Сейсенбі, 02 Тамыз 2016 00:00

ОСПАН КӨЛІНІҢ ҚАДІРІН ҚАНШАЛЫҚТЫ БІЛЕМІЗ?

Автор 
Бағалау
(0 Дауыс)

Абай елі, ұлылар жері де алаштың маңдайына біткен бірегей өлке. Бұл атырапта тылсымы терең, табиғатымен тамсандырар жерлер баршылық. Ал қолда барды бағалап, қадіріне жете білгенге не жетсін?!. Иә, Шыңғыстаудың тарихы тереңде, өткені мазмұнды. Маң даламыз шежіреге толы мазарларымен, тарихи көне жәдігерлерімен де құнды. Кейінгі буын біле жүрулері үшін, жадыларына түйе жүрулері үшін барлығына да белгі қою керек. Түгендеп, көздің қарашығындай қорғап, кейінгі буынға, келергі ұрпаққа аманаттау қажет.
Сол орындардың ішіне Қарауылдан 32 шақырым қашықтықта орналасқан Оспан көлі де кіреді. Жаз бойы көлге қарай сабылатын халық нөпірі тіптен көбейеді. Соңғы жылдары алыстан ат арытып келетін турис-тер де Жидебайдағы тарихи құнды жерлерді аралап шыққаннан кейін Оспан көліне бет бұратын игілікті үрдіс қалыптастыруда.
Тарихтан аз-кем тәбәрік. Жидебайдағы Абай қорық мұражайының меңгерушісі Әсет Мырзақасымның айтуынша, атышулы Мұсақұл шайқасынан соң Бөжей мен Құнанбай арасындағы айтыс-тартыс бірде өршіп, бірде бәсеңсіп, ақыры бұл «мәселе» 1850 жылдары Құнанбай ұрпақтарының иелігіне бір жолата көшеді. Жидебай өңірінің тағдыры осылайша өзге арнаға түседі.
Аға сұлтандықтан түссе де Тобықтыға әлі де пәрмені жүретін, әрі би ретінде билігі бар Құнанбай 1861 жылы үш баласы Тәңірберді, Ысқақ, Абайды бір күнде үйлендіріп, сырт жайлауда құда күтіп, отау тіккізіп ұлан асыр той жасайды.
Тойдың да, жайлаудың да қызығы тарқап, ел бауырға түсерде Құнанбай үш баласына теңдей енші беріп, «алыс Ақшоқыны қоныс қыласыңдар» деп ұйғарым жасайды.


Құнанбайдың тағы бір шешімімен Ұлжаннан туған кенжесі Оспан мен Айғыздан туған Смағұлға Жидебай бұйырады.
Осы тәртіппен Жидебайда Құнанбайдың қос әйелі Ұлжан мен Айғыз тұрақтап, кәрі әже Зере осы үлкен отауда қалады. Кейіннен Зере әжеге, Ұлжан анаға топырақ та осы Жидебайдан бұйырады.