Еркебұлан Сағындықов: ОБЛЫСТЫҚ ДОДАДАН ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫҚ

Автор 

Мамыр айының 18-24 күндері аралығында облыс орталығы Өскемен қаласында ШҚО әкімінің жүлдесіне арналған XX-шы халықтық спорттық ойындар байқауы өткізілген еді. Аймағымыз бойынша маңызы жоғары осынау дүбірлі дода ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды. Байрақты бәсекеде Абай ауданының құрамасы жалпы командалық есеп бойынша жүлделі 3-ші орынды жеңіп алды. Есептік көрсеткіштердің қорытындысы бойынша жеңімпаз спортшыларға медальдар тапсырылды. Бұл жолғы жеңістің жөні бөлек. Себебі, осыған дейін аталмыш байқауда мұндай жоғары орынға қол жеткізген жоқпыз. Аймақтың өзге аудандарының азулы командаларына есе жіберіп жүрдік.

Осы орайда аталмыш байқау барысы, аудан спортшыларының жетістіктері жайында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сағындықовтан сұхбат алған едік.

 -Еркебұлан Серікбосынұлы, бұл жолғы өткен ШҚО әкімінің жүлдесіне арналған XX-шы халықтық спорттық ойындары бағдарламасына қандай спорт түрлері енді? Жетістіктер қатарына тоқталып өтсеңіз.

- Сөз басында айтып өтелелік, бұл жолғы байқау спорттың 17 түрінен өтті. Соның ішінде бірінші кезекте футболға баса мән берілді. Бір қуантарлығы аяқдоп ойынынан біз бірінші орынды ешбір аудан мен қалаға бермедік. Осыған дейін Жарма ауданында командалық іріктеуден өткен футболшыларымыз үздік өнер көрсетті. Үржар, Ұлан, Жарма аудандарын жеңіп, финалдағы алтылыққа өтті. Сөйтіп, облыс орталығында өткен ақтық сында Бесқарағай, Зайсан ауданы командаларымен ойнап, ұпай айырмашылығымен ұтып отырдық. Десекте, ең шешуші ойында аймақтың азулысы Аягөз футболшыларымен шеберлік байқасып, пенальти арқылы 4-1 есебімен жеңіске жеттік.

Дегенмен, әлсіз тұстарымыз да осы ойындар барысында аңғарылып қалды. Мәселен, спорттың ерлер арасындағы волейбол түрінен 7-ші орынды місе тұтуға тура келді. Жалпы, бұл ойын бойынша финалға шығуға спортшыларымыздың әлеуеті бар еді. Әйтседе, сайыс төрешілерінің өзіндік шешімі бізді бұл мүмкіндіктен айырды.

Тағы бір айтатын жайт, волейболшы қыздарымыз да 7-ші орынға табан тіреді. Мектеп қабырғасында түрлі сайыстарға қатысып, тәжірибе жинаған қыздардың даярлығына жақсылап көңіл бөлсек, кейін аудан намысын жоғары деңгейде қорғайды деп есептеймін. Осы салаға баса мән беру керек.

Сондай-ақ, баскетбол ойынына да тоқтала кетейін. Бұл жолы осы спорттан 5-ші орын алдық. Бұл біз күтпеген меже. Аймақтық сайыста Күршім мен Катонқарағайды ұтып, финалға шықтық. Ақтық сайыстардағы ең мықты деген командалармен доп түйістірдік. Мойындау керек, орыс ұлтының өкілдері мол Шемонайха сынды аудандар баскетболшылары шебер ойнайды екен. Дегенмен 5-ші орын да аз олжа емес. Ең бастысы мықты командалармен ойнап, мол тәжірибе жинадық дей аламын.

Биыл Өскемен қаласының қонақтары мен тұрғындарын Абай ауданы тіккен ақшаң үйі де қызықтырды. Төрт жапсарлас бөлмеден тұратын киізүйде ұлттық тағам түрлерін таныстыратын ас бөлме, өлкеміздің жәдігерлерін ел назарына ұсынған мұражай бөлмесі және рухани мекенді жіті таныстырған кітап көрмесінен құрылды. Аудан өнерпаздары арнайы құрылған комиссияға және облыс басшыларына әдеби монтажға негізделген қойылымдар ұсынды. Нәтижесінде Абай ауданы тіккен киізүйге 200000 теңге көлеміндегі сертификат пен Гран-При дипломы табысталды.

-Бәрекелді, құтты болсын! Аталмыш байқаудың тағы бір қыры – ұлттық ат спортына да ерекше мән беріледі. Бұл ретте споршыларымыздың қандай жетістіктерімен бөлісе аласыз?

-Иә, ұлттық ойындар аталмыш байқау бағдарламасының негізгі бөлігін құрайды. Бұл ретте көкпар ойынынан алтыншы орын алдық. Ал тоғызқұмалақтан командалық есеп бойынша бесінші орынға тұрақтадық. Осыған дейін республиканы ұтып жүрген тақталы ойын шеберлеріне бұл жолы Семей мен Өскемен қалаларының халықаралық сайыстарда өнер көрсетіп жүрген мықтылары қарсы тұрды. Яғни, тоғызқұмалақтан әлем чемпионы атанған спорт шеберлерімен  жекпе-жек шығу оңайға түспеді.

Сөз орайында қазақ күресіне де тоқтала кетейін. Бұл спорттан аймақтың алдымыз. Дегенмен моральдық кедергілерге қарамастан жеңістерге жол аштық. Мәселен, Қуаныш Искаков алтын медель тағынса, Сейпілұлы Айдос үшінші орын алды. Кәкенов Мақсат та осы үдеден табылды. Команда бойынша күрестен аудандар арасында екінші орын алдық.

-Балуандарымыз екінші орын алды дедіңіз. Осы орайда, біздің аудан командасын алға сүйреген ойын түрлеріне баса тоқталсаңыз.

-Сауалыңыз орынды. Бұл сұраққа тоқталар болсақ, спортшыларымыз негізінен спорттың күрес түрлерінен аймақ бойынша мықты екендіктерін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бір ғана қазақ күресі командамыздың рейтингін жоғарылатты. Сондай-ақ, дзюдо күресінен бір алтын, бір күміс, үш қола медаль алдық. Бұл ойындар бойынша алдағы сайыстарда бас жүлдені еншілеуге толығымен әлеуетіміз жетеді.

-Ал алдағы уақытта қандай спорт түріне кеңінен ден қоюды қажет деп санайсыз?

- Жеңіл атлетика бойынша 13-ші орын алдық. Өнер көрсеткендердің барлығы өз ауданымыздың қыздары мен ұлдары. Рас, әлі де даярлықтарын шыңдаулары қажет. Қол күресінен іріктеуден өтіп, 11-ші орынға табан тіредік. Үстел теннисінен, гір көтеру, шахмат-дойбы ойынынан да жоғары әзірлік жасап, күш салу керек деп санаймын.

15 шақырымдық топ бәйгеде мәреге жіберілген 40-тан аса тұлпар арасында ең соңғы айналымға жеткен жүйрігіміз тоқтап қалды. Аламан бәйгеден де сондай сәтсіздікке жолықтық. Мәреге не бары 100 метр қалғанда үкілеп қосқан сәйгүлігіміз аяғын сындырып, шабандозымыз жүлделі орынға іліге алмады.

Ал «Киізүй байқауы» сайысында қосымша ретінде өзге ұлттар спорты түрлерінен де сын өтті. Городки, кураш, берд, човган, биік бағанаға шығу бойынша да ойындарға белсене қатыстық.  Сонымен қатар, «Үздік клуб меңгерушісі» сайысы бойынша архаттық мәдениет ошағының меңгерушісі Армангүл Имашева бас жүлдені еншіледі. Мұның барлығы түйіндей айтқанда аудан командасының мерейін еселей түскен шаралар болды.

Жалпы халықтық спорттық ойындарына барлық жиыны 150-дей спортшы қатысты. Ұйымдастырушылық ісі жоғары деңгейде деуге толық негіз бар.

-Сұхбатымыздың соңында биылғы өткен ШҚО әкімінің жүлдесіне арналған XX-шы халықтық спорттық ойындар байқауында белсенділік танытқан спортшылар қатарына тоқталсаңыз...

- Әрине, бабы мен бағы сай келген жеңімпаз жүлдегерлер мен аталмыш байқаудың ойдағыдай ұйымдастырылуына ат салысқан жандар қатары мол болды. Мәселен, 100 келіден жоғары абсолюттік салмақта Қыдырманов Шыңғыс пен 60 келі дәрежесінде өзін жоғары белестен көрсеткен Амангелді Айсұлтан татардың ұлттық күресі кураштан 1-ші орын алды. Бұл көп мысалдан біреу ғана. Өзге палуандарымыз да ерледі. Ауданды алға сүйреген спортшыларға, жалпы барлық қатысушыларға айтар алғысымыз зор.

-Сұхбатыңыз үшін алғыс білдіреміз. Аудан спортшыларының жеңісті күндері әрдайым мол болғай!..

 

Сұхбаттасқан Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі»

Оқылды 114 рет
Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар