Дүйсенбі, 29 Маусым 2015 00:00

ТҮЛЕКТЕР ТАРТУЫ МОЛ БОЛДЫ

Автор 
Бағалау
(0 Дауыс)

Туған жерге тағзым

ТҮЛЕКТЕР ТАРТУЫ МОЛ БОЛДЫ

 

Бүгінде аймағымыз бойынша қолға алынған «Туған жерге тағзым» акциясы өңірдің өркендеуіне елеулі үлес қосар игі шаралардың біріне айналды. Бұл бастама бірнеше жылдан бері Абай ауданы бойынша да қалыпты үрдіске түскен. Әсіресе, абаттандыру, түрлі салалардың дамуына қарқын алдыру бойынша ауыз толтырып айтарлықтай ілкімді істер артып келеді. Мәселен, атымтай жомарт азаматтардың жәрдемімен аудан келбетіне көрік қосқан алып нысандар, саябақтар салынса, атаулы жылдары қайта тоғысқан мектеп түлектері де өзіндік тартуларымен жерлестерінің қуанышын еселеп жүргендері белгілі.

Маусым айының 12 күні Қасқабұлақ ауылына жұмыс сапарымен барған біз де игілікті шараның куәсі болдық. Қазіргі М.Әуезов атындағы орта мектепті, яғни, сол кездегі Күлмен орта мектебін 1995 жылы бітірген қос сыныптың түлектері өздерінің 20 жылдық мерейтойларын ел қуанышымен ортақтастырмақ ниетпен туған жеріне тартуларын ұсыныпты.

- Бұл акцияны ұйымдастыру ауылдық округімізде өткен жылдан бастап ерекше қарқын алды, - дейді ауылдық округ әкімі Асхат Мұқатай. Мәселен, өткен жылы үш жүз түп тал көшеті егілсе, мектептің 24-ші түлектері, яғни, 1977 жылғы қыз-жігіттердің бастамасымен арнайы қаржы жиналып, мешіт ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуге жұмсалған екен. Алла үйін әрлеуге көмек қолын созған жеке кәсіпкер Дәуренбек Тәуірбекұлы да мешіттің сыртқы жұмыстарына 500 мың теңге қаржылай қолдауын көрсетіп, жомарттық танытыпты. Сондай-ақ, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бағытында «Қасқабұлақ» ЖШС жетекшісі Амантай Мұқатаев 500 мың теңгеге мешіт төбесін жөндеуге жердемдескен. Осылайша, ауылдықтардың алғашқы бастамасы имандылық ұясынан бастау алыпты.

Ал, биылғы Жеңістің 70 жылдығына орай соғыс ардагерлері ұрпақтарының қолдауымен жиналған қомақты қаражатқа Жеңіс саябағы қайта жаңартылып, «белгісіз жауынгер» ескерткіші мен мемориалды тақта қашалып тұрғызылғаны да ел есінде. Бұдан өзге бүгінде ауыл келбетіне көрік қосқан сұлу мүсіндер де көшелерге жарасымды әсер беруде. Үш бірдей мүсінді туған өлкелеріне тарту еткен де 1978 жылғы мерейтой иелері. Осыдан жиырма жыл бұрын алтын ұя мектептерінен әр тарапқа қанат қаққан көкөрім қыз-жігіттер бүгін бір-бір үйдің отағасы мен отаналары атанып, үлкен азамат болып оралып отыр. Балалық бал дәурендерін сағынышпен еске ала келген түлектер 20 жылдық думандарын тойлап қана қоймай, игі істерді де қолға алуды ұйғарыпты.

«Сен де кеттің,

Мен де кеттім,

Ол да кетті ауылдан.                                                                                    

Осынымыз ұят болды-ау,

Ұят болды -ау қауымнан! - деп ақиық ақын Мұқағали жырлағандай, әр тарапқа түлеп ұшсақ та туған жерге деген перзенттік парызды өтеу көптен бері көкейде жүрген арманымыз еді, - дейді түлектер.

- Сыныптастар бас қосқан сәтте санамызға ұялаған бұл ойды 20 жылдыққа орай жоспарлаған едік. Ауылымызға әр беретін үлкен дүние жасасақ деген ниетіміз ең бірінші Елорда төрінде орналасқан алып Бәйтеректің шағын үлгісін орнатсақ деген ойға жетелеген еді. Алайда, ол үлкен жұмысты талап ететін болған соң, арнайы мүсіндерге тоқталып, ауданымыздағы мүсін өнерінің майталманы Сәтбек Сьязхановқа қолқа салдық. Біздің игілікті ісімізді бірден құптаған шебер қолды Сәтбек ағамыз уақыт күттірместен шұғыл жұмысқа кірісіп кеткен болатын. Бүгінде тамаша туынды - сәйгүліктің сұлу мүсіні, қазақтың қара домбырасы мен киелі қобыз аспабы да ауылымыздың көрікті жерлерінен орын теуіп отыр. Осы игі бастама ендігі аралықта ауылымызда жылдан жылға жалғастық тапса дейміз, - деген ізгі тілектерімен бөліскен түлектер қуаныштарын да жасырмады.

Алыс-жақыннан туған мекендеріне сағына жеткен түлектер бір-бірлерімен арқа-жарқа амандасқан соң, аяулы білім ордаларына барып, оқушылық сәттерін еске алысты. Балалық шақтары өткен сыныптарына бас сұғып, ыстық көрінетін парталарына отырып, өткен күндер естеліктерінен сыр шертті. Кеше ғана тұлымдары желбіреген оқушыларымен қауышқан ұстаздары мен сынып жетекшілері де осы думанның бел ортасында, түлектерінің қуанышына арнайы келіпті. Сол кездегі мектеп директоры Желдібаев Ақтайлақ, оқу ісінің меңгерушісі Нұрпейісова Меңдігүл, бастауыш сыныптағы ұстазы Қарақабақова Рысжан, сынып жетекшілері Мұқанова Шәрбәну мен Бекқожина Бақтыгүл сынды мұғалімдер шәкірттерінің туған мекендеріне жасап жатқан игілікті істеріне разы екендіктерін жеткізді. Ұстаздары өз оқушыларының бала күндерінен бастап ұйымшылдықтарына көңілдері толатынын атап өтті.

- Ұстаз деген жауапты мамандық. Баланы ерекше мейіріммен сүйген адам ғана бұл қызметте зор ықыласқа кенеледі деп санаймын. Мен де 43 жыл бойы осы салада табан аудармай еңбек етіп келемін. Бүгінде Астанада қызмет атқарудамын. Шәкірттерімнің осынау әрекетіне сүйсініп, менің де еңбегімнің еш кетпегендігін сезініп отырмын, - дейді сынып жетекшісі Шәрбану Мұқанова.

Қос сыныптың біріне жетекшілік еткен, бүгінде зейнеткер ұстаз Бекқожина Бақтыгүл сабақ кезінде қуанышты да қиыншылыққа толы да сәттер болғанын жасырмайды. - Соның бәрін жеңіп, оларды өмір атты толқынға баптап қосқан едік. Бүгін еңбегімнің ақталғанын көріп риза болып отырмын. Көбін танымай да қалып жатырмын. Құлдыраңдаған балаларын ертіп, ақар-шақар бір ел болып келуде. Бізді де құрметтеп шақырып отырғандарына алғысым зор, - дейді сынып жетекшісі.

- Бұл түлектер менің тұңғыш шәкірттерім еді, - деген бастауыш сынып ұстазы Қарақабақова Рысжан мектепалды даярлық тобына қабылдап алған оқушыларын 4 сыныпқа дейін аяқтандырып жібергенін айтып, балалық шақтағы фотосуреттерін де тамашалатты.

Мұнан соң салтанатты шара мүсіндердің ашылу рәсімімен жарасымды жалғастық тапты. Түлектер тартуына жиылған көпшілік те ерекше риза. Ең алдымен «Қасқабұлақ» ЖШС жетекшісі Амантай Мұқатай және бұрынғы мектеп директоры Желдібаев Ақтайлақ лента қию рәсімін жасаса, әжелер шашуларын шашып, ауылдықтар қуанышын еселеді.

Сөз кезегін алған ауыл әкімі Асхат Амантайұлы түлектерге шексіз алғысын білдіре келе, Сәтбек Сьязхановқа орасан еңбегі үшін алғыс хат табыстады. Көзтартар мүсіндер шынымен де майталман маманның қолынан шыққандығын бірден аңғартады.

Түстен кейін 20 жылдық түлектердің ұйымдастыруымен Мәдениет үйінде спорт саңлағы, кезіндегі Күлмен орта мектебінде 1984-90 жылға дейін дене шынықтыру пәнінің ұстазы болған білікті бапкер Аман Айтқазин атында қазақ күресінен жүлделі жарысқа кезек берілді. Дүбірлі доданы алғысөзбен ашқан ауыл әкімі Асхат Мұқатай спорт саласының шебері А.Айтқазиннің өзіне де тәлім бергендігін айта келе, көпшілікпен бірге бір минут үнсіздікпен еске алып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ауданның спорт саласының қарыштап дамуына өз үлесін қосқан жан-жақты спортшы, озат бапкер жайында жағымды естеліктерімен бөліскен әріптестері де шәкірттері де әсіресе қазақ күресін дамытып, облыстық, республикалық жарыстардың жүлдегері атанғанын мақтанышпен атап өтіп жатты.

Алдымен жеребе алған балуандар боз кілем үстіндегі белдесу сәттерін бастап та кетті. Жарысқа сол кездегі өзінің шәкірттерінен 8 балуан іріктеліп, белдесу сәтін барынша қыздыра түсті. 3 минуттан күрескен боз кілем шеберлері шаршы алаңның жеңімпазын да лезде анықтап берді. Зиятов Аманғазы І – орынды иеленсе, Еркінбаев Роллан ІІ- орын алды, ал Зиятов Рымғазы ІІІ- орынға табан тіреді. Жүлдегерлерге түлектер тіккен бағалы сыйлықтар берілді.

Түлектер тартуы кешкісін тіптен қыза түсті. Жастар паркіне жиылған ауыл халқы арасында қызықты лоторея билеттері ойнатылды. Соңы би кешімен жалғасып, от шашу да шара шырайын арттыра түсті.

Бір бұлар емес, келесі күні де түлектер ауылдастары үшін тағы бір сый дайындапты. Қандай дүбірлі той болмасын ат жаратып, бәйге аламанын қыздырмаған қазақ кемде кем шығар. Әсіресе, ұлттық спорт түрлері, теңге алу, аударыспақ, қыз қуу сынды қазақтың төл ойындарынсыз жарыс алаңын елестету тіптен мүмкін емес. Осынау күні түлектер де бұл үрдіске үлкен мән берді. Бұл шаралар өз кезегінде думанды шараның мәнін еселей түсті. Осылайша тай, құнан, аламан бәйгеде де қылқұйрық жүйріктер анықталып, жүлделі орындарын табысталды. Ал, келесі кезекте ұлттық ойындардың да жеңімпаздары анықталды. Барлығы да 1978 жылғы туған, ауыл мектебінің 25-інші түлектерінің бағалы сыйлықтарына ие болды.

Мереке иелері бір емес бірнеше күн тойлатып, соңғы күні табиғат аясына саяхатқа шығып, туған өлкенің көркемдігіне көз қанықтырды. Туған жерлеріне тартуларын ұсынған түлектердің 20 жылдық мерейтойлары үлкен көлемде, айшықты сәттермен есте қалды. Перзенттік парызды өтеу – осындай-ақ болар. Ең бастысы ауылдарына әдемі тартуларын ұсынып, ел мерейін еселеп, жұртшылық көңіліне ерекше серпіліс сыйлады. Туған жерге тағзымның ерекше көрінісі осылайша Қасқабұлақ ауылында да орын алды.

 

Тоғжан РАХЫМБЕКҚЫЗЫ,

«Абай елі»

Қарауыл-Қасқабұлақ-Қарауыл.

Оқылды 1403 рет
Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!