Сейсенбі, 04 Тамыз 2015 00:00

Шыңғыстауға саяхат

Автор 
Бағалау
(0 Дауыс)

Туған мекенді танып, біл!

Шыңғыстауға саяхат

 

            Ұлы Абай мекені тарихи жерлерге бай, қасиетті өлке. Тарихи құнды жерлерімізді танып-білу мақсатында ерекше жерлерімізді көзбен көріп насихаттау үшін үлкен жолға шықтық. Шыңғыстау бөктеріндегі Абай заманындағы тұлғалардың ізі қалған жерге Абай елінің қариясы көкірегі ояу шежіреші Серікқазы Шабданұлы, «Өлкетану» мұржайының басшысы Жүнісжанов Малгаждар мен жазушылар одағының мүшесі, Мерғали Ибраев атындағы «Ақсұңқар» ақындар сыныбының жетекшісі, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері Төлеген Жанғалиев және БАҚ өкілі де барды.

Саяхат барысында аңшылығымен белгілі, бұрындары қанжығасы майланған саятшы болған Серікқазы Шабданұлына бізге көрсеткен жерлерді Шәкәрімұлы Ахат арқылы білетіндігін айтты. Кезінде Ахат әкесі Құдайбердінің қора-жайын, Күңке, ақ апа Айғыз, Мүрсейіттің қора-жай мен бейітін көрсетіп кеткен екен. Біз оны фотоға түсіріп қайттық.  

Шыңғыстау жеріндегі сапарымыздың алғашқы аялдамамыз Құдайберді Құнанбайұлының қора-жайы. Құнанбайдың бәйбішесі, Найман Ағанас бидің қызы  Күңкеден туған. Құдайберді жастайынан атасы Өскенбай мен әжесі Зеренің тәрбиесінде мінезі орнықты, өнегелі болып өседі. Түрікше,  арапша сауат ашады. Біз көрген үлкен қора-жай киелі қара шаңырақта данышпан ақын Абайдың інісі Шәкәрім – қазақтың маңдайына біткен ұлы ойшылы, ақыны ержетті. Ал Құдайберді сүйегі Жидебайдағы қорымға жерленеді. 

                                        

 

Ерекше қора-жай Күңке мекендеген жер болды. Ғимараттың ұзындығы 30 метр ені 23 метр көлемінде. Күңке Ағанасқызы (туған және қайтқан жылы белгісіз) – бұрынғы Семей облысыАягөз ауданы, Ақшатау ауылы «Қалғұты» елді-мекенінде дүниеге келген. Күңке Ағанасқызы – Сыбанның Жаңгөбегінен тараған. Кұңке сұлу Құнанбайдың бәйбішесі болады. Одан туған Құдайберді, оның тұңғышы, данышпан ақын Абайдың інісі Шәкәрім – қазақтың маңдайына біткен ұлы ойшылы, ақыны екені әмбеге аян. Күңкенің - өз заманында аса беделді, аузы дуалы, төңірегіне сыйлы адам болғаны турасында да әңгіме аз емес. Қолымызда Күңке туралы тарихи деректердің тым аз екені де рас. Құнанбайдай айбары асқан, ел басқарған ірі тұлғаның үнемі бәйбішесі Күңкемен ақылдаспай, ешқандай мәселені шешпейтінінің өзінен көп нәрсені аңғаруға болатын сияқты.

 

 

 Құнанбайдың Күңке (Әйбөбек) мен Ұлжаннан кейінгі үшінші әйелі Айғыз. Басқа әйелдеріне қарағанда, Ұлжан мен Айғыздың ауыл-үй, қонысы бір болып, балалары араласып, бірге өседі. Құнанбайдың шешесі Зере өз қалауымен олардың қолында тұрған. Әуезовтің ел аузынан жинаған деректерінде мынадай жолдар кездеседі: «Абайдың екі шешесінің бірі - Айғыз (бұл адамның сұлуы болған)» , «Қажы: Көкшені Бақанасқа, бұл өзенге Мамайды саламын». Онда Сүйіндік болыс, Жуантаяқты да көшіреді, бұның аулын көшірмейді. Соны көшіріп келе жатып бір сұлу қыз көреді, қыз - Айғыз, соны алады. Абайдың екі шешесі содан». Сондықтан жеңгелері екі шешені тел еміп өсті деп, Абайды «Телқара» атандырған. Жазушы «Абай жолы» эпопеясында Айғыздың шынайы, әсем тұлғасын жасаған. Сол Айғыздың мекен еткен жері Шыңғыстау бөктерінен де фоторепортаж жасады.

Келесі аялдамамыз Құнанбайдың зерек, алғыр, дарынды, Омскіде орысша сауат ашқан ұлы Халиолла мазары болды. Халиолла небәрі 22 жасында Омскіде оқып жүргенінде қайтыс болған. Текті атаның ұрпағы. Айғыздың ұлы.

 

                                                        

            Сапарымыздың түйіні болған жер Мүрсейіт Бікеұлының кора-жайы мен бейіті болды.  Мүрсейіт Бікеұлы (1860ж. қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы – 1917ж.) - Абай шығармаларын жинап, көшіруші, насихаттаушы. Семейде орыс мектебінде, кейін Бұхарада білім алған. Абай оны ауылына алдырып, бала оқыттырған. Абай өлеңдері 5 дәптерге жазылып алынған, екеуі Қазақстан Ұлттық кітапханасының қолжазбалар қорында, біреуі “Әуезов үйі” ғылыми-мәдени орталығында сақтаулы. Абайдың Семейдегі мемлекеттік әдеби-мемориалдық қорығында дәптерлердің фото-көшірмелері бар. 1909 жылы Абайдың тұңғыш жинағын даярлау кезінде ол Тұрағұл мен Кәкітайға көп көмек көрсеткен. Абай шығармаларының түпнұсқасы сақталмағандықтан, Мүрсейіт қолжазбалары негізгі нұсқа саналады.1909 жылы қазақ халқының рухани өмірінде айрықша маңызы бар тарихи оқиға болды. Қазақ даласына дара даналығы, дуалы ауыз, ел билеуші қайраткерлігімен мәшhүр болған ақын Ұлы Абайдың өлеңдері жеке кітап болып басылып шықты.

            Бұл сапардан мен мол рухани азық алып, Ұлылар мекенінің ұлағатын ұғынып, Абай елінің үлкен тарихына көз жүгірткендей болдым. Шыңғыстауға жасаған осы сапардың бір «әттеген-ай» дегізгені осыншалық ұлы адамдардың қора-жайын көруге, бейіттеріне зиярат жасай бару үшін жолшыбай қауымға қиын түсетіндігі. Өйткені, ол жерлерде арнайы белгілер мен есімдері жазылған тастардың, тақталардың болмауы.

            Қарап отырсақ, Абай жеріндегі Күңкедей анамыздың, ақ апа атанған Айғыз анамыз бен текті ата ұлы Халиолла мен Абайдың хатшысы Мүрсейіттің қабірлері қоршалмай, елеусіз, ескерілмей жатқаны көңілді құлазытады.

            Алайда, Құнанбай әулетінің осыншалық кең аумақты алып жатқан мекенінің үлкен тарихқа толы екендігін танып білу әрбіріміздің мақсатымызға айналғаны абзал болар еді.

                                                                                                          Самал СЕРІКҚАЗИЕВА

«Абай елі»

                                                          

           

Оқылды 1458 рет
Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!