Біздің жерлестер

Біздің жерлестер (11)

Бәрекелді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде мұғалімдер алдына үлкен жауапкершілік артып отыр. Бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру ұстаздың міндеті. Мұғалімдер қазіргі заман талабына сай азаматқа білім беріп, тәрбиелеу үшін өзі де заман ағысымен өзгерген, жаңа педтехнологияны меңгерген, кем дегенде үш тілді игерген болып, оқушыға білімді өзіне іздентіп игертетін, өзіндік пікірі қалыптасқан жас жеткіншекті қалыптастыруы керек деген. Мұғалімдердің білімдерін жетілдіру үшін әр түрлі оқу түрлері, семинарлар, конференциялар, сайыстар, мәдени  шаралар ұйымдастырылып жатыр. Мұғалімнің кәсіби шеберлігін арттыруға барлық жағдайлар жасалуда.

Адам үшін бақыт – еңбек  жемісінде. Биылғы  ұстаздар  мерекесі «Абай колледжінің» ұжымы үшін ерекше болды. Өйткені, білім беру саласында ерінбей тер төгіп,тәтті еңбегінің жемісін татып  келе жатқан ұстаздардың бірі-  колледж директорының оқыту жұмысы  жөніндегі орынбасары, математика пәнінің оқытушысы,жоғары санатты ұстаз Бурыбаева Алтынғайша үстіміздегі жылдың мамыр айында  өткен «ҮЗДІК ПЕДАГОГ -2017» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНКУРСЫНЫҢ ОБЛЫСТЫҚ КЕЗЕҢІНДЕ ІІ ДӘРЕЖЕЛІ ДИПЛОММЕН  марапатталып, 2017 жылдың қазан айында Астана қаласында  өткен Республикалық кезеңінде  «2017 жылдың үздік педагогы» атағын жеңіп алып, Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрі Е.Сағадиевтің қолынан «Білім  беру ұйымының  үздік педагогі» медалін және «2017 жылдың үздік педагогі» куәлігін алып келді.

Бурыбаева Алтынғайша ұлағатты ұстаз, білікті басшы болып еңбек етіп келе жатқанына 30 жылға тақау уақыт  болыпты. Осы бір жоғары жауапкершілікті талап ететін ұстаздық салада тынымсыз еңбек етіп жүрген жан өз ортасына сыйлы. Ұжымы мен үлгі-өнеге тұтатын шәкірттері  оның еңбек сүйгіштігіне, тиянақты да ұқыпты ісіне талай жылдардан бері тәнті болуда. Бәрінен де, қоғамның дамуына, еліміздің өркендеуі жолында  бойындағы   біліктілігін  аянып қалған емес. Қарапайым оқытушыдан бастап, колледж директорының оқыту жұмысы жөніндегі орынбасары деңгейіне дейін көтеріле отырып, еңбек жолының талай қызығы мен шыжығын бастан өткерді. Инемен құдық қазғандай, көз майын тауысқан оның осы салада көптеген еңбектерi  еленіп, бағаланды.. Жастарды тәрбиелеуде  ұстаз: «Ең бiрiншi, адам жанын түсiнуге тырысу керек, сондай-ақ, мейiрiмдiлiк пен қатаң ұстанымды тең ұстай отырып, жүктелген жауапкершiлiктi сезiну маңызды» дейдi.

Біз- колледж ұжымы,  Алтынғайша әріптесіміздің алдағы өміріне толағай табыстар мен асқаралы шыңдарды бағындыра беруге тілектестік білдіреміз. Еңбегіңіздің жемісін әр уақытта көре беріңіз!

 

 

«Абай колледжі»  ұжымы.

Рухани  ынтымақтастық


 

 

Осыдан біраз бұрын, наурыз айының 7-10 күндері аралығында Египет Араб Республикасының астанасы Каир қаласында сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық бойынша Қазақстан-Египет үкіметаралық комиссиясының бесінші отырысы болып өтті. Халықаралық деңгейдегі маңызды кездесуге еліміздің делегациясын ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бастап барды.

Ауқымды басқосу саналатын аталмыш үкіметаралық комиссия отырысында қос мемлекет арасындағы мәдениет және тарихи-мәдени мұраларды қорғау, спорт пен туризм, білім беру, діни қызмет, сауда, өндіріс, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау т.б. салалар бойынша әріптестікті дамыту мәселелері қаралды.

Айта кетер болсақ, қазақстандық делегация құрамында еліміздің Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арын, Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Алмаз Нұразхан, Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Мельдешов, Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің төрағасының міндетін атқарушы Пак Лариса Юн-Бойевна, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Заң қызметі және халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары Ғалымжан Жұмашев, ШҚО Абай ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Тәттібеков, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ІІ хатшысы Қожахмет Пазилов, Ұлттық кітапхана директоры Жанат Сейдуманов, «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяровтар болды.

Кездесу барысында жүргізілген келіссөздер нәтижесінде Қазақстан-Египет үкіметаралық комиссиясы 5-отырысының хаттамасы жасалынып, қос тарап бірігіп қол қойыпты. Бұл аса маңызды құжатта екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық мәселелерінн бірігіп іске асыру межеленген. Яғни, таяу болашақтағы іс-шаралар қатары пысықталыныпты.

Нақтырақ тоқталсақ, қос тарап «ЭКСПО-2017» халықаралық көрме аясында Ежелгі Египеттің өнер туындылары көрмесін өткізу мәселесі бойынша жұмыс жүргізбек. Бұдан өзге болашақта ҚР Ұлттық музейінде әлемдік мәдениет залын ашу үшін қазақстандық реставраторлар, археологтар Египетте даярлық курстарынан өтетін болады.

Осынау келелі басқосу аясында қос елдің мәдени бауырластығын арттыратын бірқатар игілікті шаралар да орын алды. Атап айтсақ, Арыстанбек Мұхамедиұлы Мысыр елінің  инвестициялар және халықаралық ынтымақтастық министрі Сахара Наср, мәдениет министрі Х. Наманам, Көнелер ісі министрі Х.Аль-Анани жән Каир шаһарының губернаторымен екіжақты кездесулер өткізіп, тарихи қаладағы «Достық пен еркіндік» саябағында орналасқан Абай бюстіне гүл шоқтарын қойды. Мұнымен қатар, ел делегациясы ұлы даланың ұлы тұлғасы Сұлтан Бейбарыс мешітін зиярат етті.

Осы орайда сонау Мысыр еліне арнайы ресми сапармен барып қайтқан Абай ауданы әкімің орынбасары Бауыржан Болатұлы өз әсерімен бөлісті.

-Естеріңізде болса, өткен жылдың қазан айында Мысыр төріне Абай ескерткіші қойылды деген сүйінші хабарды естіген едік. Төбеміз көкке бір елі ғана жетпей қалған болатын. Абайдың және оның әдеби мұрасының әлемдік деңгейде кеңінен насихатталуы күллі қазаққа мәртебе екенін көріп жүрміз. Сол себепті де, мені адамзат өркениетінің алғашқы алтын бесігі саналар осынау елдегі Абай ескерткішіне гүл шоғын қою сәті ерекше тебірентті. Жалпы, осы сапар барысында Египет Араб Республикасының Қазақстанға деген құрметі мен ерекше ықыласын танып қайттым. Тіпті олар, жас қала Астана мен іргетасы сонау перғауындар билігі заманында қаланған әйгілі Каир қаласын «Бауырлас қалалар» деп атайды екен, - деп атап өтті.

Жалпы, осынау екіжақты кездесулер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Египет арасында бірқатар маңызды келісімдерге қол қойылыпты. Оның ішінде ҚР Ұлттық кітапханасы мен ЕАР Ұлттық кітапханасы және мұрағаты арасындағы ынтымақтастықты дамыту туралы меморандум, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен ЕАР Уақыфтар министрлігі арасында әріптестік орнату туралы меморандум қабылданыпты. Әйтседе, Ұлылар елі үшін, бүгінгі Абайшыл ұрпақ үшін хакім есімінің Мысыр төрінде ұлықталуы айтарлықтай қуанышты жаңалық екендігі хақ.

 

Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі»

Перзенттік парыз – халқымыз үшін қастерлі ұғым. Осынау түсініктің кең аясынан туындайтын «Туған жерге тағзым» акциясы қазіргі таңда ауданымызда бірізге түскен бірегей бастамалардың бірі. Әр перзенттің бойындағы алтын бесік ауылына деген ыстық махаббатының айғағы болар осынау ілкімді шара аясында ауылдарымыздың келбеті күн санап жақсарып келе жатыр. Туған мекеніне белгі орнатуға ниетті жомарт жандар қатары да жетерлік.

Ауданымызда тұрғындар игілігі үшін түрлі нысандар тұрғызған меценат жандардан бөлек елін өнерімен, ерекше болмысымен рухани тұрғыдан қолдау көрсетіп жүрген  жерлестеріміз де мол. Жуырда Шәкір елінен шыққан шынайы талант иесі, Құрманғазы атындағы халықаралық конкурстың лауреаты, елге танымал күйші жерлесіміз Айбек Бекбосынов туған жеріне тағзым ете келді. Өнер иесі жерлестеріне күй күмбіріне толы тамаша кеш тарту етті.

Өскен өлкесіне өнерімен бас ие келген өрелі ұлының әр жетістігіне марқаятын елі де Айбектей ұланын ыстық құшақпен қарсы алды. Ауылына арнайы ат басын бұрған Айбек бастаған меймандар алдымен Жидебайға барып, бабалар рухына Құран бағыштап, дұға етті. Осыдан соң Абайтану мәжіліс залында күй өнеріне енді бойлаған жас өрендермен күй тартыс рәсім жасады. Жас өнерпаздар осынау басқосу барысында  Айбек ағаларына күйшілік өнер жайлы сауалдар қойып, келелі сұхбат құрды.

Десекте, дәулескер күйшінің кемеліне жеткен өнеріне аудан орталығында өткен күй кешінде куә болдық. Кеш тізгінін адуынды айтыскер ақын, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Дәулеткерей Кәпұлы ұстаса, Құндызды ауылының апайтөс Айбектей палуан ұлы мен белгілі эстрада әншісі Бауыржан Исаев қадірменді қонақтар қатарын толықтырды.

Концерттік бағдарлама аясында сөзін жыр маржандарымен өрнектеген Д.Кәпұлы шырайлы басқосудың әрін ашып, әр нөмірді тартымды жеткізе білді. Кеш бойы қазақтың қара домбырасын күмбірлетіп, Тәттімбеттің, Сыр өңірінің, Нұрғиса Тілендиевтің, Құрманғазының тағы да басқа жас авторлардың күйлерін қос ішек пен тиектен ағытқанда Айбектей талантты ұлдарына тәнті болмаған көрермен қалмады.

Бір бұл емес, шығармашылық кеште жаңа туындылардың да тұсауы кесілді. Жерлес ақын Бауыржан Жақыптың сөзіне жазылған «Күй өлең» атты жаңа туындысы мен атом зардабынан жапа шеккен жандарға арналған «Саржал» күйі бейнебаянмен көрсетіліп, көпшіліктің көңіл төрінен орын ала білді. Сондай-ақ белгілі эстрада әншісі Нұрлан Еспановтың «Тағдыр жолы» туындысын күймен көмкерген Айбектің өнерге құштар балалық сәтінен, бой түзеген тұлғалық кезеңіне дейін сахнада сомдаған композициялық қойылым ерекше әсер қалдырды. Күй өнерін жанына бала күнінен серік еткен Айбек осы жолға жетелеген анасына да басын иеді. Бұл ретте ешбір сахнада шырқалмаған анаға арнауын ашық дауыспен орындап, әншілік қырынан да танылды.

Бір бойына күйшілік, әншілік, сазгерлік қасиеттері қатар ұштасқан ұланның өнеріне қол соқпаған, қошемет көрсетпеген көрермен болмады. Қарауылдың баласы болса да өнері қазақ еліне ортақ Айбек бүгінде ұлылар елінен шыққан ұлан екенін республика төрінде дәлелдеуде.

Шығармашылық кеш иесі өнердегі ағасы Бауыржан Исаевты да ала келген екен. Қарауылдықтар алдында Абай әндерімен қоса өз репертуарындағы әндерін де орындап, көпшілік қауымды тәнті етті.

Кеш барысында Айбектің әпкесі, Құнанбай қажының ұрпағы Бақыт Шағатаева да тілегін білдіріп, ән-шашуын ұсынды. Ал әкесінің шығармашылық кешінде шабытын оятып, «Армысың Абай елі» деп жыр дәптерінен өлең арнаған Ерасыл Айбекұлы өзінің ақындық қырын паш етті.

Осыдан соң қазақ елін күрес өнерін шебер меңгеруімен мойындатқан балуан Айбекке «Айбарыс» күйін арнаған күйші Айбек жерлестерін тағы бір мәрте марқайтып тастады. Туған жер алдындағы перзенттік парызын өнерімен өтеп қайтуға келген ұлан осылайша тамаша кештің соңында жүрекжарды лебізін де білдірді.  

-Осынау құт қонақтап, қасиет дарыған топырақта дүние келгенімді әрқашан мақтан тұтамын. Әрі өзімді Ұлылар елінің ұланы деген атқа сай болу үшін үнемі қамшылап, сол абыройға лайық болуға, Абай елінің намысын аласартпауға тырысамын. Туған жеріме келіп, тұңғыш рет шығармашылық кешімді ұсыну, киелі сахнада өнер көрсету маған үлкен жауапкершілік жүктеді. Өскен орта, ұшқан ұя алдында титтей де болса перзенттік парызымды өтесем – мен үшін ол үлкен бақыт, - деді Айбек бізге берген сұхбатында жүрекжарды тебіренісімен бөлісіп.

Талаптың тұлпарын ерттеп мініп, тас қияға өрлеген өрендерінің өнеріне қашанда қолдау танытатын Құрмангүл анасы Айбегін алақанына салған Абай еліне, осынау шараға ұйытқы болған аудан басшыларына зор ризашылығын білдірді.

Айбектей жерлесімізге біз де ел атынан алғысымызды жеткізе келе, өнер әлеміндегі бағындырар белесі әрдайым биік болуына тілектестік білдіреміз.

Біздің елдің қарттары

 

82 ЖАСЫНДА ҚАСҚЫР АЛҒАН ҚАРИЯ

 

Биылғы қыс жылдағыдан ерте түсті. Қараша айының екінші жартысы басталысымен қар бір жұмадай тоқтаусыз жауа бастады. Бұл аңшылардың аңға шығатын мезгілі, жайсонар, қансонар деп аталатын уақыт. Әр қар жауған сайын Төлеуғазы ақсақалдың дегбірі қашып аңға шығуды аңсай бастайтын әдеті. Бірақ жас 80-нен асқанда жол жүруді көтере ала ма? Бір жағынан балалары «жасыңыз болса біразға келді, енді тоқтасаңыз да болады» дей береді. Әйтседе, Төкең ауыл ақсақалы, қазыналы қарт. Жас кезінде аңға көп шығып, жақсылармен көп жүрген, серілігі бар түз адамы.

          Әсіресе, түз тағысы қасқырға келгенде жылдар бойы жинаған мол тәжірибесі бар ақсақал аңшылықтың осы түрін ерекше ұнатады. Бұл кісінің аң соңынан із кесуін, алыстан көргіш қасиеттерін әркімнен еститінмін. Сонау бір жылдары ауыл тұрғынының қоздағалы тұрған бір-екі бас қойы жоғалады. Жастау кезі болғандықтан, мотоциклмен іздеп, жоқ малды табуға көмектеседі. Ауылдан шыққанан кейін біраз жерге барған соң қасындағы мал иесінен «сіздің жоғалған қойыңыздың біреуі қара алама?» деп сұрайды. «Иә» деп жауап берді ана кісі. Мөлшері үш шақырымдай қашықтықтағы қараң-құраң малға қарап тұрып, «анау жүрген мал сол қой ғой деймін, өзі қоздап қалған сияқты» депті. Жер шилі, қарағаны мол жер екен, көру мүмкін емес болғандықтан мал иесі сеніңкіремейді. Көліктерімен жетіп барса, расымен бір қойы қоздап қалыпты. Ақсақал туралы сол сияқты аңыз әңгімелер ел аузында көп айтылады.

       Сонымен, Тоқай ақсақал баласына көлікке жанар-жағармайын құюды тапсырып, жылқыларды қарап қайтайық деген сылтаумен таңертеңгі сағат ондар шамасында машинаға отырып, баласына қаруын алғызады. Үйден шыққанан кейін жылқыға қарай емес, мүлде басқа бағытқа жол тартады. Баласы бетіне бір қарап, әкесінің ойы басқада екенін ұғады.

Сөйтіп, әкелі-балалы аңшылар ауылдың шығыс жақ бетіндегі Қарашоқы тауына қарай тартып отырады. Таудың алдыңғы жағында жемтік бар деп естіген екен. Салып ұрып жемтікке келсе, жаңа ғана өткен ізіге көздері түседі. Көп жүрмей-ақ қасқырлардың да қарасы көрінеді. Әккі қасқырлар екіге бөліне қашады. Уақыттарын жоғалтпай біреуінің соңынан қуа жөнеледі. Әбден қуғын көрген айлакер түз тағысы айнала қашып барып Қарашоқының етегіндегі көлге түсіп кетеді. Көлді айналып барғанша қасқырдың да қарасы көрінбей ұзаған екен. Көліктің жылдамдығын арттыра 10 шақырымдай қуғаннан кейін шығыс жақтағы «Қызыладыр» деген жерден асқанда қасқыр қайта көрінеді. Көп ұзамай «Тұмаға» жақындай бере қасқырды атып алады. Енді ауылға қарай беттегенде қария көлік жүргізуші баласына «бағана қасқырлар екіге бөлінген жерге соғып, бағытын көрейік, сәті түссе екіншісін де соғып алармыз» дейді.

Сонымен ізге келіп түскен олар алдарындағы шолақ адыр шақпақтан асып, әрі қарай біраз жүреді. Қуғынды көп көріп, әккіленген жыртқыш сол жерден ұзамапты. Бұл жолғы қасқыр желкесі бір қарыс нағыз тайыншадай арлан екен. Соңғы оқпен атып жаралаған қасқыр құлай қоймаса керек, біраз әуреленген соң оны машинамен қағып құлатады. Сөйтіп айналасы 3-4 сағат арасында екі түз тағысын қанжығасына байлап, олжалы қайтады.

Біз де қариямызға риза көңілмен осы бір мақала арқылы алғыс білдіре отырып. Жасы 100-ге келгенде де тағы да қасқыр алуына тілектеспіз

Ертіс ТӘТИ,

«Ш.Тоқжігітов атындағы орта мектебі» КММ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Гауһар той

 

ЖҰБАЙЫЛЫҚ ӨМІРДЕГІ 60 ЖЫЛ

 

Ауданымызда кейінгі 5-6 жылдың ішінде Гауһар той болмаған еді. Бұл үзілісті жуырда 60 жыл уақыт ерлі-зайыптылық өмірлерін бірге өткізіп, бүгінде ұрпағының ортасында осынау қуаныштарын атап өтіп жатқан өнегелі отбасылардың бірі - Әбеуовтердің әулеті жалғады. Аудандық мекеменің әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің АХАТ саласы мамандары арнайы шақырумен барып, Гауһар тойдың өтуіне өз ықпалымызды тигіздік.

«Махаббат- байлық пен бақыттың қолдағанын ұнатады» дейді халық нақылы. Бұл сөздер жерлестеріміз, арамызда жүрген ардақты ақылгөй қарияларымыз, бүгінде 80 жасты еркін еңсеріп отырған Әбеуов Зейнолла әкеміз бен Танина Панижамал (Майтан) шешемізге арнап айтылғандай. Бір адамның ғұмыры дерлік уақыт бойы жарасымды жанұя құрғандарына 60 жыл толған қадірменді жандардың бүгінгі бақуатты ғұмырына ұрпақтары тіреу болуда,

Гауһар той барысында әкеміз бен анамыздың некесін азаматтық хал актілерін тіркеу органының мұрағатында сақталу үшін арнайы есепке алдық. Осынау салтанатты рәсім барысында бір-біріне өмір бойы серік болып келе жатқан қос қария 60 жыл жұбайылық ғұмырларының символы ретінде неке сақинасын алмасты және ескерткіш ретінде құттықтау хат пен медальон тапсырылды.

Иә, ардақты жандар 60 жыл бойғы жұбайылық өмірлерінің қызығы мен қиындығын бірге көтеріп, бірі асқар таудай әке, екіншісі аяулы ана болып, бақытты әулетке айналып отыр. Қазіргі таңда еңбектерінің зейнеттерін көруде.

Зейнолла әкеміз байланыс саласында 42 жыл, Панижамал шешеміз 30 жыл қызмет атқара жүріп, екі ұл, төрт қыз тәрбиелеп, олардан 15-немере, 13-шөбере сүйіп, шексіз қуанышқа бөленген жандар.

Қазіргі уақытта өз жұмысымыздың іс-тәжірибелік талдауларына сүйенсек, жас жұбайлардың бүгін үйленіп, аз уақыт отасқан соң ажырасып кетулері белең алып бара жатқаны кімді болса да алаңдататын жағдай екені анық. Осы ретте, Гауһар тойларын атап өтіп жатқан қос қарияның өмірлері бүгінгі жастарымыз үшін өнегенің көзі.Кейінгі буын осындай жандардан үлгі алса игі.

Осылайша, ағайын-туыс, дос-жаран, ізгі тілектегі жақындар арасында дүкіреп өткен тағылымға тол Гауһар тойдан үлкен әсермен қайттық. Ата мен әженің дендері сау боп, қол ұстасып, қатар жүре берулеріне тілектеспіз.

 

Үміт ТӘШЕНОВА,

Абай аудандық жұмыспен қамту және

әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің

АХАТ саласы бойынша бас маманы

 

 

Құрмет

АЙМАҚ БАСШЫСЫ АРНАЙЫ ҚҰТТЫҚТАДЫ

 

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов 1-қазан күні Қарттар мерекесіне орай аймақ қарттарын қабылдаған болатын. Облыс орталығы Өскемен қаласында мерекеге орай ұйымдастырылған арнайы салтанатты шараға барлық аудандар мен қалалардан қазыналы қариялар қатысты. Аймақ басшысы салтанатты шарада қарттарды Халықаралық қарттар күні мерекесімен құттықтап өтіп, «Өнегелі өмір иесі» облыстық байқауының жеңімпаздарын марапаттады.

– Баршаларыңызды шын жүректен осынау мерекелеріңізбен құттықтай отырып, жастарға өнегелі тәрбие беріп, еліміздің іргетасын қалауда аянбай еңбек еткендеріңіз үшін облыс халқының атынан сіздерге бас иіп, алғысымды білдіремін. Сіздер еліміздің мақтанышысыздар, – деді өңір басшысы Даниал Ахметов өз құттықтау сөзінде.

Жылдағы дәстүрге сай өткізілетін осы шараға Абай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Түңлікбаев, қарт журналист, еңбек адамы Майсары Рақышев, «Нұр-Сана» салт-дәстүр орталығының төрайымы Қаныша Нұрғалиева сынды Абай ауданының қазыналы қарттары да арнайы барып қатысып қайтқан болатын.

Шара барысында облыс бойынша қарттар арасында жарияланған «Өнегелі өмір иесі» атты байқаудың қорытындысы жарияланып, 7 номинация бойынша жеңімпаздар марапатталды. Марапатталушылардың қатарында жерлесіміз бар. Атап айтсақ, өмірі өнегеге толы, имандылықты ту еткен абзал ана Қаныша Нұрғалиева «Үлкенге-ізет, жасқа-жол» аталымы бойынша ІІІ-орынды иеленді.

— Бұл тек маған емес, күллі Абай елінің ақ жаулықты аналарына берілген құрмет деп білемін. Қарттар күніне орай аталмыш номинация иегері атанғаным - осынау жылдар аралығындағы ұрпақ тәрбиесіне, оларды қазақстандық патриотизм мен ұлттық құндылықтарды қастерлеуге баулып келе жатқан біздің салт-дәстүр орталығының жемісінің нәтижесі, - дейді бізге пікір білдірген жеңімпаз әжеміз.

Абай елінің қариялары салтанатты рәсімнен кейін концерттік бағдарламаны тамашалап, осынау салтанатты шарадан зор әсермен оралды. Қарттарымыз аймақ басшысының өздеріне көрсеткен зор құрметіне дән риза. Осындай шежірелі де қазыналы қарияларымыз біз үшін де зор мақтаныш екені анық. Олардың қоғамға сіңіріп жатқан еңбектері өскелең ұрпақ үшін әрдайым үлгі-өнеге көзі.

«Абай елі» ақпараты

 

 

 

Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл

 

СЫЙЛАСТЫҚТЫ БӘРІНЕН ЖОҒАРЫ ҚОЯДЫ

 

Бүгінде ауыл-аймағының сыйлысына айналған Тұрсынхан Жайсаңбаева 1948 жылы Қытайдың Шығыс Түркістан аймағындағы Шәуешек қаласында дүниеге келіпті. Ұйғыр ұлтының қызы. 1962 жылдың сәуірінде көппен бірге Қазақстанға өту мүмкіндігіне ие болған екен.

Анасымен бірге қазақ жеріне келгенде ол небәрі 14 жаста болыпты. Сөйтіп тағдыр оған ұлылар туған мекеннен дәм-тұз татуды Құндызды (бұрынғы Жданов совхозы) ауылынан бұйырыпты. Бұл ауылда оларды ел азаматы атанған, театр жетекшісі Мейраш Исатаевтай дара тұлға құшақ жая қарсы алып, арда ағаның игі жақсылығын көреді. Содан кейін совхоз баспана беріп, өз алдына жеке үй болып шығыпты. Осы жылдан бастап бала Тұрсынхан мектептегі оқуын жалғастыра бастайды.

Әжей бүгінде тағдырына еш өкпесі жоғын алға тартады. Отбасын құрғаннан кейін совхоздан бір отар қойын алдына салып, жас жұбайлар шопанның ала таяғын қолдарына алады. «Құрмет» ордені мен «Еңбек үздігі» медалінің   иегері, еліне «Елапа» атанған Аринова Елеукен апаның «эстафетасын» жалғастырған ол бас шопан болып жемісті еңбек етті. Сол қажырлы еңбегі сол кезде бағаланды да. Аудандық әйелдер сьезіне бірнеше рет делегат болып қатысты. Шопандар слетіне де барды. Еңбегі еш кетпеді. Жақсы аты ауызға ілікті. 1970 жылы өзі жайлы «Қазақстан әйелдері» журналының № 3 санында «Қыр қызы» тақырыбымен А.Манабаевтың көлемді мақаласы жарық көріпті.

Отағасы да өте еңбекқор, өз кәсібіне адал, адамгершілігі жоғары жан болған. Жыл сайын «Мал бордақылаудың майталманы» атанып, жүздері нұрға, құшақтары сыйға толып жүрген отбасы расында да мақтауға тұрарлықтай. Жастайынан қол ұстасып, сан белестерден өткен, өмірдің ащысы мен тұщысын бірге көріп, сыйластықта ғұмыр кешкен отағасының өмірден озғанына тоғыз жылдың жүзі болыпты.

Қазіргі күні Тұрсынхан әжей кіші ұлы, шаңырақтың кенжесі Таңатының қолында тұрады. Бүгінгі алмағайып заманда кәсіпкерлікті нәсіп еткен ұлы Таңат пен ибалы да ізетті келіні Әселге ана жүрегі дән риза.

— Мектепті тәмамдаған соң 1965 жылы Қытайдан өзімізбен бірге келген Жайсаңбаев Қажымтай есімді азаматпен отасып, 40 жыл бірге тату- тәтті ғұмыр кештім. Жеті баланы өмірге әкеліп, ұлды-ұяға, қызды қияға қондырдық. Аллаға шүкір, сол балаларымнан бүгінде 23 немере, 3 шөбере сүйіп отырмын. Алтын алқа иегерімін, - дейді ағынан жарылған асыл ана.

Енесіне тартқан келіні де көп балалы ана. Үлкен немересі Естай 9-сыныпта оқыса, Шуағы 7-сыныпта оқиды. Нұрай 6- сыныпта, ал Арай 1- сыныпты бітірген. Кенжелері Ақбота дайындық сыныбын тәмамдапты, бұйырса білімнің нәрін жинамақ. Барлығы да оқу озаттары. Осылайша, немерелерінің бал қызықтарын қызықтап, еңбегінің зейнетін көріп отырған Тұрсынхан ана қолы қалт еткенде қазақтың қолөнер бұйымдарын жасағанды жақсы көреді. «Шебердің қолы ортақ» демекші, ою ойып, кесте тігіп, құрақ құрайтын ол өнерін немере қыздарына үйретуден еш жалыққан емес. «Ауылым-алтын бесігім» деп тебіреніп, елім деп еміренетін абзал ана ақ тілектерін осылай ағытты. Ақ тілеулі ананың да ғұмыр жасы ұзақ болғай дейміз біз де.  

Анар ҚАБДУӘЛИҚЫЗЫ,

Ерліктің даңқы мәңгілік

Ер есімі ел есінде

         Бұл Ұлы Отан соғысы ардагері туралы айтар сөз көп-ақ. Тіпті, жеке бір кітапқа артар жүгі бар десек артық болмас. Қоғам үшін, қазақ үшін жасаған еңбектерін былай қойып, Ұлы Отан соғысына қатысқан кезеңінің өзінен бір ауыз сөз бір қайырым естелікті ақтарып өтеді. Шәкен Молдабергенұлы Абай ауданының тумасы. Ел қайраткері. Шәкен ағадан қалған ұрпақ та асыл. Ол кісі «Аңсау», «Сағынтып жеткен жаз еді», «Тау басында түйіскен жол» т. б. повестері мен әңгімелер жинақтарының, «Өмір сүргің келсе» романының «Өзімді іздеп жүрсем» т. б. пьесалардың авторы, Лондондағы «Абай үйінің» меңгерушісі болған, қазақтың қайраткер ұлы Роллан Сейсенбаевтың әкесі.

         Шәкен Молдабергенұлы 1924 жылы дүниеге келіп, небәрі 18 жасында майдан шебіне аттанған екен. Десантшылар тобында болған Шәкен Молдабергенұлы соғыс барысында 18 рет парашютпен секіріп, жау тылының талайын талқандаған. Ол туралы ардагер 2008 жылы жарық көрген «Тағлым» кітабында: «-Мен он сегіз жасымда Отан соғысына қатыстым. Қауіп пен қатері мол десантшылар тобында болдым. Жау тылына сан рет парашютпен секірдім» деп естелік те қалдырған болатын. Ерліктері даңқты, қазақ батырлары Бауыржан Момышұлы, Рымбек Байсейітов және Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевпен серік болған Шәкен Сейсенбаевтың өмірінің өзі өнегеге толы еді.

         Соғыс біткеннен кейін Мәскеудің финанс-экономика институтына түсіп, оқып, одан соң 1964 жылы Мәскеудің Жоғары партия мектебін тағы бітірген екен. Облыстық Госстрахта басшылық жұмыста болған.Шәкен ақсақал ел үшін атқарған жақсылығы көп, шапағаты мол ел азаматтырының бірі. Айтар болсақ, Абайдың Жидебай басындағы ескерткішін тұрғызуға тер төгіп, махаббат символы Еңлік пен Кебек мазарын көтеруде басшылық еткен ұлтжанды азамат нақ осы кісі болатын.

         Шәкен Сейсенбаев туралы дерек аз емес. Өзі де күнделігіне жазған көп естеліктерінде мұра етіп қалдырыпты. Шәкен Молдабергенұлы туралы естеліктер қалдырған қазақтың озық ұлдары Ажербайжан Мәмбетов, Сайын Мұратбеков, Ілияс Есенберлин, Әнуар Әлімжанов, Мұхтар Мағауин, Олжас Сүлейменов, Әбубәкір Қайран сияқты зиялы қауым өкілдерінің пікірлерінің өзі бір төбе болса, ал ұлы Роллан Сейсенбаевтың жазған кітабі келер ұрпаққа қалдырылған құнды мұраның бірі.

Асқар Ақсұңқар

Олжас Сүлейменов:

 

         «Шәкен Молдаберген ұлымен мен Алматыда бірнеше рет кездескенім бар еді. Ұмытпасам, бірінші рет Республиканың финанс министрі Рымбек Байсейітовтың кабинетінде табыстық. Мен Рекеңе жазушылар үйіне үлкен жөндеу өткізуге ақша сұрай барғамын. Ағаларымыз бізді қашанда бауырларына тартып еркелеткенін айрықша айту керек. Мен келген соң үлкен столға шай әкелінді.

         «Дімекең маған тапсырған. Қағазыңды қалдырып кет. Жылдамдатып ақшаның мәселесін шешіп берем, Олжас. Оған қам жеме!» -деді Рекең жайдары үнмен.

         Сол жерде Шәкеңмен таныстырды. Сонда есімде қалғаны, қоштасар сәтте Роллан інімнің әкесі:

         «Олжас, қарағым, сіз қазақ халқының маңдайына біткен айрықша жұлдызсыз. «Аз и Я»-да, өзіңіз де аман болыңыз. Біз сіздің тілеуіңізді тілейміз»,-деп айтқан жылы сөзі есімде қалды. Сіз деп сөйлегені де бөлек еді. Сонда Рымбек ағамыз да: «Олжас Абылай бабамыздың ұлы қолбасшыларының бірі Олжабай батырдың ұрпағы ғой», -деп қолпаштады.

         «Екінші жағынан Жаяу Мұсаның да ұрпағы»,-деп күлді Шәкең.

         Менің әке де, шеше де жағынан ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер, ержүрек ағаларым бар еді. Рекең мен Шәкеңнен сол батырлардың кең қолтық дархан қасиетін танып қуандым. Ағалар қашан да рухымызды көтеріп жүрді ғой. Олар ешуақытта өздерінің қарабастары үшін ештеңе сұраған емес. Бұл да мәрттік-ау.

         Бұндай текті адамдарға қазақтың амандығы, жастардың, оның ішінде ұрпақ жалғастығының амандығы ғана керек еді. Соны қастер тұтты.

         Бүгін ондай адамдар арамызда сиреді.

Жер шалғай, Семейге 22 қарашада Шәкеңді еске алу асына бара алмаспын. Келесі жылы «Семей-Невада» қозғалысының 20 жылдық мерекесін Семейде өткіземіз. Сол жолы Шәкеңнің моласының басына арнайы соғармын.

         Рашида апамызға Алла қуат берсін! Ол кісіге балалары мен немерелерінің ортасында ұзағынан жасатсын деп тілеймін.»

Ілияс Есенберлин :

                   «Шәкен інім керім адам еді. Табиғат та оған аямай келісті түр-тұлға берген. Салмақты, салиқалы мінез дарытқан. Адамды риясыз көңілмен құрметтей, қадірлей білуді қиған.

         Семейге жолым түсіп барғанда Шәкеңнің мол дастарханынан дәм татқан кез ұмытылмайды. Алматыға келсе маған сәлем бермей кетпейтін. Мен білсем, ол кітапты қазақ жазушыларынан көп оқыды. Қатардан қалмай алға ұмтылу қанына сіңген ғадет еді. Сонан кейін, әсте біреуді жамандауды білмейді. Өте сирек қасиет.

         Роллан Сейсенбаев ендігі күні елге танымал жазушы. Жастар арасында оның аты құрметпен аталады. Тіпті менің таң қалғаным-Ролланның кітаптарына ғашық болған қазақтар сәбилеріне Ролланның атын беретіні.

Осыдан он жыл бұрын Олжастың атын қоя бастаған. Енді Ролланның атын қоюда.

         Қазақ әдебиетіне жас жазушының келуі бір құбылыс. Осындай ұлды тәрбиелеп өсірген Шәкен інім бақытты адам.

         Өзің жақсы болғаның бір бөлек. Өмірге жақсы ұрпақ әкелу одан да зор бақыт.»

Мұхтар Мағауин:

«Москвадан Роллан телефон соқты.

-Мұха, әкем Алматыға барып еді, Кездесіп, сөйлесіп қалыңыз,-деді.

         Ағамызға сәлем беруге «Алматы» қонақ үйіне бардым. Ролланның әкесі жүзінен мейрім төгілген, адамға тура қарайтын келбетті кісі екен. Мені бірден бауырына тартып, жылы сөйлесіп кетті. Осы келісті әңгімеміз біздің үйде жалғасты. Шұбартау өңірін, Семей өлкесін, бүкіл Қазақстанды жақсы біледі екен. Ағамыз менен әдебиет мәселесін, мен ол кісіден елдің жағдайы туралы ойларын білгім келді.

         Менің барлық кітаптарымды оқыған екен. «Аласапыранның» екінші томын енді бастапты. Ролланды айта отырып, ағай: «Бір-біріңе қарайлас болғандарың дұрыс қой, қарағым. Өмір дегенің шолақ екен. Күрмеуге келмейді.»,- деп күрсінгендей болды. Сонан соң лезде: «Оразмұхамет туралы романыңды оқырмандарың жақсы қабылдады. «Көшпенділерден» кейінгі үлкен тарихи роман осы «Аласапыран»,-деді.

Ағаны таксиге отырғыздым. Ол кісі қоштасарда мені өзімсіне құшақтап: «Аман бол, қарағым!»деген асыл аға сөзі сол кезде маған өте қажет еді-ау.»

 

 

КӘСІБИ МЕРЕКЕМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Маусым айының 29 күні аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков ауданымыздың бірегей ақпарат құралы «Абай елі» қоғамдық-саяси апталық газетінің журналистер қауымын қабылдап, кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Аймақтағы ақпарат саласында өзіндік орны бар, аудан өмірінің айнасына айналған «Абай елі» газеті апта сайын көзі қарақты оқырманды жағымды жаңалықтармен қауыштырып, түрлі түйіткілді мәселелерді оқырманмен бірге бөлісуде еселі еңбек етіп келеді. Бұл ретте, билік пен бұқара арасын байланыстырушы алтын көпір саналатын бұқаралық ақпарат құралдарының ауданның гүлденіп дамуы үшін қосар өзіндік үлесі де бар.

Кәсіби мерекеге орай, қиындығы мен қызығы мол баспасөз саласында еңбек етіп жүрген редакция журналистерін аудан басшысы Тұрсынғазы Жантұяқұлы арнайы марапаттады. Жылына бір рет келетін төл мейрамда мерейлері үстем болған «Абай елі» газетінің директор - Бас редакторы Нұржан Байтусов, газет тілшілері Анар Сәрсенбина мен Тоғжан Рахымбекқызы, сондай-ақ, газет таратуда күн-түн дамыл таппай қызмет жасайтын пошташы Наушабаева Сайрагүл әкімнің қабылдауында болып, Алғыс хатпен қатар сый- сияпаттарға кенелді.

Тұрсынғазы Жантұяқұлы өз сөзінде жергілікті БАҚ өкілдеріне Елбасының сарабдал саясатын, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық өркендеуіндегі өзгерістер мен оң жетістіктерді насихаттау, жұртшылықты ақпараттандыру жолындағы жұмыстарына табыс тілеп, келелі пікір, оралымды ой, шалқар шабыт тіледі.

Ал кәсіби мерекелерінде құрметке бөленген шығармашылық ұжым өз кезектерінде алдағы жұмыстарын тың ізденіс, жаңа ынта-жігермен бастайтындықтарын жеткізді.

 

«Абай елі» ақпараты

Бәрекелді

ЖАС МЕХАНИЗАТОРЛАР БӘЙГЕСІ ӨТТІ

 

Маусым айының 18-19 күндері Ұлан ауданының Саратовка ауылдық округінде «Шығыс Қазақстан ауылшаруашылық колледжі» КМҚҚ ұйымдастыруымен техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі оқу орындарының студенттері арасында облыстық «Үздік механизатор – 2015» байқауы болып өтті.

Студенттердің кәсіби біліктілігін арттыру, олардың шеберлігін ұштау, ауылшаруашылық саласы мамандықтарын жастар арасында кең насихаттау және оның мәртебесін арттыру мақсатында ұйымдастырылған байқауға 13 колледждің студенттері қатысып, шеберлік сынасқан болатын. Айта кетерлігі, «Шығыс Қазақстан ауылшаруашылық колледжіне» 70 жыл толуына орай өткерілген арнайы шара оқу процесінде кездесетін бағдарлама негізделіпті.

«Менің кәсібім – менің мақтанышым!», «Тапқырлар мен білгірлер», «Мен кәсіпқоймын», «Өз ісінің шебері» деп аталатын 4 кезеңнен тұратын байқауда үздіктердің үздігі анықталды.

Сайыс қорытындысы бойынша «Абай колледжі» КММ «Ауылшаруашылық өндірісіндегі трактор-машинисі» мамандығының 3 курс 13 топ студенті Ержан Акишев 4 орынды иеленді. Кезеңдердің бәрінен жақсы көрсеткіш көрсеткен жерлесіміз қосымша «Үздік жер жыртушы» номинациясымен марапатталды.

Жеңімпаздарға ШҚО Білім басқармасының басшысы А.Нургазиевтің алғыс хаттары тапсырылды. Сондай-ақ, Ержан Акишевтің өндірістік оқыту шебері Бидахметов Ерланға да студенттің кәсіби білімінің жоғары көрсеткіші үшін, аталмыш сайысқа даярлап әкелгені үшін марапаттады.

 

«Абай елі» ақпараты

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар