші орынды Абай атындағы мектеп-лицейдің оқушылары Әкімбергенов Ибрагим мен Серікұлы Ерсұлтан және гимназиялық шахматшы өрендер Санақбек Мағжан мен Дүйсенбекова Айбүбі иеленді.

 

Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі»

Егемендік мерекесіне орай

 

БІР КҮНДЕГІ ҚОС БІРІНШІЛІК

 

Жуырда ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай 2003-2006 жылы туған жасөспірім қыздар арасында волейболдан аудандық біріншілік болып өтті.

Аудандық чемпионаттың ашылу салтанатында спорт ардагері Майдан Мұқанов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сағындықов және білім бөлімінің басшысы Мақсат Нұрсұлтанұлы, сондай-ақ, тоғызқұмалақ ойыны бойынша аудандық құраманың бас бапкері Назым Күзембай сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жарысқа аудан бойынша төрт команда қатысты. Атап айтқанда: Шәкәрім, Абай мектеп-лицейі, Қарауыл гимназиясы мен Көкбай орта мектебінің командалары өзара бақ сынады.

Аталмыш додада Көкбай командасы айқын басымдылықпен жеңіске жетіп, Абай атындағы мектеп-лицей өрендері II орынды иеленді. Ал III орынға Қарауыл гимназиясының спортшылары тұрақтады. Сонымен қатар, жекелеме аталымдар бойынша Мұқсынова Динара «Үздік ойыншы», Мағат Балжан «Үздік қорғаушы», Бауыржанқызы Алуа «Үздік шабуылшы» номинацияларымен марапатталды. 

Ерен ойын үлгісін көрсетіп, шеберлік танытқан командалар жүлдегер атанып, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мекемесінің арнайы мадақтамалары және медальдарымен марапатталды. 

            Дәл осы күні 2001-2003 жылы және 2004-2006 жылы туған, сонымен қатар 2007-2009 жылы туған жасөспірім ұлдар мен қыздар топтары арасында тоғызқұмалақтан аудандық турнир де өз байрағын көтерді. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына  бағышталған бәсекеге Шәкәрім орта мектебі, Мамай негізгі білім беретін орта мектебі және аудан орталығынан Қарауыл гимназиясы мен Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп-лицейінің тоғызқұмалақшылары қатысты.

Осынау ұлттық ойын түрі туралы бас төреші Назым Күзембай пікір білдіріп өтті:

-Тәжірибе көрсеткендей, тоғызқұмалақ ойыны әлемдік мәдениеттің озық үлгілерімен бой теңестіре алатын қазақтың рухани ойыны, логикалық ойлау спорты. Бұл ойын оқушылардың ойлау қабілеттерін дамытып, білімдерін, икемділіктерін жетілдіреді. Тәрбиелік мәні жоғары. Тағы бір ерекшелігі, бұл ойын арқылы қарсыластар арасында бір-біріне деген сыйластық, бауырмалдық қалыптасады.   Тоғызқұмалақ ойынының негізі есептей білуде. Ойынша тек өз амалын қолданып қана қоймай, қарсы жақтың да мақсатын біліп, жүрісін мұқият есептей алуы қажет. Мәселен, айтар болсақ, жүріс жасалатын отаудағы соңғы құмалақ дәл қай отауға барып түсетінін білу үшін 10, 19, 28, 37 сандарын әрқашанда есте жақсы сақтай білу керек. Және де ойында кері немесе ілгері есептеу өте жиі қолданылады. Мен бүгінгі жастардың талабына қызығамын. Жетістіктері де мол. Жас өскіндердің облыстық, республикалық, қала берді халықаралық турнирларға қатысып, спорт шеберліктерін қорғап жүргендері БАҚ беттерінде жиі жарияланады. Осы қарқыннан таймауымыз керек деп есептеймін, - дейді Назым Күзембай.

 

«Абай елі» ақпараты

ҚУАН ТАҒЫ ҚУАНТТЫ

Еуропа кубогі

 

            Осы жылдың 15- 6 қазан күндері аралығында Шығыс Еуропа төріндегі Польша мемлекетінде Еуропа Кубогы болып өтті. Жаһанның төрт бұрышынан кіл мықтылар жиналған осы жарысқа Қазақстан құрамасының сапында абайлық өрен Барыс Қуан да қатысып қазақ елінің намысын қорғады.

Кезінде «Жас барыс» атанған Барыс Қуан Қуатұлы осыған дейін де сан түрлі додаларда топ жарып, бас жүлдені еншілеп жүрген өрен. Бұл жолы да балуан ұлымыздың бағы жанды. Әлемнің ең мықты деген білектілерімен сынға түсіп, бөз кілем төрінде жасындай жарқылдады. Нәтижесінде жүлделі І орынды жеңіп алып, чемпион атанды.

Абыройы асқақтаған ұланымызға алдағы уақыттарда да жеңіс тұғырынан көріне беруін тілейміз. Жеңіс құтты болсын, Абай елі!

 

Анар СӘРСЕНБИНА,

«Абай елі»

 

 

Спорт жаршысы

Волейбол

         

 

Осыдан біраз бұрын, 15 – 17  қазан күндері аралығында  Семей қаласында 2000 жылы туған жасөспірім қыздар арасында волейболдан К.Абетаева атындағы ашық турнир болып өтті. Аталмыш жарысқа Астана қаласынан екі команда, Семей қаласынан  үш, Өскеменнен  екі команда және Абай  ауданының құрама командасы қатысып, өзара жүлделі орындарды сарапқа салды.

Осылайша 8 команда бақ сынасқан, екі күнге созылған жарыс мейлінше тартысты өрбіді.

Айта кету керек, бұл жолғы кіл азулы командалар жиналған бәсекеде Абай ауданының намысын құрама команда құрамына алынған Төлеуғалиқызы Гүлсана, Дакенова Әйгерім, Маратова Жанель, Айтбаева Мадина, Әділетқызы Жанар, Хұсайынова Арай, Қабжанова Гүлзат сынды бұрымдыларымыз қорғады.

Біріншілік біздің қыздарымыз үшін жүлделі аяқталды. Өрендеріміз ІІІ-ші орынға ие болды. Бұл әлбетте өте жоғары көрсеткіш.

Сонымен қатар, жарыс барысында бірқатар ойыншылар жекелеме аталымдар бойынша марапатталды. Атап айтсақ, Хұсайынова Арай «Үздік пас беруші» атағына ие болды. Қыздар командасын жаттықтырып, апарып-алып келген спорт мектебінің жаттықтыушылары Ибраев Сырым мен Мусин Досханның қосқан еңбектері өте зор екенін айта кету ләзім. Қыздарымыздың алдағы уақыттарда да жеңіс тұғырынан табыла берулеріне тілектестік білдіреміз.

 

Қазақ күресі

                                    СЫР ЕЛІНЕН ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

 

Қазан айы абайлық спортшылар үшін мейлінше қызу өтуде. Мәселен, осы айдың 14 – 15 күндері аралығында Қызылорда облысында 23 жасқа дейінгі жастар арасында қазақ күресінен Қазақстан Республикасының чемпионаты болып өтті. Ел көлемін қамтыған бұл біріншілікке де үкілеп қосқан палуанымыз бар.

Аталмыш чемпионатқа жас балуанымыз Құмаров Сұңғат қатысып, Абай елінің намысын қолдан бермеді. Білекті ұлымыз жүлделі ІІ орынды жеңіп алды. Осылайша Сыр елін мойындатқан Сұңғат қазақ күресінің қыр-сырын, әдіс-айласын терең меңгерген кәнігі балуан екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Сұңғаттың жаттықтырушысы спорт мектебінің оқу ісінің меңгерушісі, қазақ күресінің жаттықтырушысы, білікті бапкер Нұғыманов Айбек екенін айта кеткен орынды.

 

 

  Спорт жаңалықтарына шолу жасаған       Анар ҚАБДУӘЛИҚЫЗЫ,

                                                                                «Абай елі»

 

 

Шығыстың шымыр ұлы

 

         


 Қазақ елінің мақтанышы, қасиетті Абай топырағында дүниеге келген Айбек Нұғымаров қазақ күресінен тұңғыш төрт дүркін әлем чемпионы атанды. Бұл атаққа осыған дейін бірде-бір балуан қол жеткізген жоқ.

Егемендіктің 25 жылында қазақ күресі қарыштап дамып, жетістіктер еселеніп келеді. Аспан асты елінде қазақ күресінден өткен VI әлем чемпионатында жерлесіміз Айбек Нұғымаров чемпион атанса, Мұхит Тұрсынов қола медальға ие болды. Алғаш рет түйе палуандармен боз кілемге шыққан Мұхит Тұрсынов та ел намысын қолдан бермеді. Әкесі Шыңғыс Тұрсынов қазақ күресінен «ШҚО аға жаттықтырушы» атанды. Жалпы түйе палуанға 21 мемлекеттен 21 палуан қатысқан Қытайдың Іле қазақ автономиялы облысын дүбірге бөлеп, ондағы қандастар мен алыс-жақыннан ат шалдырған қонақтарға үш күн бойы тартысты белдесулер мен таңдай қақтырар тамаша сәттер сыйлаған VI Lүниежүзілік біріншілік те аяқталды. Бес салмақ дәрежесі бойынша өткен белдесулердің нәтижесінде жеңімпаздар анықталды. Атап айтар болсақ, 60 және 70 келі салмақта ағайынды Ғұсман мен Ғұмар Қырғызбаевтар чемпион атанса, 80 келіде отандасымыз Дәулет Фахридинов жеңіс тұғырының биігіне көтерілді. Ал 90 келіге дейін салмақта Айбол Айтбектің жұлдызы жарқырады. 

Жанкүйерлердің делебесін қоздырып, арқаландsрып жіберген ауыр салмақтағы балуандардың белдесулері болды. Бұл бәсекеде атой салған бозкілем шеберлері «кім мықтыны?» анықтау үшін жан алысып, жан берісті. Апайтөстер «айқасында» жерлесіміз Айбек Нұғымаров пен грузин жігіті Левани Матиашвили финалға шықты. Екеуі де осал емес. Екеуі де талай додаға түсіп, топ жарып жүрген саңлақтар. Мәселен, грузиялық спортшы бірнеше мәрте дзюдодан Еуропа чемпионатында топ жарған. Ал Айбектің қазақ күресінде қарсылас шақ келтірмейтінін айтпасақ та белгілі. Дегенмен, қос мықты арасындағы ақтық бәсеке 3-2 есебімен басым түскен шығысқазақстандық балуанның пайдасына шешілді. Сөйтіп, ұлылар елінің ұланы Айбек Нұғымаров қазақ күресінің тарихында тұңғыш рет төрт дүркін әлем чемпионы атанды. «Ең мықты-мықты деген палуандар, белдесуде жоғары дәрежеге жетіп жүрген палуандар қатысты. Енді алтын бұйырып, өз салмағымда ұтып алдым. Жақсы дайындықта бардым, «ұтам» деген арманым болатын»,-деген еді Айбек жерлесіміз.
Осылайша 2013-жылғы және 2014-жылғы «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпаздары ел мерейін үстем етті.

 

Анар СӘРСЕНБИНА,

«Абай елі»

 

Облыстық чемпионат

 

                              

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқының денсаулығын сақтауға үнемі зор маңыз беріп келеді. Ол үшін спортпен де шұғылдану қажет. Мемлекет басшысы “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ  «Жолдауында» «Спортпен шұғылдану, дұрыс тамақтана білу, жүйелі профилактикалық тексерілу – аурудың алдын алудың негізі»  деп те  атап көрсетті.

Мұның астарында шымыр да бәсекеге қабілетті ұлтты шыңдау мақсаты барын анық пайымдаймыз.  Абай еліндегі мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен ауданның балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі  осы мақсатты жүзеге асыруға зор  үлестерін қосып келеді. Бұл үшін ауданымызда жаңадан салынған спорт кешені де жас спортшыларымыздың  дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға барынша қолдау көрсетіп, мүмкіндік жасауда. Сондай-ақ спорттың барлық түрінен шұғылдану қолжетімді болды әрі күнделікті әдетке айналды десек артық айтпағандығымыз. Осының нәтижесінде аудан намысын қорғап, туын биіктетіп жүрген спортшыларымыздың жеңіс жолында тұғыры биік екендігінде дау тудырмасы анық. .  Біздің спортшыларымыз республикалық және халықаралық жарыстарда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Жоғары жетістіктерге бағытталған спорт жайында көп айтып, жазуға болады. Соның бірі – корей халқының ұлттық спорт түрі –таэквондо.  

 Таэквондо (ITF) жайына келер болсақ, ол Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізілгелі аса көп уақыт өте қоймаса да, мамандардың айтуынша, қазақстандықтар бұл түр бойынша мерейге бөлене алады. Таэквондоның ITF түрінен біздің жерлестеріміз Азия мен әлем чемпионаттарында топ жарған. Демек, осы ретте де біздің де  биік мәртебеге қол жеткізе аламыз деуге негіз жоқ емес. Әсіресе, ауданымыздағы «Тарлан» таэквондо клубы спортшыларының мәртебесі биік.  Жақында ауданымызда білгір бапкер сан жүздеген шәкіртті осы спорт түрінен баулып жүрген Еркін Балтабековтің ұйымдастыруымен  таэквондодан өткен облыстық чемпионат өтті. Абай елін дүбірге бөлеген тартысты  жарыс екі күнге созылды. Биыл ел Тәуелсіздігіне 25 жыл толса, таэквон-до ИТФ-тың ашылғанына  да 25 жыл толып отырғанын ескерсек, аталмыш чемпионаттың маңыздылығы жоғары екендігіне көз жеткіземіз. Облысымыздың Курчатов, Семей қалалары мен Көкпекті, Бесқарағай аудандарынан келген  150-ге тарта таэквондошылар бақ сынаған шаршы алаңда  үздік ойын өрнектерін көрсетті. Еліміздің Әнұранын  асқақтатқан  облыстық  жарыстың ашылу салтанатына ШҚО таэквондо президенті Советхан Махаббат,  ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сағындықов, ауданның балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Қуат Қалиев және бір топ спорт ардагерлері, ел ағалары, ел аналары қатысып көзайым болды,ақжарма лебіздерін жеткізіп,  ізгі тілектерін арнады. Аудан спортының қарыштап дамуына үлес қосқан Есенғарин Нұрсамат, Майдан Мұқанов, Дауылбай Исайынов, Боранбай Хаметов сынды спорт ардагерлеріне құрмет көрсетілді.   

Осылайша, «Арлан» таэквондо клубының жетекшісі Еркін Құмарғазыұлының жарыс ережелерін  түсіндірген сәттен соң  боз кілемде белдесулер басталып та кеткен-ді.  Екі күнге созылған тартысты бәсеке нәтижесінде жас ерекшеліге сай  әр салмақ дәрежесі  бойынша жеңімпаздар марапатталды. Жүлдегерлердің барлығын тізіп шығу мүмкіндігі болмағандықтан,  сайыс нәтижесінде  алтыннан алқа тағып, күміспен баптанған  жеңімпаздарды атап өткенді жөн көрдік. 12-13 жас,  32 салмақ дәрежесі бойынша қыздар арасында І- орынмен  көкпектілік Қанатбекова Қымбат қанжығасын майласа, осы жас аралығы бойынша 36 келі салмақта І- орынды «Жас жұлдыздылық» Есімжанова Наргиз иеленді. 40 келі салмақ дәрежесі бойынша І-орынды  абайлық  Жеңісқызы Шырын иеленсе, 44 келі салмақ бойынша Шаниева Гүлшат, ал ІІ- орынды абайлық Сайлаубекова Динара иеленді.  48 келі бойынша семейлік Өндірханова Томирис қоржынын І- орынмен толтырса, ІІ- орынмен мараптталған абайлық Зейнелова Индираның да мерейі үстем болды.   48 келіден жоғары салмақ дәрежесі бойынша жерлес қызымыз Сартова Ажар І- орынға ие болып, ауданның абыройын асқақтатты. Осы салмақта Берікқызы Айымгүл, Әнуарбекова Айымгүл сынды  үш қызымыз да ІІ-ІІІ орын тұғырынан көріне білді. 14-15 жас аралығы бойынша ұлдар арасында өткен бәсекеде І-орынды көкпектілік Ерланов Самат іліп әкетсе, 51 салмақ бойынша «Батыр» таэквондо клубының спортшысы Қалимолдаев Әлішер бағындырды. 57 салмақ бойынша Курчатов қаласынан Төлеубек Тимур иеленсе, 16-17 жас аралығы бойынша 51 келі салмақта жүлделі І- орынды Ролланов Бекарыстың («Жас жұлдыз»)еншісінде кетті . 57 келі салмақ бойынша Алшымбаев Дастан  («Батыр» клубынан)  лайық деп танылса, осы салмақта ІІ- орын Мұратов Аянға бұйырды. 63 келі салмақ бойынша І- орынды Серікханов Тнмірлан (Отан) қанжығасына бөктерді. 18 жастан жоғары спортшылар арасында «Жас жұлдыз» клубы спортшыларының бағы жанды. Құнафиянов Дияс, Кураев Николай және Битеміров Дәурендер жеңісті қолдан шығармады. Жарыс барысында байғанымыз Көкпекті, Курчатов қалаларының таэквондошылары зор дайындықпен келгендіктерін көрсетті. Абай елінің ұландары да дес бермеді. Жеңімпаздардың бірқатарын өкінішке орай, тиісті мәліметтің  жоқтығынан  толық жариялай алмай отырмыз.  Чемпионат барысында алтын, күміс, қола  медальдарымен және Мақтау Грамоталарымен марапатталған   жеңімпаздардың барлығын  сүбелі жеңістерімен құттықтаймыз.    

Елбасымыздың тапсырмаларын жүзеге асыра отырып, спорт саласы  барлық белгіленген бағыттар бойынша көзделген мақсаттарға қол жеткізеді. Бұл орайда бұқаралық спортты дамытуға үлкен көңіл бөлінсе деген ой айтқым келеді. Өйткені, ол тұрғындарымыздың денсаулығының кепілі болмақ .

 

Анар СӘРСЕНБИНА,

«Абай елі»

 

Еске алу кубогі  

 

МАНАРБЕК ЕСІМІ МӘҢГІ ЕСТЕ!  

                              

Биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Осынау айтулы мерекеге орай ауданымызда көптеген  іргелі іс-шаралар жыл басынан бері ұйымдастырылып келеді. Қашанда мәдениеттің, өнердің туын биік ұстап, тау тұлғалары мен саңлақтарын  ардақтай білетін  Ұлылар елі бұл үрдісті жылма жыл жалғастыруда. Оған дәлеліміз жетерлік. Атап айтсақ, Шыңғыстау төрінде  төрт күн бойы Абай елінің әйгілі тұлғалары ардақталды. Халық болып өнер майталманы, Қазақстанның халық әртісі, жерлесіміз Әмина Өмірзақованың 100 жылдық мерейтойы мен жастайынан спортты серік еткен Манарбек Таутановты еске алуға арналған Қазақстан Республикасының  Кубогын  дүбірлетіп атап өтті. 

 

Осынау ұлан-асыр  тойға алыс-жақыннан мәртебелі меймандар мол келді. Аймақтағы зиялы қауым өкілдерінен «Нұр отан» партиясының ШҚО филиалы бойынша төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов, ШҚО денешынықтыру спорт басқармасының өкілі Жарас Сағадиев,  филология ғылымдарының докторы, профессор  Арап Еспенбетов, халықаралық «Абай қорының» президенті Отантай Кәрібжанов,  ел ардақтылары Бекен Теміров, Молдабек  Жанболатов, Бекен Имаханов сынды ағаларымыз арнайы келіпті. Сонымен қатар, Әмина Өмірзақованың туыс бауырлары, «Тақиялы періште» фильміндегі Тайлақ рөлін сомдайтын  ҚР-ның мәдениет қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы Әлімғазы Райымбеков атамыз, Серікбай Маусымбаев, Шаған Жұмақсанов, Ерлан Оразалин, Ғалым Қуанышбаев, Жақсыгелді Екібаев және тағы бірқатар ел азаматтары  мәртебелі меймандар қатарын толықтырды.

Аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков бастаған аудан басшылары, ел ағалары, арнайы шақырылған сыйлы қонақтар ең алдымен хакім Абай мен тарихи тұлға Мамай батыр ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды. Осыдан соң даңқты палуанымыз,  Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, ҚР спорт қайраткері, Абай ауданының Құрметті азаматы Манарбек Таутановты еске алуға арналған ел кубогының ашылу салтанатына қатысты.

Қазақ күресі – нағыз текті күрес түрі. Балуандардың жауырыны толық жерге тисе ғана таза жеңіс болып есептелінеді. Ол нағыз білек күші бұлқынған, қарсыласының жігерін құм қылған апайтөс алыптардың күресі. Сондықтан қазақ күресінің келешегі – кемел, болашағы жарқын. Арыдан бастау алған осынау бабалар дәстүрі- қазақ күресінен аудан тарихында айрықша із қалдырған  Орта Азия мен Қазақстан чемпионы болған Н.Сәдуақасов, Қазақстанның екі мәрте түйе палуаны Мағауия Оразбеков, Қайырбек Дүрмекбаев, Манарбек  Таутанов сынды көптеген спорт саңлақтарының есімдерімен әйгілі. Осы үрдісті бүгінде  әлем чемпиондары Зекен Шаймарданов,  «Қазақстан барыстары»  Мереке Тұрашев, Айбек Нұғымаров пен Мұхит Тұрсыновтар лайықты жалғастырып келеді.  

Аудан командасының қазақ күресінен облыста, республикада үнемі алдыңғы орындарда көрініп жүргені осының айғағы. Киелі жердің туын жоғары ұстап, текті елдің абыройын биікке көтеріп, жұртының намысын жыртып, тұғырын мұқалтпай, туын жұқартпай белдескенді белден басып, күрескеннің аяғын көктен келтіріп, жауырыны жер иіскемеген апайтөс дақты палуандарымыздың алты Алаш алдында атағы асқақ! Байрақты бәсекеде еңселі еліміздің көк байрағын желбіретіп, Әнұранын әуелетіп, ел үмітін ақтап жүрген ерлеріміз қаншама!

Абай елінде өз перзенттеріне, спорт саңлақтарына көрсетілетін құрметі қашанда ерекше. Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы, Абай ауданының «Құрметті азаматы» Манарбек  Бекенұлы Таутанов атындағы республикалық турнир жылма жыл өз жалғасын тауып келеді. Өткен жылы Абайдың 170 жылдық тойы қарсаңында 4-ші мәрте өткізілсе, енді міне, араға жыл салып Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып 5-ші мәрте жалауын көтерді.  

Елі ер қылып төріне шығарған, тасқа салса да мұқалмайтын қайтпас қайсар, өр тұлғалы даңқты ұлымыз, Қазақстанның екі мәрте түйе палуаны болған Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері, дзюдо бойынша ҚР-на еңбек сіңірген жаттықтырушысы, самбо күресінің майталманы, Абай ауданының «Құрметті азаматы» марқұм жерлесіміз Таутанов Манарбек Бекенұлын еске алуға арналған  Қазақстан Республикасының  кубогын  «Аға Сұлтан»  алаңында республиканың түкпір- түкпірінен келген жарысқа қатысушылар мен спорт майталмандары, Манарбек Таутановтың аяулы жары Гүлмира да, спорттағы үзеңгілес достары, яғни еліміздің Әлем, Азия, КСРО-ның чемпиондары, шәкірттері, аудан тұрғындары турнирді тамашалауға жиналды. Қажымұқанның ізбасарлары үшін алаңның екі бұрышына екі қазақ үй тігіліп, 24 метрлік шатырланған  арнайы подиум  орнатылды. Сахнада ұлтының намысы болған отты ұлы Манарбек Таутановтың атындағы ҚР Кубогы екендігін әйгілейтін баннерлер ілініп, Манарбекті еске алуға арналған республикалық турнир жарыстарының  жеңіс тұғырынан көрінген палуандардың  қуанышты сәттері лэд-экраннан үздіксіз көрсетіліп тұрды. Боз кілемдегі байрақты бәсекені түсіруге жергілікті баспасөз құралдары өкілдерінен өзге «Ертіс өңірі» газетінің журналистері, «Қазақстан-Өскемен»,  «ТВК-6» телеарналарынан арнайы тілшілер қауымы келді. 

Байрақты бәсекеге арнайы шақырылған мәртебелі қонақтар сапында ҚР-ның мәдениет қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы Әлімғазы Райымбеков атамыз, сондай ақ Семей қаласынан арнайы шақырылған зиялы қауым өкілдері, қадірменді ақсақалдарымыз  бен «Нұр Отан» партиясының ШҚО филиалы бойынша төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов, ШҚО денешынықтыру спорт басқармасының өкілі Сағадиев Жарас Болатханұлы  да осы салтанатты шараға куә болысты.

Қазақтың ұлы балуаны, Қажымұқан Мұңайтпасов екені барша жұртқа жақсы мәлім. Қажымұқан  қазақ күресінің жілігін шағып, майын ағызғандығы бізге қазақ киномотографиясы арқылы жеткен болатын. Сол «Қажымұқан» фильмінде балуан Қажымұқан  бейнесін сомдаған актер, ҚР-ның мәдениет қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы Әлімғазы Райымбеков атамыздың осы күні ұлылар елінде, батырлар төрінде қонақта болуы барша абайлықтарды қуанышқа бөледі.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері, Абай ауданының Құрметті азаматы Манарбек Таутановты еске алуға арналған қазақ күресінен өтетін Қазақстан Республикасы Кубогын ашу үшін сөз Тұрсынғазы Жантұяқұлына берілді. Аудан басшысы өз сөзінде Әмина Өмірзақова апамыздың 100 жылдығына арналған тоймен қатарласа келген Республикалық Кубоктің  маңыздылығын айта келе, барша жұртты дүбірлі тоймен құттықтап, Манарбектей оғланымыз жайлы ой толғап,  палуандар бәсін ашық деп жариялап, жас балуандарға жеңісті күндер тіледі.

Мемлекетіміздің Әнұранымен асқақтата басталған турнирдің ашылу салтанатында ізгі тілек білдіргендер қатары мол болды. Атап айтсақ, сөз алған ҚР-сының  мемлекеттік жаттықтырушысы Марат Жақыт ақжарма лебізін арнап, аудан әкімі Тұрсынғазы  Мүсәпірбековті осындай ауқымды турнирді биік  дәрежеде ұйымдастыруға атсалысқаны үшін «Алғыс хатпен» марапаттады. Осыдан соң ҚР-сы төрешілерінің төрағасы Шалқар Жоламанов Республикалық Кубоктың өту тәртібімен таныстырып,  жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

            Ешкімді бей-жай қалдырмайтын, намысты жанып, ептілік пен шымырлықтың бәсекесі, жігіттердің ерік жігері мен білек күшін байқататын қазақ күресіне де осылайша кезек келді. Төрешілер таныстырылған соң, бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнаған палуандар белдесуінде сайдың тасындай іріктелген Қазақстанның 15 облысынан 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100 және 100 келіден жоғары салмақ дәрежесіндегі жиыны 160-қа жуық спортшылар күш сынасты. Жарыс өте тартысты өтті деуге болады. Қазақ күресінің қарыштап дамуы жоғары деңгейде екенін байқадық. Күрестің әр түрінен, мысалы самбо, дзюдо, еркін күрес, грек-рим спортымен айналысып жүрген спортшылар да осы қазақ күресіне қызығып қатысып жатыр екен. Әрі бұл жолы кубокқа «Қазақстан барысы» жобасына қатысып жүрген білекті ұлдар да келіпті.

Жарыстың бірінші күні жан-жақтан келген балуандардың салмақтары өлшеніп, қонақүйлерге орналасқан болатын. Ал, екінші күні өткен ашылу салтанатынан соң  командалық жарыста жүлделер сарапқа салынды. Нәтижесінде І-орынды Астана қаласы, ІІ- орынды Алматы қаласы, ІІІ- орынды Қостанай мен Жамбыл облысы өзара бөлісіп, қанжығаларына байлады.

Жарыс үшінші күні де жалғасын тапты. Кілем үстіндегі палуандар айқасы бір сәт те толастамады. Ал төртінші күні  ақтық белдесулер басталды. Ашық аспан астында төселген бозкілемде сайдың тасындай ірі денелі, елінің рухын асқақтатып, намысты жандырып жүрген палуандар ақтық сайыста өз мүмкіндіктері мен ойын ережесіне сай шеберліктерін көрсетті. Сөйтіп, еліміздің  он алты облысынан келген Қажымұқанның ізбасарлары Абай төріндегі аламанның көрігін қыздырды.

Күрес десе қаны қызбайтын қазақ бар ма?! Делебесі қозған көпшілік тұс- тұстан қиқулап, кілемдегі ұлдарын барынша қолдап бақты. Әсіресе, түйе палуандыққа талас мейлінше  тартысты өрбіді.  90 келі мен 100 және 100 ден жоғары келідегі балуандар бірін-бірі алып та, шалып та жығып, боз кілемде атой алды.  

Осылайша, Манарбек Таутанов атындағы қазақ күресінен өткен ересектер арасындағы Қазақстан  Республикасы  Кубогі  де өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар қатары белгілі болды.  Бәсеке нәтижесінде  осы жарыста айла асырып, күші басым түсіп жеңіске  жеткен І-ІІ орын иеленген балуандарымызды атап өтсек, 55 келі салмақта І- орынды Алматы қаласынан келген Нигматуллаев Марат, ІІ- орынды  Қостанай облысынан Мұхамбетжанов Әлішер иеленді.  60 келі салмақ бойынша І- орынды  Солтүстік Қазақстан облысынан Ілесбеков Олжасбек олжаласа, ІІ- орын Шығыстық Мейіржан Берекетовке бұйырды. Ал 66 келі салмақ дәрежесі бойынша І-орынға оңтүстіктік Дәмен Дәурен, ІІ -орынға Алматы облысының балуаны Сатыбалдинов Амангелді ие болды.  74 келі салмақ дәрежесі бойынша 22 балуан өзара белдесіп, нәтижесінде І - орынды Солтүстік Қазақстан облысының балуаны Қайырбек Батырхан, ІІ- орынды қарағандылық Айдос Ғалымов жеңіп алды. 82 келі салмақта І- орын иеленген   астаналық Өтеулиев Қажымұқан  қанжығасын майласа,  ІІ- орынға  оңтүстіктік Бекқұлұлы Әл-Фараби жеңіске жетті. 90 келі дәрежесі бойынша  алматылық Жұмахметов Әлімжан І- орынмен қоржынын толтырса, ІІ- орынды  павлодарлық Махамбетов Ислам бағындырды. 100 келі салмақ дәрежесі  бойынша  жүлделі І- орынмен  астаналық Сейділдаев Ғани, ІІ- орынмен  Алматы облысының балуаны  Сакенұлы Жігер марапатталды. Ақтық белдесуде  100 келіден жоғары салмақ дәрежесі бойынша І орынға шыққан  Алматы қаласының балуаны Әбдіразақов Руслан, ІІ- орынды Шығыстық Айбек Қалибеков қанжығасына бөктерді. Түйе балуандыққа таласқан балуандар жекпе-жегінде атан жілік, апайтөс Айбат Сейтен қарсыластарын шақ келтірместен «Түйе балуан» атанды.  Республикалық Осыдан соң салтанатты түрдегі марапат рәсіміне кезек берілді. Кубок жеңімпаздары мен қоса спорт саласының дамуына үлкен үлестерін қосқан жаны ізгі демеушілерге де алғыс айтылып, қошемет-құрмет көрсетілді.  

Жүлде қорына келсек, жекелей салмақ дәрежесіндегі жеңімпаз балуандарға І- орынға 300 мың теңге, ІІ- орынға 100 мың теңге, ІІІ- орын алған екі балуанға 80 мыңнан табысталды. Ал «Түйе балуандарға»  І- орынға 500 мың теңге, ІІ- орынға 200 мың, ІІІ- орынға 100-100 мыңнан берілді. Жүлде қорының қомақты болғаны анық.   

«Тас түскен жеріне ауыр» демекші, алыстан ат арытып келген қаншама қонақтарды қарсы алып, спортшыларды орналастырып, турнирдің өз мәнінде өтуіне үлкен үлес қосып, спорт саңлағын ұлықтауда  ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен  Қалиев Қуат Барысұлы бастаған ауданымыздағыМанарбек Таутанов атындағы жаңадан ашылған  спорт мектебі ұстаздарының еселі еңбектерін атап өткеніміз жөн.

Сондай-ақ, турнир барысында жанының жомарттығымен танылып, демеуші болған барлық азаматтарға, яғни Әмина Өмірзақова апамыздың 100 жылдығымен қатар ұйымдастырылған Республикалық Кубокті  өткізуде белсене атсалысып, қолдау көрсеткен жандарды атап өту ләзім. Олар  Шаңғараев Айтжан, Ерденбеков Мұрат, Өзбеханов  Қуат, Мұқанов Ержан, Сексенбаев Әділ, Қабдрахманов Ербол, Оразалин Шаған, Оразалин Ерлан, Аяпбергенов Қымбат, Омаров Мұрат, Мағауин Махмұт, Сексенбаев Серік, Жарылғапов Аян, Шымырбаев Қайсар, Садыханов Бауыржан, Көнекбаев Тлеуберді,  Мұсабеков Қанат, Қалиев Қуат, Жарылғапов Мақсат, Жаңбырбаев Талғат, Абелдинов Есен, жары Таутанова Гүлмира  сынды ел мерейін асырған азаматтарға Абай жұртшылығы атынан ризашылығымызды білдіреміз.

  1. S: Осылайша, Абай елі өз ұлын, өр ұлын тағы бір мәрте еске алып, қадір тұтты. Бүгінде өмірде жоқ болса да оның атына дүбірлі турнир өткізді. Шыңғыстау төрінде 2012 жылдан бастап бесінші мәрте орын алып отырған Манарбек Таутанов атындағы Республикалық турнирдің жыл сайын маңызы арта түспек. Бұл бір есептен өскелең ұрпақ үшін ұйымдастырылған ұлағатты іс екені анық!

Осынау дүбірлі дода барысында біз осыны аңдадық , һәм осыған қуандық.

Абай елінің спорттағы атағы да Манарбек сынды даңқты балуан ұлдарымен бірге мәңгілікке асқақтай бермек.

 

Анар СӘРСЕНБИНА,

«Абай елі»

 

Page 2 of 5

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!