Ұлы даланың дана ойшылы

Ұлы даланың дана ойшылы

(Абайдың данышпандығы мен қайраткерлігі хақында)

Абай әрқашанда біздің ұлттық ұранымыз болуға тиіс.

Н.Ә.Назарбаев

         Қай халықтың болмасын өсіп-өркендеуі, ақыл-ойы мен санасының, әдебиеті мен мәдениетінің, өнері мен білімінің – қысқасы, бүкіл рухани жан дүниесінің дамуы, жалпы адамзаттық өркениетке ұмтылысы – сол халықтың өміріне, ұлт ретінде адами болмысы мен рухына іргелі бетбұрыс жасаушы ұлы дарындардың тарихи еңбегімен, қайталанбас қайраткерлік тұлғасымен тығыз байланысты болып жатады.            

Қазақ халқы үшін сондай дара тұлға, әрбір сөзі даналықтың үлгісіндей болған ұлы ақын, ойшыл-философ Абай еді. Ол өзінің құдіретті талантымен, көреген ойшылдығымен қазақтың жаңа жазба әдебиетінің негізін салып қана қойған жоқ, сонымен бірге өзінің қаламгерлік қуатымен бүкіл қазақ қоғамын тәрбиелеген, жақсылыққа жол сілтеуші ұлы қайраткер, адалдықты, шындықты ту етіп көтерген нағыз халық қамқоршысы болды. Абай – қазақ халқының ар-ожданы, ұлттық мақтанышы және намысы. Себебі дүниежүзілік ауқымға сай қазақтың ұлттық санасын оятқан және оны қалыптастырған адам – Абай. Қазақ даласында небір үлкен тұлғалар өмір сүрген, бірақ та дәл Абайдай өз заманына дейінгі дала данышпандарының даналық мәйегін меңгерген, бүкіл көшпелілер дүниетанымын, рухани болмысын, парасатын, көреген ойының мүмкіндіктерін танытқан, сол арқылы бүкіл адамзат санасының дамуына айрықша үлес қосқан дара тұлға болған емес.                

Абайдың ұлылығын, халқының болашағын ойлаған қайраткерлігін, елін емірене сүйген ұлтжандылығын түсіну үшін – оның «жүрегінің түбіне терең бойлай» білу шарт. Өз заманынан озып туған кемел дарынның жылдар өтсе де ұрпағымен бірге жасасып келе жатқан «жұмбақ жанның» алтын сандығы сонда ғана ашыла түспек.              

Адамға жақсылық жасау жанына жат, жамандыққа келгенде жанып түсетін санасыз сотқарлары көп, қараңғылықтың қалың тұманы басқан, соқпағы да жоқ жерде «мыңмен жалғыз алысып» өткен алыптың қасиетті тұлғасы ғасырлар бойы жаңа ұрпақтармен бірге жасарып, жаңғыра берері сөзсіз. Мыңмен жалғыз алысқан Абайдың қаруы – «сөз патшасы, сөз сарасы» - өлең еді. Ол қылыштан да өткір өлеңі арқылы әуелі адамның санасына сәуле түсіріп, адамды, адам арқылы қоғамды түзетпек болды. Ол өзінің өлмес туындылары арқылы қазақ ұлтының «бас-басына би болған өңкей қиқым» мүдделерінің басын қосып, ұлттық тұтас мақсатқа айналдырды. Сол арқылы сара жолды көрсетті. Әрқайсымыздың жүрегімізге үңіліп, «қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп, «біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі – бос» деп, рухымызды тұтастырып, мүддемізді біріктіріп кетті. Абайдың данышпандығы, қазақ халқының алдындағы ұлы қайраткер екендігінің бір сарасы осы деп білеміз.                  

Қалың қазақ жерін қараңғылық пен надандықтың қалың тұманы басып тұрған шақта «қайран қазағының» қамын жеген Абай ең алдымен қоғамды өзгертер күш – білімде, ғылымда, адал еңбекте деп санады. Сол себепті де өз шығармаларында ішкен-жегеніне мәз, тоғышарлық пен жалқаулық, зұлымдық пен қулық-сұмдық жайлаған ортаны жақсылыққа, мәдениетке шақырды. Білімге, ғылымға, еңбекке жатпай-тұрмай үндеді. Ғылымды ол әлеуметтік жағдайды жақсартудың құралы ғана емес, бүкіл прогреске апаратын жол деп түсінді. Ғылымның әлеуметтік орнын адамдардың жақсы қасиеттерімен байланыстырып қарады. Абай ғылымның әлеуметтік ролін терең талдап, қайрат, ақыл және жүрек үшеуін айтыстыра келеді де, ғылымға жүгіндіреді. Ғылым жүректік әділеттілік, ұят, рақымшылық, мейірбандық қасиеттерінің артықшылығын қолдайды. Бұдан Абайдың топшылауынша, әлеуметтік жағдайдың жақсаруы, әділеттің орнауы – адамдардың ұятына, әділдігіне, мейірбандығына, ар тазалығына байланысты болмақ.                     Ғылымды ол бақталастық үшін емес, ақиқатты білмек үшін үйрену керек екенін баса айтады. Ақын бірқатар шығармаларында еңбекке немқұрайды қараушылықтың, жалқаулықтың, еріншектіктің қоғамды жұтатып, тоқыраушылыққа ұшырататынын, соның нәтижесінде әлеуметтік жүдеуліктің орын алып отырғанын сынайды, еңбек етуге шақырады.         «Еңбек жоқ, қарекет жоқ, қазақ кедей, Тамақ аңдып қайтеді тентіремей» - деп еңбексіздік пен қарекетсіздікті ашына шенейді. Жалқаулықтың әлеуметтік зияндылығымен қатар, рухани жағынан да адамды аздыратынын данышпан Абай көре білді. Ол үшінші қарасөзінде: «Әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады. Әрбір қайратсыз, қорқақ - мақтаншақ келеді. Әрбір мақтаншақ – қорқақ, ақылсыз, надан келеді. Әрбір ақылсыз – надан, арсыз келеді. Әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі ойсыз, тиымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады» - деп, адамның басында кездесетін кертартпа, келеңсіз сипаттарын ашып көрсетті.                        

Өзі өмір сүріп отырған ортаның мінін қатал сынай отырып, Абай оны жөндеудің де жолдарын меңзеп отырады. Өлеңдері мен ғақлия сөздерінде адамның адамшылық қасиетін бірінші орынға қояды. «Адам боламын десең, байлықпен озбай, ақыл, әділеттілік, ғылым, ар, кемел мінезбен оз» - дейді. Абай қазақ қоғамында жан-жақты жетілген адамды арман ете отырып, оның мінезді болуына, мінездің әлеуметтік өмірдегі ролі мен қызметіне айрықша мән береді. Абай халықтың шығармашылық күшіне сенді, әсіресе, жастарға көп үміт артты. Жастар ғылым, білім мен өнер қуаты бар шағын бос өткізбей, талаптануға, еңбектенуге жол сілтеді. Туған халқын шексіз сүйгендіктен оның қоғамдық өмірдегі бар кемшілігін сынап-мінеп қана қоймай, оны жоюға күш салды. Өйткені өз мінін көре алмаған халық прогреске ұмтылмайтынын кемеңгер Абай жақсы түсінді. Сондықтан ол қоғамды ірітіп-шірітіп отырған кертарпа дәстүрлерге қатал да батыл күресті, өмірдің жаңа да озық өлшемдерін уағыздады.                                  

Ұлылар - қай заманда да жалғыз. Олар қай дәуірде өмір сүрсе де өз заманынан озып туады. Адамзат ақыл-ойының алыбы Абай да сондай жан еді. Сондықтан да оның шығармаларындағы жан күйзелісі қазақ халқының қасіреті мен рухани дүниесінің айнасына айналды. Оның өмірі мен шығармашылығы – көшпелі өмір мен отырықшы өмірдің арасындағы тіршіліктің, таным мен мәдениеттің, салт-сана мен рухани өмірдің, заң мен дәстүрдің, билік пен қоғамдық қайшылықтың, түрлі көзқарастың алмағайып арбасқан кезінің толық көрінісі болып табылады.

Шығармаларындағы ұлы тоғыс пен толғаныстарды былай қойғанда, оның жеке өмірінің өзі ірі-ірі рухани және дүниауй трагедияларға толы болды. Абай өзінің «заманды жаман билеп жатқан» тұстағы арпалысты сезімін ақылына суарып, өткен мен жаңаның арасындағы құбылыстарды тең байқап, оны өлеңдеріне өзек етті. Орыстың атақты тарихшысы В.Ключевскийдің мынадай бір тамаша сөзі бар: «Ұлы тұлғалар көзге көрінбейтін жұмбақ құбылыс арқылы төңірегімен тіл табыса отырып, көпшіліктің ұсақ-түйек, быт-шыты шыққан мүддесі мен мұратының басын қосып, өзінің жеке толғанысы арқылы оны ұлы мақсат пен күреске жұмылдырады, сөйте отырып, сол қоғамның бойына жиған қуат-күші мен мүмкіндіктерін ашады да, бұдан әрі қарайғы даму жолын көрсетіп береді. Мұндай ұлы қайраткерлік – халықтық сананың даму көрсеткіші, әрі олардың тағдырының қай бағытта даму керектігінің құбылнамасы болып табылады. Ұлылардың қасиеттілігі де сонда. Олар халықтың ұлттық санасына үнемі жан бітіріп отырады». Дәл осы сөзді Абайға қаратып айтуға болады. Ол өзінің мәңгілік туындылары арқылы иісі адамзаттың қазақ даласындағы ақыл-ойының шамшырағы болды. Тұтас бір ұлттың көшбасшысына, рухани көсеміне айналды.

Ақын алдымен ұлт мінезін қатты сынайды. Ақынның сыншылдығын негізінен үш салаға бөліп қарауға болады. Бірінші - әлеуметтік өмірге, заманға көзқарасы, екінші - өнер мен әдебиетке, ғылымға көзқарасы, үшіншісі – жеке адамның мінез-құлқын адамшылық, имандылық, ұстаздық тұрғысынан бағалауы. Ойшыл оқын «Он сегізінші сөзінде»: «Тегінде адам баласы ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» - дейді. Абайдың мінез-құлық, тәлім-тәрбиелі ұстаздық сыны осы тұрғыдан әртарапты, сан салалы болып келеді. Оны сөз құдіретімен көркемдік қалыпқа құйғанда сол сыны – жүрекке жылдам жетерлік ыстық лепті, қызу қуатты немесе жиреніш сезімін оятарлық улы, зәрлі, кейде күлкілі, аянышты, күйінішті. Ақынның жоғарыдағы сынын екі салаға бөліп қарауға болады. Біріншісі – надандық, еріншектік, жалқаулық, мақтаншақтық, жарамсақтық, ұрлық-қарлыққа байланысты жеке адамдарды сынауы, шенеуі, мысқылдап күлкі қылуы. Екіншісі – ғылым-білім, тәлім-тәрбиеге байланысты қазақтың ұлттық керенаулығын, бойкүйездігі мен күншілдігі сияқты сүйекке сіңген мінез-құлқын сынауы, мысқылдап ызалы әжуа қылуы.

«Өтірік пен өсекке бәйге атындай аңқылдаушылар» - бір топ, «бойы бұлғаң, сөзі жылмаңдар», «ата-анасын малға сатқандар» да осы топқа жатады. «Қулық сауып, көз сүзіп, өнерсіз жүрген иттер» мен «законшыл», «мал мен бақтың дұшпаны», «кеселді пысықтар», «өзі көрген мақсатын ашып берер» сатқындар бір топ. «Күн жауғанда қойныңда, күн ашықта мойныңда» жүретін алаяқтар, «жалғыз атын терлетіп, ыржаң қаққандар», «сабырсыз, арсыз еріншектер» - бір топ, осының барлығы қосылғанда қаншама мінез, қаншама ұсқынсыз пенделер көз алдыңыздан өтеді. Міне, осылар – ақынның ашына сынап, ызалы күлкіге айналдыратындары.

Абайдың сыны қазақ қауымының барлық қат-қабатын қамтиды. Солардың ішінде билеуші топты шенеуі басымырақ. «Оқалы тон тола ма, ар-ұятын сатқанға» дегенде кімді айтып отыр? Әрине, шен-шекпенділерді меңзеген. «Нанымы жоқ, анты бар, Ел нұсқыны кетті ғой. Елмін деген салты бар, Әлі күнге уайым қылған жаны жоқ» - деп келеді тағы бір наразылығы. Абай неге осынша күйіне берген. Абайдың күйзелісі – ақылдың күйзелісі. Әділетсіздік пен надандықтың небір түрін көрген Абайдың «білімінен - қайғы, тілінен - зар шықпағанда» қайтеді.

Шыншыл, сыршыл ақынның түпкі ойын, мақсатын, асыл арманын мына жолдарынан-ақ көруге болады: «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі – бос», «Малыңды жауға, басыңды дауға қор қылма, қорға, татулас». Ызалы күлкі мен ащы сөздің еліне жаны ашығандықтан шыққанына көзіміз жете түседі. Осы тұрғыдан алғанда Абай – дара, дана тұлға. Ол қатал сыншы бола отырып, туралықты, шындақты танытып, көрсете білді, халықтың көзін ашты. Ол өз халқының рухани көзі болып, алысты көре білді. Халық үшін ойға батып, жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, соның тарихи келешегін көрсетіп берді. Абайдың пайымдауынша, адамның адамшылығы өз бойындағы жамандық пиғыл, жағымсыз, зиянды іс-әрекет, әдеттерімен күрес үстінде көрінеді. Өйткені өзінің пиғылын, қара ниетін жеңе алмаған адам, нәпсісіне де тосқауыл қоя алмайды. Абайдың «Сабырсыз, арсыз, еріншек, көрсеқызар жалмауыз» деген сөзі соны аңғартады. Нәпсіңді жеңе алмай ерік берсең, ол саған не істетпейді? Өтірік те айтқызады, ұрлық та қылғызады, әлсіздің сыбағасын да тартып алғызады. Озбырлыққа салынып, зұлымдық пен қиянат жасайтындар да солар. Қара басы үшін құныққандар мен дәніккендер үшін Алланың да, адамның да қадірі жоқ. Оның аңсары – көздің құрты болған дүние ғана. Пиғылдың өзгеруін Абай: «Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызсақ керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық. Ұзақтай шулап, қарғадай қарқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық. Жан бізді жас күнімізден билеп жүр екен. Ержеткен соң, күш енген соң, оған билетпедік. Жанды тәнге бас ұрғыздық. Ешнәрсеге көңілмен қарамадық, көңіл айтып тұрса, сенбедік» - деп «Жетінші қара сөзінде» ашып көрсетеді.

Замана ағымын, өмірдің алуан түрлі құбылыстарын көкірек көзімен ғана көріп, санаға салғанда ғана түсінуге болады. Абайдың мақсаты да осы – қандастарының көкірек көзін ашу болған. «Мақсатым ...наданның көңілін қойып, көзін ашпақ» - деп жазғаны да сондықтан. Қазақтың көкірек көзі еркін ашылмағандықтан, көрген қорлығы көп.Мешеуліктің, надандықтың, пиғылы тарлықтың басты себебі – қара танымаған кезде ғана емес, құлақтың құлқында» - деп білген ақын сол мінді түзетуге күш салды. «Көңілсіз құлақ – ойға олақ» - деп, дұрыс тыңдай білмеген адамның не жақсы, не жаман екенін ұға алмайтынын, құлақ көңілді болмай, санаға сәуле түспейтінін, көкірек көзінің ашылуын қиындатып, ойлау күшін тежейтінін еске салады. Әділетті қоғам боуы үшін, оның әрбір мүшесінің көкірек көзі ашық, жақсылыққа құштар, жаны ізгі болуға тиіс. Сондықтан да Абай: «Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын» - деп кесіп айтқан.

Абайдың жаратушы құдайынан тілегені, бар арманы – туған халқының көзін ашып, надандықтан құтқару болған. Оның ойынша ұлттық адамзат көшінде өзіне мықты орын алып, заман талабына сай өркендеуі үшін белгілі бір адамдар тобының надандықтан құтылып, парасатты адам болуы жеткіліксіз. Ұлттың өзгелермен терезесі теңелуі үшін оның ұлттық сана деңгейі көтерілуі шарт. Ал ұлттық мүдде, ұлттық намыс дегеннен жоғары тұратын ұғым болмайтыны белгілі. Жалпы ұят жетілмей, қараңғылық тұманы басып тұрғанда, таланттылардың көбін сол тоғышарлық құрдымы тартып кетеді. Осыны көкірек көзімен көре білген ақын жоғарыда мысалға келтірген өлең жолдарынан кейін «Халқым надан болған соң, қайда барып оңайын» - деп күйінішін айтып кеткен. Адаммын деп жүрген әрбір азаматқа ұлт деңгейін көтеру үшін – оның көкірек көзін ашуға қызмет ет деп өсиет қалдырған. Демек, Абай қазақтың ұлттық рухын өлтірмей, өсер ұрпаққа тірі жеткізген елінің ұлтжанды, халқын сүйген ұлы тұлғасы.

Қорыта келгенде, қазақты дәл Абайдай сынап-мінеген қайраткер жоқ. Алайда ол өз халқын жек көрген нигилист емес. Оның ызалы сөзінің астарында туған халқына деген ұлы махаббаты жатты. Оның болашаққа деген бұл асыл арманын «үміт еткен жас достары» жақсы түсінді және Абай армандаған рухани бостандықты ту етті де, бүкіл ұлттық мүддені «Алаш» деген ұранға біріктірді. Абай сөзін жүректеріне жалау етіп ұстап, бостандыққа ұмтылды. Азаттық күрес жолына түскен алаштың аяулы азаматтары - Әлихан мен Ахмет, Шәкәрім мен Жүсіпбек, Сұлтанмахмұт пен Міржақып, Мағжан мен Мұхтарлар Абайды өздеріне рухани көсем санағаны осыған айқын дәлел.

Сөз соңында айтарымыз, қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы, оның ұлттық өмірінің символы болған Абай өзінің бүкіл өмірі мен ақыл-ойын, құдіретті талантын туған халқының болашақ бақыты үшін сарқа жұмсап өтті. «Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өсіп, мыңмен жалғыз алысқан Абай – қазақ халқы үшін теңдесі жоқ ұлы құбылыс. Оның сарқылмас ғажайып мұрасы бүгін де, ертең де, ғасырлар бойы біздің мәдениетіміз бен әдебиетімізді, бүкіл рухани өмірімізді көркейтіп, мәңгі жасай бермек.

 

Имантай Бектөлеу

 

Мақаланы бөлісу

Пікір қалдыру үшін тіркелу

Біз туралы

Бас редактор: Байтусов Нуржан Мейзханович   

Тілшілер:  Сарсенбина Анар Қабдуалиқызы

Тілшілер: Рақымбекқызы Тоғжан 

Компьютерде теруші: Дукенбаева Баян 

 

 

Сайт материалдарымызды пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Соңғы жаңалықтар

Жазылу

Жаңалықты сізге жеткіземіз!
Скачать шаблоны Joomla бесплатно.
Создать личный сайт на Joomla!