Ауылына қарап азаматын таны

Ауылына қарап азаматын таны (11)

Азаматқа  құрмет

                                         

                                      

Ежелден мәдениет пен өнердің туын биік ұстап, тау тұлғалары мен саңлақтарын  ардақтай білетін  Шыңғыстау төрінде дүбірлі додалар толастаған емес.  Соның бір айғағы, Көкбай ауылы дүркіретіп той өткізіп, ұлан-асыр ас беріп, мерекелік шараларды өз мәнінде өткізіп  жататын берекелі, ынтымақты ауыл. Жақында, 8 наурыз күні  мерейлі тойдың құрметіне орай өткізілген осындай айтулы шараның куәсі болдық.

                        Көптің назары Көкбайда

Мәдениет үйінің кең залында халық мол жиналыпты. Ине шаншарға орын жоқ. «Ауылына қарап азаматын таны» дегендей, Көкбай ауылының тайлы-таяғы қалмай жиылған  кең залды  той иесі Нұрлан Әзімбаевтың алыстан ат арытып келген ет жақын туыстары мен қоса дос –жарандары, шәкірттері де толықтырыпты. «Сүйер ұлың болса сен сүй, сүйінерге жарар ол» демекші, осынау дүбірлі шара иесінің  ауыл үшін қаншалықты қадірлі  тұлға екендігін осыдан-ақ шамалай беріңіз.

 Бұл күні  Көкбай ауылындағы көптеген көкөрімдердің спортшы болсам деген ақ арманына желкен, талпынысына түрткі болған ауыл азаматы, еңселі 50 жасты еңсеріп отырған, қазақ күресінен спорт шебері, білікті бапкер, ұстаз Әзімбаев  Нұрлан Мәнәуұлы атында қазақ күресінен турнир  ұйымдастырылып өткізілді. Жарыстың жоғары деңгейде өтуіне мұрындық болған спорт мектебінің қазақ күресінен І-дәрежелі жаттықтырушысы, турнир иесінің шәкірті  Думан Шәкебайұлының  ұйымдастыру барысындағы тындырымды еңбегін айта кеткен жөн көрдік.  

Тұңғыш рет қолға алынып отырған аудан көлеміндегі осынау додаға Нұрлан Мәнәуұлының абыройын асқақтатып, жер-жерден қаншама айтулы азаматтар шақырылыпты. Ал, осынау әсем кешті жүргізуді мектептің ұстазы Жанар  Мұқажанова қолға алыпты.  

Ежелден өнерге бай Көкбай жері ән мен жырдан әсте  кенде емес. Той иесіне, ауылының  сүйікті ұлдарына арнап жыр маржанын төгілткен Балықбаев Сақан ағамыз бен Мейіз Тақанова ұстаз, әсем әннен сыбаға тартқан Асқар Мұсамағамбетов, қазақы дәстүрмен шашу шашқан Қадырова Айтбүбі ұстаз да  ата салттың қадірін білген парасатты жандар екендіктерін көрсетті.   

Осылайша, еліміздің Әнұраны аспандаған сәт те туып, ортаға осы жарыстың бас төрешісі, Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері, Қазақ күресінен жоғарғы дәрежедегі төреші Төлеубаев Бейсен Абдрахманұлы бастаған жарыс төрешілері мен жарысқа қатысушы палуандар шақырылып, салтанатпен халыққа таныстырылды. Бұл ретте айтпағымыз, осынау жарыстың  басы-қасында басқарып жүрген  Бейсен ағаның алатын орны ерекше. Той - иесімен салтанатты. Дүбірлі доданың иесі, бақытты отбасының тірегі Нұрлан Мәнәуұлы зор құрметпен  жанұясымен  ортаға шақырылған соң  ауыл әкімі Шәріпқазы Санбайұлы мен  мен аудан орталығынан келген басшы азаматтар, аудандық білім бөлімінің бастығы Мақсат Нұрсұлтанұлы, аудандық спорт мектебінің директоры Қалиев Қуат Барысұлы ақжарма лебіздерін білдіріп, сый-сияпаттарын табыстады.

Әсіресе, кіл мықтылар жиналған жарысқа Шығыс Қазақстан облысы Қазақ күресі федерациясының вице президенті Амантай Қазымұлының келуі абайлықтар үшін биік мәртебе болды. Құрметті қонақтар қатарында ҚР құрметті спорт қайраткері, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Қоржыкенов Серік Сапаұлы, Қазақстанның бірнеше дүркін түйе палуаны, Абайдың 150 жылдық мерейтойының бас палуаны Оралбеков Жәнібек, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы, Халықаралық дәрежедегі төреші Тұрсынов Шыңғыс Бейсенұлы, Әлем кубогының жеңімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Шаймарданов Зекен, спорт шебері Сағымбеков Қайырбек,  Семей қаласындағы Медициналық Университеттің дене тәрбиесі кафедрасының меңгерушісі Мырзабосынов Ербол, той иесінің досы Сүлейменов Қанат, КСРО спорт шебері Тұрашев Дәулет, спорт шебері Оразалин Шаған, Жұмасиянов Бегалы, Семей педагогикалық институтында өзімен бірге қызмет жасаған әріптестері, жоғары дәрежедегі төреші Жармұханбетов Қайрат, шығыстың шымыр ұлдары Айбек Нұғымаров пен Мұхит Тұрсыновтар арнайы келіпті. Сондай-ақ ауданның спорт ардагерлері, ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы Еркебұлан Сағындықов бастаған мамандар,  Нұрлан Мәнәуұлының шәкірттері Жакупов Серік, Бекілов Қуаныш та бар. Осы ауылдың тумалары Юзат Шахантаев, Әлімбеков Тілеш, Ығылманов Самалбек тағы бірқатар азаматтар Әзімбаев Нұрланның қуанышына ортақтаса келіпті.  

                                                              Өмір өрнектері

Жарысқа әр ауылдан жиыны 176 бала қатысты. Боз кілемде белдескен жас балуандар осындай тәлімі мол шарадан патриоттық рух алатыны хақ. Алдыңғы толқын ағаларына ұқсап баққан шымыр ұландардың кімнің жүлдесі үшін өткізіліп жатқан дода екендігіне де аса мән бере қарап, қалайда жеңіске жетсем деген құлшынысы арта түссе, жеңімпаз болған уақытта кеудесін қуаныш кернеп, кейін өсе келе «мына бір медальды Көкбай ауылының тумасы, қазақ күресінен спорт шебері, ұстаз Әзімбаев Нұрлан ағаның 50 жасына орай өткізілген жарыста алдым» деп масаттана айтпасына кім кепіл?! Міне, осыдан барып ауылдан шыққан  спортшы  азаматқа деген ыстық ықылас, ниет, құрмет туындамай ма?   Иә, біз білетін Нұрлан Мәнәуұлы жайлы айтып өтсек артық болмас дейміз. Әзімбаев Нұрлан Мәнәуұлы 1967 жылы 8 наурызда осы Мұқыр ауылында дүниеге келген. 1974 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1984 жылы тәмамдады. Нұрланның ұлттық спортқа деген қызғушылығы міне, осы тұста  17 жасында басталған. Сол жылы Семей педагогикалық институтының дене тәрбиесі факультетіне оқуға түсіп, 1990 жылы бітіріп шықты. Арасында 1986-1988 жылдары кеңес әскері қатарында болып өзінің азаматтық борышын өтеп қайтты.

Ал спорт әлеміндегі өзіндік өрнегі тіптен ерекше. Алғаш Көлембай Әлімбековтің тәрбиесінде болып 1982-1983 жылдары бокстан аудандық жарыстардың жүлдегері атанды. 1985-1986 жылдан бастап қазақ күресі және самбомен айналыса бастайды. Соның нәтижесінде қазақша күрестен аудандық, облыстық жарыстардың жеңімпазы атанады. 1986 жылы Жастар арасындағы самбодан Шымкент қаласында өткен Қазақстан жастар біріншілігінде 2-ші орын алып, спорт шеберлігіне  кандидат болды. Ал 1991 жылы Жақия Шайжүнісов атындағы турнирде 2-ші орын иеленіп, спорт шеберлігін қорғады. Ең бірінші Қазақстанның спорт шебері атағын жеңіп алды.

Сонымен қатар, 1993 жылы Мамай атамыздың 300 жылдық мерейтойында өгіз палуан атанды. Еңбек жолын Семей қаласындағы спорт мектебінде самбо күресінен жаттықтырушы болып бастаған. 2002 жылы өзінің туып-өскен жері Көкбай ауылында дене тәрбиесі мұғалімі және жаттықтырушы болып қызметін жалғастырады. Шәкірт тәрбиелеп, жас ұрпақты спортқа баулыды. Шәкірті Сағымбеков Қайырбек самбодан, қазақша күрестен спорт шебері атанды. Облыстық жарыстардың, Қазақстан чемпионаттарының жеңімпазы. «Ұстаздан шәкірт озар деген» осы емес пе?! Нұрлан Әзімбаевтың көптеген шәкірттері бүгінде  ұстаз жолын жалғастырып, еліне елеулі қызмет атқарып жүр. Ұстаз жемісі - шәкірт жеңісі екені хақ. Өзі тәрбиелеген шәкірттерін мақтан тұтатын ұстаз мерейі қашанда нұрлы. Бізге берген сұхбатында Жакупов Серік, Байғұрманов Досжан, Мұратов Қуаныш, Акемев Шыңғыс, Ылдыбаев Қуат, Шәкерғалиев Біржан, Садықов Нұрлан, Біржан сынды  шәкірттерінің атын тізбелеген ұстаз бүгінде олардың жеткен жетістіктеріне қуанып, өзінің жемісін, маңдай тер еңбегін сезінгендей.

Десекте, ағамыз көпке дейін спорттан қол үзген жоқ. Мәселен, 2008 жылы Қостанай қаласында ардагерлер арасында қазақша күрестен Қазақстан спартакиадасында қола медальды жеңіп алады.  2010 жылға дейін Семей педагогикалық институтында дене тәрбиесі кафедрасында аға оқытушы болып абыройлы  қызмет атқарған ол бүгінде денсаулығына байланысты  үйде, Семей қаласында тұрады.

Қашанда сағынып келгенде  құшағын айқара ашатын туған ауылы, өзінің ісін жалғар қаншама ізбасар  шәкірттері, қиналғанда да қуанышта да әрдайым қасынан табылатын жан жары, әкелейтін ұрпағы, қолтығынан демейтін туған-туыстары, сыйлас дос-жарандары бар 50 жасты еңсеріп отырған Нұрлан Әзімбаевты бақытты жан десек те болады. Жары Гүлнара Семей қаласындағы №32 орта мектебінде физика пәнінің мұғалімі. «Әке - асқар тау, ана-жағасындағы бұлақ, бала - бейкейдегі құрақ» демей ме, жары екеуі үш баланы аялап, бағып өсірді. Үлкен қыздары Еркежан тұрмыста. Алматы қаласында психолог маманы. Одан кейінгі қызы Аяулы Алматыда спорт және туризм академиясының ІІ-курс студенті, кенжелері Серікбек атты ұлдары Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің І-курс студенті.

«Жігітке жетпіс жеті өнер де аз» демекші, Нұрлан ағамыз спортқа да өнерге де жақын. Домбыра, гитара аспабын еркін меңгергендігін, шебер ойнайтынын да байқадық.     

                                             «Күш атасын танымас»

 Қазақ күресінен спорт шебері, ұстаз Әзімбаев Нұрлан Мәнәуұлының атындағы турнирге жиыны әр ауылдан келген, жалпы саны 176 палуан бақ сынады. Ұлттық спорттың жанашырлары да, жанкүйерлері де осы ауылдан табылды. Боз кілемде 23 келі салмақтан бастап 73 келі салмақтан жоғарыға дейінгі палуандар күш сынасты. Әсіресе, спортқа деген ынтасы зор талапты кішкентай  ұландардың әдіс-тәсілдері дүйім жұртты тәнті етті. 

Той иесі Нұрлан Әзімбаевтың  өзі  де  спортқа бала кезден әуес болыпты. 7 жасынан коньки теуіп өскен ауыл баласы 4 сынып оқып жүргенде допты хоккейден өткен аудандық жарыста «Үздік шабуылшы» атанып, Мақтау қағазымен маратталған. Ал 8-9 сыныпта бокстан өткен жарыста да жеңімпаз атанған ол боз кілемдегі белдесуден балалық шаққа бір сәт саяхат жасап, спортқа даңғыл  жол балалық кезден бастау алатынын  алға тартты. Осылайша, таңертеңнен кешқұрымға созылған дүбірлі дода нәтижелі жеңістермен тәмамдалды.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңіс тұғырынан табылған тоқсаннан астам  палуанның аты-жөндерін бір мақалаға сыйғызу мүмкін болмағандықтан, жүлделі І орынды иеленген жеңімпаздарды ғана атап өткенді жөн көрдік.

Сонымен, 2005-2007 жылы туған жас палуандар  арасында 23 келі салмақ дәрежесі бойынша І орынды Абай мектеп-лицейінің оқушысы Медетбеков Елнұр иеленсе, 26 келі салмақ бойынша Көкбай орта мектебінің оқушысы Ә. Жұмахунов, 29 келі салмақ дәрежесі бойынша Медеу орта мектебінен Б. Сүлейменов, 32 келі салмақта көкбайлық Ұ.Абзалұлы, 35 келі салмақта көкбайлық   Л.Амантаев, 38 келі салмақта  Қарауыл гимназиясының оқушысы Б.Бауыржанов, 42 келі салмақта Абай  мектеп-лицейінің оқушысы Б.Мақсұтов І орынды қанжығаларына байлады. Ал,  2002-2004 жылы туған  15-17 жастағы палуандар  арасында 29 келі салмақ дәрежесінде І орын  иеленген  Көкбай орта мектебінің оқушысы Е.Тілеуғалиұлы жеңімпаз атанса, 32 келі салмақта Әуезов орта мектебінен А.Сайлауханов, 35 келі салмақта да қасқабұлақтық А.Айдынғали, 38 келі салмақта да Әуезов орта мектебінен Б.Төлеукиннің І орынды жеңіп алуы жақсы дайындықпен келгендіктерін аңғартты. 42 салмақта І орынды лицейлік Қ.Рахатұлы, 46 келі салмақта І орынды көкбайлық Е.Ерланұлы, 50 келі салмақта Іорынды Е.Орынбеков, 55 келі салмақта Бекбосынов орта мектебінен  Е.Қанатбекұлы, 60 келі салмақ бойынша М.Әуезов орта мектебінен М.Шалабаев, 66 келі салмақ бойынша көкбайлық Ж.Манарбекұлы  жеңіске жетті.  1999-2001жылы туған жасөспірімдер арасындағы белдесу тартысқа толы өтті десек, нәтижесінде 46 келі салмақ дәрежесінде Абай мектеп-лицейінің оқушысы А.Кәкітаев айқын басымдықпен  І орынды қоржынана салды. 50 келі салмақ дәрежесі бойынша Молдағалиев атындағы орта мектептен Д.Мұхамедияров, 55 келі салмақ бойынша лицейлік Д.Кеңесбекұлы, 60 келілік  салмақ бойынша  Тоқжігітов орта мектебінен Н.Төлеутаев, 66 келі салмақ дәрежесі бойынша Абай атындағы мектеп-лицейден Е.Жақсыбеков, 73 келі салмақтан жоғары салмақ бойынша Көкбай орта мектебінен Қ.Амантаев І орынды айқын басымдықпен, әдіс-айласының тиімділігімен жеңіп алды. Жоғары салмақта белдескен палуандар көкбайлық  Оспанов Ардақ, Толымхан Аслан, Қуанов Әділет епті де батыл, сенімді екендіктерін халық алдында паш етті.

Жігерлі жігіттердің арасынан суырылып шыққан Ардақ Оспанов оң нәтиже көрсетіп, «Түйе палуандыққа» қол жеткізді.

Осылайша, алысқанды алып ұратын апайтөс палуандар Көкбай елін ұлан-асыр дүбірге бөлеп, жанкүйер қауымның қуаныш пен шаттыққа ұластырды. Жарыстың жабылу салтанаты кешінде алтыннан алқа тағып, күміс пен қола медаль  иеленген барлық жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар тарту етілді. Турнирге келген қонақтарға ақ дастарханын жайып, кеңпейіл қонақжайлылық көрсеткен барша туыстарына халық дән риза болды. Бір ауылдың намыс туын биіктетіп, азаматының атын асқақтатқан осындай дүбірлі доданың қолдаушысыз, демеушілерсіз өтпейтіні баршаға мәлім. Осы ретте  Нұрландай ер азаматқа қолдау көрсетіп, жарыстың өтуіне көмектескен  ауылдың  елуге тарта демеуші азаматтарына және ұстаздар қауымына ел атынан ризашылығымызды білдіреміз.

Осынау күннің шуақты сәттері талайға дейін абайлық көпшіліктің есінде сақталары анық. Ауданымызда жасөспірімдер арасында қазақ күресінен жарыстар жиі ұйымдастырылса, түбінде әлемге танымал палуандар шығатынына кәміл сенетін Нұрлан Әзімбаевтың  ұлттық спортқа деген көзқарасы осындай. Лайым, қуанышты күндер мол болғай!

 Анар СӘРСЕНБИНА,

Қарауыл-Көкбай-Қарауыл     

   

     

 

Ардақ БЕЛІБАЕВ:

 

 

 

Өткенге салауат айта отырып, сол дәуірдің айтулы тұлғаларының өнегесін ұмытпау – ұлт құндылықтарын қастерлеудегі басты ұстанымымыз. Бұл ретте Абай елінен шығып, алты алашқа танылған айшықты жандар мол. Ал сондай есімдердің бірегейі – Құнанбай Өскенбайұлы. Заманынан озып туған әйгілі тұлға жайлы ел аузынан жеткен дәйектер де, деректі зерттеу еңбектері де, кескіндеме өнері де, тіпті, көркем суретті кинофильм де бар. Алайда, кейінгі ұрпақ үшін орнатылған ешқандай ескерткіш белгі жоқ екен. Міне, осынау мәселені бастама етіп көтеріп, қазақтың Құнанбайына арнап, арнайы мемориалдық нысан тұрғызуды жоспарлаған ел азаматы, «Құнанбай  қажы»  қорының  төрағасы, Абай  аудандық мәслихатының депутаты, Ардақ Белібаевқа жолығап, аталмыш бағыттағы жұмыстар жайлы мағлұматқа қаныққан едік.  

 

-Ардақ Сағадиұлы, сіздің халық қалаулысы, ауданымыздың белді кәсіпкері ретінде өңір әлеуеті мен руханиятын дамытуға қосып келе жатқан үлесіңіз қомақты. Бүгінгі таңда, бұрын соңды көтерілмеген тағы бір үлкен бастаманы меже тұтыпсыз. Осы турасында толығырақ тоқтала кетсеңіз?

-Иә, ел еңсесін тіктетуде үлкен тұғыр болған Тәуелсіздігіміздің осынау жылдары ішінде байтақ Отанымыз өзінің экономикалық даму қарқынымен  күллі  әлемге  танылып,  іргелі  мемлекетке  айналды. Бейбіт аспан астындағы шұғылалы ширек ғасыр ішінде Абай  елі  де  қоғамдық өміріміздің әр саласы бойынша қомақты  табыстарға  жетті. Әсіресе, ұлт руханиятының, мәдениетінің, сонымен қатар, төл тарихының негізі болған, есімдері  алтын  әріппен  жазылған  ұлы  адамдарды  ұлықтау  аясында осы жылдары  Абай  елінде  көптеген  ескерткіш – саябақтардың іргесі қаланды. Атап  айтқанда, Әнет баба, Кеңгірбай-Би, Мамай  батыр, Шәкәрім қажы, Әмина Өмірзақова, Жәнібек Кәрменов сынды дара тұлғалардың ескерткіштері бой көтерді. Ендігі мақсат, аудан төріне дана Абайдың  әкесі Құнанбайдай алып тұлғаның еңселі ескерткішін тұғырға қондыру болып отыр. Кезінде аға сұлтан атанып, ел бірлігін ойлаған қайраткер есімін өскелең буын жадында жаңғырту мақсатында арнайы жоба әзірледік. Бұл сөз жоқ зор жауапкершілік жүктейтіні анық

-Іргелі шараның қазіргі таңдағы барысы қандай? Жергілікті атқарушы билік тарапынан, жомарт жандар қатарынан қолдау бар ма?

 -Дұрыс айтасыз! Негізінен халық қалаулысы ретінде ұлылар есімдерін ұлықтау шаралары аясында бірқатар жұмыстар атқардық деп ойлаймын. Мәселен, көрнекті тарихи тұлға Кеңгірбай биге орнатылған ескерткіш Абай елінен шыққан іскер жандардың, кәсіпкерлердің қолдауымен 2013 жылдың 16 тамызы күні Қарауыл ауылында бой көтергенін жақсы  білесіздер. Ал, өткен  жылдың 20 наурызында  өткен  Мәжіліс  және  мәслихат депутаттарын сайлау науқаны кезіндегі сайлауалды бағдарламамда Құнанбай қажы Өскенбайұлына арналған ескерткіштің бой көтеруіне бастамашы болу жөнінде ұсыныс тастаған болатынмын. Осы ретте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арап  Еспенбетов  ағамыз «Егемен Қазақстан»  газетінің  №46 нөмірінде жарияланған «Құнанбай қорымына қамқорлық қажет» мақаласында  нақтылап,  саралап  жағзан  еді. Аға сұлтанға арнап ескерткіш белгі орнату жөнінде мен де Абай  елінің  азаматы  ретінде  көкейде жүрген ойымды аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбековке  жеткізіп, қолдау жасауын сұрап, жазбаша ұсыныс білдірдім.

Өздеріңізге белгілі, мемлекеттен қомақты қаржы бөлініп, белгілі режиссер Досқан Жолжақсыновтың  жетекшілігімен  «Құнанбай»  көркемсуретті фильмі түсіріліп, дара тұлға бейнесін халыққа қайта оралтқан болатын. Тарихи фильм жоғары баға алып, көпшіліктің көңілінен шыққан еді. Құнанбай қажының образын сомдап, сәтті шығарған Д.Жолжақсыновтың  еңбегі  бағаланып, мемлекеттік  сыйлық  алғаны да ел есінде. Абай елінің алдында тұрған енді бір үлкен жауапкершілік - Құнанбай Өскенбайұлына арнап ескерткіш орнату. Осы ретте өткен жылдың 23 желтоқсанында Абай  аудандық  мәслихатының VIII сессиясының алдында, аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлына   қайтадан  ұсыныс  жолдап, тікелей жолығып, «Құнанбай қажы» ескерткіші жобасының дайын екендігін көрсетіп, қолдауын  сұрадым. Осылайша, аудан басшысынан қолдау тапқан ұсынысынымды сессия отырысында  көпшілік алдында жария еттім.

-Енді ескерткіш жайлы, оның авторы, жұмсалуы тиіс қаржы жөнінде айтып өтсеңіз?    

-Осынау ұсынысым, алдымен аудан басшысының қолдауынан шығып, сессияда мақұлданған соң, ескерткіш жобасын әзірлеу ісі жан-жақты жүргізіле басталды. Жобаның  жалпы құны 8 млн. теңгені құрады. Ескерткішті әзірлеуді ауданымыздағы Шәкәрім  қажы, Еңлік-Кебек, Жарма еліндегі ұлы Абайдың әжесі Зере анамыздың ескерткіштерінің авторы, саржалдық шебер кескіндемеші Ертіс Татиев қолға алатын болды. Халыққа шығармашылығымен танымал азамат мүсіннің макетін әзірлеген болатын. Ол - қолдау тапты. Тарихи тұлғаның ескерткішіне аудан тұрғындары да қолдау танытады деген үміттемін. Бұл бастамаға Абай елінің азаматтары мен ауданымыздан шыққан іскер  жандар,  кәсіпкерлер демеушілік жасаса, нәтижелі  аяқтаймыз  деп  сенім  білдіремін.

Сондай-ақ, айта кетер тағы бір жайт, аудан әкімі Т.Мүсәпірбеков өзі бастама көтеріп,  аудандағы мекемелердің бір күндік еңбекақыларын қорға аудару жөнінде ұсыныс тастады. Осы ретте, бүгінде «Құнанбай қажы» қоғамдық  қоры  ашылды. Іргелі бастамаға мүмкіндігінше демеушілік жасап, қолдау білдіремін деген азаматтарға алғыс білдіремін. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, береке-бірлігіміздің айқын белгісі саналар осынау істі де аяқтап, тұғырға қонған Құнанбай қажы ескерткішіне қарап тамсанар күн алыс емес деп ойлаймын.

-Сұхбатыңызға рахмет! Еңбектеріңіз жана берсін...

 

Сұхбаттасқан Тоғжан РАХЫМБЕКҚЫЗЫ,

«Абай елі»

 

Елдік мүддесі басым ескерткішке демеушілік білдіремін деген жаны жомарт, қолы ашық, қалталы азаматтар үшін төмендегі рекизитті ұсынамыз:

«Құнанбай қажы» қоғамдық қорының реквизиті

ШҚО, Абай ауданы, Қарауыл ауылы, Құнанбай көшесі 22; индекс 070100

ИИК: KZ 516010261000216253

БИН: 141140008128

БИК:  HSBKKZKX

«Қазақстан Халық Банкі» АҚ,

Кбе 18

Кнп 119

Атқарушы директоры: Белібаев Ардақ Сағадиұлы

Байланыс тел: 87751395223.

 

 

Бабалар ерлігі бүгінгі ұрпақ жадында қайтпас қайсар рух, елдік жолындағы ержүректік, найқалмас намыс иесі жаужүрек жауынгер бейнесінде өшпес өнеге, тұғырлы тарих болып сақталып келеді. Оларға арналып қашалған ескерткіштер, рухты оятатын әндер, олар туралы жарық көрген кітаптар мен деректі фильмдер сәби жанарында ұлтжандылық сезімдерін дамытуда. Сондықтан қан кешкен майдангерлерді еске алу осы ұрпақ үшін міндет емес, құрмет деп танығанымыз абзал болар. Сондай құрметті бұл жолы Тоқтамыс ауылдық округінен көріп қайттық.

         Жырақта жатса да береке, бірлігінен айнымай, бауырындағы ағайынды ұйыстырып, бөктеріндегі малдан шашау шығармай келе жатқан бұл округте те дәстүрден айнымай, қалыптасып қалған үлгі боларлық үрдіс бар екен. Ол-ауылдың шаруақожалықтарының жыл сайынғы 9 мамыр – Жеңіс күнін өткізуді өз мойындарына алып, демеушілік жасауы. Кең жүрек кәсіпкерлер ауылдың мерекелік шарасын өз мойындарымен көтеріп қана қоймай, ұлттық спорт түрлерінен түрлі сайыстар өткізіп, қомақты жүлделер тағайындайды. Тағы бір қызығы бұл іс шара жылма-жыл кәсіп иелері арасында эстафета түрінде жалғасын үзбей, жанданып, тіпті, өзара бәсекелестіктің де туындап келе жатқандығын байқағандай болдық.Сонымен, биылғы іс шараның тізгіні «Нұржан» шаруақожалығының жетекшісі Нұрсейіт Бақытхан Серікжанұлына тапсырылған екен.

         Салтанатты шара әуелі «Батырлар аллеясынан» бастау алып, ауыл әкімі Ақылтай Қалиоллаұлы өңірдегі 8 тыл ардагерлерін құттықтап, құрмет көрсетті. Марапаттау рәсімінде ауылдың үлкендеріне арнайы жыр жолдары арналып, сазды сәлемдер жолданды. Оның ішінде қыздар триосы мен балалар хоры, арнайы қойылым мен балғын бүлдіршіндердің орындауындағы қазақ биі көрермен көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ, жиналған қауым аталған ауылдан соғысқа аттанған майдангерлер бабалары  мен бүгінгі күні өмірден озған тыл ардагерлерінің әрқайсысының есімдерін атап, еске алды. Еске алу Оспанов Нүрсейт ұрпақтары түсірген асқа ұласты.

         Түйебалуандар тартысы

         Түстен кейін ауыл қонақтары мен тұрғындар «Бәйгетөбеге» бет алып, ұлттық спорт түрлерін тамашалады. Жанкүйердің ықыласына ие болған додаларға шолу жасайтын болсақ, ел назарына әуелі белділердің белдесуі ұсынылды. 70 келге дейінгі салмақтағы бозкілем шеберлері арасынан Жақсылықов Ерасыл мен тоқтамыстық Қанатов Аян білектілерге еселерін жібермей ІІІ орын тұғырына көтерілсе, ІІ орынды Семей қаласының атынан қатысқан Оразалин Темірлан жеңіп, І орын жауырыны жерге тимеген семейлік Тұрсынғазин Нұрғали есімді балуанға бұйырды. Бұдан кейін спортсүйер қауым апайтөс түйебалуандардың да тартысын тамашалай алды. Бұл бәсекеде тоқтамыстақ балуандардан Құрманғожин Нұрасыл ІІІ орын иеленіп, Санияров Табиғат ІІ орыңды жеңді. Бұл жолы семейлік Қалибек Айбек доданың түйебалуаны атанды.

         Желден озған жүйріктер марапатталды

         Бұл шараның тартысты сайыстарының бірі жаяу жарыс болды. Желаяқтар бәсекеге түскен бұл спорт түріне ауыл тұрғындары қатысқандықтан болар, «Бәйгетөбе» алаңы тіпті, қыза түсті. Сонымен, 50 жастан жоғары әйелдер арасында Жақыманова Күләндан ІІІ орын иеленсе, Әзімбаева Бақытжан ІІ орыннан көрініп, Ауханова Мунира мәре сызығын бірінші болып кесті. Ал, жастар арасында Жағыпарова Айнұр ІІІ орынды қанжығалап, Ахметжанова Камшат ІІ орынды місе тұтты. І орын Ахметова Әйгерімге бұйырды. 50 екшеген ерлер арасында желден озған жүйріктер қатарынан Тлебалдин Жобалай дара шығып, ІІІ орын марапаты тапсырылса, Әбіш Ақылтай көпті шаң қаптырып, жүлделі ІІ орын иегері атанды. Бұл жолдың бас жүлдесі Құмбаев Тілеуханның еншісінде кетті. Жастар да жалындады. Олардың ішінде Павлодар облысының намысын жыртып келген Өміржанов Тілектес ІІІ орынды, Жақсылықов Ерасыл ІІ орынды, Қабдешов Әділет І орынды иеленді.

          Алып күш иелері олжаға кенелді

         Білектілердің тартысы да көрерменге көзайым болды. Айтар болсақ, жиналған жұртшылыққа қой көтеру мен арқан тартысы сайыстары қызықтырды. Оны жеңімпаздарға деген халықтың қошеметі мен қолдауынан танығандай болдық. Сонымен, сайыстардың қорытындысы бойынша қой көтеруге оннан астам азаматтар ниет білдіріп, нәтижесінде Рымбаев Ернұр 45 рет көтеріп, мәртебесі асқақтады. Жеңімпаз үздік жетістігі үшін өзі көтерген қойды арқалап кетті. Арқан тартысының да жеңімпаздары осы сәтте анықталды. Төрт команда қатысқан тартыста Тоқтамыс округінің 1984 жылғы түлектері ІІ орын биігінен көрініп, «Машан бөктері» командасы қарсыластарын қапы қалдырып, І орынды иеленіп қайтты.

         Сәйгүліктер көмбені шаңға көмді

         Ұлттық спорт ішіндегі ат спорты қазақ халқының арқасын қоздырып, қанын қыздыратын, жүйріктердің бабы мен бағын анықтайтын бірегей  дода. Соның ішінде бұл күндері тай жарысы, құнан жарысы, аламан бәйге додалары дами түсіп, қарқын алып келеді. Десек те, ат спортының жорға жарысы, аударыспақ, қыз қуу сияқты түрлері өңірімізде кенже қалып бара жатқандай көрінеді.

         Тоқтамыстағы тай жарысы туралы сөз өрбітетін болсақ, су жұқпас сәйгүліктер арасынан Қайнардан келген М. Дүйсенбековтің «Ақбайпақ» атты тұлпары озып ІІІ орын иеленсе, Қарауыл ауылынан келген М.Сәрсекеевтің «Назқоңыры» ІІ-ші келді. І орын жүлдесі тоқтамыстық Ошанов Оралдың «Тұмар» атты тұлпары иеленді.

         Құнандар да жарыс көркін қыздырды. Бұл жолы Ошанов Оралдың «Ботагөз» деген жүйрігі ІІІ келсе, осы округтен А.Ахметовтың «Ханторысы» көмбеге ІІ-ші жетті. Аталған қашықтық бойынща Медеу ауылынан С.Сүлейменовтің «Бәйтерек» атты тұлпары көмбеге озып келіп, І орынды еншіледі.

         Ең тартысты өткені аламан бәйге болды. Себебі, озған жүйріктің иесіне автокөлік тігілген болатын. Аламанның қорытындысы бойынша А.Абдилдиннің «Нұртөбелі» ІІІ орын тұғырынан көрінсе, Айнабұлақ ауылынан келген Мауқаев Жанарбектің «Найза» аталатын жүйрігі ІІ орынды қанжығалады. Қарауыл ауылынан келген Сағатов Қанаттың «Кербез» атты тұлпары доданың дүлдүлі атанып, ВАЗ-2107 автокөлігінің кілті табысталды.

         Ақындар айтысы Тоқтамыс тауларында жаңғырды

         «Нұржан» шаруықожалығының жетекшісі Бақытхан Серікжанұлының Жеңістің 71 жылдығына арнап ауылдастарына дайындаған тосынсыйы да бар екен. Ол тау бөктерінде өткен дала сахнасында бұрындары болмаған айтыс өнерін тарту етті. Айтыс болғанда қандай айтыс дерсіз, облыстық айтыс! Семей «Халықтық ақындар орталығының» мүшелерінен құрылған айтыскерлер дүйім халыққа сөз тартысын ұсынып, қошеметке кенелді. Жалпы саны 6 айтыскер бақ сынасты. Олар Семей қаласынан келген ерке ақын Рыскүл Досжанова, Жаңа Семей ауданы Ақбұлақ ауылының намысын кеудесіне түйген Айбек Жеңісқазин, Тарбағатай ауданының түлегі Қуандық Кенжебекұлы, Қытай халық республикасынан келген сөз зергері Жүрсінгүл Мұратқызы, семейлік дүлдүл ақын Қуанған Серік, Жарманың жалынды жасы Қуаныш Нұржанов сөз таластырды. Айтысты белгілі жас ақын, бірнеше республикалық жазба ақындар мүшәйраларының жеңімпазы Біржан Ахмер жүргізді. Ақындардың сөз бәйгесіне Семей «Халықтық ақындар орталығының» жетекшісі Серік Молдабеков, айтыскер ақын Жанарбек Торайғыров, ауыл әкімі Ақылтай Садырбай және аудандық басылым редакторы қазылық етті. Жұптардың кезекпе-кезек өлең тартысынан кейін ақтық сынға Жүрсінгүл Мұратқызы мен Қуанған Серік шығып, бас жүлдені Серік еншіледі. Ақындардың бәрі дипломдармен марапатталып, ақшалай сыйлық иеленді.

 

         Ту тіккен Тоқтамыстай батырдың елі осылайша мереке сәнін салтанатқа айналдырды. Бұл күннен біз аядай ғана ауыл болса да қаймағы бұзылмаған салтымызды сақтап, ұлтқа тән мінезді, әдеп пен тағылымды өнеге етіп жүргенінің куәгері болдық. Ұлттық спорт түрлері, ұлттіқ өнер, ұлттық болмыс бұл шараның бояуын асырғаны анық. Ел деп еміренген ерлердің еңбегі осындай болуы керек шығар...71 жылдығын өткерген Жеңіс күніне орай ұйымдастырылған шараға округ әкімі бастаған атқамінерлер, қараша халық жомарттық танытқан «Нұржан» шаруақожалығының жетекшісі Бақытхан Серікжанұлына алғыстарын білдіріп жатты. Келер жылғы іс-шараның байрағы «Шаһмардан» шаруақожалығына тапсырылды. Бізде осы үлгілі үрдістің үзілмесіне тілектестік білдіріп қайттық.

 

Нұржан БАЙТӨС

«Абай елі»

Қарауыл-Тоқтамыс

Кәсіби мереке

             ЕҢБЕКТЕРІМЕН ЕЛ ӘЛЕУЕТІН ЕСЕЛЕГЕН

                 ауыл шаруашылығы саласы кәсіпкерлері марапатталды

 

       Жыл басынан бері Абай елінде барлық сала қызметкерлерінің кәсіби мерекелері өз деңгейінде атап өткізіліп келеді. Жуырда сондай бір ерекше атаулы күн - кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің мерейлерін үстем етті. Рас, аудан халқы ата кәсіп саналатын осынау салаға жан-жақты маманданған өңір. Бұл ретте он екі ай мыңғырған мал өргізіп, шаруашылығы шалқыған қожалық құрып, ел игілігін еселеп отырған қарапайым еңбек майталмандарының жемісті еңбегін бағалау, мәртебелеу орынды іс деп білеміз.

«Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл көсір» деген ұранды сөздер бүгінгі заман тұрғысынан алып қарағанда қайта жаңғырғандай. Ауылдың ажары да, базары да осы - мал өсірушілер десек артық айтқандығымыз емес. Әр үйдің дастарханының береке-молшылығын арттырып, ет, сүт, май, қаймақ, құрт, ірімшік, қымыз, басқа да түлік өнімдерінің мол болуы мал өсіргеннің, бабалар кәсібін нәсіп еткеннің арқасы емес пе?!

Аллаға шүкір, ел іргесі аман, ынтымағымыз жарасқан халықпыз. Ежелден Абай елі ата кәсіпті нәсіп көзі етіп, оны жалғастырып, жандандыруда. Негізгі бағыты –мал шаруашылығы болғандықтан, 115 шаруа қожалығы аудан экономикасының айтарлықтай дамуына өз үлестерін қосып келеді. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылы 4 шаруа қожалығы 231 бас ірі қара малын 69 млн.90 мың теңгеге алынса, өз қаражаттары есебінен аудан шаруа қожалықтары 453 бас асыл тұқымды ірі қара малын сатып алған. Сол сияқты «Жайлау» бағдарламасы бойынша   20 шаруа қожалық 100 қойдан жиыны 2 мың бас қой сатып алды. «Құлан» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылы 184 бас жылқы малы сатып алынды. Ауыл шаруашылық өнімдерін сату да жақсы жолға қойылған, жыл басынан бері өткен 6 жәрмеңкеде 20 млн 478 мың теңгенің өнімі саудаланды. Ауданда асыл тұқымды 42 шаруашылық бар, оның ішінде 23 шаруа қожалық қой өсірумен айналысса, 3 шаруа қожалық ірі қараны асылдандырады, ал 16 шаруа қожалық жылқы малын өсіруді қолға алған. Асыл тұқымды малдың үлес салмағы 21 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткіш бойынша республика аудандарының арасында 7-ші орындамыз. Ал Абай ауданы даму рейтингісі бойынша 2-орынды бағындырып отыр. Міне, ауданымыздың бүгінгі әлеуетін осыдан-ақ аңғаруымызға болады.

            Ауылшаруашылығы күні мерекесі аудан орталығындағы «Атамекен» тойханасында сән салтанатпен өтті. Мерекелік дастархан басына жиналған іскер ел азаматтарын аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлы кәсіби мерекелерімен құттықтап, Ұлы Абайдың 170 жылдық тойына, т.б іргелі шараларға атқсалысқандары үшін ақжарма алғысын білдірді. Мұнымен қоса, бірқатар еңбек адамдары, өз кәсібінің шеберлері аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Атап айтсақ, Байшолпанов Саят, Иманғалиев Төлеуғазы, Сәрсенбекова Қалима, Сағындықова Райхангүл, Бексемұратова Күлпан, Көпбаева Мариям, Тлежанова Сәуле, Әкімбаев Сәлім, Ауқашев Нұржан, Жақиянов Еділ, Мұздыбаев Асхат, Махмет Жарас, Қарамендин Елдар сынды аудан әлеуетін еселеп жүрген кәсіпкерлердің еселі еңбектері бағаланды. Олардың қатарында 40 жылдан астам халыққа адал да қалтқысыз еңбек сіңіріп жүрген кәсіпкерлер шаштаразшылар М.Көпбаева мен С.Тлежановалар жыл сайын кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне аудан әкімі тарапынан құрмет көрсетіліп, еңбектерін бағалап марапаттап жатқандарына ризашылықтарын білдіруде. Иә, бұл мереке аудан үшін ерекше маңызға ие. Аудан халқының негізгі бөлігі бүгінде ата кәсіпті жалғастырып, нәсібін тауып келе жатыр. Осы ретте аудан экономикасына еңбегі сіңген ардагер ақсақалдар лебізі де кештің маңызын арта түсті. ШҚО әкімінің Абай ауданы бойынша кеңесшісі Байбота Орынбаев табиғаты қатаң, таулы-тастақты жеріміздің егін егіп, дәнді-дақылдар алуға емес, ежелден қой қаруашылығы, жылқы шаруашылығымен айналысқандығын баса айтып, сонау 1970-90 жылдар аралығында 20 жыл ішінде бүкілодақтық байқауларда, социалистік жарыстарда туды қолдан түсірмегендігін алға тартты. Иә, расында да кезінде аудан экономикасы қарыштап дамыған тұста 100 саулықтан 150 қозы алған шопандар еңбегін бала болсақ та бағамдайтынбыз.

Жиын барысында ауданның «Құрметті азаматы», дербес зейнеткер Манатай Балтақайұлы мен Қарауыл ардагерлер ұйымының төрағасы Шыңғыс Несіпбай, ауылшаруашылық саласының ардагері, «Нұр-сана» салт-дәстүр орталығының өнерлі әжесі Нұрсейітова Уәсилә анамыз да ізгі лебіздерін жеткізді. Өз кезегінде сөз алған шаруа қожалықтарының жетекшілері Иманғалиев Төлеуғазы мен Рахымбаев Сейфолла болды. Аудан әкімінің орынбасары Марат Сейтжағпарұлы ауданымызда өндіріс орындарының жоқтығын, мал өнімдерін өзіміз өндіріп, сыртқа шығарып отырсақ аудан экономикасы одан аса дамитынын айта келе, осы бағытта өнімді еңбек етіп жүрген жандарды марапаттады. Атап айтсақ, Бекбатырова Жанар, Тұмарбеков Қайрат, Мұсабек Қанат, Беркінбай Мейрамгүл, Байғозин Жобалай, Кәбен Айгүл, Жұмажанова Рәжән, Кәбен Гүлжан, Назарбекова Баян, Төлепқазин Мархабат, Бексемұратов Сәбит, Нұртазин Қайрат, Сейтенов Айдын, Көкебаев Ербол сынды кәсіпкерлерге облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысы Мусин Нұрлан Рысханұлының Алғыс хатын салтанатты түрде табыстады.

Жайылған мол дастархан басында арқа-жарқа әңгімелесіп, көңілдері бір сергіп қалған кәсіпкерлерді ауыл әкімдері де құттықтай келіпті. Бұған қоса «Нұр Отан» партиясының Абай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қайырғазы Дүрмекбай Елбасы саясатын қолдап, партия бастамасын жүзеге асыру және Абай ауданының ауыл шаруашылығын дамыту мен өркендеуіндегі игі істері үшін алғыс білдіріп, кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімін басқарып отырған білікті басшы Думан Нариманұлын, ауданымыздағы іргелі шаруа қожалықтарының бірі, халықты сапалы ет өнімімен қамтамасыз етіп отырған Сармурзин Ерсін, Құндызды ауылдық округінің майталман кәсіпкері Қарықбол Нұғымаровты, Тоқтамыс ауылдық округінің кәсіпкері Дәулет Мұхтаровты сынды азаматтарды партия фракциясы атынан Алғыс хатпен марапаттады. Ауданның кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрғазы Жүнісжанов пен аудандық мәслихат депутаты, кәсіпкерлер қоғамдық бірлестінің жетекшісі Белібаев Ардақтың ыстық лебіздері марапат иелерінің қуанышын еселей түсті. Ширек ғасырдай сауда саласында жүрген кәсіпкер аналардың бірі Сағындықова Райхан апай да өзінің ізгі лебізін жеткізе келе, осындай мерекелік шараны ұйымдастырып отырған аудан басшыларына, ауданның кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөліміне өз ризашылығын жеткізіп, ағынан жарылды. Бұдан соң ауылшаруашылық саласын ұзақ жылдар басқарған, бүгінде аудан әкімінің орынбасары, ел ағасы Ерлан Арнаұлы ауыл шаруашылық саласы бойынша көңіл қуантар жетістіктерді  айта келе, Әзімбаев Нұрғазы, Кенжебеков Дәулет, Князбай Серік, Көкебаев Айдар, Сұлташ Айтқали, Молдахан Жанатбек, Имаханов Ақылжан, Құрманов Мұсатай, Әлімжанов Әсен, Қанапин Серік, Мұқан Қуаныш, Жауынбаева Қымбат, Байдүйсенова Арайлым сынды кәсіпкерлерді ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Селиханов Дүйсенбай Мағзұмұлының Алғыс хатымен марапаттады. Ел алдында еңбектері бағаланып, абырой биігінен көрінген барлық кәсіпкерлерді біз де мерекелерімен құттықтап, толағай табыстар тілейміз. Еңбектеріңіз жана берсін, төрт түлік ақты болсын!

Салтанатты мерекелік шара «Қаламқас» халықтық ән-би ансамблі әншілерінің ән шашуымен айшықталып отырды. Еңбектері еленген еңбек адамдарына көтеріңкі көңіл күй сыйлаған өнер иелеріне алғысымыз шексіз. «Еңбегің өнімді болса, көңілің сенімді болар» дегендей, тарихы бай елдің дархан даласында туып өскен еңбекшіл де бірлікті азаматтары   ата кәсіпті жалғстыру жолында аянбай еңбек ете беретіндері анық. Олай дейтініміз, бізді әсіресе Шыңғыстау бөктерінде соңғы жылдары салынып жатқан жаңа қыстақтар, бой көтерген тұрғын үйлер, өсіп-өнген төрт түлік басы, кәсіби біліктілігі артқан қожалықтар, серіктестіктер иелерінің көбеюі көңілімізді марқайтты.

Көңілге шуақ сыйлаған осынау мерекелік шараны аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлының тікелей басшылығымен, аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімі ұйымдастырды. Аудан көлемінде өткізілген шара соңы тыл ардагері, ауданның «Құрметті азаматы»   Манатай Толғанбаев ақсақалдың берген ақ батасымен тәмам болды.

Осы мерекелік шараға демеушілік жасаған шаруа қожалық жетекшілері: Әкімбаев Сәлім, Ақылбекұлы Өміртай, Құрманов Мұсатай, Ауқашев Нұржан, Әлімжанов Әсен, Қанапин Серік, Мұқан Қуаныш, Жақиянов Еділ, Нұрмағанбетова Ләззат, Жауынбаева Қымбат, Байдүйсенова Арайлым, Төлепқазин Мархаббат сынды жаны жомарт, мәрт кәсіпкерлерді атап өткеніміз жөн. Сайып келгенде, Абай ауданының ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері ауданның ғана емес, күллі облыстың, тіпті республикамыздың экономикасының артуына ықпал етіп отыр. Абырой да, еліміздің ауқаттылығы да тек оң бағыт, адал еңбекпен келетіні ләзім. Сол адал еңбектің жемісін көріңіздер демекпін.

 

Анар СӘРСЕНБИНА,

«Абай елі»

 

«Шыңғыстаудың Сәулесі» атты байқауына!

 

                                 «Ақыл мен қайрат жол табар!...» 

         Бүгін де еліміздің экономикасы қиындықтарға қарамастан өрге домалауда.Ал экономикада басты рөлді кәсіпкерлік атқарады. Біздің ауданымызда да бетке ұстар кәсіпкерлер жетерлік. Солардың бірі де бірегейі ауданымыздағы өз кәсібінен нәсібін тауып жүрген, кәсіпкерлік тізгінін мықтап ұстаған - Нұртазин Қайрат Төлеубекұлы.

         Қайрат ағаның мектеп қабырғасынан ұнататын ісі сурет салу, бейнелеу, безендіру болыпты. Бұл оның қазіргі атқарып отырған кәсібінің дамуына зор ықпал етіп отыр. Себебі бүгінде Қайрат аға жасаған көздің жауын алатын жиһаздар тек сәнімен емес, сапасымен де оқ бойы озық. Сондай-ақ әйнек салу ісін де бірінші болып көтеріп, бұл істі де жандандырып әкетті.

         Ол алғашқы сауда ісін шағын ғана дүңгіршектен бастаған еді. Кәсібі күн санап кеңейіп, қазіргі таңда қанатын кеңге жайған. Ауылымыздың орталығынан ашқан үлкен дүкені бар.Сонымен қатар жеке қожалық ашып, ауданымыздағы мал басының артып, мал өнімдерінің еселенуіне де елеулі үлес қосуда. Жеке шеберханасы да бар. Еңбек ету арқылы еліне де шарапатын тигізіп жүрген Қайрат аға көп заманастарының алды бола білді. Әрине, бұған жету үшін сан-қилы асуларды еңсеруге тура келгені сөзсіз. Бұл жолда оған жұбайы Баянның көмегі көп болды. Кәсіпкерліктің бұл түрін жүргізуге Абай атамыздың сөзімен айтсақ «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» керек. Бұның барлығы Қайрат аға мен Баян апайдың бойынан табылады. Үлкен аталары Ахметбек Нұртазаұлы айналасына щарапатын тигізген, жұртын имандылыққа үйірген, еліне сыйлы молда болған, қолы шебер жан болған екен. Ол кісінің бұл қасиеті Қайрат ағаға да дарыса керек.

         Сегіз қырлы, бір сырлы Қайрат ағамыз өсімдік атаулыға жаны жақын екен.Шаңырағында сан алуан гүлдер орын тепкен Қайрат ағамыз болашақта жеке жылыжай салуды ойлап жүр екен. Қайрат ағамыз аузын ашса жүрегі көрінетін ақкөңіл жан.Ол біздің ауданымыздағы шараларға демеушілік етіп жүрген кең жүректі жандардың бірі. Ол елінің қамын ойлап, өзінің пайдасын тигізген ауылымыздың - қамқор ұлы.    

Садырбекқызы Диана

Қарауыл гимназиясы

         9-сынып оқушысы

Қарауылда «ҮЛГІЛІ АУЛА» байқауы қорытындыланды

 

Ауылымызда тәртіпсіздік пен құқық бұзушылықтарға, мәдениетсіздікке «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыру мақсатында «Үздік дәліз», «Үлгілі аула», «Таза көше» номинациялары бойынша байқау ұйымдастырылды. Бұл байқауды ұйымдастырудағы басты мақсатымыз туған ауылымыздың тазалығын арттыру, көркейту, тұрғындарды сұлулыққа, тазалыққа, қала берді еңбекке тәрбиелеу болып табылады. Ұйымдастырылған бұл байқаудың ауыл тұрғындары үшін маңызы зор деп ойлаймын, себебі әдемілікті, тазалықты әр адам өз қолымен жасайды, еңбектенеді, яғни ауылымыздың көркеюі осындай қадамдардан бастау алады.

Ауылымызда қыркүйек айының 1-5 аралығында ұйымдастырылған Үздік дәліз», «Үлгілі аула», «Таза көше» номинациялары бойынша байқау қорытындыланды. Байқау шарттары ауыл тұрғындарына алдын ала жергілікті «Абай елі» газетінде жарияланып, хабарланды. Байқауға қатысушы үйлердің аулаларының тазалығы, гүлзарлармен безендірілуі, әрлендіріліп боялғандығы, әктелгендігі ескерілді. «Үздік дәліз» номинациясы бойынша жеңімпазды анықтауда көп пәтерлі үйлердің дәліздерінің (подъезд) тазалығына, әрленгендігіне назар аударылды. Нәтижесінде жеңімпаздар анықталып, Қарауыл ауылдық округі әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Байқау нәтижесінде «Таза көше» номинациясы Абай көшесіне берілсе, «Үздік дәліз (подъезд)» номинациясына Мамай көшесіндегі №65 үйдің №3 подъездің тұрғындары ие болды. «Үлгілі аула» номинациясы бойынша Мамай көшесінен Балтабеков Құмарғазы, Абай көшесінен Қадыров Азамат, Молдағалиев көшесінен Сәрсенбеков Жанарбек, Сүндетбай көшесінен Бакибаев Толеуханның үйлері үлгілі аула деп танылып, үй иелері марапатталды.

Әйгерім Қасенбаева

Қарауыл ауылдық округі әкімі

аппаратының бас маманы                                     

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Туған жерге тарту жасады

 

Шілде айының 5 күні Құндызды ауылдық округінде «Туған жерге тағзым» акциясы аясында 2005 жылы мектеп бітірген түлектер бітіргендеріне 10 жыл толуларына орай туған жерге тарту жасап қайтты. Естелік ретінде тау басына ауыл көркін ашатындай жерге ұзындығы 2, ені 2,5 метр ауылдық округтің атауын, «Құндызды» деген жазу орнатты. Тау басындағы ашылу салтанатында ауыл әкімі аппаратының бас маманы А.Омарханов пен Ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қ.Тайтөлеуов лентасын қиып, жастарға жылы лебіздерін білдірді.

Салауатты өмір салтын ұстанған түлектер өздеріне сынып жетекші болған ардагер ұстаз, дене тәрбиесінің мұғалімі Т.Сүлейменовпен бірге ауыл жастары арасында кіші футболдан жарыс ұйымдастырып демеушілік танытты. Футбол десе ішкен асын жерге қоятын ауыл жастарынан құралған 7 команда арасында жарыс тартысты өтті. Ауыл жастарынан құралған 7 команда арасында 1982 жылғылардан құралған команда І орын, 92 жылғылар ІІ орын, 1996 жылғылар ІІІ орынды иеленді. Жарыста жүлделі орындарға ақшалай сыйлықтар берілді.

Кешкісін Клуб үйінде Р.Уркимбаев, Б.Какимов бастаған түлектер клуб қызметкерлерімен қоса ауыл тұрғындарына концерттік бағдарламаларын қойып, соңы би кешімен жалғасты.

Кейінгі жастар ағаларына қарап еліктейді. Сөйтіп бір толқын бір толқынды тәрбиелейді. Жастардың туған жеріне ат басын бұрып, ауылының көркейіп дамуына ат салысып, игілікті қадам жасағандарына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

 

 

Бақытжан СЫДЫҚОВА ,

Құндызды ауылдық округі әкімі

     аппаратының жастар ісі жөнінде бас маманы

 

 

 

 

 

«Туған жерге тағзым»

 

                     ЖАҢА МЕШІТТІҢ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ

 

12 айдың сұлтаны – қастерлі Рамазан айы ізгілік пен құлшылықтың тоғысатын мезгілі. Осынау айда жасалған игілікті істің сауабы бірнеше еселенбек. Бұл орайда Абай ауданында да жұртшылық қажеттілігі үшін біршама шаралар қолға алынды. Мәселен, жуырда Кеңгірбай би ауылдық округінде жергілікті тұрғындардың күшімен мешіт құрылысы басталды.

Биылғы Ораза - Би ата ауылының жылнамасында ерекше аталатын болды. Ауылдықтар үшін тарихи күн ретінде санауға болар, шілденің 8-інде осы елді мекенде жаңа мешіттің іргетасы қаланды. Сауапты бастаманы ауыл тумасы Қанат Тілекин есімді жанашыр азамат қолға алған екен. Бүгінде өз ауылының патриотына достары, округтің 1977 жылы туған азаматтары қолғабыс жасауда.

Мешіттің алғашқы іргетасын қалау шарасына аудан әкімінің орынбасары Ерлан Арнаұлы, ауданның ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ұлан Сағадиев, ауданның білім бөлімінің басшысы Мақсат Нұрсұлтанұлы, Абай елінің бас имамы Болат Самырбай, Кеңгірбай би ауылдық округінің әкімі Гүлнар Боранжанова, ауылдың ақсақалдар ұйымының төрағасы Асқар Жарасбаев пен Жидебай қорық-мұражайының меңгерушісі Әсет Мырзақасым, ауыл ақсақалы Сайлау Тоқажанов және округ тұрғындары қатысты. Көптен күттірген ғибадат үйін салу осылайша көпшіліктің ізгі тілегі, ақсақалдардың баталы сөзімен бастау алды.

Айта кетейік, ұзындығы 11, ені 9 метрді қамтитын ғибадат үйінде үлкен зал, мешіт имамының бөлмесі, от жағылатын бөлме және дәрет алу орнын салу жоспарлануда.

Аталмыш мешіт, біріншіден келісті келбетімен ауыл көркіне сән қосса, екіншіден әсіресе жастар қауымы үшін имандылыққа ұйытар руханият ордасы болмақ. Сондай-ақ, бүгінде биаталықтар жұма намазына, тарауих кештеріне қатысу үшін аудан орталығына баруға мәжбүр. Яғни, тұрғындар тарапынан зор қажеттілік бар.

Ауылдың ардақты ақсақалы, Жидебай қорық мұражайының меңгерушісі болған Күзембаев Ғизат ақсақалдың жиені Қанат Тілекинмен тілдестік.

— Бұл бастаманы жоспарлағаныма екі жылдай болды. Көмекке достарым келді. Оларға алғысым зор, әркім мүмкіндігінше жәрдем жасауда. Қаржылай да көмек көрсетіп жатыр. Материалдық тұрғыдан да көмек мол. Мәселен, Есенгелдин Қайрат есімді азамат 5000 кірпіш пен мешіттің төбесін жабатын плиталарды алуға демеушілік жасаса, Белібаев Руслан есімді азамат жұмыс барысында техникамен қамтамасыз етуде. Ауыл әкімдігі тарапынан да қолдау бар. Сондай-ақ, алдағы уақытта құрылыс алаңына киіз үй тігіп, жұмысшыларға ас-ауқат беруді ауыл халқы өздері көтеріп алмақ, - дейді Қанат.

Айтуынша, құрылысты бастау қиындық тудырыпты. Алайда, міне, барлығы сәтімен жүзеге аса бастады. Әрине, оған биаталықтардың береке-бірлігі мен ұйымшылдығы да себеп.

— Осынау игілікті істі қасиетті Рамазан айында қолға алғанымызға қуаныштымыз. Құрылыс саласының маманы болғандықтан жобасын өзім жасадым. Мешіттің әдемі күмбезі, мұнарасы болады, - деді сауапты шараның бастамашысы жоспарларымен бөлісіп.

Ауылдарында ендігі арада бес уақыт азан шақырылып, Алланың есімі ұлықталатынына ауыл ақсақалдары да қуанышты.

Танымал жазушы, ұлт зиялысы Шерхан Мұртаза бір сөзінде «Бір мешіттің берген рухани тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» депті. Оған біздің қосарымыз, мешіт тәрбиесіне сусындап өскен жас буын кейінгі өмірінде жат ағымның жетегінде кетпей, ұлттық болмысын сақтап, дәстүрлі діннің төңірегіне топтасатыны анық.

Бір хадисінде Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адам дүниеден өткен соң амал дәптері жабылады. Тек үш амалының сауабы иесіне Қияметке дейін үздіксіз жетіп тұрады. Олар: жария садақа (мешіт, медресе салу), артына қалдырған пайдалы ғылым, ізгі ұрпақтың дұғасы», - деген екен. Ендеше, ауыл тұрғындары үшін ғибадат үйінің бір кірпішін болсын қалап, сансыз сауапқа кенелудің орайы келген сияқты.

Нұржан БАЙТӨС,

«Абай елі».

Біздің міндет- халыққа қызмет

 

Жанарбек Жұмағазыұлы:

ЖҰМЫСЫМЫЗДЫҢ НӘТИЖЕСІ ОПЕРАЦИЯ ҮСТЕЛІНДЕ ШЕШІЛЕДІ

 

Бірінші байлық денсаулық болса, сол байлығымыздың басты сақшысы – қырағы жандар дәрігерлер екені белгілі. Бұл ретте халық саулығын нығайтуда еселі еңбегімен танылып жүрген абайлық ақ халаттылар да жетерлік. Солардың қатарында қолы шипалы жан, білікті хирург, есімі ел аузында құрметпен аталып жүрген Жанарбек Жұмағазыұлын атаумызға болады. Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында абайлықтардың алғысына кенеліп жүрген маманмен арнайы сұхбаттасқан едік.

 

— Жанарбек Жұмағазыұлы, бүгінде абайлық қауым сізді білікті хирург ретінде жақсы біледі. Бұл саланы өміріңізбен ұштастыруға не себеп болды?

— Осы мамандықты таңдауыма Кәдір Әлмұхамедов ағамның көп септігі тиді. Ол кісі менің ақ халатты абзал жан ретінде адамдарға көмек қолымды созуымды, өзгелердің дертіне шипа болар ем жасаумен айналысуымды қалады. Мен сол кісінің тәрбиесінде болғаннан соң, маған сілтеген бағытын өмірлік жолыма бағдар етіп алдым. Сөйтіп, 1991 жылы Көкбай орта мектебін тәмамдаған соң, Семей мемлекеттік медицина институтына түсіп, оны 1997 жылы бітіріп шықтым. Ол кезде бұл оқу орны академия атауына ауысқан болатын.Менің негізгі мамандығым ұйымдастырушы дәрігер, денсаулық сақтау жүйесінің басқару бағыты болды.

-Алғашқы еңбек жолыңызды қай ортадан бастадыңыз?

-Дипломымды қолға алысымен тағы 5 ай көлемінде хирург мамандығы бойынша білімімді жетілдіріп барып, 1998 жылдың көктемінде өзіміздің аудандық емханаға жұмысқа орналастым. Міне, содан бері 17 жылдан аса уақыт көлемінде табан аудармай осы салада еңбек етудемін. Бүгінде әрі хирург әрі анестезиолог - реаниматолог және трансфузиолог қызметтерін қатар алып жүрмін.

-Біздің қаруымыз қаламымыз болса, сіз адам жанының арашашысы ретінде пышақ пен инені өзіңізге серік етудесіз. Мамандығыңыздың қиындығы мен қызықты сәттері жайында бөліссеңіз...

— Біздің мамандық аса жоғары жауапкершілікті сонымен қатар біліктілікті талап етеді. Бүгінде заман ағымына қарай жаңа технологияларды меңгере отырып, адам жанын меңдеген түрлі ауруларды жеңіп шығу үшін күресуің керек. Сонымен қатар өзге бөлімдегілердей емес, біздің жұмыстың нәтижесі тікелей операция үстелінде шешіледі. Адам ағзасының түрлі бөлігіне ота жасау кезінде саған жүктелер міндет те жоғары болмақ. Сонымен қатар бізде науқастардың басым көпшілігі жедел түрде ота жасау бөліміне түседі. Мәселен, миына қан құйылу, әйелдерде өздігінен босана алмағанда кесір тілігін жасау, «жарық», соқырішек ауруларымен түсіп жатады. Міндетіміз адам өмірін сақтау болған соң, күн-түн демей шұғыл түрде түскен ауыр жарақаттарға бірден жәрдем көрсетуге тырысамыз. Ең ұзақ ота 3 сағатқа дейін созылса, қысқасы 15 минут қана болады. Алғашында қиындықтар кездесті. Жаңадан бітіріп келген маман едік әрі тәжірибеміз де жоқ еді. Қиыншылығы мен қызығы мол қызметке осы күндері қалыптасып, үйренісіп кеттік.

-Қажетті аппарат жағы жеткілікті ме? Қандай жағдайда науқастарға көмек көрсету сіздерге қиындық тудырады?

-Рентген, УЗИ аппараттары жеткілікті болғанымен, өзге мақсатта қолданылатын кейбір аппараттардың жоқтығы кейде қол байлау болып жатады. Сондықтан біздің деңгейімізге келмейтін аса ауыр науқастарды санавияциямен Семейге жіберіміз. Егер өз орталығымыз заманауи аппараттармен, құрал-жабдықтармен қамтылса, тұрғындардың басым көпшілігі осы жерден ем қабылдар еді.

— Осы салада қызмет атқарып жүргеніңізге де біршама уақыт болған екен. Еңбектегі жетістік өлшеміңіз қандай? Қандай марапаттарға ие болдыңыз?

— Біз үшін ең бірінші қуаныш, жоғары жетістік - алдымыздағы науқасымыздың ауруынан құлан-таза айығып, шын көңілінен алғыс айтуы ешбір марапатқа тең келмейді деп есептеймін. Әйтсе де, жыл сайын төл мерекемізде аудан әкімінің Алғыс хатына ие болып келеміз. Одан бөлек облыстық денсаулық сақтау басқармасының Алғыс хаттарын иелендім. Бүгінде І дәрежелі хирург дәрігермін. 5 жыл сайын тапсыратын аталмыш санатты 2 рет қорғап шығып отырмын.

— Сөз соңында отбасыңыз жайлы бірер сөз...

— Бүгінде зайыбым Марал Еркінқызы да осы емханада учаскелік медбике болып қызмет атқарады. Екеуіміз 5 бала тәрбиелеп өсіріп отырмыз. 2 ұл, 3 қызымыз бар. Перзенттеріміздің де өз жолымызды жалғап дәрігер болуларын қалаймыз.

— Сұхбатыңыз үшін алғыс білдіреміз. Мерекелеріңізбен құттықтай отырып, ақ халатты абзал жан ретінде ардақты есімдеріңізге дақ түсірмей, қызметтеріңізді абыроймен атқара берулеріңізге тілектестік білдіреміз.

 

Сұхбаттасқан:

Тоғжан РАХЫМБЕКҚЫЗЫ,

«Абай елі»

 

Думан Қондыбаев: ФЕЛЬДШЕР БОЛУДЫ АРМАНДАП ӨСТІМ

 

Рас, адам бар жерде, оның өмірі, ұрпағы жалғастық тапқан жерде бұл мамандыққа деген сұраныс әсте толастамақ емес. Дегенмен оларға артылған алты батпан жауапкершілікті де ұмытуға болмайды.

Денсаулық сақтау саласында алдыңғы шепте жүретін мамандар да бар. Солардың ішінде фельдшерді ерекше атауға болады. Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында аудандық емхана бірлестігінің жедел жәрдем бөлімінің фельдшері Думан Ернұрұлымен аталмыш мамандықтың көпшілік біле бермейтін қыр-сыры жайлы сұхбаттасқан едік.

 

— Думан Ернұрұлы, төл мерекелеріңіз құтты болсын! Халқымызда «Жас келсе – іске» деген даналық бар. Дәрігер болудың, әсіресе жас мамандар үшін қандай қиындықтарын атар едіңіз? Өз мамандығыңызға қысқаша тоқталып өтсеңіз.

— Мен медицина саласында 2010 жылдан бастап еңбек етіп келемін. Аудандық емхана бірлестігінің әр бөлімінде қызмет атқардым. Қазіргі күні жедел жәрдем бөлімінде еңбек етудемін. 103 нөміріне хабарласқан аудан орталығының тұрғындарына көмек көрсету кәсіби парызым. Кезекшілік кезінде шақырту түскен мекен - жайға арнайы жедел жәрдем көлігімен аз уақытта жетіп, алғашқы көмек көрсету міндетіміз. Кез келген мамандықтың өзіндік ауыртпашылығы болатыны белгілі ғой. Ал адам жанының арашашысы, яғни, дәрігер болсаңыз онда сізге артылар жауапкершілік еселенеді. Себебі, сіздің шешіміңіз, біліктілігіңіз өзге бір жанның тағдырын шешеді.

— Қоңырау шалған тұрғындарға көрсетілетін көмектің түрлеріне тоқталып өтсеңіз.

— Біздің жұмыс алғашқы көмекке негізделген. Жалпы, абайлықтар арасында қан қысымы көтерілген тұрғындар, жарақат алған жандар көптеп кездесіп жатады. Десек те, сырқат түрінің көптігіне қарай, жедел жәрдем шақырған науқастардың жағдайлары да әртүрлі болып келеді. Сондықтан да мейлінше уақыт жоғалтпай жылдам қимылдап, сырқат түрінің асқынуына жол бермеуге тырысамыз. Мұнымен қоса, әлбетте, адам өміріне төнер қауіптің бетін қайтару мақсатында да шұғыл күресуге тура келетін жайттар да кездеседі.

— Бұл мамандықты таңдауыңызға не себеп болды?

— Бала кезімде жиі ауыратын едім. Содан есейгенде дәрігер боламын деп шештім. Фельдшер болу бала күнгі арманым еді. Мектеп қабырғасында жүргенде ұстаздарымыз «Өскенде кім боласың?» деп сұрайтын еді ғой. Мен сонда «дәрігер боламын!» деп кесімді шешім айтатынмын. Ал «Қандай дәрігер боласың?» дегенде, «фельдшер» деген сөзге тілім келмей, «гинеколог боламын» деп айтатынмын... Сондай-ақ, адам жанының арашасысы болу сауапты іс болғандықтан да осы саланы таңдадым. Арманым болашағыммен сабақтасып Семей қаласындағы Авиценна колледжін тәмамдадым. Абай еліне жолдама алып, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында баспанамен қамтылдым.

— Ибн Сина негізін салған бұл ғылым адамзатты ізгілікке, өзін-өзі құрметтеуге тәрбиелейтіні рас. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген халық даналығы тағы бар. Осы орайда, дәрігер маман ретінде денсаулықтың шымыр болуы үшін қандай кеңестер бересіз?

— Салауатты өмір салтын ұстану үшін әр адам әуелі зиянды әдеттерден аулақ болуы тиіс. Айтар болсақ, шылым шегу мен алкогольдік өнімдерді қабылдау адам өмірін қысқартатыны баршаға мәлім. Бұл зиянды әдеттер адам бойында өлімге алып келетін аурулардың тууына да себеп болады. Сондай-ақ, көбіне жастардың қай жыл мезгілі болса да жеңіл киінуі мен аяқтан суық өтуі бүгінгі күннің өзекті мәсесіне әкеп соқтыруда. Әсіресе, нәзік жандылар қауымы, қыз-келіншектердің ұрпақ сүйе алмауына басты себеп осы. Ал спорт түрлерімен айналысып, таңертең арнайы жаттығуларды жасаса - кез-келген жан өз денсаулығына кепілдік жасай алады. Міне, осы қарапайым қағидаларды сақтаған адамның өмір жасы да ұзақ болатыны анық

— Ұжымыңызда кімді үлгі тұтасыз?

— Алғаш осы қызметтің іс - тәжірибесінен өтуге келгеннен бастап фельдшер Руслан Рүстемов маған көп қолдау көрсетті. Жедел жәрдемге шақыртулар түскенде науқаспен жұмыс барысын жүргізуде бағыт-бағдар берді. Білмегенімді үйретіп, білімімді ұштады деуге болады. Мамандыққа баулуда үйренгенім көп болды.

— Фельдшер қандай болуы керек?

— Осы қызметте жүргенде түйгенім, әр фельдшер бірінші кезекте психолог болуы керек. Яғни, науқаспен сөйлескенде сөзді де, ойды да талғап айту қажет. Шок алып қалған науқас болады, жүйке жүйесі ауырған немесе обыр түрлері асқынған сырқаттар болады. Ондайда әуелі өз көңіл-күйімнен науқастың көңіл-күйін бұрын қоямын. Ем-дом қабылдап жатқан адамның бойындағы күдік пен күмәнді, қорқынышты, уайымды сейілтіп, үміт сыйлауға тырысамын. Осылайша сырқатты жеңу деген мүмкіндігін арттыра түсемін. Өйткені, ағзаның ауруға қарсы күресу қабілеті адамның ниетімен, көңіл-күйімен тікелей байланыста болады.

— Өз бөліміңіздегі әріптестеріңізге тоқталып өтсеңіз.

— Жергілікті жедел жәрдем пункті туралы айтар болсам, бұл бөлімде 6 фельдшер қызмет етеміз. Телефон қоңырауы арқылы 103-ке шақырту түскенде жәрдемге асығатын 5 көлік жүргізушісі бар. 1 диспетчер, 5 санитар қызмет көрсетуде. Жетекшіміз Саятбекқызы Индира қызметте өнегелі ісімен үлгі. Ал біздің барлық жұмыстарымызды Қожақова Майра Жаппарқызы қадағалайды. Ынтымағы жарасқан, науқастарға мейіріммен қарауда әрі кәсіби қызметте жетістігі мол ұжымбыз.

— Сұхбатыңыз үшін алғыс білдіреміз.

 

Сұхбаттасқан Нұржан БАЙТӨС

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар