Бейсенбі, 16 Шілде 2015 00:00

ЖАҢА МЕШІТТІҢ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ

Автор 
Бағалау
(0 Дауыс)

«Туған жерге тағзым»

 

                     ЖАҢА МЕШІТТІҢ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ

 

12 айдың сұлтаны – қастерлі Рамазан айы ізгілік пен құлшылықтың тоғысатын мезгілі. Осынау айда жасалған игілікті істің сауабы бірнеше еселенбек. Бұл орайда Абай ауданында да жұртшылық қажеттілігі үшін біршама шаралар қолға алынды. Мәселен, жуырда Кеңгірбай би ауылдық округінде жергілікті тұрғындардың күшімен мешіт құрылысы басталды.

Биылғы Ораза - Би ата ауылының жылнамасында ерекше аталатын болды. Ауылдықтар үшін тарихи күн ретінде санауға болар, шілденің 8-інде осы елді мекенде жаңа мешіттің іргетасы қаланды. Сауапты бастаманы ауыл тумасы Қанат Тілекин есімді жанашыр азамат қолға алған екен. Бүгінде өз ауылының патриотына достары, округтің 1977 жылы туған азаматтары қолғабыс жасауда.

Мешіттің алғашқы іргетасын қалау шарасына аудан әкімінің орынбасары Ерлан Арнаұлы, ауданның ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ұлан Сағадиев, ауданның білім бөлімінің басшысы Мақсат Нұрсұлтанұлы, Абай елінің бас имамы Болат Самырбай, Кеңгірбай би ауылдық округінің әкімі Гүлнар Боранжанова, ауылдың ақсақалдар ұйымының төрағасы Асқар Жарасбаев пен Жидебай қорық-мұражайының меңгерушісі Әсет Мырзақасым, ауыл ақсақалы Сайлау Тоқажанов және округ тұрғындары қатысты. Көптен күттірген ғибадат үйін салу осылайша көпшіліктің ізгі тілегі, ақсақалдардың баталы сөзімен бастау алды.

Айта кетейік, ұзындығы 11, ені 9 метрді қамтитын ғибадат үйінде үлкен зал, мешіт имамының бөлмесі, от жағылатын бөлме және дәрет алу орнын салу жоспарлануда.

Аталмыш мешіт, біріншіден келісті келбетімен ауыл көркіне сән қосса, екіншіден әсіресе жастар қауымы үшін имандылыққа ұйытар руханият ордасы болмақ. Сондай-ақ, бүгінде биаталықтар жұма намазына, тарауих кештеріне қатысу үшін аудан орталығына баруға мәжбүр. Яғни, тұрғындар тарапынан зор қажеттілік бар.

Ауылдың ардақты ақсақалы, Жидебай қорық мұражайының меңгерушісі болған Күзембаев Ғизат ақсақалдың жиені Қанат Тілекинмен тілдестік.

- Бұл бастаманы жоспарлағаныма екі жылдай болды. Көмекке достарым келді. Оларға алғысым зор, әркім мүмкіндігінше жәрдем жасауда. Қаржылай да көмек көрсетіп жатыр. Материалдық тұрғыдан да көмек мол. Мәселен, Есенгелдин Қайрат есімді азамат 5000 кірпіш пен мешіттің төбесін жабатын плиталарды алуға демеушілік жасаса, Белібаев Руслан есімді азамат жұмыс барысында техникамен қамтамасыз етуде. Ауыл әкімдігі тарапынан да қолдау бар. Сондай-ақ, алдағы уақытта құрылыс алаңына киіз үй тігіп, жұмысшыларға ас-ауқат беруді ауыл халқы өздері көтеріп алмақ, - дейді Қанат.

Айтуынша, құрылысты бастау қиындық тудырыпты. Алайда, міне, барлығы сәтімен жүзеге аса бастады. Әрине, оған биаталықтардың береке-бірлігі мен ұйымшылдығы да себеп.

- Осынау игілікті істі қасиетті Рамазан айында қолға алғанымызға қуаныштымыз. Құрылыс саласының маманы болғандықтан жобасын өзім жасадым. Мешіттің әдемі күмбезі, мұнарасы болады, - деді сауапты шараның бастамашысы жоспарларымен бөлісіп.

Ауылдарында ендігі арада бес уақыт азан шақырылып, Алланың есімі ұлықталатынына ауыл ақсақалдары да қуанышты.

Танымал жазушы, ұлт зиялысы Шерхан Мұртаза бір сөзінде «Бір мешіттің берген рухани тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» депті. Оған біздің қосарымыз, мешіт тәрбиесіне сусындап өскен жас буын кейінгі өмірінде жат ағымның жетегінде кетпей, ұлттық болмысын сақтап, дәстүрлі діннің төңірегіне топтасатыны анық.

Бір хадисінде Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адам дүниеден өткен соң амал дәптері жабылады. Тек үш амалының сауабы иесіне Қияметке дейін үздіксіз жетіп тұрады. Олар: жария садақа (мешіт, медресе салу), артына қалдырған пайдалы ғылым, ізгі ұрпақтың дұғасы», - деген екен. Ендеше, ауыл тұрғындары үшін ғибадат үйінің бір кірпішін болсын қалап, сансыз сауапқа кенелудің орайы келген сияқты.

Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі».

Оқылды 3869 рет
Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!