Дүйсенбі, 21 Желтоқсан 2015 00:00

Тәуелсіздік тәу етер киелі ұғым

Автор 
Бағалау
(0 Дауыс)

Мерекелік салтанат

Тәуелсіздік тәу етер киелі ұғым

Тәуелсіздік – елдік мүдде жолындағы ең басты құндылығымыз. Осынау 24 жыл ішінде егеменді Қазақ елін қалыптастырып, нарықтың өткелдерінен аман өтіп келеміз. Бұл айтулы күн еліміздің барлық азаматтары үшін орны ерекше мереке деп білеміз, себебі, осынау жүрекжарды қуанышқа толы күн ата - бабаларымыздың ғасырлар бойы армандап, күткен күні болатын.

Елдігіміздің тұтқасы саналар осынау мерекеге орай Абай аудандық мәдениет үйінде салтанатты жиын болып өтті. Мемлекеттік Әнұран орындалғаннан соң, жиынды аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков құттықтау сөзбен ашты. Өз сөзінде Т.Жантұяқұлы Абай ауданының жетістіктерін тізбектей келе, барша жұртшылықты Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.

Осыдан соң тебіреніске толы ерекше сәтке кезек берілген болатын. Атап айтсақ, ел әлеуеттілігін еселеу жолындағы еңбектері ерен толағай табыс иелерін марапаттау мәртебесі аудан әкімі Тұрсынғазы Жантұяқұлына табысталды.

Жыл қорытындыланар шақтағы Тәуелсіздік мерекесі осы кезеңге дейінгі атқарылған шаралардың нәтижесін шығарар мезгіл. Бұл ретте бірқатар абайлықтар өңір әлеуетін еселеу жолында зор абыройға кенелгенін айта кету ләзім. Мәселен, «Қазақстан Республикасының Құрметті депутаты» атағымен аудандық мәслихатының хатшысы Төлеубек Аманғазыұлы марапатталды. Бұдан өзге де әр саланың үздік қызметкерлерінің мерейі үстем болды. Тоқталар болсақ, Қазақстан Республикасының Денсаулық және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың Алғыс хатымен – аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Сағдат Тәтиева марапатталды. Ал «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі Жанат Хайсина мен Еркін Жолжігітовтің кеудесіне тағылды.

Сонымен қатар, «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» мерекелік медалімен «Нұр-Сана» салт-дәстүр орталығының төрайымы Нұрғалиқызы Қаныша марапатталады. Мерейге бөленгендер арасында Білім және Ғылым Министрлігінің Құрмет Грамотасын иеленген Қарауыл гимназиясының мұғалімі Нағия Бұланбаеваның есімін де айта кеткен жөн. Ал Республикалық «Алтын қалам» әдеби жүлдесінің «Жылдың үздік поэзиясы» аталымының жеңімпазы дипломы «Абай елі» газетінің бас редакторы Нұржан Мейізханұлына табысталды.

Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің грамотасымен – Ш.Тоқжігітов атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Байжігітова Айгүл Нұрланбекқызы және аудандық емхана хирург-дәрігері Әзкенов Жанарбек Жұмағазыұлы,

Көкбай ауылы «Қашым» шаруа қожалығының мал өсірушісі Шыңғыс Ерлан Боранбайұлы, ШҚО мемлекеттік қызмет істері департаментінің арнайы грамотасымен – «Абай ауданы әкімінің аппараты» марапатталды.

Осынау сәттері қуанышқа бөленген жерлестеріміздің қатары мол болды. Расында еңбектегі толайым табыс тек қоғамға адал қызмет етуші жандардың жанкешті қызметінің нәтижесінде ғана келеді. Бұл ретте облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының грамотасымен аудандық спорт мектебінің жаттықтырушысы Ұлан Жанболатов марапатталады. Ал денсаулық сақтау басқармасының Грамотасын Архат ауылдық дәрігерлік амбулаториясы дәрігері Рахымжанова Ғалия Қонысбайқызы иеленді. Облыстық Білім басқармасының Грамотасы Ж.Молдағалиев атындағы мектеп мұғалімі Жақман Гүлсім мен Абай атындағы мектеп – лицей бастауыш сынып мұғалімі – Раушан Қожақова және Шәкәрім атындағы орта мектептің тарих пәні мұғалімі Назкен Уәлиеваға табысталды.

Осы орайда, ауданымыздағы орын алып жатқан жағымды жаңалықтардың жаршысы саналып жүрген «Абай елі» газеті Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің «Үздік арнайы жоба» номинациясымен марапатталғанын да айта кеткен орынды.

Ал сахна төріндегі марапаттау кезегі мұнымен таусылған жоқ. Осыдан кейінгі кезек Абай ауданы бойынша «Жыл үздігі» номинациясының иегерлеріне берілді. Бұл ретте «Үздік ауыл әкімі» Кеңгірбай би ауылдық округінің әкімі Боранжанова Гүлнарға, «Мәдениет саласының үздігі» М.Әуезов атындағы кітапхананың кітапханашысы Түгелбаева Мапураға, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» номинациясы - Кеңгірбай би ауылдық округі ветеринариялық пункт меңгерушісі Жарасбаев Жасұланға, «Спорт саласының үздігі» аталымы - спорт мектебінің Саржал бөлімшесінің Қазақ күресі мен дзюдодан жаттықтырушысы Әкішев Медетке, «Үздік полиция қызметкері» - Ішкі істер бөлімінің уақытша ұстау изоляторы бастығының орынбасары, полиция капитаны Байбуринов Болатқа, «Денсаулық сақтау саласының үздігі» номинациясы - дәрігер терапевт Нұрғали Назымға салтанатты түрде табысталды.

Сонымен қатар келесі номинациялар бойынша, Б.Байғожина атындағы ясли-бақшасының ән жетекшісі «Білім саласының үздігі» аталымы - Көзбаева Әсемге, «Үздік кәсіпкер» – «Тоты» сауда үйінің жетекшісі Несіпханұлы Айдарға, «Үздік мемлекеттік қызметкер» - білім бөлімінің бас маманы Слямханов Ролланға, «Жас жұлдыз» номинациясы аталымы Республикалық «Көңілашар» Телевизиялық бағдарламасының жеңімпазы Алтыбаев Мейіржанға беріліп, марапат иелері құрметке кенелді.

Бұл күн еңбекте озат атанған жерлестеріміздің абыройлары асқақтаған күн болды. Олай дейтініміз, аудан әкімінің Алғыс хатымен бірқатар азаматтар марапатталды. Бұл орайда, Көкбай ауылындағы «Құмар» шаруа қожалығының мүшесі Демеуханұлы Құмар,

С.Бекбосынов атындағы орта мектептің мұғалімі Жүнісова Айман Ибрагимқызы, жұмыспен қамту орталығының директоры Қырқынбайұлы Жұмағали, Медеу ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Темірбекұлы Қуанышбек, онколог-дәрігер Оразбаева Гүлмира, дәстүрлі әнші, Саржал саз филиалының ән-домбыра бөлімінің мұғалімі Әліпбаев Жұмабек, жеке кәсіпкер Кәберұлы Қанат, зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың Абай аудандық бөлімшесінің маманы Санабаева Гүлназ, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Исаханова Назым, Саржал ауылының су операторы Дәрібаев Амантай, жеке кәсіпкер Дүйсенова Жанар, Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Таңат Сағатұлы сынды жерлестеріміздің мерейлері тасыды. Жүздеріне қуаныш ұялап, құшақтары алқызыл гүлге толған абайлықтарға зал толы жерлестері құрмет білдіріп ұзақ қол соқты.

Осыдан соң Тәуелсіздік күні мерекесіне орай ауданымызға мемлекеттік қызметке жаңадан қабылданған мемлекеттік қызметкерлері Абай ауданының ішкі саясат бөлімінің жетекші маманы Қабеп Жарас Сәбитұлы мен Абай ауданының сәулет, құрылыс, тұрғын-үй коммуналды шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Болатқызы Гүлнұр салтанатты түрде ант қабылдады.

Осынау мерейлі сәттердің соңын ала Тәуелсіздіктің 24 жылдығына арналған «Тәуелсіздік деп соғады жүрегіміз» атты мерекелік концерттік бағдарлама шымылдық түрді. Айта кету керек, ең алдымен сахна төрінен Қазақ   Хандығының 550 жылдығына орай дайындалган сахналық қойылым көрсетілді. Ұлттық рух пен жігерлі намысқа құрылған әсерлі көрініс көрерменді тегіс тебіренткені анық.

Жалпы, мерекелік концерт барысында жергілікті өнерпаздарымыз Қарлығаш Сайдахметова, ҚР Еңбегі Сіңген Мәдениет Қайраткері Нұрлан Көшеров, Нұрбек Өмірбеков, Тамара Көзбаевалар Абайлық көпшілікке арнап ән әуелетті. Сонымен қатар, «Өрнек» би тобының өнеріне де көрермен ұзақ қол соқты.

Осылайша, азаматтарымыздың абыройлары асқақтап, еңбеккерлеріміз құрметке кенелген салтанатты жиын мәресіне жеткен еді. Алып бәйтеректей тамырын тереңге жайған Қазақ мемлекетінің келешегі кемел, болашағы жарқын болсын. Алдағы Тәуелсіздіктің 25-ші жылын да мол жетістік, толағай табыспен өткізейік!..

 

Самал Серікқазиева

«Абай елі»

 

Оқылды 1817 рет
Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!