Сейсенбі, 20 Қазан 2015 00:00

БАЛАЛАРДЫ МӘПЕЛЕЙДІ БАҚШАСЫ

Автор 
Бағалау
(0 Дауыс)

«Балапан» бағдарламасы аясында

 

                     БАЛАЛАРДЫ МӘПЕЛЕЙДІ БАҚШАСЫ

 

Бала тәрбиесі қай қоғамда болмасын алдыңғы кезекте тұрады. Дегенмен қазіргі жаһандану дәуірі мен ақпараттар ағыны қауырт шақта бұл сала өте маңызды мәселеге айналуда. Мемлекет бәсекелестікке қабілетті болуы үшін білім мен тәрбие ісі де озық үлгіде болуы тиіс. Сол себептен ауданымыздың әр ауылында балабақшалар ашылып, тұрғындарды қуанышқа бөлеуде. Бұл еліміз үшін, халқымыз үшін, ауданымыз үшін үлкен жетістіктердің бірі. Абай елі күн өткен сайын көркейіп, жаңа ғимараттармен толығып, абаттанып келеді. Қарауылда бір ғана «Б.Байғожина» атындағы бөбекжай болса, енді міне, оған «Балдәурен» ясли-бақшасы қосылып, екеу болды.

           Мына әлемде бөбектердің шат күлкісіне, сәбидің көңілі мен ризашылығына ештеңе жетпейді! Өткен аптада тағы да бір балалар бақшасының ашылу салтанатына куә болдық. Ауданымызға көрік беріп тұрған екі қабатты әсем де жаңа ғимараттың тұсаукесер рәсімі өтті. Мемлекетіміздің Әнұраны асқақтаған ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасарлары, әкімдік қызметкерлері, аудандық білім бөлімі басшысы мен қызметкерлері, мектеп директорлары, мекеме қызметкерлері ауылдың сыйлы қариялары мен ата-аналары қатысты.

Шара беташарында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Марат Сейтжағпарұлы: өздеріңізге белгілі, бүгінгі таңда Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлт жоспары - 100 нақты қадам» аса маңызды бағдарламалардың бірі болып отыр.   Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Балапан» бағдарламасы да бүлдіршіндер тәрбиесінің тынысын ашты. Кәсіпкерлікке күш беріп, бала күтімінің озық үлгісін меңгеруге, сондай-ақ балғындардың білім алуына үлкен сеп болып отыр. Жаңадан ашылған осы балабақша қабырғасынан болашақта ұлы Абай данамыздың өсиетін жадына түйіп өскен үлкен азаматтар шығатынына кәміл сенемін» - деп бөбектер мен олардың ата – аналарын аудан әкімінің және мәслихаттың атынан қуанышты қоныстойларымен құттықтады. Бұдан соң осы ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізген «Құрылыс» ЖШС компаниясының басшысы Шоранов Едіге сөз алып: «Біздің құрылыс компания Абай ауданында талай құрылыс нысандарын салды, бұл біздің бір ғана ғимарат емес, көптеген құрылыста қолтаңбамыз қалды» - дей келе, осы балабақшадан Абай елінің атын шығарар азаматтар өсіп шығатынына сенімім зор » деді ағынан жарылды. Құттықтай келе, балалардың игілігіне айналып отырған ясли - бақшаның меңгерушісі Мәдина Доғалбекқызына символикалық түрде кілт тапсырды. Ал құрыш қолды құрылыс компаниясының басшысына Абай елінің басшылары Марат Сейтжағыпарұлы мен Ерлан Арнаұлы иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

Өз кезегінде ясли - бақшаның лента қию рәсімі ауданның «Құрметті азаматы», ҰОС ардагері, жасы 90 – нан асқан абыз қария, батагөй бабамыз Жағыпар Жүнісжанов пен көп балалы әже, текті ана Әзімбаева Мәрияға құрметпен берілді. Осыдан соң шашу шашылып, ақ тілектер ағытылды.

Ашылу салтанатынан соң жиылған қауым балабақша ішін аралап шықты. Мұндағы «Балапан», «Балбөбек», «Ақбота», «Ертөстік», «Бәйтерек» және «Теремок» топтарын, медбиеке бөлмесі мен кір жуатын арнайы орынды, музыка мен спорттық - ойын залдарын тамашалады. Кірген беттен-ақ іші мұнтаздай таза, жылы да жарық бөлмелерді көріп көңіліміз орнықты. Тіпті, ясли-бақшаның төменгі қабатында орналасқан бөлмедегі жоғары қабатқа бүлдіршіндер үшін тамақ жіберетін лифтіні көрген көпшілік таңданыстарын жасырмады. Ал пәк жүректерімен, тәтті тілдерімен өлең - жыр арнаған тәрбиеленуші балдырғандар болашақтарынан мол үміт күттіргендей еді. Батагөй қария Жағыпар Бәйгелұлы балдырғандарға ақ батасын беріп, «Алла тағала менің жасымды берсін» деп жарқын өмір тіледі. Ақ тілектер ағытылған бұл күні «Нұр-Сана» салт-дәстүр орталығының төрайымы Қаныша Нұрғалиева да ізгі лебізін жеткізіп, сый - сияпат ұсынды. «Көп тілегі - көл» демекші, әсіресе аға буын өкілдерінің ақжарма тілектері мол болды.  Қызметте тәжірибесі мол, ұлағатты ұстаз әрі білікті ұйымдастырушы   Қарақабақова Мәдина Доғалбекқызы да осы қуанышты күнге ортақтасып келген барлық жандарға шексіз ризашылығын білдіріп, ата - әжелердің ізгі лебізі, ақ баталары балдырғандарға дари берсін деген тілегін жеткізді.

Айта кетейік, Шәкәрім көшесі бойындағы 140 балаға арналған «Балдәурен» ясли-бақшасы жалпы көлемі 1368 шаршы метрді алып жатыр. Бұл нысанға 300 миллион, 154 мың теңге қаржы бөлініп, ЖШС «Құрылыс» компаниясының құрылысшылары аз уақыттың ішінде салып шықты. Бүгінде балабақшада 140 бала тәрбиеленсе, арнайы білімі бар 12 тәрбиеші өз қызметтерін бастады.

Расында да, талаптардың үдесінен шыққан балабақшада балдырғандар үшін барлық жағдай жасалған. Жаңа да жарық, ұядай жылы тәрбие ошағында балалар спортпен де шұғылданып, өнер түрлерімен де айналысады. Өйткені спорттық құралдар мен музыкалық аспаптармен толықтай жабдықталған екен. Ал кең ауласында ағаштан ойын алаңына лайықталып жасалған дүниелер орналасыпты. «Ойын алаңдары әлі де толықтырылып жасалмақ. Бүлдіршіндердің алаңсыз ойнауына әрі қауіпсіздігіне баса мән береміз.» –дейді өз сөзінде жаңа ясли-бақшаның жаңа басшысы. Сайып келгенде, барлық мүмкіндікті жасап жатқан аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлының көңіл бөліп, қамқорлық танытқандығының нәтижесінде Абай елі бүлдіршіндері осынау мекемеден ұлықты оғлан болып өсіп шығатынына сенім мол.

Иә, алдағы уақытта да «Балапан» бағдарламасы аясында осындай балабақшалар бой көтеріп, мектепке дейінгі тәрбиелеу ісі жүзеге асырыла бермек.

 

 

Анар СӘРСЕНБИНА,

«Абай елі»

 

Оқылды 1212 рет
Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!