«АҚ ОРАМАЛ» -ІЗГІЛІКТІҢ БАСТАУЫ

Рухани жаңғыру: ұлттық код

Ұлттық болмысымызды айғақтайтын ұлы ұғымдардың бірі – ақ орамал! Жомарттық пен ақжарма пейілдің айқын нышаны саналатын, әр қазақ үшін қастерлі осынау атаудың өзіндік терең мән-мағынасы бар. Бағзыдан жеткен бұл ұғымның байыбын әсіресе ақ жаулықты әжелер қауымы жақсы түсінеді.

Ұлттық үрдістің тіні үзілмеген ұлылар елінде қазақы дәстүр мен салт-жоралғылар аясында түрлі шаралар жиі дүбірлеп өтіп жатады. Әсіресе, рухы өр, өресі биік, қаймағы бұзылмаған қазақы мінезі бар  осынау өлкеде аузы дуалы ақсақалдар мен ел берекесін ұйытқан ақ жаулықты әжелерінің тәрбие мектебінің үлесі зор. Бұл ретте, жас ұрпақ алдында сан алуан асыл қасиеттерді, ұлттық құндылықтарды насихаттап, салт- дәстүрімізді дәріптеуде ерен еңбек сіңіріп жүрген ауданымыздағы  «Нұр-Сана» салт-дәстүр орталығының әжелері осы үдеден табылуда.

Кешегі Айпара, Зере сынды рулы елдің арқа тұтары болған әжелеріміздің бүгінгі сарқыты арамызда жүр десек артық айтпағандығымыз. «Нұр-сана» салт-дәстүр орталығының кимешекті апалары туралы да осындай ізгі ой түюге болады. Аталмыш ұжым құрылған уақыттан бері аудан көлемінде ұланғайыр шараларға ұйытқы болды. Оған дәлел ретінде, биылғы жылы әжелеріміздің бастамасымен өткізілген «Қауышу», «Алғыс айту», «Ақ дастархан», «Ақ орамал» сынды игі дәстүрлеріміздің көптің көңілінен шығып, сыйластыққа, бауырмалдыққа, жалпы ізгі ниетке жол ашқанын айтсақ та болады. «Ананың тілегі ақ» деген осы-да.

Жуырда орталық жетекшісі Қаныша Нұрғалиева бастаған әжелеріміз жоспарлы күнге  орайластырып  тағы бір шараны жоғары деңгейде ұйымдастырып өткізді. Бұдан бұрын да сан мәрте «Ақ дастархан» шарасын жоғары деңгейде атқарған әжелер «Ақ орамал» атты шарамен  жалғастырып,  тәрбиелік, тәлімдік аясын кеңейте түскендей.

«Ақ орамал» іс-шарасы арқылы әулеттің қамқоршылары ақ жаулықты аналардың жас аналарға  деген аналық ақ тілегінің, ерекше ілтипатының куәсі болдық. Яғни, үлкен тағылымның бастауы -  ана мектебінен алар тәрбиенің алтын арқауын көрсетіп берді.

Бұл күні әжелер ақ дастархан жайды. Келелі басқосуда өрелі әңгімелер өрбіді. Әжелердің дәміне жас аналарға үлгі ретінде  бүгінде ұрпақ та өсіріп, аудан мәдениетінің өркендеуіне де үлес қосып, отбасында ғана емес еңбекте де бақытты ана атанған, еңбектері еселі, өзінің ақыл-парасатымен, білімділігімен бір мекеменің тұтқасын ұстап, ұйымдастыру мен басқару жолында өзгелерге үлгі боларлық іс атқарып жүрген Бозанбаева Бақыт Мұсабекқызы мен  Орынғожина Лаура Советқызы сынды басшы аналар, сондай-ақ  жанұя шаттығы мен жан жылуын үйлестіріп, ер –азаматты сыйлауда, ұрпақ тәрбиелеуде айшықты ісі бар Жәмилә Жанғалиева, Қарлыға Оразалина сынды аяулы аналарымыз арнайы шақырылыпты. Ауданымыздың  ел құрметтеген ақыны  Төлеген Жанғалиевтің жары Жәмилә анамыз жас аналарға ізгі лебізін арнап, ақ орамал жауып, тәбәрік тарту етті.  Тағылымды да тәрбиелік мәні зор басқосуды «Нұр-Сана» салт-дәстүр орталығының төрайымы Қаныша Нұрғалиқызы ұлағатты сөздерімен ашып, жас ұрпақты тәрбиелеуде атқарып жатқан айшықты еңбектеріне  тоқталып өтіп, жас аналарға ақыл-кеңестерін айта келе, бақытты жанұя болуларына  аналық ақ жүрегімен  тілектестігін білдірді. Қызметте табысты да іскер басшылар әзіз әжелердің тәрбие ошағы болған осынау салт –дәстүр орталығының ұмытылып бара жатқан дәстүрімізді жаңғырту мақсатында үлкен іс атқарып отырғандығын айта келе, бұл іс мәңгілік, ұрпақтан ұрпаққа мәңгі қалатындығын  жеткізді.  Жас аналарымыз үбірлі-шүбірлі болып, елге үлгі боларлықтай жанұя болсын деген тілектер ағытылды. Иә, ізгі дәстүрді ел есіне оралту қоғамның барлық мүшесі мен әр азаматтың бейбітшілік пен тұрақтылықтың сақталуы жолындағы жауапкершілігін арттыру көзделген.  

«Ақ орамал-ақ тілек» демекші, ауыл аналары жай басқосу жасамапты, дөңгелек үстел аясында жас келіннің міндеті, отбасының   маңызы мен құндылығы жөнінде де тағылымды әңгіме өрбітті. Осы орайда, жас аналарға көңілдері ақ болсын, бастарына бақыт құсы қонсын, тазалық пен ізгілік жандарына серік болсын деген ниетпен Қаныша апамыз да ақ орамал сыйлап, аналардың жолын берсін деген ақжарма тілегін төгілтіп, халық әндері  шырқалып, жиналғандарды әдемі әсерге бөледі.

Келелі әңгіме кестелі көрініс тапты. Атап айтсақ, жас аналарға  орамалдың қасиеті жайлы,  жас ананың сәбилі болғандағы жағдайы, сәби күтімі сынды тәрбиелік мәні бар әңгімелер айтылып, инабатты келін, ақ жаулықты ана болуға тілектестігін білдірді.  Өз кезегінде жас аналар да өздерінің жылы ілтипаттарын, ризашылықтарын білдіріп,  қазақтың салтына сай орамалды басынан тастамайтын үлгілі келін болуға уәде берді.   

  1. S Міне, әжелер өткізген бір ғана кештің мән-маңыздылығы осылайша тереңнен орын алды. Осынау сәтте жас отауға неке куәлігін салтанатты түрде тапсыратын аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Әйгерім Боранбайқызы мен бөлім маманы Айнұр Бакирова  да отбасы құндылығы, сыйластық, ауызбіршілік сынды құнды қасиеттер жайлы әсерлі әңгімелеп, жас аналарға  жанұя бақытын тілеп, жас ұрпаққа үлгі боларлықтай осындай игілікті шараларды тұрақты өткізіп келе жатқан әзиз әжелерге  зор алғысын жеткізді.   

Бүгінгі жас отау иелерін, жас аналарды  қазақы мәнер, ұлттық үрдіс негізінде сусындатудың маңызы зор. Бейбітшілік пен бірлікті, татулықты, қазақтың салт-дәстүрін дәріптейтін «Ақ орамал» шарасы алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.  Ақ дастархан басында сән-салтанат орнап, сыйластықпен сый-сыбаға тартылған, отбасы мен еңбекте де елге үлгі болған іскер басшы аналар мен көрген-түйгені мен  тағылымы мол ардақты аналардың ақыл-кеңесі мен жүректен жыр ағытылған бұл күн жас аналар  есінен мәңгілік кетпесі анық.

 Анар СӘРСЕНБИНА,

«Абай елі»

 

 

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар