Дүйсенбі, 29 Маусым 2015 00:00

ФЕЛЬДШЕР БОЛУДЫ АРМАНДАП ӨСТІМ

Автор 
Бағалау
(0 Дауыс)

Думан Қондыбаев: ФЕЛЬДШЕР БОЛУДЫ АРМАНДАП ӨСТІМ

 

Рас, адам бар жерде, оның өмірі, ұрпағы жалғастық тапқан жерде бұл мамандыққа деген сұраныс әсте толастамақ емес. Дегенмен оларға артылған алты батпан жауапкершілікті де ұмытуға болмайды.

Денсаулық сақтау саласында алдыңғы шепте жүретін мамандар да бар. Солардың ішінде фельдшерді ерекше атауға болады. Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында аудандық емхана бірлестігінің жедел жәрдем бөлімінің фельдшері Думан Ернұрұлымен аталмыш мамандықтың көпшілік біле бермейтін қыр-сыры жайлы сұхбаттасқан едік.

 

- Думан Ернұрұлы, төл мерекелеріңіз құтты болсын! Халқымызда «Жас келсе – іске» деген даналық бар. Дәрігер болудың, әсіресе жас мамандар үшін қандай қиындықтарын атар едіңіз? Өз мамандығыңызға қысқаша тоқталып өтсеңіз.

- Мен медицина саласында 2010 жылдан бастап еңбек етіп келемін. Аудандық емхана бірлестігінің әр бөлімінде қызмет атқардым. Қазіргі күні жедел жәрдем бөлімінде еңбек етудемін. 103 нөміріне хабарласқан аудан орталығының тұрғындарына көмек көрсету кәсіби парызым. Кезекшілік кезінде шақырту түскен мекен - жайға арнайы жедел жәрдем көлігімен аз уақытта жетіп, алғашқы көмек көрсету міндетіміз. Кез келген мамандықтың өзіндік ауыртпашылығы болатыны белгілі ғой. Ал адам жанының арашашысы, яғни, дәрігер болсаңыз онда сізге артылар жауапкершілік еселенеді. Себебі, сіздің шешіміңіз, біліктілігіңіз өзге бір жанның тағдырын шешеді.

- Қоңырау шалған тұрғындарға көрсетілетін көмектің түрлеріне тоқталып өтсеңіз.

- Біздің жұмыс алғашқы көмекке негізделген. Жалпы, абайлықтар арасында қан қысымы көтерілген тұрғындар, жарақат алған жандар көптеп кездесіп жатады. Десек те, сырқат түрінің көптігіне қарай, жедел жәрдем шақырған науқастардың жағдайлары да әртүрлі болып келеді. Сондықтан да мейлінше уақыт жоғалтпай жылдам қимылдап, сырқат түрінің асқынуына жол бермеуге тырысамыз. Мұнымен қоса, әлбетте, адам өміріне төнер қауіптің бетін қайтару мақсатында да шұғыл күресуге тура келетін жайттар да кездеседі.

- Бұл мамандықты таңдауыңызға не себеп болды?

- Бала кезімде жиі ауыратын едім. Содан есейгенде дәрігер боламын деп шештім. Фельдшер болу бала күнгі арманым еді. Мектеп қабырғасында жүргенде ұстаздарымыз «Өскенде кім боласың?» деп сұрайтын еді ғой. Мен сонда «дәрігер боламын!» деп кесімді шешім айтатынмын. Ал «Қандай дәрігер боласың?» дегенде, «фельдшер» деген сөзге тілім келмей, «гинеколог боламын» деп айтатынмын... Сондай-ақ, адам жанының арашасысы болу сауапты іс болғандықтан да осы саланы таңдадым. Арманым болашағыммен сабақтасып Семей қаласындағы Авиценна колледжін тәмамдадым. Абай еліне жолдама алып, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында баспанамен қамтылдым.

- Ибн Сина негізін салған бұл ғылым адамзатты ізгілікке, өзін-өзі құрметтеуге тәрбиелейтіні рас. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген халық даналығы тағы бар. Осы орайда, дәрігер маман ретінде денсаулықтың шымыр болуы үшін қандай кеңестер бересіз?

- Салауатты өмір салтын ұстану үшін әр адам әуелі зиянды әдеттерден аулақ болуы тиіс. Айтар болсақ, шылым шегу мен алкогольдік өнімдерді қабылдау адам өмірін қысқартатыны баршаға мәлім. Бұл зиянды әдеттер адам бойында өлімге алып келетін аурулардың тууына да себеп болады. Сондай-ақ, көбіне жастардың қай жыл мезгілі болса да жеңіл киінуі мен аяқтан суық өтуі бүгінгі күннің өзекті мәсесіне әкеп соқтыруда. Әсіресе, нәзік жандылар қауымы, қыз-келіншектердің ұрпақ сүйе алмауына басты себеп осы. Ал спорт түрлерімен айналысып, таңертең арнайы жаттығуларды жасаса - кез-келген жан өз денсаулығына кепілдік жасай алады. Міне, осы қарапайым қағидаларды сақтаған адамның өмір жасы да ұзақ болатыны анық

- Ұжымыңызда кімді үлгі тұтасыз?

- Алғаш осы қызметтің іс - тәжірибесінен өтуге келгеннен бастап фельдшер Руслан Рүстемов маған көп қолдау көрсетті. Жедел жәрдемге шақыртулар түскенде науқаспен жұмыс барысын жүргізуде бағыт-бағдар берді. Білмегенімді үйретіп, білімімді ұштады деуге болады. Мамандыққа баулуда үйренгенім көп болды.

- Фельдшер қандай болуы керек?

- Осы қызметте жүргенде түйгенім, әр фельдшер бірінші кезекте психолог болуы керек. Яғни, науқаспен сөйлескенде сөзді де, ойды да талғап айту қажет. Шок алып қалған науқас болады, жүйке жүйесі ауырған немесе обыр түрлері асқынған сырқаттар болады. Ондайда әуелі өз көңіл-күйімнен науқастың көңіл-күйін бұрын қоямын. Ем-дом қабылдап жатқан адамның бойындағы күдік пен күмәнді, қорқынышты, уайымды сейілтіп, үміт сыйлауға тырысамын. Осылайша сырқатты жеңу деген мүмкіндігін арттыра түсемін. Өйткені, ағзаның ауруға қарсы күресу қабілеті адамның ниетімен, көңіл-күйімен тікелей байланыста болады.

- Өз бөліміңіздегі әріптестеріңізге тоқталып өтсеңіз.

- Жергілікті жедел жәрдем пункті туралы айтар болсам, бұл бөлімде 6 фельдшер қызмет етеміз. Телефон қоңырауы арқылы 103-ке шақырту түскенде жәрдемге асығатын 5 көлік жүргізушісі бар. 1 диспетчер, 5 санитар қызмет көрсетуде. Жетекшіміз Саятбекқызы Индира қызметте өнегелі ісімен үлгі. Ал біздің барлық жұмыстарымызды Қожақова Майра Жаппарқызы қадағалайды. Ынтымағы жарасқан, науқастарға мейіріммен қарауда әрі кәсіби қызметте жетістігі мол ұжымбыз.

- Сұхбатыңыз үшін алғыс білдіреміз.

 

Сұхбаттасқан Нұржан БАЙТӨС

Оқылды 8227 рет
Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!