Майдангер жазушы -Кәмен Оразалин

Абай жолы, Мұхтар жолы дегенде аты қоса аталатын ардақты есімнің бірі – Кәмен Оразалин есімі. Ұлылар мекенінде дүниеге келіп, Абай мен Шәкәрімді терең білген, Мұхтарды қаламына арқау еткен қаламгер қазақ әдебиетінің тарихында өзіндік орнын алуға тиісті тұлғалардың бірі. Ұлылардың ізін басып, дәстүрін жалғастырған Кәмен Оразалин жайында ірі көлемде зерттеу жұмысын жүргізу қажет-ақ. Әрине, Кәмен аға жайлы аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Дегенмен жазушы ағаның шығармашылығы әдебиеттен орнын ойып алатындай өз дәрежесінде зерттелді деп те айта алмаймыз.

2003 жылы ұстаздарыммен бірге Кәмен ағаның үйіне бардық. Ол кісі маған «Шәкәрімнен не білесің?» деп сұраған еді. Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамыр» поэмасын жатқа айтқанда, ризашылығын білдіріп, ақ батасын берген еді. 2010 жылы «Кәмен Оразалин шығармашылығы» тақырыбындағы магистрлік диссертациямды қорғауда да ол кісінің жаныма бір қадам жақындығының әсері болса керек. 

         Кәмен Оразалин 1920 жылы 16 маусымда қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданындағы Құндызды ауылында дүниеге келген. 1939 жылы Семей қаласындағы №11 гиназияны тәмамдағаннан кейін, әскер қатарына шақырылады. Бұл жайлы жазушы өзінің жазып кеткен өмірбаянында неғұрлым толық мәлімет берген. Биыл Жеңістің 70 жылдық мерейтойы болғандықтан да, жазушы өмірінің белгілі бір кезеңінің осы бір тарихи кезеңге қатысын көрсету үшін, оның өз айтқандарынан артығы жоқ деп білеміз. Соны толығырақ тоқталуды жөн көріп отырмыз. «1939 жылы Краснояр қаласының 365-атқыштар толқынына қабылдандым. Сол жылы,  40-жылдың басында Финляндиямен  болған шайқасты да өз көзіммен көрдім. Хасан көліндегі ұрыстың жай-жапсарымен де танысуға тура келді.

      1941 жылдың  сәуір айында Сібірдің әскери округінің дайындығын тексеру басталды. Тексеруге әскерлердің барлық түрлерінен бір-бір бөлімше түссін деп ұйғарылса керек. Жабық, жасырын іріктеу жүргізілген кезде Новосибирскіде тұратын 418-атқыштар полкының бірінші ротасының бірінші бөлімшесі әскери дайындықтың барлық түрлерінен тексерілетін болады. Бұл менің солдаттарымның бөлімшесі еді. Ең ақырғы сайыс – атыс шеберлігінен сынға түсу. Менің қарамағымдағы 15 солдат кез келген қашықтықтағы нысаналардың бәрін де атып, өте жақсы бағаға қолдары жетті. Тексерудің барысын округтік «Красноармейская газеті» бір ай бойына жариялаумен болды. Сібір қалаларындағы гарнизондардың солдаттары алдында өз тәжірибемді ортаға салып, кездесулерде сөз сөйледім. Ең ақыр аяғында 18-сәуір күні «Красноармейская газетінің» бетінде округ әскерлерінің штаб бастығы генерал-майор П.Глинский менің еңбегімді өте жоғары бағалап, «ерекше құбылыс» деп атады.

418-атқыштар полкының қарамағында Калинин қаласын азат ету жолында 21-қазан күні басымнан ауыр жараланып, 13-қарашадан 9 –желтоқсанға дейін емделіп, ұрысқа қайта қатыстым. Сол жылы желтоқсанның аяғында жеңіл жарақаттанғаныммен, ұрыс даласынан кеткенім жоқ. Үшінші рет 930-атқыштар полкында екі аяғымнан  бірдей ауыр жараланып, 1942-жылы 24-қаңтар күні Калинин облысының Сычевка қаласының жанында әскер қатарынан  мүгедек боп, біржола шықтым.

Әскери атағым старшина еді, екінші топтағы мүгедекке жатқызып, №289 әскери госпиталь еліме қайырды. 1942 жылы, ұзақ жылдардан кейін, екі балдаққа сүйеніп, Абай ауылына оралдым» [1].

Жазушының өз қолымен жазып отырған майдан жылдарындағы өмірбаянын еш өзгеріссіз, автордың өз сөзімен беріп отырғанымыздың өз сыры бар. Өйткені, автордың өзінен өзге оның жауынгерлік сәтін ешкім де біле бермес. Ал, бұл мәліметтер алдағы уақытта тарих қойнауына бойлай беретін ақиқат шындық, тарихи оқиға болып қала бермек.

Сұрапыл соғыс күндеріненмүгедек болып жараланып қайтқанымен, Кәмен аға еш тынымсыз еңбек етті. Ең әуелі, 1944-1947 жылдары Семей қаласындағы педагогикалық институтта білім алып шығады. Бұдан кейінгі өмірін ұстаздыққа арнаған майдангер жазушы 39 жыл бойы туған жеріндегі орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет жасады. 40 жылға жуық «Абай ұрпақтары» қолжазба журналында редакторлық қызметін атқарып, сан ұрпақтың қаламын ұштады.

Кәмен Оразалиннің тырнақалды туындысы өз өмірінде белгілі дәрежеде ізін қалдырған, дүниетанымдық әлемінен жақын орын алған Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған еді. Кейіннен «Жексен» деген атқа ие болған шығарма әуел баста «Қасиет» аталған көрінеді. Өйткені жазушының өзі осы аталған шығарма туралы төмендегі бір мәліметтерді берген: «1948 жылы «Қасиет» (Жексен) атты повесімді бітіріп, Алматы жазушыларының талқысына ұсындым.

«Сенің «Қасиет» атты повесің маған негізінде ұнайды. Бірінші рет қалам тартқан бұл тырнақалды шығармаң да мен жазушыға тән бірнеше белгілеріңді көрсеткенсің», -деді Сәбит Мұқанов.

«Повесттің құрылысында адамдарды, өмірді суреттеу тәсілдерінде қазақ әдебиетіне әлі енбеген жаңалық ұшқындары бар», деп Ғабиден Мұстафин ерекше атап көрсетті.

«Жас автордың әдебиетімізге елеулі шығарма әкелгендігі сүйсінерлік іс. Жазушылар Одағы көмектесіп, баспаға ұсынғаны жөн»,-деп Қалижан Бекхожин да ағалық көңілін білдірген».

Міне, жазушының ең алғашқы жазған шығармасына қазақ әдебиетінің классик жазушылары тарапынан берілген баға осындай болған.

Шығармадағы бас кейіпкердің прототипі Кәмен Оразалиннің өзі екендігіне ешкім дауласа қоймайды. Әрине, Жексен – типтік бейне. Жазушы шығармасы психологиялық иірімдері мол, аса көркем шығарма.

Кәмен Оразалин өз өміріне төмендегідей медальдармен марапатталған.

1. За победу над Германией. 1946 г. 28 май.

2. За доблестный труд в Великой Отечественной войне 1941-1945. 1946 г. 31 март.

3. 20 лет, 30 лет, 40 лет, 50 лет победы.

4. Медалью Маршала Жукова. 26.02.1997.

  1. Ветеран труда 15 февраль 1977 г.

Әрине, бұл тек республикалық, халықаралық деңгейдегі марапаттаулары. Соңына, «Абайдан соң» атты тетралогиясын, «Абай ауылына саяхат», «Абайдан соңғы арыстар» тәрізді өміршең туындылар қалдырған жазушының «Ғасыр ғұламасы» құрметті атағына әбден лайық екендігі даусыз.

 

Ғалымов Еркін

ҚР БҒМ М.О.Әуезов атындағы

 әдебиет және өнер институты

 

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!