Абай елі

Абай елі

Ардақ БЕЛІБАЕВ:

 

 

 

Өткенге салауат айта отырып, сол дәуірдің айтулы тұлғаларының өнегесін ұмытпау – ұлт құндылықтарын қастерлеудегі басты ұстанымымыз. Бұл ретте Абай елінен шығып, алты алашқа танылған айшықты жандар мол. Ал сондай есімдердің бірегейі – Құнанбай Өскенбайұлы. Заманынан озып туған әйгілі тұлға жайлы ел аузынан жеткен дәйектер де, деректі зерттеу еңбектері де, кескіндеме өнері де, тіпті, көркем суретті кинофильм де бар. Алайда, кейінгі ұрпақ үшін орнатылған ешқандай ескерткіш белгі жоқ екен. Міне, осынау мәселені бастама етіп көтеріп, қазақтың Құнанбайына арнап, арнайы мемориалдық нысан тұрғызуды жоспарлаған ел азаматы, «Құнанбай  қажы»  қорының  төрағасы, Абай  аудандық мәслихатының депутаты, Ардақ Белібаевқа жолығап, аталмыш бағыттағы жұмыстар жайлы мағлұматқа қаныққан едік.  

 

-Ардақ Сағадиұлы, сіздің халық қалаулысы, ауданымыздың белді кәсіпкері ретінде өңір әлеуеті мен руханиятын дамытуға қосып келе жатқан үлесіңіз қомақты. Бүгінгі таңда, бұрын соңды көтерілмеген тағы бір үлкен бастаманы меже тұтыпсыз. Осы турасында толығырақ тоқтала кетсеңіз?

-Иә, ел еңсесін тіктетуде үлкен тұғыр болған Тәуелсіздігіміздің осынау жылдары ішінде байтақ Отанымыз өзінің экономикалық даму қарқынымен  күллі  әлемге  танылып,  іргелі  мемлекетке  айналды. Бейбіт аспан астындағы шұғылалы ширек ғасыр ішінде Абай  елі  де  қоғамдық өміріміздің әр саласы бойынша қомақты  табыстарға  жетті. Әсіресе, ұлт руханиятының, мәдениетінің, сонымен қатар, төл тарихының негізі болған, есімдері  алтын  әріппен  жазылған  ұлы  адамдарды  ұлықтау  аясында осы жылдары  Абай  елінде  көптеген  ескерткіш – саябақтардың іргесі қаланды. Атап  айтқанда, Әнет баба, Кеңгірбай-Би, Мамай  батыр, Шәкәрім қажы, Әмина Өмірзақова, Жәнібек Кәрменов сынды дара тұлғалардың ескерткіштері бой көтерді. Ендігі мақсат, аудан төріне дана Абайдың  әкесі Құнанбайдай алып тұлғаның еңселі ескерткішін тұғырға қондыру болып отыр. Кезінде аға сұлтан атанып, ел бірлігін ойлаған қайраткер есімін өскелең буын жадында жаңғырту мақсатында арнайы жоба әзірледік. Бұл сөз жоқ зор жауапкершілік жүктейтіні анық

-Іргелі шараның қазіргі таңдағы барысы қандай? Жергілікті атқарушы билік тарапынан, жомарт жандар қатарынан қолдау бар ма?

 -Дұрыс айтасыз! Негізінен халық қалаулысы ретінде ұлылар есімдерін ұлықтау шаралары аясында бірқатар жұмыстар атқардық деп ойлаймын. Мәселен, көрнекті тарихи тұлға Кеңгірбай биге орнатылған ескерткіш Абай елінен шыққан іскер жандардың, кәсіпкерлердің қолдауымен 2013 жылдың 16 тамызы күні Қарауыл ауылында бой көтергенін жақсы  білесіздер. Ал, өткен  жылдың 20 наурызында  өткен  Мәжіліс  және  мәслихат депутаттарын сайлау науқаны кезіндегі сайлауалды бағдарламамда Құнанбай қажы Өскенбайұлына арналған ескерткіштің бой көтеруіне бастамашы болу жөнінде ұсыныс тастаған болатынмын. Осы ретте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арап  Еспенбетов  ағамыз «Егемен Қазақстан»  газетінің  №46 нөмірінде жарияланған «Құнанбай қорымына қамқорлық қажет» мақаласында  нақтылап,  саралап  жағзан  еді. Аға сұлтанға арнап ескерткіш белгі орнату жөнінде мен де Абай  елінің  азаматы  ретінде  көкейде жүрген ойымды аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбековке  жеткізіп, қолдау жасауын сұрап, жазбаша ұсыныс білдірдім.

Өздеріңізге белгілі, мемлекеттен қомақты қаржы бөлініп, белгілі режиссер Досқан Жолжақсыновтың  жетекшілігімен  «Құнанбай»  көркемсуретті фильмі түсіріліп, дара тұлға бейнесін халыққа қайта оралтқан болатын. Тарихи фильм жоғары баға алып, көпшіліктің көңілінен шыққан еді. Құнанбай қажының образын сомдап, сәтті шығарған Д.Жолжақсыновтың  еңбегі  бағаланып, мемлекеттік  сыйлық  алғаны да ел есінде. Абай елінің алдында тұрған енді бір үлкен жауапкершілік - Құнанбай Өскенбайұлына арнап ескерткіш орнату. Осы ретте өткен жылдың 23 желтоқсанында Абай  аудандық  мәслихатының VIII сессиясының алдында, аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлына   қайтадан  ұсыныс  жолдап, тікелей жолығып, «Құнанбай қажы» ескерткіші жобасының дайын екендігін көрсетіп, қолдауын  сұрадым. Осылайша, аудан басшысынан қолдау тапқан ұсынысынымды сессия отырысында  көпшілік алдында жария еттім.

-Енді ескерткіш жайлы, оның авторы, жұмсалуы тиіс қаржы жөнінде айтып өтсеңіз?    

-Осынау ұсынысым, алдымен аудан басшысының қолдауынан шығып, сессияда мақұлданған соң, ескерткіш жобасын әзірлеу ісі жан-жақты жүргізіле басталды. Жобаның  жалпы құны 8 млн. теңгені құрады. Ескерткішті әзірлеуді ауданымыздағы Шәкәрім  қажы, Еңлік-Кебек, Жарма еліндегі ұлы Абайдың әжесі Зере анамыздың ескерткіштерінің авторы, саржалдық шебер кескіндемеші Ертіс Татиев қолға алатын болды. Халыққа шығармашылығымен танымал азамат мүсіннің макетін әзірлеген болатын. Ол - қолдау тапты. Тарихи тұлғаның ескерткішіне аудан тұрғындары да қолдау танытады деген үміттемін. Бұл бастамаға Абай елінің азаматтары мен ауданымыздан шыққан іскер  жандар,  кәсіпкерлер демеушілік жасаса, нәтижелі  аяқтаймыз  деп  сенім  білдіремін.

Сондай-ақ, айта кетер тағы бір жайт, аудан әкімі Т.Мүсәпірбеков өзі бастама көтеріп,  аудандағы мекемелердің бір күндік еңбекақыларын қорға аудару жөнінде ұсыныс тастады. Осы ретте, бүгінде «Құнанбай қажы» қоғамдық  қоры  ашылды. Іргелі бастамаға мүмкіндігінше демеушілік жасап, қолдау білдіремін деген азаматтарға алғыс білдіремін. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, береке-бірлігіміздің айқын белгісі саналар осынау істі де аяқтап, тұғырға қонған Құнанбай қажы ескерткішіне қарап тамсанар күн алыс емес деп ойлаймын.

-Сұхбатыңызға рахмет! Еңбектеріңіз жана берсін...

 

Сұхбаттасқан Тоғжан РАХЫМБЕКҚЫЗЫ,

«Абай елі»

 

Елдік мүддесі басым ескерткішке демеушілік білдіремін деген жаны жомарт, қолы ашық, қалталы азаматтар үшін төмендегі рекизитті ұсынамыз:

«Құнанбай қажы» қоғамдық қорының реквизиті

ШҚО, Абай ауданы, Қарауыл ауылы, Құнанбай көшесі 22; индекс 070100

ИИК: KZ 516010261000216253

БИН: 141140008128

БИК:  HSBKKZKX

«Қазақстан Халық Банкі» АҚ,

Кбе 18

Кнп 119

Атқарушы директоры: Белібаев Ардақ Сағадиұлы

Байланыс тел: 87751395223.

 

 

 

Алаш қозғалысына 100 жыл

Биыл Алаш қозғалысына 100 жыл толды. Сондықтан осы қозғалысқа жанашыр болып, алаш белсенділерімен тығыз байланыста болған азаматтар Абай елінде де аз амес.  Солардың бірі де бірегейі Кенжетілеу Доланбекұлы екені сөзссіз.

К.Доланбекұлы негізгі туған жылы 1904 жылы, алайда куәлігіне 1907 жыл деп жазылып кеткен көрінеді. Шыңғыстау бойында дүниеге келген ол, ерте есейді.1925 жылы ересектер мектебінде хат танып, кейіннен Семейдегі партия-кеңес қызметкерлерін даярлайтын арнайы курстан өтті. Абай ауданының  ірге тасын қалаушылардың бірі болды. Ауданда сауатсыздықты жою үшін күресіп, оқытушылық қызметін атқарды. Ол Машан  ауылдық кеңесінің хатшысы, аудандық оқу бөлімінің инспекторы, аудандық зат дайындау мекемесінде басшы қызметте болды. Сөзге шешен, білікті ағартушы ретінде елді ынтымаққа, береке-бірлікке, еңбекке жұмылдыра білді.

Ол 1929-1930 жылдары Алашорда белсенділерімен тығыз байланысты болған. Шәкәрім қажымен кездесуге Бақанас-Шақпақтағы Саятқораға бірнеше рет барады.

1926 желтоқсан айында К.Доланбекұлы совпартшколда оқып жүріп, Жұбайхан Мендібаевпен бірге Шәкәрімге хат жазады. Кішілік жүзбен сәлем бере барып, сұрақтар да қояды.Сонда Шәкәрім оларға былай жауап берген: «Келешектің жастары, рахмет жазған хаттарыңа, сендер мынаны ұғыңдар! Ұлы орыс халқының мәдениетіне көшіңдер. Орыс халқында мынадай адамдар болған: Ю.Лермонтов, Л.Толстой, А.Пушкин. Осылардың жазған еңбектерін оқып, жете зерттеңдер. Сонда сендар дүниені танисыңдар. Өздеріңнің қатарларыңдағы жастарды да осыған бейімдеп тарта біліңдер. Келешектің кілтін ұстайтын жастар сендер боласыңдар. Менің әзірше беретін ақылым осы»,-деген екен.

К.Доланбекұлына бағытталған бұл пікір «Абай мұражайының хабаршысы» №1 (01)2010 санындағы «Шәкәрім - ақылды, ойшыл, философ» деген мақалада кеңінен жазылған.

Шәкәрімнің баласы Зият пен Берлешті Қытай асып кетуі үшін астарындағы аттарын (Мырзалымен бірге) беріп, қоржынға азықтарын салып, астыртын шығарып салғанда осы Кенжетілеу екен.

Кенжетілеу өз өмірінде үш рет СОКП қатарынан шығарылды, екі рет сотталды.

Бірінші рет сотталғанда  Семей түрмесінде алашорда өкілі, Ұлы Абайдың баласы Тұрағұлмен бірге отырады. Ол Абайдың Әйгерімнен туған баласы, ақын, аудармашы. Жасында ауыл молдасынан сауат алған. Орысша, арабша оқып, білімін жетілдірген. 1904 жылы Кішік-Тобықты еліне болыс болып сайланған, алайда 1905 жылы өз арызы бойынша болыстықтан босаған. 1917-1920 жылдары Семей өңіріндегі Алаш қозғалысына белсене араласып, әр түрлі қызметтер атқарған.

Тұрағұлмен бірге жатқанда Кенжетілеу оған «Қолбала» сияқты қызмет  жасаған, сондықтан оны түрмедегілер «Тұрағұлдың құйыршығы» деп атап кеткен көрінеді. Түрмеде Тұрағұлмен бірге болғаны, Кенжетілеудің кейіннен қайтадан «істі» болуына әкеп соққан. Әрине түрмеде бірге болғандықтан Тұрағұл Кенжетілеуге Алаш қозғалысын тереңдете түсіндіргені анық.

Өткен жылы Кенжетілеудің Медицина саласының білгірі, ұзақ жылдар осы салада аянбай еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан ұлы Айдар әкесі жөнінен тың деректерді мұражайға өткізді.Біз оны сіздерге фото сурет ретінде ұсынып отырмыз.

             «Әрине, бұл құпия құжаттарды көшіріп алу оңайға түскен жоқ, бірнеше жыл жүріп әрең дегенде рұқсат алдым.Фотоапаратпен, ксерокстеуге мүмкіндік бермеді, еріксіз өз қолыммен бәрін көшіруге тура келді» - деп тебіренеді Кенжетілеудің ұлы Айдар.

Отаны, елі, жері десе барлық қиындықтарға төзіп, қажет болғанда өз өмірін де қатерге тігуге дайын екенін көрсетіп, дәлелдей білетін Кенжетілеу Доланбекұлы сынды жерлестеріміздің алаш арыстарымен етене жақындасуы тегіннен тегін емес екендігін түсіндік.

 

 

                                            Малгаждар Жүнісжанов,

                                Облыстық Семей тарихи-өлкетану музейінің

                               Қарауыл ауылындағы филиал меңгерушісі

 

 

Қиясбай Көгедайұлы – Қодардың немересі, Қазыбайға шөбере, Борсаққа немене болып келеді.

Ел ішіндегі әңгімелерде Қиясбай іс-әрекеті аңыз болып қалған.Абайдың ақындық пен шешендіктегі үздік кемеңгерлігі, от ауыз, орақ тілділер мен аталы сөз, өнеге – өсиеті барларға жоғары ілтипат көрсетіп, қолдау білдіріп отыруының ұйтқысы болып, ерекше маңызға ие болған. Сондай Абай төңірегінде болғандардың ішінде аңыз – әңгімешілдігімен,суырып салма айтқыштығымен есімі кейінгі дәуірге аңыз болып қалғандар қанша ма? Олардың қатарында дойбышы Көрпебай, көкірегі шот қариялар Тоқсанбай мен Қатпа Қорамжанұлы, Сабыржан Серікбайұлы, аяғына бақан байлап құнан бәйгесіне қатысып жүлде алған Берікбол Көпенұлы, топжарған ортадағы әнші Баймағанбет, т. б. әрқайсы ел аузында өмір сүрген, көкірек көзі ояу -  қазақтың көшпелі кезінің өкілдері болып қалған.

Бір көзі қитар, денелі Қиясбайдың үлкенмен де, кішімен де құрдас болып қалжындасатын әдеті болған. Ол шәлдуар мінезді шайқылығынан бұл дүниенің қызығынан бас тартып, софылық өмірді қалаған. Үстіне қызылды-жасылды шүберек тағып, сайқы мазақтың ғұмырын кешіп, үйлі болу жайын жасы ұлғайғанғадейін ойламаған, мал жимаған. Осы шайқылықтыадам жайында Шәкәрімнің «Қодардың өлімі» шығармасында не дейді, соған көз салайық:

           Ой қозғайды оңаша таудың басы,

           Өткеннің ойға түсіп тамашасы.

           Қолтығына қабағын түйіп қарап,

           Әне тұр Қодар өлген құз-жартасы...

 

           Қайдостың бір баласы Борсақ деген,

           Соның бір тұқымы еді батыр Қодар.

           Бар еді сол кісінің бір жақсы ұлы,

           Қаза жетіп өліпті сол бір жылы.

           Жесір қалған келінін Қодар алып,

           Қылмайтын істі қылған құдай құлы.

           Жасырмай айта берсем, сөздің шыны –

           Құдайға ерегесіп қылды мұны.

           Баламды алсаң, мен де алдым келінімді,

           «Қане, ата ғой деп қылдым, - дейді, - осыны».

 

Осы сөз жайлыпты елге тарап,

Кемітіп мін қыларлық іске жарап.

Тобықтыны билейтін Құнекеңнің

Бетіне басты осыны төре Барақ.    («Шәкәрім шығармалары» Алматы 1988ж, 133б)

М.Әуезовтың «Абай жолы» романында Қиясбайды Абай еркелетіп, тапқырлығы мен алғырлығына үнемі ризалық білдіретіні кеңінен баяндалған. Қатпа Қорамжанұлының ауызекі әңгімесінде деҚиясбайдың Абайға өзінің көңіліндегісін айтып қана қоймай, оныталай рет орындатқаныныңкуәсі болдым дегені де бар.

Қиясбайдың біреуден өлең мен ән қолқалап алатын әдеті, атқа құлын айырбастауы, атан өгізді құдықтан суырып тастауы, балуан біткенді баудай түсіретіні, жұртты қыран күлкіге батырып, тапқыр сөз, бала қылығымен болуы оның бойына біткен қасиет.

Қиясбай сыбызғы, домбыра тартқан үлкен өнер иесі. Оның «Боз айғыр», «Бұлан жігіт», «Мұңлы қыз», «Саймақтың сары өзені», «Қорамжан», «Қара аттың торы аты», «Боз торғай», «Қызыл аттың шабысы» күйлері бар. Ол күйлерді Қиясбай шебер ойнап, әуен ырғағына қарай құбылып, мұхиттың толқынындай толқып әлем тынысымен тербетіле төңкеріліп домбырасын күмбірлете тартып, көпшілікті разы етіп, күлкіге бөлеп, жұртты қарық қылатын қылығына не жетсін.

Абай Қиясбайды тапқыр, күлдіргі сөздері мен бала мінезді, ақ көңіл, қызық қылықтары үшін жақсы көріп, оны еркелетіп «Бала» деп атаған.

Қиясбайдың Абай алдында болған кездерін сипатына қарай төмендегі кезеңдергебөлуге болады.

Үйленбей жүрген Қиясбай.

Абай Қиясбайдышақыртып алып:

- Сенің не ойлаған ойың бар. Неге осы уақытқа дейін әйел алмай жүрсің? дегеніне Қиясбай:

-Менің таңдаған қызымды әперсен, алар едім.

- Абай: Осы маңдағы ауылдардан таңдаған қызың болса, айтып көрші сөйлесейін.

- Онда, алдымен қыз таңдайын, ұнатқан қызымды өзіңе келіп айтамын, - дейді Қиясбай.

Қазан айының қара дауылы үйлерді жығып, ауылдың ұйқы-тұйқысын шығарып, шуласып жатқан кезде Қиясбай Абайдың үйіне алқын-жұлқын кіріп келіп:

-Абай аға, тезірек сыртқа шығыныз, сізге сүйген қызымды көрсетейін, - депті.

Сиырының бұзауы жамырап, соған жүгіріп бара жатқан бір қызды "Ұнатқан қызым анау», - деп қолымен нұсқайды.

-Бала-ау, екеуіңбірігіп, шаруа құрып, өз алдарыңа үй болып кете аласыңдар ма? Сол жағын ойланғаның дұрыс болар – деген Абайға;- іркілместен Қиясбай:Сіз өз көзіңізді жерге алып қоя тұрып, оның орнына менің көзімді салыңыз да, қайтадан қарап көріңізші. Сонда ол хордың қызындай көрінбесе, Сіздің айтқаныңыз жөн болсын, - депті.

-Абай ойланып тұрып: - «Адамның ішкі сезімінің айнасы – көз. Әділеттің қазысы – аталы сөз» - деген нақылды халық тегін айтпаған - ау. Енді мен тоқталдым деп, Қатпа Қорамжанұлынақұдалық сөйлесетіріп, қыздың әкесіне қалыңмал беріп, Қиясбайды Абай үйлендірген екен. Осылайша Қиясбай өзінің ақылды, өткір, тапқырлығымен үйленуге жетіседі.

  «Бала» атанған Қиясбай.

Абай Қиясбайдың ауыл сыртында балалармен ойнап жүргенін көріп, үйге шақыртып алды да: - «Бала», сені жас кезіңде менде еркелеттім, енді қартайған шағыңда балалармен ойнап жүргенің өзіне ұят емес пе?. Бұдан былай жұрт сені еркелетудің орнына күлкі, мазақ қылмайма? Сондықтан енді ақсақалдармен бірге дөң басына шығып, әңгімелесіп отыратын кезің болды емес пе? – деген екен. Бұған Қиясбай қатты ренжіп, томсырайып, өкпелеп қалады. Оған Абай: - Сен менің осы айтқан ақылымды түсініп, тоқтатудың орнына маған өкпелеуің қалай?

Сонда Қиясбай: – Абай  сені ойда - қырда қазақ данышпан ақын деп алдыңнан шықпай, ардақтап жүр ғой. Бірақ сен дүниенің тұрақсыз, алдамшы сырынан түк түсіне білмейді екенсің. Білсең, мен өзіңнен бір сұрақ сұрайын, соны айтып берші:

  • Осы адам баласы анасынан жылап туа ма, күліп туа ма? – дейді.

Бұған Абай күліп: күліп туу жаратылыстың заңында жоқ қой, – деп жауап қайтарады.Олай болса,- дейді Қиясбай - дүниеге жылап келгенадам баласы,күліп өлмейді. Сондықтан кейіспен келген пенденің алдамшы дүниеге аяғын шалдырмай өмірін өкінішсіз өткізіп өлген бірде-бірі жоқ. Ал мен дүниенің өзін мазақ етіп жүрген жоқпын ба? – деп сол өкпелеген бетінде үйден шығып кеткен екен.

Сонда Абай, әлгінің өмірге көз қарасында ой тебірентерлік терең сырлар жатыр екен – ғой. Енді оны өзі ұстаған жолдан өзгертем деудің жөні бола қоймас.Алдамшы, жалған дүниені сайқымазақ еткен де оның түпкі жан дүниесінің ар жағында жататын мақсатты кекесінгежол бергеннен басқа шара жоқ екен ғой, - деген тоқтамға келсе керек Абай!

Қиясбай тапқырлығы мен шапшаңдығы.

Абай Қиясбайдың ақындық жолдағы шапшаңдығын байқамаққа:

           Бұған аңқау, ішім қу,

           Жүрген жерім бәрі ду,

           Үстіме киген киімім,

           Киім емес, қызыл шу,

           Уайым жоқ, қайғы жоқ,

           Атадан тусаң мендей ту, - дейді де - бала, осының аяғын өзің айтып жіберші, - деген де Қиясбай:

           Тамағым тоқ, уайым жоқ,

           Япыр-ай, менің өзім қу,

           Әгәй, әгагәй, - деп әндете жөнелген.

Қиясбай қолқасы.

Найман елінің мыңды айдаған Құлбайдың Бұланының асына  Қиясбай да бармақшы болып, Абайдан апаруын сұрап, әрі өзі айтатын өлең жазып бер, - деген.

Абайдың тапсыруымен Қиясбай айтатын өлеңдердің біразын Асылбек, Әділше шығарып берген.

Өз ырқы болмаса, басқа жуандарға көнбейтін, би болыстардың айтқанына жүрмейтін, тілді, айтқыш әрі пысық Әділше Қиясбайдың сыртқы пішіні арқылы ішкі сырынасай өлең жазып берген екен:

           Ай далада ақ қасқыр оқақ – сопақ,

           Ақ сиырдан туады күрең айғыр.

           Аспанда ителгі құс пішен жейді,

           Арық тоқты шұлғиды жер қатқанда.

           Иттің үріп шыққаны жаз болғаны,

           Беліме буғаным 17 арқан.

           Қыздар-ау, үйіңнің оң жағында

           Бұрқан-тарқан,

           Әгәгой, әгәгой...

Қиясбай қитарлығы.

Жас кезінде Қиясбай көзінің үстінгі қабағына теріскен шығып, қышып болмаған соң, ыза болып тобылғыны жағып, ұшындағы қызыл шоғымен күйдіріп тастайды. Сол жер тыртық болып қабағын жоғары тартып тұратын болған. Сол қолдан жасалған құбылыс Қиясбайдың алып денелі, ұзына бойына қосылған жанама құбыжық көрініс болып жабысады.

Қиясбай тапқырлығы.

 Күрең күздің ызғарлы суығы ақжауынға айналып, бірнеше күн суықтан қатты қалжыраған Қиясбай Абай үйіне сәлем бере келеді. Әдеттегідей үй толы адамдар қызу әңгіме үстінде екен. Абай Қиясбай сәлемін алып, қал – жайын сұрайды. Ойындағысын айтудың орайын Абайдың өзі келтіруіне қарай: «Анда – санда жейтіні бір боқбасар адамда не күй болушы еді», - дейді Қиясбай.

Абай қонақтар қайтып жер аяғы саябырлаған тұста Қиясбайдан: «бір боқбасарың» не деп сұрайды. – Пәлі, Абай аға, соныда білмейсің бе? Ол қойдың төрт сирағы емес  пе.

Қиясбайдың тапқырлығына қайран болған Абай малшысын шақыртып, Қиясбайға айдап жүруге бір – екі қой қиындық келтірер, төрт – бес қой алдына салып бер депті.

Қиясбай қулығы.

 Абайдың қасында шынтақтап жатқан Қиясбай: - Абай аға, сіз есеп білесіз бе? – деп сұрапты.

  • Аздап, Қиясжан, - десе.
  • Аздап білсеңіз, 200 ешкінің мүйізі қанша болады?
  • Төрт жүз болады да.
  • Пәлі, Абай аға, сен де есеп білімін деп мақтанасың – ау.Сонша көп ешкінің ішінде мүйізі жоқ тоқалы, мүйізі сынған кемдері болмай ма екен?- деп мырыс – мырыс күлсе, үйдегілер түгел қарқылдап күлісіпті.

Айдостың бүгінгі күндегі мықтысы, әрі байы кім?деген Қиясбай

сұрауына Абай:

Кімнің сойыл соғары көп болса, сол мықты да сол бай болмақ.

- Сонда Сіздің болжап отырғаныңыз Шоқа балалары ішінде Күреңше ғой деген Қиясбай сөзін Абай мақұлдапты.

Шоқаның бес баласының ішінде Күреңшеге мың біткен. Оның жылқысы Боқтылы (кейін Оспан көлі атанған) көлінен Жырыққұдыққа дейінгі аралықта жайылыста болған. Дүниеден озған КүреңшеБи Ата кесенесі биігіне жерлеген.Кесененің батыс жағындағытөрт құлақты қоңыр зират өткен дәуірдің көнермес белгісіндей. Ал Бәжіғұл Күреңшеұлының қонысы қалың ырғызбай ішінде Шыңғыстың Тоқпанбет өзені етегіндегі кең алқапты алып жатқан ата мекені.

Күреңше Шоқаұлы 1905 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлымен сапарлас болып Меккеге барған. Айдос әулеті ішіндегі қажылыққа барып қажы атанған үшінші адам осы -  Күреңше Шоқаұлы.

«Абай елі» газетінің бетінде, (24-30 қараша 2016) газеттің Бас редакторы Нұржан Байтос мырзаның «Қиясбайдың мазары табылды» деген мақаласы жарияланып, қалың көпшілікті дүр сілкіндірді. Әсіресе абайтанушы қауым көкейінде жүрген – адамгершілікті уағыздаушы адамның рухына тағзым етіп, дұға жасаудың жарқын күні туатынына үшкіршілік етіп, тәуба десті.

     Мазар орнын тауып, айналасына қоршау жасаған Түсіпбек (Сарман) келешекте Борсақтың 4 ұрпағы Қиясбайға құлпытас белгі қоймақшы екенінен де Нұржан бауырымыз хабардар етті.

     Ел ішінде іс – әрекеті аңыз болып қалған Қиясбай мазары халық талғамындағы белгі болуына тілектес болумен қоса қолдау да білдіреміз.

 

                                                 Досымхан Тоққараұлы

ҚР журналистер одағының мүшесі,

Еңбек Ардагері, қаламгер ұстаз.

Бәрекелді!

 

«Туады ерлер ел үшін, өлмейді ісі мәңгілік» дейді дана халқымыз. Бүгінде Абай елінің намысын білімде де, спортта да, өнерде де қорғап жүрген жастарымыз аз емес. Солардың бірі, әрі бірегейі Абай елінің намысын  жайдарман өнерінде асқақтатып жүрген «Рахмет»  жайдарман тобы. Құрамамыз жуырда ғана  Павлодар қаласында өткен Республиқалық Ертіс  бойы лигасының күміс жүлдесін иеленіп, вице чемпион атанып келді. Азулы қарсыластарына төтеп беру женіл шаруа емес. Әзілді шындықпен ұштастырып, халыққа жеткізіп, ентелеген елдің көңілінен шығу ол үлкен өнер.

Аталмыш лиганың маусымашарында 32 команда әзіл ойындарын бастап берсе, ¼ ойындарда азулы қарсыластарын ойсырата озған 24 топ өнер көрсетті. «Жайдарман тауға шыққанмен тең, көтерілу қиын, құлау оңай» деген сөздің растығы келесі ойыннан көрінеді. Дайындығы аз, ойын өрнегі бәсен командалар келесі кезеңге өте алмай қалыс қалып жатты. Жартылай финал ойындарында жалпы саны 18 топ болса, алайда түрлі себептермен 4 команда келе алмай, осы сында 14 команда өнер көрсетті. Астана, Қарағанды, Павлодар, Өскемен, Тараз, Шымкент сынды алып қалалардың арасында біздің ауданымыздың жігіттері мойымай, өз мықтыларын дәлелдеді. 14 команданың ішінде 1 орынмен өткен біздің құрама Кереку елінің жүрегін баурап алды. Ақтық мәреде, 4 Астаналық және 1 Павлодарлық командалар өздерінің осал еместігін көрсетіп бірінші сайыстан-ақ 3 командасы алдыға сытылып шықты. Келесі сайыста командамыз текстік әзілді жақсы игергенін көрсетіп  І орынға табан тіреді. Осы сайыста команданың ең жас ойыншысы Берікболов Талант халықтың ерекше қошеметіне бөленді. Ақырғы шешуші сайыста барлық командалар ең жоғарғы деңгейде өнер көрсетті десек артық айтпаймыз. Сайыс қорытындысы бойынша чемпион деген атаққа «Энерго» командасы лайық деп танылса, вице чемпион Абай ауданының құрамасы «Рахмет» жайдарман тобына бұйырды. Жүлделі ІІІ орынды тағы да астаналық команда «Арнайы» жайдарман тобы иеленді. Осылайша ауданымыздың намысын қорғап жүрген «Рахмет» командасы павлодарлық көрермендерін әзілмен баурап, ерекше қошеметке бөленді. Ендігі кезекте жігіттеріміз, осы айдың 19 күні өтетін халықаралық чемпионаттың финалдық бәсекесіне қызу дайындық үстінде, тек қана сәттілік тілейміз!

     Шығысымыздың, Абай елінің жеңісті күндері көп болсын дейміз!

 

«АЕ» ақпараты

 

 

Сейсенбі, 20 Желтоқсан 2016 00:00

КӨПТІҢ НАЗАРЫ КӨКБАЙ АУЫЛЫНДА

Қашым мешітіне 10 жыл

 Ауданымыздағы шаруашылығы шалқыған, халқының дәулеті жыл санап артып келе жатқан іргелі елді мекендердің бірі Көкбай ауылдық округі. Халық саны мол һәм береке-бірлігі бекем ауылдың мәдени-рухани өмірінде де айтарлықтай зор жетістіктер мен жаңалықтар молынан орын алуда. Әсіресе, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жарқын мезеттер қатары тіптен артты.

Аталмыш ауыл бойынша ағымдағы айдың айтулы шаралары арасында Қашым мешітінің 10 жылдығына арналған іс-шараны айрықша атап өтуге болады. Бүгінде әсіресе жастарды төл дініміздің асыл құндылықтарымен сусындатып, ауыл халқының рухани қажеттілігін өтеуде маңызды орын алатын ғибадат үйі осыдан аттай он жыл бұрын белгілі кәсіпкер азамат Ауылбек Қашымұлының демеушілігімен бой көтерген болатын. Қазіргі күні тек Абай ауданы бойынша ғана емес, күллі облысымыздағы ауыл мешіттері арасында сәулеті келіскен еңселі құлшылық орны болып саналады. Бүгінде Көкбайдың келбетіне көрік қосқан аталмыш мешіт дәстүрлі дінімізбен орайластырып, бабалардан жеткен ұлттық құндылықтарымызды да насихаттауда. Қазіргідей алмай-ғайып заманда дін қызметкерлерінің жүргізетін тәрбиелік-тағылымдық қызметінің маңыздылығы аса зор екендігі белгілі. Ал аталмыш мешіттің 10 жылдығын жастар арасында спорттық шарамен атап өту осынау жайттарды жұртшылық алдында айғақтағандай еді.

Қашым мешітінің он жылдығына арналған сайыс күрестің дзюдо түрінен өтті. Сөз орайында айта кетейік, аталмыш спорт түрі бүгінде ауданымызда кеңінен қанат жайып келе жатыр. Балуандарымыздың облыстық, республикалық деңгейдегі сайыстарда татами төрінде белдесуге түсіп, қоржынға олжа салып жүрген жайы бар. Ұйымдастырушылардың дзюдоны бекерге таңдап алмағаны анық. Себебі, күрес өнері – пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сүннеті болып саналады. Бұл ретте түрлі айтулы шараларда ҚМДБ күрес сайыстарын өткізіп жүргендігі белгілі. Аталмыш сайысқа ауданымыздың әр ауылынан кіл мықталар іріктеліпті. Білек күшіне сеніп келген балуандар арасында облыстық біріншілікте топ жарып жүрген өрендер қатары да мол болды. Осыған қарап-ақ доданың қызу өтетінін аңғаруға болатын еді.

Күткеніміздей-ақ сайыс барысы мейлінше тартысты өрбіді. Алып та жыққан, шалып та жыққан балуандар қатары мол болды. Дзюдо – жекпе-жектің әлемдегі ең танымал түрі және айналысушылардың саны бойынша көш бастап тұрған спорттың бірі. Сондықтан да болар, аталмыш күрес бойынша қалыптасқан өзіндік әдіс-айла, түрлі тәсілдер де көп. Ал абайлық балуандардың осындай әдістерді шебер пайдаланатынына, дзюдоға әбден машықтанғанына, татами төрінде сауатты күресетініне осы жарыста тағы бір мәрте айқын көз жеткіздік.

Айта кететіні сол, дзюдоны қазақ күресімен айналысатындар, грек-рим, самбо, тіпті, айкидо мен джиу-джитсу сынды Шығыс жекпе жегімен шұғылданушылар да еркін меңгеріп, бірден күреске түсе алады. Барынша қолайлы, икемге ыңғайлы. Сондықтан да болар, жарыс жолына шыққан жастар арасында бәсекелестер қатары мол болды. Десек те, «күш атасын танымайды» деген. Күн ұзаққа созылған тартысты додадада кіл жеңімпаздар суырылып шықты. Айта кетер болсақ, 1999-2001 жылдары туғандар арасындағы сайыста бірінші орынды 42 келіде лицей оқушысы Байсиық Құмаров, 50 келіде Шәкәрім мектебінен Нұрасыл Толымханов, 55 келіде лицейлік Данияр Кеңесбеков, 66 келіде көкбайлық Толымқан аслан иеленді.

Сонымен қатар, 2002-2004 жылғы мектеп оқушылары арасында топ жарып бас жүлде алғандар арасында үздік өнерімен көзге түскен бірқатар жасөспірімдердің есімдерін атауға болады. Мәселен, 29 келі салмақта көкбайлық Тілеуғалиұлы Еркебұлан, 32 келіде Әуезов мектебінің оқушысы Сайлауханов Алтынхан, 35 келіде Айдынғали Айғали, 38 келілік көкбайлық оқушы Берікханов Береке, 42 келіде лицейлік Рахатұлы Қайсар бірінші орынды жеңіп алды. Сонымен қатар, осы жылы туғандар арасында ауыр салмақта сынға түскен 60 келідегі лицей оқушысы Әділетұлы Арыстанды да айта кеткен жөн.

Ал 2005-2007 жылғы жасөспірімдер арасында жүлде қоры тіптен көп болды. Атап айтсақ, бас жүлдені 23 келіде Абай лицейінен Ернұр Медетбеков, 26 келіде Көкбай мектебінен Мейрамғалиұлы Арман,  29 келіде көкбайлық Батырханов Дамир, 32 келіде тағы да көкбайлық Ұлағат Абзал, 35 келіде көкбайлық Амантаев Ләззат, 38 келіде Шәкәрім мектебінен Жанарбекұлы Ерали, 42 келіде көкбайлық Әлем Шәкабай, 46 келіде Ш.Әбенов мектебінің оқушылары Мейірлан Тұрсынов пен +46 келідегі Мирас Сұлтанұлы зор абыроймен жеңіп алды.     

Әрине, бұл тізімді әлі де салғай түсуге болады. Себебі, бәсекеге түскен балуандар арасында салмақ айырмашылығы өте көп болды. Бір аңғарғанымыз, бірінші орынды еншілеген өрендер арасында көкбайлық оқушылардың қарасы көп болды. Осыған қарап-ақ аталмыш ауылдық округ бойынша спорттың, оның ішінде күрес түрлерінің жылдам қарқын алып келе жатқанын байқауға болады. Барша жеңімпаздар арнайы сыйлықтар мен мақтау қағаздарын иеленді.

Аталмыш шара осылайша дүбірлі түрде өтті. Осы орайда аудандық жарыстың демеушілері жайында айта кету ләзім. Көкбайлық көпшілік қана емес, ауданымыздың әр ауылынан жиналған жанкүйер қауымға ерекше әсерлі сәттер сыйлаған жарысқа бірқатар азаматтар демеушілік жасапты. Атап айтсақ, сайыстың бас демеушісі, мәрт азамат Ауылбек Қашымұлының көмегін баса айтуға болады. Сонымен қатар, Тиыштықбайұлы Алтынбек, Нұралин шалқар, Әбілов Қалқабек, Мағауин Мақа, Әбілқасымов Оралғазы, Ақболатов Нұрлы, Амангелдин Бөпеғазы, Слямханов сағын, Қуанлықов Сымбат, Тайтөлеуов Бақтығазы, Көпжанұлы Серікқали, Алдажаров Алмас, Жаукенова Айгүл, Қанатбекұлы Қуат, Хафез Мұхит, Мұқажанова Жанар, Болатқазыұлы Біржан және 1987 жылы туған азаматтар демеушілік жасады.

Әрине, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Осынау ауқымды шараны өз деңгейінде ұйымдастырып өткізу үлкен күш-жігерді талап ететіні белгілі. Бұл ретте шараны өткізуге ат салысқан ауыл имамы Абзал Искаков пен Көкбай атындағы орта мектебінің қазақ күресі жаттықтырушысы Думан Шәкебайұлының сіңірген еңбектерін де ризашылықпен атап өткен жөн.

 

Ән мен жыр - көңіл ажары

 

Ауылдықтар көңіліне ерекше серпін әкелген шара бір бұл емес, әрине. Көкбайдың мәдени өмірі де әрдайым сергек. Елдігіміздің белгісі – егемендік мерекесі ауданымыздағы ауылдарда да өз мәнінде өткізіліп жатқаны белгілі. Осы ретте Көкбай атындағы орта мектеп ұжымының  ұйымдастыруымен аталмыш округтің мәдениет үйінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Тәуелсіздік - ел тұғыры» атты мерекелік кеш болып өтті. Аталмыш шара сонымен қатар, Қашым мешітінің 10 жылдығымен де орайластырылған болатын.  

            Мерекелік салтанатты шара әсерлі басталды. Әуелгі кезекте Желтоқсан оқиғасына арналған шағын көрініспен байланысты әдеби монтаж көрермен назарына ұсынылды. Осыдан соң кеш шымылдығын мектеп оқушыларынан құрылған оркестр ашып, жиналған қауымға «Әлқисса» күйі тарту етілді.

Өнерпаздар жоғары даярлықпен келіпті. Атап айтсақ, осынау оркестрдің сүйемелдеуімен Ғылымбеков Жандос пен Айтанова Ұлжан фольклорлық үрдісте «Сағыныш» әнін өз мәнінде орындап берді. Ал әсем әуез кезегін Сайлаубеков Парасат пен Советбекова Әйгерім «Туған жер» әнімен жалғап, жас орындаушы Айгүл Орынбекова да «Қазақ елі осындай» рухті әнімен көрерменді бір серпілтіп тастады.

Жалпы, мерекелік концерттік бағдарлама барысында ұйымдастырушылар мен қатысушылар тың ізденіске барғаны көрініп тұрды. Яғни, оқушылардың шығармашылық ізденістері айқын аңғарылды. Мысал келтірер болсақ, аудан жұртшылығына жақсы таныс «Кербез» бишілер тобы бастауыш сынып оқушыларынан құрылған «Көркем» би тобын биге баулып жүр екен. Екі топтың бишілері қосылып «Ламбадамания» биін көрерменге тарту етті. Латын америкалық би мен жаңа заман биінің үрдісі әсем түрде үйлесіп, жарасымды попуриға айналды.

Бір бұл емес, «Кербез» бишілер тобы «Айша бибі» және «Ұйғыр биін», жас бишілер «Көркем» тобы «Қамажай» биін нақышына келтіре билеп берді.

Сондай-ақ, «Жаса, қазағым» әнімен Мағжан Сайлаубеков, қыздар ансамблі «Қаздар қайтқанда» әнімен, Сұлтан Баймусин «Қазағым» әнімен, Сайлаубекова Жанерке «Талас» күйімен, Сайлаубекұлы Парасат «Жүрегім қазақ» әнімен, мектеп ұжымын таныстырып жүрген Рақымжанова Әсел мен Аманғазы Қызы Күміскүл «Ал, құрбым» әнімен, Айтанова Ұлжан «Елбасы» әнімен көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Мұнымен қатар, кеш барысында «Шығарма жазу» деп аталатын әзіл-сықақ көрінісі қойылып, көрерменді күлкіге кенелтті.

Кештің ең әсерлі тұстарының бірі жас әншілерден құрылған «Жасstar» тобының шырқаған әндері болды. Әсіресе, «Мама» әнін айрықша әсерлі сезіммен орындаған өнерпаздар көпшілікті ерекше күйге бөледі.

Мазмұнды өрбіген кеш барысында көркемсөз шебері Қордабаева Гауһар «Абылай хан монологын» мәнерлеп оқып, мектеп хоры «Атамекен» және «Көк тудың желбірегені» әндерін қалықтатты.

            Осынау кешке қатысқан қонақтар ауыл әкімі Шәріпқазы Санбайұлы мен аудандық білім бөлімінің бас маманы Рауан  Шыңғысұлы Жарқын Жәукенов басқаратын ұжымның мерекелік концертіне жоғары баға беріп, алғыстарын жеткізді.

 

Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі»

Сейсенбі, 20 Желтоқсан 2016 00:00

«Тәуелсіздік-теңдесі жоқ байлық»

 

 

Ерлік пен Елдік толғауы

 

“Қазақстан – қай жердегі, қай ел” деп,

“Көк түбінде болса дағы көрем” деп.

Жатқан жұртқа жан –жағымнан сұқтанып,

Елдігімді берейінші дәлелдеп!

 

Елдігімнің ең бастапқы ерлігі,

Қазақ жерін мойындады жер жүзі.

Тоқыраудың қиындығын жеңбесем,

Тоз-тоз болып кетер едім ендігі.

 

Содан соңғы елдігімнің белгісі,

Бірлігімен нығаяды ел күші.

Бізден көшкен ұлт өкілі болмайды,

Бізге ұлттардың келе берер келгісі.

 

Содан соңғы кереметім – Астанам,

Одан асқан жерұйығы жоқ маған.

Нұр жайнаған ширек ғасыр ішінде,

Нұр Астана келбетімен мақтанам!

 

Әлем күткен ғажайыбым бар тағы,

Күн көзіндей жарқыратқан Арқаны.

“Көреміз” деп, ЭКСПО-ның көрмесін,

Жердің жүзі ертең бізге жортады.

 

 

Содан соң ба, содан соң да бар бағым,

Бақытымды келе берер толғағым.

Бізге келіп, кетіп жүрген қонақтар,

“Жарайсың” деп шошайтады бармағын!

 

“Мәңгілік ел” содан соңғы мұратым,

Біз халықпыз күнге созған құлашын.

Күннің көзі көк туымда тұрғанда,

Асқарларым аласармас шығатын!

 

Жеткенім де, жетпегім де көп менің,

Адамзаттың алдындағы көштемін.

Азабынан – ғажабына жол салған,

Қазағымнан көр, Ерліктің мектебін!

 

Оралқызы Зарина,

Қарауыл гимназиясының оқушысы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Тәуелсіздік жыры

 

                                Қай адамның болмасын арманы көп,

                                Жеткізбейтін,жетпейтін қолдары дөп.

                                Болдым,толдым демейді ешбір пенде,

                                Азуын тұрса дағы айға білеп.

 

                                Кедейлердің бай болу қалағаны,

                                Бай байысам дейді екен одан әрі.

                                Біреулерді мол білім алаңдатса,

                                Біреулерді көп дәулет мазалады.

 

                                Мұның бәрі ,әрине, бостандықта,

                                Бостандықсыз құрылар қақпан жұртқа.

                                Кешегі кер заманнның кездерінде

                                Тәуелсіз халықпыз деп мақтандық па?

 

                                Тәуелсіздік адамның басты арманы,

                                Онсыз кетер халықтың бастан бағы.

                                Барымыз да таңымыз арайлайды,

                                Елімізде тәуелсіздік басталғалы.

 

                                Енді бүгін егемен еліміз бар,

                                Жерұйықтай тып-тыныш жеріміз бар.

                                Бар әлемде даңғдарыс болып жатса,

                                Дағдарыс пен жоқшылық қысқан емес.

 

Әлем көзі біздерге таңданады,

Астананың көркіне мәз болады.

Тәңіріне тәубесін айтпас дейсің,

Тәуелсіз еліміздің қай қазағы?

 

Мәңгілік ел-бүгінгі арман-мұрат,

Халқымыз жатыр қазір жолдауды ұнап.

Көрерсің әлі,ертең біздің халық

Көк туын желбіретер айдан бір-ақ!

 

Қайрат,Ләззат аңсаған арман бізде,

Арманғаарманқосаржолдардыізде.

Қанатсызқұсқаайналарбарлықадам,

Армандарыжоғалыпқалғанкүнде.

 

Мен-арманшыл қазақтың бір қызымын,

Тәуелсіз ел-ең басты құндылығым.

Көк аспанның түсіндей желбіреген,

Тік көтеріп келеміз туды бүгін!

 

Уатжанова Ажар,

 Қарауыл гимназиясының оқушысы

 

 

 

Сейсенбі, 20 Желтоқсан 2016 00:00

ТӘУЕЛСІЗДІК - ҚАСТЕРЛІ ҰҒЫМ

ТӘУЕЛСІЗДІК - ҚАСТЕРЛІ ҰҒЫМ

(ОЙ ТОЛҒАУ)

 

Тәуелсіздік! Осы бір қасиетті де қастерлі ұғымға табынбайтын, тебіренбейтін, толқымайтын адам баласы жоқ шығар, сірә!?

Өйткені  ешкімге тәуелсіз болмай, азат дүниеде еркін өмір сүру – қай халықтың болмасын ежелден аңсаған ұлы арманы. Тіпті адамзат тарихының өзі сонау көне заманнан үзбей жалғасып келе жатқан азаттық пен тәуелсіздік жолындағы халықтар күресінің саналуан шежіресі десек те, артық айтпаймыз. Тарих көшінде тәуелсіздікке, азат өмірге қолы жете алмай кеткен халықтар қаншама!? Сондықтан да бодандық бұғауынан босап, тәуелсіз ел болу – жер бетіндегі барлық халықтар үшін қашанда қастерлі ұғым болып қала бермек.

Тәуелсіз ел болуды қазақ халқы да сан ғасырлар бойы армандап, аңсап келген. Қазақ халқының мыңдаған жылдар бойғы тарихына көз салып, ой елегінен өткізсек, осынау Ұлы Даланы ежелден мекендеген көшпелі елдің, ата-бабаларымыздың бүкіл өмірі ел тәуелсіздігі үшін жанталасқан күреспен өтіпті. Тарихымызға бір сәт көз жүгіртіп көрейікші... Тарихын тасқа қашап жазып кеткен Күлтегін, Тоныкөк, Елтіріс сынды қағанат қаһармандарының тәуелсіздік жолындағы жанкешті жорықтары... Алғаш «қазақ» атын шығарып, қазақ хандығының туын көтерген Керей мен Жәнібектің, Қасым хан мен Есім ханның, Салқам Жәңгір мен Әз Тәукенің елі мен жері үшін сіңірген ұлы тарихи еңбегі... Бертін келе қанқұйлы жоңғар шапқыншылығына қарсы Абылай хан, Қабанбай, Бөгенбай, Райымбек сынды көптеген батырлардың аңызға айналған ерлігі мен айбынды жеңістері... Жалпы қазақ халқының қайсар рухты жауынгер ұлт екенін айқын дәлелдеген хандық дәуірді  Елбасымыз: «Қазақ хандығы кезеңі – ат жалында күн кешкен Алаш жұртының қаһармандық дәуірі» - деп жоғары бағалаған болатын.

Сол ата-бабаларымыз аңсап өткен тәуелсіздік таңы 1991 жылдың 16 желтоқсанында арайлап атқан еді... Сонау сақ, ғұн, түркі, қыпшақ замандарынан бері уақыт көшімен бірге жарысып келе жатқан, сол ұзаққа созылған ұлы жолдардың табанында мың өліп, мың тірілген халқымыз: 

«Бүгінгі күн – тәуелсіздік алған күн,

Асқақ арман алау болып жанған күн!

Бүгінгі күн – қазағымның басына,

Бақыт құсы мәңгілікке қонған күн.

                          Бүгінгі күн – теңдесі жоқ ғажап күн,

                          Ата-бабам армандаған азат күн!

                          Тыныштық пен татулықта, бірлікте,

                          Желбіресін көк байрағы қазақтың!» -

деп, өз тарихындағы ең қастерлі күнді, тарих шежіресінде алтын әріптермен айшықталып жазылатын ұлы күнді шексіз қуанышпен қарсы алып, бақыт құшағына бөленді!

Бұл күні біз сом білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қарсы келген жауын қақырата жеңіп, ұшқан құстың қанаты талатындай ұлан-байтақ даланы аманат етіп, еншімізге қалдырып кеткен бабаларымыздың  сан ғасырлар бойы аңсаумен өткен асқақ арманына қол жеткізіп, қазіргі заманғы тәуелсіз мемлекет құруға қарай тыңнан батыл қадам бастадық. Ғасырлар бойы ғажайып қиял, тәтті сөз болып қана келген Тәуелсіздік енді текті сөзге, қасиетті ұғымға айналды. Тәуелсіз ел, Тәуелсіз Қазақстан, Тәуелсіздік алаңы, Тәуелсіздік сарайы, Тәуелсіздік монументі сынды сөздер құлаққа жағымды естіліп, қашанда көңілге қуаныш сыйлап тұрғандай болады бүгінде.

Міне, Тәуелсіздік алғанымызға, егеменді ел атанғанымызға жиырма бес жыл толып отыр. Ширек ғасыр! Ширек ғасыр, әлбетте, дәуір деңгейінен қарағанда тым көп те мерзім емес. Бірақ осы жиырма бес жылда  біздің тәуелсіз еліміз, жас мемлекетіміз  ғасырға бергісіз жеңістерге толы жасампаз жолдан өтті. Ғасырға бергісіз болатыны, біз осы жылдары бұрынғы жүз жылдықтар аумағына әсте сия бермейтін орасан зор істерге құлаш ұрып, толағай табыстарға қол жеткіздік. Жас мемлекетіміз аз уақыт ішінде экономикалық, саяси және әлеуметтік салаларда адам сенгісіз биік белестерден, асқар асулардан өтті. Қазақстанның әлем қауымдастығын құрайтын БҰҰ-ға мүше 193 елдің қатарына енуі өз алдына, ол жер-жаһанның жұрты санасып, елі ақылдасатын белді де беделді мемлекеттердің біріне айналды. Қазақстанның қысқа мерзімде қол жеткізген табыстарын барша отандастарымыз да, шетелдік небір танымал тұлғалар да, сұңғыла саясаткерлер де Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи ұлы еңбегі деп біледі және жоғары бағалайды. Өйткені ол тәуелсіз Қазақстанның негізін қалады. Өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің көшбасшысы атанды. Президент ретінде елін әлемге танытты, әлем оны аса ірі саяси тұлға ретінде таныды. Бүгінде көптеген елдердің саяси қайраткерлері мен әлемге танымал сарапшылары, сондай-ақ ғылыми-талдау орталықтары Қазақстан Президентінің іргесі берік, болашағы айқын тәуелсіз мемлекет құрудағы, көпұлтты мемлекетте ынтымақ пен бірлікті нығайтудағы және бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі «Қазақстандық жол» деп бағаланған еңбегі мен тәжрибесіне қызыға да қызғана да қарап, жан-жақты зерттеуде, үлгі алуда.

Әрине, бүгінгі жетістіктер оңайшылықпен келген жоқ. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басындағы жағдай мен қазіргі өмірді бір сәт салыстырып қарар болсақ, жер мен көктей айырма бар екенін көреміз. Қираған экономика, тұралаған өндіріс орындары, тауар тапшылығы, жаппай жұмыссыздық, инфляция, ішкі жалпы өнімнің құлдырауы... Тәуелсіздігіміз енді қолға тиген және жоғарыда айтылғандай қиындықтарды бастан кешіп жатқан ел егемендігінің алмағайып жылдарында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев былай деген еді: «Заман тыныштығын берсе, бүгінгі қиын жағдайдан, дағдарыстан да шығармыз. Тәуелсіз Қазақстан дәулетіне сәулеті сай қуатты мемлекетке айналар. Даламызда да, қаламызда да шат тірлік орнар».

Қиын-қыстау кезеңде халық өз тағдырын Президентке сеніп тапсырды. Ол кезде тәуелсіз республикаға қажетті экономика, материалдық-техникалық база, тіпті мемлекетті басқаратын тәжрибе де жоқ еді. Осының бәрін рет-ретімен Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі жасады. Тарих иығына артқан аса жауапты да батпандай ауыр міндеттерді Елбасымыз нағыз хас батырдай көтере білді! Сол бір тәуелсіздіктің алғашқы аласапыран жылдарында Елбасы: «Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті ауыр. Не істесек те, ақылмен істейік, арзан ұранға ермейік, ұшпа сезімге ерік бермейік дегім келеді... Тарих көші ұзақ. Асықсақ та, аптықпайық, Қазақстанның көпұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін» - деген еді. Көреген басшының айтқаны айнымай келіп, ауыр кезеңдерден сүрінбей өткен еліміз Елбасының дана басшылығымен бүгінгі бақытты күнге жетіп отыр.

           Тәуелсіздік – ең алдымен Қазақ халқының бостандыққа ұмтылған ғасырлар бойғы асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Арамызда аракідік естіліп қалатын: «Тәуелсіздік бізге оңай, ешбір қан-төгіссіз, жеңіл келді»,-деп жүргендердің сөзі –текті сөздің тереңіне бойламай, ұшқары айтылған бос сөздер дегім келеді. Бұл арғысын айтпағанда күні кеше ХХ ғасыр басындағы алаш арыстарының қанымен жылдар бойы бодандықтан арылуды аңсаған аға ұрпақтың жанымен, одан қалса 1986 жылғы желтоқсанда алаңға шыққан жалынды жастардың ерік-жігері, көз жасымен келген Тәуелсіздік. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Еліміз тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет ретінде әлемге танылды.  Жиырма бес жыл ішінде елімізде қыруар істер атқарылды. Атап айтсақ тарихи жеріміздің шекарасы халықаралық шарттарға сай бекітілді. Мемлекеттік рәміздеріміз, Ата заңымыз, ұлттық валютамыз және Сарыарқаның кең жазық даласында барша елдің өзінің тез көркейіп өсуімен таң қалдырып, жаңа Астанамыз дүниеге келді. Әлемдік қауымдастық алдында «Қазақстан Республикасы» деген асқақ рухты елдің бар екенін мойындаттық. Ел экономикасы да жылдан-жылға нығайып, мәдени, рухани даму деңгейі белеске көтерілуде. Ширек ғасыр ішінде өзіне тәң барлық институттары бар, әлемдік қауымдастықтың ықпалды мүшесі болып табылатын тәуелсіз мемлекет құрылды.

 

         Жыл сайынғы ел Президентінің халыққа арналған Жолдаулары мен қабылданған мемлекеттік бағдарламалар, стратегиялық бағыттардың барлығы да қарапайым халықтың тұрмысын жақсартып, тәуелсіздігімізді нығайтуға бағытталды. Елбасы өз Жолдауында ішкі саяси тұрақтылық пен ұлттық қауіпсіздіктің 2020 жылға дейінгі негізгі мақсаттары қоғамда келісім мен тұрақтылықты сақтау, ел қауіпсіздігін нығайту екенін атап өтті. Жалпы, республикамыздың  жиырма бес жылдағы шежіресін барлап қарасақ, Елбасы мен Тәуелсіздіктің ажырамас біртұтас ұғым екеніне көзіміз жете түседі. Тәуелсіздіктің әрбір жылы небір маңызды оқиғаларға толы болғанын көреміз. Соның бірі және алғашқысы – қырық жыл бойы халқымызға сор болып жабысқан, атом қаруын сынақтан өткізетін Семей полигонының Президент Жарлығымен жабылуы. КСРО ыдырап жатқан тұста, барлық жауапкершілікті өз мойнына алған Елбасымыз егемен елдің ертеңі үшін үлкен тәуекелге барды. Сөйтіп, ядролық державалар басшыларына тағылым көрсетіп, қарусыз әлемнің көшбасшысына айналды.

Халқы ауқатты, жақсы тұратын тәуелсіз мемлекеттің руханияты да мықты болмағы анық.  Бұл жайлы Елбасының жазба еңбектерінде айтылған. Ел экономикасын аяғынан тік тұрғызып, сауда ұйымына мүшелік етуімізде де алдын-ала жоспарланған «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламасының орны ерекше. Бәсекеге қабілетті жаңа мемлекеттің соны идеологиясы мен бағыт-бағдары, өзіндік тәжірибесі бар болуы шарт еді. Міне, ол күнге де жеттік! Енді, тарихи шегініс жасап көрейікші. Керей мен Жәнібек хандық құрған тұста халық кемеңгері Асан Қайғы (Асан Сәбитұлы) қазақ елінің өніп-өсер шұрайлы мекенін, яғни, «Орда» болып орналасар орынын іздеді. Мақсаты, қазаққа «Мәңгілік» мекен болар «Жерұйықты» табу еді. Асан Қайғының осы бір арманы бес ғасырдан кейін Тәуелсіз қазақ мемлекетінің идеологиялық тұғырына айналды. Идеологиялық тұғыр деп отырғанымыз – әрине, егеменді еліміздің бүгінде ұстанып отырған «Мәңгілік Ел» саясаты. Осы сөздің астарында тарихтан тартқан тамыр бар, болашаққа бағыттар мақсат пен мүдде  бар.

Мәңгілік – ол мемлекет. Мәңгілік – ол жер. Мәңгілік – ол Ел. Мәңгілік – ол ұрпақ. Мәңгілік – ол сана. Олар мәңгілік үстемдік құрған елде Тәуелсіздік  ұғымы мәңгі жасай бермек!

Тәуелсіздік – тарихым, шежірем ол, өткенім,

Ақтабаннан аман қап, асқан асу, өткелім.

Тәуелсіздік – ғасырлар қойнауынан бүгінге,

Арманы асқақ қазақ боп аман-есен жеткенім!

                   Армандардың асуын  зор сеніммен аттаған,

                   Елім үшін мен бүгін кеуде керіп мақтанам.

                   Гүл жайнаған өмірге қарап тұрып шаттанам,

                   Міне, осы Жерұйық  Асанқайғы таппаған!

 

 

Бектөлеу Имантаев,

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сейсенбі, 20 Желтоқсан 2016 00:00

ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТЕЛЕГЕН 25 ЖЫЛ

Салтанатты кеш

 

 

 

Тәуелсіздік халқымызға оңайлықпен келген жоқ. Осынау ұлы жолда кешегі кең байтақ ұлан-ғайыр атыраптағы шашыраған ұлтымыздың басын біріктіріп, бір арнаға тоғыстырып, азат ел болуды көздеген Абылай ханның, қаймана қазағын қара өлеңмен оятқан алаш зиялылары мен желтоқсанның ызғарына тоңбастан егемендік үшін жанын құрбан еткен боздақтардың жазықсыз төгілген қаны бар. Сан мәрте күрестің нәтижесінде қазақ деген ұлт қалыптасты, Тәуелсіз мемлекет кереге тіктеді. Біз үшін дәл осы қастерлі күн ерекше қайталанбас мерекеге айналды. Осыдан тұп тура жиырма бес жыл бұрын 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы өзінің дербес мемлекет екендігін жариялады. Осы күннің ақ таңын көру бүгінгі ұрпақтың бағына бұйырды.

Бүгінде егеменді ел ретінде бой түзеп, Отанымыздың шекарасын шегендеп, ұлттық құндылықтарымызды бүтіндеп, төл рәміздерін қалыптастырған, құқықтық заңдарын бекіткен мығым мемлекеттің іргетасы қаланды.

Тәуелсіздік таңының арайлап атқанына бүгінде ширек ғасыр толып отыр. Осынау қастерлі күн елімізде айшықты деңгейде аталып өтуде. Береке-бірлігі жарасқан, сәні мен салтанаты келіскен Абай елі де елдік мерекені айшықты мәнде қарсы алуда. Жыл басынан бастау алған шаралар легі «25 жылға 25 жұлдызды күн» атты сан-салалы тақырыпты қамтыған тағылымды мезеттермен толығуда.

Желтоқсан айының 12 жұлдызында аудандық Мәдениет үйінде «Тәуелсіздік - Мәңгілік ел мұраты» атты салтанатты кеш ұйымдастырылып, жиында табанды қызметтерімен танылған ел ағалары, жылдың үздік мамандары марапатталып, мерейге бөленді. Салтанатты басқосуда сонау елорда төрінен келген мәртебелі меймандар Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі ішкі әкімшілік департаментінің директоры Безлер Владимир Михайлович, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сафиоллинова Райфа Сафиоллақызы болды. Сонымен қатар, аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков бастаған басшылар мен мекеме, бөлім жетекшілері, ауыл әкімдері, мектеп директорлары, аудан жұртшылығы қатысты. Кеш шымылдығын құттықтау сөзбен ашқан аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлы 25 жылда жеткен жетістіктерге кеңінен тоқталып, жемісті істер жайында айтып өтті.

-Ержүрек бабалардың, ақжүрек аналардың аңсап күткен арман тілегі – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Қыран ұшса қанаты талатын, құлан жортса тұяғы тозатын шетсіз-шексіз байтақ өлкемізге Тәуелсіздік өздігінен келген жоқ. Қазақ халқының әулеті асып, дәулеті тасыған дәурені де бар, басынан бағы тайып, тар заманға тап болған қилы кезеңі де көп. Сол сияқты «мың өліп, мың тірілген» халқымызға армандаған азаттық таңы талықсып барып жетті, бұл жолда талай қан төгіліп, жас боздақтар қыршыннан қиылып, шейіт болды. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болуы үшін өткенімізге тәу етіп, бүгінгімізді саралап-салмақтап, келешегімізді бағдарлай алуы­мыз керек. Сонда біздің тік кө­терген шаңырағымызды ешкім де шайқалта алмайды, іргеміз берік болады, - деп атап өткен аудан басшысы баяндамасын 25 жылдық белестегі Абай елінің мерейімен де сабақтады.

 

 

Атап айтсақ, абайлықтар үшін ең құнды байлық - ел Тәуелсіздігімен бірге түлеген дана Абай мен Шәкәрім мұраларының қайта жаңғыруын, ғасыр кесапаты – Семей ядролық сынақ атом полигонының тоқтатылуын және де азаттық жолындағы Алаш арыстарының абыройлы істерінің ақталып, халқымен қайта қауышуын сөзіне тиек етті. Осылайша ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қысқаша тоқталып өтті.

Кеңес үкіметі кезіндегі ауданымызда өрістеген мал санына бүгінде тек қой саны жетіп қалғандығы, ал, қазіргі таңда сол дәуірмен салыстырғанда мүйізді ірі қара саны 11,5 есеге, жылқы саны 3 есеге жуық артып отырғандығы бұл саланың қалыпты дамып келе жатқандығын көрсетеді. 1991 жылы аудандағы кеңшарлар мен ұжымдарда мүйізді ірі қара 4450 бас болса, 51291 басқа, яғни 11,5 есеге өсті. Жылқы түлігі 11326 бас болса, қазіргі уақытта 31972 басқа артып, үш есеге жуық өсті. Тәуелсіздік жылдары аудан бойынша жаңадан үш мектеп, бес балабақша ашылды. Спорт саласы бойынша бір спорт модулі, «Шыңғыстау» спорт кешені, бір мектеп жанындағы спортзал салынды. Барлық ауылдарда жаңадан футбол алаңдары, хоккей кордтары пайдалануға берілді. Медицина саласы бойынша жаңадан бір дәрігерлік амбулатория салынса, аудандық емхана, поликлиника ғимараты және барлық ауылдық дәрігерлік амбулаторияларға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгендігін жеткізген аудан басшысы өнер, спорт, білімде жеткен жетістіктерді де жіктеп берді.

Бір кездері тек аудан орталығы мен Медеу ауылдық округінде ғана болған мәдениет ошақтары қазір барлық ауылдық округтерде қамтылған. Бүгінгі таңда тозығы жеткен ғимарттар жаңартылып, заманауи үлгіде қолданысқа енгізілген. Мәселен, орталық кітапхана, өлкетану мұражайы, Жидебайдағы Абай музейі күрделі жөндеуден өтіп, «Қызмет көрсету кешені» іске қосылды. Мұнан бөлек Қарауыл мен өзге ауылдардағы негізгі көшелер асфальтталып, жарықтандырылды. Ауылдық саябақтар қайта жасақталып, алты балалар саябағы, Мамай батыр, Әнет баба, «Еңбек аллеясы» парктері ашылып, Жеңіс саябақтары қайта жаңғыртылды. Барлық ауылдарда мобильді байланыс іске қосылып, бірқатар ауылдар интернет желілерімен қамтамасыз етілген.

Осынау атқарылған ауқымды еңбек өз деңгейінде бағалануда. Оған дәлел ретінде білім саласында, өнерде, спортта үздік еңбек еткен қызметкерлердің жыл сайын үкіметтік марапаттарға ие болуын айтсақ жеткілікті. Тұрақтылықтың арқасында тегеурінді табыстарға қол жеткізген ауданымыз мемлекеттік бағдарламаларды да жүйелі жүргізіп келеді. Осылайша, ауданымыздың ширек ғасыр ішіндегі ауыз толтырып айтарлықтай айқын істеріне көз жеткізген көпшілік көңілі бір демделіп қалды.

Өз кезегінде сөз алған Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі ішкі әкімшілік департаментінің директоры Безлер Владимир Михайлович қазақы үрдістің қаймағы бұзылмаған өңірі абайлық қауымды қазақша құттықтап, ілтипатын  білдірді.

Осыдан соң мерекелік шара барысы жылдық қорытындыға негізделген мерейлі марапаттар кезегіне берілді. Бұл орайда хакім Абайдың сөзімен айтсақ, «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» иелері атанған бірқатар жерлестеріміз еселі еңбек, жігерлі қызметтері нәтижесінде абыройлары асқақтады. «Қазақстан Республикасы   Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік  медалімен: Жағыпар Жүнісжанов, Амантай Мұқатаев, Марат Түңлікбаев, Ерлан Лдибаев, Гүлнар Боранжанова, Тұрар Көзбаева, Амангелді Жікенов, Жарқын Жаукенов, Асқар Мұқатаевтар марапатталды.

Ал Қазақстан  Республикасы мәдениет және  спорт  министрлігінің «Құрметті  спорт  қызметкері» төсбелгісін Қуат Қалиев, Назым Күзембай, Ұлан Жанболат өңірлеріне тағып, арнайы куәлік иегерлері атанды. Сонымен қатар, ерекше сезімге толы осынау сәттерде Қазақстан  Республикасы мәдениет және  спорт  министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен Темірова Рыскен, Имашева Армангүл,Төлемісова Нұргүл, Сәрсенбаева Дана марапатталып, жерлестері алдында мерейлері асқақтады.

Ал полиция майоры Әзіхан Қазбек Нұрисламұлы Шығыс Қазақстан облысының ішкі істер департаментінің Грамотасына ие болса, ауданның  мәдениет  саласының  дамуына  қосқан  ерекше  үлесі  үшін  еңбек ардагері Қапсаламұлы Шайқсләм аудан әкімінің  Грамотасымен марапатталды.

Марапаттар кезегі мұнымен толас тапқан жоқ. Салтанатты жиынның шарықтау сәтінде жылдағы дәстүрмен жылды үздік қорытындылаған сала мамандары да құрметтелді. «Жыл  үздігі - 2016» номинациясы бойынша ауылшаруашылығы  саласының  үздігі - Балтабаев Рысқали («Жаңабай» шаруа  қожалығының  жетекшісі), «Үздік ауыл  әкімі» - Садырбай Ақылтай (Тоқтамыс ауылдық округінің  әкімі), «Медицина саласының  үздігі» – Мұхамеджанова  Шолпан (орталық  аудандық  аурухана  бас  дәрігерінің  орынбасары), «Үздік  кәсіпкер» – Әкімбаев  Сәлім («Жарылғасын» шаруа қожалығының  жетекшісі, Саржал ауылы), «Үздік мемлекеттік  қызметкер» – Сағындықова  Нұргүл (аудан әкімі аппаратының  бөлім  басшысы), «Үздік  полиция  қызметкері» – Мұқанов  Айбек (жергілікті полиция  қызметінің Саржал ауылы бойынша  учаскелік  полиция  инспекторы-полиция  капитаны), «Білім  саласының  үздігі» – Қарақабаева  Мадина («Балдәурен» ясли-балабақшасының директоры), «Мәдениет  саласының  үздігі» – Төлендиев Ерқанат (Құндызды клуб үйінің  меңгерушісі) атанды.

Расында еңбегімен мерейлі абайлықтар қатары жетерлік екен. Бұл тізім қатарын толықтырғандар легіне тоқталар болсақ, «Үздік спорт маманы» – Әділханов Серік (Шәкәрім  орта  мектебінің  дене  шынықтыру пәнінің  мұғалімі), «Жалынды жас» – Амангелдин Арнұр (Абай аудандық Жастар орталығының  әдіскері) марапатталды.

Мұнымен қатар, аудан  әкімінің Алғыс хатын иеленген сала қызметкерлері де көпшілік алдында құрметке бөленді. Слямбекова Фурхад, Нұғымбаева  Нұрбек, Жеделғазина  Бақтыгүл, Байжұманов  Марат, Тәліпов  Арман, Маратұлы  Думан, Жәкішбекова Нұрсұлу, Смаилова Совет, Өкімханова Еңлік, Мұсаханов  Елдар мерейге кенелді.

Көңіл толқытқан салтанатты  жиында Мемлекеттік  қызметке алғаш  қабылданған  азаматтар ресми түрде ант қабылдап, қызметте адал болатындықтарына серт берді. Олардың қатарында кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы болып Сағынбаев Тілек, Тоқтамыс  ауылдық  округі әкімі аппаратының  бас  маманы Закариянов Мерей, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және  спорт  бөлімінің  жетекші маманы қызметіне Қайроллаев  Әсет қабылданды. Бұл қайталанбас сәт жас мамандардың жадында осынау мерейлі күннен естелік болып мәңгілікке сақталып қалатыны анық.

Тәуелсіздікке арналған әсерлі кеш «Қаламқас» халық ән-би ансамбілінің мерекелік  концерттік бағдарламасымен тәмамдалды. Әсіресе, патриоттық тақырыптағы әндер шарықтаған шара барысында әйгілі абайлық сахна саңлақтары өнер көрсетті.

  1. S. Осы ширек ғасыр ішінде елімізді айтпағанда, талай белестерді бағындырған ауданымыздың көркею жолындағы кемел істеріне кеш барысында айқын көз жеткізгендей болдық. Елдігіміз айшықталып, ұлттық салт-дәстүрімізді жандандырдық. Бұл жолда әлбетте жерлестеріміздің қосқан қомақты үлесі, төккен маңдай тері жатыр. Енді осы асылдарымызды бағалап, оларды қастерлеу ұрпақтарға жүктелетін ұлы міндет. Іргетасы берік қаланған мемлекетіміздің шаңырағы шайқалмай, тұғырлы Тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай!

Тоғжан Рахымбекқызы,

«Абай елі»

 

 

16 қараша күні С1 және С2 павильондарының арасындағы декоративтік конструкцияның құлағандығы белгілі. Құрылым тек декоративті болғандықтан, ешқандай функционалдық қызметті атқармады. Қосылған павильондарға ешқандай зиян келтірілмеген.

«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының Басқарма Төрағасының орынбасары В.Лютовтың басқаруымен арнайы комиссия құрылды. Комиссия бұзылу себебін анықтау үшін тәуелсіз сарапшы компаниялар «КазНИИСА» мен «КазМИР» тартылды.

Бүгін біз сарапшылардың зерттеу нәтижелері белгілі болды.  Олар құрылыс барысында пайдаланылған материалдардың анализін жасады, декоративтік конструкцияның құрылысы мен жобалық жұмыстар зерттелді.  

Нәтижесінде комиссия конструкцияның құлауына жобалық кемшіліктер себеп болды деген шешімге келді. Атап айтсақ, мәселе дәл осы декоративтік конструкцияның жобалауында қателер кеткен. Бұл тек осы құрылым конструкциясының жобалауында кеткен қателіктер. Жобалауды жүзеге асырған субмердігер компания – «ЭМК» ЖШС (директоры Вайнштейн М.М.)

Көрме кешенін тапсырыс беруші қабылдап алмағандықтан декоративтік конструкцияның барлық шығынын мердігер компания - BI GROUP пен жобалаушы компания көтереді.

Жалпы, көрме кешенінде мұндай 8 декаративті конструкция бар. 16 қараша күні болған оқиғадан кейін олардың барлығы мұқият тексерістен өтті. Құрылыс не жобалық ақаулар табылмады. Десе де, констуркцияларды күшейту бағытында қосымша жұмыстар жасау бойынша шешім қабылданды.

Жұма, 02 Желтоқсан 2016 00:00

ЕЛБАСЫ МЕН ЕГЕМЕНДІК ЕРЕН ҰҒЫМДАР

 

 

 

Кітапхана қызметі 

Желтоқсанның бірінші жұлдызы – еліміз үшін елеулі мереке – Қазақстанның тұңғыш Президенті күні. Мемлекет басшысының қазақ елінің іргесін бекемдеудегі ерен еңбегін бағамдайтын, егемендіктің осынау жолындағы қайраткерлігін салмақтайтын күн. Президентіміз биік мінбелерден сөйлеген сөздерінде қалың елі қазағына тебірене тұрып – «Мен үшін елімді дамыған елдердің сапына тұрғызып, санатына қосудан үлкен мақсат жоқ» десе, енді бірде: «Қазақтың өзінің ұлттық қасиеттеріне қайта қалыптасуына қамқорлық жасау Президенттік те, перзенттік парызым» деген болатын.

Елбасының бастауымен Қазақстан әлемге танылды. Ұлт Көшбасшысының өмір жолынан үлгі ала отырып жас ұрпақты Отанын, халқын сүюге, ержүректілікке, азаматтыққа, патриоттылыққа тәрбиелеу, Ұлылылар жұртының рухани қазынасын ортайтпау біздің де басты парызымыз. Бұл ретте аудандық М.Әуезов атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі заманның ағымына ілесе отырып, көп салалы толыққанды ақпараттармен оқырмандарды қамтамасыз етіп отыр. Бүгінде Абай ауданы халқын кітаппен қамтуда 10 кітапхана жұмыс атқарады. Бір аудандық, 9 ауылдық кітапханалар бар. Кітап қоры – 143 384 дана. Оның ішінде саяси -  қоғамдық  әдебиеттер – 39 000 дана. Осы орайда, оқырман арасында түрлі тақырыпта шаралар ұйымдастыру ісі кеңінен жолға қойылған. Мәселен, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Елбасы - Кемеңгер  көшбасшы» тақырыбында  дөңгелек үстел өткізілді. Барлық ауылдық кітапханаларда «Тәуелсіздіктің нұрлы таңы», «Тәуелсіздік тұғыры» атты кітап көрмелері ұйымдастырылып, Архат, Қасқабұлақ ауылдық кітапханаларында «Тәуелсіздік және ұлттық рух» тақырыбында саяси сабақ өткізілді.  «Абай мұражайы – руханият ордасы» атты библиографиялық шолу Саржал, Тоқтамыс, Медеу кітапханаларында өтті.

      Орталық кітапханада «Нұр шашқан Тәуелсіздік алауы» бұрышы ұйымдастырылған болатын. Кітап қорындағы «Тарих ғылымдары» сөресінде Елбасының еңбектері жеке бөлімдермен тұрады.

         Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай М.Әуезов атындағы орталық кітапханада жерлесіміз, мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер, дипламат ғалым Т.А.Мансұров мырза 7000 кітап сыйға тартты. Бұл сыйлық өте құнды кітаптардан тұрады. Ішінде ғалым өзі жазған Қазақстан-Ресей мемлекеттері арасындағы қарым-қатынастары туралы монографиялар, Елбасымызға арналған Москвадан «Молодая гвардия» баспасынан 2015 жылы «ЖЗЛ» сериясымен шыққан «Нұрсұлтан Назарбаев» атты еңбек өте көп данамен келіп кітап қорымыз толықты. Осы ретте «Сыйлық» атты презентация өтті.

 Аталмыш іс-шараға мұрындық болып арнайы Астанадан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің бір топ ғалымдары мен өнерпаздары келіп, ректор Е.Сыдықов, академик Ғ.Есім, прфессор Н.Қалиев және басқада зиялы азаматтар келді. Е. Бәтташұлы 400-ге жуық кітаптар тарту етті. Сондай-ақ кітапханамызға педагогика ғылымдарының докторы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ кафедрасының доценті ҚР Еңбек сіңірген қайраткер, ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасының бас директоры Үмітхан Мұңалбаева ханым «Абайдың сөз өрнегі» атты бас кітапхана шығарған құнды дүниені тарту етті.

     Ал Архат ауылдық кітапханасында Президент күніне байланысты мектеп оқушыларымен «Ел ертеңін ойлаған Елбасы»  атты танымдық-тағылымдық кеш өткізілді. Оқушылар Елбасына арнаған өлеңдерін оқыды.

     Сонымен қатар, «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты сайыс ұйымдастырылды. Сайысқа оқушылар екі топқа бөлініп қатысты. Үш бөлімнен тұратын сайыстың «Сен білесің бе?» атты І бөлімінде оқушылар сұрақтарға жауап беріп жарысса, «Тәуелсіздікке тарту» атты ІІ бөлімде оқушылар екі шумақтан тұратын өлеңдерін оқыды. «Нұрсұлтан ата мақтанышымыз» бөлімінде оқушылар өз арман, ойларын қағаз бетіне сурет арқылы бейнеледі. Сайыс қорытындысы бойынша топтар мен белсенділікпен қатысқан жекелеме оқушылар марапатталды.         

     Бір бұл емес,  Қасқабұлақ ауылдық кітапханасында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың  елдігіміздің ертеңіне  ерекше бағдар беретін «Ұлт жоспары қазақстандықтарды арманға  бастайтын  жол» атты мақаласына орай хабарлама сағаты өтті.  

        Қазақ елінің Тәуелсіздік алғанына, өз алдымызғы отау көтеріп, әлемге танылып жатқанымызға 25 жылдың жүзі болды. Осы жылдың ішінде Қазақстан халқын бір атаның баласындай бір шаңырақ астында бауырластырып, олардың әрқайсысына туған тілін, дінін, мәдениетінің гүлденуі мен ұлт ретінде ұйыса дамуына мүмкіндік жасап, соларды қанаттандырып отырған Елбасының еңбегі ерен. Президенттің еңбегі – зор тарихи мәні бар еңбек. Мемлекет басшысы тек Қазақстан халқының ынтымақтастығын жарастырып отырған жоқ, ол бүкіләлемдік тыныштыққа, дүниедегі халықтар мен мемлекеттер арасындағы келісімге, дүниежүзілік мәдениетті, бейбітшілікті арттыруға қосып отырған үлесі одан да зор. Жас ұрпақ арасында Елбасының осы күнге дейінгі жетістіктерін кеңінен насихаттау - кітапхана қызметкерлерінің негізгі мақсаты бола бермек.

 

 

Әсия БІТІБАЕВА,

М.Әуезов атындағы орталық

кітапхана әдіскері

 

Page 7 of 29

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар