Дүйсенбі, 27 Шілде 2015 00:00

СЫЙЛАСТЫҚТЫ БӘРІНЕН ЖОҒАРЫ ҚОЯДЫ

Автор 
Бағалау
(0 Дауыс)

Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл

 

СЫЙЛАСТЫҚТЫ БӘРІНЕН ЖОҒАРЫ ҚОЯДЫ

 

Бүгінде ауыл-аймағының сыйлысына айналған Тұрсынхан Жайсаңбаева 1948 жылы Қытайдың Шығыс Түркістан аймағындағы Шәуешек қаласында дүниеге келіпті. Ұйғыр ұлтының қызы. 1962 жылдың сәуірінде көппен бірге Қазақстанға өту мүмкіндігіне ие болған екен.

Анасымен бірге қазақ жеріне келгенде ол небәрі 14 жаста болыпты. Сөйтіп тағдыр оған ұлылар туған мекеннен дәм-тұз татуды Құндызды (бұрынғы Жданов совхозы) ауылынан бұйырыпты. Бұл ауылда оларды ел азаматы атанған, театр жетекшісі Мейраш Исатаевтай дара тұлға құшақ жая қарсы алып, арда ағаның игі жақсылығын көреді. Содан кейін совхоз баспана беріп, өз алдына жеке үй болып шығыпты. Осы жылдан бастап бала Тұрсынхан мектептегі оқуын жалғастыра бастайды.

Әжей бүгінде тағдырына еш өкпесі жоғын алға тартады. Отбасын құрғаннан кейін совхоздан бір отар қойын алдына салып, жас жұбайлар шопанның ала таяғын қолдарына алады. «Құрмет» ордені мен «Еңбек үздігі» медалінің   иегері, еліне «Елапа» атанған Аринова Елеукен апаның «эстафетасын» жалғастырған ол бас шопан болып жемісті еңбек етті. Сол қажырлы еңбегі сол кезде бағаланды да. Аудандық әйелдер сьезіне бірнеше рет делегат болып қатысты. Шопандар слетіне де барды. Еңбегі еш кетпеді. Жақсы аты ауызға ілікті. 1970 жылы өзі жайлы «Қазақстан әйелдері» журналының № 3 санында «Қыр қызы» тақырыбымен А.Манабаевтың көлемді мақаласы жарық көріпті.

Отағасы да өте еңбекқор, өз кәсібіне адал, адамгершілігі жоғары жан болған. Жыл сайын «Мал бордақылаудың майталманы» атанып, жүздері нұрға, құшақтары сыйға толып жүрген отбасы расында да мақтауға тұрарлықтай. Жастайынан қол ұстасып, сан белестерден өткен, өмірдің ащысы мен тұщысын бірге көріп, сыйластықта ғұмыр кешкен отағасының өмірден озғанына тоғыз жылдың жүзі болыпты.

Қазіргі күні Тұрсынхан әжей кіші ұлы, шаңырақтың кенжесі Таңатының қолында тұрады. Бүгінгі алмағайып заманда кәсіпкерлікті нәсіп еткен ұлы Таңат пен ибалы да ізетті келіні Әселге ана жүрегі дән риза.

- Мектепті тәмамдаған соң 1965 жылы Қытайдан өзімізбен бірге келген Жайсаңбаев Қажымтай есімді азаматпен отасып, 40 жыл бірге тату- тәтті ғұмыр кештім. Жеті баланы өмірге әкеліп, ұлды-ұяға, қызды қияға қондырдық. Аллаға шүкір, сол балаларымнан бүгінде 23 немере, 3 шөбере сүйіп отырмын. Алтын алқа иегерімін, - дейді ағынан жарылған асыл ана.

Енесіне тартқан келіні де көп балалы ана. Үлкен немересі Естай 9-сыныпта оқыса, Шуағы 7-сыныпта оқиды. Нұрай 6- сыныпта, ал Арай 1- сыныпты бітірген. Кенжелері Ақбота дайындық сыныбын тәмамдапты, бұйырса білімнің нәрін жинамақ. Барлығы да оқу озаттары. Осылайша, немерелерінің бал қызықтарын қызықтап, еңбегінің зейнетін көріп отырған Тұрсынхан ана қолы қалт еткенде қазақтың қолөнер бұйымдарын жасағанды жақсы көреді. «Шебердің қолы ортақ» демекші, ою ойып, кесте тігіп, құрақ құрайтын ол өнерін немере қыздарына үйретуден еш жалыққан емес. «Ауылым-алтын бесігім» деп тебіреніп, елім деп еміренетін абзал ана ақ тілектерін осылай ағытты. Ақ тілеулі ананың да ғұмыр жасы ұзақ болғай дейміз біз де.  

Анар ҚАБДУӘЛИҚЫЗЫ,

Оқылды 1104 рет
Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!